Жүкел Хамай: Жанаттың ғана қателігі емес

ӘДЕБИЕТ
2263

Қазір қазақ поэзиясында поэма, соның ішінде эпикалық бағыта қалам тартып жүрген жастар өте аз. Ал жазылып жатқан шығармаларға жазылған әдеби талдаулар жоқтың қасы. Сол олқылықтың орнын толтырсақ деген ниетпен ақын Жанат Жаңқашұлының «Шыңғыс хан» атты поэмасын әдебиетшілердің пікірімен қоса ұсынып отырмыз.

Өз ісіммен отырған тұста кенет телефон шырылдап: «Аға, сізге бір ұсынысым бар еді. Жанат деген бауырыңыздың «Шыңғыс қаған» поэмасын талдап беріңізші, бірер адамға жаздырған едік, онша болмады...», - дегені. Жанат бауырымды біраз жылдан бері үзбей оқып жүрсем де, «Шыңғыс қаған» поэмасы, оған жазған алғашқы пікірім есімнен шығып кетіпті, ойым басқа жақта болғандықтан болар... Поштама өзімнің қысқаша пікірімді, «Шыңғыс қаған» поэмасымен қоса жіберіпті. «Ал, кәні! Әлгі бір көзі қырақ, ақылы «зерек» сыншылар қайда!? Қазақтың қара домалақ ұлы (Жанат Жаңқашұлы) күллі испан, ағылшындар бас иген Хусто Хорхе Падронның «Тозақ шеңберін» бір поэмасымен жер етті! Мақтануға әм мақтауға лайық шығарма!..», - деппін. Жанат бауырымыздың сөздерінің мірдің оғындай өжеттігіне және Махамбет, Ілиястардан кейін жұмсақ лирикаға әуестеніп алған поэзия алаңымызға жалын атқан жастың келуіне қуанғаным болар. «Сыншы» мен Падронға қатысты пікірім – оларға көңілім толмайтындығымнан болар. Расында да, кейінгі жас ақындардың арасынан Жанаттың ізденгіштігі мен тілінің шұрайлы көркемдігі өзгеше ұнайды. Иса Байзақов сияқты поэма жанрына жеке дағдыланса, Падрон түгілі, Гарсиа Лорканың алдын орап кететіні сөзсіз. Ондай мүмкіндігі де бар, қазақтың бай сөз қоры мен тарихына, әлемнің таңдаулы әдебиетінен орыс тіліндегі қасаң аудармалар арқылы емес, тікелей түпнұсқалардан оқып дағдылынса... Қасаң аударма демекші, Жанатты да сол қасаң, сауатсыз аудармалар адастыра бастағаны бірден байқалады. Бұл Жанатқа ғана емес, біздің кәрі, жас - түгел қаламгерлеріміздің шығармашылығына тұсау болып жүрген пәлекет.

