"Хабар" телеарнасындағы «Бірақ...» бағдарламасы қоғам сынына ұшырағаннан...
«Алматы облысында әділетсіздік болып жатыр»: Алмасбек Садырбай өзіне жала жабылғанын айтты
Сурет ашық дереккөзден алынды
Қаржы мониторингі агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті облыстық прокуратурамен бірлесіп, «Шаңырақ» қоғамдық бірлестігінің басшысы А. Садырбайдың «аса ірі мөлшерде алаяқтық әрекетін әшкерелегенін» хабарлады, деп жазады madeniportal.kz Ulysmedia.kz-ке сілтеме жасап.
Агенттіктің хабарлауынша, ол өзі басқаратын адамдар тобымен Балқаш, Еңбекшіқазақ, Кеген, Райымбек және Ұйғыр аудандарында «жалған ауыл шаруашылығы кооперативтерін құрды» деген күдікке ілінген.
«Негізгі мақсат-ұсақ малдың аналық басын ұрықтандыруға субсидияларды заңсыз алу және жемшөп шығындарын өтеу. Бұл үшін заңнамаға қайшы ауылшаруашылық жерлері жоқ шаруа қожалықтары тартылды. Бұдан әрі жалған кадастрлық нөмірлерді көрсете отырып, дәйексіз мәліметтерді қамтитын субсидиялар алуға өтінімдер қашықтан берілді. Бұл ретте ауыл шаруашылығы кооперативтері басшыларын хабардар етпей, олардың ЭЦҚ-сы пайдаланылды. Осылайша 1,2 млрд теңгеден астам қаражат ұрланған», – делінген хабарламада.
Алмасбек Садырбайдың өзі ұсталған. Оның сыбайласы тергеу сотының санкциясымен үй қамауында отыр.
Қаржы мониторингі ұсталғанын хабарламас бұрын Алмасбек Садырбай әлеуметтік желі арқылы араша сұраған.
«Маған қарсы заңсыз әрекеттер жүріп жатыр. Мақсат – мені қолға, қамаққа түсірмек. Құрметті, президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев, құрметті ҰКҚ төрағасы Ермек Алдабергенұлы Сағымбаев, Антикор басшысы Асхат Жұмағали, сіздердің осы іске араласуларыңызды сұраймын. Өйткені, Алматы облысында әділетсіздік болып жатыр. Маған жала жауып, әріптес, серіктестерімді қамап, заңсыз әрекеттер жүріп жатыр. Құрметті, халқым, сіздердің маған қолдауларыңыз керек», – деген ол үндеуінде.