Мінбер бұйырмаған күн

ӘДЕБИЕТ
10148

                          

                                                        (Арсыз болмай бақ қайда... Абай.)

Екі романым жарық көрді. Театрда алғашқы пьесам, «Қазақстан» телеарнасында телеспектаклім қойылды. Менің сценариім бойынша «Қазтелефильм» түсірген «Қарқаралы қыздары-ай» деректі фильм жоғары бағаланды. Көңіл күйім жақсы. Ертең Құрылтайда әдебиетіміздің хал-ахуалы жайында пікірімді білдіру үшін сөз алмақпын. Ол жайында жолай облыстан бірге шыққан әріптестеріммен ой бөліскенмін. Жұрттың бәрін өзімдей көретін аңғалдығым-ай, сырымды алдырғаным қате болыпты... Енді күнделігім сөйлесін.

                                               х х х

1991 ж. 4 қыркүйек. Алматыға кештете келгем. Қонақ үйге орналасқанша біраз уақыт өтті. Жатып қалдым. Ойым таңмен ертерек тұрып, Жазушылар одағына барып, сьездің жай-жапсарын сол жерден білмекпін. Кенет телефон безілдей жөнелді. Тұтқаны көтердім. Аржақтағы дауыс: 

         -Сен Олжас Сүлейменовке соқтығамын, бетін тырнаймын деп келіпсің ғой. Осылай деп Әлжаппар Әбішев ақсақал одақта жар салып жүр. Сенің ол ойлағаның бола қоймас.

Мен одан сен өзің кімсің деп сұраймын дегенше, ол трубканы тастай салды. Ойнап айтса да мұндай сөз тек өз ортамнан ғана шығуы мүмкін. Дереу тұрып киініп, астыңғы қабатқа түстім. Тіркеу дәптерінен жерлестерімді іздедім. Жайық Бектұров ағамызды таппадым. Кәрім Сауғабаев пен Серік Ақсұңқарұлы бірге орналасыпты.

Келсем, орталарында Бақыт Кәрібаева, Бақыт лимонадты ермек етіп, қалған екеуі нан тістеп, арақ ішіп отыр. Жігіттер қызулы. Стакандарға арақ құйылды. Сөз сөйлеумді өтінгесін, ертеңгі сьезіміз сәтті өтсін деген мағнада тілек білдірдім. Әңгіме кезінде жазушылар арасында мен туралы қисынсыз қауесет тарапты дедім. Үшеуі де қайран қалғансып «апыр-ай» дескен болды.

Ішкіліктен жұтып қойып отырмыз. Мен өзімді қатты мазалған әлгі сұрақты тағы қайталадым. Кенет... Серік маған ожырая қарады. Екі көзі ұйыққан иттің көзіндей қып-қызыл. Бойына арақ әбден батқан болар, арсылдап шыға келді сабазың: «Ал мен айттым, қайтесің? Кесіп ал менікін! Астыңғы, үстіңгі күрек тістері түгел жоқ. Аузы кемпірдің аузындай боп омырайып жүретін. Жақында ғана темір тіс салдырған. Енді қызық, аузының ішінен асты-үсті етіп рельс төсеп қойған секілді. Қайсыбір қораш адамның боқтық сөзін қаперіме алмайтын әдетім бар. Соныма басып Серік інімнің түріне көзім түскенде күліп жібере жаздағаным.Бірақ өзімді ұстап сыр бермеуге тырыстым.

         -Серікжан-ау, жобаға келмейтін, ақылға қонбайтын кесапатты сөзді ойлап тапқанда не көздедің, оның не?

         -Әдейі істедім. Жазушылардың мықтыларын саған қарсы қойып, басыңа пәле салып шатастырғым келді.

         -Туған інімдей көріп, қолымнан келгенше көмектесіп жүргенім үшін бе? Күні кеше ғана маған мадақ өлең арнаған едің ғой. Бүгін сонша не болды, аяқ астынан менімен жауласардай...

