Аманғазы Әлімғазыұлы. ӨЗІМЕ ӨЗІМ СОҒЫЛЫП

ӘДЕБИЕТ
2906

ЖЕЛТОҚСАН АРДАГЕРI, ЖЫР МҮШӘЙРАЛАРЫ, АҚЫНДАР АЙТЫСЫ, САЗГЕР, ЖЫРАУЛАР БАЙҚАУЛАРЫНА ҚАТЫСЫП, ЖҮЛДЕЛI ОРЫНДАРДЫ ИЕЛЕНГЕН. ҚАЗАҚСТАН ЖАЗУШЫЛАР ОДАҒЫ ЖӘНЕ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ АЙТЫСКЕР, ЖЫРШЫ, ЖЫРАУЛАР ОДАҒЫНЫҢ МҮШЕСI. ҚАЗАҚСТАН ЖАСТАР ОДАҒЫ СЫЙЛЫҒЫНЫҢ ЛАУРЕАТЫ.

 

Аманғазы Кәріпжанәулеті Әлiмғазыұлы,  

Өзiме өзiм соғылып...

Мен де бәлкiм елеспiн...

Белгiсi жоқ белеспiн...

Жеңбегесiн мен ешкiм -

Уақытпен теңестiм.

Тiрiлгесiн ендi оңай 

Өле алатын емеспiн....


Ақыл-ойға билiгiм 

Жүрмегесiн қилы күн,

Хақтан алған сыйлығым - 

Компьютермен күндес боп,

Бет жыртысты ми бүгiн...


Мәңгiлiктiң тылсымын

Жаулап алды қырсығым.

Сипағанда тыңшы-мұң

Болмысымнан ыршыдым,

Өзiме өзiм соғылып, 

Бей бағытта тыншыдым...


Мен арқылы барады өмiр өтiп…

Тағдырымды таптаған небiр етiк

Тарихты да жаншыды еңiретiп.

Әдiлеттi сыйдырмай маңдайына

Мен арқылы барады өмiр өтiп.


Пәни маған парызын өтемедi.

Ойым да ендi өзiме бөтен едi.

Көзсiздерге көзiмнен сығалаған

Көкейдегi қылмысым жөтеледi.


Бейкүнәнi қорлауға сұрқы өтiмдi -

Тозақтан да қираттым қыл көпiрдi.

Ғаламатын жанымның оқи алмай

Миығымда мыжылып күлкi отырды.


Қиянатқа пәни де кептеледi.

Ғұмырына сол үшiн өкпелi едi.

Әдiлетсiз жаралған жаратылыс

Теңсiздiктер тепкiсiн жеп келедi.


Бiр-бiрiне өң мен түс құлаш ұрып, 

Арасында жүйткiп жүр мұң асығып,

Сыйдыра алмай менi де бара жатты

Пәни менен бақидың жiгi ашылып.


Парасат пен қылмыстың тағында едiм,

Аңғалдығым ағытты жан iлгегiн.

Некесiнен туды да бар мен жоқтың, 

Қиялымнан адасты бағым менiң...


Ми да мықты - миықта ой ұстаған,

Болмысым да адасып ойысты оған.

Шексiздiктi қылғылтқан қиялымның,

Мен де мықты, мысына майыспаған.


Түн талаған байғыздың жағы тынды.

Кiрпiгiмнен түймелер ағытылды.

О дүниеде тағы өлiп,

Қай дүниеден 

Табарымды бiлмедiм бағытымды.


Ғайып деген тәуелсiз байтақ алап

Менi түзеп қойса да қайта қалап,

Тайғанақтап қиялдың қиясынан

Жете алмадым өзiме ой тағалап.


Сол қиялдан таба алмай қонысымды,

Көмейiнен тектi ажал төр ұсынды. 

Мәңгiлiктiң амалсыз құлы болдым -

Пәни менен бақидың добы сынды.


Пәниді әлі қозғап тұр Алашорда!...

Ақ сүйек көп отарлап қоныс тепкен...

Дәуірденбіз - төрелік орысқа өткен.

Ұға алмасақ, - болмыстан айырған кім? -

Бұл да - тағдыр...

Ел емес теріс кеткен.


Бақ тең емес,

Болсақ та текті халық,

Дәуір сайын серпілдік екпін алып.

Төре біткен іркілсе аңдап басып,

Қара біткен намыстан кетті жанып.


Итжекенге қуалап қиырдағы,

Атты, шапты, - десек те, - шиырлады,

Боздақтар көп,

Бәріне қасқалардай

Көрінетін жерде өлу бұйырмады.


Ұлы мақсат қорқытса көкке орнаған -

"Сенімсіздер тізімі" көпті арбаған.

Сырттан кірген бұл сырқат іштен де жеп,

Сырғып жатты уыстан "көкпар" да оған...


Жік ішінде көрмесек ел босқанды,

Бір-біріне талатқан шер басталды.

Имановты өлтірген алаштықтың 

Жангелдиннен талайы жер жастанды. 


Сыр бермейді өткеннен дала тына...

Дақ салмасақ болғаны ар атына.

