Өз үйімӨз үйім – өлең төсегім,Осында өніп, өсемін.Осында келіп құтыламДаңғазасынан көшенің.Осы...
Жансая Қалекес: Алматыда бір өлең қалса дегем...
***
Ақпан жерді мұң ішіне қамады,
дертім - бөлек,
сертім - өзге
басқадан.
Өмір сүру маған тіптен оп-оңай.
Сүре алмау ғой қиыны,
сүйе алмау ғой қиыны,
сосын тағы жұпыны шақ басталар...
Сосын тағы көктемді аңсау - бар ермек.
сағыну да болмай кетсе қадірлі,
енді не деп жұбатайын жанымды?!
енді не деп жазғырайын жанымды?!
қалғып кетті ғұмыр-гүл.
Аспаныма көп елеңдеп
жер жатсынар түрім Бұл.
Менің мына дүниеден тапқаным -
бұлт көшкенде ой бағу,
жыр көшкенде дерттену,
сосын тағы ай жарығы əлдилесе түнімді,
Моцарт жазған əуеннің сазын естіп үлгеру.
Менің кейбір ойларымның ішіне
кемпірқосақ көшіп алған
жаңбыр жауса ауырған.
Оның түсі - ғұмыр жолым секілді,
Іші - тұман жамылған;
Жүрек əлі аяулы
жыласа Ол күнəм үшін жылайды,
оқылмаған дұғам үшін жылайды,
...Мен де сосын есіме алам Құдайды.
Жұбату
Мен
көктемнің түніне түнеген жоқпын,
Жүдеген жоқпын мұң кешіп.
Мен
жаңбыр жауғанда үндеген жоқпын,
Үнсіздігіммен тілдесіп.
Мен
бұлттар көшкенде күрсінген жоқпын,
Бір сүрген жоқпын ғұмырды.
Мен
жалғыздықты да шын сүйген жоқпын,
Ол жанарыма кеп тығылды.
Мен
көктем кетерде жылаған жоқпын,
Ұнаған жоқпын аспанға.
Мен
дауылға қарсы тұра алған жоқпын,
Боран боп келдім ақпанға.
Мен
жалғыз мұңымнан қорыққан жоқпын,
Жалғыздығыма ашынып.
Мен жердің ұлына жолыққан жоқпын,
Аспан қойғандай жасырып?!
Мен
жоғалту жайлы есіткен жоқпын,
Тек сүю жайлы сұраңдар!
Мен ештеңеге де кешіккен жоқпын,
Кешіктірмейтін Құдай бар!
***
Жүрексіз болудан қорқатын адамның досымын
Һәм өмірді сезіне алмаған адамға бауырмын.
Мен сосын топырақ үшін де ауырдым,
Жапырақ үшін де ауырдым...
Ғайыптан оянған сезімім жоғалды,
Жоғалды күзінде дәуірдің.
Өткенге оралғым келмейді
күнәмді еске алсам ұялам Тәңірден,
күнәмді еске алсам ұялам жылаған сәбиден.
Жердегі жұпыны тірлікті кешем де,
О, сосын аспаннан жасырам бәрін
Мен!
Аспаннан жасырам анамның көз жасын
Ол да үнсіз жылайды сезем мен,
Құрсақта оқылған өлеңдей аяулы шағыма қадалып,
Өмір тұр өзіме өкпелі өте алмай кезеңнен,
Өлім тұр ажалдың қаруын кезенген,
Қорықтым.
Мен әлі жазғам жоқ жанымның күбірін,
Тәңірім, дем берші!
Ояумын.
Тірімін.
Айтайын күзге де кешіккен Ол жайлы,
Естиін жапырақ сыбырын.
Жайыққа күлкімді сыйлайын жасырған,
Шайқасын күнәсін өткеннің, бүгіннің.
Мен сосын мұңымды батырып толқынға,
Суретін салайын біз кешкен ғұмырдың.
Қоштасарда
Сәл аялдай тұрайыншы
күз келіп өпсе дегем,
Сүйсе дегем жапырақ маңдайымнан.
Алматыға бір ақын көшсе дегем,
Өзінің үркіп қалған арманынан.