Әлем әдебиетін тек орыс тіліндегі аудармалар арқылы зерделеп, солардан үйренетіндіктен, қазіргі әдебиетіміз орыс әдебиетінің қазақ тіліндегі нұсқасы сияқты сезілетіні жалған емес. Жанат та сол бөгетке тіреле бастағандай. Мысалы, академик Бямбын Ренчиннің «Құпияны әшкерелеген хат» деп аталатын шынайы тарихтан алыс, көшпенділердің «тіл – тілшінің таңдайында» (Б.Ренчинге бұл сөзді ұстазы Владимирцов айтып, соның құпиясын ашып, талдауға кеңес берген) дейтін сөз тіркесін талдап түсіндіру үшін жазған әңгімесін тарихи шындық деп түсініп, сол арқылы Манж Чин /шүршіт/-нің нояны мен Галдан Бошогтының қолбасшысы Гөлөгөдей /жасанды/ кейіпкер туралы қате тұжырым жасаған. Ал, әңгіменің түпнұсқасында Б. Ренчин бұл туралы: Моңғол ұлысының он бес-он алтыншы жылы (Моңғолияға Октябрь революциясы орнаған күнен басталатын ескі жыл қайыру) жас студент Ленинград қаласында ғылым академиясының Азия музейіндегі орыстың көптеген ғалымдарының Азия құрлығынан тауып жинаған сирек жазба, сутраларды көріп, төте моңғол қаріпіндегі көне хаттарда амандық сұрасып /«айтар сөз елшінің ауызында»/ деген шағын сөздің мағынасының жасырын екендігіне қайран қалатынмын. "Сол кезде хатты сондай адаммен жіберемін дегенді білдіртіп, негізгі айтарын елшіге аманаттайтын бір гәп болған-ау", - дегенді ұстазым академик Владимирцов айтатын. Кейіннен Қобда шебінен халық ауыз әдебиетін, жергілікті диалектілерді, ежелгі көше тас, ескерткіштерді сұрастырып өртең, ескі сораптарымен жүргенде, шорос текті, сандығын толтыра ескі моңғол кітап, сутра жинаған қара шалдың үйіне қона түнеп жатып, бітік сутраларын қызықтап отырып /тапсыратын сөз елшінің ауызында/ деген сөздің құпиясын сол қырдағы шежіресі шалдан естігелі бері отызшақты жыл көкірегіме сақтап жүріп, енді ақ шашты жазушы болған шағымда қиыстырып жазып, көрермен қауымға жеткізуге бел будым. Он жетінші ғасырдағы біздің халықтың тарихында қайғылы жағдай көп болғандықтан, шежіреші адам зерттеп тауыса алмайды, сол себепті "көне дәуір" деп қысқарта салады. Сол көне кездің бір аңызын айтсам, былай болмақ: Батыс моңғолдың қонтайшысы Галдан Бошигтының әскері, Манжының Энх амгалан ханының әскерінен Туыл өзенінің Зуун мод /Жүз ағаш/ жерінде жеңіліп, Орхон өзенінің тасқынына құлап қашады. Шорас (цорос) әулетінің Гөлөгдей батыры әскерімен туысқандарын алып батысқа беттеп, Гобиде манж әскеріне ұсталып, қалың әскерден жеңіліп, бас иіп бағынады...» - деп, бастап, осы аңыз желісімен көркем қойылым сияқты дүние жазады. Осыны Жанат бауырым нақты тарих, жоңғарды-қазақ, шүршітті-қытай деп түсінген болуы керек, осы әңгіме желісіндегі өлеңін батырлық рухқа құрып:

«...Халық тұрды ет жүрегі езілген,

 Гөлөгдейдің асқақ рухын сезінген.

"Екі қызың қасқыр құсап қасарды,

 Батыр" десті "аумайтұғын өзіңнен.


" Харап қылды Шуну барлық отбасын,

Азабы елдің осыменен тоқтасын.

Фү қолбасшы қалтырады тізесі,

Шуну кетті түзге үзіп ноқтасын», - деп аяқтайды. 

Ал, өлеңнің көркемдігінде, тілінің шұрайлылығында гәп жоқ. Гәп әңгімені қате түсініп, тарихи шындық пен көшпелілер ұғымынан жаңылысуында. Жалпы, қолына қалам ұстаған кез келген ақын жазушы өз ұлтының шеңберінде ғана емес, әлем жұртына өз ұлтын таныту, сол арқылы соларды түсініп, солармен рухани жарысқа түсу үшін еңбектенеді. «Шыңғыс қаған» поэмасы туралы да осындай ой айтамыз. Шыңғыс қаған туралы әлемнің көптеген тілінде поэма- дастандар жазылды. Мағжанның «Түркістан» дастанынан кейін,1964 жылы орыстың Виктор Слипенчук деген ақыны поэма жазды. Бұл поэма да әлемнің көптеген тіліне аударылды, мақталды. Негізінен батыс ақындары Шыңғыс хан қатыгез, жауыз кейіпкер жасайды. Кеңес Одағы тарап, алыс беріс басталғалы бері жаңашыл ақындар, жазушы, драматургтер Шыңғыстан даналық кейіпкер сомдап жүр. Біздің Жанат бауырымыз да соңғысына жүгініп, Шыңғысты дүниенің ең соңғы қағаны, пайғамбармен қатар тарихи тұлға жасауды көздеген. Әнтек, тарихи дәлдік пен қазақы рухта дінге біржақты бой алдырғаны болмаса. Ол жалғыз Жанаттың қателігі емес, жалпы жастарымыздың, орысқа көп еліктеп Анна мен Белаша ғашық болатын қазақ ақын қыздарымызға тән ортақ қателік.

Жүкел ХАМАЙ

ШЫҢҒЫС ХАН

 (ПОЭМА)

«Сендер осыншама күнәһар болмасаңдар, Көк Тәңірі мен сияқты жазаны жібермес еді»

Шыңғыс қаған


І жыр


ҚЫЛЫШ ЖЫРЫ


Құдайдың да бар шығар ішкі есебі...

