Осыған дейін ақындар арасында «Папирус» айдарын жүргізгеніміз ел назарында. «Тәуел...
Жолтай Әлмашұлы. Олигарх және олимп (роман-элегия)
“...Ниетсіз, құлықсыз, құштарлықсыз, қиналыссыз сөздің салмағы жоқ...”
Абыз Ахмет Иассауи
Түркі данасы
“...Иманы кеткеннің, жиғаны кетеді!”
(халық сөзі)
“Жар басындағы жантақты, жанынан кешкен Нар жейді...”
(халық сөзі)
(Жалғасы)
Жазушымен бетпе-бет
1
Сол ауыл. Сол қалып. Сол адамдар.
Шерқала ешқашан өзгермес, мүлдем жаңа, жарқын да өскелең бейнеге ауыспас. Арада он, тіпті жиырма жыл өтсе де, сол сұрғылт бейнесімен Аспанды қайталап қарсы алып тұрғандай. Сыртқы келбеті сазарулы сияқты ма, қалай...
Салқындау. Солғындау. Кермектеу.
Көңілге қуаныш ұялата алар ешқандай жылылық жоқ. Баяғы көңілсіз кейіп. Құдай-ау, бұл ел қашан жайнап, жасарып, құлпырып кетер екен?
– Неге бұтына жіберіп қойған баладай, сұрықсыз тартады да тұрады? – деп Доспан інісіне көңілсіз сауал берген. – Мына елді айтамын...
Інісінің жауабы әзір.
– Өйткені, біздің елден қанаттанып ұшқандар өз топырағын тез ұмытады. Ал, мұнда қалғандары өз күнін өздері әрең көріп, әзер деп жан сақтап отыр.
Оның сөзін көңіліне алған жоқ. Қайтадан ой деген қараңғы бөлмеге оңашаланып кіріп кетті.
“Рас-ау, осы жерден өсіп-өніп шығып, ес жинап алған соң, мүлде ұмытқанымыз өтірік пе! Санап байқасам, Шерқаладан ғалым да, оқымыста да, жазушы да, тіпті байлығы еселеп тасыған Олигархтар да түлеп ұшыпты. Ал, солар...”
Өз ойын өзі тұсады.
Әрі қарай салалап қуа беруге қорықты. Қорыққан жоқ, қажет деп таппады.
Жаңағы ойша тізбектей бастаған біраз қалталылар ішінде өз есімі де қылаңдайды. Ауылдан кеткелі қаш-шан. Мұнда ат басын тіреуі де – тым сирек. Сирек қана емес, мүлде қара көрсетпей қойған жылдары аз емес екен.
Ойлаушы еді.
Сол Шерқалада не бар? Барғанда не бітіреді? Кімге жолығады? Не туралы сөйлеседі?
Кішкене ғана елді мекен. Адамдары да тұйық. Тоң мінез. Саз бет. Аз сөйлейді. Көп тыңдайды. Демек, қызықсыз. Қызықсыз ғана емес, мүлде күңгірт. Тек... өзі туған жер болған соң ғана оқта-текте еске алып, ой қоймасын аралайтыны рас. Онда да өте сирек.
Көп уақыттан соң оралған жайы бар, сосын да Шерқаланың бүгінгі болмыс-бейнесін өз көзімен көріп алғысы келіп, орталық көшесімен ақырын басып аяңдаған. Інісі Доспанға осындай тілек-ойын сездірді де, өзі бастап жолға түскен.
– Орталық көшемен бастан-аяқ жүріп өтейікші! – деген. Інісі түсінбеген. Есі дұрыс адамның сөзі ме?
– Жұрт бізге күліп жүрмей ме?
– Неге күледі?
– Бостан-бос, көшемен елең-селең сенделіп келе жатсақ... Сіз – атақты бизнесменсіз, ал мен осы жерге бірқыдыру таныс мұғаліммін.
– Болса ше! Немене, бизнес өкілі мен мұғалім көшеде жүрсе, ол қандай тәртіпсіздік түріне жатады екен? Сөзінің сиқын қара...
Доспан сонда да өзінің күдікті ойын тықпалап тұрып алған.
– Шерқалада себеп-салдарсыз көше кезетіндерді ел ұнатпауы былай тұрсын, тіпті жақтырмай, қабақ шыта, қыли көзбен қарайды. Ондайларды қатты келемеждеп, арамтамақ атайды.
– Арамтамақ! Е, ендеше, бір уақыт біз де кәдімгі арамтамақтар қатарына қосылып кетсек ше! Ол да қызық қой...
– Ой, аға, сіз де айтасыз-ау...
Осы кезде оққағар-көмекші Ханс кимелеп кетіп, сөз түйдегін ағытқан.
– Шеф, сізге барынша сақ болу керек. Бұл ауылда да оңтайлы сәтті ойлап, аңдыған қараниет жауларыңыз кездесуі әбден ықтимал. Кім біледі...
Аспан ала көздене, жауы жанына енді келіп бас тығып тұрғандай, жақтырмай жалт қараған.
– Ой, нақұрыс! – деді Хансқа. – Сен білесің бе, бұл менің қалам. Мен туған жер. Мұнда маған жау да, қас та болмаған, болмайды да.
– Сонда да, – деді оққағар-көмекші. – Сақтықта қорлық жоқ.
Бәрібір тыңдамады. Інісін ертіп алып, орталық көшемен емін-еркін аяңдаған. Рахаттана қадамдаған.
– Әгәрәки, ажалым тап осы ауылда, тап бүгін өзім туып-өскен топырақта жетіп жатса, онда еш өкінбедім. Көндім. Қидым қасық қанымды да... – деп еді, оққағары көзі шарасынан шыға қорқып та кеткен.
– Сіз... сіз қай кезде де мұндай мінез әлсіздігіне бара бермеуші едіңіз! Түсінбей тұрмын, шеф-ф... (Ханстың даусында діріл бар)
– Тап бүгін, осы жерде, осы топырақта жан тапсырсам да мейлі деймін, маубас-с...
– Жо-жоқ, ол жарамайды. Ондайға жол беруге еш хақым жоқ. Сіз өлмейсіз-з... Болмайды-ы... (Ханс қатты қиналды)
Оның сөзіне қарқылдап, ұзақ-қ күлген.
– Әзіл! Әзілім деймін саған-н... – деді сосын бойын жинап ала қойып.
Оққағар-көмекші Ханс сонда ғана түсі өзгеріп, не ашуланарын, не күлерін білмей, әзер деп өзіне-өзі келе бастаған.
Сонда да тілі таңдайына жабысып, ләм дей алмай тұрып қалған...
Ертеңгілік еді.
Артынан ентіге жүгіріп келе жатқан інісі Ханмұратты байқап үлгерді. Тоқтап, күтіп алды.
– Неге ұйықтай бермедің?
– Осында үй мысық секілді пыс-пыс етіп, ұйықтау үшін келдім бе сонда?
– Олай емес, әрине. Керек кезінде оятамын дегенім де.
– Мен сізбен бірге болуым керек.
Үшеуі қатарласа жүріп келе жатыр еді, қарсы алдынан мұнтаздай киінген оқушы бала қарсы алған. Иіліп, ізетпен сәлем беріп тұрды.
