Мирас АСАН: Төзіп келе жатырмын кім үшін мен?..

ӘДЕБИЕТ
4663

                     ***

Бүгін бәрі керемет, тұрған көшем,
Таң.
Су.
Ауа.
Жайқалған гүлдер де әсем!
Шарап болып құйылды шай кешегі,
Шаттық болып жымиды сынған кесем.

Бәрі әдемі,
Шам.
Үстел.
Айна.
Орындық.
Бәрі сен боп барады ой көрімдік!
Қандай ғажап сен жайлы мұң да – мәңгі,
Қандай ғажап сен жайлы қайғы – өмірлік!

Естеліктер ғажайып қоршап алды,
Сезіп тұрмын әр жұпар, әр самалды.
Бұрынғыдай бақытты екенмін ғой,
Бүгінгідей барлығы болса мәңгі!

Ғажап екен дейтіндей құрдас та кеп,
Бәрі неге барады тым басқа боп?
Телефонға қараймын бұл сен бе деп,
Терезеге қараймын бұл рас па деп?



                    ***
Мен неге ұлы мейірімді сағынам?
Бар ма ол,
Болса
неге жендет қары қан?
Бассыз тәнге неге дәке таңамын,  
Тәнсіз басқа неге сосын шалынам?

Ер жігітке мейрімсіз сүйкім мұң,
Күзгі бақта бассыз дене жиі тұрдым...
Топ көгершін іздеп жатқан мейірім,
Арасынан қиқымның...

Табылмайды,
Таңған дәке бекерлеу,
Отқа күю  – мейірімге жетем деу...
Қастандыққа жараса ма өлтірмеу,
Жақсылыққа жараса ма өтелмеу?

Пейіл құшпай пенде құшсаң бос ілім,
Бір құшақтап мына басты кес, ұлым...
Өгей шеше шашпай қойған мейірім,
Қайыршыға ашпай қойған есігім...

Қақса арқадан арманым не қас құзда,
Күлкі қарыз - қантқа, қарыз  жас - тұзға...
Бір мейірім керек сіздей жүрекке,
Бір мейірім керек мендей бассызға...

Шүберекке зәру еді сынық тал,
Мүгедекке зәру еді ұлық хәл.
Ақша да ұры қалталарға қарыздар,
Патша да ұлы мейірімге кіріптар.


                         ***
Махаббатта ессіздік бар ақылды,
Соған ұрдық тайқы маңдай тақырды...
Аппақ қармен неге өшірдім тақтадан,
Аппақ бормен жазған сенің атыңды?

Махаббатта жалғыздық бар мәңгілік,
Тура осылай қайталайды жаңғырық...
Сол жалғыздық сенен мені әкетіп,
Сол жаңғырық сені маған қалдырып...

Хат жазбаса сүймейді деп түйдің-ау,
Хат жаздыра қойсын қайдан күй бұғау?
Отқа күйген көбелекте арман не,
Сотқа күйген ар азабы, ми қырау...

Махаббатта қашықтық бар тым жақын,
Айта алмайтын тіл ұшында тұрды атың...
Сенің сүйген құшағыңда Күн де - әнші,
Менің күйген ошағымда күл де - ақын...

Сағынышты көз айтады, сөз емес,
Бір сағыныш өзі бейне, өзі елес,
Мазалайды сені қалай түнімен,
Жазалайды мені солай,
өзі емес...

              ***
Қараша – мен кеп тұрмын сізге бүгін,
Жапырақ – соңғы үмітім, сыз көңілім.
Табылмас шақтарды іздеп ес ішінен,
Қарындаш – мен бояймын күз қоңырын...

Бесінші мұхит кешсе жан-құдірет,
Қалады шөлде жалғыз тағдыр үлек...
Кенезе – мен кебемін содан кейін,
Терезе – сіз жылайсыз жаңбыр үдеп...

Біздей жат жоқ жалғанда, біздей таныс,
Араны тек естелік үзбейді алыс:
Көйлекте сіз тұрасыз – қыз беймәлім,
Әйнекте мен тұрамын – күз бейтаныс.

Тордағы бұлбұл сынды алтын өрнек,
Жасырын кешкен сезім жалпыға ертек...
Мен сізге жете алмаспын бұл ғұмырда,
Сүмбіле тағдырымның салқыны өртеп...

