Терезенің желкөзін жауып қойдым. Қалаға, далаға, сізге, терезеңіздің алдындағы ақ раушан гүліне суық...
Жанар Садықова. Білімді ел – болашағы жарқын ел
Қазақстан тәуелсіздік алған 1991 жылы еліміздің болашағы бұлыңғыр көрінгені рас. Қай салада да әлеуетіміз мәз емес еді. Саясат әрі-сәрі күйде, экономика әлсіз, әлеуметтік салалар тұралап жатқан. Бірақ, қандайда бір қиындыққа қарамай ата-бабамыз аңсаған азаттыққа қолымыздың жеткені жеткен еді. Содан кейін-ақ дүр сілкініп, ес жиып, елдің болашағын бекемдеуге кірістік. Тәуелсіздікті бекемдеп, қалыптастыру басты міндетке айналды. Соның бірі – білім саласы болатын.
Әлемнің бірінші ұстазы Аристотель айтты дейтін бір сөз бар, «Білімнің тамыры ащы болғанмен, жемісі тәтті» деп келетін. Жаңадан құрылған жас мемлекет – Қазақстан білім саласына келгенде әу бастан осы ұстанымда болғанын тәулсіздік тарихы айшықтайды. Яғни, азаттықтың алғашқы күнінен бастап білім мен ғылымның әлемдік өркениет талаптарына сай келерлік сапа қалыптастыруды мақсат еттік. Сөйтіп аса бір ептілікпен және жанкешті еңбекпен жасалған қыруар жұмыстың бүгінгі толағай табыстарын әлем мойындап отыр.
Тәуелсіздік жылдары біріншіден – білім беруді басқару мен қаржыландырудың құқықтық-заңнамалық негізі жүйеге түсті. Екіншіден – әлемдік білім кеңістігіне интеграцияланған қазақстандық білім беру жүйесі қалыптасты. Біз мұны ұғынықты болу үшін ірі-ірі бес кезеңге бөліп қарастырған болар едік.
1991-1994 – тәй-тәй басқан тәуелсіздік жылдары. Бұл кезде отандық білім беру саласының алдыңғы сөзімізде айтқанымыздай, заңнамалық және құқықтық-нормативтік базасы бір ізге түсті. 1995-1998 – еліміз ес жиып, етек жапқан кез. Сөйтіп біртіндеп баяғы советтік сарыннан алшақтап, жаңаша білім беру жүйесі мен оның мазмұнын жаңғыртуға күш салдық. 1999-2004 – тәуелсіз Қазақстан әлемдік қауымдастық үшін санда да, сапада да бар. Тиісінше, әлемдік тәжірибе негізінде білім беруді басқару мен қаржыландыру, білім беру ұйымдарына академиялық еркіндік беру мәселелері күн тәртібіне шықты. 2005-2010 – елдік бағыт-бағдарымыз мүлдем жаңа, тың арнаға қарай ойысқан. Бұл кездегі білім беру жүйесін нарықтық экономикаға бейімдеу кезек күттірмейтін қажеттілік еді. Ал Қазақстан дамудың даңғыл жолына түскен 2011 жылдан кейін білім саласы да мүлдем жаңа кезеңге бет бұрды. Осылайша инновациялық дамуға бейімделген, еңбек нарығында бәсекеге қабілетті мамандар дайындаудың ұлттық моделі қалыптасты.
Осыншама қыруар еңбек нәтижесінде отандық білім саласы нендей нәтижеге қол жеткізді? Әлбетте, шағын ғана эссемізде түгел санап бере алмаспыз. Бірақ барды бар деп бағалап, біткен істі мақтанышпен тілге тиек ету парызымыз. Білім беру саласындағы оң реформалар баянында біріншіден – білім беру мекемелерінің құзіреті кеңейді, екіншіден – жалпы орта білім мен мемлекеттік оқу орындарында кәсіби білімді тегін беруді мемлекет өз кепілдігіне алды, үшіншіден – заман талабына сай үш тілде оқыту жүйесі енгізілді, төртіншіден – шетел азаматтары Қазақстан Республикасында білім алуға рұқсат етілді. Тиісінше, қазақтың талапты ұл-қыздарына да әлемнің әр тарабындағы әйгілі оқу орындарында білім алуға жол ашылды. Бесіншіден – кредиттік жүйе мен білім беру гранты бөлінді, алтыншыдан – жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттарына кәсіби білім алу мен академиялық еркіндік беру арқылы бәсекеге қабілетті мамандар даярлауға мүмкіндік берілді. Яғни, олар баяғыша маманды сырттан іздемей, өзіне қажет кадрды өздері оқытып-тәрбиелей алатын болды.