– Ағатай, менің хатымды алдыңыз ба?
– Сен кімсің, балақай?
– Мен – Жанмұратпын.
– Қай сыныпта оқимын дедің?
– Қазір жетінші сыныптамын.
Оның үсті-басына ұзақ қарап алып, бірнеңе айтқысы келді де, қайта тоқтап:
– Мына Ханмұратты танисың ба? – деген.
Жанмұрат жалт қарады. Қарады да оны құшақтамаққа ұмтылды.
– Менің ағам Елмұрат сізден ұзақ-қ уақыт хат күтумен жүрді. Неге жазбадыңыз? Неге... үнсіз қалдыңыз, а?..
Ханмұрат та оны бауырына басып тұрып:
– Көпке дейін елдегі үлкендерге деген реніш-өкпем кетпей қойды! – деді. – Сосын да хабарласқым келмеді.
– Ол қандай өкпе? Реніш деген не сөз?..
– Оны қазір түсінбейсің. Кейін түсіндіріп айтармын...
Енді Аспан ол екеуінің басынан сипалады.
– Компьютер керек дедің бе? – деді Жанмұратқа. – Ол қиын шаруа емес. Сатып алып беремін бірер күн ішінде...
* * *
Түн ішінде ұшып келген соң, таң сыз бере осы ауылға жетіп, әбден шаршағандықтан ба – тыриып жатып ұйықтаған екен. Таңертең ерте тұрам да Елмұрат досымды тауып аламын, сосын екеуміз күнұзақ бала күнімізді еске алып, әңгіме тиегін ағытармыз-ау деп ойлаған. Сөйтсе... бұл енді мәңгі орындалмас арманға айналыпты. Жанмұраттың мұңая тұрып айтқан бір ауыз сөзі жүрегін жұлып алғандай сыздата ауыртты.
– Елмұрат енді маған да, саған да жоқ.
– Қалай? Жоқ дегенің не сөз?
– Ол өлді! Өліп қалды! Кетті көкке ұшып... – деп Жанмұрат ағыл-тегіл жылаған. Ханмұрат та өзін-өзі ұстай алмай, көз жасына ерік берді.
...Туған жерге келгендегі естіген алғашқы суық хабар Ханмұраттың денесін дел-сал етіп, тұла бойын тітіркендіріп жіберген-ді.
2
Кешкілік өзінен-өзі бей-жай күй кешіп, оңашаланып алып, аяқ созып жатармын деп еді, тағы да көңіл түкпіріндегі кермек сезім ойын қытықтап әкетті.
Шыдамай кетті ме, дереу інісі Доспанды шақыртты.
– Ана жазушы қайда? – деді інісіне. – Тезірек жолықтыршы менімен.
Бауыры басын сипап, күмілжіген қалпы, ернін тістелеп тұрып қалған.
– Немене, кездесуден қаша ма?
– Жоқ, қашпайды.
– Ендеше, шақыр. Несіне соза береміз-з...
– Ол Шерқалада жоқ.
– Қайда кетті?
– Шетелге.
– Шетелді ұнатпаймын, мүлде жек көремін, ауылдан аттап баспаймын дегені қайда? Әй, сол жігіттің сөзінде береке бар ма?
– Әлде повесть, әлде роман, әйтеуір бір шығармасы Мәскеуде жеке кітап түрінде басылып шықпақшы ма? Соның соңында жүрген көрінеді. Орыс қаламгерлерін қолпаштап, кафеге шақырып, арақ ішіп...
Аспан күліп жіберген. Інісі оның не үшін күлгенін ұқпады. Сұрағысы келген. Бірақ, сұрамады.
– Неге күлгеніме таңғалып тұрсың ба? – деді ағасы. – Шетел дегенге шалғайда жатқан алыс мемлекет екен десем... Ресей де шетел болып тұрғаны ма осы кезде?
– Енді қалай? Олар басқа мемлекет, біз – басқа!
– Ресей көрші жатқан ел. Оларды шетел деуге де келмейді. Шетел дегеніміз...
– Америка ма? – деп інісі сөзінің арасын сыналап жіберген.
– Допустим так! Не болмаса – Англия! Әйтпесе – Франция... Немесе, Германия...
Осылай деді де, аз-кем мүдіре түсіп, “так, так...” деді. Созып тұрып алды. Сосын айтты:
– Жазушың жақын арада орала ма? Кім біледі ол жағын?
– Оралады, – деді інісі. – Оралмай қайда барады. Мәскеу – өте қымбат қала. Жол жүрер алдында бір ала өгізін базарға апарып саудалап қайтқан. Сол ақшасы түгесілсе, Мәскеуде бір күн де шыдап, тұра алмас өзі де...
– Ха-ха-ха! – Аспан шек-сілесі қата, ауаны дірілдете күліп кеп берсін!
Содан соң сұрады.
– Ол, білесің бе, неге именно мені сынап мақала жазып жүр? Басқаны емес...
– Білмедім.
– Мені жек көре ме?
– Білмедім.
– Әлденеге өкпесі бар ма?
– Білмедім.
– Онда неге... – деп Аспан мүдірген. Дереу шеке тамыры адырая, көзі алара ашу шақырған.
– Ау, сен нені білесің сонда! Ауылдағы жалғыз жазғышбек мына кәсіпкер ағаңа неліктен ренжіді, соны біліп алсаң қайтеді, а?
– Керек еді маған! – деп Доспан кіржің етті. – Жалпы мен ақын-жазушы дегендерді мүлде ұната бермеймін. Олармен қаным қас.
– Мен де солаймын. Бірақ, оларсыз тағы да болмайды ғой.
– Неге болмайды? Ақын-жазушыларсыз да Жаратқан ие сыйлаған өмір өз ағынымен өте бермес пе!
– Өтеді. Өте береді. Бірақ, кісі жанын рухтандыратын – солар. Қиял адамдары... Олардың басы – Ойқазан...
– Ол не деген сөз? Қиял дедіңіз бе? Ойқазан дейсіз-з...
– Әй, өзім де жөнді түсінбеймін. Солай жазады да жатады ғой. Қиялгер-р деп... Ойқазан иесі деп... Газеттерден оқығаным...
– Е, мен сіз бұл жайынан тереңірек біле ме десем...
* * *
Түс ауа Ханмұраттың ыстығы тез көтеріліп, тілі күрмелді де, қалпақтай ұшты. Дереу төсекке таңылды. Бұның басты себебін өзінен өзге ешкім де түсіне алмаған. Аспан әлекке түсіп, қайта-қайта дәрігер шақыртқан.
– Ұзақ жол, қатты шаршаған ғой, – дейді алғашқы дәрігер жайбарақат қана. Оның айтқаны көңілге қанағат берген жоқ. Екінші дәрігерді алдыртты. Оған айтты:
– Садағаң кетейін, дертінің дәл себебін анықтап берші? – деді. Бұл жас дәрігер еді, өзі де аса елгезек екен, бозбаланың басынан сипап отырып, бар сырын білуге тырысты. Содан соң кәсіпкерді оңашалап:
– Уайымдамаңыз! – деген. – Қорқатын түк те жоқ. Бұл бозбала, яғни ініңіз осындағы бала күнгі досын жоғалтып алған, соны көре алмағанына қатты қайғырулы... Ішкі күйзеліске түскен... Ішқұсалық...
