Жадырап көктем туды. Қар қауырт еріді де, аз күнде төңірек қарайып, құрғап шыға келді. Мектептерде к...
ДИДАР АМАНТАЙ. ЛЕВ ТОЛСТОЙ – РЫМҒАЛИ НҰРҒАЛИ
Есіме түсіп отыр: бірде, Алматыдан Астанаға ұшып бара жатқанмын, дүңгіршектен газет сұрадым, өкінішке қарай, сұраған газетім жоқ болып шықты, сонда қасымда күтіп тұрған бір егде адам, өзінікін ұсынды, қарсы емесімді байқаған соң, әңгімеге тартты, таныдың ба, деді.Мен шырамытқанымды айттым, жыға танымаған едім, екі-үш адамның аты-жөнін келтірдім, күлді, шынымен, танымайды екенсің, Рымғали ағаңмын ғой, деп бір түйді.
Ыңғайсызданып қалдым. Ұшақта емен-жарқын әңгімелесіп бардық. Содан кейін, көрген емеспін. Есімі ертеден таныс, іргелі білім, терең парасат иесі, қабырғалы ғалымды сырттай жақсы білетін едім, бірақ, қара басып, аэропортта жаңылысқаным есімнен кетпейді.
Енді, міне, аудармасын оқып отырмын. Сұңғыла, тәржімеге жүйрік, сөзі тиянақты, тілі құнарлы екен.
Ұлы Толстойдың “Әзәзіл” шығармасын қазақшаға қотарыпты. Әдетте, қысқа жанрдағы туындысы да ұзақ боп келетін қаламгердің бұл әңгімесі көлем тұрғысынан қомақты, ірі. Рымғали Нұрғали өте сабырлы, ұқыпты, білікті аударғаны әр сөзінен анық көрініп тұр.
Шығарма желісі, қайшылықта арпалысқан адам жаны, кісілік пен хайуандық құбылысы, жаралы рух қиналысы, пәк сезімнің солқылдақ табиғаты, құбылмалы күйініш пен өкініш, айнымалы ой-түсінік мұраты, қайтсем бақытыма жетемін, нетсем қанағатымды табамын деген пендешілік үміт, арман, тілек, қала берді, нәпсі күші мен ар-ұят азабы, жалпы, дәстүрлі діни тақырып – күнә-иман-құлшылық төңірегінде өрбиді.
Әзәзіл ноқта салған ақыл-ой күресі туралы туынды.
Автордың ұлы ойларын аудармашы қылаудай қиянат жасамай, күшейтіп те алмай, әлсіретіп те жібермей, қазақшаға дәл түсірген екен. Кіршіксіз қаламнан мінсіз мәтін туғаны қуантады.
Прозаға қалам тартса, Рымғали Нұрғали үздік шығармалар сомдарына күмәніміз жоқ.
Мысалы, “Бір тесікті бітесе, күтпеген, ойламаған жерден, екіншісі үңірейіп шыға келеді."
"Белгісіз сурет емес, жарқыраған қара көздер, сыңғыр үн, таза, жұпар иіс, шілтерді көтерген биік кеуде, жарық сәуле құйылған қалың ағаш арасы елестей береді”.
“Ішке кіріп, шығып сынған бұтақ дыбысын естіді. Жалт қараса, әйел қалтарыста түр екен. Мынау жырадан қарғи ұмтылды. Жырада қалақай барлығын да аңғармады. Сүрініп кетіп пенснесін түсіріп алып, қарсы бетке көтерілді. Ақ кестесі бар күлгін көйлекті, шымқай қызыл орамалды, жалаң аяқ жап-жас, қайратты, сұлу әйел сынық күліп тұр”.
“Тағы да, әлде жаман жоралғы ма, әлде жолсыз кездейсоқтық па, әлде әдейі ме, әйтеуір есік алдына енді шыққанында бұрыштан қызыл көйлекті, қызыл орамалды ашынасы қолын бұлғап, бөксесі дөңгеленіп өте берді. Ол аздай, кетіп бара жатқан әйелді қылымси жүгіріп қуып жетті”.
“Тағы да Евгенийдің көз алдына шаңқай түс, қалақай, Данила күркесінің арт жағындағы ағаш көлеңкесінде жапырақ тістеп, күліп тұрған ойнасының жүзі елестеп кетті”
Толстой уақиғаны анық бейнелейді, суретті дәл келтіреді, қаламында түйірдей фальш жоқ, нағыз атмосфера тудырушы виртуоз.
Рымғали Нұрғали өз аудармасында – Толстойдың қарым-қабілетіне жедеқабыл.
Өнердің күші керемет. Есіл жандарды еске түсіреді, өткен жайттарды көз алдына әкеледі.
Бір жазушының өнері екінші бір қаламгер туралы естелігімізді оятты. Рымғали Нұрғали – болмысына, кескін-келбетіне көлеңке түсірмеген, өнерде әділ, өмірде таза, қазақ руханияты кеңістігіндегі кемеңгер азамат еді.
16.02.2019