...Жаңбырдың әдемі екенін бұрын білмеппін. Тіпті сезінбеппін де. Жер лайланып, батпақтар бауырласып...
Заря Жұманова. Жазылмайтын дерт
Боямасыз өмір
Шыжыған күн астында тұра-тұра аяғы талғасын, жас журналист Дидар ұятты былай ысырып тастап, көшедегі жүргіншілерден қысылмастан, көк шөп үстіне газет төседі де жалп етіп жерге отыра салды. Редакция тапсырмасымен келген бұны кім танып жатыр дейсің?! Босаған сусын шөлмектері мен қоқыр-соқырға толы құрғап қалған арық жиегін жағалай отырған қазақ-орысы, еркек-әйелі, жас-кәрісі аралас адамдардың сөзіне құлақ түрді.
Жұрттың айтуынша, анау етікші дүңгіршегінің көлеңкесіндегі кемиек, көк көз, бүкір кемпірдің Болгариядағы көріпкел Ванга соқырдан бір кемдігі жоқ екен. Асқан шыдамдылықпен кезек күткендердің ішінде екеу-екеу күңкіл-шүңкіл әңгімелесушілер де, ешкімге қосылмай өз уайымына өзі тұншығып, терең-терең күрсінушілер де баршылық.
Жылтыр жүзінен сорғалаған моншақ-моншақ терін жүре сүртіп, бірдеңеден құр қалғандай елдір-желдір, Дидардың дәл жанына екпіндей жетіп келген етжеңді, қара торы әйел - ауызын ашса, көмейі көрінетін ақкөңіл адам екен. Астына қос қабат газет жайып, шаң басқан жалпақ табан қара төпілиін шешіп, әбден жайғасып болғанша, мұнда не үшін келгенін, өзінің кім екенін, қай жақтан келгенін айтып үлгерді.
Баласын оқуға түсірмек болып, сайда саны жоқ, құмда ізі жоқ біреудің қолына қомақты ақшасын ұстатып жіберіп, жер сипап қалған бейбақ екен. Баласының оқуға түсетін-түспейтінінен гөрі, бар жиған-тергенінің қайтатын-қайтпайтынын білуге келіпті. «Байтал түгілі бас қайғы» деген осы шығар. Келе сала, өзін ел-жұртқа таныстырып шыққан әйел енді оң жақ, сол жағында отырғандарды сөзге тартып, жеке-жеке танысуға кірісті.
Оның дәл іргесінде отырған құлағынан күн көрінетін жүдеу келіншек өзін көлеңкеден де қызғанатын қосағы екеуінің жұбайлық өмірінің болашағы бар-жоғын білуге келіпті. Жас әйелдің қысыла-қымтырыла айтқаны көңіл түкпірінде қатып жатқан ескі шерін қозғады ма, келгелі ауыздыға сөз бермей, радио құсап самбырлап отырған толық әйел тұнжырап, бір сәт тым-тырыс ойға шомды. Сәлден соң:
- Қарағым, қызғаныш деген бәленің не екенін мына менен сұраңдар. Кейбіреулер «Қызғанғаны – сүйгені» деп жатады ғой. Бос сөз!-деді кесіп-пішкен үнмен.
- Адам болған соң, аз-мұз қызғаныштың болуы да дұрыс шығар. Бала екеш бала да, анасын басқа бауырларынан, әкесінен қызғанып жатады ғой,-деді отырған жігіттердің бірі.
- Ал, менің ойымша, өзін өзгеден төмен сезінетін, өзінің ақылы мен күш-қуатына, тұрмыс-тіршілігіне көңілі толмайтын, ертеңгі күніне сенімі төмен адам қатты қызғаншақ болады,-деді әлгі әйел самайынан сорғалаған терін сүрткілеп отырып.
- Немесе өзін басқадан жоғары қоятын, алған жарын өзіндік пікірі мен көзқарасы, танымы мен талғамы бар жеке тұлға емес, жекеменшік мүлкі санайтын өзімшіл, өркөкірек жандар да өте қызғаншақ болады,-дегенді қосты салиқалы сарықарын бәйбіше.
