Әбенің әңгімесі

ӘДЕБИЕТ
2063

Тоқсаннан асқан шағында айналасындағы әр қимылды, құбылысты байқап отыратын қарияның сергектігі, сөзінің шынайылығы ақсақалдық қадірін арттыра түседі. Алдындағы қағазды оқу үшін көзілдірігін шешіп, жақынырақ ұстайды. Әлдеқандай ойын ұмытып қалмайын деп қағазға түсіріп қоятын әдеті бұрыннан бар сияқты. Қайта басын көтеріп, көзілдірігін қолына ұстаған қалпы әңгімесін мүлде басқа тараптан бастайды. Алдыңғы айтқан сөзімен еш байланыстыра алмай, тыңдап отыра бересің. Бір уақытта екінші естелік алдыңғы сөзбен бір оқиғада түйісіп, жұмбағы шешіледі. Мағынасы байи түседі. Жазушылық ойлаудың күнделікті өміріне де осыншама араласып кеткенін өз ісіне әбден берілгендікке жорисың. Тіпті, өзі оны прозалық шығарма сияқты айтып отырмын деп ойламауы да мүмкін ғой.
Әбенің аузынан біраз уақыт бұрын жазып алған сол естелікті айтқан қалпы қағазға түсірдік. Аға, замандас туралы сағыныш сөзі еді бұл
.

Әбдіжәміл Кәрімұлы НұрпейісовӘбдіжәміл Кәрімұлы Нұрпейісов
«Қарыздың круглыйы жақсы»


