Табиғат берген үздік талантының арқасында үнемі заман құбылыстарымен, ондағы өзгеріспен байланысты т...
Жолтай Әлмашұлы. Олигарх және Олимп (роман-элегия)
“...Ниетсіз, құлықсыз, құштарлықсыз, қиналыссыз сөздің салмағы жоқ...”
Абыз Ахмет Иассауи
Түркі данасы
“...Иманы кеткеннің, жиғаны кетеді!”
(халық сөзі)
“Жар басындағы жантақты, жанынан кешкен Нар жейді...”
(халық сөзі)
Олигархтың өкініші
(үшінші желі)
“Апыр-ай, бір дәуір өтті ме?..”
1
...Айғыр-ой азбанданып, арқырап, тұйық астауынан тепсініп шығып, елсіздікке қарап елегізіп тұрған сәтінде Бие-сезім бас жібін босаңсыта еркіне жіберіп, белгісіздікке бет бұрғанын байқап қалып, амалсыз көңіл арқанын күрмеп, шыдам күркесіне шідерлеп тастады...
* * *
Ойлап жүрген, ойын мазалай беретін құпия түйіндері таудың тасындай өте көп еді. Есеп шотындағы қаржысы молынан төгіліп, көл-көсірленіп жатқанымен, шірік дүние шіркін қай жерге қақпақ екен, қиялында қаншама бұғып жатқан бықпырт бар, армандаған биігіне жету-жетпеуі неғайбыл-ды. Соған өкініп, үнемі бас қатырып, түн баласы ұйқы көрмей шығатын. Бірақ, оны кімге айтар, кіммен пікір бөлісер? Бизнестің ең бірінші кезектегі шекті шарты – ішіндегіні ешкімге ашып айтпау. Бұл жөнінен Аспан өз кеудесіне құлып сала білген адам. Оны үйреткен – Томас Трамс! Қайран Томас, осы кезде тірі жүргенде тағы да талай құпия әлемнің сырларын ашар ма еді, қайтер еді. Енді, міне, кенеттен бақиға озды да, бірсін-бірсін көңілден ұмыт болып бара жатыр.
Сыр демекші, Аспанның ой қатпарының бір саласы – осы Томаспен тығыз байланысып, сабақтасып-ілгектесіп жататын-ды. Ыңғайы келсе, Американың бір танымал баспасынан Томастың өмір жолы жайлы кітап бастырып шығарсам-ау деп те қиялдайтын. Сонда есіл ердің аты мәңгі ұмытылмай, есте сақталып қалар ма?
Енді қалай? Кітап деген мәңгілікке қалып қоятын қордалы қазына болмас па! Рас, әнебір жылдары кітап дегенге аса назар сала бермеуші еді, тіпті қолға ұстап, оқып шығуға да еш ынтасы жоқ-ты. Көкмылжың, көбік сөз кімге керек! Бірақ... кейінгі уақытта ойы да, ниеті де өзгеріп бара жатқанын көрмеймісің. Бұған әлде Шерқаладағы “қияли” досының қисық мінезі, әлде әр салаға бастайтын әңгімесі, бәлкім... ешкім ұғып-түсінбес жүріс-тұрысының ықпал-әсері ме?..
Бәрі де мүмкін!
Кітап арқылы тек өткен мен кеткенді танып-білмейді екенсің, тіпті кей адамдардың ішкі құпия сырлары мен қатпар-қатпар сезімдерін де астармен түсініп алуыңа ақ жол ашылмақ! Осы жайынан бас қатыра бастағалы бері, неге екені белгісіз, өзі де “кітап жазсам ба екен” деп, сынық ойға құрық лақтырып қалып еді.
Өзіне айтып тауыса алмас, жақсылық жасап кеткен Томасқа бір кітап арнап шығару туралы қиял ізі де кейінгі бір шақта, осы күндері санасын сілкілеп жүр.
Мына жаратылыс дегенің, байыппен бажайлап қарасаң, тіптен де қызық-ау! Қазір ойлап отырса, америкалық әкей Томас пен Шерқаладағы Қабыш қария арасында әлдебір (мүмкін көзге көрінбес) ұқсастық, мүмкін жақындық та байқалып қалатындай. Рас, мына тірлікте Томас өз басына өте көп жақсылықтар істеді, адам болып қалыптасуына қолдау етті, сүрінбес сүрлеу жол тапсырды. Жете алмас биігіне талмай қағар қанат байлағанын қалайша ұмытар! Оның ең ғажап қасиеті – жанында жүрген азаматтарға – үлкен болсын, кіші болсын – қол ұшын беріп, жолын ашу еді. Тіпті сол еңбегін бұлдап, “мен жақсылық жасадым” деп, қайталап айтып, қазып айтып, кеуде қаққанын да көрмепті. Бизнеске енді ғана қадам басып, әп деп жұмыс жүргізе бастаған шағында Ронниді ертіп әкелген де – Томас қой. Әуелде ол кісінің түпкі ойын түсінбепті, сөйтсе астары қандай терең: сен әлі жассың, бизнестің қуыс-қалтарысын түп-түгел білмейсің; Роннимен бірігіп істесең, қайткен күнде де бір баспалдаққа жоғарылайсың; біріңнің білмегеніңді бірің толықтырасың... Жасыратын не бар, Ронниден үйренгені де аз емес. Әсіресе, осы кафе-мейрамхана бизнесіне төселіп алуына алғашқы жол көрсетуші соның өзі болған жоқ па! Ал, ертерек жолайрыққа жетсе, оның себебі мүлде басқада.
Күні кеше елге барып, төрт-бес күн аялдағанда Қабыш қарияны тыңдай отырып, көңіл төріне көп жайтты қонақтатты. Елге ес дегенің – міне, сондай қариялар! Ақыл қандай, парасат қандай! Әттең... Елмұраты қыршыннан қиылып, соған аса қатты күйзелген бе – оқта-текте ақыл көшесінен шығып кете беретінін біліп, іштей қан жылаған күйі бар.
Ауылда жүргенде біраз кісілерден естіді, Қабыш ақсақал өз кезінде талай адамдарға ілтипат білдіріп, жақсылық жасап, көмегін аямапты. Сосын да ол кісіні бүкіл ауыл түгелімен құрметтеп, алдынан кесе-көлденең өтпейді екен...
...Томас туралы кітап шығармаққа ниеттенген сәтінде ауылдағы қарияның еріксіз еске түскені қалай?
Бизнесмен әкейдің есімін мәңгі есте қалдыру туралы ізгі ойын ана жолы Ханмұраттан жасырмай, бипаздап отырып, жан рахатына бөлене баяндап та берген. Сондағы інісінің көңіл қуанышын көрсеңіз! Орнынан ұшып-ұшып кете жаздағаны, тіпті тоқтаусыз қимылға ерік бергені әлі көз алдында.
