Фурқат. Диуандар (ғазал)

Фотосуретте Фурқат (шын аты – Зокиржон Мулла Холмухаммад ұғли) (Қоқан – 1859, Яркенд — 1909, Шығыс Түркістан) — ағартушы ақын, ойшыл, публицист.

ӘЛЕМ ӘДЕБИЕТІ
501

Бұл топтама шағатай тіліндегі классикалық поэзия үлгілерін қазіргі қазақ оқырманына жақындату мақсатымен дайындалды. Көне мәтіндердің көркемдік қуатын сақтай отырып, оларды заманауи тілдік кеңістікке көшіру барысында түпнұсқаның поэтикалық құрылымы, ұйқас жүйесі және образдық табиғаты мүмкіндігінше дәл берілді. Аудармалар тек мағыналық жеткізумен шектелмей, мәтіндердің көркем тынысын жаңғыртуға бағытталды.

Топтамадағы ғазалдар мен мұхаммастар — Орталық Азия әдеби мұрасының маңызды қабаты. Олар сопылық дүниетаным, ғашықтық символика, тағдыр мен рухани ізденіс тақырыптарын қамтиды. Осы ерекшеліктерді ескере отырып, мәтіндер қайта зерделеніп, қазақ тілінің ішкі әуезіне сай көркем түрде ұсынылды. Негізгі ұстаным — тарихи мәтінді түсіндірме ретінде емес, бүгінгі оқырман қабылдай алатын толыққанды поэтикалық шығарма деңгейінде жеткізу.

Шағатай тілінен аударған — ақын, АҚШ Авторлар гильдиясының мүшесі Сүндет Сейітов. 

Ол — «Ұмытпас» жыр жинағының авторы. Орталық Азия инновациялық университетінде білім алған. Әдеби-аудармашылық ізденістерінде түркі классикалық поэзиясы мен қазіргі қазақ әдеби тілінің сабақтастығын жаңаша пайымдауға ден қояды. Осы басылымдағы аудармалар мен көркем бейімдеулер аталған бағыттағы жүйелі жұмыстың нәтижесі ретінде ұсынылады.

Фурқат (шын аты – Зокиржон Мулла Холмухаммад ұғли) (Қоқан – 1859, Яркенд — 1909, Шығыс Түркістан) — ағартушы ақын, ойшыл, публицист. Ауылдағы мектепте сауат ашқан, мударрис пен хатшылардан көркем жазу өнерін, араб тілін үйренген. Медреседе оқыған (1873–76). Алишер Науайы шығармаларын, сондай-ақ парсы әдебиеті өкілдерінің мұрасын терең зерттеп, парсы тілін жетік меңгерген.

1876 жылы Жаңа Марғұлан (қазіргі Ферғана) қаласындағы саудагер нағашысының өтінішімен сонда барып, сауда істеріне көмектескен, кейін өзі де шағын дүкен ашқан. Сонымен бірге білімді зиялы ретінде адамдардың арыз-тілектерін ресми мекемелерге өтініш түрінде жазып беріп, хатшылық қызмет те атқарған.

Фурқат Жаңа Марғұланда шығармашылық тұрғыдан толық қалыптасты, ғазалдарына «Фурқат» деген тахаллус (лақап ат) қойып, танымал бола бастады. Бұл кезең оның халықшыл дүниетанымы мен озық әдеби-эстетикалық көзқарастарының қалыптасуында маңызды белес болды.

1880 жылдардың басында Фурқат Қоқанға қайтып, отбасын құрып, негізінен шығармашылықпен айналысты. Муқимий мен Муҳйи жетекшілік еткен Завқий, Нодим, Нисбат, Муҳаййир секілді қаламгерлер тобымен тығыз байланыста болды, олардың ұйымдастыруымен өтетін әдеби мәжілістер мен поэзия кештерінің белсенді қатысушысына айналды.

Қоқан кезеңіндегі шығармашылығы жанрлық, тақырыптық, мазмұндық және пішіндік әр алуандығымен, өнімділігімен ерекшеленеді. Ол классикалық поэзия дәстүрінде көптеген ғашықтық ғазалдар мен мухаммастар жазды. Навоий шығармаларына назиралар мен тахмистер арнады. Оның өлеңдерінде әлеуметтік рух пен заманауилық барған сайын кең орын ала бастады (мысалы, «Бўлди» радифті мухаммасы және басқа туындыларында). Фурқат халықтың саяси құқықсыздығы мен экономикалық ауыр жағдайына күйінді («Не журм ўттики биздин, бунчалик Фарғона танг бўлди?..»).