Мұқан Иманжанов қайтыс боларда біз жиі барып тұрдық. «Менің өлгенімді мына екі жапырақ бала көрмесе деп едім. Мені ту­беркулез институтына жатқызыңдар» де­ді. Әйелі: «Жоқ, жоқ» деп шыр ете қалды. Біз де келіспедік. Сұп-сұр боп жатты. К­ө­зі­нің алды көкпеңбек. Қу сүйек. Бет сүйегі шо­дырайып шығып кеткен. Қатты ауырды. Қиындық көрген. Әбден ит сілікпесі шыққан адамның терісі жұп-жұқа болып кетеді екен. Сонан жатты да, басын шайқап: «жоқ, мені соған салыңдар», – деді. Апар­дық. Директор, бас дәрігер бәрі жүгіріп жүр. Менде үйде телефон жоқ. Төртінші линия – Калининда, Тахауи екінші линияда тұрады. Ол да Калинин көшесінде. Көр­шіміз. Зейнолла көлікпен жетіп келді. «Ойбай, Мұқан қай­тыс болайын деп жатыр екен» деді. Ақын-жазушылардың бәрі сол институтта жүр. Машинамен барсақ, халық толы. Бәрі бар. Ғабиден Мұстафин жоқ. Одақтың бастығы.
Өйткені, елу төртінші жылы қыста мен кел­генде Мұстафин «Қарағандыны» жаз­ған. Мұстафиннің кабинетінде талқылап жа­тыр екен. Мұқан Иманжанов диванда жа­ғын таянып, көзін жұмып, қисайып отыр­­ды. Қол-аяғы ұзын, басы үлкен, бойы се­рейген қалпы отыр. Бәрі төрт сағат бойы мақтады. Ғабиден Мұстафин шалқып отыр. Бір кезде Ғабиден: «Ал енді көп сөйледің­дер. Сендерге рахмет! Пікірлеріңді тыңда­дым. Доғарсақ» деді. Кіл мақтау еді. Сол кез­де Иманжанов көзін ашып алды да, қо­лын жақтаудан алмастан көтерді. Ғаби­ден: «Мұқан, сөйлейсіз бе?», – деді. «Иә» деп, ә дегеннен тас-талқанын шығарып, сы­нап кетті. Жүзі жайнап отырған Ғабиден бір қызарып, бір бозарып сұп-сұр отырды. Ға­биден керемет шыдамды адам еді. Шы­да­май, даусын көтеріп: «Мұндағы кісілер төрт сағат мақтады. Сен бір жылы сөз таба алмадың. Сонда сен білгіш те, мыналарға күл шашып отырсың ба?», – деді. «Жоқ, мен пі­кірімді айтып отырмын» деді. Ғабиден бір­деңе деді, ол да жауап айтты. Сосын: «Ме­нің пікірім осы. Қалғанын өздерің бі­лің­дер», – деді де шығып жүре берді. Ол ылғи осындай принципшіл адам еді. Ғаби­ден сол үшін Мұқан қайтыс болғанда одақты бастап бармады.
Содан біз бардық. Үлкен үйі бар, жүдеу. Біз машинадан түскенде Мұзафар келді. Зейнолла үшеуіміз кірдік. Кірсек, ұзын бөл­ме. Үлкен терезе. Терезенің бір қап­та­лын­да темір төсек, төсекте басы дәу, ұзын, қы­зыл қоңыр жамылғыш, кіндігіне дейін жап­­қан, қолы соның үстінде, бетсүйегі шор­тиып шығып, тері деген жұқарып кеткен, көзінің алды көкпеңбек, көк тамырла­ры білеулене сұп-сұр болып жатыр екен. Біз таңғалдық. Жақындап келіп, бас жағы­на тұра қалдық. Ең жақын мен, менен ке­йін Зейнолла, одан кейін Мұзафар. Үн жоқ тұрмыз. Қырылдаған ақырын дауыспен: «Ал, бауырларым, кіндіктен жоғарғы жақ ме­нікі де, төменгі жағы қара башпайыма дейін менікі емес, қош болыңдар», – деді. Екеуі солқылдап жылады. Менің көзімнен сыңар түйір жас шықпай, көзімді жұмып алып, тістеніп, жанымды қинаймын жас шы­ғар ма екен деп. Жас шықпайды. Ең жақ­сы көретін адамы мен едім. Сонан қа­шан­ғы тұрам, бір көзімді ашып қарасам, Мұ­қан екі көзін маған қадап алыпты. Мен екін­ші көзімді ашып алдым. Арбалған тор­ғайдай көзінен көзімді ала алмай тұрып қалдым. Мұқан да көзін айырмайды. Бір кез­де бетінің ұшындағы шодырайған сүйек­ті жауып тұрған терісі шелектегі мөл­дір суға шыбын қонғанда ұсақ дөңгелектер пайда болатын сияқты жиырылып күлімсі­ре­ді. Зәрем ұшып кетті. Маған сыбырлаған дауыс­пен: «Қарыздың круглыйы жақсы» деді.