- Менің өмірден бір байқағаным, жалпы жарының көзіне шөп салатын, жеңіл жүріске бейім пенделер өзі жасаған күнәні басқаларға таңуға таяу тұрады,-деп жасқаншақтау жас әйел қызғаныш жайлы енді басталған әңгімеге тамызық тастады.
Қозы қарын жалтыр бас еркек те сөзге араласты:
- Психолог бір танысымның айтуынша, қызғаныш деген – дерт екен. Психикасы ауытқуға ұшырағандар болмағанды болғандай елестетіп, түрлі-түрлі сұмдық сюжетті ойдан қиюластыра береді екен. Ондайлар өзін де, отбасын да азаптайды.
- Тіпті орынсыз қызғаныш отбасын бұзбақ тұрмақ, жазықсыз жаны күйген адамның еріксіз теріс жолға түсуіне себепкер болады екен,-деп бір ақсақал жанында отырған жалтыр бас еркектің сөзін жандандыра түсті.
Келер-келместен жұрттың бәрін сөзге тартып, пікір талас тудырып, тосын әңгіменің шетін шығарған қара торы толық әйелге отырғандар назары ауды.
- Менің мынау алқам-салқам түріме қарап, қыз кезімде талшыбықтай бұралған қара торының әдемісі болғаныма ешқайсыңыз сенбейтін шығарсыңдар,-деп әңгімесін тым әріден бастады ол:
- Ешкім бетіме жел боп тимей, еркін өскен ерке қыз ем. Әкем ерте қайтты. Жесір шешем жалғыз қызы болғасын, менен ештеңесін аяған жоқ. Бар малын сатып, оқытты. Аяғым жеткен жерге дейін бардым, ауызым жеткен жерге дейін сөйледім. Өжеттігім, өрлігім, еркіндігім күйеуге шығысымен көзден бұлбұл ұшты. «Түлкінің қызылы өзінің соры» демекші, сұлулығым басыма сор болар деп кім ойлаған.
Күйеуім өзімнен жасы үлкен жігіт еді. Аудандық бір мекемеде жауапты қызмет атқарды. Арақ ішпейтін, темекі тартпайтын. Тиынның татын жалаған тас сараң емес, керегімді әперетін. Көңілі түссе –көл. Өліп-өшіп балаларын жақсы көретін. Сырт көзге сыпайы, сырбаз жігіт. Іссапармен ауданға келген ірілі-ұсақты басшыларды қонаққа шақырғыш-ақ өзі. Соның мерейі үстем болсын деп, соның абыройын ойлап, үйге келген қонақтарын құрақ ұша қарсы алып, барынша құрметтейтінмін.
Қонақ кеткесін, басым бәлеге қалады. «Бұрыннан ым-жымдарың бір сияқты ғой», «Неге саған қарай берді?», «Менің айтқанымды терістеп, саған неге әр сөзін құптатты?» дей ме, құдай-ау... Күдік пен күмәнге толы сөздері толып жатыр... Әйтеуір мені күйіп тұрған ыстық табаға майсыз қуырғаннан оның жаны рахат табатын сияқты.
Ауырсам, өмірі ауырғаныма сенбейтін. Ауруханаға барып қаралсам да басым айықпас бәлеге қалатын: «Сен бір еркектен ауру жұқтырдың ба?», «Барып көрінген дәрігерің еркек пе, әйел ме?», «Сен түсік тастаттың ба?» дей ме, әйтеуір маған айтпайтыны жоқ. Еттен өтетін таяқтан гөрі, сүйектен өтетін сөз жаман екен. Аппақ жаныма жаққан күйелі сөздерін жүйкем көтере алмай, кейде тіпті қаным басыма шауып, қатты ауырып қалатынмын.
Бірақ қанша қорлық көрсетсе де, күйеуден ажырасу деген ойыма келсейші. Жетімдік көрсетпей, ауызымен тістегендей ғып арқалап өсірген байғұс шешемді жерге қаратқым келмеді. «Бәленшенің өсірген тікбақай қызы тым тәуір күйеуіне сыймай, төркініне қайтып келіпті»,-дегенді қартайғанда естіртпеуге тырыстым. Балаларымыз өскен соң қояр деп өзімді баса бердім. Талай рет тұщы етіме ащы таяғы да тиді. Бірақ «Бас жарылса, бөрік ішінде, қол сынса, жең ішінде» деп, сырымды жұртқа шашпай, тілімді тістеп, сыртым –бүтін, ішім түтін жүре беруші ем.
