АЙДОС – ҰЛЫ АБАЙДЫҢ НЕМЕНЕСІ…Талғар тауларын баурайлап келе жатқанбыз. Дархан дейтін кә...
Жүрсін Ерман. Мерген сөздерді терген-ақ екен
Қадыр Мырза Әліге мектеп оқушысы кезімізден табынып өстік. «Ой орманын», «Дала дидарын», «Бұл бұл бағын» түгелдей дерлік жатқа білуші едік. Соған еліктеп алғашқы өлеңдерімізді қағазға түсірдік. Алматыға оқуға келгенде, алдымен Қадыр ағаны іздедік. Қазіргі жастар құсап «суретке түсейік» деп жеңінен сүйремедік, алыстан көрсек те қуанып қалатынбыз. Алғашқы сыни мақалаларымыздан Қадыр ағамызға деген риясыз көңіліміз танылып-ақ тұратын.
Сөйтіп жүргенде, Қ.Мырза Әлінің аударуымен С.Есениннің бір томы жарық көрді. Ұнамады. Елжіреген Есенинді қорғасындай Қадыр басып кетті. Шамамызға қарамай, «Тұпнұсқа болсын төреші» деп көлемді сын мақала жазып, оны «Жұлдыз» журналында жарияладық. Қадекең біздің сынымызды ауыр қабылдап, аулақ жүрген кездер содан басталып еді. Бір күні өзі үйге телефон шалып:
- Менің көп томдығым жарыққа шықты. Соның бір томы туралы сенің пікір жазғаныңды қалап отырмын, - деді.
Мына мақала сонда жазылып, «Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланып еді.
Оқимын десеңіз, мархабат!
Мерген сөздерді терген-ақ екен
Қадыр Мырза-Әлидің (Қадыр Мырзалиевтің) асқан білімпаз екенін екінің бірі біле бермейді. Білімпаз болғанда да, екі-үш жоғары оқу орнын бітірген зиялының шапаны Қадекеңе тарлық етеді: адамзат ақыл-ойы жинақтаған ұшан-теңіз білімнің әр ғылым саласына қатысты туырылған қаймағы, нәрі мен сөлі осы ағамыздың сана сүзгісіне тұтылып, орнығып қалған. Екінші сөзбен айтқанда, Қ.Мырза-Әли жақсы жарақталған, соңғы үлгідегі компьютер тәрізді: керек ақпаратты қойнынан да, қонышынан да суырып ала береді. Ал қалам иесіне Аллаһ-тағала сыйлаған дарын дәл осы теңіздей терең біліммен ұштасқан кезде, не бір ғажайып туындылар дүниеге келетінін қазақ әдебиетінің тәжірибесінде осы Қадыр ағаның шығармашылық зертханасы әбден дәлелдеп келеді.
Әрине, қаламгердің өмір бойы жинақтаған аса бай білім қоры оның әр туындысынан мен мұндалап көзге ұра бермейді. Олай болған күнде ақындық, жазушылық шабыт, ылһам, шығармашылық процестің тылсым құпиясы сыйқырын жоғалтып, тым жадағайланып қалар еді. Қадекеңнің ғылыми дайындығы, айсберг тәрізді, бір мұртымен ғана белгі беріп, ұлы денесін мұхит құшағына жасырып, өз ауанымен жүзе береді.
Бұл айтылған пікіріміз Қадыр Мырза-Әлидің бүкіл шығармашылық Өмірбаянына тікелей қатысты болса, оның «Қазығұрт» баспасынан жарық көрген көптомдығының біз парақтап отырған 11-томында да осы білімпаздықтың iзбелгілері сайрап жатқанын аңғару қиын емес. Кітаптың салмақты бір бөлімі болып отырған «Ғибратнәмә» тарауы соның айқын дәлелі. Ертеректе балаларға арналып жазылған әр алуан өлеңдерінде болсын, қалың оқырманға бас шұлғытқан ең сүбелі-сауырлы жыр жолдарында болсын, қарапайым да бұлжымас логикаға негізделген алтын арқаулы ойларының поэзиядан артылған немесе сыймаған қат-қабат иірімдерін автор енді қысқа да нұсқа, мысал әңгімелерге айналдырып, үлкен мен кішіге, жас пен жасамысқа бірдей өтімді де түсінікті пішінде өрнектеген тәрізді. Бас-аяғы таптұйнақтай, олпы-солпысы жоқ осы шағын дүниелердің оқушыға ұсынар ғибраты талай ұзақ-шұбақ дүниелердің көтере алмас жүгін арқалап тұрғандай. Небәрі бес-ақ сөйлемнен тұратын «қолтырауынның қулығын» оқып көріңізші:
«Сілекей атаулының бәрі езуден ағады. Тек қолтырауында ғана басқашалау... Оның сілекейі кірпігінің ұшында тұрады. Жұрт оны қолтырауынның көз жасы екен деп ойлайды. Ойлап қана қоймайды, көбіне-көп алданып қалады...».