– Е, солай ма! – деп Аспан да әзер демін алған. – Сол екен ғой...
3
Ауыл таңы асықпай көтеріліп, көңіл пердесін серпіп, әдемі атады. Терезеден тысқа көз салсаң, әуелі бозарып, содан соң ағараңдап, ақыр аяғында көз ұшында алтын шапақ ойқастап ойнайды. Оны көкжиекке қарамай-ақ, көңіл көзімен де көріп тұрасың. Талай уақыттан бері қалада тұрып, ылғи биік үйлердің тасасында қалып қоя беретін өзінің қанаты қырқылған ой-армандарын енді ғана түсініп-таңбалағандай. Е, бәсе! Таң атпай еңсесін ауыр ойлар езгілеп, шаршағандай күйге түсіп, қайта-қайта есінеуі бекерден бекер емес екен. Бәрі де қаланың өте биік, табиғаттың бар тамашасын тұмшалап тұратын өзінше әсем үйлерінің кесірі. Ал, бірақ бүгінгі адам осыны өркениет деп атап, өздерінше асқақтата мақтап жататын биігі – пендені тірі табиғаттан аластап, аулақтап әкетер тұйық жол ма?
Аспан таң атар-атпаста осындай тосын ойларға беріле түсіп, орнынан қозғалуға да ынтасы болмай, керіліп-созылып жатыр еді, тыстан дауыс естілді. Әлдекім даудырлап сөйлеп, бұның бөлмесіне дүрс-дүрс басып, кіріп келе жатқан...
Інісі Доспан екен.
Таң атпастан сүйінші сұрады. Бірақ, жеткізген таңғы жаңалығына не қуанарын, не ренжитінін де білмеді. Ол қатты дауыстап тұр.
– Келді!
– Кім?
– Ойқазанды айтам.
– Түсінсем бұйырмасын. Ондай да кісі бар ма бұл ауылда?..
Хабаршы бауыры ағасының мына сөзіне қитыға қалды. Өтірік түк білмегендей кейіпке түсе қалғанына реніші. Әйтпесе, кеше ғана өз аузынан естіген жоқ па осыны...
– Өзіңіз емес пе оларды Ойқазан-н... деген. Руханиятты ұрықтандырады дедіңіз бе, не деп едіңіз кеше...
– Е-е, – деді Аспан. – Е, сен әлгі жазушысымақты айтып тұрсың ба?
– Сол болмағанда... Келді деймін бүгін таңертең...
– Келсе қайтемін!
– Келген күні шұғыл хабарла деген жоқсыз ба! Әйтпесе не басымның іскені бар менің! Маған түкке де керек емес, мысалы...
– Жарайды, ренжіме. Келсе, дұрыс делік. Енді онымен кездесуім керек.
– Бүгін емес.
– Неге?
– Ол таңертең оралды. Әлі есін дұрыстап жиып үлгермеген секілді.
– Қалай?
– Арақ ішіпті. Аузына келгенді оттайды. Мастығы тарқамағаны білінеді. Сөздері түйеден түскендей.
– Немене, алқаш па? Көп іше ме?
– Жоқ.
– Енді неге ішіп алған дейсің?
– Ол басқа жаққа жол жүріп кетсе, қайтарда сөзсіз өлесі боп, құлап қалғанша ішеді. Сосын екі-үш күн ауырады. Содан соң...
– Ту-у, тағы нені шығардың?
– Шындықты айтып жатырмын. Көнбеске шарамыз жоқ осыған...
– Ай, қияли десе... Осылай етпесең, қияли атанармысың! Ендеше, амал қанша! Күтелік-к...
Доспан қайталап бірнеңе айтқысы келді ме, ағасының сөз аяқтауын асыға күткен пішін байқатты.
– Тағы не?
– Қияли жазушымен кездесе жатарсыз. Сіздің елге келгеніңізді ауыл ақсақалы Қабыш қария да біліп отыр. Сол кісі...
– Апырмай, ол кісі бар ма? Тірі ме?
– Әрине. Бірақ, қатайыңқырап қалды.
– Ендеше, бағаналы бері осыны неге айтпағансың! Барып сәлем берсек, артық па! Әй, өзің де бір...
– Соны енді айтайын деп...
– Доғар сөзді! Одан да ақсақалдың үйіне баста.
Екеуі аяңдай басып, Қабыш қарияның ескі баспанасына келіп бас сұққан. Қарт күрк-күрк жөтеліп жатыр екен. Бұларды көріп, жылдам қозғалып, төсегінен дереу басын көтеріп алған. Қос қолдап амандасқан Доспанды бірден танып:
– Ал, мына қасыңдағы кісің кім? – деген.
– Ақсақал, бұл – Оспан... Америкадан келді.
– Е, Оспан де. Бұл баламды да көретін күн бар екен-ау...
Ол кісі, неге екені белгісіз, теріс бұрылып, көзінің жасын сығып алған-ды.
– Оу, мұныңыз қалай? Неге көңіліңіз босады, атай?
– Жәй... Өзіңді көрген соң...
Азғана әңгіме үстінде Қабыш қария Аспанға көп жәйтті аңғартты. Туған жердің бәрібір ыстық болатынын, оны түбі сағына-сарсыла іздейтінін сездірді. Сосын... Жасхан жайына да тоқталды. “Екеуің айтысып-тартыспаңдар, татуласыңдар” деді... Кішкене уәж айтпақшы болып оқталып еді, «кейінгіге жақсы өнеге емес» деп түйіп тастады. Тілін арқан-жіпсіз бөгеді.
Қария сөзінен соң, Аспан да іштей ой әлеміне сүңгіді. “Арамыздағы аз-кем кикілжіңді, түсінісе алмай жүрген жайымызды, бұл кісі қайдан біліп отыр, а?..”
4
Ойламаған, тіпті күтпеген жаңалыққа таң ата тап келіп, өзі де таң-тамаша жағдайға айран-асыр.
Екі-үш күн күтпей-ақ, ертеңіне бұның жатқан бөлмесіне жазушы Жасхан іздеп келіп, баса-көктеп кірген. Бұйрабас. Пушкин секілді. Тек түрі... шикілсары. Бойы сырықтай. Өмірі тойып тамақ ішпегендей тырыли арық. Көздері шүңет. Бет терісі салбыраңқы. Баяғыдан соң көріп тұрғаны осы. Тіпті түр-түсі де есінде қалмаған екен. Басқа бір жерде кездессе, танымас та. Қайдан таниды мынаны...
– Привет! – деді.
– Мәскеуге барған соң, орыстың ерке-шолжаң, тәйтік қатындарымен күліп-ойнап, самогон ішіп, тіл сындырып келгенсің бе?
– Бізді Мәскеуге кетті деп кім айтты?
– Ел құлағы елу!
