МЫСЫРДА ӘЛ-ФАРАБИ ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ

Жаңалықтар
1660

Президенттің «Рухани жаңғыру» бағдарламасын және «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласын жүзеге асыру аясында Мысыр Араб Республикасындағы ҚР Елшілігінің қолдауымен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Каир университетінде әл-Фараби ғылыми-білім орталығын ашты.

Орталықтың ашылуы барысында «Әл-Фарабидің философиялық мұрасы» халықаралық ғылыми семинары ұйымдастырылды. Фарабитанушы ғалымдар, Каир университетінің философтары, ҚазҰУ ректоры, академик Ғалым Мұтанов, Мысырдағы ҚР Елшісі Арман Исағалиев Шығыстың ұлы ойшыл мұралары және өскелең ұрпақтың рухани-өнегелік тәрбиесіндегі оның идеясының өзектілігі жайлы баяндамалар жасады.

Қазақстандық жетекші жоғары оқу орнының ректоры әл-Фарабидің ізгілікті қоғам идеясына негізделген «Ізгілікті қоғам азаматын қалыптастыру. Заманауи университеттер миссиясы» халықаралық жобасының БҰҰ Өркениеттер Альянсымен бірлесе жүзеге асуы жайлы айтты. Ол Каир университетіндегі әл-Фараби орталығы тек әл-Фараби, Бейбарыс Сұлтан мұраларын ғана емес, достас мемлекеттер арасындағы ортақ тарихи және мәдени құндылықтарды оқытып, насихаттайтын жақсы платформа қызметін атқаратынына сенім білдірді. Мысырдағы Қазақстан Елшілігінің бастамасымен осы жылдан бастап әл-Фараби орталығы базасында бірінші рет Каир университетінде қазақ тілін оқыту пәні енгізіледі.

Сапар аясында қазақстандық делегация мен Бас имам әл-Азхар шейх Ахмад ат-Тайеб, Жоғары білім және ғылыми зерттеулер министрі Халед Абдель-Гаффар, ЕАР Парламенті білім беру және ғылыми зерттеулер істері бойынша Комитет төрағасы Сами Хашим, Каир университетінің ректоры Мохаммед Осман әл-Хошт және «Гомхурия» газетінің бас редакторы Абдель-Разек Тауфик араларында құрылымдық диалог өрбіді.

Кездесу барысында бірлесе мамандар даярлауда өзара әріптестікті нығайту, академиялық алмасу бағдарламасын, магистранттар мен докторанттардың ғылыми тағылымдамаларын жүзеге асыру, оқытушылар біліктілігін арттыру, ғылыми-білім беру бағдарламаларын жасау, фарабитану курстарын енгізу сұрақтары қарастырылды. Мысырдан ҚазҰУ филиалын ашу жайлы келісім іс-сапардың маңызды сәтіне айналды. Тараптар 2020 жылы ұлы ойшыл әл-Фарабидің 1150 жылдығын өткізуге және дайындық жүргізуде бірлескен жұмыстар жасауға дайын екендіктерін жеткізді.

ҚазҰУ делегациясы құрамындағы танымал кинорежиссер С. Әзімовтің түсіру тобы қазіргі уақытта түсіріліп жатқан әл-Фараби және Бейбарыс Сұлтан туралы көркем фильмдерге қажетті видеоматериалдар жинау үшін Мысырдағы тарихи-мәдени нысандарды (Бейбарыс Сұлтан мешіті мен кітапханасы және т.б.) аралады.

Ұлт.кз

Жаңалықтар

Семейде 33 жастағы әйелді көлікпен таптап кеткен, салдарынан ол қайтыс болды, деп хабарлайды madenip...

Жаңалықтар

"Болашақ" бағдарламасымен Лондонға оқуға аттанған әнші, актриса Айгүл Иманбаева елге оралды. Әртісті...