Жұмабай Шаштайұлы. Қоңыр (әңгіме)

ӘДЕБИЕТ
4296

Жұмабай ШаштайұлыЖазушы Жұмабай ШаштайұлыНемере iнiсi қайтыс болғалы қатты шөгiп-шөжiген Қанақожа бүкжиiп, бiр уыс болып төрде отыр. Ынта-зейiнi құраққа ауған кемпiрiнiң қалпындағы iш пыстырар бейғамдыққа таңырқағандай көзiн ойнақшыта төңкергенде нұры қашқан қарашықтарының жиектерiне жалқындаған сәуле үйiрiлдi. Адырайған шеке тамырынан қан зор қысыммен жүретiндей бiлеуленiп кеттi. Сұраулы жүзбен бiр сәт ежiрейе қарап, әлденеден жерiнгендей қабағын шытты. «Құрағыңмен қоса құрып кеткiр» деп, айта жаздап барып тыйылды. «Жалғыз қызы Бағдаттың бiрдеңесiне жаратам ба деген үмiтi шығар жазғанның. Бұл қатын деген шiркiн қарап отыра алмайды екен ғой» деп бiр қойды iштей. «Әлгi қыз қайда кеттi? Төрт жұмадан берi мына тұрған қаладан бiр келiп кетпегенi несi? Әй, жарығым Сейiткерiм-ай! Кәрi қойдың жасындай жасым қалғанда жер сипатып кеткенiң болмады-ау!»

Қанақожаның алқымына ащы өксiк тығылып, iш дүниесiн жалын шарпығандай қызып ала жөнелдi. Сейiткерiмдi бiр ауық ойламай өзiммен-өзi отырып есiне кенет сап ете түскенде «Бағанадан берi қалай шыдадым екен?» деп, өзiнiң дәтiнiң берiктiгiне таң қалатын әдет тапты. «Көке-ау» деген Сейiткерiмнiң даусы құлағының түбiнен естiлгендей көрiндi. Көз жараны ақилана жан-жағына алақ-жұлақ қарады. Ет жүрегiне ыстық тамшы тигендей шым ете түстi. Өзегiн өрт шала аһ ұрып күрсiндi. Өзiне жалт қараған кемпiрiнiң көзi қызарып кеткенiн байқады. «Жылаған ба антұрған?» деп ойлады. Шалының суық назарынан сескенгендей қашанғы можантопай қалпы сынық тартып:

- Еншiлестiң күйiгi жалғыз саған түсiп пәле болды ғой бұл. Түк болмағандай жүр ғой әне келiнiң жайраң қағып. Не көрiндi сонша?! – дедi шаруасын былай ысырып тастап. Көзiн тiк қадағанда жалпақ сары қоңды әлпетi шымырлап күреңiтiп, қарашықтары көзiнiң құйрығына тығылғанда аласы ұлғайып, әлденеден абыржып тосыла беретiндiгiн байқайды. Кемпiрiнiң мысық тiлеуiнен түңiлiп кеткендей ошарылып ұзақ отырды. «Мына мыстан не дейдi? Сейiткерiмнiң күйiгi маған түспегенде кiмге түседi? Әкесi де, шешесi де мен емес пе ем, бiлсе?! Жайраңдайтын келiн жайраңдай берсiн». Тынысы тарылғандай жұтынып, отырған орнында бiр-екi дүркiн ырғала қозғалақтапғанда иегiндегi аппақ шоқша сақалы шошаңдап кеттi. «Мұның сонда Сейiткерiм үшiн қабырғасы қайыспағаны ма? Бұдан артық опасыздық бола ма? Әке-шешесi бiрдей өлгеннен кейiн бiздi қара тұтқанын, жоқ, әлде бiлмей ме?» Шақшия қадалған көзiнде ашу-ызбардың уыты жоқ, тек бiржола түңiлген бейiлсiздiк бар.

- Әй, менiң соқа басым сопайып қалатын жөнiм бе едi, Сейiткерiмнiң орнына мен кетуiм керек едi ғой!

«Е, кетпеген өзiңнен көр, ендi маған неғыл дейсiң» деген сыңайда кемпiрi үнсiз қалды.

- Бәрiн құдайдың жазуынан көр, кезек сенiкi болса қайт дейсiң маған, – дедi бiр кезде.

Қанақожа мiзбақпай мелшиген күйi қалды. «Бұл сорлының ойында бiр ғана қыз. Бiр үрiм-бұтақта алпамсадай еркектiң айбыны болмаса, кiсiнiң көрiне дейiн басқа шығып кетпей ме» деген ойынан өзi шошынғандай болды.

Манағы орнында тапжылмай сiлейiп қатып қалған кемпiрiне бұрылды. Ақсары кескiнi қуқыл тартып, мұрны қусырылып кеткен жазғаннын безерулi әлпетiнен бiр нәрсеге қуыстанатын түйткiл барын аңдайды. Дiттеп қараған сайын жүзiн бұрып әкететiн қылығын неге жорырын бiлмей дал болды. «Мұның берекесi неге қашады сонша?» дедi iштей.

