Ақұштап Бақтыгереева: «Мемлекеттік сыйлықтың мәселесін тек кабинеттер ғана шешіп жүр...»

ӘДЕБИЕТ
2255

«Болмау керек сүюдің жолы жаңа,

Қыз үлесі қашанда болу Ана.

«Жаным» деген жігітті жек көрмеңдер,

Өзі сүю қыздардың соры ғана...» деп қазақ қыздарын қазақы тәрбие мен парасаттылыққа шақырған ақын Ақұштап Бақтыгерееваның жырын иісі қазақ, әсіресе жастар жаттап алған. Бала кезімнен беймаза ақын жүрегі толғаған асау жырларды жаныма қуат қылып дарытқан едім. Аяулы ақыныммен сұхбаттасудың сәті де түсті. Ойындағысын іркілмей, ашық айтатын Ақұштап ақынның жүрек сөзін Сіз де оқи отырыңыз!

 

– Ақұштап апа, сұхбатымызды сіздің туған күніңізден бастағым келіп отыр. Осы кезге дейін 70 мәрте аталып өтілген айтулы күннің жаныңызға ең жақыны қай туған күніңіз?

– Ерекше есте қалғаны – сонау студенттік жылдардағы туған күндерім екен. Қуанып, құрбы-қыздарыммен шулап, ойын-сауық құрып жүрген кездерім еді. Бір туған күнімді Оңтүстік Қазақстан облысында мақта теріп жүріп тойлаған едім. Ән, күй, ешқандай өмір туралы ой, күдік, мұң жоқ. Көңілге ешқандай сызат түспеген, өмірдің кей сұрақтарына жауап бермеген балғын шақ... Ешқандай махаббатпен де шаруаң жоқ. Сонда ойлайсың, жаныңда жүрген қыздардың барлығы да маған дос деп, барлығы сені жақсы көріп тұрғандай сезіледі. Тап-таза, мөлдір кезең сағынышпен еске түседі қазір. Одан кейін алғашқы сәбиіңнің саған гүл әкеліп құттықтағаны, жарыңның сені құрметтегені өз алдына бір бақыт. Әр жылдың туған күні өз алдына бір ерекше қуаныш. Қалам ұстағалы менің туған күнімді қоғам да ескеріп, ел де ескеріп таң атқалы жан-жақтан түрлі құттықтаулар келіп жатыр. Қазақ халқының бір қызы болып, осылай қалам ұстағаным үшін, мені құрметтегені үшін, 70 жасқа келгенім үшін тағдырыма шексіз ризамын! 

– Ендігі арманыңыз қандай?

– Ендігі арманым – өзің сияқты қазақтың өсіп келе жатқан қыздарының барлығы ғасырға сай сауатты салауатты болса екен деймін. Қазақ деген ұлттың намысын қорғайтын, тарихын терең білетін, ұлттың анасы болатын дәрежеде, асқан ақылды болса екен деймін. Әрбір дінге елігіп, әрбір салтқа еліктеп өздерінің келбетін бұзбаса екен деген арман менікі. Осы ойменен алыс аймақ деп өзімнің Жайығыма көшіп кеткен жайымды барлығы жақсы біледі. Сонда мен қаншалықты жетістікке жеттім, менің жасаған әрекетім қаншалықты жүзеге асты, оны уақыт көрсетеді. Қазір әрине, дәл кезінде ешнәрсе көрінбейді. Қазақ қызын тәрбиелеу – әлі де менің көкейімде жүрген үлкен мәселе. Жалпы, қазақ қызын ұлт болып тәрбиелемесек, біз ұлттық болмысымыздан айрыламыз ба деп қорқамын. Қазақтың саналы, оқитын, көзі ашық қыздары аз емес. Қазақ қыздары ең мықты қыздар. Менің түсінігімде қазақ әйелі ең мықты әйел. Қазір менің жыр жолымдағы төрт шумағымды қыздар жатқа айтып жүр. 

«Болмау керек сүюдің жолы жаңа, 

Қыз үлесі қашанда болу Ана.

«Жаным» деген жігітті жек көрмеңдер, 

Өзі сүю қыздардың соры ғана... Мен осы жолдар арқылы көрген-білгенімді, қазақтың әйелі кешкен нәрсені айтқым келеді. Ана болу, бесік тербету, қоғамға қызмет жасау, ұлтты сүю – міне осының бәрі аз шаруа емес. Махаббат жолында қыз бала ешқашан өзі сүйем деп айтпауы керек. Қазақ қызы тәкаппар, нәзік, өр, өте парасатты, өзін өзгеге сыйлата білуі керек. Бәлкім, біреулер мұны ұсақ тақырып дейтін болар. Жоқ, барлық тіршілік әйелдің қолында. Ерлердің бақыты да қыздардың қолында. Мен қазақтың дана әйелдері тәрбиелеген ұрпақпын. Ұлттың анасы болу менің ендігі арманым... 