Ақ-қарасын айырмай беделдінің 

Бәрін қостық арыстар санатына.


Сәт тумаса тимейтін сойыл қатты,

Бірікпес ек, болса да ой ырғақты.

Өз ішінен өктем ұлт іріген шақ

Алашты да билікке мойындатты.


Тағзым етсе уақыт артқа егіле,

Жатырқамас Тұранды мәрт тегі де.

Қайтпай "үштік"* сындыдан, 

үш-ақ жылда

Үш жүзде жоқ тарихты тартты еліне.



Сана сорға сүйресе, талас орға,

Жаншыр ма еді ертеңді жара сонда?..

Жік құлатса, көтерген жүк құламай,

Пәниді әлі қозғап тұр Алашорда!...

*үштік - ОГПУ жанындағы бірқатар арыстардың тағдырын шешкен алқа.


Балаға ат қоюдың дауы.

Қалада туған бiр ұлыма "Ауылғазы" деп ат қойып едiм, жанұямнан бастап мұны құптаған ешкiм болмады. Ал, мен үшiн ел азаттығы ауылдың арқасында келдi...


Дүниеге бір ұл келсе қуантады алашты,

Құттыған туған туыс ат қоюға таласты.

- Жеңіс келген күнде туды, 

қойсақ қайтер «Жеңісті»?

- Жоқ, әлі де соғыстардан көз ашпады жер үсті.

- "Дарын" дейік... 

ол да сендей төкпе болсын тоқтамас?

- Сарай ақын көп онсыз да, кілең «жиен», бақталас...

-«Темірлан» деп қойсақ қайтер?

- Алма олардың мазасын,

Патшалардың тарих білер пенделіктен тазасын.

- Онда атаңның атын қойсақ...

- Айтуға тіл күрмелер.

- Мұқағали атын берсек...

 - Атына оның кір келер.

- «Сұлтан» десек...

- Өзін елден биік қою арға сын.

- «Әбу» десек...

Орыс бітіп, қалды ма араб?

Болмасын!

Мен айтайын,

Қала болып баршылыққа мастандық.

Ауыл болмай ұлтымызға болар ма еді бостандық?

Тәуелсіздік тамыры – ауыл,

арға қазы болатын,

Ауыр демей, «Ауылғазы» қойсақ қайтер бала атын?

- Ауыр, - деді.

Ауырлықты ұл емес пе көтерер?

Өз тамырын өгейсітіп менсінбейді бекер ел.

Ұқтырмаған дәуір шығар – «Дәуірғазы» десек те

Шуылдасты көп дауыстар оны да алмай есепке.

Онсыз да от ем, ауыл сөзін «Д» әрпіне жасырдық,

"Дауылғазы" атадық та дауыл болып басылдық.

Дауыл, бірақ, тұрақтамай іштегі үрлеп намысты,

«Ауылғазы» деген есім құжатыңмен табысты.

  2007 жыл. 


Алғаш келгенде.

С.Мұқановқа.

Балалықтан бөлібеген еншіміз, 

Бір қиялдың қиясында елшіміз.

Ойда жоқта «Сәбит ата Мұқанов

Қайтыс болды» деп жеткізді көрші қыз.


Алыптармен жүздесуді хош көрген,

Арманшыл ем, дүниеге кеш келген.

Сол кездегі сәбилер де ересек

Қош айтысып ұлы көшті ескерген.


Сөзі нәрлі, жүзіне де көз қанық,

Дүниеден тағы да бір озды алып.

Өскен сайын жүздесуге бұйыртпай

Алапат көш бара жатыр қозғалып.


Ұлыларды көрсем деген тектілік

Келер жылы Алматыға кетті іліп.

«Жазушылар қайда?» дедім шешеме,

«Ауырдым деп алдап келдім» деп күліп.


Жүрегімде жөңкіледі көп шырақ...

Шешем де жүр бар білгенін топшылап.

Тағы мені жұрт алдында «жерледі»,

«Қонаевты қайдан табам?» деп сұрап.


Үлгірмедім,

Сәбең кетті пәниден,

Керегі енді Ғабит, Баукең, Ғабиден.

Қонаевті көрсетпейді бізге ешкім

Коммунистік қырау көмген Ақ үйден. 


Мұқағали дегенді де білмедік,

Ол қарайған топта болса бірге едік.

Әкем тірі болса, онымен 

«жүз грам 

қағыстым» деп қайтар ма еді бір келіп...


Вокзалға да бірер күнді тапсырып,

Қонған едік, бұйырмады жақсылық.

«Ауырдым» алдап келіп қалаға,

Енді жүрмін бар «ауруын» жапсырып... 


Денис Тенге!

  Көлiк айнасын ұрламақ болғандар өлтiрдi деген сыбыс бар…

Сүрiнбеген еңiстен,

Айрылмаған жеңiстен,

Келбетi де келiскен,

Жаны таза перштең - 

Жұмбақ болып Денис Тен

Оралмады өрiстен...

Ал, қылмыскер пайдаға -

Көлiктегi айнаға

Құнықты деп ойлама!

