«Аққулар ұйықтағанда» поэмасының шындығы ашылды: Әдеби зерттеу

ӘДЕБИЕТ
4717

1923 жылғы Нобель әдебиет сыйлығының иегері, Ирландия ақыны У.Йейтс: «Ұлттық рухтың оянуы, ұлттық мәдениеттің қайта түлеуі ғана Ирландияны отарлықтан құтқарады», – деп жазды. Өйткені, Йейтс өмір сүрген кезең 8 ғасыр бойы отарлықта болған Ирландия халқының Англияға қарсылық білдіруі соңғы басқышқа, былайша айтқанда тәуелсіздікке жетуге бір қадам қалған кезі еді. Сондықтан да ақын Уильям Ирландия халқының рухын көтеру үшін оларға қаламмен қуат берді. Англияның күшті от қаруларына тек от қарумен ғана қарсы тұру Ирландияға жеңіс әкелмейді, жеңіске жету үшін халқының ұлттық рухын ояту керек деп кесіп айтты. Оянған ұлттық рух Англияның құрыштай қысқан отарлық саясатының бұғауын босататынына сенген еді.

ХХ ғасыр – қазақ халқы үшін жоғалту ғасыры (1991 жылы тәуелсіздікке қол жеткізгенімізбен ұлттық рухтың тәуелсіздігіне жете алмаған едік). Ұлт болып өріс алғалы сан қилы қан төгістерді басынан өткергенімен, ХХ ғасырдағыдай рухын әлсірету болмаған.

Бір сөзбен айтқанда, ұлттық рух семіп болған еді. «Еркіндікке зорлап көндірген» бұл дәуір қаламгерлерінің де тағдыры мәз емес болатын. Десе де, «Саптаяққа ас құйып, сабына қарауыл қойған» қиын шақтарда да киелі сөз өнерінің қылауын тауып, қиядан шалған ақындар да жоқ емес, соның бірі – Мұқағали Мақатаев.

Ұлттық рухтың нағыз көрінісін ашып, оның көз алдымызда өз қолымыздан қалай өлгенін көрсетіп бере алды. Өзге шығармаларында көп кездесе бермейтін арғы қазақтық мифті көрініс еткен «Аққулар ұйықтағанда» поэмасы Ерназардың Ер Төстігіндей бір төбе туынды. Өйткені, ұлттық рухтың өлгенін ашып айта алған ерлігі де бағалауға тұрарлық іс.

Осы поэма туралы Мұқағали Мақатаев: «Өткен аптада Мүсіреповте (үйінде) болдым. Бұл адаммен жақын келіп сұхбаттасқаным осы. «Аққулар ұйықтағанға» тебіреніп пікір айтты. Сүйсініп қалды. Мен ыңғайсыздандым. Онымды түйе қойды. Өлеңдер оқыдым. Кетерде маған қалам сыйлады. (Алтын қалам)», – деп жазады өз күнделігінде.

Қара сөздің зергері Ғабит Мүсіреповті толқытқан, екі алыптың толқынысын бір нүктеде түйістірген қалайда тегін жағдай болмаса керек. Бұл мектеп құшағындағы оқушыларға мұғалімдердің поэмада ананың балаға деген махаббаты суреттелген деп түсіндіруі жаңсақ ұғым екенін дәлелдейді. Мұқағали сынды өрелі ақынға ананың балаға деген махаббатын суреттеу үшін ондай кесек поэма жазу басы артық шаруа. Оған Ғабит Мүсіреповтің толқынысын қосыңыз.

Әр қандай бір шығарманың ашылар кілті болады. Сол кілт тұтас шығарманың өзекті ойына алып барар жол. Осы тұрғыдан поэма кілті деп мына шумақты айтуға болады:

«Мана күндіз, тәуіп шал не деп кетті,
Әлде өтірік, әлде шын, демеп кетті...
Аққуменен баланы аластаңдар,
Деді-дағы жайымен жөнеп кетті...»

Бұл ауырып жатқан баланы емдегелі келген тәуіптің айтқан сөзі. «Аққуменен баланы аластаңдар» деген тармақтағы аққу сөзі адамға ой саларлық ұғым. Тығырыққа тірелген ана қазаққа шығар жол ретінде өзі ұлт киесіне тас лақтыртып отыр. Тәуіп шалды Кеңес одағының зәлім саясатының символы деп айтуға болады. Теңдік пен еркіндікке ұмтылатын халықтың рухын өлтіру – Кеңес одағының қиялдағы арман қаласына жететін жалғыз жолы.

Біз жоғарыда сөз еткен ирландиялық ақын сөзінің де мәні осында. Ертеден келе жатқан дәстүрлік сарындағы ілкі төрлік ұғымда аққу – қазақтың анасы болып айтылады. Қазақ халқы өз тегін аққумен байланысты деп сезінеді. Тектік танымындағы аққудың алар орны ерекше. «Ең алдымен аққу – су мақұлығы, оның төменгі дүниеге тікелей қатысы бар, сондай-ақ су, яғни, ана-әйел бейнесі ретінде ол барлық арғықазақтық дәуірде белгілі бір шежірелік ана рөліне ие болған». Сонымен бірге, мифологиялық санада құс рухтың бір келбеттенуі болып суреттеледі.