Бірін айтып біріне кеттім. Мен оқу біті­ріп келіп, Зейнолланың үйіне түстім. Зей­нол­ланың үйі жартылай жертөле. Қазіргі Бө­генбай батыр мен Достық көшелерінің қиы­лысында. Соның бұрышындағы екі қа­бат­ты үй. Соның жоғарғы қабатына сыртынан баспалдақпен көтеріледі. Оның үйі қасқырдың апанындай. Апанға Зейнолла алып келді. Үйге өзі бастап кірді. Біз жо­ға­ры бөлмесіндеміз. Кішкентай терезе, сол жал­ғыз терезесінің төменгі жағы асфальт­пен бірдей. Көшеден өтіп жатқан адам­дар­дың тобығы, тізеден төмен жағы көрі­ніп отырады. Сонда неше түрлі аяқты кө­ре­міз. Біз жаңағы тамақ ішіп отырып. «Зей­нолла, мына біреудің аяғын қарашы оқ­таудай екен» десек, Сәуле: «Иә, сендерге әйел­дердің түзу аяғы болса, сендер тек со­ған мәз боласыңдар ғой» дейтін. Сонда он жеті күн жаттық. Олар тоғыз, біз үш адам. Жуынатын, тағы басқа жерлер ор­тақ. Түнде далаға шығудың өзі қиын. Бі­реу­дің аяғын басып кетпесем екен деп жү­ре­сің. Ақша жоқ. Қарыз сұрайын десем, ақын-жазу­шы­лардың бәріне жиырма жеті мың қарызбын. Ол кезде «Волга М-21» тоғыз жарым мың. Зейноллада да ақша жоқ. «Жұлдыздың» редакторы. Тоғыз адамды асы­рап отыр. Содан он жетінші күні таң қа­раңғысында оянып, кімнен қарыз сұ­рау­ды ойладым. Есіме Мұқан түсті. Бұрын да жақсы араласатынбыз. Хәл үстінде жатқан адам. Сұ­рау­ға қанша ұялсам да, басқа адам жоқ. Атып тұрып, киіндім. Горький паркін кесіп өтіп, татаркадағы үйіне бардым. Қақпасы ашық екен. Ит байлаулы, арпылдап тұр. Есікті ашып қалсам, үйдің түп­кірінде уһілеген дауыс шығады. Ең жақ­сы көретін адамым, оның жаны қиналып, гүрсілдеп жатқаны емес, бірінші қалтамның тесігінен ұры ақ­шаны алып кеткендей күйге түстім. Иығым түсіп кетті. Аяғым ұшы­нан басып кірсем, диванда жатыр. Кіш­кен­тай жастыққа бетін басып алыпты. Үстінде сол кездегі халат. Қызыл қоңыр жолақты. Белдігі бар. Ұзын, басы нән, жауырынымен күрсілдеп жатыр. Жанына жақын­да­ға­ным­да басын көтерді. «Ә, бауырым, кір, кір», – деп, ұзын үстелдің басына барып отырды, мен төмен жағына отырдым. «Иә, ерте жүр­сің ғой» деді. «Иә, солай». «Қалай­сың­дар?». «Бұ­рынғы күй ғой», – дедім. «Сол Зей­­нолланың үйін­де жатсың ба?». «Иә». «Олар тоғыз жан. Сен үшеу. Неше күн болды?». «Он жеті күн». «Бө­лек шықпайсың ба?» деді. Сұрауға қиын еді. Өзі бастаған соң, қуанып кеттім ішім­нен. «Оны өзім де біліп жүрмін ғой», – дедім. «Біліп жүрсең, шықпайсың ба?». «Реті болмай тұр ғой, Мұқа», – дедім. Маңызды болып отыр­мын өзімше, сұрайтын сәт жақындап қал­ды. Үндемей бетіме қарап отырып: «Осы сенде қарызы көп деп жүр. Ақшаң болмай жүрген жоқ па?», – деді. Сабыр сақ­тағандай, «Солай болса, солай шығар», – де­дім. Отырып қалды үндемей. Ойпырмай, көз алдымда: «Әй, бауырым, осы үйде ден­саулық болма­ғанмен, Құдайға шүкір, ақша бар. Менен он мыңға дейін алуыңа болады» деді. «Жоқ, Мұқа, маған он мың керек жоқ». «Қанша керек?». «Үш мың». «Үш мың не болады ол? Үй жалдайсың. Бұл араның үй беретін адам­­дары алдын ала бір жылға, жарты жыл­ға ақшасын алып алады. Ал сол ақша­ны негізін үйге төледің. Ар жағында жұмыс­қа тұрып, айлық алғанша, бірдеңе ғып жан бағу керексің». «Жоқ, үш мың жетеді» деп едім. Шарт етіп ашуланды. Өзі ау­рып отырған адам. «Бұл қалай? Айтып отыр­мын ғой, сен тағы кімнен сұрап жү­ре­сің? Бес-алты мың ал». «Жоқ, оның реті бар ғой». «Қандай рет?». «Зейнолла айтатын. Қа­рыз алмау керек, ең жақсысы. Ал қарыз ала қалсаң, қарыздың круглыйы жақсы дей­тін», – дедім. Қарқылдап кеп күлді. «Менің жиыр­ма жеті мың қарызым бар. Сізден үш мың алсам, отыз болады. Круглый деген осы». Екеуіміз де күлдік. Екі сөмкемен ба­зар­ға кеткен екен, Разия келді. Шәй ішіп, үш мыңды алып кеттім. Сонан дүниеден өте­рінде соны айтып қалжыңдап жатты. Қан­дай ерік десеңші!