Махаббат – есіңе алу өткенді еппен,
Жалғыздық – сыңар аққу кеткен көппен...
Сүмбіле – мен суыймын күздің өзі,
Сүңгіде сіз жылайсыз – көктем, көктем...

                    ***
Не ұтты тағдыр сені, мені жығып?
Кеткен жоқ одан өмір сеңі жібіп...
Түсімде бақыттымын деді сұлу,
Ішімде бақыттымын деді жігіт.

Айта алмай айтар сөзді жанға аяулым,
Жүрекке түскен дерті ән қаяудың...
Күн мен түн санамызда бірдей ұғым,
Ішіңде сен де ояусың, мен де ояумын...

Жүректей жоқ кеңістік ғалам үлкен,
Көзімнің жасын ылғи соған іркем.
Құмыра мәңгі сынық боп шығады,
Шұғыла құяр кезде сана-пілтем...

Кірмейсің осы күні түске де оңай,
Саламын нәзік күйді күшке қалай?
Жалғанды жарық қылар сыртына емес,
Адамның өз ішіне түскен арай.


                   Ж..ға (9)

Қаралай бермеші қарадай жиі ақты,
Қашығым – жұп-жуық.
Біз неге жүреміз балмұздақ сияқты,
Тәп-тәтті,
Сұп-суық?

Күн жайлы ұмытып, айтамыз шықса Айды,
Шешенді мүкіс қып.
Біздің күй не үшін кофеге ұқсайды,
Ап-ащы,
Ып-ыстық?

Мен жауап бермесем сен қойған талапқа,
Кінәмді тізімде.
Біз неге ұқсаймыз мен ішкен шарапқа,
Сен жеген жүзімге?

               Кереғар – ІІ

Көктемде құспен келдің,
Шатырдан жас боп тамдым.
Шарапты ішкен менмін,
Сен неге мас боп қалдың?

Көктемде гүлмен келдің,
Үзіліп түскен әнмін.
Күршекті ілген менмін,
Сен неге іште қалдың?

Көктемде құспен келдің,
Қыратта гүл боп өндім.
Көліктен түскен менмін,
Сен неге бірге келдің?

Көктемде хат боп келдің,
Қанаты, бұл ақ құстың.
Тапанша, ат деп бердім,
Сен неге құлап түстің?


                   ***
Төзімің жетсе ол күйді жазба, шыда,
Махаббат – ынтықтық-ау азға, сірә...
Көпірден секірмедік неге сонда?
Өкірген өзендерге – көз жасына.

Сүймеген шақта сүрсең өмір оңай,
Өмірден бөліп алам сені қалай?
Құбыла жақты ұмыттым, Құдай кешер,
Шұғыла шашқан кезде меңің арай!

Сөз артық шын ғашыққа, ән-сыңарға,
Көз артық, шындап шыққан тамшы барда!
Сөз керек, керек мүмкін нан сұрарға,
Жо-жо-жоқ, тым дөрекі – хал сұрарға...

Үндеме, үнсіз ғашық сөзіне ауыс,
Сөзсіз сүй, көзсіз ұнат, өзің алыс.
Сөз артық тыныштық та – тыңшы сынды,
Біз үнсіз тұрған шақтың өзі – дауыс.

Қыз заты көрмеп еді бұлай ұнап,
Сөз артық шын сезімге құдайы һақ.
Өлеңім сөзсіз жазған саған сұмдық,
Әндерім сөзсіз айтқан шынайырақ.


                   ***
Неге алыс, қол созым жер мына қысқа,
Қос тағдыр қарсы отырдық ұлы ағысқа...
Біреуміз ескерткіштей қайғы-мұңға,
Біреуміз ескерткіштей қуанышқа!

Отырмыз қарсы қарап жат һәм таныс,
Әңгіме жұмыс, өлең, тапқан табыс...
Сүйісіп көрші үстелде қояды екеу,
Түйісіп шексіздікте жоқ қалтарыс...

Бізде ше, бізде мүлде басқа қалып,
Тәбет жоқ тапсырылған асқа да анық...
Отырған адамдай сіз босқа келіп,
Отырған адамдай мен босқа барып...