Қоқан хандығының түпкілікті жойылып, отарға айналуы оқиғасына байланысты жазылған «Демиш хон бир куниким, давру давронлар қаён қолди?» деген жолмен басталатын мухаммасы да осы кезең жемісі. Тақ пен тәжден, салтанаттан айырылған Худоёрхон атынан жазылған бұл шығармада да әлеуметтік тақырып кең көрініс тапқан.

Фурқаттың шығармашылық мұрасында дәстүрлі поэзиялық жанрлар мен өзбек классикалық әдебиетінің негізгі тақырыптары жетекші орын алады. Оның ғазалдары мен мухаммастары, тахмистері өміршеңдігімен, әуезділігімен, шынайылығымен оқырманды баурайды.

Өлеңдерінде туған жер табиғаты мен көктем көркі, жалынды махаббат пен адамгершілік қасиеттер, өмір қуанышы мен тұрмыс тауқыметі, жалпы адам мен әлем, адамдардың рухани дүниесі кең суреттелген. Мысалы, «Баҳор айёмида гулгашт этарга бир чаман бўлса», «Умр хуш ўтмас баҳор айёми саҳро бўлмаса», «Сурмадин кўзлар қаро, қўллар хинодин лоларанг», «Жаннатнинг гулларидан гулзорингиз чиройлик», «Кўнгул дардиға топмай бораман ҳаргиз даво истаб», «Фасли навбаҳор ўлди кетубон зимистонлар» деп басталатын ғазалдары, «Этти фалак», «Бири», «Истар кўнгул», «Дўст», «Кокулунг» радифті мухаммастары және Навоийге арналған тахмистері идеялық әрі көркемдік тұрғыдан кемел туындылар саналады.

Фурқат поэзиясында отарлық жүйенің кемшіліктері, әділетсіздік пен зорлық-зомбылық, құқықсыздық пен кедейшілік, наданның қадірленіп, дананың қор болуы айқын бейнеленген:

«Чархи кажрафторнинг бир шевасидан доғмен:
Айшни нодон суруб, кулфатни доно тортадур»

деген жолдар оның әлеуметтік бағытын көрсетеді. «Бормасмиз» радифті өлеңінде ұлттық рух көркем бейнеленген. «Сайдинг қўябер, сайёд…» мусаддасында жеке адамның еркін өмір сүру құқығын қорғап, зұлымдық пен езгіні айыптайды.

Осы жылдары «Хаммоми хаёл» трактатын жазды. «Чор дарвеш» хикаясын парсы тілінен аударды. «Нуҳ манзар» атты жыр кітабын құрастырды. Ақын өзі «Бұлардан басқа түрлі ғазалдарым Ферғана аймағына және басқа елдерге тарады» деп жазады. Сондай-ақ алғаш рет өлеңдерін жинақ етіп топтастырған, бірақ ол қолжазба бүгінге дейін табылған жоқ.

1886–87 жылдары Марғиланға барып, Жами мешітінің бөлмесінде тұрған, достарының көмегімен шағын дүкен ашқанымен, негізінен поэзиямен айналысқан. Хожажон Рожий, Мұхаммад Умар Умидий-Ҳавоий, Мулла Тошболту Ройиқ секілді қаламгерлермен танысып, әдеби сұхбаттар құрған.

Фурқат алғаш рет газетпен осында танысып, оның Ташкентте басылатынын білген. Жаңалыққа құштар ақында қоғамдағы өзгерістерге, ғылым мен техниканың таралуына қызығушылық оянды. 1889 жылы Ташкентке сапар шекті. Көкалдош медресесінде тұрды. Біраз уақыт «Фарҳат» тахаллусымен жазды, кейін қайта «Фурқатқа» оралды.