Бүгін оңаша сәтте, тағы да сол ойдың жетегіне мойынұсынып, еріксіз сезім соқпағына түсіп кеткені.
“...О, тоба! Мен де қазақпын, Ханмұрат та қазақ деген кеңқолтық елдің перзенті. Қызығы – осы кезде біз үшін ең жақын, ең қымбат ең қадірлі жан – америкалық бизнесмен Томас Трамс. Бұл не? Апырмау, мына уақыт қалай-қалай құбылады? Енді бір замандарда біз қазақпыз ба, ағылшынбыз ба, жоқ неміспіз бе – бәрібір деген түйінге табан тіреп, тек мақсаттар мүдделілігі өзімізді біріктіретін кертөбел күнге маңдай соғып тұрамыз ба?..”
Тағы да ойланды. Ойын жалғай түсті.
“...Әрине, Томас менің өмірімдегі ең бір асыл адам қалпында қала беретіні ақиқат. Сол кісі кездеспесе, осындай аты шыққан бизнесмен атана алар ма едім! Жоқ, әрине. Ары кетсе, Шерқаладағы әлде белгілі, әлде белгісіздеу бір кісіге айналармын, сірә! Егер, әрине, бастаған істің сәті түсіп кетсе...”
Еселеп, тағы да қиял күймесін қозғады.
“...Бизнеске де тазалық, адалдық һәм шынайылық керек-ақ! Өтірік бәрібір өрге баспайды. Біреуді алдап-арбап, өзіңді биікке көтергенмен, түбі омақаса құлап түсерің айна-қатесіз. Ең негізгісі – қайдан келдің, қалай келдің және кімге қарыздарсың – осыны мәңгі есте ұстау ләзім...”
Сосын қайталап ой тұсаулаған.
“...Осы қазақ... мені не үшін құрметтейді екен? Асылы, мол дүнием үшін ғана бас шұлғитын шығар, ә? Әйтпесе, баяғыда қайда қалыпты! Атымды ешкім танымайтын кезде бір қандасым аузыма қара су тамызуға жоқ еді. Ал, қазір... “Аспан өзіміздің бала ғой, қазақтың Нартүйесі ғой...” деп бөсіп ала жөнелетінін қайтерсің...”
Көңіліне кептеліп қалған кермек түйінге күрмеу салып, қайтадан Қабыш қарияны еске түсірген.
“...Жоқ, бәрібір туған елдің көк түтіні де қымбат екені ақиқаттың ақиқаты. Қабыш ақсақал аз сөйлеп айтса да, тап осы ойды сыналап-ақ жеткізген сыңайлы. Тіпті Нартүйе деп жүрген де – сол қария емес пе? Ал, бірақ... мен неге сол кісіге осынша салқынмын? Неліктен әңгімесін тыңдасам да, айтқанынан бір нәтиже шығаруға аса ықылассызбын? Ол ғана емес, өз жанына батқан кеселден де құтқарып қалу үшін жанұшыра жүгіріп, неге әрекет етуді ойластырмадым-м...”
Жүрегі шымырлап қоя бергені...
* * *
Тағы да телефон соғыпты. Таныды. Шерқаладағы – Ханмұрат. Неге қайта-қайта телефондағыш болып кетті өзі?
“...Қой, сөйлесіп қояйын онымен! Расында да, өтірік сөзі емес, мені шынымен сағынып жүрген шығар-ақ...”
Телефон нөмірін теріп еді, арғы жағынан алқына сөйлеген үн келді құлағына.
– Аға! Аға деймін...
– Асықпай сөйле. Сені тыңдап тұрмын.
– Аға, бүгін Жасхан ағаның бар кітабын алып, оқып шықтым. Тұп-тура біздің ойымызды біліп алғандай, Шерқалаға ең бірінші кезекте ыстық ықылас пен қамқор қол керек, әйтпесе басқаның бәрі де бос даңғазалық деп жазыпты.
Аспан аптықпады. Жайбарақат тыңдады да, былай деді:
– Оның ойын мен де білемін
– Білсеңіз не тұрыс! Кіріспейміз бе?
– Ал, сен... – деді Аспан. – Сол Ойқазан ағаңмен кең отырып, емін-еркін сөйлесіп көрдің бе?
– Сөйлестім.
– Көңіл түкпіріне сүңгіп алдың ба?
– Солай дей аламын.
– Ойлары түгелімен ұнады ма?
– Бәрі де ұнады десем, өзімді-өзім алдағаным. Кейде тым асқақтап, артық кетіп жатады. Әрине, мен қарсы сөйлеп, таласқан жоқпын.
– Міне, – деді Аспан. – Жазушы деген халық сондай. Олардың сөзі басқа, ойы басқа. Ойқазанда не қайнамайды дейсің!
– Неге олай? – деді Ханмұрат.
– Өйткені, олар өз қиялымен ғана өмір кешеді. Ал, кісі қиялы деген барлық уақытта барынша шынайы ма?
– Сіз оны ұната бермейсіз бе?
– Мәселе менің ұнатып-ұнатпауымда емес. Жалпы, ақиқатына көшсек, Жасхан қоғамға керек адам. Бірақ, барлық уақытта емес. Барлық кезде емес...
– Түсінбедім.
– Оны кейін, кездескен кезде толық түсіндіремін. Әзірге осымен доғара тұралық. Жарай ма?..
–Тағы бір шетін мәселе бар, аға! Соны айтайын ба?
– Ол не?
– Ол – сіздің жаныңызда жүрген сенімді көмекшіңіз Артур Хаземетке қатысты әңгіме.
Аспан әңгіме арнасының бұлай қарай кілт бұрылғанына еш түсіне алмай:
– Артур не бүлдіріпті? – деген.
– Әзір ештеңе бүлдірген жоқ. Алайда...
– Енді несіне тежеліп тұрсың? Айта бер естігеніңді...
– Осы жақта жүргенде ұзынқұлақ әңгімеден түйгенім – Артурдың аралас-құралас адамдары көп дей ме! Солармен тығыз қарым-қатынас орнатып алып, білдірмей жасап жүрген, құпия шаруалары да бар сияқты... Құпия болғанда...
– Е, Артурдың туған жері Қырғыстан емес пе! Ендеше, тамыр-таныстары көбеюі әбден мүмкін. Ол маған жаңалық емес.
Ханмұрат қинала сөйлеп, ақыры ойындағысын жеткізіп тынды.
– Аға, сол жігітке тым сене бермей, аса сақ жүрсеңіз деп едім...