Жоғалған өрнек орамал


Ілияс Омаров: «Ертең онда барайық», – деді. Асқар Закаринге айтып, екеуі бір жақ­тан, дос адамдар. Ертеңінде келдік. Мен әлі ойланып келе жатырмын. Мұқан мі­незі ауыр адам. Ілекең сыпайы кісі. Аман­дасып, сосын екеуінің арасында дел­дал­мын. Екеуін қалай сөйлестіріп жібе­ремін десем, ойыма түк келер емес. Сонан Ілекең кіріп келді. Мұқан Иманжанов галстукке дейін тағып, костюмін киген. Әйелі де, балалары да сондай. Дастархан жайнап тұр. Сонан Ілекең: «Мұқан, сен ұзақ ауыр­ған екенсің. Сыртыңнан біліп
жүр­мін», – деді. «Иә, Ілеке, солай», – деді. «Сен де нау­қас, ме­нің де бір науқасым бар. Бұл адам­ның өзі­мен бірге жаралған науқасы болады екен. Тәнімен тән, жанымен жан болып кет­кен. Бұл өзі аңшылардың иті секілді, маң­дайынан теуіп жатса да, құй­рығын екі бұ­тының арасына қыса қалып, кетудің ор­нына, тығыла түседі жер бауырлап. Енді жазу­­шылардың шығар­масында бас герой жазушының өзі дейді ғой. Жақып деген бір жігерлі, саналы, төзімді, қайратты адам еді ғой. Бұған шыдам керек, төзім керек, емделу керек». Сөз өзінен-өзі жүріп кетті. Ке­ремет отырдық.
Сонан сәуір айы. Жер көктей бастаған. Іле­кең ертеңіне тағы кездесіп қалды. Іле­кеңе қарасам, үстіндегі ескі костюм екен. Үтіктелмеген. Өзі жүдеу. «Ілеке, шаршап жүр­сіз. Көріп тұрмын, курортқа бармайсыз ба?», – дедім. «Ой, курортқа барып жүрмін. Талайына бардық». «Ілеке, мен Аралдың батыс бетінде, Маңғыстаумен шектесетін жа­ғында алыс ауданда тұрамын ғой. Теңіз­дің сол жағы терең, мөп-мөлдір, жағалауы қандай. Жусанның кем дегенде он-он бес түрі шығады». «Ой, ауылда демалыс бола ма? Ба­расың, қонаққа шақырады». «Жоқ, біз­дің ауылда шақырмайды», – дедім. Күл­ді. «Өзі қа­зақ болса, өзі қонақ шақыр­май­тын болса, сенің ауылың қандай ауыл?», – деді. «Оның реті бар. Орталықтан жиырма төрт ша­қырым жерде балығы көп қолтық бар. Шы­ғанақ деген. Беларан деген шыңы бар. Мен ауылды үйреткенмін» дедім. «Қалай үй­реттің?», – деді. «Келемін, Нұрпейістің інісі ба­лықшы. Соның үйіне түсемін. Сосын он сегіз үйге кіріп шығып амандасам, отырмаймын. Бәрі де отыр дейді. Көршіміз ғой. Жақсы балық келгенде өзім келіп, сендермен балық жеймін деймін. Соған үйренген» дедім. «А, солай ма?». «Иә, солай». «Ат бола ма?». «Екі ат сұ­рап аламын». «Жақсы ба­райық». Сонан Аралды баса, айналып жүр­се үш жүз жет­піс шақырым біздің ауылға дейін. Жол жаман. Шалқар арқылы екі жүз он ша­қы­рым. Жолы жақсы. Ұлы құм. Шал­қар ар­қылы баратын болдық. Шалқарға мен бір-екі күн бұрын келіп, жиырма екі тауық сатып алдым. Ақбике деген қарын­да­сы­мыз бар, күйеу баламыз райкомда істейді, завотдел. Райкомнан машина сұ­рап алып, бір қонып келдік. Келсек, он то­ғыз үй бәрі қой сойған, бәрі біріне-бірі жа­ғалай кіріп, құдайшылап жүр. Ілекең: «Бұл қалай?». Бұрын қанша ауыл болса да, бір үй құдайы жасап, қалғандары сол үйге баратын. Сосын мен де: «Бұларың қалай?», – деп сұра­дым. «Ойбай, қонақ балалар. Бүгін үшін­ші күн шығыс жақтан айдаһар ұшады. Жаңа да тапа тал түсте шығыстан батысқа ұшып өтті. Біз не істейміз. Шелек, қазан, ле­ген­дер­ді қолымызға алып, даңғырлатып, ай­ғай­лап қуып саламыз. Кеше екінші рет ұш­қаннан кейін он жеті шақырым жердегі Теріскен деген жерде жалғыз үй Әдіш мол­даға, түйеші, соған жіберіп едік: «Иә, мен де көрдім. Құдайдың қарғысына ұшы­ра­дық. Енді бар үй құдай жолы қылыңдар, – деді. Сосын айдап кеп салдық». Ілекең күліп: «Енді бәле қылғанда ол айдаһар өмір бойы үстеріңізден ұшады да отырады ғой», – деді. Екі шал қатарынан: «Ойбай, қонақ ба­ла, ол не дегеніңіз? Жаман ырым ша­қы­рып. Онсыз да шықпаған жанымыз қорқып отыр­ғанда», – деді. Ілекең: «Иә, ол айдаһар екен рас. Ол осы заманның айдаһары ғой. Реак­тивный самолет деген айдаһар ғой. Ол ылғи ұшады. Мына Ташкент пен Мәс­кеу­дің арасында ұшатын самолет болу ке­рек», – деді. Жаңағы шал түрегеп тұр еді: «Ас­тапыралла, ақтабан са­мөлет дей ме?», – деп отыра кетті. Баяғы заман болғанда көк ас­панда мөлдіреп тұрған айдаһар секілді реак­тивный самолет соңында шұ­батылған ақ түтін қалып жатады, ақ­табан