Бірде тату, бірде қату, ит-ырғылжың күн кешіп жүргенбіз. Бір күні күйеуім аяқ астынан Мәскеуге білімін көтеру курсына баратын болды. Бармасқа болмайды. Онсыз қызмет баспалдағымен көтерілу жоқ. Барайын десе, мені тастап кете алмайды. Олай тартса, арба сынып, былай тартса, өгіз өлетін жағдайға тап болды. Басымыз қатты. Сосын әрі ойлап, бері ойлап, құлақтың тыныштығы керек, үйі үйімізбен іргелес ата-енеме немерелерін қалырып, күйеуіммен бірге мен де Мәскеуге баруға бел будым.
Ол екеумізге билет алуға вокзалға кетті де, мен мән-жайды өз ауызыммен түсіндіру үшін ауылдың арғы басында тұратын шешем үйін бетке алдым. Ұзатылған күні-ақ, «Төркіні жақынның төсегі жиналмайды» деп, жылтыңдап, үйге келе бермеуімді қадап тұрып қатаң ескерткен қайсар қара кемпір үйімізге анда-санда, тек қонаққа шақырсақ қана келіп-кететін. Азын-аулақ қой-ешкісі бар, зейнетақысы өзіне жетеді. Қарынға жинаған құрт-майын маған бермесе, менен ештеңе алмайды. Анда-санда балалаларды жүгіртіп жіберіп, амандығын біліп қоятынмын.
Бір ауылдың ішінде тұрсақ та көптен көрмегем: пеш түбіндегі төсекте бір уыс боп, бүк түсіп жатыр екен. Көзі шүңірейіп, жағы қушиып, тірі аруаққа айналған шешемді танымай қала жаздадым. Төсек тартып жатып қалса да, мені уайымдайды деп аяп, ауруын сездірмеуге тырысқан екен ғой. Түрін көріп шошып кеттім.
«Бір тамшы қара судың өзін қинала жұтып жатқан анамды жалғыз тастап, қалай Мәскеуге кетемін?»-деуім мұң екен, күйеуім күйіп кеткені: «Бірге барамын деп алдадың. Ойың белгілі болды. Көңілдес еркектеріңді қимай қалдың!»-деп айғайға басып, ауызынан ақ ит кіріп, көк ит шықсын. Тілі де тиді, қолы да тиді... Ақыры бір аяғы - жерде, бір аяғы көрде тұрған шешемнің түрін көріп, Құдайдан қорқып, адамнан ұялды ма, елде қалуыма лажсыз көнді.
Онсызда күні санаулы жатқанда иесіз үйде бір өзін қалдырмайын деп, балаларымызды алып, киім-кешегімізді көтеріп, шешемнің қасына жеңіл-желпі көшіп бардым. Үйімізді қарсы үйде тұратын көршімізге аманаттадым. Еріккен бала-шаға, не мас біреу үй-жайдың иесіз тұрғанын білсе, терезесін шағып, қора-қопсымызды өртеп кетер деп қауіптеніп , әрі төсек-орын, дүние-мүлкіміз ылғал тартып көгермес үшін көршінің бойжеткен қыздары анда-санда от жағып, қарап тұрар деген оймен кілтімізді тастап кеттім. (Кәужіреп отырған кәрі болмаса да, көз байлана аяқ жолдарын әзер көретін ата-енем біздің үйімізді қарау түгілі, далаға әзер кіріп-шығады, сосын оларды тіпті әурелегім келмеді...)
Төсек тартып жата-жата жамбасы тесілуге жақындаған байғұс анамды жас баладай мәпелеп күттім. Талай түнімді ұйқысыз өткіздім. Сырқат бағу оңай ма, өзімнің де қу жаным қалды. Қолымнан келгенше перзенттік борышымды адал атқаруға тырыстым. Ел-жұрт, көрші-көлем риза болды. Дәм-тұзы таусылып, қайран шешем көз жұмған кезде жер –шалғай, Мәскеуде жүрген жалғыз күйеу баласы келе алмады.
