Қазақы трагедия: Отаны бар, үйі жоқ

ӘДЕБИЕТ
1393

         Отандық прокаттағы коммерциялық бағыттағы фильмдердің көтеретін тақырыптары салмақталып келеді. Режиссер Тулеганов Абдусаидтің «Ұялам, но үй алам» фильмінің жанры драма және комедия деп көрсетілген. Бірақ, фильмнің көтерген әлеуметтік мәселесінің артында үлкен зіл бар. Бұл нағыз қазақы трагедия.

         Территориясы алып елдің тұрғындарының тұрғын үй мәселесінің осыншалықты тығырыққа тірелгендігі – бұл нағыз трагедия. Ипотекаға кезекке тұру, оны ұзақ күту, төлемге қабілетті болу – жас отбасылардың өміріндегі алтын уақытын ұрлап жатқан өзекті мәселе. 

         Жастар ғылыми өндірістік идеялардың нәтижесіне емес, жеке әлеуметтік мәселелерін шешуге көп уақытын жұмсайды. Мардымсыз жалақы, такси құнды табыс көзіне айналған заманның құндылықтарын түсіндіре алған бұл фильмнің көрерменге айтары көп. 

         Жүйкені ауыртатын жүйеде айла-амалдың барлық мүмкіндіктерін ашық қолданатын блогерлердің бейнесі көп шындықты ашады. Елдің әлеуметтік міндеттерін мемлекеттік мекемелер емес, халық өз мәселесін әлеуметтік желі арқылы шешетін күйге жеткендігі -  билікке өз іскерлік шеберліктері туралы сыни ойлап көрудің қажеттілігін көрсетеді.

         Отан отбасыдан басталса, әр отбасының осыншама көлемді территориясы бар мемлекетте тұрып, үйсіз күнелтуге құқы жоқ. Табиғи ресурсы зор елдің аз халықты өз отанында үймен қамтамасыз ете алмауы – нағыз ұят. Бейнелі түрде айтсақ, ата -бабамыз осыншама территорияны ұрпағы өз жерінде жалдамалы пәтер жағалау үшін қорғамағаны анық.  

         Халық инфрақұрылым дамыған аймақтарға орналасу үшін үлкен қалаларға тырмысады. Жұмыс көзі, табыс табу – басты мотив. Ауыл-аймақты еңсесін тіктеген қала деңгейіне дейін көтерудің орнына, сол баяғы игерілмеген ен даланың кейпінде қалғандығы бүгінгі уақыттағы шешілуі керек ең үлкен мәселе. 

         Фильмде ер-азаматтар мен бүгінгі заманның әйелдерінің бейнесіне ерекше акцент қояды. Ер жігіттердің өз шаңырағының қожайыны ретінде сезіне алмауы, әйелдердің амбициясының алдыңғы планға шыққандығы – әлеуметтік санаға нарықтың қатаң талаптарының үлкен психологиялық жасап жатқан соққысының нәтижесі. 

         Фильм авторлары тақырыптың өзектілігін байыпты драматургиялық екпінмен ашады. Ең ауыр соққы – отбасыдағы баланың психикасына жасалады. Мектептегі буллинг тым қатігез. Бір баспананың үлкен әлеуметтік мәселеге айналуы – баланың әлемін де айналып өтпейді.

         Құжат жүзінде ажырасу арқылы баспанадағы кезектің жеңілдігін қолдану – жас отбасылар ойлап тапқан амалсыз тәсіл. Бұл тақырып халық арасында өте өзекті мәселе. Жалақысы жалдамалы пәтерден ауыспайтын отбасылардың мәселесіне назар аудару маңызды. Фильм авторлары құнды идеяны көтеріп отыр. 

         

         

Гүлзат КӨБЕК

Киносыншы,

Өнертану PhD докторы,

«Тұран» университетінің профессоры


Жаңалықтар

Бүгін елімізде атом электр станциясының құрылысына қатысты республикалық референдум өтіп жатыр, деп...

Жаңалықтар

Түркістан облысы Келес ауданындағы N8 Т.Бегманова атындағы жалпы білім беретін мектебінің өзбек тілі...