Соқыр ішек секілді іште шері –

Бұл адамға ес қонған болса әуелден,

Расулға (с.ғ.с.) аят,

Маған жыр түспес еді.


Адам-Ата жаралып жар салғанда,

Періштелер иіліп қарсы алғанда.

«Қарны қауақ», – екен деп жын айтады,

Шын айтады сол бәле,

Зәр сол маңда.


Құлқын күйттеп кеткенге Құдай да ұмыт,

Сайқалданса сұрқылтай жылай күліп.

Сайтан айтты: «Қарны қауақтай», – деп,

«Боқташағын әлі-ақ бұл сұрайды ұлып».


Құдай айтты:

– Құлшылық маған қылар,

Ібіліс кім, тәйірі, адам – бұлар.

Адасқанның алдында ала күдік,

Өмірді өксік етермін, заманды зар.


Құбылаға құлымды қаратармын,

Құмдай қылып зәузатын таратармын.

Ібіліске ергенді індет жесін,

Я болмаса бір Қаған жаратармын.


Құдайдың да бар шығар ішкі есебі,

Құлға қуат болған рас, күшке себі.

Адамзатқа ес қонса жерден Мәді,

Көктен Мәсіх түспес еді..


ТЕМІР ҺӘМ ТЕМІРШІН

Көктен метеор тас құлаған (Біз мұны лағынет тас деп атайық. Жер бетіне Құдай атқан қарғыс тасы). Ең алғашқы темір сол тастан шықты. Жасаушы – Түрік. Ол тұста өзге жұрт әлі қола дәуірінде батпақтап жатқан. Көшпелі жұрттың аңызына сенсек, сол таста Шыңғыс ханның тарақ таңбасы болыпты-мыс. Бұл да Жаратушының адамзатқа жіберген хабары еді...

Авто



Биссмиллә, ал Құран сыр айтады,

Құран айтса, көңілді мұңайтады.

«Лағынет тас жаудырам», – деген Құдай,

Жауғаны рас лағынет,

Құм айтады,

Құл айтады.


Тас құлады, ойран қып сейіл күнді,

Былайғы жұрт көруге бейіл қылды.

Дәл алдында балқыған қара тас тұр,

Қара қайғы екен ғой,

Кейін білді.


Төбесінен түскен тас тегін бе екен?

Құдай серті бұл-дағы, сенім бекем.

Сол қара тас алғашқы темір дейді,

Темір болса, қайғысы жеңіл ме екен?


Қара тасқа қайрағын жалатқанда,

Қылыш шықты, бәдізді тарақ таңба.

«Қаһар түсті, – дейді қарт, қалбалақтап, –

Жақпадық-ау, жарығым Жаратқанға».


Тәңір солай Түрікке темір берді,

Темір берсе, аяй ма емінгенді?

Теміршіннің тәні де – қара тастан,

О, Қара тас, айтайын шеріңді енді:


Кітап түсті қаншама том құраған,

Темір түсті... Ал содан оңды ма адам?

Пайғамбардың соңғысы – Әз Мұхаммед (с.ғ.с.),

Ер Шыңғыс та жердегі – соңғы Қаған!


Айыра алмай адамзат ақ-қараңды,

Даңқың сенің дала мен тақта қалды.

Құмбыл Құдай қашаған тағдырыңды,

Тарих дейтін бір дана жаттап алды.


Қаһарынан Тәңірдің жаралып ең,

Алақанда қан дағы – қаралы мең.

Саған ода айтылса бәрі шындық,

Саған тоба айтылса жала кілең.


Өлермендер қарайды тағыңа еліп,

Елің азды, ежелгі бағы кеміп.

Аңызында адамның сен тірісің,

Тастағанша қазақтың жады көміп.


Пірі Түлен бұл күннің, сүрі сүрен,

Нәлет айтып түңілгем жүрісінен.

Жөйттің ақылымен жаһан азса,

Жазалайды Түріктің қылышымен.


Жалғассын Ер түріктің елдігі ұдай,

Жалғассын Ер түріктің ерлігі ұдай.

Түрікке темір берді, тағдыр берді,

Теміршінді және де берді Құдай!


Маңдайда махпуз бөлек, құрсағы құт,

Шайқағым келеді әлі бір сабылып.

Құдайдың лағынетін ұмытқан ел,

Теміршіннің тепкісін жүр сағынып...


