«Адамдар кітап оқуды доғарған күні ойлауды да доғарады» дейді Дидро. Иә, кітап оқу &ndas...
Жолтай Әлмашұлы. Олигарх және Олимп (роман-элегия)
“...Ниетсіз, құлықсыз, құштарлықсыз, қиналыссыз сөздің салмағы жоқ...”
Абыз Ахмет Иассауи
Түркі данасы
“...Иманы кеткеннің, жиғаны кетеді!”
(халық сөзі)
“Жар басындағы жантақты, жанынан кешкен Нар жейді...”
(халық сөзі)
Екі шың – екі Олимп
1
“...Кешелі-бүгін не бітіре алдым? Жалпы, бизнеске араласқалы бері баспалдақтап өскен биігім қайсы? Осы мен... не үшін басымды тауға да, тасқа да ұрып келем? Ау, зымыран заман, үн қатшы қане? Не дерің бар маған-н...”
* * *
Тамағына тас тығылып қалғандай, қылғына түскен.
Тағы да ой әуені алқымдап ала жөнелді...
Адам жер бетіне не үшін келген? Оның әу бастағы міндет-мақсаты қайсы? Неге адамдар жаратыла сала әйтеуір бірнеңеге ұмтылуға құмар? Бірнеңені өзгертуге аса құштар?..
Осындай шым-шытырық бірнеңелерді соңғы уақытта түсінде көп көреді де, түнімен айтысып шығатын. Кіммен айтысты? Не үшін айтысты? Ояна келе өзі де түсіне алмай дал...
Аспан осы бір түсініксіздікті жиі-жиі ойлайтын. Ойлайтын да өз қиялына өзі тұншығып, қамалып отырып қалатын.
Алғашқы кездерде жауабы жоқ сауалдар сияқты көрінген. Оған жауап табу үшін үлкен философ болу керек шығар дейтін.
Жоқ! Бәрі де оп-оңай. Бүгін өзіне-өзі сауал беріп, жауабын да өзі тауып алып отырғандай.
Бұл жауапты таба алар ма еді, жоқ па еді – күні кеше Артур Хаземет келді де, әй-шай жоқ:
– Шеф, жеке кәсібімді бастағым келеді! – деп төбеден қойып қалғандай етіп, дүңк еткізгені.
Аң-таң күйде, ештеңеге түсіне алмай, қарап қалды. Әзілі ме, жоқ шыны ма?
– Неге мұндай ойға келдің? Менімен бірлесе жұмыс істеу енді қызықсыз ба?
– Әрине, сізге ризамын. Алайда, кез-келген адам ерте ме, кеш пе – өз соқпағын іздемес пе!
– Бірақ, бұлай емес! Орта жолда аға-әріптесті тастап кете салу мәдениеттілік пе? Ізет пе?
– Неге орта жолда қалам дейсіз? Сіздің бизнес осы кезде барынша шарықтап тұр. Олимптесіз...
– Жарайды. Ойланайын. Әзірше өз қабырғаңмен кеңесе тұр...
Нақты шешімді жария етуге асықпаған...
Ішінен ойлаған: “Әрине, маған аз-кем өкпесі бар. Әнеукүні “Киіз үй” кафесін арнайы тексерттім. Қазақ жігіті Жалбызбайдың айтқаны расталды. Ет сапасы төмендеген. Сол үшін өзін біраз сілкілеп алып, сөгіс беріп ем, қарашы енді...”
Еріксіз мырс етті.
Кеудесінің арғы түкпірінен түсініксіздеу кермек сезім сығалап тұрғандай болды.
“...Барынша, тіпті өзіме сенгендей, осы жігітке құлай беріліп кетіппін. Жазығым сол ма?.. Неге... менің таза ниетімді аяқ асты еткісі келеді?.. Бұл адамдар қалайша оп-оңай өзгере салады?.. Әлде Ронни секілді айналамдағыларды жиі-жиі сілкілеп, тықсырып отыруым керек пе еді... Дамылсыз мазалай бергенім қажет пе еді...”
Басы зеңіп кеткендей болған.
“Көп қателік жасап жүрмін бе, осы?.. Босаңсып барам ба, расымен...”
2
Олардың, өкінішке орай, шырқау шыңға көтерілгендегі түпкі мақсаты – байлық олимпі. Сол биікке жетпейінше тынбайды. Ал, ондай заңғардың шегі мен шеті қайсы? Ол – жұмбақ! Оны ешкім де көз алдына елестете алған емес. Содан да олигархтар өмір бойы тынымсыз еңбек етеді. Біріне жетсе, екіншісі күтеді алдан. Сосын да олигарх арманы – бітпес арман.
Олигархтың түптің түбінде бақытты болғандары сирек. Көбісі түбі көрінбес, бітпес арман сапарында жазатайым мерт кетіп жатады. Әртүрлі жолдармен...
Аспанға ше? Бұған не жетпей жүр?
Шерқала сияқты шағын ауылдан шығып, әлемдік бизнес деген биік таудың төріне көтерілді. Кез-келген олигархпен терезесі тең. Ал, содан? Енді не етпек керек?
Білмейді. Басы қатып жүр. Алдағы мақсаты да күңгірт.
Тап осындай күйге түсірген – Ойқазанның қиқы-жиқы әңгімелері ме? Сонымен жолықпай-ақ қоюы керек пе еді! Несіне алдына барды? Неліктен оның құрғақ пәлсапасын тыңдады? Керек пе еді бұған!..
Жә, өкініш етер не бар! Жоғалтқан ештеңесі де жоқ.
Қандастарын тани түсті. Ертедегіден бүгінге дейінгі соқпақ жолын салмақтап, ой елегіне салды. Бабалар өмірі мен ісіне қаныға сүңгіді. Осы аз ба? Осы жаман ба?
Тек... бизнес деген ұлы сапардан аз-кем бұрылып, тайқып кетіп жатқаны рас. Кешегі дүние деп ұлып тұратын ішкі дауыл бүгін бәсеңсіген. Саябыр тапқан.
Байлық жолы түптің түбінде, әйтеуір бір күні тұйыққа тіреліп бітерін ойша безбендеген.
Не себеп? Ненің әсері бұл?..
Әсте... сол бір діни ғұлама абыз Ахмет Иассауи жайлы әңгімеден соң басталды ма бәрі де?
“...Пенде пендеден артық тұрмауы керек, егер артықтық сезілсе, көңілге де астамшылық кіріп алады...”
Ол осылай деп жазып қалдырған ба?
Дін? Мына жарық дүниедегі барша жұмыр басты пенделер діннен тыс өмір кеше алмай ма? Бұл қалай? Алла-тағала өз пендесін жаратып алып, тағы да тас қамалға қамап ұстауға жетелеуі ақылға сыйымсыз-ақ!
Мен еріктімін! Ерікті өмір сүргім келеді. Маған ешқандай шектеу мен тосқауыл керек емес. Тіпті дін де...
Рас, мұсылманмын. Ата-бабам сол ислам дінін ұстанған. Ендеше, одан аттап өтер жөнім жоқ. Бірақ...
Жер бетінде исламнан өзге қаншама діндер өмір сүруде. Сол дінге көзсіз сеніп, алаңсыз бас шұлғып, бүкіл саналы ғұмырын сарп еткендер мың-миллион. Олар ше? Олар елеске елтіп, алданып жатыр ма екен?
Жо-жоқ, дін дегеніміз – Алланы тану! Алла-тағала алдында бас ию! Жаратқанға тәубә қылу! Сөйтіп, көңіл сабырына келу шығар-ақ!.. Ал, көңілге сабыр ұялата алу – адамшылықтың ең асқақ шыңы деп біл!
Ал, мен... онсыз да жаратқанға разымын! Алғысым шексіз. Тек... жалғыз кемшілігім – дін жолына түспегендігім шығар, бәлкім! Дінді тірлігімнің алтын қазығы ете алмағандығым дермін, сірә!..