Ағасы қарқылдап күлді. Күліп алды да:
– Мүмкін, Артурдан да, Кэт ханымнан да бойымды аулақ салуым керек шығар сеніңше... – деді.
– Кэт туралы ешқандай сыбыс естімедім, бірақ Артур...
Аспан енді бұл әңгімені аяғына дейін тыңдап көруге бел байлады.
– Айтшы ендеше ойыңдағыны...
– Артур қазақ топырағынан ең тәтті еттерді жиып алып, Америкаға жөнелтуге тікелей себепші. Оны өзіңіз білесіз. Ал, осы арада бір кілтипан бар іспетті.
– Е, қандай?
– Елде Шербек деген ақша десе бәрін сататын атышулы саудагер тұрып жатыр. Ойлағаны – тек байлық. Сол екеуі бірігіп...
– Жарайды, тоқ етерін айтшы.
– Тоқетері мынау: екеуінің ым-жымы бір екен; момын ел ішінде қой мен сиырды арзанға саудалап, өтірік қағаз толтырып, артылғандарын қалталарына басып...
– Оны қалай байқап жүрсің?
– Мен емес. Маған түсіндіріп айтқан кісі бар.
– Ол кім?
– Ол – Балзия! Сондай бір келіншек...
– Балзия! Оны... қайдан кездестірдің? Өзі қайда? – Аспан асыға-аптыға сөйлеген. Ханмұрат әуелде түсінбей қалды.
– Кәдімгі қазақ әйелі! Өзі келіп сөйлесті. Мені жақын тартып, басымнан сипап, әңгіме айтты.
– Не деді?
– Аспанға ескертіп қой. Қасындағыларға көп сене бермесін деді. Сөз түйіні – осы!
– Қазір қайда?
– Кім?
– Жаңағы Балзияны айтам.
– Осында. Шерқалада.
– Ал, оның шешесі... Яғни үйінде...
Әңгімесінің соңын жұтты. Осының бәрін Ханмұратқа не үшін айтып жатыр! Қажет пе еді...
Алайда жүрегі өрекпіп, жанын қоярға жер таппай бара жатқан...
– Аға, жаңағы Артур туралы әңгіме... – деп, Ханмұрат қайталап сөз өрбіте бастап еді, оны кілт тоқтатты.
– Жә, жарайды. Өсектің аты – өсек. Ол қай кезде де бар, бола да береді...
Осымен әңгіме де тәмәмдалды.
2
Өте кеш жатып еді. Түн ортасына дейін Джон Дэвис және тағы бір-екі бизнес өкілдерімен барынша молынан мәселе талқылап, қызу әңгімеге өзек табыла кеткен-ді. Сосын шаршауды да білмепті. Тек... үйге оралған кезінде өз түрінен өзі шошып кеткен. Айнаға қарағанда байқағаны: екі көзі қып-қызыл; көзінің асты көлкілдеп тұр; екі беті салбыраған...
...Түн төніп тұр!
Түн қараңғылығымен қабаттаса келіп, төбеңнен төніп тұрған қара дию көкіректің ғана емес, көңілдің де зәре-құтын алардай боп, ойыңа қайдағыны түсіреді...
...Бүгін таң атпай елден, нақтырақ айтқанда Ханмұраттан шұғыл хабарлама келіп түскен. Ұйқылы-ояу жатып, көз жүгіртіп өткен-ді. Сөйтсе... көңіл тоқтатарлық хабар секілді. Екі нәрсе туралы жазыпты. Біріншісі – жазушы ағасымен аз-кем сөзге келіп қалғанын жіпке тізгендей тәптіштепті: “Шерқалаға сен де, сенің бизнесмен ағаң да әлі күнге жарытып көмек берген емес, көмек береріне сенбеймін де” депті дүңк еткізіп. Оның бұндай дөрекі сөзіне Ханмұрат қатты ренжіп, тіпті түні бойы ұйқы көрмей шығыпты. Ал, екінші хабарламасы одан да маңыздырақ. Жанмұрат досының атасы, Қабыш қария өлім аузында жатыр дейді. “Күні кеше ғана кіріп, өз көзіммен көрдім, құр сүлдері ғана қалған, кісінің осыншама арықтап-азып кететінін, арбиған сүйегі қалатынын алғаш рет байқадым...” депті.
Елде болғанда інісі Доспаннан естіген. Елмұрат жастай онкологиялық сырқатпен ауырып, содан көз жұмғанын да білген. Енді атасы – Қабыш қария да сондай атын атауға болмайтын науқасқа шалдыққан деседі. Қандай ем-дом жасатса да, айығып кете алмай, қиналып жүрсе керек. Ауылдан аттанар сәтінде Доспанның айтуымен ақсақалдың үйіне қайталап бас сұғып еді. Ол Аспанды көре-сала, қауқылдай сөйлеп, қуанышты көңіл күйін де жасыра алмай, елпілдеген.
– Азаматым-ай, сыртыңнан жиі-жиі естіп жатамын, шетелде үлкен кәсіпкер көрінесің, қаржы жағы да шешілген деседі, енді елді, өз топырағыңды, оның тағдырын ойлайтын кезің емес пе?
– Әкей, – деді Аспан. – Туған жерден ыстық не бар! Ораламыз ғой түбі осында.
– Е, оны айтпаймын. Қайда тұрамын десең де өз патша көңіліңнің шешімі дұрыс-ақ. Менің білдірмегім – елге қаржылай көмек көрсету жағы... Шерқала осы кезде тым шаршаулы, шалдығулы... Бәріміз де шаршай бастадық-қ...
Сосын ұзақ жөтелген. Қинала, қыстыға жөтеліп жатқан кәрі кеудені іштей қатты аяп тұрды. Сырқатының да сырын алдын-ала біліп алғаны тағы бар. Сондықтан да тәуекел етіп:
– Рұқсат етсеңіз, сізді Америкаға алып барайын, емдетейін, қалай қарайсыз? – деп қандасқа тән жақындық ниетін ақырын ғана сыздықтатқан.
Атай басын шайқады. Бас шайқап аз-кем отырып қалды.
– Балам, – деді сосын. – Мен енді бақи дүниеге бет бұрған адаммын. Өлсем – өлігім осы Шерқаладан шықса, арман не? Туған жеріңде шалқалап жатып, жарық дүниемен емен-жарқын қоштасудан өткен бақыт бар ма, ұлым-м... Одан өткен қандай ләззатты табасың, балам-м...
– Өлім туралы ойлау әлі ерте ғой.
