Қалихан Ысқақ. Қоңыр күз еді

ӘДЕБИЕТ
1160

Қалихан Ысқақ

Повесть

Қоңыр күз еді. Ақжауын себелеп тұр. Жол лайсаң. Алтай өңірінің ең бір жүдең шағы, көңілсіз шағы. Соқыр тұман оның биік сілемдерін жым-жылас қып жұтып қойыпты. Енді бөктерлеп келіп қанат жайып күргейлеп алған. Тау да бірте - бірте аласарып, адырлы жота - қыратқа айналып шөгіп бара жатқан сияқты. Әр жерде селдіреген ойдым - ойдым шоқ ағаштар болмаса, етекте бұрыңғыдай ну орман да жоқ, үркіп барып сонау жоғарыдағы алқым - алқымдарға тығылып қалыпты.

Қарағайлы өзекке кіре бергенімде өкпе тұстағы жылғадан салдырлаған дыбыс естілді. Артынша - ақ сүрлем тиеген ырдуан арба шыға келді. Жанасалап күре жолға түскенде делбе ұстаған адамның әйел екенін аңғардым. Ақ түбіт шәлімен басын тұмшалап орап тастаған ақсұр келіншек мені енді ғана байқап, озып барып атын тежеді. Сосын танып алайыншы дегендей бетіме тесіле қарады.

— Жаным - ау, Қасымбысың? — деп аңырып қалды. Ұзын кірпікті мөлдір қарақат көзі мен сыңғырлаған ашық дауысынан өзіміздің Алтыңды бірден тани кеттім.

— Япырмау, адасып жүргеннен саумысың? Қайдан келесің? Қайда барасың? — деп сұрауды үсті-үстіне қапалақтатып жатыр. Астына төсеген құрғақ шөпті сүрлем үстіне жазыңқырап, қасынан орын нұсқады да:

—Отырсаңшы енді, отыр! — деді.

Алтынмен кездесемін - ау деп тіпті ойлаған жоқ едім. Орта бойлы, қыпша бел, қарақат көз, екі бетінің қаны тамған ақ сазандай сұлу келіншек көз алдымда елестейтін де тұратын. Қазір аласа бойлы, дөңгелек бет, толған ұршықтай дөңгеленген әйелді кездестіргеніме іштей қарным ашып қалған сияқты. Қаншама іш - бауырыма кіріп, жалбалақтағанымен, неге екенін өзім де білмеймін, оған бір түрлі салқын жүздестім. Мүмкін тосынан кездескендіктен болар, әлде суынысып кеткендіктен шығар, әйтеуір тосырқау бар. Аузыма сөз де түспей, алғашқы тіл қатқаным "қайдан жүрсің" болды.

—Қайдан жүрсің дерің бар ма...Әйтеуір тіршілік қуған да баяғы...Алтынды бала кезінде бір көріп едің, ортада заман келіп, заман өтті. Содан бері не толып, не солмады дейсің...

Алтын бұдан арғысын қозғамай, сөзінің аяғын қалжыңға айналдырғысы келді.

—Бәтір - ау, өзің тіпті өзгермепсің ғой. Бет-аузыңда тым болмаса қыл-қыбыр атаулыдан да ырым жоқ, - деп күліп алды. Бірақ мен үндемей отырған соң оның да жүзінен күлкі тез қашты. Төсін теуіп тұрған қос омырауынан әлсін-әлсін сырғи берген желбегей күпәйкенің өңірін қымтай түсіп, зіл арбаны беріле тартып келе жатқан қаракердің сылбыр жүрісінен көз жазбай біраз отырды.

Қайдан жүрсін дерің бар ма...Осы өзіміздің Топқайыңда жүріп жатырмын. Сиыр фермасында жұмыс істеп жүрмін, — деп қойды. —Өзің немене, жайшамысың?

Жайша да, шаруамен де...Мына Сарымсақтыдан шығып едім, көлік кездеспей осы тұсқа малшынып азар ілінгенім...

Е.. .е.. — дей салды ол...

* **

Ол менен екі жас үлкен еді. Бір мектепте, бір класта оқыдық. Біздің қыздардың ішіндегі көріктісі де Алтын болатын. Әрі тамаша әнші еді. Күні бүгінге дейін ұмытылмастай болып, көкейімде жатталып қалған сол бір әні. Менің балалық, шағымның небір қиялға толы тәтті кезеңі де осы әнмен басталған. Қазір де сол әнді ести қалсам, көз алдымнан баяғы бір балалық шағым, Алтын, өскен ауылым елестеп өтіп жатады...

Ауылдағы жеті кластық мектепті бітірдім де, "баласың ғой, жұмыс істеп сен не жарытасың, оқы" — деп шал-кемпір дігірлеп қоймаған соң отыз шақырым жердегі Топқайың мектеп-интернатына келдім.

Мектеп директоры орта жастағы, бір көзінің бидайдай ағы бар, күбі қарын жуан кісі екен. Арызым мен куәлігімді оқып шығып, біраз уақыт орындықтың арқалығына сүйеніп ыңыранып жатып алды. Менің аяғымдағы көн етігіме, бұтымдағы естекке бояған ескі жарғақ шалбарыма ұзақ тесілді. Мені онша жақтырып отырған жоқ сияқты. Көз қарасында осы да оқымақ па?" деген күдік бар. Осы бойда май мұрынын шұрылдатып, демігіп біраз жатты да, орындықты сықырлата ойбай салғызып, кеудесін көтеріп алды.

— Ым...м, оқығым келеді де, солай де...Жарайды, мектепке қабылдаймыз, ал енді ынтырнатқа алу жағын...Оны енді... ым...м, селсебеттен панасыз, әке-шешесі жоқ деген спрапке де ала келмеген екенсің...Ым...м, оны енді пәбедениеңе қарай көрерміз...

Директор шаршап - шалдығып бір ауыз сөзді зорға тауысты да, арызымызды стол үстіне серпе салып, арқалыққа сылқ етті. Тағы да дым сызбай үнсіз жатты. Не де болса бір лебізін естіп кетейін деп мен де міз бақпай отырып алдым. Өзіме белгілі, егер интернатқа қабылдамаса оқи алатын түрім жоқ. Бір заматта барып:

—Жатар жерің бар ма еді? Жоқ болса ынтырнаттың жатағына бірдеме етіп түнеп шығарсың. Ертең кел, — деп қыр ете қалды. Көмейінің бостау екенін сезген соң, "алмай қайда барасың" деген оймен үндемей ғана аяғымның ұшымен басып тысқа шықтым.

Өзім өз болып түзге аяқ басқаным осы. Ағайын - жұрағат жоқ. Қондыра қойшы деп танымайтын адамдарға киіп - жарып жетіп баруға ұялдым. Амал жоқ, қысыла - қысыла жатаққа келдім.

Жатақхана барақ сияқты ұзыннан-ұзақ сопайған зал екен. Бөлменің қақ, ортасында діңкиіп қара қожалақ пеш тұр. Көгендеген қозыдай қатар-қатар жыпырлаған кереует. Ашылып-шашылып жатқан төсек-орын. Бес-алты бала стол басында кітап оқып отыр екен, мен бөлмеге кірісімен кітаптан бастарын алысып, ит көрген мысықтай үдірейісе қалды. Аяқ киімін шешпестен теңкейіп төсек үстінде жатқан кекіл шашты, имеген қара басын көтеріп, менің бас-аяғымды шолып шықты. Сосын дүрдиген жалақ ернін жалап - жалап қойды.

— Немене, интернатқа түстін бе? — деді. Сөз ыңғайына қарағанда, осындағы дөкейдің бірі болса керек. Қондырмай қуып шыға ма деп қауіптендім де:

— Ие, — деп бас изеген болдым.

— Қай класта оқисың?

— Сегізінші.

— Дөйт де...ген, бірге оқиды екенбіз ғой. Кел, кел! Менің жанымда әзір ешкім жоқ. Мұнда орын жетпейді, екі балаға бір қойқа. Кел, кел! Дорбаңа да орын табылады, менің сандығым үлкен! — деп киіп-жарып барады. Өзі келіп арқамнан қақпайлап төсегіне отырғызды. Екі туып, бір қалғандай – ақ асты - үстіме түсті. — Немене, мұның іші толған бауырсақ шығар?

— Жоқ, әншейін киім-кешектер ғой.

Сол-ақ екен, оның қабағы салбырап жөнелді. Әлгіндей емес, үйірсектігі басынып, быржиып-тыржиып, маңдайы жиырылып кетті. Дегенмен ренішін білдіргісі келмей:

— Оның да дұрыс. Аштан өлмейсің. Осында әлде кімдер сыртқа шыға қалса болды, қабының сыртынан майын ағызып - тамызып бауырсақ арқалап жүргені. Жүрегің айниды! — деп тыжырынып қойды. Ішімнен "ой, көзелім - ай, егер осы дорбаның ішінде бауырсақ болып, алдыңа ашып қойса ай - шайға қарамай-ақ күйсер едің-ау" деп отырмын. Кірпиәзси қалғанын мына неменің.

Бұдан кейін ол менімен көп сөйлескен жоқ. Кітап оқып отырған аласа бойлы қара домалақ балаға бұрылды.

— Ей, Жарық жұлдыз, сен бәкене немесің ғой, Қасым екеулерің жатсаңдар қайтеді, менің көйкем екеумізге тар келетін шығар, — деп дорбамды алды да, қатардағы төсектің үстіне лақтырып жіберді. Қара домалақтың тостағандай екі көзі жапақ-жапақ етіп, "неге лақтырасың ей" деп міңгірлегеннен басқаға шамасы келмей қалды. "Қап, мына бүкірдің қорлығын - ай! Әттең ауылда болсаң шамам жетпесе де бір айқасар едім-ау!" деп зығырданым қайнап тұр. Амал жоқ, "ауыл итінің құйрығы қайқы келеді" деген осы. (Бұл қара қазір ауылда тері жинайғын агент болып істеп жүр дейді. Кезі келгенде айтармын деп өкпемді әлі сақтап жүрмін ішімде).

Ара кідіріс болған жоқ, кешкі апақ - сапақта бөлмеге тықылдаған ақ сары әйел кіріп келіп, жұрттың апшысын қуырып, апалаң-топалаңын шығарды.

— Бұл не жатыс? Көйкені неге заправит етпегесіңдер? — деп діңкілдеп жөнелді - ай кеп. — Сен неге киімшең төсекте отырсың? Прожаркеден өтіп пе едің? — деп екі ортада мені де бүріл әкетті. Бір жағынан қосарланып ілмиген қара шықты:

— Өй, тәте, бұларға күніне мың айтсам да тыңдамайды.