– Сіз болмысыңызбен, жырыңызбен кейінгілерге үлгісіз. Сізді осылай алақанына салып аялап келе жатқан жарыңыз туралы айтып беріңізші... Сіздер қалай таныстыңыздар?

 – Мен Құдай қосқан жарыммен отбасын құрғаныма 40 жылдан асып барады. Аллаға шүкір, 3 қыз тәрбиелеп өсірдік. Мектепте балалық махаббат өтіп кетеді. «Қызға кім сөз айтпайды, Қымызды кім ішпейді» деген халық даналығы бар ғой. Адам тағдырдың маңдайға жазғанын жолықтырады. Ол соры ма, бағы ма, қасіреті ма, ол ішкіш бола ма, қызғаншақ бола ма, ол сені өмір бойы әлпештеп өте ме ол тағдырдың маңдайға жазылғаны деп аталады. Сондықтан, түрлі қыздың тағдыры түрлі болады. Бізді табыстырған – домбыра... Ол күй тартады. Фариза екеуі бір ауылдан еді. Мен Фаризаның үйіне келсем ол да келеді, күй тартады. Домбыра шертіп отырады, Фариза анау күйді тартып жіберші деп айтып отыратын. Күй шертіп отырып маған қарап отыратын. Сонда көзқарасымен, күйдің ырғағымен, домбыраның нәзік қағыстарымен маған астарлап бірнарсе айтып отырғандай сезілетін маған. Менде домбыраның үнін ерекше жақсы көретінмін. Ақыры сол қазақтың қара домбырасы біздің шаңырақ көтеруімізге басты себепкер болды... 

Ақұштап апа, қазіргі қыздар поэзиясында кей ақын қыздарымыз ақындықты отбасы бақытынан да, қазақ әйелі деген аяулы есімнен де биікке қойып алған сияқты. Нәтижесінде отбасынан ажырап қалып жатады. «Отан – отбасынан басталады» деп жыр жаза отырып, өз отбасына иелік ете алмай жүрген ақындарға не айтар едіңіз? 

– Қыздарға қалам ұстау біздерге дейін де қиын болған. Бізден кейін де қиын болады. Қалам мен әйел жүгін қатар алып жүру үшін үлкен күш керек. Бұл жерде мен өзімді мақтап отырғаным жоқ. Мысалы, бір ғана қапты арқаламай жатып екінші қапты қалай арқаламақсың?! Мәселе осында жатыр. Мына жақта балаң жылайды, мына жақта қазан-ошақ, мына жақта қалам мен қағазың жатыр. Әйел адам мейлі ол ақын болсын, басқа болсын ең бірінші отбасының жылулығын сақтап қалуы керек. Таңнан кешке дейін ұласатын күйкі тірліктен жалыққан әлсіз әйел соңында барлық жауапкершіліктен қашып, «мен ақын болам» деп өз мұңын жеңілдетпек болып одан сайын ауырлатып алады. Отбасын тастайды, балаларын тастап кетеді. Әйел заты жалғыз өзі қалам ұстап, ештеңе бітірмейді. Әйел затының басты проблемасы – отбасын құру. Өмірге бала әкеліп, ана атану. Жалғыз болып «мен ақынмын, мен бәрін жеңем» деген түсініктің өзі дұрыс емес. Жалғыз жүріп те ешнәрсе тындырмауға болады. 

Ал, Фариза ше? 

– Фариза – күшті натура. Ол ер мінезді. Жаратылысы мүлде бөлек ақын. Ол поэзияда өз биігіне жете білген ақын. Әрине, ол да жар сүйгісі келген шығар, ол да бесік тербеткісі келді. Фариза қазақ қызының өлең жаза алатынын дәлелдеп-ақ кетті. Фариза:

«Құдай сәуле бергенмен санасына,

Еркектерден көш төмен бағасы да, 

Келе жатыр біреудің қолтығында, 

Әйелдің дарасы да, данасы да» дейді. Шынында да, үйдің берекесі – әйел. Бала бағатын да – әйел. Ал, қыз ғұмырын, барлық көктемін өлеңге арнаған жалғыз ақын ол – Фариза. Оны мойындауымыз керек. Біз Фаризамен біраз жыл бірге жүрдік дос болып. Жастық кезде мен балалы болғанша бірге жүрдік. Ол таңғы сағат үште де, бесте де тұрып өлең толғатып отырады. Ал, ол кезде менің балам жылап жатады. Мен бала емізіп, бесік тербетіп отырамын. 