Елдің ертеңі, ұлттың болашағы үшін оң жол – әлемдік білім беру стандартын ұстандың екен, демек соған бағыну керек. Бұл орайда бір қадам алға жылжуымызға сеп болған және бір нәтиже – қазақстандық білім беру жүйесінің құрылымы ЮНЕСКО ұсынған халықаралық стандартты білім беру бағдарламасының классификациялық өлшемдеріне сәйкестендірілуі. Осының негізінде 2012 жылдан бастап еліміз көптілді білім беру жүйесіне көшті. Қазақстан жедел түрде Болон процесіне кіруі нәтижесінде бакалавриат-магистратура-PhD докторантура моделі қалыптасты.
Біздің ғасыр – ақыл-ой мен білім-ғылымның ғасыры. Және ол инновация мен жаңаша пайымдаулар негізінде үсті-үстіне өзгеріп отыратыны әлден-ақ дәлелденген аксиома. Өйткені әлемнің өзі күн санап құбылуда. Демек, сапалы әрі заманауи білім иесі ғана өркениет көшіне ілесе алмақ. Қуатты экономикасы мен ауқатты қоғам құру арқылы ғана дамыған мемлекетке айнала алатынын бек түсінген Қазақстан ең алдымен білімді ұрпаққа үміт артады. Ал ондай ұрпақ қалыптасу үшін, әлбетте, сапалы білім кеңістігін қалыптастыру маңызды. Осы тарапта аянып, тартынып қалған жері де жоқ. Айталық, кемел келешекті қалыптастыратын кадр даярлау мақсатымен халықаралық оқу бағдарламасын құрып, әлемдік деңгейдегі зияткерлік білім ошақтарын ашуда қаржысын да, қажырын да төкті. Соның бір нәтижесі шығар, қазақ елінің қағылез оқушылары математика мен жаратылыстану пәндері бойынша әлемдік рейтингте алғашқы 10 елдің қатарында тұр.
Білім берудің мазмұн-сапасынан бөлек, Қазақстан тәуелсіздік алған отыз жылда шәкіртті оқу орнымен қамтамасыз ету ісінде де алғырлық таныта білді. Айталық, өткен отыз жылда елімізде 1500 мектеп, 2700 балабақша, жүздеген колледж салынған. Бұл бірақ, болдық-толдық деген сөз емес. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Орта білім беру жүйесіндегі өткір проблеманың бірі – мектептердегі орын тапшылығы. 225 мың оқушыға орын жетіспейді. Шұғыл шара қабылдамасақ, 2025 жылға қарай орын тапшылығы 1 миллионға жетеді. Мен 2025 жылға дейін кемінде 800 мектеп салу туралы тапсырма берген болатынмын. Бүгін оның санын бір мыңға жеткізуді міндеттеймін», - деген болатын.Мемлекет басшысының осылай деп дабыл қағатын жөні бар. Өйткені биылғы оқу жылының өзінде республикамызда төрт жүз мыңнан астам бала бірінші сыныпқа барды. Былтырғыдан жүз мыңға артқан. Өйткені халқымыздың саны өсіп келеді. Яғни, 2025 жылға қарай республика көлемінде 1000 мектеп салу арқылы біріншіден – үш ауысымды мектептерді жою, екіншіден – апатты мектептер санын 0,1 пайызға дейін қысқарту көзделген. Шағын қалаларда, аудан орталықтары мен ауылдарда 5000 мектеп жаңғыртылып, балаларды оқыту үшін қауіпсіз және және қолайлы жағдайлар жасалатын болады. Бұл айтылғандар Мемлекет басшысының тапсырмасына орай «Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасының аясында атқарылар шаруа.
«Ұстазы мықтының – ұстамы мықты» дейді халқымыз. Мықты ұстаз, әлбетте, мемлекеттік қамқорлықтың арқасында ғана қалыптаспақ. Осыны жете түсінген Қазақстанда тұңғыш рет «Педагог мәртебесі туралы» Заң қабылданды. Бұл заң мектеп мұғалімің материалдық тұрғыда қамтамасыз етіп, моральдық тұрғыда қорғалуға бағытталған. Және нәтижесіз де емес. Еліміз тәуелсіздік алған 30 жылда екі миллионнан астам мұғалім курстық дайындық, түрлі конференциялар, семинарлар мен вебинарларда біліктілік шыңдапты. Орта білім ұйымдарында жұмыс істейтін педагог-магистрлардың саны артқан. Жыл сайын орта есеппен 10 мыңнан астам жас маман республика мектептеріне жұмысқа орналасады. Аталмыш заңның бұдан да басқа игілікті тұстары жетіп артылады.
Сөзіміздің соңын академик-жазушы Мұхтар Әуезовтің мына бір сөзімен түйіндесек. «Халық пен халықты, адам мен адамды теңестіретін нәрсе – білім», - дейді ұлы қаламгер. Бүгінгі қалыпқа салсақ, әлеммен терезесі тең болуды көздеген, Ата Заңның алғашқы бабы «Мемлекеттің басты құндылығы – адам» деп басталатын Қазақстан білімді адам капиталын қалыптастыру арқылы болашағы жарқын, дамуы кемел озық елдер қатарынан табылуға шындап ден қойғаны қуантады.
Б.Момышұлы атындағы №53 мектеп-лицейдің информатика пән мұғалімі