– Ол туралы ойлау, балам, ешқашан ерте де емес, кеш те болмайды. Өзекті жанға бір өлім екені әлімсақтан белгілі жайт. Алланың аманат жанын кезегі келген сәтте өзіне тапсырғанда тұрған не қасірет бар?.. Тек...
Аспан атайдың тағы да бірнеңе айтпақ ниетін аңғарып, сөз аяғын күте түскен.
– Тек... – деді қария тағы да. – Тек... біз ана бір жылы Ханмұраттың әкесі Сазанбектің не үшін жанын сала шырылдағанын дұрыс түсіне алмаппыз. Қай халық үшін де ең басты байлық – денсаулық. Дені сау, қол-аяғы бүтін халық қана әлемге батыл үн қатып, өз орнын, өз биігін іздей алады.
– Бұл сөзіңізге бек қосыламын! – деді Аспан. – Ауылда ақыры онкологиялық аурухана ашылыпты ғой, бұған да тәуба.
– Әй, бірақ... – деп шал жөтеліп қойды. – ...бірақ, аты бар да заты жоқ. Емдейтін маман жоқ, дәрі-дәрмек тапшы. Сосын да ондай ауруханадан қандай пайда бола қойсын.
– Ойланатын жағдай екен, – деді Аспан. – Ойымда жүреді енді...
Ақсақал ұзақ жөтеле түсіп, сәл саябыр тапқан сәтінде екі ауыз сөзді қинала тізбектеді.
– Аман болшы, қарағым! Аман ердің аты шығар дейтін ескі көз қариялар. Ендігі болашақ – сендердің қолдарыңда.
Осыны айтты. Айтып алды да, дереу қайта сөйлеп:
– Ана балаға... Ханмұратқа бас-көз өзіңсің! Ол бейбақтың адам алдында болмаса да, Алла алдында обалы бар ғой, қарағым... – деген.
Сосын үнсіз қалған.
3
Ертесіне-ақ “Америка қайдасың” деп ертелетіп жолға шығып кеткен-ді.
Жолға асығып аттанса да, көкірек сарайында әлдебір қимастық пен өкініш іспетті бірнеңе қайта-қайта лықсып, кілкілдей берген. Жан-жағына қарай береді, өзін Шерқаланың бүкіл жусаны мен бетегесі, алуан түрлі гүлдері, тіпті май топырағы да қия алмай, қол бұлғап шығарып сап тұрғандай. Ол ғана емес, таң ата сызылтып ән салған әнші торғай екеш ол да “жолың болсын, Аспан” деп сыр айтып жатқан секілденген.
Аэропортқа жеткенше жанындағы Ханмұрат інісіне бір ауыз сөз айтқан жоқ.
Бүкіл жол бойы қарияның мұңды жанары көз алдынан кетпей, әлсіз даусына дейін ызыңдап, ұзақ-қ тұрып алған-ды.
“...Әй, өзім де... Бәлкім, батылырақ сөйлегенімде келісіп те қалар ма еді. Ақша-қаражатымды аяғандай, неге күмілжідім екен ол кісінің алдында! Сырқатынан айығып, тағы да бес-он жыл өмір сүрсе, елге ес, жастарға қайрат бермес пе еді ағатайым-м...”
Қалай Америкаға ұшып келді, солай қым-қиғаш шаруалар жағадан алды да, барлығын оп-оңай есінен шығарып жіберіпті. Бүгін таң атпай Ханмұрат хабарлама жіберген кезде қайталап, тағы да тамағына тас тығылғандай, қатты қинала түскен.
“...Өмірімде кісінің осынша арықтап кеткенін көрмеппін деді ме! Әрине, онкологиялық кесел сондай, ол адамды аямайды, аздырады, қу сүйегі қалғанша қорлайды-ы...”
Осыдан біраз уақыт бұрын бір журналдан оқығаны бар-ды.
Жапонияның ба, әлде Англияның ба – әйтеуір бір елдің ғалымы осы онкосырқатты оп-оңай емдеп-жазудың әдісін ойлап тауыпты. Міне, енді соны жалпы медициналық қолданысқа жібермекке ұсыныс жасап жатыр екен. Әттең, оқи салып, аса мән берместен, ұмытып кеткенін қарашы. Қандай журнал еді? Офисте ме, үйде ме? Бәлкім, самолет үстінде...
“...Әй, бірақ...” деп ойланды іштей. “Енді одан не пайда! Атайдың қу сүйегі саудырлап қалса, демек алысқа ұзамас. Тамырлап кеткені де. Дерт ақыры алып ұруға айналған екен-а...”
Осындай ауыр ойлардың шырмауында қамалып отырған сәтінде қабылдау бөлмесіндегі шөпжелке қыз есік қақты.
Хатшы қызға жақтырмай қараған: бүгін өткендегіден де бетер баттастыра боянып алған; қуыршақ десе қуыршақ...
“...Қап, Кэтті осы жерден бекер-ақ ауыстырдым ба! Оның жүрісі қандай, үні қандай, тіпті фигурасы да...”
Сол сәтте аяқ астынан сонау алыс жерде, өзі туған Шерқалада өмір сүріп жатқан, көптен көрмеген танысы, жас кезіндегі сырлас болған сүйкімді қыз – Балзия бейнесі лып етіп көз алдына келе қалғаны. Қараторы болатын. Түр-келбеті анау айтқан сұлу емес. Десе де, әлде көзінде, әлде үнінде кісіні өзіне еріксіз тартып тұратын жылылық бар-ды. Көзінде от бар, бірақ жылы от... Үнінде әуезділік бар, онысы жүрекке шоқ тастап өтетін... Енді ойлап қараса, оны іштей өзі де ұнатыпты, жанына жақын санапты. Ал, бірақ... тым тез суығаны қалай? Соның басты себебі не? Бар болғаны – шетелге кетуіне қарсылық жасағаны ма? Бәлкім, одан да өзге құпия себеп тасада тығылып тұр ма?..
Басы зеңіп кеткендей болды. Одан әрі ойлағысы келмеген.
Дәл осы сәтті күткендей, хатшы қыз да ызыңдап қоя берген.
– Бастық мырза-а...
– Немене?..
– Сізге бизнесмен Джон Дэвис мырза келіп тұр! – деді тілін майыстыра сөйлеп.
– Кірсін.
Оған ілесе Артур да сумаң ете қалған. Аспан оған сұраулы жүзбен назар сала қарап алып:
– Сен бара бер! – деді.
– Бәлкім, қатысып отырармын...
– Жоқ! Өз жұмысыңды істе. Біздің оңаша сөзіміз бар. Саған қатыссыз...
Артур басшысына қарсы келе алған жоқ, құп деп, дереу шығып кетті.
