Бишімбаев ісіндегі сот сұхбат берді

Tengrinews.kz

Жаңалықтар
476

Салтанат Нүкенованы асқан қатыгездікпен өлтіргені үшін 24 жылға сотталған Қуандық Бишімбаевтың ісін қараған судья Айжан Құлбаева Tengrinews.kz-ке сұхбат берді. Сұхбат барысында ол атышулы экс-министрдің ісі, сот процесі аяқталғаннан кейінгі өмірі туралы айтып берді.

Айжан Құлбаева – Түркістан облысының тумасы. Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетін тәмамдаған.

— Әділет басқармасында оқыдым. Кейін ол сот әкімшісі болып қайта құрылды. Бастапқыда маман болып жұмыс істедім. Кейін судья болуға емтихан тапсырдым. Судья болуды қаладым. Сот жүйесіне келгенімде судьяның қаншалықты маңызды жұмыс істейтінін көрдім, – дейді Айжан Құлбаева.

Сондай-ақ ол атышулы соттың ашық әрі тікелей эфирде болатынын ескере отырып, өзіне артылған жауапкершілікті түсінгенін айтады.

— Істі зерттеп, оны аяғына дейін жеткізуден басқа ештеңе ойламадым. Соттың тікелей эфирде өтетіні алдын ала сот отырысында белгілі болды. Біздің сот аса ауыр қылмыстарды қарайтындықтан тұрмыстық зорлық-зомбылық пен кісі өліміне қатысты істер апта сайын, тіпті күнде түседі, – дейді судья.

Айта кетейік, Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша судья Айжан Құлбаева 19 сәуірден бастап күзетпен жүрді. Оған белгісіз біреулер қоқан-лоққы көрсетіп, қоңырау соғып, хабарламалар жіберген. Осы дерек бойынша тексеру үшін қылмыстық іс қозғалды. Судья осыған қатысты тергеу жүргізіліп жатқанын айтты.

— Қазір күзетті алып тастады. Білуімше, тергеу жұмыстары жүріп жатыр. Тергеудің мән-жайын ашып айта алмаймын. Қазір өзімді қауіпсіз сезінемін, – дейді ол.

Айжан Құлбаева Бишімбаевың ісінен кейін өзін көп адамның көшеде танып жататынын да атап өтті.

— Көшеде адамдар танып жатады. Мен амандасамын, бірақ суретке түсуден бас тартамын. Танымалдық қызметіме кедергі келтірмейді. Қылмыстық істі қарау барысында, сот отырысы кезінде менің танымалдығымның еш маңызы жоқ. Күнделікті өмірде де дәл солай. Судьялар ел алдында жүретін адамдар емес. Мен жұмыс барысында қаншалықты қатал әрі бәрін бақылауда ұстайтын адам болсам, өмірде де дәл сондаймын. Ал жақындарым мені түсінеді, қолдау білдіреді, – дейді судья.

Сондай-ақ Айжан Құлбаева алқабилер мен судья қалай шешім шығаратынын айтты.

— Екі үкімнің болуы мүмкін емес. Алқабилер мен судья бірігіп, дауыс беру арқылы бір үкім шығарады. Басым көп дауыс жинаған үкім шығарылады. Менің және алқабилердің дауысы тең, – дейді ол.

Тікелей эфир кезінде бірнше рет камералар өшіріліп, сот алқабилерді сот залынан шығарып жіберді. Ол кезде не талқылағаны көпшілікке қызық. Айжан Құлбаева камералар өшіп, алқабилер залдан шығарылған кезде қалған сотқа қатысушылармен құқықтық мәселелер талқыланатынын айтты. Онда айтылатын дүниелер алқабилердің қатысуынсыз талқылануы керек. Айтуынша, егер камераны өшірмесе, алқабилер оны әлеуметтік желіде тараған үзінділерден көріп алады.

Сонымен қатар судья сот отырысы кезінде эмоцияға берілмей, оны бақылауда ұстағанын айтады.

— Жәбірленуші тарапқа немесе соттың басқа қатысушыларына қатысты белгілі бір сезімді бастан өткердім деп айта алмаймын. Тек заңды басшылыққа алдым. Сотталуышының телефонын қараған кезде де ешқандай эмоцияға берілмедім. Мен сот отырысының тікелей эфирде жүріп жатқанын білемін. Сол себепті өз эмоциямды бақылауда ұстадым. Ал адамдар менің түрімді көріп, эмоцияға ерік берді деп жатты, – дейді Айжан Құлбаева.

Сондай-ақ ол жәбірленушінің жынысы қаралып жатқан іске немесе сотталушының үкіміне әсер етпейтінін айтты. Сотта жәбірленушінің де, айыпталуышының да өз құқығы бар және ол тиісінше қорғалатынын атап өтті.

— Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбандарынан түскен арыз-шағым көбейді деп айта алмаймын. Өйткені шағым бізге бірден түспейді. Бірақ алқабилердің қатысуымен өтетін сот отырысы көбейді. Сотқа қанша әйел, қанша ер адам арыз түсіретінін білмеймін. Өйткені бізде статистика жүргізілмейді. Соттың алқабилермен өтуі – Бишімбаевтың талабы еді. Алайда біз бұл істен де ауыр қылмыстарды қараймыз. Бұл істің арқасында адамдар сот процесінің қалай өтетінін білді. Бұл сот жүйесі үшін тиімді деп ойлаймын.

Жаңалықтар

Өскемен қаласының 27 жастағы тұрғыны ірі көлемдегі алаяқтықтың құрбаны болып, полицияға жүгінді, деп...

Жаңалықтар

Елдос Сметовқа берілген сыйлықтар мен көшесіне төселген жолға қандай қаражат жұмсалғаны белгілі болд...