Сонда... кіммін?! Алланың сүйген құлы емеспін бе? Олай десек, осынау байлық пен бақты кім берді? Кімнің несібесі?..
Уай дүние, мен түкке түсіне алмай барам-м...
Осы сәтте тағы бір тосын ой қиялап ала жөнелген: “...Жаратқан ие туралы ойлау – көркем қиял емес пе! Қиялдың кермегі емес, көркемі асыл ғой, әманда!..”
* * *
Бүгін, таң ата, ең алдымен бауыр басып кеткен қандас інісі – Ханмұратты іздеді. Кеудеде алабөтен сағыныш бар. Енді өзі сағынды. Соның ыстық лебі омырауын өртеп бара жатқандай.
Кейде шын жақсы көретін жандар бір-бірін алыста жатып ойласа, сөзсіз ішкі әлеміне әсер етеді деседі көріпкелдер. Тап осыған әуелде Аспан сенімсіздікпен қарап, “әй, алдамшы сөз ғой” дейтін. Уақыт кейде қабылдай алмаған нәрселеріңді алдыңа әкеп “міне, көре қал” деп тосатыны бар.
Қазір сондай жағдайға тап келген сиқы бар-ды. Қиялымен қатты, шексіз сағынып отырған іні-досы Ханмұрат өзі телефон шалып тұр. Даусын ести сала, қуанышын жасыра алмай, орнынан тұрып кеткен.
– Өзіңді қазір ғана ойлап отыр ем...
– Мен білдім ғой, аға! Ішім сезді ғой, – деп Ханмұрат лапылдай төгілді.
– Сездім дейсің бе? Рас па?
– Рас! Рас, әрине.
– Онда сендім, сен өтірік айта білмейсің.
Аз-кем үзіліс орнады да, артынша Ханмұрат аптыға дабырлап:
– Айтылды! – дегені.
– Кімге айттың? Нені айттың?
– Ғашығыма. Сүйетінімді ақыры жеткіздім.
– Ал, бойжеткен ше? Не деді?
– Бас изеді.
– Сосын?
– Сонымен тоқтап тұрмыз. Арғы жағын сіз келіп, түйіндеп беремін демеп пе едіңіз. Ұмыттыңыз ба?
– Жоқ, есімде...
3
...Күндіз-түні қағаз кемірген жазушы ше? Ол да ой зынданына түсе беретін, оймен ауырған жан дейміз бе? Ол – бақытты ма?
Мүмкін! Өйткені, оның бар мақсаты – ой олимпі.
Екеуінде айырма сезіле ме? Әрине, бар. Байлық пен дүние жолы –
тастақты. Бұл жолда жау да жетерлік, теріс пиғылдылар да табылады. Екінің бірінде сені сүріндіріп жібергісі келетіндер шаштан да көп...
Сосын да алысасың, жұлысасың.
Жеңуге тырысасың. Жеңіліп қалмасам екен деп, күндіз-түні қиял қоршауында қамалып қала бересің. Ауыр ой! Ащы ой! Кермек ой!
Жазушы деген данышпаныңыз... ол да тұңғиық ойдан еш азат емес.
Ой азабы – жан азабы! Жанын шырқыратар сәттер жетерлік-ақ! Өте көп! Бірақ, бәріне де кеуде тосып, шыдас беруге тәуекел еткен. Содан да жазушы – жеңімпаз! Ақ қағазға төгілген мөлдір ойлары – ел жүрегіне сыналап сіңеді. Сәулелендіреді...
* * *
Қиял әлемінен ұзап кете алмай, қайта-қайта басын шайқап, офистің ішінде күн ұзақ кофе ішіп, ешкіммен тілдеспей отырып алған. Іші бір сұмдықты сезгендей ме? Нендей үрей? Қандай жамандық келе қойсын бұның басына? Тек... уақытша көңілсіздік-дағы...
Оның осындай бойкүйез сәтін кілт үзіп, есікті де қақпастан оққағар-көмекші Ханс кіріп келген. Түрі өрт сөндіргендей ме! Мына келісті аса ұнатқан жоқ, еркінсудің де жөні бар.
– Бұл не тәртіпсіздік? – деп айқайлап жіберген.
– Тәртіпсіздік менде емес, сіз сенген ана Джон Дэвисте...
– Ол не бүлдіріпті? – Аспан ештеңеге түсіне алмай, сұраулы жүзбен аңтарыла қарады.
– Апырмау, сіз тым селқос отырсыз ғой бұл жағдайда!
– Қай жағдай? Ханс, айтсаңшы түсіндіріп...
– Біз сазға отырдық, шеф!
– Қалай? – Аспан орнынан ұшып түрегелген. – Қалайша?..
– Джон Дэвис дегеніңіз алаяқ бизнесмен екен. Біздің бес бірдей мейрамхананың есепшотынан қыруар қаржыны оп-оңай қымқырыпты. Қалтасына басыпты.
– Мүмкін емес!
– Ол аз десеңіз, осы провинциядағы салық мекемесінде танысы бар екен, соңғы бес жылда салық төлемеген деп екі кафеден тағы да қомақты қаржы сыпырып алатын түрі бар...
– Ойпырмай, не дейді? Біздің қаржы саласының қыздары қайда қараған?..
– Бұл ғана емес!
– Тағы не?
– Шеткерірек орналасқан екі кафені тазалық-санитарлық мекемесінің тексеру қорытындысымен талапқа сай емес деп, жапқалы жатыр. Өлген малдың етінен ас әзірлегенін анықтаған сыңайлы...
– Апыр-ау, бұл не сұмдық!.. Қайда? Қайда өзі? Шақырыңдар маған...
– Кімді?! – деді Ханс. – Кімді іздейсіз?..
– Кім болушы еді! Артур қайда?
– Артур Джон Дэвиспен әлдеқашан ауыз жаласып кеткенін де сезбедіңіз бе? Ол мұнда жоқ. Телефоны өшірулі.
– Онда... онда Кэт қайда? Шақыр маған.
– Артур Кэтті де өзімен бірге ала кетіпті.
– Қап, ол... оңбаған... Мен оны өз қолыммен...
– Тіпті сізге “Соңғы хат” та жазып қалдырыпты. Сыпайысын қарашы өзінің...
– Кім?
– Артур...
– Не жазыпты онда?
– “...Сіз тым аңғалсыз, елдің бәріне сенгішсіз. Қазіргі бизнесте ондай мінез орға жығады. Сізді іштей аяймын...” депті. “Соңғы уақытта тым босап кеттіңіз” депті... “Енді жолымыз екі бөлек...”
Осы сәтте Аспанның көз алдынан, неге екенін өзі де түсінбеген, Артур Хаземеттің кейбір өрескелдеу мінездері жүгіріп өтті. “Наурыз” мейрамханасының өртенуі, “Киіз үй” кафесіндегі өлген малдың еті... Кекеш Жалбызбайдың оңашалап айтқандары-ы... Бәріне кінәлі емес! Бәрінен де ақталып шыққан. Бәрінің де себебі бар...
– Ай, алаяқ... Ай, қасиетсіз-з...
Жүзі күреңітіп-қарауытып, тұла бойы дірілдеп ала жөнеліп, орындығына сылқ етті де, үнсіз қалды.
Осы кезде қайдан келе қалғаны белгісіз, кекеш Жалбызбай кіріп келіп, қолтығынан сүйей берген. “Е-е-есіңізге салып-п едім ғой” деген тұншыққан үнін еміс-еміс естіген.
Ол есінен танып бара жатқан...
4
...Елес-әлем бе бұл?.. Олигарх екі олимптің ортасында. Мына өмірі не өңі, не түсі екенін түсіне алмауда. Адамға ой қазынасы қымбат па, жоқ байлық қымбат па? Неге ғана осыған шұқшиды да қалды екен? Қайсысы салмақты? Қайсысы басым?
Өзі де түсінбейді.