Екі бизнес өкілі кездескен соң, әңгіме қайталап тереңге бастап, күні бойы болашақ бизнес-жоспарды талқылап, мейрамхана мен қонақ үйдің шаруасын қалай жымдастыруды айтып, тоқтаусыз сөйлескен. Қайта-қайта кофе алдырып ішіп, дамыл көрмеді.
– Біздің кофенің, байқаймысың, дәмі қандай, ә? – деп аракідік мақтанып та қойды.
Бұл күнгі шаруа Аспанға да, Джонға да өте тиімді екені байқалып тұрды.
Алайда келісім-пәтуа осы күнмен аяқтала қойған жоқ, ол ертесіне де жалғасты. Үшінші күні де әңгімеге тақырып табылып жатты.
Бизнес-шаруаның қызығына түсіп кеткен екі азамат таңды бірге атырып, кешті бірге батырысқан...
Не жайында келісімге келіп жатқанын біле алмай, әрі-сәрі күймен, Артур есік сыртын бағып қалып еді бұл жолы...
4
Қалтадағы телефон қайта-қайта безілдей берген соң, амалсыз көтеріп еді, арғы жағынан ентіге сөйлеген Ханмұраттың даусын тез тани кетті.
– Апырмау, жау шапты ма, немене?
– Аға, ағатай! Мен сізге үш-төрт рет хабарлама жолдадым ғой. Неге үнсіз жатырсыз?
– Біз мұнда Джон мырзамен үлкен бизнес-жоспар бастап жіберіп едік. Содан бас көтере алмай...
Ханмұрат екпінін тоқтатпай, алқына өршіп, тағы да өрекпи, дауысқа кезек берген.
– Сіз... сіз келгенде ғой, ана абыз қарияны құтқарып қалатын едіңіз! – деп жылап жіберген-ді.
– Ойбай-ау, ақсақал қайтті? Не... дедің?..
– Ол кісіден айрылдық! Бақиға жол салды бүгін...
– Сабыр! Сабыр сақта-а...
– Аға, сабырды да сақтап тұра алатын кез бар, ал бүгін... бүкіл ауыл азалы, жабыла жылап жатыр. Бәрінің көзінде тоқтаусыз тамған қимастық жасы...
Өкіре жылап, дауыс шығара, сөзге тұтығып, тұрып қалған-ды.
Аспанның да денесі дел-сал күйге түсіп, өзін-өзі жайсыз сезініп, Ханмұраттың алдында кінәлі жандай, бір түйір бірнеңе дей алған жоқ...
Әсіресе, текті қарияның ана жолғы әлсіз жанары мен асықпай айтқан әңгімесі қайтадан жаңғырып, көз алдында тұрды да қойды.
“...Әттең... ол кісімен бірге бір дәуір аттанып бара жатыр-ау!” деп ойланған. “Міне, осылайша көз алдымызда дәуірлер мен ғасырлар сырғуда. Ал, біз де бір күні...”
Өз ойынан өзі шошып кеткендей, жан-жағына үрейлене қарады.
Бала нені біледі?
1
Қабыш қарияның қазасы бүкіл ауыл адамдарына, расымен де, аса ауыр тиіп жатқаны рас-ты. Шерқала өзінің қысылғанда арқа сүйер алып бәйтерегін құлатып алғандай, тым сұрғылт, сартап күй кешіп отырып қалып еді. Екі кісінің басы қосыла қалса, абызды айтып, қимастық сезіммен сөз сабақтап ала жөнелетін.
Әні-міні деп, Америкаға жол жүруге даярланып жатқан Ханмұрат осыдан соң, амал жоқ, тағы да бірер апта ауылда аялдап, көңілге саябыр тіледі. Аялдамасқа шарасы да қалмаған. Өзінің қимас досы Елмұраттың інісі Жанмұрат атасының мәңгі мекеніне аттанғанын тым ауыр қабылдаған сыңайлы. Дене ыстығы көтеріліп, үш күн бойы ауырып, төсек тартып жатып қалған. Ханмұрат өзі жүгіріп жүріп, дәрігер шақыртып, оның құлантаза айығып кетуіне аса қатты ықыластанды, барынша бәйектенді.
Тек үшінші күні түс ауа Жанмұрат есін жинап, асқа қарады. Ыстық шай ішіп, тамақ жеді. Реңі де кіре бастады.
Осы күндердің бәрінде Ханмұрат оның жаныннан бір елі ұзамаған. Ұйықтап жатса да күзетіп отыратын әдет шығарып еді. Сондайда көңіл тоқтатып, баланың жүзіне барынша анықтап қараған екен, Жанмұрат ағасынан аумай қалыпты. Қасы да, маңдайы да, мұрны да... Тіпті шашына дейін марқұм Елмұратты елестете түседі. Кей сәттерінде Жанмұратты емес, оның ағасын күзетіп отырғандай әсерге бөленіп кете беретін. Елеске елтитін.
Оңашада ойға кезек беріп қояды.
“...Қайран, Қабыш ата! Сіз мен үшін қандай қымбат жан едіңіз! Әке-шешесіз қалған аса ауыр күндерде жасаған жақсылығыңыз бен мейіріміңізді тап сол уақытта сезінбесем де, енді жан-жүрегіммен түсінем. Өзіңізді ешқашан, ешбір жағдайда ұмытпаспын, ата...”
Тағы да қиял аулын кемерлеген.
“...Ата, сіздей жаны таза, ниеті түзу, барша адамға мейірімі мол жандар енді туар ма, тумас па! Мына заман – қай заман? Ұстағанның – қолында, тістегеннің – аузында кетіп бара жатқан берекесіздік... Сізді де аңсап-сағынар, жоқтап-іздер күн келер-ау әлі...”
Өстіп өзгеше сезім құшағында отырған кезінде Жанмұрат басын көтеріп, әлсіз үнмен тіл қатқаны бар.
– Аға, бұл сіз бе?
– Мен. Мен ғой.
– Аға, көп ұйықтадым ба?
– Екі күн...
Жанмұрат тағы да көз жасына ерік беріп, жаны сыздап, егіле жылап жіберген.
– Ата! Ата-а-а...
– Бұлай егіліп жылай берме! Ол кісі енді жоқ. Ана өмірге қонақтады. Мәңгі төсегіне...
– Жаным күйзеліп, ішім алай-дүлейге ұласып, басылар емес, аға.
– Сабыр сақта. Үлкен кісілер ретіне қарай, осылайша бұл өмірді тастап кете барады. Орнын біз басамыз. Өмір заңы солай...
– Сіз, аға, менің қасымда ұзақ отырдыңыз ба? Америкаға қайтамын деп едіңіз, қайтпағансыз ба, аға?..
