Осы оқиға есіме түскен сайын өзімді кінәлі сезіне беремін... Біздің бала кезімізде істеген қателікте...
Тұрсынжан Шапай. Мәңгілік бәйге
Ақ тұлпар маған былай деп аян берді... Егер сіз өле қалсаңыз... яғни, алда-жалда, өлуге шешім жасай қалсаңыз, менің тұлыбыма сіздің ескерткішіңізді мінгізеді екен...
Биылғы бәйге... Жә... Биылғы дейтіні бар ма... Жылда – осы. Жылда бәйгеден мен келем. Кім шапса да, қалай шапса да, мен озам. Осы өңірдегі дәмелі жүйрік атаулы жүлдеден күдерін баяғыда үзген. Кезінде менімен үзеңгі қағыспаса да, құйрық тістесе шапқандардың бәрі қазір қартайып, қатардан шыққан. Менің шабысымнан болмаса да, атақ-абыройымнан ығып, кейіннен қосылған қаншама жүйріктің тауы шағылды, шаппай жатып түңілді... Түсінгенім, мен өлмей бәйге жоқ екен оларға. Қамшының сабындай шолақ ғұмырлары, сөйтіп, босқа өтіп барады...
Бірақ мен осы тағдырды өзім қалап алды дейсіз бе... Адамның тағдыры кімнің қолында екенін білмеймін, менің еркім үнемі жарбиып үстімнен түспейтін мына қалақтай шалдың уысында. Ес білгелі осы кісінің тақымында келем. Құнан бәйге, дөнен бәйгелердің алдын бермедік. Бестімде аламан бәйгеде оздым. Сол кездің өзінде мына шал жігіт ағасының жасында еді. Одан бері де, жаңылмасам, ширек ғасыр – тұтас ғұмыр өтті сырғып. Екеуміз де қартайдық. Жылқы баласы, өзіңіз білесіз, ары кетсе, отыз-отыз бес жыл жасайды. Онда да аттың аты ғана шыдайды бұған. Біз сияқты туғалы шабыстан көз ашпағандар оған да жетпей, желкесі үзілсе керек еді... Білмеймін, күтімім жақсы ма, әлде әуелден-ақ маңдайымның соры бес елі боп туғам ба – тарамысыма ілініп әлі келем ілбіп-салбып. Қажыдым... Енді армансыз өле беруге де болар еді, бірақ мына шалдың шаршайтын түрі жоқ. Ойлаған-баққаны – бәйге. Бәйгеде нақ бір атасының басы қалғандай... Шаршағаның не, мен қартайған сайын, әуейі шалдың желігі асып барады. Осы күнге дейін мықшиып алып, арқамнан түспейді. Тақымы – қысқаштай, өкшесі – біздей! Тебінгенде, өкпеңді түсіре жаздайды. Құйрығында қорғасыны бар ма, шабыс екпінімен үстімде отырып қопаңдағанда, арқамды ойып жібереді. Маған бекіткен жеке мал дәрігері бір жүрегі жұмсақ адам – күнде кешкісін «байғұсым-ай, жануарым-ай» деп қойып, арқамды удай ашытып, әлденелермен майлап жатады. Екпіндей шапқанда ошақтай жердің шымын қопарып лақтыратын тұяғымды қазір шөп-шөңге, құм-топырақ қажайтын болған – ол да жұқарды, тозды. Шаршадым мен! Тойдым бәйгеге!..