Осы күнге дейін қалай өмір кешкен! Неге бір сәтке болса да, осындай ойларға тереңірек салмақ салып көрмеді екен! Қалай маңыз бермеген?..
Неткен сұрықсыз өмір еді бұрынғысы...
... Көзінің алдында бүкіл дүние жөңкіліп көшіп бара жатқандай.
Жан дүниедегі жалғыздық
1
Жанына батты.
Байлығы тасып, шаруасы еш кідіріссіз дөңгеленіп тұрған, биікке өрлеп алған кезінде жағасы жайлауда еді. Бәрі де бұның алдында құрақ ұшып тұратын. Рахат! Адамдардың бәрінен басым екенін сезініп, үстінен қарау – қандай ләззатты! Сен олардың қожайыны сияқтысың. Ақ дегенің – алғыс, қара дегенің – қарғыс! Сөзіңнің басы басталса, аяғын өздері жалғайды. Ым қақсаң, ылдым-жылдым! Бәрі де әп-сәтте...
Өмірдегі бар бақыт – билік деп ойлаған. Егер сен өз айналаңа билік ете алсаң, одан асып түсер арман да керек еместей!
Жалғыз емес, көпсің. Бір өзіңнің ойыңды он, тіпті жүз адам жалғайды. Тап-тұйнақтай етеді. Айтпайсың. Айттың екен – орындалуы қажет.
Ешкім саған едіреңдей алмайды, өйткені жаныңда оққағар-сақшың бар. Ханс күндіз-түні бір елі қалмай, шаршамастан салпақтайды...
Рахат емей немене!
...Ал, соңғы бір сәттердегі жанына батып бара жатқаны – босқа өткен жылдар!
Ойсыз күндер... Өтірік достар...
...Аурухана палатасында жатып алып та, қасаң ойлармен “құдаласып”, алысқа, тым шығанға шығып кетіп еді...
...Осы екі арада қазақ десе жанын беретін елдесі – Жалбызбай келіп кетті. Отырып әңгіме айтты. “Киіз үй” кафесін қайта аяғынан тұрғызғысы келетін арманын сездірді. Соған қол ұшын беріңіз деп қиылған. Көмектеспейін деп жатыр ма?..
“Киіз үймен” бірге ұлттың намысы да өртенгендей сезімдемін” деген сөзі жанына бата түскен...
* * *
...Аспанның аяқ астынан есінен танып, ауруханаға түскенін естіген сәтте Ханмұрат жаны қысылып, бой-бой болып терлеп кеткен. Жүрек соғысы да жиілеп бара жатты.
“...Неліктен? Не себеп? Кімдердің қастандығы?..”
Ойы сан-саққа жүгіріп кетіп жатты. Содан соң көп аялдаудың жөнін таба алмай, дереу Америкаға ұшатын ұшақтың кестесін сұратқан. Жанмұрат компьютер арқылы барлық қажетті деректерді тауып, алдына тосты.
– Аға, Америкаға ұшасыз ба?
– Ұшпасам болмас! Аспан ағатайымның қазіргі жағдайын өз көзіммен көрмесем, көңілім алаң. Жүрегім бір сұмдықты сезетіндей. Ойым орнығар емес.
Жанмұрат та ерте есейгенін байқатып, сабырлы сөзбен демеуде.
– Адам ауырмай-сырқамай тұра ма! Тез-ақ жазылып кетер. Қатты уайымдамаңыз, аға...
– Айтқаның келсін!
...Ертесіне таңертең жолға шығып бара жатқан.
* * *
Ағасы жатқан палатаға кіріп келгенде екі көзі шүңірейіп, жағы суалып, әбден азып кеткен Аспанды көріп, жылап жіберуге шақ қалды.
– Ағажан, сізге не болған? Неге... мұндай күйге тап келдіңіз? – деп, даусы дірілдей, асыға басып келіп, оны құшақтаған.
– Оқа емес, кішкене сырқаттанып қалғанмын ғой... – деді Аспан да әлсіз үнмен. Сосын жанынан күндіз-түні бір елі ұзамай, отырып алатын Ханске айтты:
– Сен бара бер...
– Шеф, мен кетпеймін!
– Уайымдама! Бауырым келді емес пе, бұған да сенбейсің бе?
– Сенем! Сенем, әрине.
– Ендеше, шыға тұр...
Ханс есікті сыртынан жауып, тысқа бой тасалаған соң, Ханмұраттың қолынан ұстап отырып:
– Аңқаулық жасаппын! – деді. – Ханс та айтқан. Сен де ескертіп ең осыны...
– Артур о бастан маған ұнаған жоқ.
– Олай емес. Артур әуелде жақсы жігіт еді. Кейінірек бұзылды. Оны бұзған – ақша! Дүниеге көзі тұнды. Басы айналды.
Ханмұрат ағасына әрі еркелей, әрі күш бере сөйлеп:
– Көр де тұрыңыз! Мен сол Артурды тауып алып, алдыңызға әкелемін. Тізерлеп тұрып кешірім сұратамын, – деген.
Оның бұл сөзіне аса мән бермегендей. Әлсіз ғана үн қатып:
– Қайдам-м, ол шіркін, енді ұстатар дейсің бе? – деді.
* * *
Ертесі еді. Жағдайы біршама жақсара түскендей. Әлдекіммен сөйлесіп-тілдескісі де бар.
Ханмұратты қайталап шақырды. Ендігі сырласы да, мұңдасы да –
осы шалымды жас. Іні-досы!
– Ағатай, бүгін жағдайыңыз қалай? Денсаулығыңызға өте алаңдаулымын.
– Ештеңе жоқ. Қазір жақсымын.
– Не айтпақшы едіңіз маған?
– Асып-тасып, қанша жерден асқақтасаң да – туған жер бәрібір барлығын еске салады екен! – деді оған. – Соңғы уақытта соны бар жүрегіммен сезінгендеймін.
Бозжігіт айтты:
– Өзім де әуелде жат жерге жібере салғаны үшін Шерқалаға да, ондағы барша адамдарға да өкпелі едім. Қазір өкпем жазылды.
– Енді не істемексің?
– Сіз секілді бизнеспен шынттап айналысамын. Тек өз елімде...
– Ал, Томас... оның әруағы өкпелемей ме?
– Жоқ. Томас әкейді ешқашан да ұмытпаймын. Оны мәңгі есімде ұстап жүрем деген ішкі сертім бар...
– Жақсы! Оған келістік. Ал, енді... екінші мәселе жағы қалай? Өз ойыңды айтшы...
– Үйленуге бел будым. Егер қолдасаңыз, әуелі үйлену тойын өткізіп алайын, сосын Америкаға ораламын...
– Дұрыс-ақ! Алайда, мен жақын арада жолға шыға алмаспын...
– Өтінемін, тым қатты күйзелмеңіз. Қиын күнде қажетке жаратармын деп, бөлек жинап қойған қосымша қаржыңыз ше? Әйтпесе... менің де атымда едәуір қаржы тұрған жоқ па!
– Мәселе – тек қаржыда ма! Тек сол ғана болса кәні! – деді де, қайта сөз жалғады: – Сенікі тек саған тиесілі. Томас әкейден қалған мұра. Оған ешкім де қол сұға алмайды, інім!
Ханмұрат сонда да дес берер емес.
– Енді мен ие емеспін бе! Демек, қалай жаратсам да өзім шеше аламын ғой.
Аспан айтты:
– Алдағы өмірің қалай-қалай бұлғақтайды – оны білмеймін. Ендеше, есепшотыңдағы қаржыңды аса мұқият ұстап, есеппен жарат. Бұл өте маңызды.
– Жарайды, аға! Сіз не десеңіз, соны құп алам! Жер-жаһандағы жалғыз сенерім де, сүйенерім де – сізсіз...
– Ал, менің кішкене сырқаттанып қалғанымды елеме, ойлама! Көп жатпаспын, шығамын тезірек. Сосын қолға алатын шұғыл шаруалар бар, соған асыға кірісем...