– Атай бақиға озған соң, амалсыз тізгін тарттым емес пе! Оның үстіне сен де аяқ астынан ауырып...
Оның басынан сипалап, еркелете жылы-жылы сөз тізбектеп, ып-ыстық сезімін төгіп жатты...
2
Ертесіне Жанмұрат әл жинап, көз жанарына қуат кіріп, аяғына тұрды. Тұра сала, алдымен тіл қатқандағы айтқан арман-өтініші мынадай еді.
– Аға, ауыл сыртындағы атамның зиратына барып қайтайықшы. Көңілім алабұртып тұр... Жүрегім тулай береді...
– Жарайды. Барайық.
Екеуі үйден шығып, екі жағы қалың жыңғылды соқпақ жолға түсіп алды да, ауыл шетіндегі зират-қабірлер басына жаяулап тартып кеткен. Зират көлемі өте үлкен, көз ұшына кеткендей, ұзыннан-ұзақ созылып жатыр. Осы ауылда ғұмыр кешкен қаншама жайсаңдар мен жақсылар мәңгі мекенін тапқан орын. Мұнда Қабыш ата ғана емес, Елмұрат та жерленген. Тіпті Ханмұраттың әке-шешесі де осында.
Бала ең алдымен атасының қабіріне келіп, топырағын құшақтап, егіліп жылады. Ханмұрат тоқтата алмай әлек.
– Келісіп едік қой, көз жасыңды шығарма! О дүниелік кісілерге көз жасы аса ауыр тиеді деседі имамдар.
– Мен атамды сағынып кеттім. Сағынышымды қалай басам енді... – деп өксіді жас досы.
Одан соң екеуі Елмұраттың басына барып, аз-кем аялдап тұрып алған.
– Аға, – деді Жанмұрат. – Мен келдім, таныдың ба? Сенің Жанмұратыңмын ғой...
– Ағажан! – деп тағы да тұншыға, ықылық ата сөйлеген. – Бүгін жалғыз емеспін, жанымда өзіңнің бала күнгі досың – Ханмұрат та бар.
Төмпек топырақ бәрібір міз бақпады, сол салқын қалпынан айнымады. Бүлк етпестен жатып алған.
– ...Ханмұратты қатты іздеп, үзіліп кеткенше қайта-қайта айтып, аузыңнан тастамап едің. Ол келді, сенің басыңа келіп тұр, аға-а...
Әрі қарай сөйлей алмай, құмығып, жылап жіберген. Ағасы оны
бауырына қысып тұрып, жұбату сөзін жорғалатты.
– Өмір деген біз ойлағаннан бөлек, барынша қатал! – деді. – Ол сен екеумізге бағына бермейді, бауырым-м... Өз сүрлеу-соқпағымен алға жылжиды.
Топырақ шынымен де сұп-суық еді. Селт еткен жоқ. Сап-салқын қалпы мүлгіп жата берген.
Бұдан соң, ауылға қайтуға жинала бастады да, Ханмұрат өз
әке-шешесінің зиратына қарай бұрылды.
– Сен жүре бер, мен қазір соңыңнан қуып жетем, – деді Жанмұратқа.
Әке де, шеше де екі төбе болып, тып-тыныш ұйықтап жатыр. Олар баласы басына келіп тұрғанын сезді ме, жоқ па – оны Ханмұрат ақыл таразысына салып, бағамдай алар күйде емес. Тек білетіні – бұлар өзіне аса жақын, ең қимас жандар екендігі. Екеуінің де шашын, көзін, қасын, мұрнын, аузын, қысқасы, бет-бейнесін көз алдына әкеле алмайтыны қандай өкініш!
Қос уыс топырақты қыса ұстап тұрып, көңілі босап, жанарына іркіліп келіп қалған жасты тоқтата алмаған. Даусы шықпады, бірақ ішкі дүниесі алай-дүлей боранға ұласып, дір-дір еткенін сезбеді.
“...Әке! Әкетай! Сіз арман еткен, сіз жете алмай қапыда көз жұмған шаруаны енді мен, мына ұлыңыз жүзеге асырады. Біздің Шерқалада онкосырқаттарды емдейтін аурухана қайта жұмысын бастап жібергенше тыным алмаспын енді! Басқаны бітірмесем де осыны мойныма аламын, әкетай-й...” деп іштей егілді.
Тағы да ішкі үнмен сөйледі.
“...Әке! Мәңгі төсегіңізде тыныш ұйықтаңызшы! Мен Америкаға аттанып кетсем де, мүлде қара үзіп, жоғалып кеткенім жоқ. Менің бойымда сіздің қаныңыз бар ғой, ол қан – Шерқала деп соқтырады жұдырықтай жүрегімді-і...”
3
Жас досы екеуі сол күннің кешінде ұзақ-қ әңгімелесіп, кезектесе сөйлеп, талай сырды ақтарды. Ханмұрат оны бала деп емес, өзімен тең санап, іштегі құпияларын да жасырмай, ағыл-тегіл ақтарған.
– Біз баяғыда Елмұратпен осылай сырласушы ек, – деді. – Арамызда жасырын нәрсе мүлде жоқ еді.
– Айтқан, – деді. Жанмұрат. – Ағам сіз туралы көп айтатын.
– Әттең... – деді Ханмұрат. – Әттең, баяғылы бері хабарлассамшы...
Екеуі де үнсіз қалып, біраз отырып, қайта-қайта сөз бастауға ыңғайланса да, әңгіме кібіртікке ұласып, өрбімей қалып жатқан. Ханмұрат жас баладан не туралы сұрарын білмей, аңтарылған. Бала да ағасына айтар бір құпиясын ашсам ба екен, жоқ айтпай-ақ қойсам ба екен деп, өзімен-өзі күбірлеп, жер сызғылаған-ды.
Ақыры, оның осындай толқулы сәтін Ханмұрат байқап қалып:
– Менен нені бүркемелеп жүрсің? – деді. – Екеуміз келіспедік пе! Жасырын сыр қалтарыста қамалып қалмауы керек...
– Өзім де соны ойлап отырмын.
Баланың сөзі салдарлы. Даусы да барынша ширақ...
– Аға, – деді енді. – Сіз білмейсіз ғой, менің ағам Елмұрат өткен жылы үлкен қателік жасап қойған тәрізді...
– Ол не? Қандай қателік? – деп Ханмұрат білмекке ынтыға түскен.