Осы бір мөлтек дүниені оқығанда, сіз өзіңіз бұрын біле қоймайтын қолтырауынның қулығын ғана ойлап қоймайсыз, дәл сол сәтте көзінің жасымен алдайтын кәдімгі адамдардың да бар екенін еске аласыз. Өзіңізге талай сан соқтырған қарапайым қулық иелерін қайта көз алдыңызға келтіріп, ең болмағанда, езу тартасыз! Дәл осындай бас-аяғы жинақы, формасы қарапайым, бірақ айтар ойының салмағы жөнінен атан түйе тарта алмас жүк көтеріп тұрған қысқа әңгімелер бұл кітаптың ең ажарлы беттері секілді. Қадыр Мырза-Әлидің біз жоғарыда дәріптеген білімпаздығы да осы қысқа әңгімелерде жарқырай ашылады. Данышпан идеялардың аса қарапайым болатынын әлемдік ақыл-ой әлдеқашан мойындаған. Қадыр ағаның ондықтың ортасына тиіп жатқан ең сәтті мысалдары да қаншалықты қарапайым болса, соншалықты ақылгөй. Біз бұл туындыларды автордың да, оқырманның да анық олжасы деп есептейміз.
Ал енді Қадекеңнің осы ғибратнамаларымен өзектес, табиғаттас қалжың әңгімелері кітаптың «Сөзмерген» атты тарауына топтасқан екен. Бұрын «...Деген екен» деген сериямен жеке кітапшалар түрінде жарық көрген бұл мерген сөздердің ғұмыры ұзақ болатыны еш күмән туғызбайды. Өзінің жүріп-тұрған ортасы, қаламдас-әріптестері, аға-інілері Қадыр қалжыңдарының өзгермес объектісіне айналған. Запыран зәрі жоқ, зілі жоқ бұл әдемі әзілдерден кексіз күлкіні ғана тауып қоймайсыз, дер кезінде айтылған мерген сөздердің тапқырлығына таңқаласыз, сәттілігіне сүйсінесіз. Риясыз күлесіз. Қадекеңнің қасында жүрген аға-іні, құрбы құрдастарының кейбір оғаш мінездері, оқшау қылықтары оқырманды да ойлантады, сөз бағып өскен халықтың айтқыштығы таңдай қақтырады. Үнем оқтаулы мылтықтай әзір жүретін Қадыр ағамыздың қырғи тілді қалжыңдары оның өз табиғатын да анық танытатындай. Әр құбылысқа, қылыққа, сөзге үлкен мән беретін Қ.Мырза-Әли үшін ұсақ-түйек нәрсе жоқ, бәрінен де ғибрат аларлықтай түйін түйеді. «Өзінің бетін аямаған кісінің бетін шиедей қылады» деген рас болу керек, басқа — басқа, Қадекең өз бойының бәкенелігін де, мұрнының молдығын да әзіл объектісіне айналдыра отырып, талай тамаша қалжыңдарды туындатқан екен. Тәлімі мол, тәрбиесі көп дүниелер.
Кітаптың тағы бір тарауы «Алмас жерде қалмас» деп аталады. Қазақ сөз өнерінің салмақты бір саласы мақалдар мен мәтелдер болса, тіліміздің мәйегі болып саналатын бұл мерген сөздердің туу, жаратылу һәм даму эволюциясын Қ.Мырза-Әлидің осы тарауынан анық бағдарлауға болатындай. Шешендік өнеріміздің көркі тәрізді мақал-мәтелдеріміздің, қанатты сөздеріміздің әдетте авторы жоқ болатыны белгілі. Халықтыкі деп жүреміз. Тұтас халыққа телінетін сол ұтқыр-тапқыр сөздердің соңында жеке адам тұратынын оймен шамаласақ та, оның авторын біле қоймаймыз. Көз алдымызда, өз дәуірімізде жаңадан жаралып жатқан қанатты сөздердің де қадіріне жетсек әділ болар еді. Бұған дейін талай тамаша мақал-мәтелді туындатқан Мұзафар Әлімбаев ағамыздың ерекше шығармашылық өнерін Қадыр Мырза-Әли одан әрі ұштап келе жатқанын осы тараудағы жүздеген жүйрік сөздер дәлелдей түседі. «Алмас жерде қалмас» деген бір тіркестің өзі ат пен түйе беріп қалап алдыратын сәулетті сөз емес пе! Қазақтың ғасырлар белесінен сүрінбей өтіп, сұрыпталып бізге жеткен қанатты сөздері дәл осындай қысқа да нұсқа, биік те терең, сұлу да сымбатты болатыны баршаға белгілі. Қадекеңнің ең сәтті деген мәтелдері осы қасиеттерді бойына сіңірген. «Бала марқайтады және қартайтады» дейді ол. Дау жоқ!
