Әйелді ұрғаны үшін қандай жаза қолданылады?

Фотосурет ұсынылды

Айна
246

Үстіміздегі жылдың 15 сәуірінде Қазақстан Республикасының Президенті Қ. Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістермен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды. Қазіргі күні аталмыш заң күшіне енді. Осыған орай Қосшы қаласында сала мамандары бас қосып, жаңа құжатты талқылауға арналған дөңгелек үстел өткізді.

Дөңгелек үстелге Қосшы қаласы әкімінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі жұмыс тобының төрағасы, «Қосшы қаласының ішкі саясат, мәдениет, спорт және тілдерді дамыту бөлімі» ММ басшысы Айнагүл Көңбай, жұмыс тобының мүшелері – қала әкімінің орынбасары Берген Жұмкей, Қоғамдық кеңесінің төрайымы Сайра Матайбаева, ПБ-нің бірінші орынбасары полиция подполковнигі Ж.Мәжитов, «Әйелдерді зорлық зомбылықтан қорғау» инспекторы полиция капитаны А.Ргызбаева және басқа да мемлекеттік орган басшылары мен қоғамдық ұйым өкілдері қатысты. Олар талқыланып отырған тақырып бойынша өз ойларымен бөлісіп, пікір алмасты.

Қосшы қаласы полиция бөлімінің Отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша жүргізген жұмыстары туралы айта кетейік. 2024 жылдың 26 маусымдағы статистикаға жүгінсек, жыл басынан бері құқық қорғау мекемесіне жәбірленушілерден келіп түскен арыз бойынша 104 қорғау нұсқамасы шығарылып, осы қорғау нұсқамасын бұзған азаматтарға қатысты 13 қатаң ерекше талап қойылды. Мәселен, Қосшы қаласы бойынша құқық бұзушының мінез-құлқына қойылған 13 ерекше талаптарға сот шешімімен ішімдік пен психотроптық заттарды қолдануға 100% тыйым салынады.

2024 жылдың қаңтар айынан бері өмірі қиын жағдайда қалған 4 жәбірленуші азаматша кәмелет жасқа толмаған балаларымен бірге Астана қаласында орналасқан «ҚОРҒАУ-АСТАНА» әлеуметтік оңалту орталығына орналастырылды.

«Өздеріңіз білетіндей, өткен жылдың соңында Мемлекет басшысы адам құқықтары мен заң үстемдігі саласындағы іс-қимыл жоспарын жарлықпен бекітті. Жоспардың шеңберінде ІІМ-де тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес жөніндегі мамандандырылған бөлімше құрылды. Осы жоспарда қылмыстық теріс қылықтарды тергеу рәсімін оңайлату көзделген. Қазірдің өзінде қылмыстық құқық бұзушылықтардың жаңа нормаларына ден қойып, тергеу алгоритімі әзірленді. Мұнда ұрып-соғу, денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру, кәмелетке толмағандарға қатысты сексуалдық сипатта тиісу, суицидті насихаттау сияқты әрекеттер жан-жақты жіктелген», – деді Қосшы қаласы ПБ-нің бірінші орынбасары полиция подполковнигі Ж.Мәжитов.

ҚР Президенті тұрмыстағы зорлық зомбылыққа қарсы заңға 2024 жылдың 15 сәуір күні қол қойды, заң 60 күннен кейін күшіне енді. Яғни 2024 жылдың 16 маусымынан бастап жаңа құжаттың нормалары іс жүзінде жүзеге асырыла бастады. Әйел құқығына қатысты өзгерістерге тоқталсақ, құжатқа сәйкес бұрын әкімшілік іс саналатын отбасындағы ұрып-соғу жағдайлары енді қылмыстық кодекспен қаралады.

Енді Қазақстанда әйелді ұрғаны үшін қандай жаза қолданылады? (жаңа нормалар әйел ғана емес, осы құқық бұзушылықтар жасалса кез келген азаматқа қатысты қолданылады). Ұрып-соғу (ҚР ҚК 109-1 бабы) – 80 АЕК-ке дейінгі айыппұл және түзету жұмыстары, 80 сағат қоғамдық жұмыстар, қамауға алу –25 күн. 2-бөлігі бойынша – 200 АЕК-ке дейінгі айыппұл және түзету жұмыстары, 200 сағат қоғамдық жұмыстар, қамауға алу – 50 күн. Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру (ҚР ҚК 108-1 бабы) – 200 АЕК-ке дейінгі айыппұл және түзету жұмыстары, 200 сағат қоғамдық жұмыстар, қамауға алу –50 күн. 2-бөлігі бойынша – 1000 АЕК-ке дейінгі айыппұл және түзету жұмыстары, 600 сағат қоғамдық жұмыстар, 2 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе осы мерзімге бас бостандығынан айыру.

2024 жылдын 16 маусымынан, яғни жаңа заң күшіне енген күннен бастап, Қосшы ПБ бөлімінде әйелдерге қатысты 6 қылмыстық іс қозғалды. Оның 5-і ҚР ҚК 108-1бөлігі (Денсаулыққа қасақана зиян келтіру) бойынша тіркелсе және 1 қылмыстық іс ҚР ҚК 109-1 бөлігі (Ұрып-соғу) фактісі бойынша тіркелді.

Айгерім Әділбекқызы

Жаңалықтар

Алматы қаласының қылмыстық істерді қарайтын мамандандырылған ауданаралық сотында атышулы іс бойынша...

Жаңалықтар

Бұған дейін хабарлағынымыздай, Алматыда екі оқушы қыз биік үйден құлап өлген еді. Марқұм балала...