ІІ жыр


ҚАҒАН ТҮСІ


Түс көреді,

Түсі қандай шеменді,

Тағы да бұл, қарғыс атқыр, не белгі?

Болашақтың Шәйірі кеп алдына,

Зарлап былай деген-ді:


– О, Шыңғыс қаған!

Кейпімді көр,

Тоздым Мен,

Боздайды жаным боз күннен.

Заманыма – лағынет,

Төзбейтінге төздірген.

Жылап-жылап қара көр,

Болып қалған Көзбін Мен.

Елші аузында тұншыққан,

Елім айтқан Сөзбін Мен.

Жүрегімнің бояуын

көз жасыма ездім Мен.


Қылышың қайда?


О, Қаған!

Ұлысың қайда?

Ұл тумады, –

Құл туды.

Сарт жайлады сыртымды,

Сайтан алды ішімді.

Қатепті қара нар едім,

Басымды қағып түсірді.


Қылышың қайда?


Құлың кесір айтты,

Күңің кекірік атты.

Көнсе, басын қалдырып,

Көнбесе алайын,

Қылышыңды берші,

Адамзатымды жөнге салайын!


Уа, Қаған?!.


ЖОРЫТУ


Дат айтқан кім?

Бұл жаман ба, жақсы ма?

Алтын сұра, байлық сұра, тақ сұра,

Қырғын тілеп, қағынғаны қайткені,

«Жоры!» – деді бақсыға.


Бақсы пақыр көп періден сұрай кеп,

Сөйлеп кетті былай деп:


– О, Хан ием!

Қилы-қилы заман болар,

Алтын таққа жаман қонар.

Ұрпағың ұлып туады,

Кісі көзі көрмеген қылық қылады.

Аспан аударылып,

Жер менен тау қағынып,

Құл-құтан бүлік қылады.

Ұлың кердең,

Қызың кербез болады.

Тәңір кәріне ұшыраған бір кез болады.


О, Қаған!

Қарсы бетте – қанды қырғын,

Ұлы сын,

Қаратабанға қор болмасын де ұлысың,

Аттан, аттан!

Тәңірі құйған Қылышым!


Күннің бетін қан жапты,

Адамзатты ант атты.

Сенің сойыңды бөлек қып сомдаған,

Әлі ешкімнің маңдайына қонбаған,

Бір Бақ қонды һәм әрі,

Қанталаған жанары,

Бір Сор қонды басыңа.


Сені Тәңірі темірдей балқытып,

Қамырдай иледі.

Тұма сумен суғарып,

Тоғыз ай бойы құлақ күйіңді күйледі.

Енді оғыздың қобызындай күңірен,

Жебе суырып қылшаныңның түбінен,

Күн түбіне аттан Қағаным!

Аттан!

Аттан!


ЖОРЫҚ


Әлқисса, Қаған солай жөнеп кетті,

Жерді тіреу көреді, медет Көкті.

Жақсы ырым деп жыраулар көмейінен,

Жеңімпаз жайлы біраз өлең төкті.


Белгілі жантық өлең шырқамасы,

Ол кезде жоқ-тын мұндай құл таласы.

Ең Ұлы жыр Шыңғыстың маңдайында,

Жүрегінде тағы да бір парасы.


Құдай құлы, Түркі ұлы, қаһарлы еді,

Кеудесіне сыймайды заһар, кегі.

Адамзатқа ес қонған болса әуелден,

Соғыс бұл сұранатын сапар ме еді?


Соғыс бұл ер тілейтін тілек пе еді?

Айтсын оны қамыршы күректері.

Айтсын оны жесір мен жетімдердің

Қансыраған қаралы жүректері.


Қара жерім қашанғы қан сімірмек?

Кірпігімнен құлайды тамшы бүрлеп.

Қан уыстап Күн туды көкжиектен,

Толғатқанда Өлеңдей* таң сібірлеп.


Қан уыстап Ұл туды, Құдай құлы,

Ұмай ана жебеген ұдай мұны.

Шыр еткенде дүние дүр сілкініп,

Асқақтаған Түріктің бір айбыны.


Запыраннан жаратқан затын Аллам,

Пенде кептің дерті көп сатып алған.

Сал адамдай сол күні Ай туды да,

Көкжиекке бүк түсіп жатып алған.


*Өлең – Шыңғыс ханның анасы – Оэлен дейді басқа жұрт.