— Кім ол тыңдамайтын? Қайсысы?

Мынау, анау деп имиген қара ешкімнің атын атап бере алмады.

— Біздің үйде су таусылып қалған екен, бір-екі баланы жүгірте қойшы, — деп имиген қараға әмір етті де, әйел көп аялдамай, аяғын тық-тық еткізіп нығыздай басып шығып кетті. Есік жабылысымен-ақ имиген қара төсегіне тағы да киімшең сылқ түсіп, қолына кітап алды. Басқалары да сатыр-сұтыр қағаз бетін ашып жатыр. Әрі-беріден кейін, "ал, суға кім барады?" деген имиген қараның дауысы естілді. Жым-жырт, дәл ертең емтихан тапсыратындай - ақ жапа-тармағай мұрттай ұшып кітапқа қадалысып қалыпты. Бос отырған мен ғана. Бастық сымақтың қаһарына Жарықжұлдыз ілікті.

— Жарықжұлдыз - ей бүгін сенің кезегің емес пе еді, барып келсеңші. Бос отыр екен, қасыңа мына қасымды ертіп ал.

Жарықжұлдыз орнынан қынжыла көтерілді. Әзірге сыйыса қоймаған бөтен балалардың ортасында тікен басқандай ыңғайсызданып отыр едім, мен де барсам барайын дедім.

"Уһ, құтылдық па", дегендей кітаптар қайтадан сатыр-сұтыр жабылып жатты.

Жарықжұлдыз екеуміз қабырғасы ырсиған тырақы көк атты бөшке орнатылған шоқалақ арбаға әкеп жіктік.

— Бұл көк ат та бір, біз де бір, қу жанға тыныштық жоқ! — деп "ит ашуын тырнадан алады" демекші, Жарықжұлдыз шыға көк атты сойылдап - сойылдап алды. Иі қанбаған сірі пұшпақтай көн арқаға сойыл сарт-сұрт тигенде көкшолақ құйрықты шыбжың -шыбжың еткізіп арындап тұрып алды. Сойыл тағы көтерілгенде тұра тебуге ыңғайланып бөксені көтеріп - көтеріл тастады.

— Қап, мына талақ тигірдің қорлығын - ай, ә! Түу сонау өзенге барып қайтқанша түн жарым болады. Бұл ырсиған неме өстеді енді, — деп Жарықжұлдыз күйіп-пісіп жүр. Көкшолақтың оны сезер түрі жоқ, құйрықты тағы да бір-екі рет бұлғап - бұлғап тастап орнынан әзер қозғалды.

Жарықжұлдыз сөзшең екен. (Кейіннен білдім, шын аты Қомшабай болып шықты. Неге екенін кім білсін, жастайынан еті үйреніп кеткендіктен бе, әлі күнге дейін танауының суы жиылмайтын көрінеді. Балалар ажуалап "ақты, жұлдыз ақты" десе болды, мұрнын қос-қостап тартып, сұқ саусақтың сыртымен оңды-солды шеміршектете жөнеледі. Осылар маған күлді - ау, мазақтап жатыр-ау деп не қымсыңғанды, не шамданғанды білмейді. Жүрген бір сабазың.) Өзен басына жеткенше талай әңгімені түгесіп тастады. Әуелі бастап имиген қарадан түсті.

— Сен оның айтқанына көне берме. Әрі-беріден соң төбеңе шығып алады да, ананы өйт, мынаны бүйт деп қу жаныңа қоныс таптырмайды. Біз оны бүкір деп атаймыз. Есімі Қыдырхан, бүкірі біздің қосқанымыз ғой, — деп бір қойды. —Оның үстіне тәрбиеші, мұғалім, аспаз дегендерге жағынып, бірді - бірге шатыстырып қойып, майға батырған ыстық қасықша жылпылдап сұмаң етіп әр жерден сүңгіп шығып жүргені.

— Жаңағы әйел кім?

— Ойбай, ол нағыз дөкейдің өзі. Егер ол брысь десе, бүкіл интернат жым болады. Тәрбиеші бір ме, оқытушы екі деші, директордың әйелі үш болды ма, тағы несі бар еді, иә, айтпақшы интернаттың, барлық азық-түлік, киім-кешегінің билігі соның қолында, көңіліне жақпаса саған дұрыс киім де бергізбей қояды. Общем бір сөзбен айтқанда поддиректор. Ал шындығына келсек бум-бум, баяғыда бір жетінші класс бітірген білімі бар көрінеді, ілініп - салынып осы күнге дейін сабақ беріп келеді. Маймұрын әрі мектеп, әрі интернат директоры болған соң қонышынан басып жүрген де.

— Ойбай, сен білмейсің ғой, — деп Жарықжұлдыз әлдебір байсалды адамдарша күрсініп қойды. — Бұл түкпірде әй дейтін әже, қой дейтін қожа болмаған соң Маймұрын өзін құдай емеспін, құдайдан былай да емеспін деп санайды.

— Маймұрының кім?

— Директор деп отырғаным жоқ па. Неғып көрмедің?

— Көрдім ғой.

— Ендеше сол. Аты Қалматай. Осы интернатта бар болғаны төрт ат, үш-төрт сиыр, бір ала тайынша бар. Өзгенің бәрі соныкі. Қойдың басы отыз - қырыққа жетеді, бір тайлы биесі, бір аты және тұр, сиыр малы бесеу - алтау шығар. Ала жаздай интернат болып шөп шабамыз — соның малы жейді, саржан кесеміз — сол қызығып көреді. Артығы болса колхозға, ауданға сатады. Қолы ұзын неме. Бар жұмысын біз істеп береміз. Қылаяғы міне, суына дейін біз тасып жатырмыз.

— Сендер оның қолбаласы емессіңдер, жұмсағанына бармай қойсаңдар қайтеді екен.

— Ой сен оны айтасың ғой, әуелі мына қызықты естісеңші. Түнеу күні ауданнан кісі келіп интернатты тексереді. Тегі біреу сыбыс берген болу керек. Түлен түртті ме, қайдам, сонда жатар орын жаман, тамақ нашар, дәмі жоқ, нан шикі пісіріледі деп өкілге шағынып едім. Тергеу бітіп, өкіл ауданға кеткен соң көкемді таппаса бар ма. "Сен немене, өкіметтің нанын жегің келмей ме, семіріп кеткен екенсің. Онда интернаттан шығарайық, кәне тағы кімнің нан жегісі келмейді", — деп екі аяғымды бір етікке тықты - ай дейсің. Осыдан кейін бір ауыз сөз айтып көр, не интернаттан шығасың, немесе тарих пәнінен екілік бағаны басып-басып шөміштен қысады, — деп Жарықжұлдыз иығын қопаң еткізді. — Солай, оқимын десең тыныш жүр...

Өзен ауылдан едәуір қашықта екен. Жарықжұлдыз екеуміз мықшыңдап жүріп бөшкені суға толтырып алдық та, енді жүрелік деп жатқанымызда көкшолақ тағы қырсықты шығарды. Айдасақ та баспайды, жетелесек те қозғалар түрі жоқ, міз бақпай тұрды да алды. Жарықжұлдыз бір-екі рет тартып - тартып жіберіп еді, бас - белең болып қалған шіркін шегіншектеп барып арбаны қарағайға бірақ соқты. Құрсауы қашқан ескі доңғалақтың шабақтары быт-шыт болып шоқалақ шоңқиып бір жағына ауып түсті де, бөшкедегі су лак етті.

— Ой, арам қат, ой, сеспей қат, ой, албыт тисін, — деп Жарықжұлдыз да қарғысын төкті кеп. Бірақ мұндай қарғыстың бұрын талайын естіген көкшолақ болу керек, оған іші кебетін емес, қайта айбат шегіп құлақты жымың-жымың еткізіп шұлғып қояды. Жарықжұлдыз ары тыпырлап, бері тыпырлап ақыры түк шығара алмайтын болған соң кепкесін жол жиегіне бір ұрды да отыра кетті.

— Қап! — деп қояды. — Қап, завхоз арба үшін сілейтіп бір боқтайтын болды бізді. Жарайды, отыр енді, соншама құмға жығылған жоқ едік қой...

* * *

Бейуақ. Қарағайлы шатқал арасындағы ауыл үстіне ымырт үйіріліп, ығы-жығы үйлері алакеуімденіп қана көрінеді. Аула тандырларынан от ұшқыны жылтылдайды. Анда-санда иттердің мыңқ-мыңқ етіп үргені, әлдеқайда аухаулап сиыр іздеген жалғыз-жарым дауыс болмаса ауыл жым-жырт. Әлден уақытта шеткерірек сызылта ән салған әйел дауысы естілді.

— Алтын ғой, — деді Жарықжұлдыз елеңдеп.

— Оның ісім еді?

— Осында, интернаттың қызы ғой.

— Кімнің қызы болса да әнші екен, — дедім мен.

Шынында кешкі тымық ауаны жара шыққан ән мені елітіп әкетті. Қоңыржай, баяу үн...Самарқау самал еседі. Желектің тарқатылған ұшындай жаңа түлеген селеу басы әлсіз лепке изең-изең етіп бас шұлғиды да, қалтырап барып тына қалады. Шатқал төрінде төңкерілген қазандай теңірейіп биік шоқы жатыр. Оның қар басқан құзар шыңы көлеңке қымтаған меңіреу қойнауларға биіктен көз тастап телміріп тұр. Кешкі шапақпен таласа туған толған ай да табиғаттың осы бір тыныштығын, ән сазын тамашалап тұрғандай қалт етпей биік шоқының иығына қонақтап алыпты.

Ән бірте-бірте жақындай түсті. Таянған сайын құйқылжып, бұрала түскен тәрізді. "Қос етек, бұраң бел, қуалай соғар қоңыр жел" деген қайырмасы да емес - еміс үзіліп жетеді құлаққа. Осы жұрттың күнде айтып жүретін "Бір баласы". Бірақ бұрын біздің ауылда орындаушысын таппаған ба, әлде маған осылай болып естілді ме, әйтеуір бұл жолы ерекше сезім әкелгендей болды. Қуалай соққан қоңыр самалдай бірде лақылдап төгіліп -төгіліп кетеді де, бірде қалықтап, шөп басының сыбдырыңдай дірілдеп барып үзіледі. Сол қоңыржай самалмен қоса бүкіл ауыл үстін, осы өңірді бір өзі ғана тербетіл тұрғандай болды.

