Алматыдағы Ұлттық кітапханада Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына арналған «Жыр алыбы – Жамбы...
Жамбыл Әміребеков. Жер-көкке сыймай барамын
6701
*** Бақ емес, басқа жыр қонып,- Лаулап та құрғыр жанбады. Өлеңге ғана құл болып, Бармаған жерім қалмады! Өндіріп ойды жылт еткен, Менмендік өлді мендегі. Ауып қап шабыт үркектен, Өмірден қаштым өңдегі. Толқындай толқып арманым, Шешініп сүңги алмадым. Мешітке бүгін бармадым, Құдайды тағы алдадым. Ішсем бе қайта шараптан, Ысырып тастап мұңымды. Құдай да емес жаратқан, Құлдары айтты құнымды. Бағымды шыдап көп күттім, Құраннан аят оқымай. Өзімді іштей жеп біттім, Көрде өлең оқып сопыдай. Құлағы ауыр тас керең, Тағдырмен итше таласқам. Сауымда мені мас деген, Сайтандар маған пал ашқан. Сырласып біткем сағыммен, Мендегі ауыр дара - мұң. Жөргектен шықсам дағы мен, Жер-көкке сыймай барамын. *** Дауылдай соғатын, Қанатым болатын. Баяғы ауыл жоқ, Еркелеп баратын. Бір шешер бағымды Ар, Шаңымды қағыңдар. Хатымды апарып, Берді ме сағымдар? Тау менен төмендеу, Оны ұят өлең деу. Керек - ау қызға да, Еліктей елеңдеу. Тозаңнан майдамын, Бір зілдей ойдамын. Көкте емес, жерде емес, Мен өзі қайдамын? Өр көкте он бес күн, Шөлмекте он бес түн. Ал енді мен қайда, Басында ем сол көштің. Сайтан қыз шалыпты, Аттап ем арықты. Жүрегім басыммен, Қастасып қалыпты. Намысым қолдаса, Мәнді емес ол да аса. Кім болып кетер ем, Бір мұңым болмаса? Шық ғұмыры Естимін жүрек дүрсілін, Кішкентай шықтың тұп-тұнық. Иірген қиял ұршығын, Не деген мынау мықтылық. Тозаңға былғап кірпігін, Самалмен әлек тазалап. Құйрықпен қаққан түлкі мұң, Шықты да жатыр мазалап. Қас-қағым ғана ғұмырын, Көтермек көкке ұмтылып. Тартқылап өмір бұрымын, Қояды кейде жұлқынып. Ойнаған өмір меңімен, Шіркін-ай неткен құштарлық. Сырласпақ болған менімен, Шықта жоқ екен іштарлық. Тағдырмен қайтпай алысып, Тартады мөлдір тегіне. Күн шығып еді сәл ысып, Бу болып кетті көгіне. Жері жоқ қиял бармаған, Алдыма келіп шөкті өмір. Мені де лайлай алмаған, Жүрегім шықтай мөп - мөлдір! *** Биыл мамыр жылдағыдан жаңбырлы, Қара тастың тамырына қан жүрді. Балағыма батпақ болып жабысқан, Жел кептірген қағып қоям тағдырды. Көңілімнің еріп біткен мұзы ағып, Шылбыры да күннің кеткен ұзарып. Сіркіреген ақ жаңбырдың астында, Бір қызғалдақ гүл ашыпты қызарып. Қызығамын бұталарға бүр жарған, Қысыламын тым ұяңдау қыздардан. Еріп түскен тамшысындай сүңгінің, Аңсап тұрмын көшелерді жүз барған. Бұл мамырдың бұлттары да желінді, Жылы жаңбыр жылытады көңілді. Мені тастап кеткен аңғал жастығым, Кемпірқосақ бояуынан көрінді. Жылдар легі кетсе дағы қасқалап, Мәз боп тұрмын самал желмен шаш тарап. Мені қатты ғашық қылған өмірге, Осы көктем бұрынғыдан басқарақ
madeniportal.kz