«Қаз кетеді — көл
қалады аңырап,
Қыз кетеді - үй
қалады қаңырап» — дейді ол. Бұрынғының шешендері дәл осылай ұйқастыра әрі қиюласыра отырып, өмір ақиқатын тайға таңба басқандай айта білген. Екі оқты, дүдамал, тұрлаусыз ойлар мақал-мәтелге өзек бола алмайды. Болған күнде де ол сөздің ғұмыры ұзақ болмайды. Осыны қағида тұтқан Қадeкeң өзі туындатқан қанатты сөздерінің құйрық-жалын сәйгүліктей тарап, әбден орныққанда ғана топқа қосатын тәрізді. Үлгісі мол, өнегесі көп өнімді еңбек.
11-томның ең сүйкімді беттеріне «Үкілі үзінділер» деп ат берілген. Бұл бөлімге Қадыр Мырза-Әлидің бүкіл поэтикалық шығармашылық ғұмырында жазған шумақтарының ең шұрайлылары мен шырайлылары іріктеп топтастырылған.
Кісінің кемшілігі — оның артықшылықтарының жалғасы. Қалекеңе айтылған сыни пікірлердің ең қаталы — оның дидактикаға әуестігі болса керек. Бүгінгі күні бұл қасиеті ақынның ең бір мәуелі жемісі, өнiктi өнегесі десем, артық айтқандық емес шығар. Қ. Мырза-Әлидің қазақ поэзиясындағы ешкімге ұқсамас қолтаңбасы, ешкім таласпас орны да осы құйылып түсе қалған, сырт қарасаң ділмарсумен деңгейлесіп жататын, ал, байыбына барған кісіге, кемелдіктің, асырып айтсак, кемеңгерліктің көркем болмысындай танылатын құрыштай қуатты жолдармен анықталған. Осы томға көбіне екі, кейде төрттаған түрінде түзілген бұл ойлы жыр өрнектерінің осылай іріктеліп берілуінде де бір құпия сыр бар. Өйткені, жоғарыда сөз етілген қанатты сөздер де, ғибратнамалар да, тіпті, әзіл-қалжыңдар да Қадыр ағаның осы ойып алынған өлең жолдарымен өзектес, тамырлас, табиғаттас. Зілдей ауыр ойларды, жылт еткен сезім құбылыстарын дәл осылайша тамыршыдай тап басып, мүсіндеп бейнелей салу үшін де тұлпардай жарап бабында тұрған талант қандай қажет болса, сол ой мен құбылысты тану үшін, табу үшін де ұлттың үрдісінен тәрбиеленген, қанаттанған қиял мен жанар керек. Қадыр Мырза-Әлидің осы томға топтастырылған дүниелерінде осындай ішкі сабақтастық, үзілмес байланыс бар екенін аңғардық. Әрине, кемел акынның үкілеген үзінділері бұрынғысынша аузыңызды тұщытып, мейіріңізді қандырып, көркемдікке құмартқан көңіл көзіңізді де әбден тойдырады. Өйткені,
Асауға қиын мiнуiң,
Түсуің қиын онан да!
немесе:
Екі аққуға бір-ақ оқ
Жетіп жатыр қашанда!
немесе:
Көкпарды - құрбан төліңді
Тартқанмен көңіл хошында,
Тартысып өткен елімнің
Таңбасы жатыр осында! — деген тәрізді ел таныған Қадыр Мырзалиевтің қапысыз қаламынан туып, өлмес ғұмырға қадам басқан жыр жолдары ешкімнің көтермелеуін, қолшпаштауын қажетсінбейді. Әлдеқашан халықтық сипат алып, мыңдаған жүректерде жатталған жауһар жырларды қайтадан талдап жатудың жөні бола қоймас. Дегенмен, өзімізге «әттең» дегiзген бір кілтипанды да ортаға сала кеткіміз келеді. Менің қатарластарым:
Келешектің ғалымы
Көңіліңе түй мұны:
Азандағы мал үні —
Атамыздың гимні.
Шаңы шыққан шайқаста
Жанын берген ер кісі.
Құрық — қылыш айқасқан -
Бабамыздың гербісі! — деген тәрізді кұдіретті шумақтарды, осымен тағдырлас талай ондаған өміршең өлеңдерді тұтас қалпында жаттап өстік. Осының бір сөзі орнынан табылмаса, әлденемізді жоғалтып алғандай сипақтайтынымыз тағы бар. Өкініштісі, «Үкілі үзінділерде» осындай танымалы, таңбалы (знаковые) шумақтар тұтас берілмей, әр жерде шашылып жүр екен. Құрастыру кезінде әліппе қуалап кетушіліктің осындай өкінтер тұсы бар екені келешекте ескерілсе демекпіз.
Қорыта айтқанда, әбден сұрыпталған, жақсы қағазға көркем басылған осы көптомдықтың Қадыр Мырза-Әли секілді қайталанбас қаламгердің қатарымызда жүргенінде жарыққа шығуы бір олжа болса, көңілінде айнасы бар оқырманның төрінен тезірек орын алуы да сыбағалы сый болмақ.
Madenietportal.kz