Бар шыным да осы. Жасында кім жаңсақ сөйлеп, аяғын шалыс баспайды деп әрі ақындығын құрметтеп әр жерде қол ұшын бергенім рас. Осыдан төрт-бес жыл бұрын Серік інім Қарқаралыда аудандық газет редакторы Заманбек Игіліковпен қанды шайқас құрып жатты. Заманбек еліне сыйлы инабатты азамат, отбасы да әркім-ақ қызыққандай ұжымды, тәрбиелі. Серіктің оған жиын үстінде арсылдағанын көру, есту соншалықты жиіркенішті еді. Сонысына да қарамай, жолы болмай ашынып жүрген жігіт қой, ал Заманбек жасы келген кісі, жастарға жол берсе жөн ғой деп, Серікті жақтадым.

Бұның алдында әдебиетті насихаттап мен, Оңайгүл Тұржанова, Серіктің өзі, Әбікен Бақтыбаев ағамыз бар, Қарқаралының бірнеше совхозында болдық. Қайтар жолда Серік үйінен шәй ішіп кетуге шақырды.Тұрмыстарынан, әрине, хабарым жоқ. Көргенде біраз қобалжыдым... Тәп-тәуір талантты жігіт қор болып жүр екен-ау деп ойладым. Аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы әрі аудандық кеңес төрағасы Төлеутай Шахарбаевқа арнайы барып жолығып, азаматқа көмектесу керек қой деп батыра айттым да. Кейін газетке жарияланған мақаламда тағы айттым.

Жазушылар одағының Қарағандыдағы бөлімшесіне жауапты хатшы сайлау мәселесі сөз болғанда, мен Серіктің пайдасына өз кандидатурамды алып тастадым. Онымен де қоймай соның пайдасына жанымды сала жұмыс істедім. Осокиннің, Балыкиннің, Жұмаділовтің, Сауғабаевтың, Кәріповтың беттерін бері қараттым. Шындығы керек, бұл орынға Әмен Әзиевтің өтіп кету мүмкіндігі басымдау болатын. Менің әлгіндей жұмыстарымның арқасында бар болғаны бір дауыс артық алып, Серік өтті. Сонда мен Серіктің жергілікті басшылардан «қысым көріп жүргенін, жастығын, ақындығымен көзге түсе бастағанын көлденең тарттым. Зейнеткер кетіп, орнына зейнеткер алғаннан не өзгереді деп дәлелдедім...

Неге жұмыс істемейді, не ойлап жүр өзі деп реніш білдіре бастағандарға баспана алсын, орнықсын деп басу айтумен болдым. Облыстық газеттің редакторы Нұрмахан Оразбеков «Серікті жарты ставкаға жұмысқа алсақ қайтеді, әйтеуір әдебиетті түсінеді ғой» деген ұсынысымды құп алды.

Сөйтіп оған барлық жағдайды жасадық. Ол сонда да жұмыс істеуге асықпады. Әріптестер хатшы таңдауда қателестік деп ашық айта бастады. Сенің сөзіңді сыйлап ек деп маған тікелей өкпе білдіргендер де болды. Бірақ мен осының бәрі Серіктің өзіне өзі келе алмай жатқандығынан деп түсіндірдім...

         -Мені жамандайтын көрінесің?

         -Кімге? Недеп?

Сұраққа жауап берудің орнына ақын түгіл, түрмеде 40 жыл отырған атақты рецидивист айтпайтын боқтық сөздерді маған қаратып қарша боратты да жіберді. 