Орнынан сүйретiле көтерiлiп, есiкке таман барып сәл iркiлдi, бүкiл денесiмен бұрылып, кемпiрiне аңтарыла қарады. Бiр нүктеге тас болып қадалған қосағының қалишған қалпы жат, суық. Қанақожа сыртқа шықты. Күн Суықтөбенiң оң қапталын иектеп қалыпты. Бейуақытта үйде томырылып отыру денесiн ұйытып тастаған ба, айналасын бей-жай шолды. Кемпiрiнiң жаңағы кейпi жадына оралғанда: «Бұл бейшараның не бiлгенi бар? Уәйiмi сол қыз ғой, баяғы, басқа не дейсiң?» – дедi. Қанақожаның жүрегi кенет бұлқынып соқты. «Менi қойшы, бәрiне көндiгiп болдым. Бiр ауық шешесiн ойласа қайтедi!» Үй маңындағы сайда улап-шулап ойнаған балалардың айқай-ұйқайына құлағын тосып, осылардың iшiнде Сейiткерiмнiң балалары барын ойлады, «Әй, өңшең жетiмектер, сендерге де ойын керек. Бұлар өсiп, алды-артын болжайтын кiсi болғанша кiм бар, кiм жоқ. Әй, қайран Сейiткерiм жарығым-ай!» – дедi Қанақожа тағы. Тыныс алған сайын кеудесi тұтас ашып, жанарына жас кептелдi.

Күздiң салқын ауасынан бойы тоңазыды. Батып бара жатқан күннiң көзi сөнуге таяу қалған бiлте шамның әлсiз сәулесiндей солғын. Тек айналасындағы қызыл арайдың аумағы ұлғайып, ұзақ уақытқы күннiң қызуынан албырай қозданады. Санасы сан-саққа жүгiрiп, ақыры ештеңеден тиянақ таппаған соң, состиып тұра бердi. Кенет жоғарғы көшеден осылай қарай беттеген бiреудiң қарасын байқады. Оған қанша шұйiлгенiмен бейiлсiздiк жайлаған көңiлiнде бұл кiм дейтiн қызығу жоқ. Тек iңiр қараңғысы қонақтайтын мезгiлде бөтен бiреулердiң бейсауат жүрмейтiнiн ойлап барып: «бұл, бләкiм, Бағдат шығар?» дедi. Жүрегi алып-ұшып, көзiн қолымен көлегейлеп тағы қарады. Мынаның ылдым-жылдым жүрiсi Бағдаттiкiне келмейтiн сияқтанды. «Қартайғандықтың қорлығы көп дейтiн бұрынғылардың сөзi рас екен-ау», – деп бiр қойды. Бұл жалғанда одан да күйiктiң жамандығы санасына қайта қосамжарласқанда сәл сергiген қалпынан бүтiндей айрылып, құлықсыздыққа бой алдырды. Бұдан арғы әрекетке ықыластанбай, шарбақтың тұсына орнатылған орындыққа отыра кеттi. Көлденең ойлар қайта-қайта киiп, ақыры басы қаңғырып қалатын болғалы қысымның бәрi көзiне түсетiндей айналасы үздiксiз сыздап ауыратынды шығарып едi. Қазiр де көзiнiң тамырлары жиi-жиi шаншып, алакөлеңке шектен тыс қарауытып кеткендей көрiндi.

- Салаумалейкум! – деп саңқ етiп шыққан дауысқа басын еппен көтергенде қарсы алдында өзiне ежiрейе қарап тұрған жас жiгiттiң көзiмен көзi түйiстi. Қарашықтары нұрлы екенiн байқады. Шалдың қабағын таныған соң жүзiндегi қуақы күлкi iзiм-ғайым жоғалып, өңi алабұртып кеттi. Тағзым етуге әзiр тұрған кiшiк қалпынан лыпыған шамдағайлық сезiледi.

- Иә, батыр, жол болсын? – деп, Қанақожа сазара қараған күйi самарқау тiл қатты. «Кейпi осындағылардың бiрiнiң өрен-жаранына келедi. Есiме түспей тұрғанын қарашы, қара басып» деп ойлады. Жас жiгiт екi қолын тiзесiне қойып, бұған сәл еңкейе түскенде манағы әнтек жымиыс езуiнде қайта пайда болғанын көрдi.

- Ата, сiз көп күй бiледi дейдi, соны жазып алайын деп ем. – Шаруасын асығып-аптығып айтқан ол алға тағы ұмсына түстi.