Баяғы бәйгелерді айтамын... Шіркін, қандай бәйгелер еді! Бағым артық болды ма, бабым мықты болды ма, әйтеуір қара шалдырмадым жас күнімде. Бірақ осы ауылдың жұрты қызық – қартайып, көзімнен ірің ағып тұрса да, жылда-жылда бәйгеге баяғы мені баптап қоса береді. Рас, қазіргі бәйгенің – бәйге деген аты ғана. Өйткені, менімен бәйгеге ыңғай бір ақсақ-тоқсақ, арық-тұрақ, көтеремдер түседі. Оларды қайдан табады, кімдер қосады – маған түсініксіз. Сірә, қайткенде де менің озуым шарт болса керек. Соған қарағанда, дәл қазір арқамда қазықтай шаншылып, еліріп келе жатқан шынашақтай қаңбақ шал осы ауылдың ең мықтысы ма деймін. Әйтеуір, мен озып келген сайын, ел-жұрт осы шалды үстімнен қағып алып, қақпақылдап аспанға атып, мәре-сәре, мәз болады да жатады. Мен бәйгеге шапқалы, осы көрініс. Жалықтым... Шыны керек, жұрт та менен жалықты. Бір бәйгенің дүбірі басылып, келесі бәйге жарияланғанша, еститінім – күңкіл. Сол қуанған, мәз болған әлеумет енді мені көзімен атады, кәрі лақса деп мазақтайды, жамандап құлағымды шулатады... Жанымнан әрі-бері өткендер менің осы күні ештеңе сезбейтін кәрі шабымнан түртіп ойнайды... Ал қалай келесі бәйгенің кезегі келді – мені қайта үкілей бастайды. Қатып қалған сіңіріңді созып, шатың айырыла қарыштап, міндетті пәленбай шақырымды жылдағыдай тағы шауып өтуім керек. Рас, шауып өту дегенді шартты түрде айтып отырмын. Әйтпесе, кейінгі талай жылдар бойы бәйгені мен, ара-арасында сиыр жортақ, ит бүлкекке салып қойып, жай аяңмен-ақ алып жүрмін. Менімен бәйгеге шабатындар өңшең бір шартық-қортық болса, неге өйтпеске? Жүрем бе сол, маған шаппай жатып, беріліп қойған жүлде үшін битімді салып. Онсыз да жілік майым үзілуге тақау.
Биылғы бәйге... Тағы да – сол... Менімен жарысқа түскендер – баяғы жал-құйрықтан жұрдай, аяқтан қалған, көзден кеткен, арқасы жауыр, тұяғы кетік, киеңкі, көксау, мертік-шартықтар... Шапса, желсе, іші қорқ-қорқ етіп, артынан тынымсыз жел парылдаған байғұстар...Сосын, қайдан тауып әкелетінін білмеймін, қарны қабысып, көзі алайған, қабырғасы арсиып, жіліншігі қиралаңдаған бір тірі қаңқалар... Бұл қаңқалар мен парылдақтарды оп-оңай артқа тастап, салғаннан қарамды үзіп, шығандап кете барғаным былай да түсінікті ғой... Мен енді бұдан арғы құлазыған жалғыз-қара шабысымның жайын баяндайын. Жаңағы топырлаған көп сайқымазақтан ұзап шыққан соң, жылдағыдай, үйреншікті аяңға көштім. Өйткені, бұл кезде менің де өкпем өшіп, көзім қарауыта бастаған. (Кәрілік кімге опа берген дейсіз...) Мен аяңға көшкенде, арқамда шегедей боп қақшиып отырған шал да тақымын босатып, қалғып-шұлғып келе жатты. Жылдағыдай, орта жолға кеп тоқтадық. Шал – сұйылып, сәні кеткен бір уыс жалыма жабысып, аяқтары ербеңдеп, сырғып жерге түсті де, көк шалғынға жантая сұлап, жата кетті. Терімізді сүрттік... Демалдық. Айналаға қараймыз... Табиғат қандай тамаша! Төбемізде құстар сайрайды, табанымыздың астында қызғалдақтар құлпырады. Шал шетінен үзіп, құшырлана иіскейді... Мен аулақтағы сай түбінде жылтыраған тұмадан су ішіп келдім. Шал шекесі терлеп шай ішті. Бәйге жолының екі қапталы толған біздің тілеулестер, көтермеші, айғайшылар... Біз шоқақтап шапсақ та – ұран, үйреншікті аяңға бассақ та – қиқу. Шал екеуміздің терімізді сүртіп, шай дайындап жүрген де – солар. Мәреге екеумізді қосып көтеріп апармады демесеңіз (қажет болса, оны да істейді мына жұрт!), қалған бабымыз түгел... «Осындай да бәйге бола ма?» дейсіз бе? Болады...