– Мен тілектеспін, аға...
– Тойды тоқтатпа! Өткізе бер ел жақта...
* * *
...Ханмұрат сонда да қипақтап, жол жүріп кете алмай, Америкада бір жетідей аялдады. Осы күндер ішінде Ханспен қайта-қайта оңаша сөйлесіп, Артур мен Кэттің қайда жасырынғанын білуге аса ынтызарлық танытты: өкінішке орай, олардың бой тасалаған жері белгісіз; өте сақ әрі байқампаз Ханстың өзі де алақан жаяды; күні кешегі Аспанның ең сенімді деген жандары жым-жылас жоғалыпты; бір бағытқа бастар із жоқ...
Күн құрғатпай, тиісті мекемелерге бас сұқты, құқық қорғау органдарына да шағымданды – бәрібір нәтижелі іс байқалмады.
Әр күні Аспанға соғып, қасында отырған кезінде өзін кінәлі жандай сезініп, қысыла түседі. “Айттым ғой, сендер енді оларды ешқашан ұстай алмайсыңдар” деп айтып қала ма деп ыңғайсыздық күймесіне кіріп алады. Бірақ, әзірге ағасы ол жайынан ләм деп тіс жармаған, не ойласа да, өз ішінде.
...Апта аяғына қарай, Шерқаладағы Жанмұраттан шұғыл хабарлама келді де, оған өзі телефондаған.
– Апай... Лалагүл апай... – деп, тұтыға сөйледі бала досы.
– Айтсаңшы, не болды? – деп, Ханмұрат та дегбірсізденген.
– Апай қатты ауырып қалды. Ауруханаға түсті. Сізді, аға, екі-үш рет сұрады. “Қашан оралады” деді.
– Сөйтті ме? Іздеді ме мені...
– Іздеді! Қатты іздеуде.
– Онда ертең ұшам, жетем жылдамдатып...
...Амал жоқ, ағасынан рұқсат алып, келесі күні әуе көлігімен елге ұшып бара жатқан... Бірақ себебін ешкімге де ашып айтпады...
2
Адам, керек десең, өз жанына серік етер арманды да әу баста дұрыс таңдап үйренуі ләзім. Арзан арман – жарға жығады. Орта жолда қалдырады. Арманның асылы, биігі, асқары... жолбастарыңа айналғаны қандай ғанибет!
Кейінгі күндері жазушы бауыры Жасханды оймен көп іздей бастаған.
Қайда жүр екен ол? Есірткі дауымен әлі де беріспей айқайласып жүр ме, жоқ доғарды ма? Елде ме, жоқ әлде шетелге сапар шекті ме? Неге бұны іздегісі келмейді! Олигарх дегендерден мүлде көңілі қалғаны ма сонда!
Жарайды, Аспанды сыйлап-құрметтеуі керек емес! Тым құрыса, қаржы сұраса ше! Айталық, кітабын басып шығаруға... Ол туралы да жақ ашпай жатып алуы қалай?
Інісімен хабарласқан.
Доспан көңілсіздеу сөйлесті. Даусында діріл бар.
– Не жағдай, інім?
– Әй, тіршілік өтіп жатыр ғой әйтеуір...
– Не көмек?
– Түк те.
– Айтпақшы, өзің ұната бермейтін тік мінез жазушы қайда? Бар ма ауылда?
– Кім? Қай жазушы?
– Әлгі Ойқазанды айтамын.
– О-о, ол туралы естімеп пе едіңіз!
– Жоқ.
– Ол байқұс әуелі әлдекімдердің қолынан оңбай соққыға жығылды. Ауыр жарақат алып, көп күн емделіп, әзер жазылған. Ауылға қайта оралған соң, шу шығарып, “мені өлтіргісі келетіндер бар, олардың аттарына шейін білем” деп дабылдатты. “Жоғары жаққа арызданам” деді.
– Ал, содан? Аяғы-ы...
– Арада бір жеті өтті ме, өтпеді ме – тағы да төсек тартты.
– Қалай? Неге төсекке таңылды?
– Инсульт дей ме! Қазір тілі күрмелген.
– Сөйлей ала ма?
– Сөйлейді, әрине. Бірақ тілі түсініксіздеу...
– Қалайша? Мұндайға қалай ұрынды?
– Өзім де түсінбедім.
– Енді емдетіп жатыр ма?
– Кім емдетеді! Әйелі ауру-сырқаулы, ілдәлап әзер жүр. Жалғыз ұлы – қияли кен киіп, ел кезіп кетіпті.
– Туыстары...
– Оның туыстары жоқ.
– Сендер ше? Сендер неге қол ұшын бермейсіңдер, а?
Доспан сөзді бөлген.
– Кімге көмектескендейміз, аға! Өз басымызда шешуін күткен мәселе шаш етектен.
– Түсінікті! Мен дереу елге барамын. Жазушыны емдетем.
– Өзіңіз білесіз... Бірақ, ана жақтағы шаруаңыз ше?
Аз-кем мүдіріп тұрды да:
– Онымен тілдесуім керек! – деді. – Сенде телефоны бар ма?
– Әрине, аға. Тек... ол көтере қоя ма?
– Бер, қане! Қоңырау соғайын.
Доспан Ойқазанның ұялы телефонының нөмірін жеке-жеке атап, асықпай айтып шықты, Ханс түртіп алып жатты.
– Жазып алдыңыз ба? – деді Доспан.
– Рахмет!
Сосын әңгімені үзіп, Хансқа әлгі нөмірді теруге бұйырған.
Арғы жағынан әлсіз дауыс естілді. Телефон нөмірінен танығандай.
– Бұл сен бе? – деген. – Аспанбысың-ң...
– Мен. Мен ғой, Аспан! Сен... ауырып қалдың ба? Әй, үйдегі құрдасқа әшейін еркелеп жатқан шығарсың, ә?
– Ол да бар. Басқасы да бар-р...
– Жасхан, сен тез емдел. Дәрі-дәрмек қажеттігі туса, аянып қалма. Денсаулықтан қымбат не бар? Мен таяу күнде келемін. Барлық шығындарды өзім көтеремін. Сөзім-сөз...
– Алғысым-м шексіз-з... – Созып сөйледі.
– Айтпақшы... Ханмұрат үйленгісі келеді. Шерқалада сүйген қызы бар екен.
– Ол кім?.. Аты-ы..
– Аты... Лалагүл деді ме?
– Лалагүл ме? Білем-м оны-ы...
– Білсең – сол. Үйленгісі бар.
– Тілімді алса, оған үйленбесін-н...
– Неге? Не үшін?
– Ол қыз-з.. Ол... ана Күлайшаның жақын сіңлісі... Олардан-н аулақ-қ...
Дауыс үзіліп кеткен. Кәсіпкердің де жүрегі зырқ ете түсті.
“...Күлайшаның жақын сіңлісі десе, жетіскен-ақ екенбіз. Ханмұратты қалайда ақыл ізіне салып, тоқтату керек...”
Ертеңіне өз денсаулығын ойлап жатпастан, Хансты да тыңдамай, елге барып қайту үшін жолға жиналды.
3
Атышулы бизнес адамы елде қаралы жиынмен бетпе-бет келді.
Жасхан дүние салыпты.
Мәйітті шығару сәтінде үстінен түскенін қарашы! Жүрегі шым-м етіп, денесі дірілдеген. Табытта Ойқазан жатыр. Ол енді бүкіл ой-арманын өзімен бірге арқалап алып кетіп барады. Әттең, ертерек келгенде ең болмаса көзбе-көз отырып, тілдесіп қалар ма еді.
Жеткізбес арман!