Қанақожа: «Мынауың дұдық неме ме өзi?» деп, жас жiгiтке аңтарыла қарады. Ыңғайланып отырды. Мынаның езуiндегi кетпей қойған болар-болмас күлкi қитығына тиетiндей шарасына бiртiндеп қылилық пайда болды, бүйрек бетi болымсыз бүлк ете түстi. Мүкiсi бар пендеше құлағына қолын апарып, көкейiне бiр ой сап ете қалғандай сәiл тосылды.

- Әй, сен осы кiмнiң баласысың, әуелi соны айтшы?

- Шәрiпбай құрдасыңыздың баласымын ғой, ата.

«Е-е, бәсе, бағнадан берi кiмге ұқсатамын деп ойлаймын. Шiркiн, дүние-ай, бала деген шыр етiп жерге түскеннен кейiн өлмесе, адам болып кетедi екен ғой». Шәрiпбай басындағы игiлiктi еш қызғанған жоқ, жалғыздығы жадына ерiксiз оралды. «Бiреу тойып секiредi, бiреу тоңып секiредiнiң керi емес пе, мынау Шәрiпбай баласынiкi» дегенде Қанақожаның ажары шұғыл күреңiтiп:

- Шырағым, сенiң күйiң тұрмақ, бiр басымды жер-суға сыйғыза алмай жүрмiн, – дедi.

Шәрiпбай баласы әуелi өзiмсiнгендей райда Қанақожаға таңырқап қараған сияқтанған. Бiрақ мұның өңiндегi селқостықты байқап, бөгелiп барып бұрылып жүре бердi. Сенсiз де таң атып, күн батар дейтiндей иiлкпейтiн сырт кейпiне қадала қараған Қанақожаның кеудесi шым-шым сыздап, көңiлi қоңылтақсып кеттi. «Жотаңды күжiрейтпек тұрмақ, жерге емес, ылғи аспанға қарап жүрсең де өзiң бiл, қызталақ» дедi iшiнен. Жалғандағының бәрi қаңыраған қуыс, даңғыраған бiрдеңедей. Осы дүниенiң қожасындай маң-маң басып бара жатқан қос қарғаны кенет көзi шалды. Бiр күнгi тiршiлiгiн сондай бағалы санап, ештеңеден қам жемейтiн тоқ нышандарына ойлана қарады. Бiреуi әлдененi шоқи қалса, екiншiсi сұғанақтанып жетiп келедi. Сол мезетте алдыңғысы оңдала қомданып, шоқаң етiп көтерiлiп, кiшкене аралыққа барып жалп етiп қояды. «Осы құзғын-қарға жүз жыл жасайтын көрiнедi. Ырыздығын шоқып тауып жейтiн бейшаралар, сонша уақытқа қалай шаршамайды екен?» – дедi көз алмай қадалған қалпы.

Кемпiрiнiң манағы отырған орнынан әлi қозғала қоймағанын байқады. Алдындағы шаруасын тарс есiнен шығарып жiберiп, бiр жайдың байыбына жете алмай ұзақ сарылып отырып қалғанынан ыңғайсыздана атып тұрды. «Мұның не бiлгенi бар, жегi құрттай iштен жейтiн бiр пәле болды ғой» дедi Қанақожа ашу-ызасы қозып. Құрақ қиқымдарын қолапайсыз еңкейiп жинауға кiрiскен кемпiрiне бiраз уақыт тесiрейе қарады. «Саған не болды?» деп жөн сұраудың да орайын таба алмайтын сияқты. Үй iшiндегi қараңғылықтан жанары талып, босаға жақтағы басқыш түймеге дiңкесi құри телмiрдi.

- Мына молаға қамап қойғың келмесе, жақсаңшы аңдағыңды!