Ташкентте орыс зиялыларымен және еуропалық өмір салтымен танысты. Театр, гимназия, көрмелерге барды. Осы әсерлер нәтижесінде дүниетанымы өзгеріп, ағартушылық идеялар жетекші орын алды. «Илм хосияти», «Гимназия», «Виставка хусусида», «Акт мажлиси хусусида», «Тошкент шахрида бўлғон нағма базми хусусида», «Суворов» шығармалары 1890-жылдары «Туркистон вилоятининг газети» бетінде жарияланды.

Ол заманауи білімге шақырды, бірақ отарлық саясаттың шынайы мақсатын бірден түсіне алмады. Кейін орыстандыру саясатының астарын аңғарды. «Шоир аҳволи ва шеър муболағаси хусусида» еңбегінде реалистік бейнелеу мәселесін көтерді.

Фурқат өзбек публицистикасының негізін қалаушылардың бірі саналады. 1890 жылдан бастап газетте ресми жұмыс істеді. 1891 жылы «Хўқандлик шоир Зокиржон Фурқатнинг аҳволоти. Ўзи ёзгони» атты публицистикалық еңбегін жариялады.

1891 жылы Самарқандқа, кейін Бұхараға барды. Сол жылы шетел сапарына шығып, Марв–Ашхабад–Баку–Батуми арқылы Стамбулға жетті. «Сабоға хитоб» хат-өлеңінде туған жерге сағыныш пен жалғыздықты жырлады. Кейін Балқан елдері, Мекке, Мәдина, Үндістан, Кашмир арқылы 1893 жылы Яркендке қоныстанды.

Яркендте отбасын құрды, емшілік пен дәрілік өсімдіктер саудасымен айналысты, шығармашылығын жалғастырды. «Ҳинд найрангбози Ёркендда» (1905) фельетонын жазды.

Фурқат 1909 жылы туған жерінен жырақта қайтыс болды. Яркендтегі Донгдор зиратына жерленген. 1990 жылы қабіріне кесене тұрғызылды.

Оның өлеңдері алғаш рет 1913 жылы Муқимий шығармаларымен бірге жарық көрді. Кейін бірнеше рет басылып шықты. Өзбекстанда бірқатар ауыл, аудан, мектеп, көше, бақтар ақын есімімен аталады.

Авторлар: Абдурашид Абдуғафуров, Бегали Қосимов

*****

Көктемде серуен құруға бір гүлзар болса,
Махаббат иелерінен екі жан болса.

Күз күні ол шараппен тәубе еткен болса,
Мастықтың буымен уәдесін шөлдеткен болса.

Бұлт нұр шашып, жаныма қуатын берер,
Арықтың жағасын баураған мың гүлзар болса.

Таза ауа, мөлдір хауыз, көңілге жағымды сәкі,
Ағынды судай толқып, мені жуар болса.

Ақ шыны, алтын тостаған, қып қызыл шарап,
Шарап құятын бұл күні күміс қыз болса.

Гүл үстінен бұлбұл, көгершін ұшты,
Жалғыз қалып, сақи дос зар илеген болса.

Адам Тұба мен Кәусарды, Ризуанды не істесін?
Әлем алдында біз күткен мәнді бір жиын болса.

Қалай көрсін шаттықты дүниенің бағында?
Момын Фурқаттың мекені «Байтул-хазан» болса.

 

Түсіндірме:

Тӯба, Кәусар, Ризуан – исламдық жәннат ұғымдары.

Байтул-хазан – «қайғы үйі» деген тұрақты поэтикалық тіркес

******

Өмір қызық өтпес, көктем келмесе, болмаса,
Қызғалдақзар ішінде сауық-сайран болмаса.

Шараппенен еш мақсат жүзеге аспас ешқашан,
Гүл жүзді сақи ол жерде әп-әдемі болмаса.

Мәжіліс иесі болса, шарапқұмар біз болсақ,
Жат адамдар ол жерде еш уақытта болмаса...

Дүние гүлзарында жақсы өтер жиналыс,
Біз кетеміз ол жерден күздің лебі болмаса.

Не қылайын өмірді, обиҳаят, мәңгіні,
Тірілтер Хызыр, Мәсіхтің лағыл ерні болмаса.

Махаббат отына күймеген тән топырақ болсын,
Онда савдо болмаған бас таптаулы болсын.

Фурқат армандайды да жырға толы жиынды,
Адам – адам болмайды, тілегі оның болмаса.