Бүкіл ғұмырына қаламды серік еткен ел азаматын ақтық сапарға шығарып салуға өте көп халық жиналғанын байқап тұрған. Кенет... жүрісі қолапайсыз, бір аяғын сүйретіп басатын бала жетектеген кісіге көзі түсті. “Ай, сорлы бала, обал-ай...” Сол сәтте тағы да Жасханның бір сөзі ойына оралған. “Есірткі жолы жақын уақытта жабылмаса, келер ұрпағың да оның зардабын мықтап тартады әлі. Өмірі көріп-білмеген кеміс жандар көбейеді, көр де тұр-р...”
* * *
Жазушыны қара жер қойнына тапсырған соң, оның артында қалған қолжазбаларын еске алып, дереу іздеттерді.
Мол мұра қалыпты. Бұның ойлағанынан да көп.
Жазбаған, зерттелмеген тақырыбы жоқ па деді. Әбу Насыр әл-Фараби, абыз Ахмет Иассауи, Бейбарыс, Бабыр, Томирис, тағы басқа тарихтың тегеурінді тұлғалары туралы жеке-жеке тарау арнап, кеңінен толғаныпты. Уақытты қалай тапқан?
Ол ол ма, Жасханның бүгінгі заман шырқын бұзған шырғалаң жайын тілге тиектеген еңбектері де мол екен, әттең... оны өз әйелі отқа жағыпты деседі. “Күйеуіме тірісінде опа бермеген бұл жазбалар енді кімге қымбат дүние бола қояр дейсің” деп ашуланыпты. Ішінде бүгінгі билікке жақпайтын, жағуы мүмкін емес ой-толғамдар да тұншығып кете барды деседі...
Қолына түскендерін асықпай қарап, мұқият көз жүгірте отырып, бизнес адамы бір ойға табан тіреді.
“Жоқ! Бұл еңбектер жарыққа шығуы тиіс. Біз керек етпесек, келер ұрпаққа қажет. Мына елдің тұқымы құрып кетпей, жалғаса өмір сүріп жатқанда, оның ғұлама ұлдары мәңгі жасай бермек. Ұлттың ұлылығы да осындай жалғастыққа иық тіреп тұрған жоқ па!..”
Осы шаруаға бел шеше кіріспекке кесім жасап, бірден-ақ ниеттенді.
4
Шерқалада бір жеті аялдаған.
Кетейін десе де, кете алмайды. Аяғы Америкаға қарай тартпай қойды. Жолға шығып кетсе-ақ, жанына ең ыстық қаласынан біржола айрылатындай. Көз жазып қалардай...
Осы бір апта ішінде Жасханның қабіріне екі рет оңаша барып қайтты. Өз білгенінше құран оқыды. Отырып, қиялымен кеңесіп, өткен күндерді еске түсірді.
Баяғы бала күнгі армандар қылаң берді. Шіркін, сол арман – тап-таза екен ғой. Өтірігі жоқ болатын. Ал, өтірік деген өгей ұл есейе келе кісі бойын шырмауықша орап, жайлап алатынын қайтерсің! Өзінен-өзі. Тіпті бойың әбден үйренген соң, өтірік айту да кәсіп сияқтанып кететіні бар.
Есейе келе дүние-байлыққа құмартасың. Ол да сені баурайды. Дүниесі жоқ жандар көзіңе мүсәпір кейпінде елестейді. Оларды менсінбеуге айналасың. Міне, бұл ой да бойыңа сыналап кіріп, сені дегеніңе бағындырады. Алқымдап тұрады.
Үлкейген сайын ойың да ылайланып-топанданып кететіні қалай, ә! Мөлдірлігін бірте-бірте жоғалтады. Өйткені, сен таза оймен емес, басқа қиялмен әуреленесің. Соның ығына көшесің.
О, шіркін дүние!
Пенде деген түкке тұрмас нәрсені тұтқа көріп малданған, жануардан сәл-ақ ақылды мақұлық! Сөйте тұра өз көкірегі өзіне аяққаптай! “Мен мына жердің қожасымын” деп кергиді. Аспандайды.
Кенет... Жасхан айтқан бір сөз тағы да құлағында ызыңдап қоя берген: “Кез-келген адамның түптің-түбінде табан тірейтін жері – дін! Алланың хақ сөзі – Құранға қайтсең де бас ұрасың! Ол сенің амалсыз аялдар ұлы қақпаң...”
Өзіне-өзі күбірледі: “Ал, мен... мен неге ата-бабам ұстанған дінді мүлде елемей өмір сүрдім? Бұным қалай, ә?.. Әй, өзім де...”
Сосын тағы да ойлады: “Осы адамдар неліктен басына ауыр қайғы не үлкен сәтсіздіктер түскенде ғана Алланы ауызға алады?.. Бұның сыры неде?..”
Олигарх ой әлемінен құтыла алмай әлекке түсулі. Ауыл – ой бесігі. Осында келсе бітті – сезімі де қанаттанып сала береді. Қияға ұмтылады.
Оның Шерқаладан ешбір жаққа, ешқайда да қадам басқысы келмеді.
Ол – ой олимпіне ұмтылу үстінде еді...
* * *
Соңғы күндері бұл жағдайды өзі де түсіне алар емес, түн баласына көзі ілініп кете бере – Ронни келіп жанына отырып алады. Отырып алады да, бұны мазақ еткендей, баяғы ескі әңгімені қайталап қаузайды. Өшіп бара жатқан қоламтаны көсеп-көсеп жібереді.
– Менен аяқ-қолыңды бауырыңа алып, шатқаяқтап қашып едің! – дейді. – Оның мүлде дұрыс қадам емес-ті. Не нәрсені де бетіңе айтатын мінезім шығар ұнамаған. Әйтпесе, көңілімде инедей де арамдық жоқ еді.
– Оны кеш түсіндім, Ронни. Сен кешір-р...
– Мен кешірдім. Бірақ, сен қатты алдандың ғой алаяқ біреуге...
– Білем! Есіме түсірмеші.
– Қандай аңқаусың! Джон Дэвис секілділер кер заманның кәпірбет сайтаны. Неліктен білмедің? Қалайша құрығына түстің?
– Ронни, құлың болайын, онсыз да жаралы жанымды ауырта бермеші.
– Жоқ, Аспан! Саған бұдан да ауырын айтамын. Өз қызметшілерің – тіпті оның ішінде Артур мен Кэт те бар – алдыңда өтірік маймыл мінез көрсетті. Оларға да мейірім төгіп, алақаныңды төсеп, жақсылық жасаумен жүрдің. Өзіңе ор қазып жатқанын сезе алмадың...
– Бұл енді жалған! – деді Аспан. – Менің жанымдағыларды түп-түгел қайдан біле қоюшы едің...
– Неге білмейін. Олардың ішінде өзімнің де адамым жүрді десем ше?
– Сонда сен... сен де маған сенбедің бе?
– Әрине. Бизнесте тіпті өзіңе-өзің сенбейтін кездер кездеседі...
Аспан оянып кетіп, өз түсінен өзі шошығандай, басын ұстап, отырып қалады.
* * *
Далаға қадам басқан сәті. Көшеге түсіп алып, ұзақ жүріп алған. Ойы бір нәрсеге табан тіреп, байыз тауып-тоқтар емес. Кеудесінде қара бұлт ерсілі-қарсылы жөңкіліп жүргендей.
Ауыл шетінде жұмыс істеп жатқан үш-төрт кісіні көзі шалды. Орталарында – Ханмұрат.
– Аға, – деп дауыстады ол. – Бері келіңіз. Біз Қабыш атай мен Елмұратқа тасмүсін тұрғызып жатырмыз.
Ақырын аяңдап, сонда келе жатқан-ды. Тасмүсін аяқталуға жақын қалыпты. Тастұғыр үстінде Қабыш атай қабағынан қар жауардай қаһарланып, бұған қарап қалыпты.
“...Сен, шырағым, кіндік қаның тамған топыраққа расымен түк істемедің бе? Мені қойшы, мәңгі мекеніме асыға аттанып кеттім. Ал, жас ұрпақ ше? Қандастарың ше? Осы күні олардың да тағдыры қыл үстінде тұрғандай. Мына кер заман ешкімді де аямайтын түрі бар. Ойлансаңшы, ұлым-м...”