- Бұл мола жалғыз менiң тұрып жатқан жерiм емес шығар, – деп, кемпiрi жұлқынып барып, түйменi шарт еткiзiп басып қалды. Бiрден шақырайған жарық көзiн қарықтырып жiбергенмен көкiрек сарайының саңлауынан себезгiлеп сәуле құйылғандай iш дүниесi бiртiндеп жыли бастады. Қабырғаға тұтылған түскиiздiң қызылды-жасылды ою-өрнегi қарақұрым матаға жан бiте қалса қоңыртөбел тiршiлiктiң бiрыңғай түсiнен безiнуге дайын тұрғандай зорайып көрiнедi. Тұмсығынан шаншыла iлiнген түлкiнiң жалтылдақ қылшығы болмаса ырсиыңқы қалпында наразылық бардай. Екi құлағы қалқайып, бiр шетке қырын қараған домбыраның бүйiрi бұлтия шыққан шанағы сыртынан шертiп-шертiп жiберсең жiктерiнен шырт-шырт айрылатындай қаңсып тұр. Баяғыда осы қу ағашты Сейiткерiм бiр жақтан: «Сiзге арнайы әкелдiм, көке» деп дүниедей еткенiне бұл iштей ренжiген де. «Басқа бiрдеңе құрып қалғандай мұнысы несi?» деген. Белiнен жалғыз ғана қыз өргенiн осыдан көретiннiң қисыны ешкiмге тiс жарып айтпайтын құпия сырына айналғалы қашан. «Андағыңды зар еңiретпей көзiн құртшы әрi» дейтiн. Сейiткерiмнiң әкесi – өзiнiң ағасы Нұрберген. «Нұрберген сонда-ақ зар еңiреп қалатынымды бiлдi ме екен?» дедi. Қызыл қоңыр шанақты бейiл бұрып, тiлiн тапса сөйлеп кететiн ақыл-есi бар бiрдеңеге ұқсайтындай ұзақ шүйiлдi. Сейiткерiмнiң тiлi байланар алдындағы: «Көке, Нәрiкбайдың зарын тартыңызшы» деп үзiп-жұлып талмаусырай айтқан сөзi жадына орала кеттi. «Сандырақтап барады-ау, шамасы» деп топшылаған Қанақожа iнiсiне төнiп келiп, үңiрейiп кеткен көз ұясына көп қадалды. Сондағыдай дәл қазiр де тұла бойын шымырлатқан дiрiл жүгiрiп өттi. «Қаршадайынан Нәрiкбайдың зарын жадына тоқытқан мен оңбаймын.Қолыма домбыра алсам бiттi, Нұрберген бейшара қитыға қалушы едi. «Әй, мұның ақыры жаман болады, тiлеуiң алдыңда, сабыр етсеңшi» деген Нұрбергеннiң ағалығы қайсы сонда?!

Баяғы жайбасар қимылымен кемпiрi шай қамдап, дөңгелек үстелдiң шетiне жайғаса бере, бұған алара бiр қарап қойды. Жаңағы iлiк-шатыс сөздi көңiлiне дiк алып қалған оның қабағы жуық арада жадырамайтынын бiледi. Күнделiктi тiршiлiктiң күйбеңiнен жерiнiп қоймайтын бойынша еш кiнәздiк жоқ кемпiрiнiң көмбiс әрi сызданулы қалпына қанша етi үйренiп кеттi дегенмен, Қанақожа iшiнде бiр қыжыл жатқандай. «Дастарқан басына келмейсiң бе?» деген екiұштылау емеурiне селт етпеген күйi қалды. Мұның сүлесоқ сыңайынан сескенгендей қайта-қайта қарағыштай бергенiн аңғарса да бүкiл кәрiн өңiне жиып алып, қимылсыз отыра бердi.

- Құдай-ау, келiп тамағыңды iшпейiсң бе, онысы несi?! – Кемпiрiнiң даусы мәмлеге шақырғандай момақан шықты.

- Iш, өзiң iш! – Көмейiне келiп қалған ащы сөздердi әрең тежедi. Кемпiрiнiң жалпақ кескiнiндегi әлденеден ши шығып кете ме деген сақтық бар. Жаңағы бiр мезетте «Қызыңның шыққан жатыры жаман, әйтпесе бiр келiп кететiн жөнi емес пе едi» айтуға оқталған райынан тез қайтты. «Жазғанды тұқыртып жер ете бергенен маған келiп кететiн не? Қыз деген шiркiннiң ниетi басқа жақта бола ма, кiм бiлсiн. Әйтпесе жаңағы Шәрiпбайдың баласын көрмеймiсiң. Ол иттiң домбыра тартып берiңiзшi дегенi несi екен?» Қанақожа алдындағыдай ашуға ерiк бермедi. «Сол баланың әуселесiн қайтарып жiбергенiм дұрыс болмады-ау» деген түйткiл көңiлiне дiк болып орныққандай. «О баста Шәрiпбай да, мен де бiр адамнан тарағанымыз тараған, – дедi кенет. – Кiсiлiк нұсқаның кезегi менде емес пе едi. Апыр-ай, жаңағы баланың бетiн қайтарып тастағаным жарамады-ау». Домбыраға назары тағы түстi. Жыпырлаған пернелi сағасының бетi ары қарап, қылқиған ұзын жұмыр мойны құлдилап келiп теңкиген шанаққа бiтiсетiн қу ағашқа соншалықты телмiргенiнен қуыстанғандай кемпiрiне бұрылды. Өзiне таңырқаулы пiшiнмен бағжиып қарап қалған кемпiрiнiң назарын дереу тайқытып әкеткенiн аңғарды.

- Әй, сенiң iшiндi жегi құрттай жеген не пәле, айтшы?! – Осы сөздi қанша ұстамды айтайын дегенмен даусына ащы шаңқыл араласты. Кемпiрi бұған көзiн төңкере тастап состиып қалды. Кескiнi қызыл күреңiтiп, көзiнiң жиектерiнен жас моншақтары ытқып-ытқып шықты. Қанақожа таңырқаулы сыңаймен тосыла ұзақ аңырды.