– Менің Мәскеуім – Шерқала маңындағы көкмайса көмкерген көк өзеннің жағалауы. Ел мені Мәскеуге кетті деп ойлайды. Сосын да іздемейді. Ал, мен алаңсыз демалып қайтамын. Жазарымды сол жақта емін-еркін ақ қағазға түсіремін. Оңаша жерде ой да тұп-тұнық, барынша мөлдірленіп кетеді. Еһ, шіркін!.. Аз! Аз боп қалды...
Аспан оған орындық ұсынды. Жазушы отырды. Екеуі де үнсіз.
Сөзді жазушы бастады ақыры. Даусын жылытып айтқан.
– Ренжулісің бе?
– Бар ондай.
– Ренжіме.
– Неге ренжімеуім керек? Мазағың ба?
– Өзім де қатты шаршап жүрмін. Шама келсе, ешкімнің көңіліне де, намысына да тимесем деуші едім. Кейде болмай жатады. Ну, болмайды енді...
– Мені не үшін сынадың?
– Өзің ғой...
– Не бүлдіріппін?
– Елді ұмыттың.
– Ұмытқам жоқ.
– Ендеше, неге ат ізін салмайсың? Қаншама ай-жылдар сырғып барады арада...
– Шаруа шаш етектен! Жұмыс көп. Өте көп. Ай, бірақ... сендерге бизнесті түсіну қайда-а!..
Жауап сөзін Жасхан қиялап қиюластырды.
– Бизнестің қандай құпиясы бар екен? Оны бағалап-білу үшін де үлкен ақыл һәм биік парасат қажет дегенің бе?
Аспан жауап сөзін сыздықтатты:
– Әрине. Бизнеспен, әсіресе үлкен бизнеспен ойының не қалжыңың болмасын, бауырым! Оған да үлкен ой керек...
Енді Жасхан ашулана, дірілмен тіл қатқан.
– Сендер... қайдан шықтыңдар, а? Көктен түсіп пе едіңдер? Қалжың дейді ғой тағы да...
– Жоқ. Біз де өзіңдей адамбыз.
– Адамбыз дейді. Адам деген ат алу үшін ең бірінші кезекте адамдық іс істеу ләзім. Ал, сендер...
– Біздің кінәміз не?
– Көздеріңе шел біткен. Түймедейді былай қойып, түйедейді көрмейтін жағдайға жеткенсіңдер. Күндіз де, түнде де ойлайтындарың байлық! Дүние! Ақша-а...
– Биттің бақайын санайды деуің содан екен ғой, ә?
– Ол – образды сөз! Биттің бақайын кім көріпті. Ал, бірақ... байлық пен дүние үшін өзіңді-өзің аямай, шыбын жаныңды шырқыратуға әзір екендерің өтірік пе енді...
– Бұл, алдын-ала біліп қой, бизнестің басты шарты. Қу тізесін құшақтаған кедей адам бизнесті қайдан ұға қойсын...
– Бизнесте екі аяқтылар көп, ал адамдар жоқ есебі...
– Мына сөзің тым ауыр! Ойланып сөйлегін... (сәл тоқтап) Әуелі кәсіпкерліктің мақсаты мен барар бағытын, шығар шыңын түсініп алмайсыңдар ма сендер...
– Бәлкім, түсінбейтін шығармыз. Алайда, қойдай қоңыр мінез елдің не жазығы бар? Мұндағы халық әзер деп жан сақтап, өлмес күнді ділдалап өткеріп, сіңірлеп отыр. Ал, сендер шетелде, өте қымбат виллаларда шалқып өмір сүресіңдер!.. Не ішем, не кием демейсіңдер-р...
Не айтса да мейлі, іштегі ашу-ызаны түп-түгел сыртқа шығарып алсын деп, Аспан асықпай, сабырмен күтіп отырған. Бұның сабыры Жасханға берілген мол мүмкіндік сияқты көрінді. Жеткізбегі көп-ақ екен.
– Сендер-р... – деді кіжіне. – ...сендер қазақ емессіңдер. Қазақтықтан садаға кетсеңдер де обал емес. Әйтпесе өстуге қалай ұялмайсыңдар? Өз бас қамы үшін бүкіл ел-жұртты ұмытып, алыс жерге, жер түбіне барып, тып-тыныш жатып алар ма есі түзу адам-м...
Мұнымен де тоқтамады, тағы да екілене тиектеді.
– Әй, түптің түбінде сорлы елдің қанын ішетін – мына сендер шығарсыңдар! Кәсіпкерлік дегенді мен мүлде қабылдай алмаймын. Олар менің ұғымымда – ақшаның басыбайлы құлдары-ы...
Кәсіпкер ашулана жаздап, даусын көтере сөйлемек боп, енді ұмтыла түсті де, ішкі ойын сабырға икемдеді. Ашулану – жеңілудің басы. Сабыр! Сабыр-р...
– Тап олай емес.
– Енді қалай?
– Біздің де қиналатын жағдайымыз, тұйыққа тіреліп, жанымыз мұрнымыздың ұшына келіп, қара терге түсетін сәттеріміз бастан асады. Өте көп-ақ...
– Ауылдың азабына қарағанда ол түк те емес.
– Қайдан білесің! Мүмкін, біздікі бәрінен де ауыр шығар.
– Сене алмаймын.
– Әлі көзіңді жеткіземін.
– Көрерміз.
– Енді жөні түзу әңгімеге көшелік, – деді Аспан. – Қысыр сөзді сағаттап айтсақ та, екеумізге қазына болып жарытпас.
Жазушы бұл жолы онсыз да қысықтау көзін сығырайта қарады.
– Біз бағаналы бері мән-мағынасы жоқ қысыр сөз айтып отырдық па сонда?
– Солай десе де жарасар...
– Жоқ, қысыр әңгіме бұлай өрбімесе керек-ті. Бұл – нағыз қаны сорғалаған ащы өмір сиқы. Ауылды айтамын. Осы Шерқаланың маңдайының соры бес елі білем.
– Бүгін аса шаршаулымын. Қалған әңгімені ертең жалғасақ қайтеді, а?
– Өзің біл! Бұл әңгіме әрбірден соң, маған емес, саған керек. Сен білуге тиіс мәселелер.
– Ертең! Ертең жалғайық...
– Ертең десең, ертең-ақ болсын!..
Ол орнынан тұрды да, қош деместен, бөлмеден шығып, кете барды. Аспан артынан қарап тұрып: “Әй, расында да қиял қойыртпағына түсіп кеткен Ойқазан екенсің...” деп күбірлеген.
5
Ал, ертеңіне... ол екеуінің әңгімесі ә дегеннен сұрақ-жауап тәсілімен түзіліп, былайша тамырлап кете барған.
Аспан: Мен кәсіпкермін. Алысқа-а аты кеткен бизнес өкілімін.
Жасхан: Мен жазушымын. Атымды бүкіл ел біле ме, жоқ па – оны айта алмаймын. Білетінім – жазған кітаптарым жүз, мың жылда да өлмейді. Оқырманы барда өлмесіне сенгім келеді.
Аспан: Кітап оқитын адам қалды ма осы күні?
Жасхан: Бір адам оқыса, сол да жетіп жатыр.