Парағы ескіріп кеткен аңыздардың бірінде Қалша Қадыр деген батыр болыпты. Елсіз жапан далада жаумен жалғыз соғысқан хас батыр, соңында жараланып атынан құлап түседі. Қу медиен құла түзде таңдайына тамар бір жұтым су аңсап жатып талықсып кеткен батырдың аузына ғайыптан ұшып жеткен аққу құс су тамызады. Осыдан кейін есін жиған батыр көзін ашып қараса, қасында аққудың отырғанын көреді. Осы сәтте аққу адам кейпіне енеді де, Қалша Қадыр батырмен некеленеді. Аққулардың адам кейпіне енуі көптеген аңыздар желісінің ортақ сюжеті. Бірақ Қалша Қадырмен некеленген аққудан үш ұл дүниеге келеді. Ол үш ұл қазақтың үш жүзін құраған Ақарыс, Бекарыс, Жанарыс делінеді.

Бұл - аңыз! Бірақ аңыздың астарындағы ұғым басқа. Осыдан барып қазақта аққуды киелі құсқа санап, оны атпайтын дәстүр қалыптасады. Өйткені, аққу ендігі жерде қазақтың анасы делінеді.

Анасын сыйлау көшпелілердегі үлкен қасиеттердің бірі. Ана – рух. Рухтың киесі бар деп түсінетін ұлтымыз әйел заты қандай бір ауыр қылмыс өткізсе де өлім жазасына тіке бұйырмаған. Тек бастаудың мұздай суық суынан қырық шелек су құйдыратын. Қырық шелек суық су тамырдағы қанды қатырып тастайды. Бұл анаға қол көтермеудің жолы. Әрі сәби дүниеге келіп қырқынан шыққанша қырық күн шомылдыру салты күні бүгінге дейін сақталып отыр. Ал қырық шелек су құйылған әйел заты қаны буылып өледі, өлмей аман қалған жағдайда сәбидей тазарады деп түсінген.

«Қаздар мен аққулар – ертедегі орыс ауыз әдебиеті мен жазба ескерткіштерінің жағымсыз образы. Орыс тұлғасы поэзияда қырандар болса, дала тұлғасы – аққу мен қаз. Ерте заманның қазағы ақ қазды (аққуды) аруақты ата-баба деп ұққан. Ал бабалар аруағы – далалық сенімдердің өзегі. Алтайдағы құман руы аймағында құманды аталатын бірнеше өзен бар. Алтайдың орыстілді тұрғындары бұл өзендерді Лебединые, ал Түркі тілдес тұрғындарын қу тайпасы деп атайды. «Құман» терминінің бастапқы төркіні «Қу ман» болуы мүмкін. Қу – көптеген түркі тілдерінде «Аққу» деген ұғымды білдіреді. «Ман» сөзінің оңтүстік түркілерінің күрделі лексемаларында «адам» деген мағынасы бар» (Олжас Сүлейменов. «Аз и Я»). Осыдан алып қарағанда аққу – қазақтың тек анасы ғана емес, ата-баба рухы болып танылады.

Өз отарына қаратқан елді түбегейлі бағынышты ету үшін, отарлаған күш бодан елдің рухын әлсіретіп, ұлттық ділін санадан өшірмейінше, оны мәңгілік қолда ұстау мүмкін емесін жақсы түсінген. Сондықтан Кеңес одағы кезінде орыстандыру саясаты «мақтамен бауыздай» отырып, кең көлемде жүргізілді. Осы саясаттың құрбандарының бірі – қазақ өзінің ғасырлық қалыптастырған ұлттық болмысын өшіріп алды. Тіпті, қазақ ұлтының өз болмысына өзі қарсы шыққан трагедиялық кезі еді.

«Санадан, күнделікті тіршіліктен киелі кіндік және оның пәни дүниедегі белгілері жайындағы ұғым кеткен сәтте-ақ, бірден хаос орнайды, сана ұйқыға кетіп, жер бетін кенеусіз айуандық жайлайды. Біртұтас сана бұдан былай күндізгі логикалық – аналитикалық механикалық ойлау мен түпсананың түнек түйсіктері болып екіге жарылады. Бұл екеуі де енді ұйқы немесе аян кезінде ғана тұтасатын болады» (Мифология: Құрылымы мен рәміздері) дәл осындай ұйқыға кетіп бара жатқан ұлтқа дабыл қаққан Мұқағали. Поэма соңының: «Қасиет... қасірет, Қасірет... қасиет» болып аяқталуының да себебі осында. Қасиеті – аққу рухы. Қасіреті – рухтың өлуі. Поэманың «Эпилогындағы»:

Орнында екен «Жетім көл» жоғалмапты,
Ортаймапты немесе тола алмапты.
Жағалауын жауыпты жасыл жалбыз,
Қасиетті аққулар оралмапты»
, – деген түйін де тегін емес. Тұтас поэма аққулар арқылы қазақ рухының жоғалып, өшіп бара жатқанын ашық айтқан.

Қуанәлі АЛМАСБЕКҰЛЫ,

Шелек тарихи-өлкетану мұражайының қызметкері

author

Мұқағали Мақатаев

АҚЫН

Жаңалықтар

«Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Әсел Жанасова журналистердің сұрағына жауап берді, деп х...

Қоғам

Алматыда баннер орнатып жатқан өнеркәсіптік альпинист 12-қабаттан құлап, қайтыс болды, деп хабарлады...