Ғажайып орындалмас сәтті тілеп,
Бәрін де көзбен айтып жатты жүрек...
Болмаған оқиғадай бүгінгі кеш,
Жазбаған хикаядай хат құдірет!

Ауыспай сол отырыс, сол мәнерде,
Бір жұмбақ қалды ауада, сәнді әуенде...
Сіз кеттіңіз дәлізді бойлап ұзақ,
Мен қалдым ішімдегі мәңгі әлемде...

Бұл не өзі, анық мұң ба, бұлдыр бақ па?
Бөлеген бізді не күй түн құндаққа?
Пәрменім жүрмейтіндей бұл жүрекке,
Дәрменім жетпейтіндей бұл жұмбаққа!
                       ***

Белгілеп сіз тұратын көшені күз,
Кездесті біздің киім-кешегіміз...
Айта алмас менің себеп – мүкістігім,
Естімес сіздің себеп – кеселіңіз...

Шалбардың қыры сынып сәкі алдында,
Сөмкеңіз иықтағы, батар мұңға...
Қолғаптар бірін-бірі қатты қысып,
Қыдырар қолшатырлар қатар қырда...

Батырған сол орамал бізді арманға,
Біз сонда неге адастық – жүз барғанға?
Түймелер ағытылды, ыстықтан ба?
Жағалар көтерілді, ызғардан ба?

Жылаған шолпы ма екен, сырға ма екен?
Сағатым оны неге тыңдады екен?
Күртешем неге үйге кештеу келді?
Пальтоңыз неге жеңін бұлғады екен?

Шляпам неге тағы баққа ап келді,
Етігім неге өз ізін таптап, көмді?
Бөкебай ол әтірді неге ұмытты?
Ол хатты қалта неге сақтап келді?

                  ***
Жүгірмейтін жалғанда жарыстар бар,
Әр көктем мен дәлелдер әр күз мұны...
Теңізде де ағыс бар арыстан жал,
Егіздің де болады жалғыздығы...

Алсаң досты достық па өкпелетіп?
Қасты осал деп қастық па көріп қалу?
Тарих деген - бір қысты көктем етіп,
Зағип деген - бір түсті толық тану...

Сағаты екен - уақыттың шексіздігі,
Қанаты екен биігі – құстың алыс.
Сылтау деген – адамның епсіздігі,
Мылқау деген әйтпесе, ішкі дауыс.

Ақық тасқа жараспас - көмкерілген,
Бақыт баста тұрғанда құнсыз тіпті...
Терең деген – биік-ау төңкерілген,
Керең деген – есіту үнсіздікті!


                  ***
Біз мүлде кездеспейміз, далбаса үміт,
Кездесу болған емес, болмас, ұмыт...
Сызықты маңдайдағы мен байқатпай,
Жүзікті саусақтағы сен жасырып...

Біз мүлде кездеспейміз, бұл ғұмырда,
Жазбаған жолығуды мүлде ұғымға...
Мені бар демесең жай бұл шаһарда,
Сені бар демесем жай шындығында,

Біз мүлде отырмаймыз қарсы қарап,
О, қалай мұнша мұңға хәл шыдамақ?!
Сен менің бокалыма шарап құйып,
Мен сенің жанарыңа тамшы қамап,

Біз мүлде кездеспейміз, сүреміз сәт,
Тым бөлек мұңаямыз, күлеміз шат...
Екеуміз кездесуге қане тыйым,
Екеуміз қоштасуға, міне рұқсат!

Тағдырдың айтқаны осы тосын әзіл,
Білмейміз болу керек несіне әзір?
Барымның өзі бақыт бір білерің,
Жоғыңның өзі өлең осы қазір!

Санамда саған жақын, маған жырақ,
Өтемін шексіздіктен адам құрап...
Шамымның жарығына пәруана өліп,
Жанымның жалынына ғалам құлап...

                   ***

Ұнаттым танымас адамды,
Жылаттым жақынды жек көріп.
Өлілер достарым боп алды,
Тірілер дұшпаным, жоқ делік.

Кітапты бастадым артынан,
Өмірді өткіздім сүрем деп.
Миымда негізі, жарты қан,
«Қан аз» деп беталды жүр емдеп.