Аспан: Күлкімді келтірмеші.
Жасхан: Бүгінгі оқыған қазақ – мына сендер. Ақша мен дүниеге ләббай десіп, құл болып барасыңдар. Сосын да кітапты кім оқысын! Кімге қадірлі екен біздің соры қайнаған көркем әдебиет...
Аспан: Менің оқымайтынымды қайдан білдің!
Жасхан: Оқып жүрсең, айта қойшы. Соңғы қолға ұстаған кітабың қандай?
Аспан: Тәк-тәк... Хемингуэй. “Шал мен теңіз”...
Жасхан: Өзімізден, өз елімізден.
Аспан: Тәк-к... Толстой. “Анна Каренина”
Жасхан: Ол – орыс жазушысы. Қазақты айтамын.
Аспан: “Абай жолы.”
Жасхан: Бұл роман-эпопеяның жарық көргеніне, міне, 70 жыл! Сонда бүгінгі заман қаламгерлерін мүлде елемейсіңдер ме! Танығыларың келмей ме?
Аспан: Қандай жазушың бар қызыға оқитын? Таппай жүргем жоқ па?
Жасхан: Кекілбаевты неге оқымайсың? Қалихан Ысқақов қандай керемет жазушы. Сайын Мұратбеков ше? Тынымбай Нұрмағамбетов...
Аспан: Бұларды аз білемін.
Жасхан: Ақындардан Мақатаев, Мырзалиев, Айбергенов, Медетбеков...
Аспан: Естімеппін.
Жасхан: Міне, сен көзі соқыр бизнесменсің. Рухани әлемнен мүлде ажырағансың.
Кәсіпкер ойлана, ой көзімен қарап тұр.
Өзін мүлде топас жан көре ме – мынасы не сөзі? Рухани әлем деген не? Ол деген... өмір туралы, тіршілік туралы өз ой-пайымың болуы емес пе айналып келгенде! Ал, ақын-жазушы турасында сөз қозғалса, бұл неге соншалық мақұрым екен одан? Оқиды. Оқып жүргені де рас. Қазақтың бірен-саран жазушысы мен ақынын білмей тұрса, онысы ұлы кемшілік саналар ма!
Мықтысынып, асып-тасып сөйлеп тұрған Жасханды сөзбен тұсаулап тастамаққа бекінді. Бекінді де, былай деді:
– Жарайды, рухани әлем дедің ғой. Сенің ойыңдағы қиял ізімен-ақ жүріп көрелік. Ал, өзің... өзің әлем әдебиетінен кімдерді біліп-оқып жүрсің?
– Маған әлем әдебиетін түп-түгел білу аса қажет пе?
– Олай десең, ең берісі, осы кезде атағы жер жарып тұрған, жазушылардың айталық, Мелвиллдің “Моби Дик”, Джеймстің “Әйел портреті” романдарымен таныссың ба?
– Жоқ!
– Ендеше, ағылшын Шарлотта Бронтенің “Джейн Эйр”, оңтүстік-африкалық Джон Максвелл Кутзеенің “Бақытсыздық” романдары ше?
– Оларды естуім бар, бірақ оқымаппын. Себебі – бұл туындылар қазақ тіліне аударылған жоқ. Ал, мен тек қазақша оқығанды ұнатамын.
Аспан күлді. Ұзақ күлді.
– Неге күле бересің?
– Сенің сөзіңе күлкім келіп кетті.
– Мен не деппін?
– Тек қазақша оқимын дегеніңе. Шын жазушы деңгейінде қалыптасу үшін, ең болмағанда, ағылшын тілін меңгеріп, әлемнің озық көркем туындыларымен сусындап алу жөннің жөні десем ше!
– Біздің мақсат – алдымен өз халқыңа қызмет ету! – деді Жасхан. – Ұлтты өз ұлыңдай жақсы көріп, сүйсең ғана, бұл сөздің мәнін ұғына аласың...
Аспан: Ұлтқа мүлтіксіз қызмет етіп жатқан біз шығармыз. Сенің қиялилау әңгімелеріңнен қандай пайда? Айтшы, сол шимай-шатпағың кімге жол-жоба көрсетпек? Маңызы бар ма?
Жасхан: Ал, мәртебең асқақтап, жолың ашылып, бизнесің асып-тасқан екен, онда қандай қомақты көмек берген екенсің? Өз туған топырағыңа дегенім... Айтшы соны...
Аспан: Күні кеше осындағы орта мектепке жиырма бес дана компьютер сатып алып бердім. Бір сыныпты түгел қамтыдым...
Жасхан: Сол ғана ма?
Аспан: Осы екі-үш күн ішінде орындап үлгергенім ғана. Әйтпесе, санамалап айта бастамасам, оның шегі бар ма?.. (сәл тоқтап) Өзіңнің қолыңнан боқ та келмейді. Сөйте тұра сынаған неңді алғаны, а? Сыншы атанған түріңе...
– Намысқа тиіп тұрсың! Осы сөздеріңді қайтып ал, әйтпесе...
– Әйтпесе не бүлінеді?
– Тағы да мақала жазам. Енді тіпті де аямаймын. Ашығына көшем...
– Мен де қарап қалмаспын. Кез-келген “жазғышбекті” ақшаға сатып алып, сенің өзіңнің үстіңнен жаздырам. Сонда қайтесің?
– Ондай да ішкі қулығың бар ма? Ал, мен ойлағам...
– Нені?
– Сені есі түзу, ойы озық, ниеті таза бизнесмен шығар деп...
– Өзі де солай.
– Көзім жетіп тұрған жоқ.
– Намысқа тидің. Сосын да аузымнан шығып кетті. Әйтпесе ондайға неге бара қояйын. Екеуміз де Шерқаладанбыз. Жас кезден бір-бірімізді білеміз.
– Бұл – жөн сөз! Енді жөнге көше бастадың.
– Өзіңмен сыр бөлісе, адамша сөйлесуді армандап келіп ем. Мені робот-адам секілді қарсы алғаның кеудеме тікенектей қадалды. Бизнесі тасып, дүниесі дөңгеленіп тұрғандарда арман мен мұң жоқ деп кім айтады?
– Ол жайлы ойламаппын.
– Қысқасы, саған қандай көмек керек? Осы қазір қысылмай айт. Қол ұшын беремін. Сөзім – сөз...
– Түк те керек емес.
– Қысылма деймін. Өз арамызда қалатын әңгіме.
– Ешкімге қол жайып көрген емеспін. Бұдан былай сұрамаспын да.
Сосын жалт бұрылды...
* * *
Жазушы Аспанға әлде ренжіп, әлде өкпе артып, өзінен-өзі қабаржып, күбірлей сөйлеп кетіп бара жатқан сәтінде оған Ханмұрат ілескен. Соңынан қалмай келе жатқан. Бір сәтте оны байқап қалған Жасхан:
– Ой, сен өзің қайдан шыққан бәлесің! Саған не керек? – деді.
– Сізбен оңаша сөйлессем деп едім.
– Мына сен бе? Менің деңгейімде сөйлесе аласың ба әуелі...
– Тырысып көрейін.
– Ал, баста!
– Нені?