- Албасты, бала емес, шаға емес, мұнысы несi? – деп, шарасы таусылған кейiппеғн сәл iркiлiп барып, сыртқа беттедi.

Шалқалап туған ай сынық сүйем. Қойнау-қойнауына көлеңкенi молынан тықсырып, тау қарауытады. Мың-сан шоқ жұлдыздар шымырлаған теңiз бетiнде өшпей жанып тұрғанына мәз сияқты жымың-жымың етедi. Қанақожа күздiң осынау жайлы түнiне ықылас қоймағанымен, серпiлтiп, сергiтетiн таза ауада көп бөгелдi. Терiскейден соққан сары жел iштен шыққан жалынды басатындай салқын. «Кемпiрдiң бiр енi iшiнде, осы қыз бiрдеңеге ұшырағаннан сау ма? Қап, жаңағы Шәрiпбайдың баласынан көрдiң бе деп сұрамағаным-ай» дедi. Осылай жападан-жалғыз тұруының өзiн әбес көрiп, үйге кiрдi. Мұның төсегiн салып, кемпiрi әлдеқашан жатып қалыпты. Көзi iлiнбей көп дөңбекшiдi. Шәрiпбайдың ұлының лыпып тұрған қағiлез кейпi есiне түскенде: «Итiң кiдi ме, қалай? Кетiп бара жатып жақсы деп айтуға жарамады-ау» дедi бiр кезде. Майтөбеден берi асып, Бесқонысты жалдатып тiк төмен келе жатыр екем дей ме-ау. Астында мейiздей қатқан қара айғыр. Сәл еркiне жiберсең, алып жөнелтетiндей төпеп келедi. Жайлау тұнып тұр. Құлдилап отырып, көлденең тепсеңге түскенде алдынан аузы құбылаға қараған алтыаяқ кезiктi. Төселген кiлемнiң үстiнде сағағына үкi тағылған домбыраны көрiп, тiзгiндi ерiксiз тежедi. Бәрiнен де үкiсi әдемi екен деп ойлады. Аттан түсiп, алтыаяқтың алдына келгенде әлi алтықанатты киiз үйге айналып кеттi. Өзiне-өзi сенбей аң-таң болып тұрғанда әлдеқайдан күйдiң сазын құлағы шалды. Жаңағы үкiлi домбыра қайда ұшып кеттi деп таңырқаған бұл – киiз үйдiң iшiн тiнти шолды. Кiлем дегенi текемет сырмақ көрiндi. Ал домбыра ұшты-күйлi жоқ. Жаңағы бiр саз кiсiнiң дiңкесiн құртып, тағатын тауысатындай әуелеп-әуелеп барып кiлт үзiлдi. «Ойпыр-ай, мынау үздiктiрдi-ау», – деп алға қарай ұмсынып жатып Қанақожа оянып кеттi. Басын жұлып алып, жан-жағына алақ-жұлақ қарады. Терезеден түскен ай жарығынан үй iшiнiң алакөлеңке екенiн аңдады. Қырынан iлiнген домбыраның көлеңкесi сұлық қарауытады. Тумысында естiп көрмеген күйдiң сарыны көкiрегiнде сайрап тұрған сияқтанды. «Түсте домбыра деген қайсыбiр жақсылық дейсiң. Үкiсi несi? Қаракер айғыр ойға-қырға жүйткiген қарасанам шығар. Ал таудан төмен құлдилағаным құлдилаған ғой, ендi не қалды дейсiң». Жаңағы бiр саз кенет көкейiнде сол күйi жаңғырығып өттi. «Апыр-ай, өлерiмнiң шағында бiрдеңенiң шалығы тимесе екен» дедi. Iлгерiректе жасаған Әкiшбай деген кiсi ойына сап ете түскенi. Үстiндегi боз шапаны ағараңдап, басындағы қырғыз қалпағы қоқырайып, атқа тiп-тiк қаздиып отыратын жарықтық мылтығын асынып, ерткен топ тазысымен ауылдың тұсынан қораздана қоқиып өтетiн. Қырғыз қалпақ қанша қоқырайғанымен оңып кеткен. Ал түте-түтесi шыққан боз шапаннан ескен жұпынылықтан дәл қазiр ет жүрегi сыздап ауырғандай болды. Ел бiлiп айта ма, жоқ, долбарлап соға сала ма, Қанақожа қайткен күнде де сол Әкiшбайды ақылы ауысқан пендеге қимайды. Кезiнде өзi де: «Сонша тазыны қайтедi, мылтық асынғанына не жорық» деп ойлаған. Ендi Қанақожа: «Пенде шiркiннiң соңына бiр iз қалдыру әуелгi арманы емес пе. Әйтпесе жарықтықтың серiлiгi тасып, саяткерлiгi артып т ұрған ештеңесi жоқ едi ғой» дедi. Ары-берi аунап, тыныш таппаған Қанақожа: «Шәрiпбайдың ұлы маған пәле болып жабыспаса не қылсын» деп, ойын басқа жаққа бөлудi көздедi.

