Торғын Жолдасбекқызы. Ол – соңғы кездері әлеуметтік желіде әңгімелері ең көп оқылған жазушы. &...
Айгүл Кемелбаева. Өнер бағы
Аллатағала адам баласының кеудесіне қос жүрек бітірген жоқ, бас сүйегінен ойып, сәулелі екі көз берді. Нұр үстіне нұр. Жарықты жарықпен танысын дегені, тамшыға тамшы тамызғаны. Құран-кәрімнің 24-ші «Нұр» атты сүресінің 34-аятында: «Алла көктер мен жердің нұры. Оның нұрының мысалы: ішінде жарық бар қуыс. Немесе қуыста жанған жарық сияқты деп жазылған. Тұңғиық тылсым тұспал. Өмірге құштар зерденің ақыл, ес, парасаттың шамшырағы – адам нәсілінің маңдайына біткен мөлдіреген көздері. Мейірімді, қамқор Алла қөрсоқырлықтан сақтап, сүйікті құлының көзін еселеп, жұбымен жаратқаны осал ишара емес. Көз сұлулық пен сұмпайылықты қатар көруге жаралған. Көз таразы. Тегі таңдауын алсын деген сыңай бар. Дүние көздің құрты, сондықтан атам қазақ оны «дүние боқ» деп бір сөзге сыйдырған. Жалған дүние түбі өлім, бұл дүниенің бағын мәпелеп өсірген адамның жаны о дүниенің жәннат бағына тап болады. Демек адам болудың пейілі мен назасы осы бір жұмбақ таңдауға түйілген: я бақты аялау, я бақтан айрылу.
Ғасырлар керуеніндегі ұлы көште қасиетті кітаптарға шаң жұқпайды. Өсиет, нақыл, тәмсіл сөздің қат-қабат астарында адамзат нәсілінің құпия бағы орналған. Ол – өнер бағы. Бағы таймаған азат халық мәңгілік. Өнер бағын баптап күткен көрікті ұлттың рухы асқақ, бағы барда тұғырдан түсуі жоқ. Өйткені өнер бағы Алланың нұры, ишарасы, рухани нәрі. Рухани қорексіз табиғи тіршілік тұл. Бақ, бақша, орман тіршілік көзі, метафора ақиқаттан алшақ емес. Өсімдік, өну, өнер, өсу, тамыр , тіршілік.
Батыс пен Шығыстың әдеби дәстүрінде өнерді жайқалып өскен бақ бейнесінде тап басып суреттеуінде не сыр бар?! Өнер символын бақ кейпінде елестету, дәріптеудің құпиясы неде?!
Әлқисса, әңгімені көне шығыстан бастасақ. Бөбектей томпиған Күн де шығыстан туады. Хакім Абай дүниеден өтерден аз бұрын 1903 жылы мына бір өлеңін жазған:
Жалын мен оттан жаралып,
Жарқылдап Рағит жайды айдар.
Жаңбыры жерге таралып,
Жасарып шығып гүл жайнар.
Жалын мен оттан жаралған
Сөзді ұғатын қайсың бар?
Сөз құдіретінен бақ өседі. Абай пайымдауында Сөз бен Бақтың жаратылысы қабысып, жарасып шығады, түпкі мағына: өнер – бақ. Ұлы ақын бір мезет:
Жапырағы қуарған ескі үмітпен
Қиял қып өмір сүріп, бос жүріппін, – деп мұң шағады.
Көңілі пәс, жаны жүдеу, пейілсіз сәті, соны айтқаны. Абайдан соң Шәкерім «Бәйшешек бақшасы» атты өлеңінде былай деп исі қазаққа уағыз айтты:
Кісі бағын деме бағым,
Өз денеңді нұрлы қыл.
Ай сықылды болма жарық
Қарызға алып күн нұрын.
Көкейкесті киелі ой: халықтың маңдайындағы бақ – өнер бағына байланысты. Қазіргі көпшілік мәдениеті меңдеген ауыр кезеңнің ащы тұспалы: «Кісі бағын деме бағым». Ұлттық болмыстан адасып, тегінен айырылып қалу қаупіне ұшырап, рухани азып-тозуға ұрынарда халық балдан тәтті, сүттен ақ ана тілінің қасиетін таптап, өз бағын жоғалтып алады. Сөйтіп, төл өнерін, туған тілін бағы санамаған халық түбі хайуанданып, азып құриды. О бастан солай үкім естілген, себебі бақты аялай күтпеген шөлді өзі тілеп алады.