Түсіндірме: Сақи – шарап құюшы (поэзияда – сұлу бейне). Обиҳаят (обиҳайвон) – мәңгілік өмір суы. Хызыр – мәңгі тіршілік символы. Масиһо – Мәсіх (Иса пайғамбар), тірілту символы. Савдо – ғашықтық дерті, құмарлық күй.

***

Уәдеңді алыстан аңғартып баяу-баяу,
Мені, жаным, сүйдірдің баяу-баяу.

Хатта қандай сөздерді жаздың маған;
«Махаббат рәсім қыл» депсің баяу-баяу.

Асығыстан мақсатқа жетпес ешкім,
Әр іс орындалады баяу-баяу.

Шыдайын қалай, жаным, махаббатқа,
Сабырым таусылардай-ақ баяу-баяу.

Көңілге жұбаныш беріп: «Бір күні қауышармын» деп,
Сенен хажр боламын баяу-баяу.

Алаң болмашы, назданба, ойланба, жаным,
Хат арқылы хал сұра баяу-баяу.

Қалай тыным табайын, сенсіз, сенсіз,
Әлем көзіме тар болды баяу-баяу.

Сол күні бір көргенмін новаки ғамза,
Әлі күнге қинайды ол баяу-баяу.

Егер қауышу шарабы болмаса Фурқат,
Сағынышқа масаяр баяу-баяу.

Түсіндірме: Вафо – адалдық, уәде беріктік. Висол – қауышу. Ҳажр – айырылу. Хумор – махаббаттан туған мұңды масаң күй. Новаки ғамза – наздың жебесі (астарлы метафора)

 ***

Шараптың қызуынан ба, қызыл шоқ үстіндемін бе?
Тамшы боп тұрған шық па, әлде мен гүл үстіндемін ме?

Қастарың өсма ма әлде қаннан тат басқан қылыш па?
Немесе жасыл рең үстіне төгілген пісте ме, дұрыс па?

Жүзіңде ирелеңдеген шаш па бұл, айдаһарлар ма?
Мен оның астындамын ба? Жоқ әлде үстіндемін бе?

Жүзіңді ашқанда бақтағы бәрі естен танды қас-қағым:
Науқас бұлбұл мен көгершін гүл үстінде ме екен, таппадым?

Аяғың шаңын көзге сүрме ету үшін жұрттар таласты,
Иә, қай жерде болса да қайыршы алтын көргендей жанасты.

Наргис көздерің әлемге бүлік салардай, топалаң,
Кірпік үстінде қос қанжар маған тиердей, жоқ оған...

Назды жан, сен тәкаппар, онсыз да салмақтысың ғой,
Нәзік мінезің, мүсінің, жұп-жұмыр жердің үстінде.

Фурқат та сенің көзіңнен бүлікті көрді, ол рас!
Ай туған кезде жұлдызда дүрбелең болу – ол да рас.

 ****

Кашмир шаһарында ай жүзді көрдім бір қызды,
Көздері оның бізді арбап, әсте жүргізді.

Күн оның ләйім басына алтын шашады,
Таңертең бұлақ суымен шөлін басады.

Һарут пен Марут екеуі оны көргенде,
Бабыл құдығынан шыға алмай, болған шерменде.

Қиғаш көзінен шашылып зүмрат жарқылы,
Құдайды көрдім жарқ еткен сол көз арқылы.

Қасы үстінде меңі бар екен нүктедей,
«Нун» сүресін тәпсірлеп шықтым, күт демей.

Ешкім де оның махаббатынан тыс емес,
Шашына оралған мен сынды бейбақ кісі емес.

Дедім: «Ей, сүмбіл шашыңның тұтқыны болдым!»
Деді: «сен тентек шынжырлы тұтқыным болдың».

«Ерніңдегі мең орынсыз екен», — деп күлдім,
«Құдай жазғанда жаңылған шығар», — деп күлді ол.

Деді: «Ей бейғұс, неге отанды тастадың
Мен Фурқатқа жат жерде жүру
қас қағым.

 ***

Қиғаш қас ей, жан, халімді сұрауға тез келші,
Жылай бергеннен көзде жас қалмады, тез келші!