ІІІ жыр


КИЕЛІ КІТАПТАР


Сайтан күлді, ал Құдай кәрге мінді:

– Дәтіңді бір сынайын, дәрменіңді.

Көк аспанда тұрақ жоқ күнәһарға,

Көп асқанға сый етем зар кебінді.


Зар кебінін киген соң, үміт қандай?

Ібіліс жүр Тәңірін ұмытқандай.

Мен зарлаймын ғарышқа әлі күнге,

Құлқынымды Құдай кеп құлыптардай.


Кімдер білді бұл сырды, кім білмеді?

Жын-жыбыр кеп ториды түнде іргеңді.

Алжасуға шақ қалған адамзатқа,

Ақиқаттың шуағы – Інжіл келді.


Інжіл айтты, індетіп бағзы күннен:

«Тәубаңа кел, адамзат тағзымыңмен.

Тау астына жасырған салт аттымды,

Жіберемін әйтпесе Әз Құлыммен!»


Құран түсті, Құдайдың сағымындай,

Хат келіпті онымен тағы мұндай:

«Көк түріктер Алланың қылышы», – деп,

Ал қылыштың сынайсың сабырын қай?


Құрт боп еніп миына құлықтары,

Естен шыққан өсиет, ұмыт бәрі.

Еркегіне би болып әздек әйел,

Содом мен Ғоморадай* ғұрыптары.


Заманақыр, сен өстіп сезілер ме ең?

Ері ергенек бүгіннің, езі кердең.

«Сөз жаралған әуелде» дейді Інжіл,

Бірінші боп ендеше Сөзің өлген.


Құлың төрге озғанда, төрең төмен,

Тажал жылжып келеді көлеңкемен.

Бұл заманға мен не деп ақыл айтам

Қинай бермей қойсаңшы, өлең-шемен.


Қаннан сия езеді бағы күпті ұл,

Бөрі ұлиды Тәңірге шағынып бір:

Маған енді не дейсің, о, шерлі өлең?

Қағаны жоқ адамзат қағынып тұр!


Жаным құса, қаламым қан жылайды,

Қыңсылатқан тағдыр-ай ән-құмайды.

Шыңғыс ханмен бір ғасыр қасіретті,

Шыңғыс хансыз бұл өмір – мәңгі қайғы.


*Содом мен Ғоморо діни кітаптардағы күнәһарлар қаласы.


ІҮ-жыр


МЕНІҢ ЖЫРЫМ


Құдай соққан бір мұңлық мүсін ем мен,

Тұлпар болмай туғанда, кісінер ме ем?

Ғасырлардың үстінен ғаршы барып,

Мен едім ғой Шыңғыстың түсіне енген.


Мен едім ғой зарлаған ұлысым деп,

Құл құтырған бұл күнім құрысын деп.

Құбылаға екі арыз күніге айтам,

Бірі парыз болғанда бірі сүннет.


Күліп неге бармағам, жылап бармай,

Қан кешумен шешілер мұрат бардай.

Қандыкөлде көп аққу мойнын иді,

Санамдағы қаптаған сұрақтардай.


Көк те сырын ашпайды бүркеп алып,

Аңызымнан дүние үркеді анық.

Шыңғыс хан деп, шырпы ой тұтанады,

Қара-түнек санамда пілте жағып.


Ілімі жоқ дүние тұл қараңғы,

Әбілет басқан секілді бұл ғаламды.

Мен не дейін, көмейім бүлкілдесе,

Шыңғыс ханның қылышы құлда қалды.


О, қазағым айтсаңшы шешіміңді,

Ұмай анаң күзетсін бесігіңді.

Ер тумасаң күнә сол өтелмейтін,

Қалғанының бәрі де кешірімді.


Іргеңде аю, айдаһар шығысыңда,

Сынбай шыдау керек қой түбі сынға.

Есугейдей еркек пен Өлеңдей бір,

Құтты құрсақ бар шығар ұлысыңда.


Бостандық деп бозда көп, бұлқын қанша,

Ебі қайсы сұғанақ сыртыңды алса.

Еркіндігің ертегі, ел ішінен,

Шамырқанып Шыңғыстай ұл туғанша!


Буырқанып тарқамай бүлік бойдан,

Есіміңді Тәңірі Түрік қойған.

...Жаңа Ай туды –

Шыңғыстың қылышындай,

Босағасына қазақтың іліп қойған...


2015-2016 жж

adebiportal.kz

author

Жанат Жаңқашұлы

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...