Тәтті жеміс, нұрлы гүл керек қылмас
Боққа төккен саламға тойған есек.
Данышпан Шәкерім Абайдың «Итке маржан не керек» дегеніне үн қосады. Ежелгі грек ойшылдары бастарына лавр жапырақтарынан өріп тәж киген. Өнер бағының метафорасы әлемдік аңыздарға тән. Тепеңдеген көк есегіне теріс мініп жүре беретін Қожанасыр бабамыздың даңқы өшпесін! Түркі тектес ұрпақтың асыл мұрасы Қожанасыр хикаяларының ішінде өзім үшін ерекше сүйікті бір әңгімесі бар. Өйткені Қожа жарықтық тәрізді талай рет өзім де түн ауғанда төсегімнен ұшып тұрып қағаз бен қаламға жармасқанымды несін жасырайын.
Ол әңгіме Қожанасырдың өлең шығаратын қабілеті туралы: «Бір күні Қожа оқыс ояна салып: – Қатын, тұр, шам жақ. Мен бір керемет өлең ойлап шығардым дейді. Әйелі түрегеліп, шам жағып, алдына қауырсын, дәуіт әкеліп қояды. Қожа шимайлап өлең жазады. Ол шамды сөндіріп, қайтадан жатуға ыңғайланғанда, әйелі: – Түн ұйқыңды төрт бөліп, әлгі шығарған өлеңіңізді оқып беріңізші, – дейді. Сонда Қожа маңғазданып:
Қызыл тұмсық тауық жүр
Жасыл жапырақтар арасында, – деп оқып берсе керек».
Ұлы гуманист Эразм Роттердамский мұны мақтанға мадақ – бұл өмірсүйгіштік пафос деп атайды. Адамды баурайтын осы әңгіменің әсем юморынан бұрын терең астары мен мистикалық жұмбағы дер едім. Шабыттың персоникациясы осы болып шықпасын! Қара түн, жасыл бақ, қызыл тұмсық, ақ тауық – космостан таралған күллі бояу бар аспани метафора. Суретші жаны аңсайтын шығармашылық бояулар. Әпенді расында ұлы сопы. Қожанасыр аңқау болып көрінетін ең ақылды жан. Суфизм жұмбақтап, әсірелеп, әдіптеп, көмкеріп сөйлегенді сүйеді, әсте тұспалшыл. Қожекеңнің ерке өлеңге түсірген «Жасыл жапырақтар арасы» – творчестволық бақ. Өнер бағы. Өнер Алла тағала таңдап сүйген құлына маңдайына жазған ерекше бақ-берекесі, дарын-сыйы. Өлімді өнер ғана жеңбеуші ме еді. Ажалдан араша тілеген Қорқыт баба қобызға, құдіретті өнерге бағынып, күйзелген жанын жебемеп пе еді. Қобыздың қылында тірілген өнер өлген жоқ, иншалла, тірі.
Сөйтіп, Қожекеңнің мына әрекеті былайша ақындық өнерге пародия, анекдот сияқты. Бәлкім, ол ақын айдарынан жел есіп, қораздай қоқилана, кербездене қалатын бір маңғаз кезін, күлкілі мезетін әдемілеп мазақ қылғаны ма?! Афоризмге құштарлықтың бір жұлдызды бейнесі – Қораз бейнесі, оны И.А.Крылов, А.С.Пушкин шығармаларынан тану қиын емес: «Золотой петушок, золотой гребешок».