Сенен жырақта, жапада жалғыз қалдым мен,
Мені түгелдей қоршады азап, тез келші!

Қош келдің деп, басым көтеріп, тұлпардай,
Көзім үстіне алақан қойшы, тез келші!

Көптен бері бұл дүниеде сені таба алмай,
Жұрт ішінде анқо құстай жоғалдым, тез келші!

Қандай жақсы еді ойыма айырылу келмейтін,
Қауышуды білмей, бағаламаппын, тез келші!

Төсек — қорлықтың топырағы еді, мұңым да,
Мекенім менің – сағынышыңда, тез келші!

Фурқаттай жүрек сені тағы қанша күтеді,
Жүректе төзім қалмады, жаным, тез келші!

 Түсіндірме: Анқо — аңыздағы құс (феникс тәрізді), сирек кездесетін, қол жетпейтін нәрсенің символы. Фурқатий — ақынның тахаллусы (Фурқат); мәтіндегі лирикалық «мен». Кел эртароғ — «тезірек кел», «ертерек жет» деген жалбарыну, қайталама рефрен.

 ***

Ернің — гүлдің бүршігі, жүзің — қызыл гүлдей ме,
Бойың — сарв ағашындай, шашың сүмбілдей ме?

Қауышуға, ей сұлу, жақын едім бір кезде,
Айырылуға мен қалай шыдағанмын сол кезде?

Құмарлықтың қаламы сенің лағыл ерніңді,
Хатқа жазып үздіксіз қайта-қайта сендірді.

Жүзің сенің — гүлстан, ей, перизат сұлу,
Мен сол сұлулыққа да ете алмаймын жатсыну.

Жүсіптің сұлулығына бәрі ынтық болғандай,
Қыз Зылиха секілді жүрек ішіне қонғандай.

Гүлім, қайғың да үшін жаным шығуға таяу,
Осы ғамнан тәнім де күн сайын жүдеуге таяу.

Бейбақ Фурқаттың хәліне рақым ет, рахым,
Сен — төзімнің патшасы, рақым ет, рақым! 

Түсіндерме: Сочинг сунбул — шашың сүмбіл (гиацинт) гүліндей, бұйра және әсем. Гулистондур жамолинг — жүзің гүлстандай, сұлулық мекені. Париваш — пері кейіпті, әдемі сұлу. Юсуф — Құрандағы Жүсіп пайғамбар; теңдессіз сұлулықтың символы. Зулайхо — Жүсіпке ғашық болған Зулайха; жүректің толқынысын білдіреді. Чиқарга етти жон — «жеті жаным шығуға таяу»; бар жан-тәнімен азап шегу.

***

Жанымды отқа салма, ей тентегім қылықты,
Қиналған жүрегімді жаралама үмітті.

Көктемгі гүлдің иісі саған ғана жұққандай,
Сол себепті наргис сынды бәрі сені ұққандай.

«Мына бір жасыл бұлақ су көзі ме?» — деді ол,
«Ерніңе тиіп кеткен зәмзәм бұлақ», — дедім мен.

«Не істейін, әр ай сайын өмір ұзақ», — деді ол,
«Бұл сенің ұзын шашың толқындаған», — дедім мен.

«Белің мен ауызыңды ашпа, сабыр сақта», — деді ол,
«Сенде жоқ азиз дүние мен де ғана бар», — дедім.

«Елемей қарауымның саған, мәнін білдің бе?»,
«Кетуге менімен бірге деген сөзің», — дедім мен.

«Жүз мың ғашығым бар, тек біреуі жағымды»,
«Сол — Фурқат деген тұрақсыз ғашығың ғой», — дедім мен.

Түсіндірме: Ёқма жоним ўтлара — «Жанымды отқа салма». Шўху — тентек, әсем, ойнақшы. Зорингдур ўшал — сенің қылығың — қиналысымның себебі. Мубтало кўнглум — қиналған, зардап шеккен жүрегім. Сабзаларким чашмаи ҳайвон — «жасылдар тірі су көзі ме?»; табиғат пен жанның байланысы. Бел, оғиздин очма лаб, сомони сабринг тут — «Бел мен ауызды ашпа, сабыр сақта». Тағофул этмоғим моҳиятин — «Менің елемеуімнің мәнін білдің бе?» Бормоқ учун берган қарорингдур — кетуге берген шешімің. Юз минг ошиқим, аммо бири муштоқроқ — жүз мың ғашығым бар, бірақ бірі ерекше ынтық.