– Жаңағы әңгімеңді...
– Бұл әңгіме емес, сұрақ, – деді Ханмұрат. – Сіз неге Аспан ағаның көңіліне тие бересіз? Ол дұрыс емес. Қате қадам...
– Ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін өзім білем, бала! Сен маған ақыл үйретпе.
– Ақыл емес, сізді ойлансын деп айтып жатқаным. Аспан ағаны бүкіл Америкалық кәсіпкерлер ортасы қатты құрметтейді. Бұл деген керемет жетістік емес пе?
– Бірақ, біз үшін одан келіп-кетер не бар? Америка кім, біз кім? Бізге өз өміріміз қымбатырақ...
– Түсінем. Сөйтсе де сіз де ойланыңыз. Аспан ағатайыма тым ауыр тиді сіздің солақай мақалаңыз...
– Ә, солай ма! – деп күлді Жасхан. – Өзімнің мақсатым да сол еді. Дөп түскен екенмін... Нысанадан мүлт кетпеппін...
Ханмұрат ой тұңғиығына еркін бойлай білетін, ақыл-есін ертерек жинап үлгерген, бозбалалардың арасындағы алғыры. Жасханның соңғы сөзінен дереу ілгек таба қойды.
– Сонда сіз... – деді жазушыға. – ...сіз кісінің шамына тиіп, ашуын туғызып, қан қысымы көтерілгенінен ғана ләззат аласыз ба?
– Солай дедім бе?
– Сөз астарынан байқап тұрмын. Жазған сын мақалам нысанаға дөп тиіпті деп неге қуанасыз ендеше?
– Балақай, – деді Жасхан. – Мен қаламгермін. Қандай да бір мақала жазбас бұрын жан-жақты салмақтап, ой елегінен өткізіп аламын. “Байлық батпағына батқан адам” – сондай ұзақ толғаныстың жемісі...
Бала жігіт те қасарысып, сөзге жеңістік берер емес.
– Бизнес пен бизнесмен туралы көп білем деп ойлайсыз ба?
– Аздап түсінігіміз бар, бала.
– Ендеше айта қойыңызшы, кәсіпкер ең алдымен өз байлығын еселеп арттыруды ойламаса, оның келешегі қандай? Бұлыңғыр емес пе, а?
– Солай шығар. Бізді ол жағы қызықтырмайды.
– Демек, сіз де солақай жазушысыз.
– Неге?
– Өйткені, бар мәселеге байыппен емес, шолақ, біржақты қарайсыз...
Жасхан енді ғана жас бозбалаға көңіл тоқтата қарап, ойланып тұрып қалып еді...
6
Сапарға аттанар күн де иектеп, тақалып тұрған-ды. Ауыл жақсы. Демалуға да аса тиімді. Алайда... Америкада және Англияда шұғыл шешуін күткен бизнес-шаруалары тіреліп тұр. Шерқалада жата берсе, іс те тұралайды. Бизнес үшін әр күн қымбат. Әр сағат бағалы!
Бірақ... аттанып кете барайын десе, көңілінің терең түкпірінен әлденеге деген алаңдаушылық сығалап қояды. Ол не? Неге бұлай?
Оңашалау бір сәтте інісі Доспанға сыр ете сөйлеп:
– Осы ауылда бұрынырақ Балзия деген қыз бар еді, – деген. – Қазір қайда, а?
Доспан күле сөйледі.
– Е, ағасы, түбі бір сұрайтыныңызды біліп жүріп ем.
– Жә, әзілді қой. Қайда деймін?
– Өкінішке орай, ол қыз шешесіне еріп, мына Шымқала жаққа көшіп кеткен. Содан бері хабарым жоқ
– Ауылға ат ізін салып тұра ма?
– Өткен жылы шешесі Шерқалаға келіп, өлген-жіткенге құран оқып, екі-үш күн болып кеткен. Сонда сұрағанымда “қызым жұмыста, қолы босамады, маған еріп келе алмады” деген.
– Ал, енді... – деп Аспан сәл мүдіре түсті де, сөзінің аяғын жұтты. “Сен оның мекен-жайын білесің бе” деп сұрамақшы еді, артынан ол ойынан айныды. Содан соң, Доспанды арқасынан қақты да:
– Сен бара бер, мен оңаша демалайын, – деп есікті нұсқап, жол көрсетті.
Доспан шығып кетті...
...Ақылға салып байқаса, әредік қайта-қайта әлгі қыңыр жазушының қисық сөздерін еске түсіре береді екен. Оның соңғы екі-үш күнде айтқан әрбір ойы кеудесіне қадалған оқ-жебе сынды.
“...Байлықтың батпағына батқан адам!..”
“...Биттің бақайына дейін санап беретін бизнесмен...”
Тағы да Ойқазанды, әлгі жазушыны іздеді. Шақыртқан жоқ. Өзі іздеп барды.
– Сонымен, не айтасың?
– Сен дұрыс жолда жүрген жоқсың.
– Неге?
– Қандай асып-тасып тұрған бизнес болса да, ол ең алдымен өз халқына, өз ұлтына қызмет етсе ғана бағалы...
– Ол, әрине, артылып жатса ғана тілге ілгек. Әйтпесе, бизнес – әр адамның өз шаруасы. Өзіне-өзі жағдай жасауы.
– Міне, бұл қателік! Бұрынғылар олай ойламаған.
– Бұрынғың кім? Бұрын бұл қазақ бизнес жолын білді ме?
– Пәлі! Күлейін бе, қайтейін... Қазақ кешегі ғасырларда түк білмес топас еді, ештеңені түсіне алмаған деп ойлап жүрсең, нағыз қысқа келте ойлы кеңкелес адам болғаның. Ой тұзаққа оратылғаның. Онда... жақсылап қателесесің. Мүлде қателесесің...
– Ал, түсіндір ендеше! Қазақ қандай бизнесті білегіне іліп жүрді екен, а? Немен айналысыпты бұл қазақ?..
Осыны айтты да, оны тыңдауға аса бейілді екенін байқата, көңіл назарын солай бұрған.
Жасхан оған ертедегі ойы озық, ақылы ілгері, жолы өнегелі бабалар туралы айта бастады. Асықпай баяндады. Сөз бен сөздің арасын созып, баяу ілгектеп отырып алған. Әмір Темір, хан Абылай, хан Кене жайынан дамылсыз сөйлеп, тоқтаусыз таратқан. Олардың халық пен ұлтты ұйытудағы әрбір қадамын термелеп түсіндірмекке ышқынып бақты. Аспан аса қызықпаса да, амалсыз бас изеп, отырып қалған. Ертек сияқты көріп тыңдаған. Аңыз ізіндей... Сенімнен гөрі күдікке көбірек бас сүйеген...
Әңгіме аяғына дейін әзер шыдап бақты.
– Қызық тарих! – деді Аспан. – Мен бұл бабалар туралы бұрын расымен білмеуші ем! Тек аттарын естігенім болмаса...
– Өйткені, сен өзің өсіп шыққан соры бар ұлтты жан-тәніңмен сүймейсің. Өз халқын шексіз сүйген адам ғана оның өткеніне үңіледі. Бабаларының өмірін зерттейді. Ақылға салып, салмақтайды. Саралайды.