Осынау оймақтай жеңіл, күрмеусіз әнтек әңгіменің ділінде күллі шығармашылықтың дәні, негізі бар. Көркем шығарма неге жазылады? Оны тудыратын қандай қозғаушы күш, нендей ғаламат? Адамға ең керегі нан емес пе еді? Өлеңнің мақсаты не? Өнер бағында Суретшінің жаны Жаратушысына бір табан жақындағанын сезініп масайрайды. Шабыттың құс қанаты – мастану мен баурау. Жазғы жамал бақта тауық серуендеп жүр. Суретшінің бар пейілі осынау өмірсүйгіштік таза рухында. Өйткені, өмірдің алтын шағын, бір күн болсын жарық дүниенің нұрлы дидарын Өнер сүйіп бейнелеуге құштар. Өмір – бақ бейнелі. Бақ о баста адамзат жоғалтып алған жұмақ бағы болуы ғажап емес. Діни философияда адасқан асылын іздеп табу үшін күнәдан арылу керек. «Шексіз тақуалар бақшаларда, бұлақтарда болады» (Құран-Кәрім, 5 І-Зәрят сүресі, 14 аят). Қожанасырдың «Жасыл жапырақтар арасы» – Суреткердің, Ақынның жан дүниесі мәпелеген көркем бағы, яғни гүлденіп, жеміс беріп тұратын шығармашылық процесстің аллегориялық кейпі.
Осы шығармасына астар болуға лайық екінші кейіпкер – Батыстан, неміс әдебиетінің еркесі барон Мюнхаузен. Ол өзі біздің қазақтың Тазша бала тұқымынан, Алдаркөсеге жамағайын, Қожанасыр жарықтыққа әнтек қылықтарымен тартып туғанында еш шүбә жоқ. Су жұқпас суайт барон бейнесі қарапайым халықтың мұң-мұқтажынан, мұрат-мүддесінен даналыққа құштарлық, өмірді мейлінше сүю, парықсыздық пен тексіздікті күлкіге айналдыру, жуанның жағымсыз қылығын мазақтаудан туған.
Қазақ «Басы аманның – малы түгел» деп айтады. Бұл сөзде қанағат пен рақым, жомарт пейіл бар. Күлкінің құдіреті өмірді қастерлеуінде, Аллатағаланың жарық сәуле бергеніне ризашылық, жалған дүниенің қасірет, назасына мойынсынбаушылығында. Күлкінің рухы күшті, қуаты зор болатын себебі содан.
Естіген елдің езуін жидырмайтын барон Мюнхаузен әңгімелерін теріп жазып алған Э.Распэнің кітабында баяндалған «Таңғажайып бұғы» атты хикаяның сипаты мынау: «Жолда шие жеп, сүйегін түкіріп тастап, тоғай аралап келе жатқан қаңғыбас барон Мюнхаузенге қарсы алдынан бұғы кездеседі. Мүйізі тоқсан тарау ірі бұғыға барон қаншалық аңшының көзімен ішіп-жеп қызыға қарағанымен, қырсыққанда мылтығының оғы бітіп қалған екен. Дым жоқ. Жалма-жан ол мылтығын шиенің сүйегімен оқтай салып атып, бұғының шекесіне тигізеді. Бұғы үркіп, жалт бұрылып жайына кетеді.
Арада бір жыл өткен соң жолы болғыш барон Мюнхаузен құдай айдап сол тоғайдан баяғы бұғыға тап болмасын ба! Қараса әлгі бұғының шекесінде мүйізінің ортасында мәуелі шие бағы жайқалып өсіп тұр. Барон бұғының былтыр өзі кездестірген аң екенін, шие ағашын өсірген де өзі екенін ұға қояды. Бір оқпен екі қоян – бір қазан ет пен бір қазан компот атып алдым, өмірімде мұншалық тіл үйіретін тәтті шиені татып көрмеген екенмін деп мақтанады барон».
Федерико Гарсия Лорка таңғажайып сұлу қиялдың өмір шыңдығынан мүлде жұпыны, нәрсіз, қарабайыр келетінін жазды. Қиял құпия үңгірлерді алыптар жасады деп қисын іздеп тұспалдағанымен, ол бір тамшы судың салған көркем құрылысы екен. Табиғаттан көркем, жаралытыстан шебер ештеңе жоқ. Барон Мюнхаузеннің бұғының басына өсірген шие бағы – аллегория, гротеск, метафора. Жұмақ құсы басында тәжі бар, тәж – патшалық атрибуты бақ құсының басындағы бақ символы, «бақыт» сөзімен түбірлес. Шахқа лайық салтанатты осынау детальдан зерделі оқырман творчествоның бақ, творчество адамының бағбан екенін түйсінеді. Бұғы екеш бұғының да басына мәуелі бақ өсіру нағыз бағбанға лайық феномен.