Алматыда бір өлең қалса дегем,
Адамдар кейде оқыса жылып қалар.
Алатау маған мұңын шақса дегем,
Аспанға айтса құстар біліп қалар..
Күз-құрбы күрсінткен көп елес енді,
Содан ба сенделемін, алдым тұман?!
Бұл қаланың күзінен емес мені,
Іздерсіңдер көктемнің жаңбырынан.
Мен көктемнің айықпас дертіненмін,
Көктем менің кеше алған қай мұңымды?
Алматы, мен оны да кешірермін,
Сен менің кірлетпе тек айдынымды.
Тілсіз сүйген ғаламға зәру жүрек,
Сен жайлы жазады әлі масайған жыр.
Сенімен қоштасарда жаным жүдеп,
Жатсынған жағалаудан аса алмай жүр.
Құрбының жанарына күнде алданам,
Көбіне көкке ұмтылып қалатынмын.
Алматы, сен қырансың күнді арбаған,
Астына сақта мені қанатыңның.
***
Мен Құдайдың өкініші болмауымды тіледім де,
Өз-өзімнен түңілдім.
Әлгі гүлдей тым ерте солмауымды тіледім де,
Нәзіктігіме үңілдім.
Әлгі адамның дәл мендей сағынуын тіледім де,
Сабылуын күттім.
Бір жүректің мен үшін жабығуын тіледім де,
Арылуын күттім.
Әлгі күздің қайтадан оралуын тіледім де,
Жапыраққа ұқсадым.
Әлгі сөздің жазмыштан жоғалуын тіледім де,
Ақымаққа ұқсадым.
Әлгі достың менімен қауышуын тіледім де,
Сағаттан өш алдым.
Әлгі ақынның өлеңмен табысуын тіледім де,
Өмірді кеше алдым.
Хатым
Сенің үніңді естідім – Құс даусынан,
Естелік тере бастады жанарым сосын..
Өткен шағыма үзіліп қарадым сосын..
жып-жылы екен.
Тек бекерге ауырды-ау сенің жүрегің...
мен өзімді ұмытып,
Жаратқанымнан
сенің дұғаң – алақанда қап кетпеуін тіледім.
Сәуір түні – соған куә,
сені ойлатқан жылы Түн,
Көбелектен әлсіз жанның оятпашы үмітін.
Біз қауышқан сәтті кейін оқи алсаң жырымнан,
ол жақта да бір мұңым жүр етегіме жығылған.
...Біз екеуміз жер үстінде
жасырынбақ ойнап жүрміз бұрыннан.
Ақиқаты
айқын болып қалар енді Құдайға!
Құс даусыңда – сенің үнің, Жарығым-ау,
мұңайма!
Тағы да сүюге рұқсат па, Жүрек?
Іңгәлаған сәбидей – іштегі әуенім.
Өзім – аспан жақтағы Құспен әуремін.
Көктем көшіп келгенде қуанбағанмын,
Баяғыда-ақ сезгендей бұлай боларын.
Тәп-тәуір ойлар алыстан қол бұлғап еді,
Күбір-күбір,
күбірім ғана үміт-гүлдерін солдырмап еді,
Аспан
дұғалы ернімді тоңдырмап еді.
Бірақ
кей түндер жарым көңілімді жетектеп алып,
Сүю жайлы білмейтін бекетке барып,
Жүрексіз жандай оқитын мүсәпір өлең...
Сосын мені бауырына басып ап
шошынған Ай,
жалғыздыққа шынымен ғашық жандай
өкпелетіп алатын әлемімді,
Мен сүйіп те көрмеппін содан бері...
Тағы да сүюге рұқсат па, Жүрек?!
***
сен ұсынбаған гүлдердің
исі кезіп жанымды,
оқылмаған хаттарға маңдайымды сүйедім.
Болмыс кетті бұлтты асып...
Дала қалды түсінбей,
Бояуға мас жолдардан өзімді іздеп отырмын,
...бәрі менің кеше көрген түсімдей.
Бәрі менің кеше көрген түсімдей,
ұмытылған.
Мен де сені ұмытқан боп оралдым.
Аспан жаққа кетіп қалғым келеді,
құсқа ғашық болармын...