Есіме түсті. Алматыға жүрер алдында ол маған жолыққан болатын. Сөзден сөз шығып, мен оған ағалық риясыз көңілден біраз ескерту жасағам. Өлеңдеріңде тым саясатшыланып барасың, сенің кейбір өлеңдерің газеттің баяғы басмақаласы орнына жарияланып жүр дедім. Саясат өзгере береді. Шынайы поэзия ғана қалады. Саясатшыл ақынның кереметі Маяковскидей-ақ болар. Күш-қуат дарынын келешегі жоқ болымсыз даңғазаға жұмсады. Сенің де сол қақпанға түсіп қалуың мүмкін. Саясатшыл ақынның өлеңінде жүрек болмайды. Сен де тым құрғақ кетіп барасың. Қанша атақ алса да жүрексіз тақылдақ құрғақ өлең поэзия болмайды, дегенді түсіндірмек болғанмын. Бірақ оның аудандық газеттен сусындаған санасы аға ақылын теріс түсінген секілді. Иә, аяқ астынан Серік інімді түрткілеген түлен сол менің ағалық жанашырлықпен айтқан бірер ауыз сөзім екен. Жарайды, ол өзін төрт аяғынан бірдей тайпалған, жотасынан су төгілмейтін жорға санасын-ақ. Өзін қазақтың бұрын-соңды маңдайына бітпеген дүрімін деп есептесін. Маған мейлі шамдансын. Ау, ақыл-есі дұрыс кез-келген жұмыр басты пендеде болар қарапайым кісілігі неге жоқ? Басы жасы тоқсанға келіп қалған Әлжаппар Әбішев, бір жағында өзі болып (екеуі бір өңірден) адам баласы сенбейтін қисынсыз өсек өргеннен не ұтамыз деп жүр. Мұндайды рухани «бич», «бомж» демегенде, кім дейміз енді?

Кейін Кәрім де, Бақыт та тым жұмсақтық көрсеттің, деп көңілдері қоңылтақсып қалғандай ыңғай көрсетті маған. Бірақ сол Кәрім дос жерлестігіне, жағы үлкен ағалығына жүгініп:

         -Ақын болмай азып кеткір, неге үлкенге тіл тигізесің,- деп ұрсып тастауға жарамады ғой.

         -Әйел отыр екен-ау деп ұялмайсың ба, неткен көргенсіз едің,- деп Бақыт та осындайдағы ұрғашылық артықшылығын пайдаланбады ғой.

         Айтпақшы, Серік таяуда шыққан кітабына:

         Геройы кітабымның Өтен аға,

         Шабытым сізсіз менің от ала ма?

         Ойымыз бірге мәңгі дүниеде

         Ордамыз Алаш пенен Отан ана, - деп қолтаңба жазып маған сыйға тартқан болатын.

         Мүмкін менің жұмсақтығыма себеп болған осы қотаңбадағы мүлде басқа сипаттағы ниеті шығар оның...

Мен ауылдың рушылдық психологиясынан тыс өскен теміржолшының баласымын. Университет бітіріп кеп Қарсақпайда мұғаліммін, менің оң ісімді теріске шығармақ болып бүкіл Жезді ауданының партия аппараты, оқу бөлімі жан-жақтан күйедей жабыла кеткенде, мен сонда қазақ рушылдығының жойқын күш екенін өте жақсы сезінгенмін. Содан кейін әрбір сәтті ісімнің жергілікті рушыл жігіттердің кеудесіне күйік болып жабысатынын білетінмін. Күнделіктен бір мысал. «Қаңтардың 11-18 аралығында (1980 ж.) «Орталық Қазақстан» газетінің алты нөмірінде «Сенің махаббатың» деген пьесамның бірінші бөлімі жарияланды. 19 қаңтар күні саяси сабақ үстінде ақын, Кәрім досым маған: «Сен басқа жердің жігітісің ғой. Болдың, толдың, енді кетсейші», деді. Адамның іші домнадан да кең, оған бір емес, мың ит те еркін сияды...»   

Бұлар майда-шүйделер ғой, ширек ғасыр көздерін қанша алартса да маған түк істей алмады. Соған намыстанған болар, енді бұл іске Алматыдан өзін ру басы санайтын Әлжаппар Әбішев өзі кірісті. «15.08.1997. Тамыздың 8-11 аралығында тоқсанға келген жазушы Ә.Әбішев келіп кетті. Қарқаралы туған жері. Осы кісі маған бәле болып жабысуын қоймайды. 

