Маңғыстау облысы прокуратурасының органдары балалар пансионаттары түріндегі қайырымдылық мекемелерін...
Елордада Nur-Sultan Ethno Fest фестивалі өтіп жатыр
Нұр-Сұлтанда алғаш рет ұйымдастырылған этномәдени мереке 31 мамырда басталған болатын. Қорытындысы 2 маусымға жоспарланған. «Хан-Шатыр» сауда, ойын-сауық орталығының алаңында тігілген киіз үйлер қалашығы көшпелі көне жұртты еске түсіреді. Бітісі бірден көзге түсер сәйгүліктер, қанатын қайта-қайта қомдаған қырандар ұлттық көрменің көркін кіргізді. Құмыра жасаушылардың епті қимылына елтігендер де көп. Ортағасырлық стильде жасалған этнобазар үш күн бойы сағат 10:00-ден 22:00-ге дейін ашық тұрмақ.
Елордадағы «Хан-шатыр» кешені маңындағы этно-қалашық таңертеңнен қалың көрерменге лық толды. Сонда «Nur-sultan ethno fest» фестивалін тамашалаушылар бұл этно-қалашықтан қандай қызықтарды көре алды? «Алтын жебе» І Әлем чемпионатының алғашқы күнгі қорытындысын айтпас бұрын біз осы этно-қалашыққа қысқаша бір шолу жасағанды жөн көрдік.
Атап айтып өтелік, «Nur-Sultan Ethno Fest» мерекесі – бұл Елордада өтіп жатқан этно-жанрдағы бірегей жоба. Мұнда этно-спорт та, этно-мәдениет те, этно-дәстүріміз де, этно-ойындарымыз да бір арнада, бір жерде тоғысқан. Этно-қалашықтың сол жақ қапталында – төрт түліктің көрмесі. Қатарласа тұрған жылқыларды – еліміздегі бәйгелерде жүлде алған жүйрік аттарды көресіз. Арабы тұқымды, ахалтеке тұқымды, рысак аралас тұқымды жорғаны, таза қанды ағылшын тұқымды аттарды көрерге көз керек. Бұлардың бәрі біздің ұлттық спорттық шараларға қатысып жүрген бәйге аттары екен.
Жүйріктермен қатарлас қазақтың көшпелі өмірінде «Дала кемесі» атанған түйелер тұр. Бұл түйелермен қазақтың көшкен кезде түйеге қалай жүк артатын реттерін көрсетеді. Олармен іргелес қазақтың «Еділбай» тұқымды қойы, оған таяу құлынды биені тамашалауға болды.
Егер қалашыққа кіргеннен оң жаққа мойын бұрар болсаңыз пони аттар мен құлынды биелерін көрер едіңіз. Олардан өте бере «Шаңырақ» атты әжелер ансамблінің өнерін тамашалауға болады. Әжелеріміз ән шырқай отырып, ұршық иіру, жүн түту, жүн сабау сияқты ұлттық қолөнерді де көрсете отырады.
Ансамбль тұсында қыран бүркіттер мен ителгі тұғырға қондырылған. Бүркітшілердің айтуынша, бұлар да спорттық жарыстарға қатысып жүрген, аушы құстар. Бір бүркіттің аты «Алғыр» – Дүниежүзілік көшпенділер ойынында жүлдегер болған құс. Екіншісі – Ақбалақ. Ителгінің аты- Ұшқыр. Қазақстан чемпионатының жеңімпазы, ІІ Азия чемпионатында екінші орынды иеленген.
Егер оң жақ қапталды жағалай жүре берсеңіз, ұлттық қолөнер бұйымдары, құрақ көрпелер, ұлттық киімдер, ұлттық естелік бұйымдар көрмесін және «Nur-Sultan Ethno Fest» мерекесі үшін арнайы жасалған қазақтың ұлттық қолөнер бұйымдарының музейін аралап көретін мүмкіндік бар. Музейде ұлттық киімдер, қазақы ат-әбзелдері, жауынгерлік қару-жарақтар, ата-бабамыздың жауынгерлік кездегі сауыт-саймандар, қылыштары, белдіктері, қалқандары көрініс тапқан.