Әрі-беріден соң ымырт арасынан ақ көйлегі көлбеңдеп әншінің өзі де көрінді. Алдына салып айдаған ала тайыншасы бар.

— Алтын ғой, — деді Жарықжұлдыз тағы да.

Ол орнынан атып тұрды. Ала тайынша үркіп құйрығын тігіп алды да, қотанға бір-ақ тартты. Қыз әні кілт үзілді. Қауым жерде состиып біраз тұрды, сосын:

— Жарықжұлдызбысың? — деп дауыстады.

Жарықжұлдыз әуелі мұрынды сырп еткізіп бір тартып қойды да:

— Мен ғой, — деді міңгірлеп.

— Неғып тұрсың?

— Суға келіп едік.

Алтын жанымызға келді. Жалбырап бетіне түскен бір уыс самай шашын кейін серпіп тастады. Ай нұрына жүзі шағылысып, сопақша келген аппақ беті жалт етті. Қаны сыртына тепкен екі бетінің ұшындағы шұңқырына дейін анық көрінеді. Қаймақтай жұқа ерні әнтек жыбырлайды. Жаңа туған жарты айдай қиықша келген жіңішке қастың астынан мөлдіреген қарақат көздер төгілейін деп тұрған таңғы шық сияқты.

Алтын қирап жатқан арбаны көрді де, бізді кекеткендей мырс етті.

— Су мұрын, сен жүрген жер тек болушы ма еді, - деп Жарықжұлдызды шаншып бір шағып алды да, жай бұрылып жүре берді.

Дәуде болсаң шолжаңдаған ауылдың тасыр қызының бірі боларсың-ау деп қалдым ішімнен. Бірақ әлгі бір салған әні құлағымнан кетер емес...Жалаң аяқ балтыры жалт - жұлт етіп, бұлаңдап билеп бара жатқан секілді. Бұла боп өскен ерке қызға тән кейде ұрыншақ, кейде назды қылығымен әлі де болса бізді табалап бара жатқан тәрізді. Жарықжұлдыздың не ойлап тұрғанын қайдан білейін, әйтеуір әлгі әндегі қос етек, бұраң бел осы Алтынның өзі болып елестеді менің көзіме...

* * *

Ақыры Маймұрынның қыр соңынан қалмай жүріп интернатқа түстім. Көп ұзамай сабақта басталды. Алғаш қара домалақтардың арасынан көзіме жылы ұшыраған Алтын болды. Ол жалғыз өзі ең артқы партада отырды. Далдың - дұлдыңы жоқ, көп сөйлемейді, жұрт құсап орынсыз ыржақтап күле де бермейді. Әлде кербез, әлде сібер, мүмкін тәкаппарлығы да бар шығар, әйтеуір басқалардан пысы биік. Класта бала көп екен, орын жетіспейді. Сеніп келген Жарықжұлдызымның қасында тағы бір өзіндей қара домалақ отырып алып маңайына жуытпай қойды. Алтынның қасына баруға батылым жетпеді. Осындағы менмін деген көкірек Бүкір ыржалаңдап, қасыңа отырғызшы деп иектеген болып еді:

— Орныңнан су шықты ма? Әрі жүр! — деп оның кеудесінен итеріп жіберді.

Әлден уақытта қоңырау соғылып, үстімізге Маймұрын кіріп келді. Есік сыртында тұрған мені көріп:

— Сен неғып тұрсың қақиып? — деп қыр ете қалды.

— Орын жоқ.

— Бар ана Қабдығалиеваның қасына! — деп Алтынды нұсқады. — Тістеп алар деймісің, қыршаңқысы жоқ ол қыздың, қорықпа!

Сол-ақ екен, балалар сықылықтап ала жөнелісті. Оның үстіне жарғақ шалбары құрғыр адымымды ашуым мұң екен, қаудыр-қаудыр етіп бүкіл класты басына көтергені. Жұрт қыран топан болып жатыр. Маймұрын да үйректің мекиеніндей "ық-ых, ық-ых" деп ықылық атып, күбі қарыны солқ-солқ етіп өліп қалыпты. Не күлерімді, не жыларымды білмедім. Алтын сыр білдірген жоқ, күлмеген сол ғана. Маған жаны ашыды ма, әлде "мына неме тағы қайдан сап ете қалды" деп қомсынып отыр ма, менің шалбарыма үрке қарайды. Мен жанына барып отыра бергенде:

— Иә, жаңа жарасты ғой өздері! — деп қағытты Бүкір алдыңғы жақтан.

Күлкі бұрыңғыдан да өрши түсті. Кірерге тесік таппадым. Менің шашбауымды көтергісі келді ме, әлде өзінің адуындығына бағып, басынан сөз асырғысы келмеді ме.

— Жарассақ несі бар екен!? Жетісе қалғанын шіркіннің! — деп Алтын Бүкірді ала көзімен атып, зекіп - зекіп тастады.

Күлкі саябырлаған кезде жұрттың алды-артын күтіп отырғандай - ақтамағын бір кенеп алып, Маймұрын сабағын бастады. Тарих оқулығының бетін ашып қойып, әр жерінен шалулап, зырылдатып оқып, шаршап-шалдығып, енді бір заматта келесі тараудан бір-ақ шықты. Оны тыңдап отырғандар да шамалы, тек қаһарынан ығысқан болу керек. Маймұрын кітапты жапты да:

— Ал мен тығыз - таяу жұмыспен кетіп барамын, шуламай кітап оқыңдар, — деді де қоңырау соғылмай-ақ шығып кетті. Кітап оқыған қайда, булығып отырған оқушылар жуан шүйде босағадан жоғала бере жарылған торсықтай күлкіні лақылдата жөнелісті.

* * *

Қаншама ұнжырғамды түсіріп, ұятқа батырғанымен, жарғақ шалбар бұл жолы үлкен жақсылық жасады. Тегі класта болған жайды Маймұрын әйеліне айтып барған болу керек, ертеңіне "завхоз киімін алсын деп шақырып жатыр" деп Жарықжұлдыз алақайлап жетті.

Интернаттың завхозы Зейнолла орта жастағы, сүзеген бұқа сияқты бұрылмайтын адам еді. Шілденің шіліңгір ыстығында мысық жағалы көнетоз қыстық пальтосын үстінен тастамайтын. Балалар көзінше "Ағай" десе де, сыртынан Беликов деп айдар тағып алған. Жақтырмаған кісіге бір көзін аса қарап, бір көзін баса қарайтын ежелден әдеті еді, үстіндегісін шешіп беріп отырғандай-ақ қиналып, қыржиып - быржиып әрең дегенде үлкен әбдіренің ішінен қырқыншы размерлі жұмыс бәтеңкесін алдыма тарс еткізіп тастай салды.

— Ағасы, мынауыңыз үлкендеу ме, қалай? — деп қипақтаған болып едім, шелденген қызыл ала көз шақырая қалды.

— Кішкенесі жоқ болса көктен сау деймісің! Сен сияқты көкбақайлар толып жатыр мұнда. Алмасаң бері таста! — деп гүж етті де, жауырынын күдірейтіп теріс бұрылып кетті.

Жарықжұлдыз дымыңды шығарма дегендей басты кегжең еткізіп бір жұлқып тастады. Завхоз бірінен соң бірін сапырып күрте - шалбарларды қолына алды да, маған қимағандай бетіме бір қарап, бүктеп - бүктеп әбдіренің түп жағына қайтадан сүңгітіп жатыр. Әрқайсысын тәптіштеп ақтарып, жазып - төңкеріп жүріп қолына іліккен соңғысын ұстата салды.

— Ей, сөз таластырып нең бар онымен. Маймұрынның қайнағасы емес пе ол. Бергенін ал да, жүре бер, — деді Жарықжұлдыз есіктен аттай бере. — "Байдың асын байғұс қызғанады" деген, әйтпесе, осы қоймада киім де, дүние де толып жатыр. Жоқ-жұқананы жинай береді, киіп жүргеніміз мынау.

Дөрбиген торсық танау қайыс бәтеңкенің басына табаным кере қарыс жетпей қалды. Дөрп-дөрп етіп қызыл асығымды соғады. Жарықжұлдыз мені ары жүргізіп, бері жүргізіп, алдымнан да, артымнан да байқап көріп тұрды да:

— Шеш! — деп әмір етті. Өзі жалма-жан матрацты аударып жіберіп тігісінен сөкті де, бір қадақтай мақтаны суырып шықты. Умаждап - умаждап бәтеңкенің танауын толтырып тағы киіп алдым. Бәтеңке дауасы тез шешілгенмен, күрте - шалбарға келгенде іс қиынға соқты. Қай размер екенін бір құдайдың өзі білсін, әйтеуір, шалбарына кеңірдегімен түсіп кеттім де, күртесі қап сияқты алпиып - салпиып тілерсегімді соқты.

— Дәнеме етпейді, — деп жұбатты Жарықжұлдыз. — Өзі иығыңа іліне ме, ілінсе болды. "Сұлуынан жылуы" деген.

Ілінбесе де шешкелі тұрған мен жоқ. Жарғақ шалбар мен көн етіктің қасында құр атқа мінгендей болып, бойым бір елі өсіп қалды.

* * *

Сөйтіп мен де ел санатына қосылып қалған сияқтымын. Өзімді-өзім емін-еркін ұстап, жаңа бір өмірге енгендей сезіндім. Осы бір кішкентай ауыл өмірі де, кем-кетігі бола тұрса да, әзірге менің қара шаңырағымның орнын жапқан интернат тіршілігі де кең жазира көлдей шалқыған үлкен дүниенің тынысындай болып көрінді. Көптің ортасы, мінгесіп -ұшқасын бір төсекте жатамыз, таласып - тармасып бір қазаннан ас ішеміз, кейде қағысып, кейде шекісіп қап жүрсек те, бір ошақтың басынан тарап, бірге өреміз. Осы көптің ортасында мен де өсе бастаған секілдімін. Осы көптің ортасынан мен де дос таңдап, өз үйірімді іздедім.

Дос-жаран дегенде мен ол кезде мынау жаман адам, мынау жақсы адам деп таразыға салып, салмақтап сортқа білгенім жоқ. Біреудің қылығы жақпай қалса, өзіңнен-өзің сол адамды ит етінен жек көресің. Ал екінші біреуді ұнатып қалсаң, соны шын пейіліңмен іш тартып, соған құлап түсетін әдет бар. Мейлі оның пиғылы дұрыс болсын, бұрыс болсын, әйтеуір сенің ыңғайыңды таба білгеннің, жаға білгеннің бәрі дос. Маған дос-жаран болғандардың бірі Жарықжұлдыз да, екіншісі Алтын болатын.