Қаннен-қаперсiз ұйықтаған кемпiрiнiң пысылдаған дыбысынан қашқақтап, терiс қарап жатты. Әр-әр тұста салбыраған көлеңкелер қиығының ара-арасынан ай сәулесi белдеу сызықтанып барып, терезенiң тұсына қарай жалпайып кетедi. «Құдайым-ау, бұл не? Алжиын дедiм бе? Бiресе түс көрдiм, бiресе атам заманда сүйегi қурап қалған Әкiшбайды ойладым. Өстiп саржамбастанып жатқанша ататын таң тезiрек атса екен» дедi. Санасы сан-саққа сарсылып, кiрпiгi, әйтеуiр айқасып кетiптi. Ояна келсе үй iшi жап-жарық, тырс еткен бөгде дыбыс бiлiнбейдi. Шай қамдап жүрген кемпiрi бұған көз қиығын ұрлана тастап қояды. Кескiнiнен уәйiм табы сейiлмеген тәрiздi. «Бағдат қыз болмай ұл болғанда үйге келiн-кепшiк түсiп, қоқыр-соқыр бiрдеңелер жүгiрiп жүрер ме едi» дедi iшiнен. Осы бiр сумаңдаған ой сыртқа ашып-жарып айтпайтын жанды жарасының аузын тырнап өтетiндей көңiлiн құлазытып, құлықсыздыққа ұрындырды. Кенет назары домбыраға тұрақтады. «Мұны да ұстамағалы қай заман. Түндегi түске не жорық?»

- Әй, Қанақожа, ауырып қалғанбысың? – деген кемпiрiнiң даусы шырқын бұзғандай қабағын шытты. Қосағының нобайындағы мазасыздықты аңдап: «Менiң бұл жатысым қай жатыс?» дедi.

Киiнiп жатып та көз қиығын домбыраға ерiксiз тастады. Әлдененi есiне түсiре алмай бөгелiп тұрып, кемпiрiнiң тосырқаған қарасынан қымсынған реңiне қан жүгiрiп өттi. «Шәрiпбайдың баласының келгенiне бола сонша әуектегенiм не?» Кемпiрi құрғырдың да бiрдеңеден секемi бар ма, мұның әр қимылын қалт жiбермей бағады.

- Ой, құдай, не көрiндi саған?!

«Шынында маған не көрiндi?» деген түйткiл көкейiнен саңлау таппай санасында шарқ ұрды. Көңiлiн құлазудың суық лебi қарып, жүрегi шым-шым сыздайды.

Бесқоныстың шошақ шоқысының қағаберiс қия-қапталына машина шыға алмайтын болған соң, қойшы-қолаң жеңiл-желпi көшетiн әдетi бар едi. Күнгейдегi жегжат-жұрттарды аралап қайтуды ұйғарып, Майтөбеге асып бара жатқан. Сонда бiр алтыаяққа кезiккенi қазiр есiне сап ете түстi. Түндегi түсiнiң қисынға келетiнiне қазiр қатты таң қалды. Бiрақ сондағы алты-аяқ ешқандай кигiз үйге айналмады. Кiлем де төселiнбеген. Ұқыпсыз түйдектелiп жинала салынған көрпе-жастық, iргеде ашық-шашық жатқан ыдыс-аяқ – бәрi меймандостықтан ада-күде құлазушылықтан өзге ештеңенi сезiндiрмейтiн. Тек қолдан шабылған домбыраның ашты күнге қаңқая қаңсып жатқанына дәтi шыдамай аттан түсiп, көлеңкеге қойғаны бар-ды. Кейiннен сұрастырып бiлсе, сол алтыаяқ Шәрiпбайдыкi болып шықты. Сондағы елеусiз бiрдеңе қазiр аяулы қимас шағындай етжүрегi елжiреп, босаң күй кештi.

- Әй, неғып тұрсың? Ерте күндi кеш қылатын болдың ғой.

Ту сыртынан үн қатқан кемпiрiне: «бұл да маған пәле болды ғой» дедi. Бiр кезде апыл-ғұпыл жүрiп, үйге кiрдi. Есiктiң көзiнде аңырып тұрып қалған

кемпiрiне де бөгелмедi. Не iстемекшi болып едiм дегендей қақ ортада селтиiп тұрып барып, домбыраға қол созды. Iлгектен шығара алмай әлектенiп жатқанда:

- Оны не iстейсiң, – деген кемпiрiне одырая қарады.

- Не iстеушi едiм, Нәрiкбайдың зарын тартамын!

- Нәрiкбай дегенiң кiм тағы?

- Менмiн, – деп, айғайлап жiбердi.