Жасы 90-ға келген абыздан бата күттік. Шалекең өйтудің орнына қасына Серік Ақсұңқарұлы, Бағдат Мекей, Мағауия Сембай сияқты рулас-жерлестерін «енді аймақтың баспасөзі мен әдебиетінің иелері сендер боласыңдар» деп, оларды қасына нөкер етіп ертіп алды. «Сәкен Сейфуллиннің ең сүйікті шәкірті, үзеңгілесі, Ғабит пен Мұхтардың ақылшысы болдым, қазір Нұрсұлтан Назарбаев пен Олжас Сүлейменовтің ақылшысымын, екеуін табыстырдым» деп сайрады. Облыс басшыларымен кездескенде: « Өтен Ахметовті Бас редакторлық қызметінен алыңдар, елге келгендегі менің сендерге айтар басты базынам осы», деді. 

Алматыдан шығарда қасына Нұрлан Оразалин, Сәкен Жүнісов, Ғабиден Құлахметовті ерткен екен. Жабайы сөздерден құлағы тұнып, арақтың сасық иісінен басы айналды ма, Нұрлан сылтау тауып дереу қайтып кетті...»

Айтпақшы, сол соңғы құрылтай мінберінен айтсам деп дайындаған сөзім әлі қолымда. Бір қарап жіберсем, арада жиырма жыл уақыт өтпегендей, уақыт сол орнында тұрғандай көрінгені. Сізге қалай көрінер екен, ерінбесеңіз, оқып көріңіз.


Қазақстан жазушылары құрылтайының мінбері үшін дайындалған сөз\

Қазақ әдебиетінің ілгерілі-кейінді табыстары көбімізге жақсы мәлім. Ол жөнінде Олжас Омарұлы Сүлейменовтің есепті баяндамасында жан-жақты сараланып айтылды да. Алайда біздің бүгінгі әңгімеміз қоғам, уақыт алға тартып отырған талаптарға сәйкес өміріміздің жасампаздық салтын жарқыратып көрсететін сапалық жаңа биіктерге көтерілуімізде болып отыр. Соған байланысты өзімді іштей толғантып жүрген кейбір ойларымды ортаға салмақпын.

Ең алдымен айналада болып жатқан өзгерістер мен құбылыстарға жаңаша пайым, көзқарас керек дегенде, яғни дамудың белгілі бір кезеңдерінде мыйда қалыпасып қалған жаттанды түсініктерден арылып, психологиялық тұрғыдан қайта бейімделу керек дегенде, мұның өзі біздерге, жазушыларға да әбден қатысы бар дер едім.

Қоғамымыздың жеткен табыстары жоқ емес, алсақ, ассақ деген асулары да бар. Әрине, осындай соқтықпалы соқпақты жолда қайшылықтар мен кемшіліктер де аз кездеспейді. Сондықтан даму заңдылықтарына обьективті қарап, «жауырды жаба тоқымай» немесе бос мақтан даңғаза жолымен емес, өмірді салиқалы салмақты ой, кең өлшенген терең пайым, шынайылық жолымен кестелеу жазушылар үшін бірден бір міндет. Бұл – баяғыда, жастық шақта көріп түйсінгеніңді, алайда бүгінгі күннің үдері көшінен қалып қойған ұсақ-түйек тұрмыстық жәйіттерді немесе жайлы кабинет яки жақсы пәтердің терезесінен ауық-ауық көше бетке бір қарап қойып, бұрынғылардан қалған ескі сүрлеумен сыдырта жазу емес, бүгінгі күннің тайқазанында қайнап жатқан жанды өмірдің қызу ортасына ену, соның тынысымен бірге тыныстау деген сөз.

Өкінішке қарай, біздің арамызда ескі психологиялық таным-түсініктен арыла алмаушылық көрінісі аз емес. Біріншіден, бізде жазушылардың кейбіреулерін «жергілікті» деп, сынаса, алдымен соларды аямай сынап, кезек бермей, кезек берсе, кітаптарын көлемнен де, саннан да қысып кемсітушілік бар. «Орталық», «шет аймақ» деген ұғымдар дамуымыздың белгілі бір кезеңдерінде дұрыс та болған шығар, ал қазіргідей мұхиттың арғы жағындағы біреу түшкірсе, бергі жағындағылар «жәрекімалда» деп отырған заманда қоғам үшін бұныңыз ескірген анохронизм емес пе. Өз басым жазушыны «жергілікті» деп төменсітуден өркөкірек менмендіктен туатын осындай ескіліктің мүңкі иісін сеземін.