Жарықжұлдыз алғаш танысып, өзінше маған азды-көпті жақсылықты жасағанның бірі. Бір төсекте жатамыз, әмпей - жәмпейіміз де бірге. Ол әдебиетке өте мықты еді. Орыс тілін де, математиканы да жақсы білетін. Мен сияқты орыс арасында нан сұрап жей алмайтын, қыстақтан келген можантомпайға орыс тілін Жарықжұлдыздан артық жақсы білетін адам жоқ сияқты көрінетін. Талай уақыт өтіп кетті ғой, енді жасырып қайтейін, орыс тілі мен математикадан үйге берген тапсырманы көбіне содан көшіріп алушы ем.

Біз Алтын, Жарықжұлдыз үшеуміз сабаққа бірге әзірленетінбіз. Алтынның не нәрсеге бейімтал екендігін аңғарған жоқ. Енді байқап отырсам оның сезімтал, нәзік жаны тек әнге ғана жаралыпты, енерге жаралыпты.

Менің шат - пұттап өлең жаза беретінім бар-ды. Сондағы творчествомның өзімше тәуір деген бір туындысы мынау:

Интернатский форм,

Екі жүз грамм норм.

Аш та қылмайды, тоқ та қылмайды,

Қашып кетсең боқ та қылмайды.

Осы шатпақты бірде сабаққа әзірленіп отырған кезімде Алтын мен Жарықжұлдызға оқып бердім.

— Қой, мынауың сенің өлең емес, — деді Алтын тыңдап болған соң.

— Неге?

— Осындай өлең көрсемші! Сенен ақын шықпайды, бекер босқа арамтер болма, — деп Алтын меселімді қайтарып тастады.

Бұрын бірдеңелерімді оқығанымда "е...е", деп басын шұлғи беретін Жарықжұлдызым да бұл жолы сойып салғаны:

— Сен өлеңді не орысша, не қазақша жаз, — деді ол. — Тіпті орысшаңның өзі де жетісіп тұрған жоқ-ау. Именительный падежде "форм" деген сөз жоқ. Сондықтан ол "интернатская форма, екі жүз грамм норма" болуға тиіс. Ал мазмұнына келсек.. .общым шамалы.. .тіл тигізетін интернат саған мазақ емес. Мүмкін, саған солай көрінетін шығар. Өйткені дәм-тұзын әлі жөндеп тата қойған жоқсың. Ал менің әкем де, шешем де осы интернат.

— Ой, сен басқа жаққа сүйреп кеттің ғой. Айтшы, осында шындық жоқ па? Керек десең, сенің өзің емес пе едің, келмей жатып Маймұрынды жамандаған маған, — деп мен де бұра тартып, Жарықжұлдызды тобықтан қағып түсіргім келіп еді, бірақ менен көрі ол нығыздау болып шықты.

— Дұрыс айтасың, мен саған интернатты жамандағам жоқ, Маймұрынды жамандадым, рас па? Рас. Ендеше кемшілік болса, ол интернаттың жамандығынан емес. Маймұрынның кесірінен.

Шыныда ақындық киесі маған қонбаған екен. Менің "творчествомның" алды-арты осымен тынды да, өлең жазамын деп қайтып қолыма қалам ұстаған емеспін. Осы күнде есіме түссе, өзімнен өзім ұяламын. Менікі әншейін зорлық, "ит мініп, ирек қамшылағанның" кері екен ғой.

Дегенмен, осы төрт жол шатпақ кейіннен интернат балаларының арасына тез тарап кетті.

— "Өлейін деген бала молаға қашады" деп, сен бір оңбайын деп жүрген жүгірмек екенсің, — деген әуелі тәрбиеші, Маймұрынның әйелі Күлпәштің қаһарына іліктім. Сорымды қайнатып бір күн картоп тазалатты. Бұл маған онша жаман да болған жоқ, еңбегім сіңді деп кешінде бір-екі порция көжені жұрттан артық іштім. Оның үстіне Алтын бірер күн өткен соң күрте - шалбарымды кішірейтіп, кәдімгідей киім қылып жұтындырып берді.

Интернатта ұл-қызы бар елуден астам бала едік. Бәрі де мен сияқты. Тамақ та, киім-кешек те өкіметтің мойнында. Алтын да тұлдыр жетім. Артында сенері жоқ болғандықтан ба, ол өте пысық, өткір еді. Мұнтаздай боп жүреді, әрі кесте, ою, киім тіккенде жандырып жібереді. Ешкімге шағынбайды, жалынбайды. Менің жайым осылай еді деп мұңын да айтқан емес. Осы қыздың көкірегінде қайнап жатқан бір сыр бар-ау деп ойлайтынмын ішімнен.

Соғыс біткеніне бір-ақ жыл болған. Әмбе сол жылы құрғақшылық жайлады да, ел іші қораш, қара тамаққа қамалыңқырап отырған. Ауыл-ауылдан аттылы-жаяулы сан - сапалақ келіп жатады. Әйтеуір қоржын, дорба - сорба бөктерген біреу болса біздің босағаны бір сүзбей кетпейді. Онда да сәлем-сауқат көбіне құрт, ірімшік, құрғақ талқан, болса бірер бұзаушық майдан аспайтын. Аш емеспіз, интернат тамағы да жеткілікті. Тек ауыл дәмін таңсық көргендіктен, сағынғандықтан болу керек, мейлі қоржын, мейлі дорба болсын қол-аяғын жерге тигізбестен арадай талап, сол сәтте – ақ жылан жалағандай тықырлап шығамыз. Бірен - сараң "жеке шаруа" болмаса тығып қалу деген жоқ. Ондайы сезілсе Бүкір сияқты кейбір қулардың қасақана ыдыс түбін әдемілеп тазартып қоятын кездері де болады. Бір кезде, "қап көрсем жүрегім айниды" дейтін көзелім құрғақ талқанды арпадай асағанда жұртқа есе - теңдік бермейді.

Бір күні біздің ауылда да той болды. Жаман тымағын жалпайта киіп бүкір торысымен Шалым келе қалыпты. Төбем көкке тигендей болды.

— Өй, жүгірмек, амансың ба, ей жүгірмек, — деп сақалы шәушең - шәушең етіп, кішкентай сығырайған шегір көзі жасаурап келе жатыр. Менің бұл Шалым дегенің керемет қызық адам ғой.

Өзінің шын аты Ыбырай. Әкемнің бірге туған ағасы. Біздің тұқымда баяғыда Ыбырай деген біреу болған екен. Сол үйдегі шешеміз Қаншайым атамның аты кетеді деп күйеуін "шалым, шалым" деп жүріп Шалым атандырып жіберіпті. Енді айналдырған жиырма шақты үй "Шоңмұрынның" үлкен - кішісі бар үнемі Шалым деп сөйлейді. Жер ортасынан асып, жетпісті қусырып қалған кісі еді, бала сүймеген. Маған үйірсектей беретіні де содан. Оның үстіне қазақ туыс дегенге қандай, жетім қалған соң, Рақыштың артында қалған түтіні, соның көзі деп асты-үстіме түседі де отырады. Ғұмырынан сиыршы. Бұрында онша текті адам болмаса керек, байдың малын бағып несібін айырған дейді жұрт. Солай болса солай шығар мен қайдан білейін.

— Өзің білесің ғой, сен кеткен соң белімнен шойырылып сиырдан шықтым. Жеңіл жұмыс, ат үстінде жүресің, егін жайға ақыран бол деп біргәдір болмаған соң келісім бергем. Ақыраны бар болсын. Бір тынышсыз тірлік екен. Орақ кезі, жұмыс дегенің күйіп тұр...Қып етіп ешқайда шыға да алмайсың. Әлгі апаң байғұс бала жетімсіреп қалды ғой, барып ел деп жарғақ құлағымды жастыққа тигізбей қуалай берген соң, зорға сытылып шықтым. Қалай, қарның ашқан жоқ па? Біреу-міреу тиіскен жоқ па? — деп, келе қызу әңгімені бастап кетті. Ауыл адамының әдеті емес пе, мені бір кебенек кигізіп аттандырғандай - ақ, бас-аяғыма үңіліп, оны сұрап, мұны сұрап әлек-шәлегімді шығарды. Арасында ауыл-үйдің амандығын да қыстырып қояды.

— Апаңның дені сау, қажақ-құжақ қылсын деп мына бір талқанды түйіп беріп жіберді. Жылдағыдай емес, биыл құрт - майы аз апаңның. Әлгі арам қатқыр көк сиыр әлі тоқтаған жоқ, тіпті соңынан бұқа да ермейді. Жатырың кепкір, дүмдей болып тағы қысыр қалатын түрі бар. Күзде соғымға алып соям да, жаясын өзіңе берем, қашанғы артына үңіліп отырамыз. "Өлмегенге өлі балық" деген, жұрт тойынан келеді ғой, аманшылық болса тағы бір мүйіз табылар. Қара қазанның түбіне қарап қалған мен емес.

Ауылдағы әр үйдің басын қағып, сырғи - сырғи өзінің немере інісі Қабікенге келіп бір-ақ тоқтады.

— Сен білесің ғой, — деп қояды, — сен білесің ғой, әлгі Қабыкен оңбаған бұрын да ішімдікке құмар еді ғой. Сол шірік неме қазір әбден бұзылып алды. Ант атқырын қылғытып алады да, аузына ақ ит кіріп, көк ит шығып көшеде сандалып жүретінді шығарды. Сол бір сүйекке таңба болды. Тіпті ел - жұрттың бетіне қараудан ұялады екенсің. Кетерімде үйіне әдейі соғып едім, тегі діні қатты адам емес пе, жарымаған қайыс қара келін төрт сиыр сауып отырып, саған бір ілкім май бермеді. Япырмай, ниеті жаман -ау, жаман, жаман...Тек бала-шағадан аулақ, қара тасқа көрінсін. Бір бұрышта Қабыкен жатыр домалап. Бас терісін аузына қаптайын деп тұрдым да, жә, қойшы, жолға шығып бара жатып жоқтан өзгеге жаман ырым бастамайыншы дедім. Әйтпесе оны ма. Енеңді ұрайын!.. — деп бір сыбап алды. Манадан бері қыстап отырған іштегі демді ақтарып салғандай - ақ, аз-кем дем алып, тершіген мандайын сүртті. Тегінен қопандаған дегбірсіз адам еді. — Қой, балам, енді жетер, — деп орнынан тұрды. — Өзің білесің ғой, егінге мал түсіп кетсе әлгі біргәдір кейіп жүрер. Сақалды басыммен ұятқа қалармын, жүрейін енді. Ал қош-сау бол! — деді де аттанып кетті. Бірақ, ұзаққа бармады, бұрылып қайта келді.