“...Мен... менің не кінәм бар, ата?..”
“...Салсүйек жүрісіңе не дейін! Сенен көп үміт күтіп ем. Түбі елге жаны ашитын сен боларсың деп ойлаған ем...”
Кенет... селк етті. Есін енді ғана жинап алғандай. Содан соң Ханмұратқа:
– Қаланың әкімі қайда отырады? – деп сауалдады.
– Әкім бе? Қазір өзі де келеді.
– Онда... онда сол кісімен бетпе-бет жолығайын. Бірлесіп бизнес-жоспар жасап алсақ, қане...
– Қандай жоспар, аға?
– Осындағы онкосырқат емдейтін аурухананы қайтадан жөндеп, қалпына келтірсек ше? Соны қолға алғанымыз жөн бе деп ой түйіп тұрғаным...
Ханмұрат ағасының жүзіне жалт қараған. Шешімді сөз екеніне көңілі сеніп, марқая түсті. Оған деген риясыз көңілін білдіре, былай деді:
– Сізге шынымды айтайын, енді Америкаға қайтпаймын.
– Неге?
– Ауылда қалып, есірткі саудалаушылармен білек сыбанып күрес жүргізсем деймін.
– Ол аса қауіпті емес пе?
– Мейлі. Нар тәуекел-л...
Осы сәтте бұлардың жанына бір жас бүлдіршін ентіге жүгіріп келген. Өзі тал шыбықты ат қып мініпті. Бірнеме деп сөйлейді, тілі түсініксіз. Екі көзі айқаса шатысып кеткен. Қимыл-қозғалысы да ерсілеу екен.
– Әкесі есірткіге әуестеніп, қоя алмай, ақыры, содан көз жұмған. Ал, ұрпағының түрі осы ғой, – деп қинала сөйледі Ханмұрат.
Аспан балаға аса бір аяушылықпен қарап тұрды да:
– Мұндайлар ауылда көп пе? – деп сұрады.
– Көп, аға! Көбейіп кетті...
* * *
Ауыл әкімі ақ шашты, тік жүретін, өзі де, сөзі де өте салмақты жан екен, Аспанды дереу танып, қолтықтап алды да, оңаша жерге жетелеп шығарды.
– Ешкім естімей-ақ қойсын, тек өзіңізге ғана айтайын, – деді былай шыға бере. – Сіздің бизнестегі досыңыз ба, серіктесіңіз бе – білмеймін, әйтеуір Артур Хаземет деген біреу бар деседі.
– Бар. Ол менің орынбасарым еді...
– Сол қу Америка континенті жағынан есірткі заттарды бері қарай өткізуге тікелей атсалысып, біздің біраз жігіттер мен бикештерді соған араластырыпты. Осылардың басында тұрған – Шербек деген имансыз. Сол-ақ ел ішін ала тайдай бүлдіріп болды, не дерсің! Қайсыбір күні Артур мен Шербек есірткі саудалау үстінде ұсталыпты, енді ісі тергеуде...
– Рас па? Сене алсам кәні!..
– Бұл – нақты дерек! Енді тергеушілер одан жауап алып жатыр. Сөз арасында сіздің де атыңыз аталып қалыпты.
– Бұған менің қандай қатысым бар?
– Сіз осындай бизнеспен айналысуға рұқсат берген дей ме? Кей құжаттарда қолыңыз бар екен! Қысқасы, аса сақ болғайсыз...
Аспан түкке түсіне алмай, мең-зең күйде, ұзақ-қ ойланып тұрып қалған....
5
Ертеңіне Ханмұратты ауыл сыртына оңашалап алып шығып, әңгіме тиегін ағыта берген. Аса ауыр тиерін білсе де, амалсыз бастап жіберіп еді.
– Інім, мені мұқият тыңдап ал! – деді. – Сенің бақытты ғұмыр кешпегің маған да қымбат. Кермек тиерін білсем де, айтуға тиіспін.
– Аға, не сөз? Нені жұмбақтап тұрсыз?
– Осында келер алдында Жасханмен телефон арқылы тілдескем. Сенің сүйген қызың бар екенін де жасырмай, жақында той өтетінін де жеткізгем. Жазушы-дос қыз атын қайта-қайта сұрады. Мен айттым. Сонда оның даусы күрт өзгеріп, дірілдеп ала жөнелгенін білесің бе?
– Неге?
– Лалагүл ана есірткі саудалаушы Күлайшаның жақын сіңлісі деседі.
– Е, онда не? Әркімнің өз тағдыры бар. Жеке басым Лалагүлге сенем.
– Ал, күні ертең Күлайша іске шатылып, оның бір ұшы Лалагүлге де тиіп жатса, сен сырт қала аласың ба? Осыны ойладың ба?
Ханмұраттың жүзі сұп-сұр болып, үн қатпастан қалшиды да қалды.
– Өзің шеш, айналайын! Менікі ескерту ғана, – деді Аспан. – Бірақ, бір нәрсе есіңде жүрсін. Бұл есірткі саудасында Күлайшалар жалғыз емес, оның артында биік орынтаққа отырып алған арсыз адамдар тұр. Тіпті бір ұшы алыс Америкаға да жетіп жатыр...
Бозбала үндей алмай, тұтығып тұрып қалған.
* * *
...Жалғыз өзі аяңдап жүріп келе жатыр еді, артынан таныс дауыс естілген. Дереу мойнын бұрып, жалт қараған. Құдай-ау, мынау кәдімгі Балзия ма? Мұны да қайтадан көретін күн бар екен-ау! Кетіп қалды деп еді ауылдан... Өткендегі оқиғадан соң, Шерқаладан күдер үзді деген еді ауылдағылар...
– Балзия!
– Оспан!
– Сен мені кешірші, Балзия! Мен ақымақ болыппын...
– Жоқ, Оспан! Қайта мені кешір. Жаңа заманды түсінгісі келмеген бейбақ – ол мен екенмін.
Келіншек үнінде діріл бар. Қолының саусақтары да дір-дір етеді.
– Бір жерің ауыра ма?
– Емделіп жүрмін.
– Жүрек пе?
– Жалғыз ол емес...
– Шетелге алып кетейін. Барасың ба?
– Жоқ! Не де болса, осы Шерқалада қаламын. Өлсем – сүйегім осында жерленсін.
– Қайран, Балзияш! Сен де қартая бастапсың-ау...
– Енді талай уақыт өтіп кетті емес пе!
– Келші, құшақтайын.
– Ойбай, ұят болады. Ел көріп қояр. Бұл жер – Еуропа емес қой... Оның үстіне... қазір осында ұлым келеді. Зіңгіттей жігіт...
– Ұлың ба? Қайда ол? Мені тани ма?
– Әрине. Сен туралы күнде айтам...
– Аты кім?
– Заңғар...
– Білімі бар ма? Қайда жұмыс істейді?
– Заңгер. “Адал заң” деген қоғамдық қозғалыстың белсенді мүшесі. Өзі сол жерді ұнатады. Қой десем, тыңдамайды. Қай жерде даулы мәселе туындаса, соған араласа кетеді. Барынша белсенді...
– Е, онысы жақсы екен.
– Өзіңе бүгін ішке бүккен бар шындықты ашып айтайын. Шербек пен Артурдың арасында жасырын байланыс барын да сездірген – осы ұлым. Соның байқағаны... Заңғардан білдім...
– Е-е-е...
* * *
Сәмбі талдың түбінде екі жас ұзақ-қ кідіріп қалып еді. Бірі – бойжеткен, бірі – бозбала. Бозбала бүгін мүлде бөлек мінез байқатып, қатты-қатты сөйлеп қояды.
– Менен бұны неге жасырдың? – дейді бойжеткенге тап-тап беріп. – Алдап, уысыңа түсіріп алғың келді ме?
Бойжеткен де өжет, сөзге есе жіберер түрі байқалмайды.