– Жарайды! – деп, кәсіпкер сөз ыңғайын өзі іліп әкетті. – Баяғыда өмір кешкен хандар мен билер, батырлар жайынан аз-кем дерекке қанықтым. Қызыға тыңдадым десем де жарасар. Ал, енді... сен өткенде діни ғұлама, абыз Ахмет Иассауи туралы да бірнеңе демек ең...
Жалт қараған. Қараған да “осы менен шын көңілімен сұрап тұр ма?” деген таңданысын да жасырмаған.
– Оны... неге қозғадың?
– Білгім келеді.
– Өткенде жүре тыңдағансың. Езулеп мысқылдағансың. Сосын да сенен секем алып, аяғымды тартып қалып ем...
– Ол жолы асығыс едім, енді тыңдауға уақыт бар.
Шын ниетпен білуге ынтызарлығын аңғарып, Жасхан сопы ұстаз, философ ақын туралы оқып-білгенін айтуға ыңғай бере бастаған-ды.
– Сопы Ахметті осы күнгі салбөксе халық, әй қайдам, өз биігінде түсіне алмай жүр білем, – деді. – Өйткені, ол жай дін адамы емес, ұлы тұлға. Ислам дінін қазақ топырағына молынан таратқаны өз алдына, ұстаздық етіп, шәкірт тәрбиелегені өз алдына, оған қоса ойшыл шайыр екенін де шегеледі. Қазіргі аты шыққан ақындардың өнеге тұтқан әуелгі ұстазы десе де жарасады.
– Ал, менің білуімде, – деп, Аспан сөзді бөлген. – Ахмет сопы деседі, бірақ сол сопылық бағытты қазір ел іші аса қолдамайды... Жөн көрмейді.
– Қателік! – деп айқайлап жіберді Жасхан. – Оны айтушылар – сопылық ілімді теріс түсінетіндер.
– Тағы да бір естігенім, – деді бизнесмен. – Абыз Ахмет қасиетті Құран Кәрімді көне түркі тіліне аударып оқытам деп, өз заманында діни фанаттардан таяқ та жеген дей ме?
Жасхан енді бар көңілімен шамданғандай шамырқанып:
– Құран Кәрімді аудару себебі – оны бұрмалау емес, өз халқына түсінікті етсем деген ұлы арманы... – деп тақ-тақ сөйлеп бара жатқан.
Кәсіпкер еріне бір есінеп алып:
– Ту-у, осы бар ғой, өз басым дін дегенге аса қызықпаймын. Оның соңына түссең, міндетті түрде адасасың. Қияли бейнеге ауысып кетерің тағы бар. Дін жолы – тайғақты... Тастақты...
Оның мына сөзінен мұзды ызғардай суықтық байқап, шошына-сескене, Жасхан үрейлі жүзбен ұзақ-қ қарап тұрып қалып еді...
Есіне осы елдегі аузы дуалы ақсақал Қабыш қарияның әнебір жолы айтқан сөзі орала берген.
– Қарағым Жасхан, – деген атай. – Сен ғой қалам ұшымен нан тауып жүрген ой адамысың. Дұрыс-ақ! Адал ақы, маңдай тер дейді мұндайды. Ал, енді алыс шетелде жүрген қатарласың Аспан деген жігіт... ақшаның соңына шам алып түскен сыңайлы. Қайтсем байып кетемін деп күндіз-түні басын тауға да, тасқа да ұрды. Онысы, әрине, жанкештілік. Жолы оңғарыла ма, жоқ па – ол жайынан өзі де анық біле бермейді. Әйтеуір үміт сәулесі алыстан жылтылдаған соң, көзсіз көбелектей ұмтылып-ұмтылып қояды.
Ақсақалдың ұзақ толғанысын тыңдауға аса құлықсыз еді, шыдай алмай:
– Сонымен не айтпақшысыз? – деп ойын бөлген. Қабыш қария қабақ шытпады, тіктеп бір қарады да, әрі қарай әңгіме жапсарластырды.
– Сол Аспан, – деді енді. – ...Сол бар ғой, негізінде жар басындағы жантаққа ұмтылған жанкешті Нартүйе секілді... Басыма осындай қиял келе береді әркез-з...
Жазушы қария сөзінің түп төркінін сонда ғана ұққандай сезімге түсіп, ойлана қарап қалып еді...
...Тап қазір мына жанындағы жігітті – Нартүйені өзі де жіті бақылап барып, өткендегі ақсақалдың айтқанына еселеп көз жеткізе түскен кейіпте.
Ашуына тиейін деген жоқ, бірақ айтпасына қоятын емес, енді төтесіне көшіп бара жатқан.
– Аспан! – деді оған. – Бизнес, түптеп келгенде, сағым секілді бірнеңе ғой. Оған аса көп сене берме және бар күш-жігеріңді құрбан еткеніңе де қарсымын.
Бизнес адамы көмір көзін шаншыды.
– Не деп тұрсың өзің? Не айтып тұрғаныңды білемісің?
– Білем. Білгенде қандай! Мына жарық дүниеге сендейлердің мыңы кеп, мыңы кеткен! Өкінбей өткені, әй, жоқ-ақ шығар...
– Өкініш дедің бе? Енді осылай қарай қисайдың ба? Өкіну туралы сөз қозғасақ, осы жарық дүниеде армансыз бір жан бар ма! Сен өзің де армансызбын дей аласың ба?
Жасхан тызақтамады. Сабырмен жауап сөзін тізбектеді.
– Арман – бітпейтін ұзақ жол деп білем. Бірақ, көңілге медет тұтарым бар, ол – өзімнің туған аулымда, туған топырағымда тұрып жатқаным. Аулыма арқа сүйеп отырғаным! Не істесем де, өз еліме жасай алатыным...
– Ха-ха! – деді Аспан. – Қолыңда тышқақ лағың жоқ, сөйте тұра “еліме не істесем де...” деп аузыңды кере сөйлейсің. Бұның аты – демагогия...
Солай деп алды да, сөзін ақырын тізгіндеген кейіпте, аз-кем аялдап алып:
– Ал, ата-баба жайынан терең толғап, ой қозғағаның, әрине, әсерлі! – деді. – Ол менің жан жүрегімді қозғап кетті... Оны мойындаймын... Бірақ...
Сөз сілемін аз-кем ауыздықтады.
– Тағы да қосарым, – деді сосын иегін әнтек көтере сөйлеп. – ...бүгінгі адамдар тек өткеннің елесімен ғұмыр кешпегені абзал. Кешегі – кешегі заман, ал қазір... басқа уақыт. Әр кезең жұмыр бастылар алдына жуан-жуан жүк артып, еселеп сыбаға тартып отырады...
* * *
Екеуара сөзжарыс әңгіменің орта тұсында Ханмұрат та келе қалған. Ол да қазақ батырлары мен хандары жайлы қызыға тыңдаған. Абыз Ахмет туралы да біле түскен. Құлағына құя түскен.
Сұрақ қойып, мазаламаса да, тыңдау үстінде кеудесіне әртүрлі ойлар ұя салып қалып еді...