Мәселенің бұл бір жағы. Екінші жағы, қашан да, әсіресе соңғы жылдарда әдебиетіміздегі тың сөз, жаңа лепті астанадан тысқары жерлерде тұрып жұмыс істеген, қайнаған өмірдің ортасынан шыққан жазушылар әкеліп жатқан жоқ па? Бұл арада орыс әдебиетіндегі Шукшин, Распутин, өзіміздегі Сәтімжан Санбаев, Медеу Сәрсеккев есімдерін айтсақ та жеткілікті.

Туған әдебиетіміз баспасөзге анау айтқандай шылқыған бай болмаса да, ауызды қу шөппен сүрткендей кедей де емес. Басқасын былай қойғанда екі журнал, бір арнайы газетіміз бар. Бұлардан ақын-жазушыларымыздың жаңа шығармаларын оқимыз, әдеби процестің даму үстіндегі қыр-сырларымен танысамыз. Бұл ретте әдебиетіміздің шын мәніндегі айнасы болуға лайық «Қазақ әдебиеті» газетінің орны бөлек, әрине.

Осы газетті ес білгелі үзбей оқып келе жатқан оқушы ретінде айтар болсам, соңғы жылдары отбасы татулығы, қоршаған ортаны қорғау, тарихи ескерткіштерге қамқорлық, тіл тазалығы, маскүнемдіктің кеселді зардабы хақында келелі мәселелер кең толғамды сөз болып келеді. Бұған өз халқының, өз жер-суының тағдырана немқұрайды қарай алмайтын әркім-ақ риза.

Алайда осы газеттің соңғы жылдары географиялық ауқымы тым тар көрінеді, көбіне күнгей облыстардан артылмайды. Қазақстанның кейбір аймақтары газет назарына ілікпейді десе де болғандай. Мәселен, газет ақын-жазушылардың астанадан ұзап ешқайда шықпайтынын, шыға қалса барған жерінен сый-сыбаға дәметіп, одан қалды өзін-өзі мақтап құр дүрлігіп қайтатынын талай мәрте жазды. Дұрыс-ақ. Ал газеттің өзі облыстарда, яғни қайта-қайта айта беретініміздей, қайнаған еңбектің ортасында тұрып жатқан ақын-жазушыларға қамқор көзбен қарай ма екен? Бұл арада бір риза болса, Шымкенттен шығып Маңғыстауда еңбек етіп жүрген Темірхан Медетбеков риза шығар, басқаларды білмеймін. Мысалы, өз басым «Қазақ әдебиеті» газетіне соңғы бес жылда бес әңгіме бердім, бесеуі де жарияланған жоқ. Жарияламақ түгіл, жауап та берген жоқ. Соған қарағанда редакцияның авторлармен жұмыс істеу этикасында кінәрат бар-ау деген де ой келеді.

Қазақстан Магниткасы мен Жазушылар одағы өзара творчестволық ынтымақта екені мәлім. Ең болмаса осынау қолайлы сәтте Қарағандыда тұратын жазушыларға тапсырма беріп проблемалық мақалалар, очерктер жаздырса, редакцияның астанадан шет тұратын қаламгерлерге жасаған нақты қамқорлығы болмас па еді. Әрі творчестволық ынтымақтастықтан туатын өз мойнына алған міндетті орындағаны да болар еді. Ал бір келіп кеткен арнаулы тілші өзінен бұрын жазылғанды олақ вариациялағаннан басқа не тындыра қояды.