– Ауылда үлкен жиын өткен. Сол жиынға Шерқаланы он бес жыл басқарған бұрынғы әкім Тасқара да қатысты. Қартайған шағы. Ардагерлер кеңесінің мүшесі ретінде сөз сұрап, мінбеге көтеріліп, малтасын езгілеп ұзақ-қ тұрып алды. Ол бәдігін аяқтап, мінбеден түсе берген сәтінде менің ағам ытқып шықты. Шықты да былай деді: “Жаңағы ақылгөйсіп, сөздің сорпасын сапырған кісі кезінде біздің қалаға аурухана салуға қол-аяғымен қарсылық жасаған адам, енді түк білмегендей бола қалыпты. Шындық бетке айтылып, екіжүзді мінез әшкереленіп, кемшілік жария етілсін! Сонда ғана жөні түзу, жақсы қоғам құра аламыз-з...” деді.
Жұрт сол сәтте шу-у ете қалды. Біреулері менің ағамды қара есекке теріс мінгізіп: “өзі көргенсіз неме екен” деді, ал екіншілері: “жүрек жұтқан бозбала көрінеді, түбі бір жерден тесіп шығар...” десті. Ағам бұдан соңғы күбірді құлағына да ілмеді, маған көз қысты да, соңынан ертіп алып, кете барды.
Бұл оқиға Ханмұрат үшін тосын жаңалық! Досының тағы бір қыры ашылған соң, аң-таң. Қалайша бүкіл халықтың алдында бұрынғы қала әкіміне – беделді кісіге қарсы шықты, а? Не деген жүректілік, а?.. Ай, солай етпесең, сен Елмұрат атанармысың!..
– Айтпақшы, сол қала әкімі қазір қайда? – деп сұрады.
– Менің ағамнан бір ай бұрын дүние салды. Ел түп-түгел қоштасып, басына топырақ салып, аяушылық лебізін айтып жатқанда, Елмұрат көп кідірместен, кері бұрылып, кетіп қалғанын өз көзіммен көрдім.
* * *
Тағы бір құпия сыр жас досының тілінің ұшында қылт-қылт етіп, қылаңдап тұрғанын аңғарып, өзі айтатын шығар деп шыдаммен күткен-ді. Жанмұрат жас та шығар, алайда осы күні-ақ өте салмақты мінезге ат байлапты. Ағасы Елмұраттан да асып түсердей сабырлы кейпі кескінінен андыздайды.
– Ал, оны да айт енді! – деді Ханмұрат.
– Не жөнінде?
– Білемін. Ішіңе тығып ұстайтын жөнің жоқ.
Жанмұрат қипақтады.
– Ал, баста!
– Бастағанда-а...
– Ой, неменеге майыса қалдың? Қыз емессің ғой, Жанмұрат...
– Қыз емеспін, әрине! – деді жас бала. – Жігітпін. Өсек сөз жігіт атыма жараса ма деп...
– Қандай өсек? – деп Ханмұрат жалт қараған. – Не өсек ол?
– Сіз... – деді бала. – ...сіз ағам екеуіңіз ауылдағы бір сұлу қызға ғашық болыпсыздар ғой...
Қандай тосын сый күтсе де, тап мұндайды айта қояр деп ойласашы!
Жүрегі су-у етіп, өрекпіп ала жөнелген. Тамағына тас тығылғандай, қайта-қайта жұтынып, сөйлеуге шамасы келмей, тұтыға түскен.
– Сол қыз әлі бар... – дегенде есінен мүлде тана жаздады.
– Қайда?
– Осы ауылда. Мектепте...
– Аты кім еді?
– Атын да ұмытып қалғансыз ба? Оның есімі – Лалагүл...
– Лалагүл... Оны қалай есімнен шығарып жүр екенмін, а? – деп Ханмұрат ой құшағына көмілді...
* * *
Бала махаббат деу керек пе мұны? Қанша ойланып көргенмен, өзі де түсіне алар емес. Одан бері нешелеген сынап-уақыт сырғып өте шықты, міне! Ал, бірақ... сезімнің мөп-мөлдір күйінде – сол қалпында қалып қоятыны қандай ғанибет!
Үшеуінің жасы қатар еді. Дос көңілмен араласып, үнемі бірге жүруге тырысып бағатын. Елмұрат пен Ханмұрат орталарына Лалагүл келе қалса, аяқ астынан батырсынып, не нәрсені де төңкеріп тастардай, жігерленіп кететін. Әсіресе, Елмұрат...
Ол бір жолы Сәмбі тал бағына барған кезде, ағаштың ұшар басына шығып алып, қайта түсе алмай тұрған мысықтың баласын – Жақаны құтқармақшы болғаны бар-ды. Ағаш өте биік еді, оған өрмелеуге екінің бірінің батылы жете бермейтін. Лалагүл мысықтың үлпілдеген баласын – Жақаны аяп, “енді құлап кетсе, өліп қалады ғой...” деп, жаны ашып сөйлегенде:
– Мен оны құтқарамын! – деп өрмелеп ала жөнелген.
Әрине, ұшар басына жетті. Әрине, бала мысықты қолына алды. Сосын ақырын төмендеп, түсіп келе жатқан сәтінде... аяғы тайып кетіп, жерге дүрс етіп құлағанын қайтерсің!
Бәрінің де жүрегі дүрс-дүрс соқты.
Елмұрат өліп қалған шығар деп ойлаған.
Лалагүл алдымен жетіп, басынан ұстай бергенде, ол езу тарта күліп:
– Мына сүйкімді бала мысықты алшы! – деп қолтығынан шығара берген. Жақа мөлдір көздерімен қызға мөлие қарап тұрды...
...Өзі қатты ауырсынып тұрса да, қыз алдында еш сыр берген жоқ.
Тағы бір жолы үшеуі алысып-жұлысып ойнап жүргенде кенет... Лалагүлдің аяғы әлденеге шалынып кетті де, құлап бара жатқан соң, Ханмұратты құшақтай алған. Қыз бұның құшағында шалқалай жатып, екі көзін аша қараған сәтінде, о тоба, тұп-тұнық жанардың арғы жағынан алапат әсерлі бірнеңе бұның жүрегін дүрсілдетіп жіберіп еді. Сол әсерді әлі күнге дейін ұмытқан да, есінен шығарған да емес. Сұлудың жанарына көз қадап қараудан өткен бақытты сәт бола қоймас. Соны бастан кешкен.
...Еһе, ол күндер қайда қалды екен, а?..
4
...Ой теңізі құшағына ала берген.
“...Менің досым Елмұрат сондай батыл да бірбет мінезін көрсетпесе, оны кім сыйлар еді! Әттең, әттең-ай, басымнан бір білместік өткен екен. Елге ренжідім деп, алыс Америкада қалың көрпеге оранып, жатып алғанымды қарашы... Сол кездерде хабарласқанымда, екеуміз біраз шаруаны іске асырар ма едік, қайтер едік...”