Ертеңгілік жол жүрем деген күні Ханмұратқа:
– Сапарға әзірсің бе? – деген.
Бозбала бұрынғыдай емес, өте селқос та самарқау. Қайта жолға шығуға құлықсыздығын сездіре, былай деп тіл қатты:
– Мен тағы да аз-кем уақыт осы жерде қала тұрсам қайтеді, а? Ағасын таң қалдырды.
– Сонда... Америкаға барғың келмей ме?
– Жоқ! Қайтамын ғой. Тек... ата-баба тарихы туралы бұдан да тереңірек біле түссем деп едім. Тағы да білгім келетіні бар...
Аспан бала жігіт жүзіне барлай қарап, ішкі әлеміне бойлағандай боп, аз-маз үнсіз тұрып қалып еді. Бозбаланың мөлдір көздерінде өтірік жоқ. Керісінше тазалық тұнып тұра қалғандай. Соны оқып үлгерді.
– Демек, ішіңде ұйықтап жатқан баяғы балғын сезімдер ояна бастаған екен де.
– Солай десе де болады, аға!
Оны бұдан әрі қинап, қыспаққа алған жоқ. Жайбарақат үнмен, арқасынан қағып тұрып, кесімді сөзін айтқан.
– О, оның дұрыс. Бұл ойыңды құп көремін.
* * *
Жол жүрер сәтінде жазушы кәсіпкерді іздеп келіп, қайталап малтасын езіп, әңгіме тиегін алыстан ағытып, кетпей отырып алған. Сөз арасында оған өзінің қолжазбаларын көрсетіп, қайта-қайта тықпалаған. Қалың-қалың екі папкі.
– Мен мұны қалай арқалап жүрем?
– Өзің емес пе бабалар жайлы өте аз біледі екем деген...
– Электрондық нұсқасы қайда?
– Ол не?
– Компьютерге терілген, дискіге жазылған нұсқасын айтамын.
– Ол да бар. Тек...
– Тағы не?
– Көшіріп беретін диск жоқ.
– Көшіріп не керек! Менің электронды поштама лақтырып жібере салса жетіп жатыр.
– Солай етуге мүмкіндік бар ма?
– Әрине.
– Оны кім істейді?
– Компьютерді білетін баладан сұра. Мынау – менің поштам.
Қағазға жазылған электронды пошта адресін ұсынған.
Бірақ арнайы арқалап алып келген қос томдық папкісін қайта-қайта тықпалай берген соң көңілсіз кейіппен, көмекшісіне қарап:
– Жолсөмкеңе сала салшы! – деген.
Көмекші-оққағар Ханс елгезек жан, дереу бастығының айтқанын сол заматында орындады. Екі папкіні әдемілеп орап, үлкен қара сөмкеге нығыздап тұрып тыққылап жатты.
Қашан сөмкенің аузы жабылғанша Жасхан одан көз алған жоқ. “Бекер-ақ қинап тұрмын ба? Бұл пақырың осы жазбаларды оқып шығар дейсің бе! Жәй, көңіл үшін алып жатыр ма?..” деген кермектеу ой сонарынан шыға алмай шырмалып тұрған-ды.
Оның ой түкпіріндегі қиял арнасын жобалап сезіп тұрған Аспан да енді сөзге тарта:
– Тек бабалар тарихы туралы жазасың ба? – деп, тақ еткізді. – Басқа тақырып сені қызықтырмай ма?
– Неге қызықтырмасын. Мына заманның бар азабы мен қуанышы менің сезімтал жүрегім арқылы өтіп жатады.
– Бірақ... соны байқай алмадым-ау!
– Бұл не? Маған тиісуің бе?
– Ақиқатты айту деп біл...
– Ақиқат дейсің бе? Ал, сол ақиқат көбіне айтушыға байланысты әрқилы бұлғақтап ала жөнелерін де біліп қой.
– Ақиқат бұраң-бұраң етіп бұлғақтамауы керек. Егер ол бұлғақтай бастаса, онда ақиқат емес. Ақиқат – түзу жолды қалайды.
Енді аз-кем тоқтап алып, Жасханды тағы да сынағандай болып:
– Шерқалада мәселе деген шаш етектен екен, оны кім көтеріп, кім жазады? – деді.
– Қай жағдай жайын айтып тұрсың?
– Экология! Онкологиялық сырқат! Деградация-я...
– Е-е, – деді Жасхан. – Ол төңіректе, ең абзалы сөз қозғамай-ақ қоялық. Әйтпесе, алдымен жылап жіберетін мына мен шығармын, сірә!
Сосын қоштасты. “Тағы да жолығамыз” деп құшақ айқастырып тұрып, бір-біріне сұраулы жүзбен аз-кем қарап қалған. Әсіресе, кәсіпкердің көз жанарында көп сауал кілкілдеп, төгіле жаздап тұрған. Ішіндегі сыз-өкпе тарқамағаны да байқалып қалған.
– Ақыры ашып айтпадың, не үшін мені сынап жаздың, а? – деген ақыры жасыра алмай.
– Ол сынау емес, қайрау...
Аспан күліп жіберген. Көмекейі бүлкілдеп, ұзақ-қ сыңқ-сыңқ етіп тұрып алған. Тіпті өз күлкісіне өзі шашалып, тұншығып та қала жаздады.
– Жетер! Оның несі күлкілі... – деп, Жасхан ашу шақырды, сол кезде ғана мағынасыз күлкіге тежеу тіреген.
– Қайрағыш-ақ екенсің! – деді енді сабырлы сөзге көшіп.
– Енді қалай? Сынап мақала жазбасам, сен елге ат басын бұрар ма едің? Әй, қайдам...
– Онсыз да келуді жоспарлап жүргем. Неге келмейін.
– Өтірік! Бизнеспен айналысатын адамдардың сөзі басқа, ісі басқа болып келетінін соңғы уақытта мына милы баспен мықтап түсініп келем. Маған өкпелеме, Аспан...
– Туасы, саған дауа жоқ екен! Не дейін енді. Әйтеуір аман-сау жүрші, қиял қуған досым...
– Қияли деме мені...
– Ендеше, өзім қойған атты айтайын ба?
– Ол қалай?
– Сені Ойқазан дедім.
– Ха-ха-ха! – деп күлді Жасхан. – Жаман емес екен мынауың! Ойлы болудан асқан бақыт бола ма тұрлаусыз тірлікте...
– Әрине! Әрине!
– Ал, сені ше? Бұл ауылда қалай атайтынын естідің бе?
– Жоқ!
– Ендеше, өзім-ақ айтайын. Сенің ауылдағы қариялар қойған атың –Нартүйе...
– Түйе? Мені түйеге теңегені несі?
– Жай түйе емес! Нартүйе деймін.
– Қалай әспеттесең де, екеуі бір емес пе! – деп Аспан желкесін қасыған...
Екеуі қаусырмалап құшақтаспаса да, кеуде түйістіріп тұрып, қош десті...
Сырт көзге өте тату, мүлде шынайы достар сияқты көрініп тұрды олардың бұл әрекеті...
(Жалғасы бар)
Жолтай Әлмашұлы