самөлет деп кетер еді. Міне, осы ауылда біз жиырма екі күн жат­тық. Күнде күн шы­ғар шықпастан теңізге кетеді. Кеше салып қойған ауын қа­райды. Біз әлгі Тұщыбас деген басат ұзын­дығы жиырма шақырым, оң жағы көк қат­пар мұз болып, теңізге кіріп барып қа­ратүп болып таусылады. Қаратүп ең биік жері, ең терең жері де сол. Арал теңізінің ең терең жері. Сосын сол Қаратүпте бір жыл Әбілқайыр хан қыстап шыққан. Қан­дай жағдайда, не­ге қыстап шыққанын мен білмеймін, оны Әбіш жақсы біледі. Сосын енді басаттың батыс беті жайпақ. Орталығы Құланды, жартылай арал. Содан жиырма төрт шақы­рым жерде Рыбаков ауылы. Балық көп. Аралдың ең терең жері жетпіс үш метр. Қалған жерлері жиырма-жиырма бес метр. Орташа терең­дігі де сондай. Кей күні балықшыларға түске дейін ілесіп, теңіз­ге шығып, түстен кейін қайтамыз. Өз­дері кешке қайтады. Біз барғаннан кейін шал түске ерте тамаққа ауын қарап, бекі­ре, қаяз, сазан дегендер, ойбуй, сары бауыр шалғын бас деген сазандар, жоны қап қара, бекіреге бергісіз. Енді қазақта: «Итте ата жоқ, балықта бата жоқ», – дейді. Құран­да тек сазан балыққа бата бар екен. Мен соны Бәйіш деген кісі­ден естідім. Аурулы, үзір­лі, өзі содан ертерек қайтыс болды. Бір­де Құландыға баратын болып, сонымен жаз­да түйеге мінгесіп бара жатқанда ма­ған айтты: «Балықта бата жоқ дейді. Бірақ Құранда сазанға бата бар». «Мен жазып алайын» дедім. «Құландыға барған соң айтайын жазып ал» деді. Жазып алдым. Соғыс кезінде сол, сосын атес­тат оныншы бі­тірген, бух­гал­тер­лік секілді формулюр үл­кен энцик­лопе­дияға ұқсас графиктері бар, соны оқып жүріп повесть жазамын. Со­ны, атес­татым­ды, сосын Әнеш деген қыз­дың маған ақ­сүйек ойнап жүріп, жо­лық­қанда өз қолымен тігіп берген өр­нек­ті ора­малы, жа­ңағы сазанның Құран­дағы ба­тасы бәрі жоғалып кетті. Мен атес­тат­сыз оқуға түсіп, атестатсыз бітірген адаммын.
Әрен деген ағамыз өзі домбырашы, өзі әнші, немере бізге, орта бойлы, бұйра шаш­ты. Мен ешкімге көрсетпей жерден-жер­ге тығып жазып жүргенім бар еді. Мен жоқ­та сол тауып алып оқып жүреді екен. Жа­секең деген ой керемет адам еді. Сол кез­де жас жігіт екен-ау! Қырық екінші жыл маусым айы.
Әрендер әскерге барғысы келмей, Құ­лан­­дыда жүрді. Сонан кешкісін намаз­ды­гер­де Нәжім ағаның үйінің алдында тұр екен. Екі көше ғой ұзын. Нева даңғылы сияқ­ты оқтаудай, кең. Содан тұрмыз. Қара­ғай­лы құдық бар. Қыздар иін ағашпен барып, су алып қайтады. Соларда миуа болатын. Ұйық. Бота-тайлақтары жайылып кет­кен түйе соған жайылып барады. Төбе­нің басында бұлақ. Суы кермек, мол. Тө­бе­бұлақ дейтін. Миуалы болады. Ол қастың ар жағында су шығаратын жер бар. Бұр­қыл­дап жатады кей жерлері. Сонан халық көп. Қарағайлы бұлақ жақтан, шы­ғыс тұс­тан салт атты қылаң беріп шыға кел­ді. Кө­ріп қалғандар: «Бір атты шықты. Ақ­бас­ты­дан шыққан болды ғой. Айпырай, кім екен? Жаңалық білетін» деп жатады. Ол жер­де радио бар. Алты жүзден астам хал­қы, трес, радиостанция бар. Балық қа­был­дайтын жерден басқа мұнде ештеңе жоқ. Сонан қарап тұр. Жақындаған сайын торы ала тай жалын қырыққан. Соны жа­қын­да­ға­нын байқап Әрен аға маған: «Ал, бала, қа­ғаз-қарындашың қайда алып, ақ пен қы­­зылдың арасы, өрістен мал келетін кез. Шы­ғыс жақтан, шамасы Ақбастыдағы жа­қайым­дардан болуы керек, қырқылжың қа­ра сақалды қырыққа келген Жасекең де­ген бізге алыстан қосылатын туыс. Ас­тын­да торы ала тай. Сол кісі келе қалды» өйс­тіп жазып қой, – деді. Мен қып-қызыл бол­дым.
Содан бәрімізді тамыздың басында, Әрен де, Байғабыл да кетіп қалған. Бай­ға­был ары қарақалпаққа кетті. Бірінші сек­ре­тарь қазақ екен. Әскерге бармай жан сақтап қалды. Нұрпейістің қалған балала­ры­ның бәрі екі ұлы Нәжім көкем, Қали ағам, Әрен, Әубәкір балықшы Құландыда тұра­ды, бәріміз «Пионер» деген қайыққа тиеліп, Ақбастыға соғып, сол жерден бір топ, Аралдан да адамдар отырды. Ол жерде менімен бірге оқыған Сманов деген жі­гіт мінді. Кейін Қызылордада Депоның бас­тығы болды. Солақай еді. Бәріміздің қо­лымызда қағаз. Бәрімізді апарып, Ста­линградтың түбіне тастады.