Қылмыс деген - қайда да

Уақыт деген айнаға

Көрiнбейтiн қаймана! -

Болғандықтан, отандық 

Чемпионды - жаһандық

Өлтiрдiк те

"Қаталдық

Қаһарманы!" атандық!


Мұң мен сынақ

Қалғымадың, қиялым, көз ілмедің,

Ойым да іліп алған ба өз ілгегін,

Әділеттің айласын сезінбедім.

Бекер маған қадалд

Болмысымды

Тұншықтырып барады көзіңде мұң.


Бұ дүниені жұлқылап мол арманым,

О дүниеге кірсем де өле алмадым.

Пәни, бақи жігіне қысылдым ба?

Қай жағына, белгісіз, тоналғаным...


Келмесе де бақиға санат құрғым

Бар мен жоғын пәнидің тонап кірдім.

Қиялыма қамалып, 

Әйнегінен

Ғайыптағы өзіме қарап тұрдым.


Мәңгілік пен шексіздік жылап тағы

Бір-біріне паналап тұрақтады.

Үшеумізді қосақтап жеп барады

Құдіреттің себепсіз сынақтары.


Бақиды алдап,

Пәниді байытты мұң.

Мұң жаратқан Құдай ма,

Айыпты кім?..

Кім жаратты сынақты? - 

Жауап қатпай,

Енді өзінен айрылды ғайып бүгін...


Ғалам сыймай керіліп кеткен сана....  

  «Сана суреттерінен» үзiндi...

Қиялымның күйік бар иісінде,

Кеңістіктің кетірдім күйісін де...

Өзіме өзім қамалып құлыпталдым,

Ойларым да тұншықты ми ішінде.


Мезгілден де қолды боп дара тыныс,

Жымқырмаса жатпады нала тыныш.

Тұғыр біткен теңессін десем дағы

Сатылайды қайтадан жаратылыс.


Ішті жеген көп сырқат, қалың азап – 

Ол да пәни сыйлаған кәрі мазақ.

Түкіре алмай қанымды қайта жұттым,

Қанішерлік болса да жаныма жат.


Тағдырымды берем бе жала сұмға? 

Көп қамалдым тәңiрдiң санасында.

О дүние мен бұ дүние құшақтасып,

Ажал қақпа қирады арасында.


Тәңiр де ендi күнәға құлақ түрдi,

Сан ажалды өлтiрiп лақтырды.

Ақыреттi мүсiркеп жаратылыс

Жұлдыздары тамшылап жылап тұрды...


Ақыреттің соңғы бұл айласы да

Сол қиялдың шешілді пайдасына.

Кеңістік те тыпырлап қала берді 

Көңілімнің қысылып айнасына.


Айыра алмай тағы да ақ-қараны

Болмысымды болмысым ақтарады.

Жаратылыс марқұм да мұрағат боп

Менің тозған жүйкемде қап барады.


Өзімді өзім тағы да бөлшектедім,

Таразылар таласты...

Өлшетпедім.

Қиялымды жанымнан суырып ап,

Жұттым дағы тәңірге көрсетпедім.


Асау ажалды үйретіп көзімде жын,

Бола қалды селк етіп төзім де жым.

О дүние мен бұ дүние, 

Бар дүниеден

Іздеу салып таппадым өзімді өзім.


Алаңдағы мiнбеге. 1986 жыл.

Саған шерлi талай боздақ беттедi.

Заман қатал, ешбiрi оның жетпедi.

Тарих тонын мың өзгертiп жатса да

Өктемдiктiң сұсы сенен кетпедi.


Желтоқсанда мен де сенi тiл үшiн

Маңайлап ем,

кеңiмедi тынысың.

Қозғалысты қобалжытып тұрады 

Қорқыныштан жаратылған тұрысың.


Желкеңдегi жалтақ бiткен сарнап құр,

Сұсың шындық атаулыны қарғап кiл,

Кезек күткен көп саясат ырқынан

Сенi бейқам мылқаулығың қорғап тұр.


Ұлттық ою-өрнектер.

Тұран тегiн жау бiткен мансұқ еттi. 

Шүршiт, мұңғұл, араб та, парсы да өттi

Тiрiлсем де ұлт болып,

Қанымдағы

Қайтара алмай келемн қарсы беттi.


Келмесе де сыйдырғым барды ұғымға

Жарты әлемнiң бедерi қалды мұнда.

Тағдырыма тарихтан жеткенi осы -

Қазақтiкi деп келем барлығын да.


...Азаттығым тарихқа төрлеп тегі,

Жаратқанның жанса да көрнекті елі.

Мың құбылған дәурдң тепершн 

Толғайды ұлттың оюы, өрнектері... 


Сұйылғанда қасиет, ой уланып, 

Қасiреттiң нарқы өстi қоюланып.

Жеттi осылай тағдырым бұ дәуiрге

Ғаламда жоқ өрнекпен оюланып.

Шоу-бизнес

Алматылық блогер Дархан Жолшыбеков оқырманына зәулім үйін сыйға тартады, деп хабарлады madeniportal....

Жаңалықтар

24 қарашаға арналған валюта бағамы жарияланды, деп хабарлады madeniportal.kz. Ұлттық банктің дерегі...