— Өзің білесің ғой, біздікі әйтеуір сырттан мекіренген болмаса қолымыздан не келеді. Тентек болма, үлкеннің сөзін екі етпе, сабағыңды жақсы оқы. Міне, өзіңді шыттай киіндіріп қойыпты. Мұндай киімді мен де тауып бере алмаймын. Айналайын өкімет - ай десеңші, асырап жатыр ғой...Сөйт, құлыным, арқа тұтар әкең де, шешең де жоқ, интернаттан шығарып жіберсе оқи алмай әлдекімдер құсап далада қап қоясың. Сөйт, құлыным, ақылды бол...Ал...қош - caу бол! — деп жаман торысын борбайлап - борбайлап желіп кетіп еді, мен үйге кірер - кірместен таға келіп тұр.

— Өзің білесің ғой, — дейді таға да, "жаяудың шаңы шықпас, жалғыздың үні шықпас" дейді қазақ. Анау талқаныңнан жолдастарыңа да бер. Олар да өзің секілді балалар екен. Адам болсаң сол көппен бірге мұратыңа жетесің, онсыз қайда барасың. Сөйт, құлыным, сараң болма...Ал, қош - сау бол енді!

Былай шығап алды да:

— Ұйбай - ау, әй Қасым - әй, ту мен де бір әпеңде, қайта - қайта келіп жүріп ұмыта қалғанымды қарашы, — деп таға келеді, — өзің білесің ғой, әлгі апаңның тықпыштап жүрген бірдемесі бар еді...

Жалма-жан қамшысын ердің қасына қыстыра салып, күйбеңдеп қонышын ақтара бастады.

— Қап, мына мың болгар табаныма кетіп қалған ба? Күпәйкемнің ішінен бір қалта тігіп бере салшы деп шешеңе құдайдың зарын қылдым. Міне енді, міне өстеді бұл шіркін. Е, мұнда жүр екен ғой.

Қапалақтатып жүріп әлден уақытта саптамасының қонышынан қолақпандай елу сомды суырып алды да ұстата салды. Елу сом деген мен үшін дүниенің құны. Аяқ астынан байып қалғаным. Шалым енді жүрейін дегендей атының басын бұрып ыңғайланып бір тұрды да, қайтадан шақшасын алды. Бас бармағаның көбесіне дейін шоқайтып, насыбайды үйіп қойып екі танауын шуылдатып кезек-кезек тарта бастады.

— Сен білмейсің бе, бұл жерде темекі сататын ешкім жоқ па екен? — деп енді өз шаруасының жайына көшті. — Мінеу құрып қалғанды Матрей беріп еді, шаңыт па, көк пе немене, айызыңды қандырмайды...Жә, қойшы, мәрмәр емес, бұл немесі қайдан болса да табылады ғой. Ал, қош-сау бол, көп тұрып қалдым-ау, кетейін енді...Ө...ө...өзің ...білесің ғой.. .әп.. .чхи.. .и! Өзің білесің ғой, ақшаны күреп тауып жатқан іні емес. Жаңағы тиын-тебеніңе кітәп - театрәт ал. Сөйт, құлыным. Ал, қош-сау бол!..

Жүз көрісіп, жүз қоштасып жүріп Шалымды аттандырып салдым.

* * *

Сол жылдың күзі әрі ұзаққа созылып, әрі жауынды болып еді. "Боранды күнде ит пен бала есірік" демекші, жініккен сазды, сылбыраған жаңбырлы кездерде де біздің интернаттың " жетімектері" жатпайтын. Сенбі, жексенбі жетті дегесін - ақ жақын ауылдардағы туысқандарын аралап тоз-тоз болып кететін де, интернаттың даңғарадай жатағы бос қалатын. Жарықжұлдыз, Бүкір үшеумізден басқа тірі пенде болмайды.

Бұндай күндері Жарықжұлдыз төсектен түспейді. Үсік алып етіндей бөксені жалаң қабат бомази әдиалмен орап тастап, танауды қос - қостан тартып қойып, қайдағы бір қиын есептерді шығарып отырады. Бүкір асханадан ұзамайды. Аспазшы Кәмилә апайдың суын тасысып, отын жағысып, бір уаққа тамағын айырады. Кетіп қалған балалардың тиесілі нанын, қант - майын жинап әкеп қызыл қобдишасына тықпыштап жүргені. Сосын Жарықжұлдыз екеумізді бақырайтып қойып, көзі ұйқыға кеткенше сылпылдатып нанды күйсеп кеп жатқаны.

Ал мен үшін көрпені басқа бүркеп алып, танауды жастыққа тыға түсіп, әлдебір кереметтерді қиялдағаннан рахаты жоқ. Тыстағы терезені сабалаған жауынның сыртылын, лүпілдеген өз жүрегіңнің соғысын тыңдап қана жылы төсекте жатсаң - ау шіркін! Бұдан артық ләззат бар ма, бұған жететін ұжмақ қайда! Ойыңмен, қиялыңмен дүниенің жүзін, бүкіл әлемді шарлап жүріп әрі-беріден соң орта құрсақ боп жалаң қабат әдиалдың астында жатқаныңды да ұмытасың. Кейде тәтті қиялдың аяғына жете алмай ұйықтап кетесің де, керемет бір түс көресің. Пай-пай, ең қызығы осы ғой!..

Мен түсімде ылғи Алтынды көруші едім. Екеуміз қалықтап аспанда ұшып жүреміз. Жымыңдаған жұлдызды көреміз. Бұлт - бұлттың арасынан өтеміз қол ұстасып. Кейде қара бұлттан Маймұрын шыға келеді де, қолымнан Алтынды жұлып ап кетеді. Мен әлім құрып, қанатым талғандай жерге қарай зымырап құлап бара жатамын да шошып оянамын. Көзімді ашқанда төсектен ұшып түсіп, еденде жатқанымды көремін, жүрегім орнығып, қуанып қаламын. Сонда да жаңағы бір әсем дүниені қиғым келмейді, төсекке қайта қисаямын. Бірақ көзді тарс жұмып қанша зорлағанмен үзілген түстің жалғасы қайтып елес бермейді. Оның есесіне өзімді аждаһа ма абжылан ба, Маймұрын ба, әйтеуір сұрқия пәлекеттер қуалап, оянғанда басым мең-зең болып орнымнан езіліп тұрушы едім.

Кейбір адамдар күннің бұлыңғырын жақтырмайды. Ал мен үшін ол қиял дүниесі. Мүмкін әркімге әрқилы шығар, өз басым бұлыңғыр, жауынды күңдері терезенің алдына отырып алып, армандауды қатты ұнатамын...

...Жарықжұлдыз есеп шығарып отыр. Бүкір нан жеп отыр. Мен терезенің алдында отырмын. Бұлттар жөңкіп барады. Көз алдымда қарашаның ақырғы күні өтіп барады. Лекіте соққан суық жел көшеде жатқан көң-қоқырды, қағаз қиқымдарын, сарғайған ағаш жапырақтарын үркіте қуып барады. Кәрі қайың тұр терезе алдында теңселіп, құйылып кеп қона алмай, құйылып кеп қона алмай бір топ ұзақ пен қарға жүр шуылдап басында. Түбінде бір парақ қағаз жатыр қалтырап. Теңбіл-теңбіл көк сияның жолағы көрінеді. Мүмкін, менің жазған көп шатпағымның бірі болар?..

Иә, менің шатпағым көп еді. Соның бәрі Алтынға арналатын. Біз, Жарықжұлдыз, Алтын үшеуміз осы кәрі қайыңның түбінде түйісетін едік. Осы кәрі қайыңның түбінде сабаққа әзірленетінбіз. Осы кәрі қайыңның түбінде мен Алтынға арнап тұңғыш рет әңгіме жазғам. Бірақ оны өзімнен басқа ешкім оқыған жоқ. Алтынға да көрсете алмадым.

Сол жылдың күзі еді. Маймұрын Қаламтайдың інісі Алматай Алматыдан институт бітіріп келді. Біздің мектепте жоғары кластарға әдебиет пәнінен сабақ берді. Отыздар шамасындағы орта бойлы, арық қара жігіт болатын. Оның мөлдіреген тұнық көзінің тереңінде әлдебір мұң иіріліп жатқандай, биік қабақтың астында мөлиетін де тұратын. Алқымында балық желбезегіндей қатпар-қатпар боп сыңсып жататын ескі жарадан қалған қызылшақа тыртығы бар еді. Ауыл ішінде жұрт (әсіресе балалар) ат тағуға шебер ғой. Осыдан келе – сала - ақ үлкен-кішіге бірдей Тыртық атанып кетті. Сабырлылығы ма, әлде тұйықтығы болар, көп сөйлемейтін. Оқушыларға айғай-ұйғай қаталдығы да жоқ. Сабақты да мейлінше жақсы түсіндіретін. Жалпы оның қолынан класс журналынан басқа не дәптер, не кітап көрген емеспіз. Күллі әдебиетті жаттап алғандай мүдірмей соғып отыратын.

Неге екенін өзім де білмеймін, алғашқы күннен-ақ Алматай маған қатты ұнап қалды. Оның әрбір сабағын асыға күтіп, әрбір әңгімесін аса бір ләззатпен ұйып тыңдаушы едім. Реті келгенде өзімді көрсеткім кеп, орынды-орынсыз киіп кетіп, сұрақ қойып, сабақ сұрай қалса "ағай, мен айтайыншы" деп өндіршектей беретінмін. Бірақ, ол маған төрттен асырып баға қойған емес. Қайсыбір қулар бір күнгі тапсырманы зырылдатып жаттап бес алып жатады. Оларға қарағанда әдебиет жөнінен сауатым көш ілгері сияқты. "Кімнің ішінде алтын жатқанын сезбейсің - ау" деп өзімше Алматайды сөгіп қоямын.