 ***

Таң атқанда, тұрдым жаным жолыңда,
Көзім ағып кетсе шіркін жаныңда.

Ғалам періштелері саған жеткенде,
Тек мен ғана жете алмадым, кектенбе!

Қалағаным саған жету болса да,
Жетер едім қасық қаным қалса да.

Іздеріңнен бір тыныштық таптым мен,
Жаным шығып бара жатыр, тап бірден.

Ауыртпалық туындаған сөгістен,
Мен — Мәжнүн секілденем көп ішкен.

Кел, ей Юсуф, сен қайдасың Зылиха,
Көңіл үшін маған арнап қыл иша.

Фурқат өлсе – тәні сенің жолыңда,
Ал, рухы жүреді ылғи жаныңда. 

Кавлама (қайрау)
(Машраб ғазалына мухаммас)

Менің ғашық жүрегім, сүйіктімді қайрама,
Қызыл жалыннан өткен жан-тәнімді қайрама,
Дала кезген кездегі киімімді қайрама,
Ей жел, зарлы күйімде төсегімді қайрама,
Көктем күні жамылған топырағымды қайрама!

Ғаламның түрлі белгісі көз алдыма жетеді,
Сол себепті көзіме жас келеді, кетеді.
Жүрек қозғалып қалса, тәтті сөздер өреді,
Әр заманда Ләйліден маған хаттар келеді,
Сен — Мәжнүн болмасаң, дәптерімді қайрама!

Қайғыдан таза адамдар өзінің әлін біледі,
Кедейлердің халіне ханшайымдар да жете алмас,
Кішкентайлар бұл жайды жай адамша білмейді,
Үй қирандыларында тәу еткен адам біледі,
Егер сырлас болмасаң, көз жасымды қайрама!

Махаббаттың саудасы миға жетті, қиындау,
Менің жаным тәнімде азапталып қалады,
Зоҳид, мазақ қылмашы, жүрегімде қайғы бар,
Түсіне алған жан ғана бұдан әсер алады,
Сенде жүрек болмаса, жан дертімді қайрама!

Күндер бойы жұп іздеп, құстай болдым жабайы,
Мен не дұрыс, не бұрыс еткенімді білмедім,
Қайғы мені жаулады, үйде дұға жасадым,
Ломакон шаһарында серуен құрдым, босадым,
Мен — Жебраил ғашығы, қанатымды қайрама!

Кейде өзімді су тастап, кейде отқа салдым да,
Уақыт тыныштығынан бір сәт мезі болдым да,
Шариғатты ұстанып, тариқатқа жол салдым,
Рахметке бөлену үшін еттім құрбандық,
Мағрифаттан хабарсыз болсаң, мені қайрама!

Сен бұл жолға түскен соң, кері қайтпа ешқашан,
Қуаныш пен құлшылық шектеледі тоқтасаң.
Фурқатий, адасып қалсаң, түнде жыла, күн жыла,
Машрабты ұқпасаң, мені жаным, қайрама!

Түсіндірме: Кавлама – қазбала, қозғама, қайрау. Ошиқ – ғашық. Пайкар – дене, тән. Ғамзода – қайғылы, мұңлы. Чарх – тағдыр, дүние. Китобат – жазу, хат. Лайли, Мажнун – ғашықтық символдары. Сардафтар – дәптер, жазба. Ишқ савдоси – махаббат дерті. Зоҳид – тақуа, сопы. Ломакон – кеңістіксіз рухани әлем. Жабраил – періште Жәбірейіл (мұнда: рухани бейне). Шариат – діни заң. Тариқат – сопылық жол. Маърифат – рухани таным. Дийда бино – көзі ашық, түсінетін адам.

ЖАҢАЛЫҚТАР

Жеңіл атлетикадан Олимпиада чемпионы Ольга Шишигина республикалық референдумға қатысып, Алматыдағы П...

ЖАҢАЛЫҚТАР

Нұрсұлтан Назарбаев Жаңа Конституция жобасы бойынша өтіп жатқан республикалық референдумда дауыс бер...