Шал шай ішіп, көз шырымын алғанша, мен алаңсыз жайылып, жүрек жалғап алдым. Қарны тойғанда, жылқы баласы қиялға беріледі. Мен де осы аралықта біраз ойға шомып кетіппін. Өзім туралы, бәйге, шал туралы... Көзім көріп жүр, талай жүйрік бар бұл ауылда. Жас, арынды, аршынды. Көздері шатынап, жер тарпып, әрең шыдап жүр. Бірақ кезек тимейді сорлыларға. Кезек тие қалса, аяқтарына жем түскендей сылти басып, бейшара бола қалады. Не сыры бар екенін білмеймін... Екінші түсінбейтінім – осы шалға бәйге не керек? Және ол бәйгеге неге мен шаба беруге тиіспін? Бәйгеге шаппақ тұрмақ, баяғы әдетпен, кейде алшаңдай басамын дегенде, талтаңдап, төрт аяғым төрт жаққа кете жаздап жүргенімді көріп тұрып: «Бұдан асқан жүйрігіміз жоқ, бұдан асқан тұлпар, бұдан артық аяулымыз жоқ» деп, рулы ел тұс-тұстан жамырап, құлақты сарсытатыны несі?! Түсінбеймін осы ауылдың жұртына. Жылда – осы... Өмір бойы – осы... Жалықпайды жұрт! Шаршамайды бұл ел!.. Неге?..
Мен осыны ойлап тұрғанда, шал қорылға басты. Шынашақтай ғана тұрқына қарамай, жайқалған қалың шалғынның үстінде Төле бидің түйесін баққан Сабалақ құсап, құлашын кере жазып, екі бұты екі жаққа кетіп, алшайып, шалқасынан жатыр. Ана түйеші, түбі, хан боларын білді. Мына шал – осы елдегі барлық жарыстардың, соның ішінде, бүгінгі бәйгенің алдын-ала тағайындалған жеңімпазы. Осылай жатуға, әрине, толық хақылары бар...
Соны ойлап тұрып, қу кәрілік қой, қалғып кетіппін. Біртүрлі қызық түс көрдім... Оянған мезетте, құдіреттің күшімен маған тіл бітті! Көмейім бүлкілдеп, аузым жыбырлап, сөйлегім кеп барады. Шалды тұяғыммен түртіп ояттым. Менің түрткенім тепкендей болды ма, шал апалақтап басын көтеріп алды. Көзі бағжаңдап, түкке түсінбей, шоқиып отырған күйі:
– Кім бұл?!. Қайда?!. – деді, жан-жағына жалтақ-жалтақ қарап.
Астыңғы ернім қыбырлап, үстіңгі ернім жыбырлап:
– Мен... – дедім.
– Кім?.. – деді шал, өз құлағына, өз көзіне өзі сенбей.
– Мен!..
Ғұмырында аттың сөйлегенін көрмеген шал (оны кім көріпті?!), «аһ!» деп, шалқасынан түсіп, талып қалды... Біраз тұрып, тағы түрттім. Киімінен тістелеп жұлқып, аударып, май құйрықтан теуіп, ақыры, есін жиғыздым.
– Тыңдаңыз, – дедім. – Мен мына бәйгеден шаршадым. Шаба-шаба тамтығым қалмады. Қартайдым. Енді мына сияқты бейшара бәйгеден сіз жалықпағанмен, менің бетім шыдар емес... Маған риза шығарсыз, осы бәйгеден кейін, мені босатыңыз, тыныштықпен өлуге мұрсат беріңіз!
– Әй, сен неге шаршайсың?! Неге өлесің?! – деді, есін жиып, өзіне-өзі келген шал таңғалып. – Бүгінгіміз, мәселен, шабыс па? Шай-суымызды ішіп, демалып, сейілдеп жүрген жоқпыз ба... Сенімен таласатын бар жүйріктің көзін баяғыда құртпадым ба... Шаппай-ақ, аяң жүріспен алатын бәйгең – дайын... қарның тоқ, уайымың жоқ. Кім саған осындай жағдай жасап жатыр? Осының бәрі – кімнің арқасында?