Бар екен бұл ауылда он бір батыр


Ілекең екеуімізде екі мылтық болады. Тол­ған ақ шағала мен өгіз шағалалар. Сы­пылдап ұшады. Жасыл бас үйрек, қоңыр үй­рек, бір қазан да жүреді. Біз күмпілдетіп атамыз да жатамыз. Әр жерде қайық­шы­лар­дың ауылы. «Әй, балалар, біздің ауыл­дың құстарын әбден қорқыттыңдар. Енді қайтесіңдер атып?» деп бір жолы айтқан­дары бар. Ілекең бір шағаланың қанатына тиіп, оны емдеп, басы пәлеге қалып, ол үй­ден шықса ит қуып, әйтеуір қараңғы бөл­ме­ден ет беріп, тәуір болғасын ұшырып жі­бер­дік.
Балықшыларға ілеспесек, екеуімізде екі ат бар. Менің астымда қаракөк ат. Басын жерден алмайды. Жүріп келе жат­қанда жолдың екі бетін жалмап жүреді. Тебініп қана жүргізесің. Ілекең бір адам жө­нінде ғайбат айтпайтын. Бір күні: «Әй, Әб­діжәміл, сенің андағы қарны жер сипа­ған қаракөгің ЦК-дағы өндіріс жөнінде хат­шы Яковлев деген болды. Орыс тіліндегі анайы әзілдерді білетін. Сенің атыңа да анайы әзілдерді үйретсе, аумаған Яковлев бо­лады», – деді. Өзі бір келіспеген адамы болуы керек.
Қамыста сары ала қаз, қара ала қаз, то­ры ала қаз, қоңыр қаз атамыз. Кешке мен керзі етік киемін. Жыланнан қорқам. Сонан қырға шығамыз. Қолымызда таяқ. Бір жолы жылан кезікті. Менен қорқып, шет­ке ыршып кетті. Сонда Ілекең: «Бар екен бұл ауылда он бір батыр» деген өлең шы­ғарды.
Таңертең ерте тұрып, бір бір кесе шұбат ішіп, жалаң аяқ теңіз жағасына барып, жат­тығу жасап келеміз. Кейде тауық, кейде басқа да тамақтар жасап қояды. Кейде сазан, бекіре, қаязды асып қояды. Жағ-дайымыз жақсы болды.
Жиырма үшінші күні Сүндетбай мото­ристің Мақпал деген келіншегі бар еді. Сол жүгіріп келді. Түнімен дауыл. Сылақ жүр­меген қамыс қосты сықырлатып, теңіз жақ­­тан қара дауыл соғады. Ертеңгісін тұра алмай, көрпе астында бұйығып жатыр едік. «Ойбай, кеме келіп, қолтыққа тоқтап. Сендер жаққа жиырма, отыз адам келе жатыр», – деді. Киініп, жүгіріп шықсақ, теңіз қап қа­ра, ат жал толқындар. Бір кеме тұр. Шо­шаң­дап. Он-он бес шақты адам келе жатыр. Олар кеше шыққан. Жүргіш кеме, де­санттық. Соны басқарма жұмыс катер етіп алған. Обкомның секретары Қайсар, жұ­мыс басқарушы, Есетов ол кездегі ау­данның екінші хатшысы, Құдайбергенов мә­дениет бөлімінің бастығы, досым, Асқар Тоқ­мағамбетов, т.б. адамдар келді. Шал қо­нақ қылды. Кейін орталыққа бардық. Күні­не үш қой сойылады. Ілекең шаршап жүреді. Бірақ амал жоқ, қатысады. «Егер қой бейшараларға сана бітірсе, қазаққа қарсы көтеріліске шығар еді», – деп сол кезде айтқан. Қырық күн арықты бір күн ұрын­дырған өлтіреді. Ілекең қуарып шыға кел­ді. Олар да кетті. Біз де қайттық.


