Талғат Кеңесбаев(әңгіме)...Әйел ақырын басып, үш қабатты еңселі үйдің жанына келді. Темір қақпа мықт...
Күн шуақты Күнбала апа
Бұрынғының адамы. Олар қандай болды екен? Бізден не ерекшелігі бар? Бізден артықшылығы неде? Осындай ойларға берілгенде, әркімнің де есіне бала кезінде көрген ата-әжелері оралары сөзсіз. О, олар қандай еді?! Киім киістері, жүріс-тұрыстары, сөйлеген сөздері... Жүректерін айтсаңызшы! Жүзге келсе де қазіргі жастарға қарағанда жадыларының әлдеқайда мықтылығы, сол кездегі ақын-жыраулардың немесе күйшілердің бір естіген өлеңін немесе күйін бірден қағып алып айна-қатесіз орындап беретін алғырлығы бүгінде ертегідей. Соның барлығы сол кездегі адамдардың жүректерінің былғанбаған тұмадай тұнық тазалығынан екені күмәнсіз. Әйтпесе көбісі әріп танымайтын сауатсыз, оқымаған адамдар болса да саналарының сергектігі, парасат-пайымдары бүгінгі академиктерді он орап кететіндей күш-қуатқа ие екенін кім жоққа шығарады? Табиғаттың да қазіргідей бұзыла қоймаған саф кезінегі адам табиғаты да тартып туады ма екен, әлде...
Бұрынғының адамы дегенде, менің есіме бүгін сөз еткелі отырған Күнбала апа бірден оралатын болып алды. Күн келбетті Күнбала апа!
Күнбала апа деп отырғаным, марқұм жарым жазушы Заман Төлеуовтің әкесі Самалбек атаның туған қарындасы. Әрине, ол кісіні мен көрген жоқпын. Күнбала апаның немересінің өзі бүгінде ақ жаулықты апа болған Назгүл апа әжесін былайша еске алады:
– Күнбала апам өмір бойы бес уақыт намазда болған адам. Бала күнімізде жайнамаздың үстінде еңкейіп жатқан апамыздың үстіне қарғып мініп аламыз. Құдайға беріле құлшылық етіп жатқан апам сонда да намазын үзбейтін, үстіндегі бізбен бірге отырып-тұрып жығыла беретін. Сол кезде шапқылап жүгіріп жүрген ойын баласы болсақ та, әжептеуір салмағымыз бар емес пе, сонда да намазын бұзбай аяғына дейін өтеп шығатын. Сол қылығысмыз үшін біреумізге зекіп ұрыспақ түгілі, саусағының ұшымен кері итермейтін де. Не деген сабырлылық, не деген шүкіршілік деймін де!
Күнбала апамның екі ұлы, бір қызы болды. Үлкен ұлы Бейсен мектепті алтын медальмен бітіріп, мал дәрігері мамандығын игеріп, совхозда мал дәрігері болып жемісті қызмет етті. Совхоз директоры екеуі ғана ауылдағы жоғары білімді білікті маман болды. Апамның қызы да мектепті алтын медальмен бітіріп, Ташкентте қаржы институтын бітіріп, сол жаққа тұрмысқа шығып, үйлі-баранды болған. Екінші ұлы - менің әкем. Әкем жас күнінде еркелеу, шолжаңдау болыпты. Әкем мен анам үйленіп, бес балалы болғанда, екеуі тағдырдың жазуымен, әлде адамның азғыруымен болды ма, бір шаңырақ астында бітіспей, ажырасады. Сол кезде апам, екі оттың ортасында қалған бес баланы шырылдатпай, өзіне алып қалады. Сол мезетте апам алпыс жаста екен, ал бес баланың кішісінің емшек сүті ернінен кетпеген кез. Бәріміз апамыздың қойнында өстік, бәрімізді асырап, арқалап жеткізді. Тоқсан алты жасында өмірден өтті, Құдайдың төрт жылы кем жүз жасқа жеткізуінің өзі, ұрпағын бөтен босағада телміртпей, солардың жолында тер төгіп өткен апамызға деген мейірім- қайырымы болса керек.
Күнбала апамды бүкіл ауыл болып жақсы көретін. Қолы өте ұсынықты, ісмер адам еді. Бас киім, бөрік тігетін өнері болды. Кез келкен киімді адам денесіне өлшеп құйғандай шақтап тігіп береті. Киіз басу, сырмақ тоқу, құрақтап көрпе жасау, тоқыма тоқу күнделікті өмірінің ажырамас бір бөлшегі еді. Қолынан ұршығы түспейтін. Құрт-майы қандай еді жарықтықтың. Жеп көргендер әлі күнге тамсанып отырады. Соның арасында немерелерін бағып-қағуды айтсаңызшы. Сол кездегі аналар жиналып киіз басу үшін есік алдына шилерін жайып, жүн тарқатып, сабау сабап, ою-һөрнек салып киіз басулары, әзіл-қалжыңмен әндетіп отырулары бүгінде көрген түстей. Сондай қарбалас тіршілікпен жүріп апам өмір бойы бес уақыт намазын қаза қылмай өтті. Үлкен-кіші түгел сыйлайтын. Абысын-ажындары, келіндері көзі қайтқанша алдында иіліп сәлемдерін салып, сәлем-саухаттаорын, сыбағаларын арнайы әкеп тұратын. Апам қартайғанда құлап бр иығын сындырып алды, өле-өлгенше сол сынған иығы ойнамалы болып қалды. Соның өзінде қабағын шытпай, шүкірі мен тәубесінен, жақсы ойы жақсы сөзінен жаңылмай өтті, дейді Күнбала апаның немересі Назгүл.
Осы әңгімен тыңдаған менің есіме ақиық ақын Мұқағалидың:
«Қайран біздің шешелер!
Арды ойлаған,
Шілік шауып, ши орып, бау байлаған.
Жігіттерден айырылып, қалмай қараң,
Қырман басып, егін сап, арба айдаған»
деген өлеңі оралды.
Қайран жандар! Қайран қажымас қара нар аналар! Соның бірегейі өзіңіз Күн шуақты Күнбала апа! Бейіште рухыңыз шалқығай!
Гүлмира Әжіханова. Жазушы Заман ТӨЛЕУОВТІҢ жары