Бірде Алматай мені сабақ артынан алып қалды. Екінші сменада оқушы едік. Қас қарайып, сағым бұлдырлап кеткен. Есікті қымтап жауып, қасыма келіп отырды. Үн қатпастан иығыма қолын артып қойып, бетіме тесіле, ұзақ қарады. Отырып - отырып әлден уақытта:

— Бала, сен мезгіліңнен бұрып есейіп барасың - ау осы ә? деп бірдеңені дүңк еткізді. Түсінбей қалдым оның не айтқысы келіп отырғанын. Мен де оның бетіне қадала қарадым. Қан-сөлсіз ажарында тығылған ашудың да, күлкінің де ізі жоқ еді бұл шақта. Мұңды көздері тақаса алмай тайып кетті. Тайып кетті де аяғының басына барып бір-ақ тоқтады. Ине жоғалғандай үңіліп кеп отырды тағы да. Салалы саусақтары жыланша сумаңдап басыма өрлеп барды. Құйпалақтатып шашымды сипай бастады. Төбе құйқамда суық сынап тамшылары жүгіріп жүргендей болды. Жақтырмай қалдым бұл қылығын. Қолын қағып жіберіппін. Алматай да өзінің не істеп отырғанына есеп бермеген болуы керек, ыңғайсызданып ығыса түсті.

— Алтын сенің туысың ба? — деді.

— Жоқ.

— Былай, әншейін бір ауылдансыңдар ма дегенім ғой?..

— Жоқ.

Алматай орнынан тұрып кетті. Стол қасына барып, класс журналын аударып-төңкеріп, сапырыстыра бастады. Қайтадан маған бұрылды.

— Сен маған өкпелеп жүрген жоқпысың осы?

— Неге?

—Баға үшін.

- Жоқ.

— Дегенмен...

— Жоқ.

— Онда жөн екен. Сен өзіңді басқамен салыстырма. Кімнің қандай білігі бар, ол маған бес саусақтай белгілі. Біреу мектеп бітіру үшін оқып жүр. Оған баға керек. Енді біреулер...Мәселен, сен өзің әдебиетші болсам деп армандаймысың? Армандасаң болды. Маған керегі де осы. Осыдан артық баға да жоқ оқушыға берер. "Үш", "төрт" деген сенің әдебиет туралы қазіргі өреңе өлшем бола алмайды. Асылы сүйген жақсы әдебиетті, құмартқан жақсы. Осыны ойладың ба?

— Ол жағын білмеймін.

— Әңгіме жазады дейді ғой сені?

— Оны кім айтты сізге?

— Қомшабай.

— Жазған емеспін.

— Сөйтсе де...

— Жазып көргем жоқ.

— Қай жазушыны жақсы көресің? Кімді көп оқыдың?

— Қолыма түскеннің бәрін оқыдым.

— Мен саған бір қызық кітап берейін, оқып шығамысың?

— Оқып шығайын.

— Ендеше жүр үйге...

* * *

Маймұрынның үйіне бас сұққаным осы еді. Есіктен төріне дейін тіреліп тұр екен жасауға. Еденде, қабырғада құрып тастаған кілем. Ине шаншар жер жоқ, аяғымдағы дорбиған қайыс бәтеңкеме көзім түскенде іркіліп босағаға шегіндім.

Кешкі шайдың дастарханы жаңа жиылыпты. Маймұрын кескен дөңбектей, екі-үш жастықты шынтағына қойып төр алдында ұзыннан сұлап жатты. Омырауы ашық жұқа майканың өңірі құрт сүзген майлы қаптың түбіндей қарайып, сыртына тепкен қара терден сығып алатындай болыпты. Қос емшектің тұсынан кіндікке дейін бусанған аттың сауырындай жылтырап қаражолақтанып тұр. Маймұрын осы жатқан бойында төңкеріліп барып, бас жағындағы түкті орамалды қолына алды. Пыршыған қолтығыңның астына умаждап тығын жіберіп әрлі - қырлы андыздатып терін сүрте бастады. Әйелі үйме табақ бауырсақты ас үйге әкетіп бара жатып, мені көріп жол ортадан тоқтады.

— Неге келдің? — деп бір қадалды да, жауап күтпестен "тілегенің осы шығар" дегендей табаққа қолды көсіп жіберіп, бір уыс бауырсақ ұсынды. Әттең табағымен қоса теуіп жіберер едім, өрі шама жоқ, әрі ұят, қатты қорланып қалдым. Есікке қарай бұрыла бергенімде бүйірдегі бөлмеге кіріп кеткен Алматай қайта оралды. Жеңгесіне одырая, зәрлі кескінмен,тіксіне бір көз тастады да:

— Қайда барасың, жоғары шық, — деп жеңіме жармасты. Өз бөлмесіне сүйрегендей қып, зорлап кіргізіп, орындық ұсынды. Жайғасып отырған соң:

— Бізге ас-су әкеліңдер! — деп айғай салды.

Кешікпей жаңағы лықыған қара табақ келді. Ішінде тоңазыған қой еті де бар екен. Қабағы қарс жабылған күйі жеңгесін ада көзімен шығарып салған Алматай маған бұрылды.

— Ал, бала, ас жей отыралық, — деді.

Бірақ мен табаққа қол созғаным жоқ. Әлгінде ғана қорлап кеткен дәмге қайтып тәбетім бармады. Алдымдағы қара табақта қазандай қара қан ұйып жатқандай денем мұздап, түршікті де тұрды. Алматай матқапыда сыры ашылып қалған кінәлі адамдай ыңғайсызданып, бауырсақтың шетінен бір тістеді де, табақты әрменірек итеріп жіберді. Орнынан көтерілді, дір еткізіп орындықты серпіп тастап, еңкейіп төсек астынан шегірген былғарыдан жасалған үлкен чемоданды суырып алды. Қақпағын ашып, қопарыстырып жүріп мұқабасы сөгілген ескі кітапты столдың үстіне қойды. Латынша "Қазақ тілі" деген жазуы бар екен сыртында. Бұл кітап онша таңсық еместін маған. Ескісі түгіл жаңасын да көргем. Қалайша ұсынды мұны деп ойладым ішімнен. Алматай менің күдігімді бет – жүзімнен – ақ оқи қойған секілді.

— Саған бермек қызық кітабым осы, — деді. — Жоғалтып тастап жүрме. Бір жолдастың тартқан сыйлығы еді. Екінші өтінішім, әкең сұраса да берме, ешбір жанға көрсетпей оқып, иілдірмей ғана өзіме қайтар. Ұқтың ба?!.

— Ұқтым.

— Ұқсаң сол.

Мен кітапты қойныма тықтым да, тұра мектепке тарттым...

Кітапты олай төңкеріп, былай төңкеріп қызықты еш нәрсе таба алмадым. Оншақты бетін ақтарып отырып, жай сөйлемнің құрылысынан бастап, құрмалас сөйлемнің түрлеріне дейін біраз мағлұмат алдым. Әрі жалықтырды, әрі таныс - дүние, мұны несіне берді деп таңдандым. Оныншы беттің аяғындағы сөйлем ортасынан шорт үзіліп, келесі он екінші бет: "Біз елден шыққанда күн де сәскелікке жақындап еді", деп басталып кетті. Бұл бет басқа парақтарға қарағанда көп жұлымданыпты, сарғайып, желіммен баттасып та қалған. Оқи бастадым. "Ұшқыр сұр бұлттар көшкен керуен сықылды тіркесіп оңтүстікке қарай жылжып ұшып, күннің көзі біртіндеп ашыққа шығып жылы шырайлы нұрын шаша бастады. Әйткенмен солдан соққан салқын жел өзінің өткірлігімен жұқа киімнен ызғарын өткізіп, тоңдырып, сентябрь айының жеткендігін жолаушыға еріксіз ойлатарлық еді. Біз екеу едік". Тұра осылай басталатын. Мен осы күнге дейін жатқа білем мұны. Тіпті жалғыз бұл жер емес, бүкіл әңгімені жатқа білетіндеймін.

Түннің қай уағына дейін отырғаным есімде жоқ. "Өй өзі де Шұға десе Шұға еді-ау", — деп әңгімешіге қосыла өкініп қала бергенімді білемін. Мектеп күзетшісі қуып шықпағанда танды бір-ақ атыратын едім. Амал не, кітапты қойныма тықтым да, жатаққа келдім. Сол кітаппен бірге түнеп, қылаяғы Жарықжұлдызға да білдірмей, көйлегімнің ішіне тығып, бауырыма басып жүріп көрпе астында жасырып оқып, бірер тәулікте бітіріп – ақ тастадым.

Әңгімелердің аты да жоқ, авторы да белгісіз. Қайсысының қай жерден басталып, қай тұстан аяқталатынын аңғару да киын. Кейде қызықты бір оқиғаның ортасынан тағы да құрып қалғыр құрмаластар киіп кетеді де, адастырып, жалғасы он шақты беттен кейін барып бір-ақ шығады. Жазға салымғы қылтиып келе жатқан көкке қадалған көтерем тоқтыдай, кітаптан бас алмай сүзіліп отырып, теріп отырып, өліп-өшіп отырып оқып шыққаным әлі есімде.

Менің көз алдымда өз ауылымның тіршілігі өтіп жатты тізбектеліп. Жақсы - жаманы бар, жасы - кәрісі бар қарекетімен, өз табиғатымен, бейпіл де нәзік, тентекте момын, жастықта адуын адамдар, ұлы - кішісі бар мол тіршіліктің ортасына түсіп кеттім. Құсамен шейт болған Шұғаның ақтық демін естіп, Әбдрахманның ауыр қайғысына мұңдасқаным, өзімнің Шалым сияқты Айранбай мен әжем секілді Раушанның қазан - ошағына араласқаным, Айдарбек пен Зейнептің от басындағы әңгімесін тыңдағаным, ағамыз Әміржанның әңгімесіне разы боп, Құрымбайдың жігітшілігіне жыртыңдап күлгенім әлі есімде.

Мен өзімді-өзім ұмыттым. Көңілім шарықтап әлдеқайда алып-ұшып кеткен тәрізді. Басқа бір, әлде елес, әлде қиял, ғажап бір дүниеге сүңгіп шыққандай болғанмын, тамсанғанмын. Сол бір өмірді көз алдымда елестетіп отырып, тым болмаса он бес-жиырма жыл бұрынырақ тумағаныма өкінгенім әлі есімде.

Бүкіл ширек ғасырдың көрінісін, бүкіл ширек ғасырдың тарихын тегенеге құйған сары қымыздай мөлтілдетіп, төкпей - шашпай, шайқалтпай, өз суретімен, өз бояуымен менің алдыма тарта қойған қандай адам болды екен? Әр әңгімені қайта – қайта сан рет оқып шығып, көз майымды тауысып отырып, таң асырап жүріп "Шұғаның белгісін" көшіріп алғаным әлі есімде.

Осы сөз, сурет өнерінің асыл қазынасын маған жеткізген, сарғайып тозған "Қазақ тілін" бауырыма қысып, көне кітапқа қатты разы болғаным әлі есімде.