Ілекең – «Охотник на Прибалтике»
 
Ілекең бір жастықты шынтағының ас­тына басып, Савросовтың «Охотник на При­­балтике» дегені сияқты, ши қал­па­ғының астына қолын салып, күліп тыңдап жа­татын. Сонда әңгіме үстінде айтылатын тілдің бар маржандарын көкірегіне түйіп жатады екен. Мен оны кейін білдім. Маған айтпайды ғой. Келгеннен кейін Сәтбаевқа барған. Сәтбаевқа барып, Тіл білімі инс­ти­тутының қызметкерлерін Аралға жіберуді ұсы­нады. Жұмат деген ғалым. Екі баласы да ғылым докторы болған. Ол кезде док­тор­­лар аз. Соған екі жас жігітті қосып бер­ді. Бір ай жүріп, ештеңе білмей келді. Өйткені, олар барып: «толқынның неше түрі бар?» деп сұраған халықтан. Олай сұрақ қойылса, мен де білмеймін. Оны жәй халық қайдан біледі. Ол тілге еті өліп кеткен, оны толқынның осынша түрі бар деп санап жүре ме? Толқын олардың стихиясы. Күн­делікті қарым-қатынаста, керек кезінде сол толқын түрлерін олар айтып, қолда­нады. Олар­дың білімі көрінбейді. Өздері толқын­ның осынша түрін білеміз деп ойламайды да. Күнде қолданады. Сұрақ қой­ғанда, жауап бере алмайды. Өйткені, олар оны білім деп есептемейді. Олардың сол білімі бақылап отырғанда ғана көрінеді.