Кемпiрi кенет домбыраны жұлып алып, қолына ұстатты да, «Ал тартшы, тартқыш болсаң» дегендей арқасын қабырғаға сүйеп тұрып қалды. Қанақожа әлденеден қолайсызданғанымен: «Осының түлей шалыстанған тұрысы-ай» деп қынжылып та қойды. «Бәрi құрып кетсiншi» дедi де аттап-пұттап барып төрге жайғасып, домбырасын оңтайлап ұстады. Дың-дың дыбыстарға елiтiп, ырғалып тербеле құлақ күйiн ұзақ келтiрдi. Кемпiрiн көзiнiң астымен бiр сүзiп өтiп, шiркiннiң мұндай кездегi санасыздау пошымына ашуы келгендей шанақты үстi-үстiне қағып-қағып жiбердi. Ендi болмаса шанақ шытынап қақ айрылып кететiндей ащы саз домбыраның жоғарғы сағағында бебеу қақты. Саусақтары перненi қуалай келiп, төменгi тұста маймаңдай жорғалағанда шыңылдаған нәзiк әуен қоңыр қою дыбысқа бiртiндеп ұласты. Қанақожаның бидай өңдi ажары ашаң тартып, қоңыр көзiнiң қарашықтары дегбiрсiз ойнақшып, арагiдiк бiр нүктеге кәдiк қадалатындай. Оң жағына шынтақтай жайғасқан ол әр түрлi саздың ырқымен бiр еңкейiп, бiр шалқайғанда иегiндегi шоқша сақалынан болымсыз дiрiл бiлiнедi. Анда-санда көзiн кең ашқанда қызыл жиектенген шарасында кiсi дәт қылып қарай алмайтын айбын бар. Санасында iлiк-шатыс бiрдеңелердiң сұлбасы бiр көрiнiп, бiр ғайып болады. Кенет биiк шоқының құлдилаған еңiсi, құз шыңырауда ирелеңдеп аққан бұлақ, самал желге қоғадай жапырылған көгорай шалғын, обадай шошайған алтыаяқ, елтiрi бөрiктi қисайта киiп қалғып-мүлгiп кетiп бара жатқан әлдекiм, бәрiнiң көшi-қоны түзуленiп, көз алдынан тiзбектеле өте бастады. Екпiндi қоңыр сазды мезетiнде байсалды байыпқа көшiрiп, байырқамастан баяу шерттi. Сәт сайын қосамжарласқан шiңкiлдек дыбыс жүйкесiн жұлқып-жұлқып өтетiндей Қанақожаның денесi солқ-солқ етедi. Домбыраның қылша мойнын дедектетiп, секектетiпей тыңнан тағы бiр әуез iздеген Қанақожа көзiн тарс жұмып алды. Осы жерден қайыру керек деген iшкi тоқтамына көнбеген шымырлаған үн бастапқы қоңыр сазға құйылыс тауып барып тынды.

Қанақожа бүктүскен қалпында ұзақ отырды. Бiр кезде басын еппен көтергенде, жаулығының ұшымен көзiн басып, тұншыға жылап отырған кемпiрiн көрдi. «О, тоба, менiң тартқан шалдыр-шатпағымның күшi кемпiрдi жылатуға жеткенi ме? Осыны әлгi Шәрiпбайдың әртiс баласы көрсе оңды-ақ болар едi-ау» дедi. «Сейiткерiм жарығым-ау, Нәрiкбайдың зарын емес, өзiмнiң зарымды тартып отырмын саған» дедi. Кемпiрi жаққа көз қиығын тастап: «Жыла, жылай түс. Қатын деген халық кеулiндегiсiн жыласа да сыртқа шығара алады. Еркек жазған жылайын десе қатын емес, жыламайын десе күйiк жеп барады» деп ойлады. Кемпiрiнiң әлдене айтпаққа оқталған райын таныды. Жүзiнен мұң-наладан гөрi ашу-ыза бұрқ етiп шығып, көзiне баяғыдан таныс зәрлi уыт ұялаған. «Мына бейбақ қайтедi?» дедi iштей сескенiп.

- Әй, әлгi қураған қу қаншық байға кетiп қалыпты. Кiсi иiсi жоқ жерге бармаса, бiр айдан берi алдымыздан өтпей албасты басып жатыр деймiсiң.

Мынау не сандалып отыр дегендей Қанақожа аң-таң күйде. Кемпiрiнiң өңiндегi манағы зiл-нала iзiм-ғайым жоғалып, назары үркектеп жуаси қалғанына ашуы қатты қозды. «Қап, мына мыстан дымымды құртты-ау! Айтқан соң айта түспей ме, ақыры». Сөйлеуге демi жетпейтiндей көкiрек тұсы қызынып барады. Әлдене деп тiл қатайын десе алқымына таскесек тығылғанлай булығып, шарасы бiттi. Қыздың жатжұрттық екенi бесенеден белгiлi. Алатаудай ағасы өлiп жатқанда байға тидi дегенi несi?! «Артынан бiрдеңе iлесе ме деп атын әулиедей ғып Бағдат қойып едiм».