Бір күні хат алдым. Ойда түк жоқ: маған көңіл айтқан шығар десем... Жарық күнде аспаннан жай түскендей, төбемнен біреу қос қолдап тұрып зілдей балғамен ұрып қалғандай, есеңгірей отырып қалдым. Бәлені күні таңға жуық қақпа сыртында кімді шығарып салып, қимай-қимай қолыңды бұлғап тұрдың? Өзге айтса сенбес едім. Дәрет сындыруға далаға шыққан әкем өз көзімен көріпті»,-дегенді оқып, әуелі түсінбей де қалдым. Ауызыма Алланы алып, қолыма Құран ұстап, ант-су іштім, күйеуім бір сөзіме де сенбеді.
Көзіме қан толып, ашу үстінде өз-өзіме қол жұмсадым. Бірақ едел-жедел өсіп келе жатқан бейкүнә балаларымның көз жасы шығар, бір ажалдан қалдым. Орынсыз күмәндану күндердің күнінде отбасымыздың ойранын шығарды. Шөлмек мың күн сынбайды, бір күні сынады. Шыдамның да шегі бар емес пе, тасжүрек адамға қашанғы жалынайын. Арамызда сенім болмағасын, ол не өмір дейсің?! Көңілге түскен күдік зәулім бәйтеректің өзегін кеулеген құрт сияқты екен. «Жаман аттан –жайдағым, жаман байдан бойдағым жақсы» деп, ақыры ажырасып тындым.
Күйеуден ажырасар-ажыраспастан талайлар көз де салды, сөз де салды. Маған жақсы күйеу болған адам, менің балапандарыма жақсы әке бола алар ма?! Бөтен адамның қас-қабағына жәутеңдетіп, балаларымның жанын жаралағым келмеді. Өңі-басы түзу төмен етекті кезіксе, сілекейі шұбыратын көрсеқызар еркектерге алтын басымды қор қылмаймын деп шештім. Аз күндік ойын-күлкі үшін әркімнің қолжаулығы болудан бас тарттым.
Тоқалдыққа алып, бөлек үй қылып қойып, басыма алтын тауды үймек болған қалталылар да аз емес еді. Алайда қыздай қосылған некелі жарымнан көңілім қатты қалғаны сонша, еркек атаулыдан түңіліп кеттім. Тіпті әлі күнге әйел боп бір еркектің бетіне күле қараған жан емеспін... Әке-шешемнен қалған ескі үй балаларыма баспана болды. Содан бері күйеуімнен сабақты ине сұрамастан, өз күнімізді өзіміз көріп жатырмыз.
Шиеттей бала-шағаны осынау өтпелі өліара кезеңде аяғынан тік тұрғызу жалғыз басты әйелге оңай ма, істемеген жұмысым жоқ. Бірде бір шаруамен облыс орталығына барып, түс ауа көлік күтіп жолда тұрсам, дәл қасыма бір жеңіл машина тоқтай қалды. Қарасам, ішінде шалқайып көршіміздің қызы отыр екен.Көзіме оттар басылды. Мен ажырасып жатқанда, ол көрші ауданға ұзатылып жатқан. Үріп ауызға салғандай кішкене бөпелерін алып, ауылға, төркініне қыдырып келе жатыр екен. Амандық-саулық сұрасып, шуылдасып оңбай қалдық. Рульде отырған жігіт – күйеу бала боп шықты.
«Жаным, екеуміз үйленгенше, талай рет оңаша кездескен үй есіңде ме? Сол үйдің иесі – осы апай еді !»-деп, мені оған таныстыра бергенде, есімнен танып, кескен теректей құлап қалыппын.
Қызғаныш деген жазылмас дерттің не екенін менен сұраңдар, қарақтарым!.. –деп етжеңді әйел терең күрсінді.
***
Дүйсенбі күні Дидар бас редактор берген көріпкел жайлы тапсырманы емес, басқа тақырыпта – «Қызғаныш - жазылмайтын дерт» деген мақала жазып апарды.
Заря Жұманова