– Сіз өлеңді қай кезде жазасыз? 


– Мен өлеңді тамақ пісіріп тұрып, қазан сапырып тұрып, кейде жолда кетіп бара жатып та, көшеден өтіп бара жатып та кеудемде жазылып жатады. Қолым қалт еткенде ғана сол шумақтарды қағаз бетіне түсіруге мүмкіндік болады. Ол қағаз қолыңа ас үйде тиеді ме өзіңде білмейсің. Қол тимейді, уақыт жетпейді. Ал, соның арасында өзіңе қарамай жүрсең тағы да болмайды. Ер адамдар жүреді, сақалы қобырап, мұрты өсіп жүреді. Себебі, шығармашылықтың адамдары қай ұлтта да болмасын солай жүреді. Себебі, сыртқы келбетіне онша мән бермейді, іштегі ой көркемдігіне мән береді. Енді біз қазақ әйелі болған соң біздегі менталитет мүлде басқа. Шашыңды тарамай, өз-өзіңе қарамай жүрсең сені жынды, нақұрыс, ауысып кеткен дейді. Сыртқы келбетіңді сақтау, өзіңді сақтау, тәрбиелеп жатқан үш қызымның шашын өріп қою ол менің аналық міндетім болып табылады. Қалам ұстаған қыздар өте нәзік, әрі қуатты да болады. Бірақ, нәзіктігі басым болса жеңіліп қалады. Бойжеткен қыздың бәрі ақын. Бірақ, қайсысынан ақын шығып отыр? Қай ұлтта да болсын нағыз ақын шығуы өте қиын. Орыс поэзиясының өзінде Анна, Белла, Мариналар ғана... Бізде де солай, Мариям апамыз өтті, халық жауының әйелі деді, өмірі қорлықпен өтті. Оған дейінгілер Сарадан бастап қалың малдың құрбаны болды. Бұл ақындық әйел затының мамандығы емес деп қарайтындар бар әлі күнге. Бұл әйелдер жыр жазып не бітіреді деп қарайды. Өмірге келген соң ұлтыңа қызмет қылмасаң онда ақын болып та, басқа болып та қажеті жоқ... Қадыр ағаның: «Бай бақытты, балалар да бақытты, тек есікте жаутаңдап тұр жетім жыр» деп жазғаны бар. Қайнаған тірліктің ортасында күйіп-пісіп жүресің, жыр жазуға уақыт таппайсың. Қаламгер ақынның, әйел ақынның қасіреті осында. 


– Ақын бақытты бола ма? 

– Ақындарды былай қойғанда жалпы адамдардың өзі бақытты бола ма? Осы бақыт деген не нәрсе? Мысалы, мен өзімді бақытты сезінемін. Қоғамға керек болғаным үшін. Ал, бақыт деген не нәрсе, ол қай кез? Оны түсіндіру қиындау... Өмір сүру – бейнет. Ал, бейнет – күрес пен тынымсыз арпалыс. Мүмкін, сол бақыт болар?! Бақыт деген – соқыр құс, қонады, кетеді. Алмасып жататын тұрақсыз нәрсе. Дөңгелек дүние деген ұғым осыдан қалса керек... Менің бақытым – өз ғұмырымда адамдарға керек болғаным, табиғат берген әйел жүгін халқымның қызы болып атқара білгенім, үмітін ақтай білгенім деп ұғамын. 


– Әдетте ақындар поэзия ауылына біреуге еліктеу арқылы келіп жатады. Байқап қарасақ, көбісі Фариза болғысы келеді. Енді бір топ бар сізге ұқсағысы келеді. Бұған ренішіңіз жоқ па?


– Мен бұған қуана қараймын. Бірақ, әр ақын өз жолын тауып алса нұр үстіне нұр болар еді. Қазір ақын Гүлнар Салықбай өзінше бөлек шықты, өз жолымен келе жатқан жақсы ақын. Бүгінде кей ақындарымыз жұмбақ өлең жазып кетті, бір-бірінен ажырата алмай қалдық. Ой қайталау көбірек кездеседі. Өте ұқсас жырлар, тіпті жаңылып қалдық. Бұл дұрыс емес. 


 – Гүлнар Салықбай деп қалдыңыз... Расымен де, Гүлнар апамыздың өлеңге деген көзқарасы мүлде басқаша. Ешкімге ұқсамайтын ерекше, әдеби ортада көп көріне бермейтін аса талантты, жұмбақ ақын. Биыл мемлекеттік сыйлыққа ұсынылып жатыр. Осы сыйлыққа келгенде көп жағдайда қыздар поэзиясы ақсап қалып жатады, уақытында лайықты бағасын алмай жатады. Бұл да болса әйел затының, жалпы қыздар поэзиясының әлсіздігі ме, әлде тағы да сол әділетсіздік пе? 