– Сен мені шын сүйетін шығар деп ойлап едім. Қателескен екенмін...
– Бұл жерде сүюдің, махаббаттың қандай қатысы бар?
– Қатысы бар! Әбден бар! Жер бетіндегі барша жаманшылық пен қиыншылықты тек қана махаббат жеңе алады. Мұны мен емес, ертедегі ойшылдар айтқан.
– Ойшыл дейсің, ә? Ал, сенің ана “іскер” әпкең ше? Жазушы ағайдың түбіне жетіп тынды, ендігі кезек кімдікі екен?
Қыз шыңғыра айқайлап жіберді.
– Менде ондай әпке жоқ. Енді болмайды да.
– Қалай? – деп таң қалды жігіт. – Ол сенің туысың емес пе?
– Маған ең алдымен ақиқат туыс! Шындық туыс! Адалдық туыс...
– Онда неге... оған қой демейсің? Ол неге...
– Менің тілімді ала ма? Тыңдай ма мен секілді қарапайым ұстазды... Егер тыңдар құлқы байқалса, сан рет айттым емес пе...
Осылай деп тұрды да, аз-кем тоқтап барып:
– Айттым! Сан рет айттым! – деп бақыра сөйледі. – Бұдан былай олармен бірге тұрмаймын...
– Сонда қайтпексің?
– Кетемін. Бетім ауған жаққа із-түссіз жоғаламын.
– Ал, мен ше?
– Сен де мені керек етпесің белгілі. Оған бүгін көзім анық жетіп тұр.
Осылай деді де, ағыл-тегіл жылады. Тоқтаусыз, көзінен моншақ төгіп ұзақ өксіді.
Үлкен қателік жасағанын қазір ғана аңдағандай, жігіт қызды қапсыра құшақтап алып, бауырына басқан...
Ілездемде жел тұрды.
Сәмбі тал жапырақтары желмен бірге желкілдеп, сыбдырлап қоя берді.
Қыз бен жігіт құшақтасқан қалпы ұзақ-қ уақыт айырылыспай, бір-біріне жабысып тұра берген...
* * *
Ханмұрат Аспанның күні кешегі шешіміне қатты қуанды.
– Қаржы көзі табылған екен, енді онкоаурухана қайтадан жұмысын бастайды, ә! – деді. – Тіпті сіз... наркологиялық орталық ашуға да ынталылық байқатыпсыз.
– Соны жөн көрдім.
– Рахмет, ағатай. Сіз туған жерге шынымен жанашырлық таныттыңыз...
Аз-кем үнсіздіктен соң, жас бозбаланың басынан сипалап тұрып:
– Қалай шештің? – деді Аспан. – Өз жайыңды сұрап тұрмын...
– Үйленемін.
– Осы шешімің дұрыс деп ойлайсың ба?
– Дұрыс! Әбден дұрыс!..
Өмірінде тұңғыш рет ағасына тіке қарап, даусын нықтап сөйледі.
Кәсіпкер үндемей, төмен қарап тұрып қалған. Енді Ханмұрат ағасының жағдайын білмекке ынтықты.
– Сіздің шаруаңыз ше? Аяғы немен бітеді, аға?
– Бір есебі табылар! Ең бастысы – арым таза... Ешкімге қиянат жасағам жоқ... Ештеңе ұрлағам жоқ...
– Қаржыңыздың біраз бөлігі аяқ астынан қолды болды! Алаяқтарға бұйырғаны ма? Сол жағы жаныма аяздай батып кетеді.
– Ай, екінің бірі айта беретін, ешкім түбіне жетіп болмаған қу дүние ме! – деді Аспан. – Соның соңына түсем деп, өз еліме өзім жат пендеге айналып кете жаздаппын. Тіпті ана кекеш Жалбызбай құрлы “қазақ үшін өлуге әзірмін” деп кеуде қағып айта алмаған соң... Мүмкін, осылай аяқталғаны дұрыс та шығар... Енді байқап қарасаң, көзім ашылып келе жатқандай...
Даусы дірілдеп кетіп еді.
* * *
Ертесіне-ақ құқық қорғау саласының бір өкілі Аспанды жатқан жеріне іздеп келіп, сұрақ-жауап алу үшін соңынан ертіп әкетіп бара жатты...
Эпилог
(жазушылық түйін)
Басы бүтін бір шындық бар.
Не жазсаң да, нені қаузасаң да – алдымен адам туралы толғайсың. Адамсыз әңгіме – тұзсыз ас іспетті. Мына жарық әлемге пенде бейнесімен келіп, сеніммен есік ашқан соң, қалай өмір сүру керек, міне, ең ұлы мәселе осы тұста дірілдеп тұрып алмақшы!
Ал, біз... қандай адам екенбіз, а?..
* * *
Рас-ау, пенде жер бетіне шыр етіп келген күннен бастап, оның алға, алғы күндерге ұмтылысы басталады. Өйткені, өмір деген – қозғалыс! Қозғалыс тоқтаған күні тіршілік те тұйықталады.
Әлбетте, пенде атаулының бәрі бірдей қол жетпесті көксеп, заңғарға құлаш сермеп, алдына биік мақсаттар қоя алмас. Әркім өз қадари-қалінше армандауы да ықтимал. Ол, әрине, бөлек әңгіме.
Ал, бірақ, өмір ағымын дөп түсініп, бар күш-жігерін байлыққа һәм баюға арнай білген, сөйтіп үлкен жетістікке жете алған адам – шын бақытты жан ба? Жалпы, байлық кісіге бақыт па? Тап осы сауалдың дәл анықтамасын ешкім де ешқашан айта алмаған, айта алмайтын да шығар!
Неге? Өйткені, адам жүрген жерде бай мен кедей, аш пен тоқ, семіз бен арық сөзсіз қатарласып-қапталдасады. Қайсысы сүйікті – оны да кесіп-пішіп айту қиын сауал. Қиынның қиыны.
Сонда... пендені сүйікті ететін де, биікке көтеретін де ең алдымен оның адами қадір-қасиеті дейміз бе? Ақылға салып қарасаң, шындық соқпағы соған қиялап жол салатындай. Сен кім болсаң ол бол – тек өмірдегі өз бейнеңді жоғалта көрме! Өзіңді өзің сақта!
Әй, бірақ... осыны айтып отырған тек біз ғана ма екенбіз, бізге дейін де талай айтылған-жазылған, тіпті бағасы да беріліп, ақ-қарасы айқындалған әңгіме шығар, тегі! Сонда да осы тақырыпқа неліктен орала береміз?
Бұның түпкі құпия-қалтарысы неде?
* * *
Екі адам – екі түрлі мінез!
Жүз адам – жүз түрлі мінез!
Мың адам – мың түрлі мінез!
Адам мен адамның айырмашылығы, шамасы, тап осы мінезінде! Өмірде жаман адам жоқ, мінездері сәйкес келмей, қайшыласып қала беретін пенделер көп...
Ау, ендеше бір кісіні екінші кісімен не үшін, не мақсатпен салыстырып жатамыз?
Жаратылыс заңы солай екенін мойындасақ, оған неліктен бас қатырып, ми солқылдата береді екенбіз? Осы бізге не жетпейді, а?
Жә, мәселе, кімнің мінезі қандай деген сауал төңірегінде ме? Жо-жоқ, мінез – біздің бас ауруымыз деңгейінен өтіп кеткелі қаш-шан! Қазіргі бас қатырар жайт – мүлде басқа! Бізді мазалайтыны – қайткенде адам адам қалпымен қала алады! Неге жұмыр басты пенде кейпінде жаратылып, содан соң төрт аяқтының ісін істейді? Неге біз сондаймыз?
Неліктен адам деген асыл есімді әуелете ұстап тұра алмай жүрміз?
Осы жайынан ой тербегенде, әлбетте, сөз өзінен-өзі саулап жүре бермекші...