Алматай неге жасырады бұл кітапты? Сыртқы мұқабаның сыры неде? Жатсам-тұрсам осыны ойладым. Кітабын Алматайға табыс еттім. Табыс еттім де, көкейімдегі сұрақты қойып қалғаным әлі есімде.

Алматай бұған таңданған жоқ, кітапты қолына алып тұрып:

— Сен Чеховты көп оқыдың ба? - деп сұрады.

- Оқығаным бар.

- Ендеше бұл әңгімелерді қазақтың Чеховы жазған, —деді.

— Бар ма ол қазір де?

- Ол жағына көзім жетпейді. Кезінде көре жатарсың.

Алматайдың маған бар айтқаны осы.

Жатаққа қайтып келдім. Қолжазбаны қоярға жер таппадым. Жолдастарыма да, өзіме де сенбедім. Мақтамен сырған интернат күпәйкесінің өңірін сөктім де, қағазды мақтаның ортасына салып, шуда жіппен көктеп тастадым. Бұл күпәйкем ұйықтасам да басымда жататын. Кейде ұйықтап жатып жастығым тықыр етсе, біреу күпәйкемнің парша -паршасын шығарып сөгіп "Шұғаның белгісін" іздеп жатқандай шошып оянатынмын. Анда-санда жұрттың көзінен аулаққа, құла түзге шығып кетер едім. Күпәйкені сөгіп, қолжазбаны құмарлана оқып, "әттең шіркін, әңгіме иесін бір көрсем-ау, осы көшірмені өзіне көрсетсем" деп армандаушы едім. "Әй, Алматыға бара қалсам көретін шығармын -ау" деп інімді өзім жұбатып та жүрдім. Бірақ менің бұл үмітім он жылдан соң шорт үзілді...

* * *

Кейде адам көңілі алабұртып, елегізіп, бір нәрсені көксегендей болады, аңсайды, армандайды. Әлде не ғажайыптар сезім тоятын, көңіл тоятын күткендей болады, көңіл медетін тілейді. Соның бәріне ләззат берер, тиянақ болар құдіретті күш бар ма? Бар болса ол қандай құдірет өзі? Махаббат емес пе? Меніңше бұл сұраққа сөз тауысқан шешен де, ақын да жауап таба алған жоқ. Ол тек адам сезімінің сыртқа шықпас нәзік қылында жатқан, сол ғана түсінетін, сол ғана сезінетін ғажайып, сезім қасиетіне, адам табиғатына ғана тән ғажайып.

Осы ғажайыпты менің де сезінгенім бар. Бірақ оны қағазға түсіру қиын. Адамның бір әлсіздігі сол, кейде өз сырыңды басқа түгіл өзіңе ақтара алмайтын кез болады. Сондықтан бірдің көңіліндегі асыл арман жүздің көкейіне дық салмай елеусіз қала береді. Ол үшін "мені түсінбедің" деп жұртты кінәлауға бола ма? Сол бір өткен балалық шақта: "Әй, осыдан түбінде бірдеме шығар ма екен? Осы да адам болады - ау" деп менің көзіме де, былайғы көпке де ешкім айтпаған. Бала да бала.. .Өлмейін деген жетім бала.. .Тіршілік үшін қыбыр - қыбыр еткен тірі пенде ғой, онда тұрған не бар? Кім тіршілік етпейді, кімнің өлгісі келеді. Өз тіршілігімді өзіме тыюсыз, жиюсыз берді, "алдыма ас қойды, екі қолымды бос қойды". Құртақандай адамға осы да жетіп жатыр, осыдан артық не керек оған...Мүмкін Алтын да мен туралы осылай ойлаған шығар, осылай түсінген болар. Шынында ол мені баласынатын да, бауырындай жақсы көретін сияқты еді. Жанашуы бар да, жантартуы, емеуірі жоқ, мүсіркеуі бар да, тең тұстасындай бар көңілін жайып салып, шын сырын ашқан емес-ті. Менің сол деп соққан жүрегімнің әлсіз лүпілін сезді ме, сезбеді ме, кім білсін? Әлде бәрін де баланың таза көңілі, баланың балалығы, ақбейілі деп қана қабылдаған шығар...

Бар сырымды жатқа біледі дейтін ересек, ақылшыдан жалғыз Алматай. Оның да "сен сондайсың" дейтін тік сөзі жоқ, көңіліндегіні көзімен оқитын да кете беретін. Сонадағы бір кітап уақиғасынан кейін Алматай сыр ашып, әңгімелескен емес. Сонда да ол маған әрі қимас жақын, әрі тұп - тұйық, тұнып жатқан жұмбақ адам болып көрінді.

Шынында ол жұмбақ адам еді. Сол көп жұмбақтың, тұңғиық терең ойдың бар сыры оның көзінде секілді. Тумысынан енжар, олпы-солпы сылбыр денеде жылтыраған жалғыз от, жалғыз ғана жанды нәрсе бар. Ол — көзі. Шүңірекей, мөлтеңдеген қос жанар әркімнің ішінен күдік іздегендей жаутаңдап, ішіп-жеп, бір қадалса тас төбеңнен бір-ақ шығады. Бұл көз сабақ үстінде де тырп еткізбей Алтын екеумізді аңдитын; Алматай оқушылардан үйге берген тапсырманы пысықтап жатса, сұғанақ көз бізді бағып отырғаны; Алматай оқушыларға сабақ түсіндіріп тұрса, сұғанақ көз бізде, қушық беттегі қызыл еті қайырылған түрік ерін албаты салпылдап, жиырылып - созылып жатады да, көз қиығы біз жаққа бұра тартып, биік қабақтың астына тығылып ап қалт етпестен, кірпік қақпастан телміріп көп отырғаны, сүзіліп кеп отырғаны. Шек - қарныңнан қалтарысына дейін ақтарып, ішіндегі бар ойыңды, көңіліндегі бар сырыңды дық қалдырмай жаттап жатқан тәрізді. Адамды еріксіз бұйықтырып, буып тастайтын. Алтын да осы көзден қорғаншақтап мен артық сөйлеп қойсам да, оғаш мінез көрсетсем де, "анау қарап отыр" дегендей парта астынан қайта-қайта аяғымды баса беретін.

Алматай көп ішінде де сирек болады. Мектепке келеді, тиісті сабағын береді, одан шығады да ешкімге, еш жерге бұрылмастан, күржиген жауырыны аспанға шығып, мойынын ішіне тығып алып сүпелеңдеп үйіне тартып бара жатады. Жерден бас алмай қадалып бара жатқанын көретін едім. Кейде ымырт үйірілген шақтарда, ел аяғы басылған шақтарда жалғыз өзі мектепке қайтып келіп иен жатқан бос кластардың есігін ашып, аралап көріп жүреді. Мұндайда ол әмәнда Алтын, Жарықжұлдыз үшеумізге тап болатын. Үн жоқ, түн жоқ, қасымызда тұрып-тұрып, сол тіл қатпаған күйі шығып кете барады.

Дәуде болса, осы бізді аңдитын шығар - ау деп ойлайтынбыз. Өйткені, оқытушы, тәрбиеші атаулының бәрі де қыз бен ұлдың қатар жүргенін көзі шалса, қасқыр мен қойдың қатар өргенін көргендей, аза бойы тік шапшитын. Қыздармен сабақ үстінде жүздескеніміз болмаса көп жұғыса қоймайтынбыз. Тәрбиешілер қызғыштай қорып, қылп еткенін аңдып отырады іл, "ойбай, пәлен қыз түген ұлмен әңгімелесіпті оңашада, түген қыз пәлен ұлдың бетіне қарап ыржалаңдап күліп қойыпты" десе болды, дереу интернат жиналысын ашып, немесе педсоветке салып, іреп - сойып, бүйі тигендей қырып жібере жаздайтын.

Достық, адамгершілік жайында өсиет оқыған көптеген қадірлі ұстаздарымыз қыздар мен ұлдарды екі ұдай етіп, күнәдән пәк балғын жүректерге сезік пен жек көрушіліктің,эгоизмнің қоламтасын сепкен екен де. Сол бір өткен балалық шақты еске түсіріп отырсам кеудемді кейде өкініштің запыраны қысқандай болады.

Іштей қаншама жақсы көргенмен, іштей елжірегенмен біз қыздарды кекетіп - мұқатып, дөкір мінез көрсетіп. қағып өтіп, соғып кетуге даяр тұратынбыз, әдейі кемсітіп, түртпектей беретінбіз. Қыздар да ұлдардың алдында именіп, өтірік те болса ұялған болып, беттерін басып, кісі киікше үрке қарайтын еді. Осының бәрін қадірлі оқытушыларымыз бен тәрбиешілерімізге жағыну үшін, солардың көңілін табу үшін, немесе күдік тудырмас үшін қасақана істейтінімізді ішіміз сезетін де. Осы бір жасандылықтың, осы бір қылымсушылықтың ар жағында көміліп, қаншама тұтанбаған от кетті? Сол бір жаутаң көздердің ішінде қаншама ақтарылмаған сыр қалды екен?! Тәтті сезімнің, ұшқыр қиялдың арқауы кесілмеді ме?! Мүмкін кейбіреулер өзінің махаббатты тепкен шығар, болашақ жар болар жақсы адамынан айырылмағанына кім кепіл болар екен?!

Көңілдің де қысы, жазы, көңілдің де көктемі мен шуағы бар. Тіршілікте тар кеудеге өмірдің қай қиясы өшпестей із қалдырса, сол бір сәтте ғұмыр бойы адам сарайында, тоқпақтай жұмыр басында жатталып қала беретін сияқты. Жыл өткенде еске түсіріп отырсақ соның ішінде не там көңіл шақ, немесе тәтті бір ләззат айлары ойға алдымен сап ете қалады. Бұдырсыз - бұлдыр кезеңі жан жаратылысының аласапыран мезгіліндей сан қиналып - толғансаң да екінші қайтып елес тастамай-ақ жым-жылас күйінде өте шығады. Бұл бір көңілдегі де, көкіректегі де, тіршіліктегі де бос орын, кешіл өткізген бейжай уақыты тәрізді пенденің, зерденің тоқыған ұзын арқауының өн бойыңдағы бір үзік іспетті.

Алаңсыз балалық па, жоқ әлде шалалық па, әйтеуір сол бір жылдың сарсытқан ұзақ қысы менің есімде қалмапты. Енді бүгін үзілген арқаудың ұшығын жалғастыра алмай отырған жайым бар. Бұл тұсты кейінгі бір сәтке қалдыра тұрып, әңгімемді жалғастыра бермекпін. Ала-құла боп кетсе оқушымнан кешірім сұраймын. Әрине, сөз тағы да сол Алтыннан. Алматай мен Қалматайдан, Жарықжұлдыз бен Бүкірден басталмақ.