Кіріне үшкілсіз жағамның,
Бес күнсіз жалғанның еті өлді.
Нөмірін кеше өлген ағамның,
Теріп ем, басқа еркек көтерді...

Кездестім кетерде, уәделі,
Қоштастым келерде, басында.
Доғдырдың жазуы әдемі,
Тағдырдың жазуы қасында...


                   ***
Көзсіз сүю – су кешу кемесіз де,
Қайта түсе береміз неге осы ізге?
Көбелек гүлге ғашық деді сұлу,
Көбелек отқа ғашық, сенесіз бе?

Сіз білесіз іште де әлем барын,
Жүрек көзі сүйгеннің көрер жанын.
Жапырақ жетім деді күзге сұлу,
Жапырақ ақын деді өнерге арым...

Жүрегінің көзі бары жылайды шын,
Ессіз ғашық болу да құдайлы сын.
Шын қаталап көрмеген не біледі,
Шын махаббат - түбінде бір айырылысу.

Қоштасты екеу сезімді бірге қамап,
Жапырақ пен көбелек кімге аманат?
Ережеге бағынбан тағдыр тұрды,
Терезеге телмірген гүлге қарап...

                    ***

Қар жауып жатыр, күміс қар,
Айнала аппақ болды әні!
Ақ ұлпа сені кім ұстар,
Еріген сәтің қолдағы?

Көргенім емес, сезгенім
Өмір жайлы осы долбарым:
«Әдемі-ақ» деді көздерім
«Сұп-суық» деді қолдарым.

Сұлу да келе жатар ма?
Ақ ұлпа қардан несі кем?
Тәтті деп ерінім татар ма?
Ащы деп тағдыр-несібем...

Мен емес, онда-ақ, өзгемін,
Ғашықпын, демек, жолдамын.
Жүрегін айтшы, көздерім?
Жүзігін айтшы, қолдарым?


                    ***
Тағы әдепкі кездесу жайша қысқа,
Бақыт бал боп көрінер қойса алысқа...
Отырасыз сіз түнді қолдан жасап,
Атырамын мен таңды - ойша нұсқа...

Ескі сағат.
Бос ваза.
Перде гүлсіз.
Шашырайды күңгірт шам жерге нұрсыз...
Кейіпкерін төзімнің мәңгі қамап,
Шейіттерін сезімнің жерлеп үнсіз...

Жан жоқ тірі өтетін мендей тынып,
Мөлдірейсіз сіз де үнсіз көлдей тұнық...
Қолыңыздан ұстағым келеді іштей,
Жолыңыздан қалдырғым келмей тұрып...

Тұрады үміт елеске енгісі кеп,
О, сондағы жүректен Жер кішірек...
Сіз кететін пойыздың уақыты алыс,
Мен шақырған таксидің келгісі жоқ...

Қоштасамыз соларға қарамастан,
Біздер үшін бұлт жылап қалады аспан...
Бір білерім бұл дүние сізді сүйіп,
Сізді ойлаудан басталған бәрі о бастан!..

                       ***
Тұлғаға айнала алмай тұғыры емен,
Өтуде күндер зулап ғұмыр ерен...
Кете алмай өз ұлтымды айналсоқтап,
Жете алмай өз жүрегім түбіне мен...

Келемін елдік туын ұстамай тік,
Жүремін берген жолмен дұшпан айтып...
Жөңкуде жылы жаққа жылпос, жақұт,
Кететін жыл құсындай қыста қайтып...

Кездігін тамағыма таман кенеп,
Ездігін ерлік қылды жаман кенет!
Тортасын солар жепті қазынаның,
Малтасын мен езіппін, маған не жоқ?

Жоқ қазір бұл қазақтай тегін тұтқын,
Кененің дегенім бос кегін тұттым...
Қазанның даусына да мен телмеңдеп,
Азанның дауысына да мен үркіппін...

Біздікі кейде мақтан бақас қылық,
Қаншықпен бұралқы ойым отасты ұлып...
Ұлдан құл ұпайы асса – менің кінәм,
Ұлт қамын ұрт қамымен шатастырып...


madeniportal.kz

author

Мирас Асан

АҚЫН

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...