Жаттанды, ескі көзқарастың үлгісін әдеби сынымыздан ерекше байқаймыз. Творчество өзгеріп отыратын жанды процесс десек, жазушының бір шығармасы бір шығармасына ұқсамауы, сапалық қасиеттері әрқалай деңгейде болып келуі әбден мүмкін ғой. Осылай өсіп-өркендеуін ілгерілі-кейінді өзгерістер үстінде саралап талдаудың орнына жазушыларды атақ-дәрежеге бөлу бар да, біреулерді не жазса да «ғажап» деп көз жұма, таңдай қағып тамсанудан танбайды, екінші біреулерді не жазса да қойға арамза түскендей шошынып, жамандаумен болады. Сонда кім дейсіз ғой алдымен жамандалатын? Әрине, астанадан жырақ, әдеби ортадан шеткері, кейбіреулердің тілімен айтқанда, «жергілікті» жазушылар. Сәтсіз қолданған жекелеген сөздерін, интимге қатысты тұстарын теріп алады да, дәлелдің орнына, байсалды пайымның орнына байбалам ащы сөзбен сойып салады. Ал шығарманың жалпы бітімі, әлеуметтік сыр-сипаты турасында жұмған аузын ашпайды.

Ауызға алынбағаннан сыналған жақсы деседі. Рас шығар. Әйтсе де мұндай сауатсыз сындарды сауатты оқушыға ұсынғаннан кім не ұтады. Міне, бар гәп қайда жатыр.

Тіл тазалығы үшін күресу қажет. Дегенмен «Қазақ әдебиеті» газетінің басқа проблема құрып қалғандай осы төңіректі тым шиырлап кетуін оқушы ретінде құп дей алмаймын. Кітап оқушылар азайып барады, жалпы қазақ тілінің ертеңі алаңдатады деп газет өзі жазып жүргеніндей, әдебиетіміздің күрделі мәселелері төңірегінде толғанудың орнына мына сөз мына ауылдікі, ана сөз ана ауылдікі, бұл ауылда мұндай сөз жоқ деп болымсызды айтып қиқылдаса бергеннен кім опа тапады?

Бұл секілді келеңсіз құбылыстардың өз басым екі түрлі себебі бар ғой деп ойлаймын. Біріншісі, «Ағайынның аты озғанша, ауылдастың тайы озсын» дейтін көңіл ала-құлалығынан, яғни таза болмауынан. Екіншісі, қайсыбір сыншыларымыздың әдеби дайындығының, білім-өрісінің кемдігінен. Әдебиетіміздің жетістік-кемшіліктерін саралап көрсетуде, бағыт-бағдарын айқындауда сыншыларымыздың кенже қалып жатқанын нұқып айту соңғы кезде модаға айналып барады. Мен де соны айта отырып, сыншыларды жақтап та сөйлегім келеді.

Біздің сыншыларымыздың Ресейдегідей, кейбір республикалардағыдай жеке отауы – баспасөзі жоқ. Ал газет-журналдарымыздың құлағында қабырғалы дейтін ақын-жазушыларымыз отыр. Сыншылар бір есептен солардың алдында жаутаңкөз екені өтірік емес. Міне осындай жағдайда кейбір аузы дуалы сыншылар, әдебиеттің қыр-сырын терең білетін тұлғалы ғалымдар баспасөзден сырғақтап жүрсе, керісінше, әдебиеттен дәмесі бар жастар немесе көңіліне сайтан кірген кейбір жылпостар қазан құлағындағы кісінің ыңғайын тапқандай болса, таңғалуға бола ма? Бұл да біздің қоғам дамуының күрделі бетбұрыс кезеңіне лайық психологиялық жағынан қайта түлеуімізді сұрап тұрған жәйіттер.

Иә, қай жазушы да жақсы шығарма жазсам екен деп талпынады. Бірақ қандай болып шықпағын таланты мен еңбекқорлық қасиеттері көрсетеді. Талант пен еңбек кен қопарып, шойын қайнатқан, болат балқытқан, мал өсірген, егін салған жерден, қысқасы қызу тірлік ортасынан ғана нәр алады, мәуелі терек боп көктеп, көгереді. Біздер, жазушылар, халықтың, ұрпақтың биік армандарымен қанаттанған, жасампаздық серпінді қуатымен суарылған ұлттық ар-намыс туымыз. Отанға, ел-жұртқа перзенттік адал жүрекпен, өзара жолдастық ақпейіл, таза көңілмен дәуірімізге лайықты шығармалар жазайық, бауырлар!

                                               х х х


                                                                                     Өтен Ахмет,

                                                                  Мәдениет саласының үздігі

author

Өтен Ахмет

ЖАЗУШЫ

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...