Тағы да ой жалғады.
“...Сен тірі жүргенде, бүгін, тап қазір екеуміз Лалагүлге барып, тізерлеп тұрып, қайсымызды жақсы көресің деп еркіне салар едік. Ал, қыз өзінің қалауын айтар еді...”
Ішіндегі аласапыран сезімдерді қайда сыйғызарын білмей, алақтаған. Содан соң тағы да алыстағы ағасына телефон шалған.
– Ал-ло! – деді Аспан. – Бұл сен бе, Ханмұрат?
– Менмін.
– Жолға жинала бастадың ба?
– Жоқ.
– Неге?
– Аяғым тартпай тұр.
– Мына жақта біз атқаратын жұмыстар жетіп-артылады. Сенің бұның қалай?
Інісі үндемей қалған. Үнсіз тұрып қалды да, қайтадан сөз тиектей бастады.
– Аға, сіз білесіз бе, менің Елмұрат досым – нағыз ержүрек жігіт екен! – деді.
– Е, оған сөз бар ма!
– Жоқ, сіз аяғына дейін тыңдаңыз. Ол бір жиында осы қаланың бұрынғы әкіміне қасқая қарап тұрып, “сіз ұрпақ ешқашан кешірмес қателік жасағансыз” деп айтып салыпты.
– Әкімнің қателігі не екен?
– Оның қателескені – аурухана орнына, өз кезінде қажеттігі шамалы балалар үйін салдырғаны.
– Осы да қателік пе? Бәлкім, сол уақытта елде жетім балалар көбейіп келе жатқанын байқаған шығар...
– Аға, сіз неге түсінбейсіз! Жетім көбейіп кетсе, ел-жұрт бар – қол ұшын беруге тиіс. Ал, сырқатқа не істей алады? Осыны ойладыңыз ба?
– Қандай сырқат? – деді Аспан.
– Онкологиялық сырқатты айтамын. Халықты қынадай қырып бара жатқан дауасыз дерт... Ал, әкім ағатайымыз, осыған көз жұма қараған.
– Тасқара ма? Ол туралы маған ештеңе айтпасаң да түсінікті.
Ханмұрат кенет есіне бірнеңе түскендей, даусын шығара:
– Қабыш атаның өлер алдындағы ерлігін естіген жоқсың ғой! – деген.
– Ол не? Қандай ерлік?
– Соңғы рет келіп, денсаулығын тексерген дәрігерге айтыпты: “Егер осы сырқаттың түпкі сырын сау кезімде бақылап-білгілерің келсе, мен әзірмін, дене-мүшемді сендерден аямайын...” Мұны естіген ауылдың молдасы шошына сөйлеп, “мұсылманшылықта ондайды жасау – күпірлік!” деп, астафыралласын үш рет айтыпты дейді...
– Е, қазір түсіне бастадым. Менікі дұрыс емес екен, – деді Аспан. – Дегенмен, өзіңе айтарым, енді тездетіп жинал. Америкаға қайт. Томас әкейдің орындалмай қалған арманы бар. Өзіңе аманат шаруа...
Әңгіме осы тұстан үзілген. Аспан Ханмұратты көндірдім, ол күні ертең-ақ Америкаға құстай ұшып жетеді деп ойлаған. Алайда, бозбаланың кешелі бері жансарайында оянып кетіп, ойнақ салған бұла сезімді тап осы бір сәтте біле алған жоқ-ты. Қайдан білсін!
Ол жайынан, әрине, Ханмұрат та ағасына ашып айта алмады.
Тек тәтті қиялдарға ерік беріп, соның шырмауынан ұзақты күн шыға алмай, сезім сергелдеңіне түсе берген.
“...Лалагүл! Сен қандай болып бойжеттің екен, а? Кішкентай кезіңде көзің боталап, екі бетің албырап, Елмұрат екеуміздің есімізді алушы едің. Менен гөрі өзіңді Елмұрат ерекше ұнататын. Әрине, менің ішкі сырым – өз ішімде бұғаудағы асау балықтай бұғып жатқан. Сен... нені сезе алдың екен сол күндерде?.. Көзімнен оқи алдың ба көңілдегіні!..”
Ойды тағы да жалғай түсті.
“...Айналайын, Лалагүлжан! Мына ойнампаз тағдырды қарашы, ең жақсы көретін, ажырамас досымды ана дүниеге аттандырып жіберіп, қалған сый-сыбағаны маған оп-оңай “мә, ала бер” деп тосып тұрғаны ма бұл? Саған қалай жолығамын? Не бетіммен барамын енді... Арада талай жылдар сырғып өтіп кетті ғой...”
...Өзін-өзі іштей қатты жек көріп тұрған сәті еді...
5
Ханмұратпен сөйлесіп алған соң, өзінің офисінде аз-кем ойға беріліп, қиял қамалында тыпыршып отырып қалған-ды.
“...Кешегі әкімге қарсы шығып, сөз айтқан деді ме? Енді айтты не, айтпады не? Айтпақшы... сол ауруханаға бас-ие кісі керектігін Қабыш ақсақал астарлап-ақ жеткізген жоқ па еді! Қалайша тағы да ұмытып бара жатырмын, а?..”
Көз алдында абыз қария бейнесі көлбең қақты. Әлсіз, сырылдаған даусы құлағына ап-анық естіліп тұрды.
– Балам, енді еліңді ұмытпа!.. Ер – елсіз кім екен, а?
Кәсіпкер жігіттің кеудесін әлдебір өкініш ізі ауырта аралап, із тастап, ақырын жылжып бара жатқан.
Туған топырақ алдында нендей іс атқара алды? Қай ісімен мақтанса жарасар? Мақтанарлығы бар ма өзі?..
Айтпақшы... ана жолы Ханмұрат Балзия жайынан сөз қозғап еді-ау. Ол сонда Шерқалаға қайта оралған ба? Бәлкім, мені іздеп... Ал, сонда ол Артур жайынан не біледі екен? Не үшін сақтандырып отыр? Әттең, елге барып, онымен кездесіп, бар жайға қанықсам ғой... Оның үстіне... өзім де аса ынтызарлықпен көргім келіп бара жатқаны. Қазір қандай күйде? Күйеуге шықты ма? Ұл-қызы бар ма? Бәлкім-м... әй, қойшы! Арада талай жыл өтіп кетті. Мені күтіп жүрді деймісің? Әлдеқашан-ақ күдерін үзген болар, ә?..
Көңілге ілгек етер түбір таба алмай, қиналулы сәті-тін...
(Жалғасы бар)
Жолтай Әлмашұлы