– Марфуға да, Тұрсынхан да, Фариза да, Күләш та менің алдымда бұл сыйлықты алды. Қыздар деп берілді, жақсы деп берілді. Қыздар поэзиясын шын мәнінде олай ерлер поэзиясынан бөліп қарауға болмайды. Тіпті одан күштірек болуы да мүмкін. Қазіргі кездері мемлекеттік сыйлық дегеннің өзі өте ұқыптылықпен қаралмай қалған нәрсе болды. Бұл жерде халықтың дауысы ескерілмей қалып жатады. Мынаған берейік десе сол ақынға беріліп кететін сияқты. Оқырманның көзқарасымен ешкім есептесіп тұрған жоқ. Өзімнің өлеңімде де бар:

Емеспін о бастан да егес құмар,

Жөнсізге ақын жүрек не деп шыдар?!

Жеңем деп ақымақты таласпаймын,

Мүмкін ол сорлылығым емес шығар... деп бұл нәрседен өзімді аулақ ұстаған жанмын. Мен өзіме не бұйырды соны ғана атқарып жүрген адаммын. Шын мәнінде сол сыйлықты берерде оқырманмен көбірек санасу керек. Бірақ, өкінішке орай бізде сол мемлекеттік сыйлықтың мәселесін тек кабинеттер ғана шешіп жүр... 


– Шығармашылығыңыздағы соңғы жаңалықтармен бөліссеңіз... 


– «Фолиант» баспасынан үш томдығым шығып жатыр. Оған өмір бойы жазған жырларымнан топтама жырлар енгізілді. Тасқа басылған кітап тарихта қалатын дүние. «Абай» қоры жинақтап, «Қайран, қарлығаштар-ай» деген үлкен еңбегімді шығарды. Менің жырларымнан бөлек қоғамға, өмірге, әдебиетке деген жеке көзқарастарым мен ойларымды, қазақ әйелдеріне қажетті жазбаларымды жинақтап бір жинақ шығаруды жоспарлап отырмын. Алла қаласа, алдағы уақытта шығып қалар, әзірге жинақтап жатырмын. – Болашаққа аманаттап қандай хат қалдырасыз? – Аманатым – келер ұрпақ қазақ екенін, қан кешкен, тер төккен тарихы барын ұмытпаса екен. Жаңа заман туды, социализм керек емес деген ұғым бар бізде. Ол дұрыс емес. Социализм бізге бұйырған дәуір болғанымен, оның ішінде де айта алатындары айтып жүрді. Қазір мынау сенің батырың, мынау менің батырым деген бос әңгімені тоқтатуымыз керек. Бізде әлі де болса бауырмалдық деген жоқ. Шіркін, мынау қазақ даласы біздікі, сен қазақсың, баршамыз ауызбіршілкте болайық деген жастарды о дүниеде жатсам да көргім келеді менің... Менің бар арманым – осы... 


 Әңгімеңізге рахмет, Ақұштап апа! Алла сізге қуат берсін! 


P/S: Өлеңі нәзік, өзі шыншыл, тумысынан даласы мен анасының қасиеттерін жүрегіне ұялатқан, ақиқат сөзді ту ғып ұстаған дара қыздың дара бұлқынысы қазақ топырағына дара ақынды алып келді. Сол поэтикалық құбылысты біз сұхбат барысында аңғара білдік. Сырт көзге ақын біткен өзара ұқсас көрінеді. Ол заңды да. Өйткені, олардың қай-қайсысы да бір жанрда жұмыс істейді. Олардың көріп жүрген дүниесі мен арқалап жүрген жүктеріне дейін ортақ. Дей тұрғанмен, осы топтың ішінен Ақұштап ақынды даралап алғы топқа алып шыққым келеді. Ақын жүрегінен ешкімге ұқсамайтын сөз саптам, өзгеге ұқсамайтын бояуды байқадым. Аяулы ақынның тағы бір ерекшелігі – азапқа толы ақындықтан бақытты отбасының керемет үлгісін жасап, кейінгіге үлгі болуында жатыр... Бекзада болмыс пен ақындық ірілік, шығармашылық даралық деген міне, осы!


Салтанат ҚОЖА


author

Ақұштап Бақтыгереева

АҚЫН

Жаңалықтар

Биыл Тәуелсіздік күніне орай қатарынан үш күн демалыс беріледі, деп хабарлайды madeniportal.kz....

Жаңалықтар

2024 жылғы 23-34 қараша күндері Астана қаласынан Қазақстан Қарулы күштері авиациясының жоспарлы ұшул...