– Рас... рас... сіздің арқаңыз – дедім мен, шындықты мойындап. – Бірақ, түсініңіз, маған енді бәйгенің керегі жоқ.
– Көп сөзді қой! – деді шал. – Шабасың әлі. Саған өлуге тыйым саламын. Сен менің маңдайыма біткен бағымсың. Ол бақтан мен өлсем айырылмаймын! Айырылсам – халық түсінбей қалады.
– Халқыңызға не керек сонда?
– Бұл ауылдың халқы үйренген әдетінің, жақсы болсын, жаман болсын, бауыр басқан тіршілігінің өзгермегенін қалайды. Бұл елде, үйренген әдетпен, бәйге өтіп тұру керек. Бәйгеден, әдет бойынша, міндетті түрде, сен келуің керек. Және үстіңде жарбиып, жұрттың көзі үйренген – мен отыруым шарт... Мен сенен өлсем айырылмаймын! – деді шал.
– Сіз сонда... қашан өлесіз? – дедім мен, түңіліп.
– Ол сенің шаруаң емес, – деді шал, қатуланып. – Бұл мәселені мен өзім шешемін. Мүлде өлмеуім де мүмкін...
– А, солай ма? – дедім мен сонда, ерегісіп. – Онда мен қазір мәреге жеткенше, барымды салып шабамын. Ең соңғы күшімді салып, зорығып өлемін! Маңдайыңызға ма, тақымыңызға ма – біткен зор бақты, сөйтіп, зорықтырып өлтірдім деп есептеңіз.
– Тоқта, тоқта... – деді үрейі ұшқан шал, қолын сермелеп, жанұшырып. – Онда мені де өлтіргенің... Сен өлсең, мен не істеймін сонда?!
– Жаңа сіз ұйықтап жатқанда, мен де қалғып кетіппін. Бір қызық түс көрдім. Мен өліп қалыппын. Сіз мені әдемілеп сойып, терімді бүлдірмей сыпырып алыпсыз. Сосын ішіме сабан салып толтырдыңыз ба, жоқ, жүн, мақта, поролон тығып нығарладыңыз ба – менің дене тұрқымды, бейнемді бұзбай, тамаша тұлып істепсіз. Арнайы арба жасатып, үстіне төрт аяғымнан тік тұрғызып бекіттіңіз де, тұлыпқа қарғып мініп алдыңыз... Жұртыңыз екеуімізді арбамен сүйреп жүріп, бәйге алып берді!..
Шал ойланып қалды.
– ...Жұрт сізді қақпақылдап, аспанға атып, мәре-сәре болып жатқанда, бір ақ тұлпар келді. Ақ тұлпар маған былай деп аян берді... Егер сіз өле қалсаңыз... яғни, алда-жалда, өлуге шешім жасай қалсаңыз, менің тұлыбыма сіздің ескерткішіңізді мінгізеді екен... Сіз екеуміз міндетті түрде озуға тиіс бәйге осылайша мәңгі жалғаса береді екен... Бұған не дейсіз?
Шалдың көзі жасаурады. Көңілі толқыды. «Өзім шешемін!» деп астамсығанмен, қу іші бәрібір біледі ғой, күндердің күні өліп те қалуы мүмкін екенін.
– Бағыма біткен тұлпарым-ай! – деді сонда шал, қатты тебіреніп. – Болсын солай! Азатсың осы бәйгеден кейін! Саған бүгін-ақ өле беруге болады...
Міне, сол кезде ақсөңке сүйектері әр жерге бір салдыр-гүлдір шашылып, ең соңғы тұқылы қалғанша жанұшыра шауып келе жатқан бәйге аттарының да қарасы көрінді. Қарындары қорқылдап, сүйектері саудырлаған жансебіл бейшаралар, қиралаңдап енді жеттім дегенше, біз де қозғалып кеттік... Көмбенің түбінде мені күтіп зарығып жатқан азаттығыма асығып, кәрі денеде қалған бар қажырымды сығып, қарыштап келемін...