Әкем туралы аз сөз


Менің әкем Кәрім 1903-1944 жылдары өмір сүрген. Аса ауқатты отбасынан шық­қан адам. Өзіне тетелес екі інісі Нәжім, Қа­ли. Сталинград соғысына кірерде үйле­рі­не бір-бір хат жазғанда, сонда қаза тап­қан. Екі бірге туған қарындасы Сағира, Зұл­қия. Сағирадан басқа балаларын айт­пағанда, белгілі ақын, журналист қыршубай қырт Мырзан Кенжебай. Зұлқиядан ұрпақ жоқ.
Әкесі Нұрпейіс үлкен бай Сламбайдың ба­ласы. Болыс болған, мешіт ұстаған. Екінші сайлаудан кейін екі жыл ғана өмір сүріп, қайтыс болған. Үлкен әжеміз Сазаннан бала болмаған. Сосын ұлы құм бойын­дағы Тілеуқабақтың белгілі кісісінің қызын ал­ған. Мен Перизат әжемнің қолында өс­тім. Перизат әжем өзі аңқау, өзі иманжүзді кісі болыпты. Балалары әкелерінен жас қал­ған. Сазан әжеміз ерте қайтты дүние­ден. Перизат әжемнің шаруаға қыры жоқ бол­ған. Нұрпейіс атамыз қайтыс болғаннан кейін бір-бір жарым жыл ішінде малдары қо­лы жеткеннің жетегінде, ит-құстың тісін­де кеткен. Сіңірі шыққан кедей болып шыға кел­ген.
Әкем Қали інісі екеуі балықшы да болды. Ауыл советті бір кез басқарды. Сосын отыз төртінші жылы Шалқарға үй ішімен кө­шіп алды. Онда паравозда от жағушы бол­ды. Сосын станция алдында екі дүкен бо­латын, екеуінде де істеді. Кейін вагонлав­када істеді. Вагон екіге бөлінген. Алды азық-түлік, төр жағы әскери заттар. Бір ше­ті Шалқардан зат тиеп алып Ембеге дейін барады. Разъезд, станциялардың бәрі­не зат түсіреді. Теміржолдың страте­гия­лық маңызы болатын. Сол үшін керек зат­тармен ерекше қамтамасыз ететін.
Әкемнің сауда жағына қыры жоқ еді. Соңғы істеген қызметі, соғысқа кетердің ал­дында, аудандық промкомбинаттың ди­ректоры болды. Орнын орынбасарына қал­дырды да, әкем соғысқа ілініп кетті. Әкем Тернополь түбіндегі түнгі соғыста қа­за болған. Ал оның інісі Қали Сталинград­та қалды. Оның денесі Тернопольдың батыс жағында қырық шақырым жердегі Поча­пинца деген ауылдың шығыс жағын­да­ғы төбешіктегі қорымда «братская могилада» жатыр.
Әкем аңшы болды. Қалада тұрғанда да қас­қыр, түлкі алатын. Аңшы орыс иті болды. Оны арбакеш Сапа деген татардан сұ­рап алған. Сол ит екінші қаңтар күні Шал­қар­дан әкем майданға аттанғанда, пойыз­дың артынан арпылдап жүгірді. «Ларик» деп қанша шақырсақ та, қайтпады. Сол қал­пы жоқ боп кетті. Содан екінші шешеміз: «иті оралмады, ырымға жаман болды», – деді. Ақыл­ды ит болатын. Аңға шыққанда, талай қалып қоятын. Түннің бір уағында өзі ке­летін. Бұл жолы қайтпады.
Әкем де, туған інілері де, екі-үш немере іні­лері де бәрі Сталинградта қаза тапқан. Елге келсем, Нұрпейістің інісі алыста Маң­ғыстаумен шектес балық колхозында ба­лық­­шы, жер үйде тұрады екен. Мен үш ата­­­дан қосылатын Аралда балық рыбопет­ро­­союзда бас бухгалтер болып істейтін Бек­­­мурзин Байғабылдың үйінде жаттым. Ке­ремет жағдай жасады, сонда «Курляндияны» жаздым. Бітірген соң, КазГУ-ге оқуға түстім. Мұқановтың айтуымен. Сә­бең жарықтық маған: «Сен енді мына кіта­быңды баспаға тапсырып жатсың. Сен Каз­ГУ-ге түс. Оның орыс бөліміне. Жаз­ды­гү­ні мен Мәскеуде болғанда, Лит.инс­ти­тут­тың директоры Патевке кіріп, бағдарла­ма­сын білдім. КазГУ-дың орыс бөлімімен бір­дей екен. Сен биыл кітабың шығады. Қо­са­тын, алатының болады. Сондықтан осын­да оқуға түс. Келер жылы Лит.инс­титут­­қа ауысасың», – деді. Сол кісінің ақы­лы­мен мен бір ай өткен соң, орыс бөліміне тү­сіп, бір жыл оқып, Мәскеуге оқуға кеттім.
Байғабыл аға жылына екі рет Мәскеуге есеп беретін. Бір жолы бара жатқанда: «Са­ған не әкеп берейін?» дегенде, «Соғыс жә­не бейбітшіліктің» төрт томдығын әке­ңіз», – де­дім. Сол қазір бар. Қызыл қоңыр түсті. Со­ны басыма жастанып оқығанмын. Орыс әде­биетінен тұңғыш оқыған шығар­мам бо­латын.


Жазып алған
Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ.

author

Бағашар Тұрсынбайұлы

ЖАЗУШЫ

Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...