Қалашықтың орта тұсына қазақ күресінің боз кілемі жайылған. Ересектер мен балалардың белдесуі бұл боз кілемде күн сайын өткізіледі.
Одан өте ұлтымыздың дәстүрлі өнерінің бейтаныс элементтері сізді өзіне еріксіз тартады. Мысалы, мұнда ши тоқу, басқұр тоқу, арқан өрудің қалай жасалатыны көрсетіледі. Жарқырап көрінетін анау қызыл бояулы ағаш – тез деп аталады екен. Қазақтың «тез басында қисық ағаш жатпайды» деген сөзі бар. Бұл киіз үйдің құрылымына қажетті қисық ағашты, яғни, уықтың, керегенің ағаштарын түзейтін аспап көрінеді.
Бүгін 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні болғандықтан, мұнда балаларға арналған этно-ойындардың бірнеше түрі өткізіліп жатыр. Балалардың этно-аттракционы. Оң жағымызда балалар алтыбақан алаңы. Садақ ату сайысының балаларға арналған түрі. Асық ату алаңы.
Балалар арасында бұғалық салу, шалма тастау, құрық тастау ойындары. Қазақта асау үйрету дәстүрі бар. Бұл соның бір элементі осы екен. Бұл шалма тастау ойыны тұңғыш рет ел-жұрт назарына ұсынылып отыр.
Мына тұста – балалар киіз үйді қалай құруға болатынын үйренетін жер. Осы жерде балалар арасында киіз үйді тез құрып жарысу ойыны ойналады. Балаларға шаңырақтың, керегенің, уықтың не екендігі түсіндіріледі, киіз үй құрып үйретіледі.
Таяқ тартыс ойыны, қол күресі жарысы өтетін алаңда елордалық рекордшы Тимур Сыпатаевтың өнерлерін көруге болады. Тимур Сыпатаев өзін Балуан Шолақ, Қажымұқан сияқты алып күш иелерінің дәстүрін жалғастырушы санайды. Үш жылдан артық осы өнермен шұғылданады екен. Жасы – 37-де. Қол күрестен Халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Қазақстанда төрт дүркін рекордтық көрсеткіш орындаған. Тимур Сыпатаев – отбасылық спортшы. Ұлы – Дәулетбақтегі Бекмансұр. Жасы алтыда. Өткен жылы Елорданың 20 жылдығында БІР ЖАРЫМ ТОННА автокөлікті сүйреген. Рекордтық көрсеткіш орнатқан. Кір тастарын көтереді.
Міне, этно-қалашықта қалың жұртшылық осындай бұрын-соңды ұйымдастырыла бермеген таңсық дүниелерді тамашалады. Сондай-ақ, осы «Nur-Sultan Ethno Fest» мерекесі аясында екі үлкен спорттық жарыс өткізілуде. Бірі – дәстүрлі садақ атудан республикалық турнир. Бұл жарыстың алғашқы күнгі «Азия стилі» мен «Қазақ стилі» бәсекесінде Ғабдусалимов Мұрат, Сыздықова Ажар, Бекбосынов Ерболат мергендер топ бастады. Ертең бұл сайыстың «Аңшылық стилінен» соң жарыстың қорытынды нәтижелері жарияланады.
Екіншісі – «Алтын жебе» І Әлем чемпионаты. 12 мемлекеттің 24 мергені бақ сынаған бүгінгі жарыста бес мерген дара шықты. «Азия стилі» бойынша ат үстінен садақ атуда монғолиялық Эрденесуфт Эрдене мерген 66, 41 ұпаймен бірінші орынды иеленді. Екінші орын 64,73 ұпай алған Михай Козмейге бұйырды.
Үшінші орынға 62,91 ұпаймен Бабажан Бақдәулет табан тіреді. Төртінші орынды 55,84 ұпаймен Ералхан Айкөз, бесінші орынды кореялық мерген Ли Сунг Хо алды. Сөйтіп, алғашқы күнгі мергендік бәсекесі осындай нәтижемен аяқталды.
Сондай-ақ, фестиваль көрермендері ақындар айтысын тыңдап, аударыспақ, теңге ілу мен көкпар ойындарының көріністерін тамашалады.