Басқа мүйіз орнату «Фаустта» бар символ. Суреткердің тағы бір метафоралық ононимі, символдың бөгде бір ерекше атауы бақ күтуші бағбан. «Бұғының мүйізі» сөз тіркесіне назар аударайық. Мұндағы мүйіз бақ өскен орта болып тұр. Мысалы, теңеу ұқсастықтан туады, көне Эллада мифтерінде нәресте Зевсті ақ сүтімен асырап өсірген Амалфея деген ешкі. Ешкінің мүйізі сынып қалғасын Зевс құдай одан «Молшылық мүйізін» («рог изобилия») жасайды. Сол мүйізден қанша құйылса да молшылық, тоқшылық сарқылмайды, ал осы мүйізді иемденгендер тағдырдың қалаулы еркесіне айналады. Руханият өнер осы мифологиялық символға тұстас, сарқылмайтын, таусылмайтын құдірет, рақым! Өнер – ұрпақтан ұрпаққа көшетін киелі қазына.
«Архитектура өнер, ал осы сөздің этимологиялық түбірі – архитектон, оның негізгі мағына түскен бөлігі тектен – («плотник»), яғни балташы. Алайда ежелгі грек тілінде осы сөз ұлы мағынаға ие болған: «мастер», яғни шебер. Осы «мастер» деген сөз Гомерде «Мүйізді өңдеуші, қырнаушы, балташы» («плотник обтачивающий рог») деген мағына береді. Пиндар, ежелгі грек ақыны, «Ақын – сөз балташысы» деп жазды. Платон әлемді Жаратушыны «Космос балташысы» («плотник космоса») деп атауы кездейсоқ емес. («Наука и религия» журналы, №1, 1992).
ХХ ғасырда өмір сүрген Михаил Булгаков «Мастер и Маргарита» атты романында Шебер деп жазушыны атайды. Гомердің шеберді «Мүйізді өңдеуші» деп атаған эпитеті барон Мюнхаузеннің аң мүйізіне бақ өсірген шығармашылықтың потенциалын, күш-қуатын бейнелеп беруімен астасып тұрғанын аңғару қиын емес.
Шығыс пен Батыс. Өнерге екі түрлі көзқарас, екі түрлі әзіл мен гротеск, әсірелеу, ұлттық сипат бар. Алайда Шығыс пен Батыстың өнер туралы дүниетанымындағы түйісер жері, үйлесім шеңберіндегі кіндігі – мәуелі бақ. Екі 6 әңгімеде де өнер бағының символын әспеттейді. Өмір аумалы-төкпелі болса, құнарлы топырақта өнген дәнді көшпеліден отырықшыға, жат өлкелерге егіп, ұрық себетін қасиет ұлы Өнерге тән. Адамзатқа ортақ өнерді күллі халықтар, ұлт пен ұлыс, тайпа атаулы өгейсітпей сүйіп қабылдайтын асыл қасиеті оның сол ұлы пейілінен бүкіл әлемнің біртұтас организм екендігінен, мінсіз үндестіктен туған. Өнер еккен дән баққа айналады. Испан арабтарының махаббат лирикасын теңізден ескен жел ұшырып барып, француз трубадурларының ғашықтық поэзиясын көктетті. Жаратушы сүйіп жаратқан шығармашылық бағы солмасын! Руханият, мәдениет, иман бағы – адамгершілік салт-дәстүр, тектіліктің жұпар иісті ой-арманы, ақыс-есі.
Ал ХХІ ғасырда адамзат өркениеттің салтанаты мен кесапатының ара жігін ажыратуға дәрменсіздік танытуда. Ұлы өлшемдерді көр-жөр ұсақ-түйекке айырбастап жіберуге әуес тобырлық сана өнер бағын балталап, шынарын сұлатып, бәйтерегін жаңқалап, пайдаға жаратпаққа, тамызыққа бұтарлап әкетпекке жаланып тұр. Бірақ біз білуге әбден тиіспіз: құдайсыз қурай да сынбасын!
Айгүл Кемелбаева
жазушы