Таусылмас сұрақтар алдымызды кес-кестер!.. Мәңгіліктің сауалы қалпымен тұрып алар!..
* * *
Осы жерде, қадірлі оқырман, өздеріңіз асыға-ынтызарлана күтіп отырған бір мәселе жайын тілге тиектеп өтелік.
Сонымен, Аспан кім? Қандай кәсіпкер өзі?.. Не деген самарқау, салсүйек жан еді деп ойлап отырсыз ба?..
Рас, біздің бас кейіпкеріміз Аспанды құқық қорғау саласының өкілдері біршама уақыт әурелеп, сауал-жауаптың астына алып, біраз сілкілеген-ді. Аспан, бірақ, қыңқ етпепті. Бәріне де шыдады. Шыдаммен аяғын күткен-ді.
Сіздерге оңашалап айтайын, осы сұрақ-жауап алу кезінде, өз өтініші бойынша, Аспанды Артурмен де жүздестірген. Бетпе-бет келгенде ашуланбай, мінез көрсетпей, ақырын ғана сұрады:
– Менен не жамандық көрдің? Осылай істеуіңе не себеп?
– Сіз де бір кезде Роннимен осылай аражік ажыратқансыз. Айырмасы қайсы?
– Айырмасы жер мен көктей. Білгің келсе айтайын, біз бір-бірімізге жаманшылық ойламадық. Зиянымыз тиген жоқ.
Артур қипақтап, басын сипалап тұрды да:
– Өзіңіз емес пе! – деді. – Мені кейінгі уақытта шетқақпай ете бастадыңыз. Барынша сырғақтап, сырыңызбен бөлісе бермейсіз. Бәрі де құпия...
– Ал, сөйтсе ше?
– О баста басқаша келісіп едік. Аяғына дейін сыйласып өтеміз, таласып-тартыспаймыз дегенсіз.
– Сенімен таластым ба? Саған қысым көрсеттім бе?
– Жоқ!
– Ендеше, бұл әрекетіңе жол болсын?
Бұрынғы көмекші-серігі күбірлеп барып, артынан бар шындықты ашты.
– Мені, ашығын айтар болсам, мұндай әрекетке итермелеген Джон. Оны мен емес, сіз тапқансыз. Ол “екеуміз бірігейік” деді. Аспан енді бизнесте жаңашыл бола алмайды. Демек, болашағы да күңгірт. Тап осы тұста... қазақ жерінен Шербек деген іскер де әбжіл адам кездесе кетіп, өзімізше бірігіп, әрекетке көштік.
Аспан осы тұсты аз-кем мырс еткен.
– Неге күлдіңіз?
– Сенің ойың бұзылып, Джонмен ауыз жаласып алып, менен аулақтай бастағаныңды сол кезде сезбей жүрді деп пе ең? Бәрін де білгем...
– Қалай? Онда неге...
– Ханс жасырын хабаршым болды. Жалбызбай деген қазақ та біраз жайтты ашып беріп отырды. Сонда да шыдап бақтым... Сені аяғына дейін сынап көрейін дегем. Не десе болса, шын бейнең ашылса екен дедім. Ұзақ жолда оп-оңай сыр бердің ғой, достым...
Артур шыдай алмай, қынжыла сөйлеп:
– Қандай шыдамдысыз! Ал, мен болсам, құдай біледі, өйте алмас ем. Дереу сазайын берер ем. Темірді қызған кезінде соғады деуші ме еді.
Оның сөзіне Аспан тағы да мысқылды күлкімен жауап қайтқан.
– Жарайды. Бизнесте бәрі де мүмкін. Тек... есірткі саудасына қайдан киліктің? Оған көзсіз ұрынғаның қалай?..
– ?!
– Осы ісіңе арыңның алдында ұялмайсың ба? Іштей қиналмайсың ба?
– ?!
Әрі қарай әңгіме жалғанбады. Құқық қорғау саласының өкілі екеуін екіге бөлді...
...Ең соңында Балзияның ұлы Заңғар келді көмекке. Ол да заңгер еді ғой. Екі-үш тіл білетін-ді. Жо-жоқ, шетелге барып оқыған емес, өзінің талабынан. Жатпай-тұрмай кітап ақтарып, өз бетінше ізденіп, ақыр аяғында заңгерлік мамандықпен бірге шет тілін де қоса меңгерген алғыр жас болып қалыптасып еді.
Асылында, Аспанның түк те кінәсі жоқ. Ол Артурға да, басқаларға да мұндай тапсырма бермеген. Бар қателігі – олардың немен және не үшін айналысқанын жіті бақыламағаны. Шербек секілді алаяқпен ауыз жаласқаны былай тұрсын, екеуі бұның сыртынан құпия жоспар құрғанын біле тұрып, білмей қалғаны.
Іс шешімін табар тұста, былқылдап тұрған сәтте, “Адал заң” қоғамдық қозғалысының атынан Заңғар сөз сөйлеп, Аспанның өз елі алдында ары таза екенін шегелеп тұрып, заң тілімен жеткізді. “Есірткі саудасына тікелей қатысы болмаса, неге кінәлі атанбақ? Артур да, Джон да, тіпті Шербек те Аспанға көлеңке түсіре алмайды. Оған заңдық негіз жоқ...” деп қадап сөйлеген. Оның айтқанына бірлі-жарым қысық мінезділер тарапынан қарсылық болғанымен, көпшілігі бас шұлғыған.
...Балзия мен Аспан оңаша қалып, қатарласа жүріп келе жатқанда:
– Сізге бірнәрсе айтуым керек, – деді келіншек. – Мойныма қарыз болмасын. Мына бала... Заңғардың сырт бейнесіне көңіл қойып байқадыңыз ба?
– Жоқ!
– Жүріс-тұрысына ше?
– Жоқ!
– Ендеше, бір мезет көз салып қойыңыз, өзіңізге ұқсап бара жатқандай емес пе! Соны байқамадыңыз ба осы күнге дейін...
Бұл сөзді естігенде Аспан есінен тана жаздап, тілі байланды. Ештеңе де айта алмаған... Денесінде әлсіз діріл пайда болған.
– Енді сіз... – деді Балзия. – Америкаға қайтатын шығарсыз? Солай ма?
– Жоқ! – деді Аспан. – Сол жаққа аяғым тартпай тұр. Бизнестің бәрін осы жаққа ауыстырам ба? Күні кеше Жалбызбай деген қазақ оралды ол жақтан. Қызы оқуын аяқтаса керек. Енді айтқан сөзінде тұрды, міне! “Киіз үй” деген кафені осы Шерқаладан ашып беріңіз деді. Бас изедім. Тағы да... ойланамын. Енді Заңғарға да қолдау-көмек керек болмас па! Қалай ойлайсың?
– ?!.
* * *
Тағы бір шындық тіл ұшында тұтана жаздап тұр.
Байлық үшін барын жұмсаған адам мен қағаз кемірген жазушыны салыстыру, сөз жоқ, санаға мүлде сыймайтын, тіпті де орнықпайтын шаруа.
Сөйтсе де, бүгінгі заман – бардың ғана бағы үстемдік құрып тұрған уақыт! Бар барлығын жасайды! Нені ойға алса да, орындап шығуға бек мүмкіндігі ту көтеріп тұр. Ендеше, сол халықтың рухын оятып, санасын сілкілегісі келген ой адамы өзімен қатарласа өсіп шыққан ақшалы замандасын іздесе – оның несі мін? Несі айып?
Байлық пен жан сұлулығы қатар тұрып, бір-біріне аса ынтызарлықпен, ерекше ілтипатпен тіл қатысса, өзге арман керек пе?
Бұл шағын еңбектің де бар діттеген мақсат-ойы сол еді!
Айта алдық па, жоқ демегімізді тіл ұшына түйіп, өз биігінде айта алмадық па – оған төреші өзіңсің, мәртебелі оқырман!
Біз әзірге осымен тоқтадық!..
2017-2018 жж.
Жолтай Әлмашұлы