Ақ тұлпар маған былай деп аян берді... Егер сіз өле қалсаңыз... яғни, алда-жалда, өлуге шешім жасай...
ЖАЗУШЫНЫҢ ҚҰДАЙЫ - ТҮЛКІ (Қатал реализм және Пильняктың пайымы)
Менің аздаған жазған-сызғандарыма байланысты бірнеше сұрақ жиі қойылады. Олар: «Шығармаларыңыз секілді өмірде де қатыгезсіз бе?», «Кейіпкерлеріңіз сіздің ет жақындарыңыз ба?», «Олар ренжiмей ме?», «Қатал реализмді қалай таңдадыңыз?» деген сауалдар.
Мен жазуды бастағанда айна алдына барып менің бағытым қатал реализм деп өзіме серт берген адам емеспін. Өзімді толғандырған, әсер еткен, жақсы білетін материалды пайдаланамын.
20 ғасырдың басында орыс әдебиетінде Борис ПИЛЬНЯК деген атақты жазушы болған. 30-жылдардың зобалынан да тоталитарлық жүйенің құрбанына айналып, оққа ұшты. Сталиннен араша сұраса да, қаламгер өлім жазасынан құтыла алмады... Оның тағдыры, шығармашылығы ұзақ әңгіме. Әңгіме оның бір әңгімесі хақында.
Түбі неміс Борис Пильняктың «Писательский бог» деген әңгімесі бар. Оқиға Қиыр Шығыста басталады. Жас жапон офицері орыстың қызын өзіне ғашық етеді. Бунин, Брюсовтың өлеңдерін жатқа оқитын сардар өзінің асқан мәдениетімен жас қызды тәнті етеді. Күніне үш уақыт душқа түсіп, кірпияз жүрісі сол жердегі орыс жігіттеріне мүлдем ұқсамайды. Қысқасы, жапон жігіт қызды өзімен бірге алып кетеді. Офицер императорлық әскери құрамда борышын өтеп жүргендіктен, өздерінің заңдарына сәйкес оның өзге ұлттан әйел алуына болмайды. Сондықтан ол барлық атақ пен шенінен айрылып, ауылына орыс қатынын жетектеп кетеді. Қыз махаббат жолында карьерасын тәрк еткен күйеуін тіптен сүйеді. Арада уақыт өте береді. Бір күні шенінен айырылған офицер атақты жазушыға айналады. Ол жапон оқырмандарын таңқалдырған роман жазып шығады. Жапонша оқи алмайтын әйел күйеуінен не туралы жазғанын сұрағанымен, екі-ұшты ғана жауап алады. Бастысы адал жары үшін қатты қуанады. Күндердің бір күні романның не туралы екенін білгенде күйеуімен ажырасып Токиоға тартады. Онда КСРО елшілігіне барып Отанына қайта оралады. Роман олардың өмірі жайлы еді. Жапон жігіттің орыс әйелі жайындағы шығармасы.
Ескі жапон аңызы бойынша түлкіні сатқындықтың құдайы деседі. Пильняк осы ескі аңыз арқылы жазушылықты өзінше пайымдайды. Қазақ ұғымында сөз ұстаған адам құдайдың ерекше мейіріміне бөленген адам. Әсіресе ақындықты кие тұтатын жұртпыз. «Кейіпкерлеріңіз сіздің ет жақындарыңыз ба?», «Олар ренжiмей ме?» деген сұрақтар қойылғанда осы әңгіме есіме түседі. Пильняктың пайымына салсақ біздің де сатқындықтарымыз болған шығар. Жақын жандарымыздың тағдырын, іс-әрекетін таңбаладық. Бірақ бұның бәрі ұлы әдебиет үшін десек тым артық айтқандық болады. Олай айтуға моральдық құқығымыз да жоқ. Әсер еткесін шама-шарқымызша жаздық. Сол «сатқындықтың» салқындығын сезінеміз де. Бірақ ешқандай да ала бөтен ой болмағаны бір Аллаға аян. Соны жанымызға медет етеміз.
Қанат Тілеухан