Қостанайда автопаркте 5 автобус жанып кетті, деп хабардады madeniportal.kz.Төтенше жағдайлар министр...
Мәриям Жәгорқызы ғашық болған Дудар - Дүйсен емес
Бірден айтайық, Қорғалжын елінде Мәриям атты орыс қызына үйленген екі қазақ болыпты. Оның бірі – ауыл жігіті Дүйсен. Ол кезде (қазан төңкерісінен бұрын) ауыл арасында шаш қою әдет болмағандықтан, Дүйсеннің дудар бас атанатындай шаш қоюы неғайбыл көрінеді. Ал осы Дүйсеннің орыс әйелі Мәриямды ауыл адамдары «тобан аяқ Мәриям» дейді екен. «Тобан аяқ» онша жетісіп тұрмаған сөз болғандықтан, Дүйсен үйленген орыс қызы Мәриям онша көрікті болмаса керек.
Ал Жәгорқызы Мәриям (шын аты Мария Егоровна Рекина) – бойы ұзын, көрікті, бірсыдырғы даусы бар, яғни ән салатын адам болған. Ондай жанды «тобан аяқ» деп ешкім кемсітіп айта алмаса керек. Ал осы Мәриям Жәгорқызы ғашық болған қазақ жігіті – қаладан келген, орысша оқыған, орыс тілін, орыс салтын жетік білген, шаш қойысына бола ел ішінде дудар бас атанып кеткен жан көрінеді. Сірә, өкімет қуғынынан бой тасалап жүрген адам да болса керек. Оның аты Дүйсен емес, шын есімі белгісіз болып қалған.
Кеңестік заманда ұлтаралық саясатқа байланысты «Дудар-ай» әнін Мәриям Жәгорқызы, яғни Рекина Мария Егоровна шығарды» деген жаңсақ дерек тарады. Бұл күнде ол әннің авторы Үлебай Әнетұлы екені нақтыланды, оған ешкім күмән келтірмейді.
Кезінде «Айқын» газетіне «Осы жұрт Үлебайды біле ме екен?» деген мақала жазғанмын. Сондықтан Үлебайдың өмір тарихына егжей-тегжейлі тоқталып жатпаймын. Сол кезде Қорғалжын ауданының «Өркендеу» ауылының тұрғыны Рақымберген Қозыбағардан хат алғанмын. Сол деректі ғана айта кетейін. Ол кісінің айтуынша, «Үлебай ақын 1966 жылы өмірден өткен. Оқымаған, хат танымаған. 1954 жылы кіші баласына кейінгі еңбектерін дәптерге жаздыртқан. Ол дәптерді 1955 жылы ақын Қалижан Бекхожин сұрап әкеткен, одан кейін хабар жоқ. Үлебайдың шағын өлеңдерін білетін адамдар өмірден өтіп кеткен. Мен Үлебайдың кіші баласымен бірге өсіп, бірге жүргем, содан білемін. Естуімше, Үлебай ақын өлеңін Мәриямға басы бүтін бергені үшін ол кісіге сыйлық беріпті. Оны кез келген адамға айта бермейтін». Міне, Үлебай ақын туған «Өркендеу» ауылының тұрғыны осылай дей келіп, бұл өлеңнің сөзін кейін біреулер заманға сай өңдеп, түзеткенін айтқан-ды.
Сол шыққан мақалаға орай редакцияға хат жазған Қорғалжын өңірінің тумасы, филология ғылымдарының докторы, профессор А.Жантас былай деп еді: «Қорғалжын қарияларының әңгімелеуінше, Жәгөр (Егор Рекин) патша үкіметінің күшіне сүйенген адам болған. Ол «қара шекпен» болғанмен, қара шаруа бола қоймаған. Қуатты, бірсыдырғы дәулетті болған. Қорғалжындық қара қазақпен қойындаса қоймаған. Оның жанына жуу оңай бола қоймаған сияқты. Ал қызы Мәриямның сұлулығын, әншілігін былай қойғанда, Жәгөрдей орыс қызын жергілікті қазақтарға жолата қойды дегенге де елде ешкім сенбейді. Демек, Дудардай (шын есімі белгісіз болып қалған) орыс сырын білетін жан ғана Марияға жуый алады. Кейін Мария шешеміздің оқыған азамат, заңгер Боранқұлға шығуында да осындай бір заңды жалғастық бар сияқты болып көрінеді.
Ел қызық көріп, әзілдеп жүрген Дудар мен Марияның арасындағы хикая ел ортасынан шықпаған Өлебайға да әзіл болып көрінуі шындыққа келеді. Соған орай ол бұл әнді әзіл ән етіп шығарған».
Ары қарай ол Қорғалжын өңірінің тумасы, жүз жасап қайтыс болған Біргебай ақсақалдың әңгімесін келтіреді. «Біргебай ақсақал Мария Рекинаны Алматыға халық шығармашылығы көрмесіне бастап апарған екен. Ол кезде Біргебай Кемелов Қорғалжын аудандық партия комитетінің мәдени-ағарту бөлімінің меңгерушісі болып қызмет атқарыпты. «Мария бойы ұзын, келбетті болатын, бірсыдырғы даусы да болатын. Қазақша еркін сөйлейтін. Киім киюі де қазақтан ерекшеленген жоқ. Ауданның партия хатшысы ұлттар достығы саясатындағы озық үлгі ретінде көрсету мүмкіндігін жібергісі келмеді. Маған осыны жүзеге асыруға тапсырма берді». Осылай деп еске алыпты Бірекең ақсақал. Көрмеге барар кезде олар Үлебайдың алдынан өткен көрінеді. «Кәдеге жараса, өздерің білесіңдер» депті ол.
Міне, осы деректен көріп отырғандарыңыздай, Мәриям Жагорқызының әкесі ауыл қазағына оңайлықпен қызын бере салатындай жай адам болмаған. Соған қарағанда Дудардың қалада орысша оқыған білімді жігіт болғаны рас секілді. Ал әлгі ауыл жігіті Дүйсен үйленген Мәриямды келін етіп түсіруге Дүйсеннің туыстары басы бүтін қарсы болғаны белгілі. Екеуі қамыс арасында қашып жүрген. Артынан қуып барған туыстары Дүйсенді өлімші етіп сабаған. Дүйсен сол алған жарақатынан бір жылдан соң қайтыс болған.
Сірә, марқұм Дүйсеннің досы болған Үлебай өз еліндегі Жәгорқызы Мәриям мен Дудардың арасындағы махаббатты әу баста досы Дүйсен мен оның орыс әйелі «тобан аяқ» Мәриямға әзіл етіп шығарып, кейін солай телініп кетсе керек. Осы дерек көңілге қонатын секілді.
Ал кейінде кеңестік саясат Мәриям Жәгорқызын әрең деп көндіріп, Үлебайдың әнін оған басы бүтін алып берген. Үлебай келісімін беріп, ол үшін жақсылап сыйлық та алған көрінеді. «Дудар-ай» әнінің талай жылдар бойы тарихының бұлыңғыр болып келгенінде осындай сан қырлы сыр жатыр.
Төреғали Тәшенов