- Саған тартқан опасыз болмаса ойламас па едi. – Сөздiң жүйесi санасына ендi жеткендей кемпiрiнiң көзiнен ытқып-ытқып шыққан жас тарам-тарам саулады. Солығын баса алмай өксiп-өксiп жылады.

- Жалғыз деп әздектетiп, әуектеткен де, қатарынан қалмасын деп қалаға оқуға жөнелткен де, бiр айдан берi өлтiрiсiн әкелдiрмей ел-жұртқа қарабет қыл деген де мен бе? – дедi.

Кәдiк қарасынан танбай бөгелген Қанақожа кемпiрiнiң сөзiн салғырт тыңдаған күйi қабағын шытты. «Жә, жеттi, зарламашы» деп қолын бiр жасқап тастады. Iш дүниесiнiң қоңылтақсып құлази қаңырап, өзегi өртенiп барады. Домбыраны бiр шетке ендi қажетi жоқ заттай ықылассыз қоя салды. Тумысында басынан кешiп көрмеген тығырыққа таянып, ендi одан шығудың жолын таппағандай сазарып отырды да қойды. Кемпiрiнiң күнделiктi қу күйбеңiне түк болмағандай кiрiсiп кеткенiне де бiр жағы таң. Жаңа ғана ағыл-тегiл жылаған адамға ұқсамайды. Лезде байыз табудың мұншалықты жосықсыздығына қайран қалды. «Сейiткерiмнiң өлiмiн қырқы өтпей жатып ұмытып, ана келiн құсап жайтаң қақса, Бағдат тәрiздi күйеуге шығып кетiп жатса, сонда не болғанымыз? Пайғамбардың жасынан асқан мынаған не жорық? Әй, Сейiткерiм жарығым-ай, Нәрiкбайдың зарынан да күштi зар болып кетпесе неғылсын бұл». Пенде шiркiндердiң көрген-баққаны бiр бұл емес, ештеңе жоқ, бәрi ұмытылады дейтiн өзiмшiлдiктiң атамзаманғы сұрқай нобайын қосағының қазiргi қалпынан анық байқағандай Қанақожа үнсiз томырылды.

- Оразаңды ашпаушы ма ең? – деген кемпiрiнiң немкеттiлеу үнiнен басын жұлып алды. Сыңайындағы дәл қазiргi өзгерiстi Бағдаттың күйеуге шыққанын осынша жасырып келiп, ақыры жөнiн тауып айтып тынып, арқасынан бiр жүк сыпырылып түскен жеңiлденуге жорыды. Мынау қу жалғанда артыма тастаған тұлдыр жоқ-ау деген ой көкейiне қапелiмде келдi. Мұның шәлкем-шалыс қылиланған кәдiк қарасынан тiксiнгендей одырая қалған кемпiрiнiң пiшiнiнен баяғы түйсiксiздiктi аңдағандай шарасы бiтiп, дымы құрығандай ауыр күрсiндi. Әлденеден секемi бардай кемпiрi өзiн состиып бағып тұрғанын байқады. Шарасының жиектерiнен жалқынданған қызыл тап бiлiнедi. «Айтпақшы, мына жазған жылаған сияқты едi-ау» дедi кекесiнмен.

- Әй, шал, кешке дейiн сазарып отырғанша, ана қураған қарға құмалақ ашшы, қандай жерге барды екен? – деген кемпiрiне алая қарады. «Дәмесiн қарай гөр. Ендi маған құмалақ салу қалған екен ғой». Назарын кемпiрi жаққа тастағанда кескiнiнен тобасына келуден өзге өзiмсiнген лайықсыз базыналықты таныды.

- Албасты! – дедi түңiлiп кеткендей даусын ұзаққа созып. – Қызының алды ашық, көкбалақ болмай бай тапқан адамның үзеңгiсi берiк, жүрегi орнықты болмаушы ма едi. Не сандалып отырсың сен осы, а?!

Мұның қисық мiнезiнен әбден зықысы кетiп, маңдайыма жазылған осы болса қайтейiн дейтiн көнбiстiгiнен жаңылмаған кемпiрi белгiлi кұйбеңiне кiрiсiп кете бердi. Көңiлi бей-жай Қанақожа қыбыр етпей үн-түнсiз отыр. Көз қиығын кенет домбыраға тастады. Бастапқы тартқан саз жадында қайта жаңғырыққанда ыстық қан жүрегiне тұтас жайылып, бойында бiр сергектiк пайда болғандай көңiлi алып-ұшып кеттi.

Басы құбылаға қарай қалқайған домбыра әлi қаперсiз жатыр.


author

Жұмабай Шаштайұлы

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...