Біздің Алтай баурайына көктем кешігіп келеді. Сарғайтып барып, сағынтып барып бір-ақ келеді. Ызғар табын күрт сындырып, тіршіліктің буын - буынын босатып, балқытып әкетер шуағы бар. Ит тұмсығы өтпейтін бытқыл орманы көп қарт Алтайдың аламыш -аламыш басы әлемнің көгілдір жалпақ жаһанына үрке қарап, паңдана қалатын шағы болады. Бұл осы көктем әлеті. Алтайдың қызығар шағы да, қызықтар шағы да осы кез. Туған жер топырағының ыстықтығын осы кезде сезінесің, құдіретін, қасиетін танисың. Сезінесің де мақтанасың. Танисың да табынасың.

Менің ауылым осы Алтайда. Қыс бойы жым - жұрт ұйықтап қалады да, көктем жете ол да жылмен таласа оянатын еді. Біз де тон - пұшпағымызды тастап, от басынан өре бастайтынбыз. Көктем — мектептегі төрт тоқсанның түтитін мезгілі. Қашан емтихан біткенше екі көзіміз далада, ығыр қылған сабақтан, төрт қабырғадан қашқымыз келеді де тұрады. Бір күн — бір апта, бір апта — бір айдай, — адамның ішін езіп жібереді - ау...

Сонар күндер таусылды, зеріктірген сабақта, емтихан да бітеді. Оқушылар ауыл-ауылына тарайды. Мектеп ауласы ызың-шудан босайды. Тек қойдан бөлінген қотандағы ақсақ -тоқсақтай интернат жатағының маңында кіл "жетімектер" , үркердей боп қала береміз. Жұрт ұлар - шу боп аттанады, сен жұртта жалғызсырап қаласың. Қаншама жетімдік көрмедім дегенмен, арсалаңдап бара қоятын ата-анаң, мекірене құшатын, маңдайыңнан иіскейтін жанашырдың жоқтығы көңіліңді жығып кетеді. Көкіректен ел көшкендей құлазып қаласың. Кеудең қыж - қыж қайнап, өзегіңе өрт түсіп кеткендей болады. Әлдекім өкпелеткендей, әлденеден сағың сынғандай еңсең » жаншылып, мұң басады, өрекпиді көңіл шіркін. Біреу мені мүсіркесе де, шекеңнен шертсе де жәбірленіп, жетімдігің еріксіз есіңе түседі. Жалқының тұйық, кекшіл келетіні, сірә, осыдан шығар...

Әлі есімде, шілденің шағы еді. Қара қоста шөп шауып жатырмыз. Жарықжұлдыз екеуміз күндіз елбесіп-селбесіп көк шолақпен шөмеле тартамыз. Ертеңді - кешкілік колхоздың сиыр фермасынан көже - қатыққа айран-шалап әкелеміз. Менің әр күнгі сәскеге дейінгі тіршілігім көк шолақтың соңында өтеді. "Көгерімді отқа айдасаң, жоққа қашады" деген тегі рас, қаншама байлап-матап тастасаң да, іргедегі шалғынға тоқтамастан не интернаттың бақшасына түседі, не ауыл ортасындағы жапырайған колхоздың жаман қорасына қашып кем, батпаққа белшесінен кіріп жатып алады. Төрт аяқтының қырсығы. Қашса қарасын көрсетпейді, қусаң жеткізбейді. Жайдақ міне арқасы да қызылшақа жауыр боп бітті.

Шырт ұйқыда жатыр едім, елең-алаңда біреу сирағымнан суырып алды. Өзіміздің завхоз. Тепсініп тұр. Атамзаманда сүйегіне қына шыққан әкемді он аударып, он төңкеріп балағаттады. Тағы да көк шолақтың кесірі. Бақшаға түсіпті. Сөз таластырып ем, әкеңдей адаммен қарсыласасың деп қамшы көтерді. Шырық бұзылды, балалардың бәрі оянды. Көрші итарқада жатқан қыздар да ұйқылы көзімен тысқа шығып қарап жатыр. Кәмилә апай орнынан тұрып кетті.

— Өзің не сөйлеп тұрсың? Аяқты малға дауа бар ма? Күндіз - түні кірпік қақпай аңдып отыр демекпісің? О несі екен - ай, сәуіріктеніп...Жұдырықтай жетім балаға қол көтеріп! — деп ол да килігіп, араша түскен болды.

— Жұрттың жетім-жесірін, ақсақ-тоқсағын санап жүргенім жоқ!

Завхоз Кәмилә апайдың ақсақтығын, жесірлігін қоса сыпыртып, кемсіткендей, жайыңа отыр ары дегендей қылды.

Долданғандықтан ба, қорланғандықтан ба, апай көзі жасаурап, тіл қата алмай отырып қалды. Сәлден кейін ғана:

— Зауалыңды құдайдан тарт! Одан басқа не айтайын! - деп демін сыртқа күрсіне, зорға шығарды да, теріс бұрылып жер ошақтағы қоламтаны көсеумен түрткілей берді.

—Екіншілей бақша ішінен мал көрсем қылтанды қиямын, ұқтың ба! — Зейнолланың сордан жиегі ақтаңданып тұратын сулы көзі кірпік көмкерген қызыл шелден атып кетердей кәрленіп алыпты. Таңғы шыққа шикі қарындай баздана созылып, ұрты жайылған керзі етігінің тұмсығымен тімтіне келген Кәмилә апайдың сары күшігін қаңқ еткізіп теуіп жіберді. Байғұс күшік жер ошақ басындағы сүйек-саяққа жаңа ғана ауыз сала берген еді, қабырғасы қақырап қалғандай-ақ бажылдап барып қыздардың итарқасына қойып кетті.

Іле-шала біздің қосқа Алтын жетті. Төсектен жаңа тұрғанға ұқсайды, өңірі шала түймеленген, қатты тартылған ливчиктен жоғары төс қасқасы шұңқырайып, омыраудағы қос жотаның көң еті білеуленіп, түріле аппақ боп көрініп тұр. Шашын да жимаған. Келе Зейнолланың қолынан қамшысын жұлып алды:

—Қотанға шапқан қасқырдай жұртты ту-талақай қылғаныңыз не бұл! Кімді басынасыз?! Атыңызға мініңіз де қайқайыңыз!

—Ті...ті...тілің шығып қалған екен ә, сен қыздың! — Аяқ астынан тарпа - бассалғанға Зейнолла әуелде абдырап қалды. Бірақ артынша - ақ бойын тез жиды да, "сен кім едің" дегендей Алтынға зілдене көз тастады. Міз бағар емес. Алтын кілт бұрылып ашу үстінде мама ағашта байлаулы тұрған Зейнолланың атын қасқа маңдайдан тартып - тартып жіберді. Ат шалқалап барып шылбырды шорт үзді де, бір-екі осқырынып, қолатты құлдилай зытты. Шылбырын басып тұқырыңдап желіп барады.

Зейнолла жарылып кете жаздады. Дегенмен қызға қатты сөз айтуға қаймықты білем, бетінің түгі бедірейіп, түнерген күйі: "сен қызды ма...сен қызды ма!..." деп быдықтап жөнелді. Тым болмаса қамшымды берсеңші деген де жоқ.

Мен жер боп қалдым. Тағы да сүйеніштің жоқтығына, әлсіздігіме, жетімдігіме назаландым. Сол сүйеніштің басқадан, жанашыр азаматтан емес, қыздан — Алтыннан табылғанына намыстандым. Бұл ең алғашқы тәніме емес, жаныма батқан таяқ еді, ең алғашқы тулаған намыстың бұлқынып барып басылған сәті болатын...

Күн көтеріліп келеді. Таңғы самалдың салқын лебі сынған.

Балалар шөп шауып жүр, ағаш ішінен ызыңдаған шалғы дауысы естіледі. Мен әлі бүк түсіп итарқаның ішінде жатырмын. Кәмилә апай тамағыңды іш деп екі келіп, екі кетті.

Битке өкпелеп тоныңды итке тастамайсың. Тұр, Қасым, тамағыңды іш те, ат жегіп, фермадан сүт әкеліңдер. Түскі көжеге қатық жоқ, — деп күңкілдеген дауысы тағы естілді сырттан. — Әлгі Қомшабай шөп шабуға кетіп қалыпты, Алтын екеуің барасыңдар ма, қайтесіңдер?..

* * *

Ирелеңдеген қара жол. Арба жай ғана теңселеді. Шық кеуіп, сары масаның буа бастаған кезі, көкшолақ қайта-қайта жауырын соғып шыбындап келеді. Құлап қалған шірік молақтардың ана қуысында да, мына қуысында да кедір ағашының бүршігін тасып тарғыл тышқандар жортып жүр. Кейбірі әлденеден секем алып аузындағысын тастай қашса, тасада тұрған екіншісі қағып әкетеді. Ала тоқылдақ дорылдатып томардың қабығын аршып жатыр. Анда-санда саяудай тұмсығын жанып - жанып қояды. Жез тамақ көкшіл торғай ағаштан ағашқа сорғалап бізден қалмады, дамылсыз шырылдайды, тегі осы маңда ұясы бар-ау. Арбаның ортан белінде ырдуаннан аяғын салақтатып жіберіп Алтын отыр. Ыңылдап ән салады. Өзімен өзі, бір нәрсені қиялдағандай. Қандай қиял екен?

Алтын соңғы уақытта көңілсіз. Қалматай әулеті айналдырып маңынан шықпайды. Қырсықтың басы сонау емтихан кезінде басталған болатын. Алғашында Маймұрын тарих пәнінен сынаққа жібермей әуреледі, кейін, әйтеуір әйелі Күлпәш "жанашырлық жасап" баға қойғызып беріп еді, сонысын бұлдай ма, өйте қойшы, бүйте қойшы деп екі күннің бірінде шаруасын істетеді. Енді міне бір жұмадай болды, қос басына келімсектеніп, айналып - үйіріліп Алматай жүр. Шөп жинасады, шөмеле үйіседі, қайткен күнде Алтынға таяу жүріп, соның алды-артын кес-кестей беруге әуес. Оның әрбір адымы менің көз алдымнан қалт еткен емес. Бойымды қызғаныш сезімі билегендей, Алматайды көргенде көңілім алай-түлей боп кетеді. "Осы неме - ақ итініп шықпай қойды - ау" деп жақтырмаймын ішімнен. Мен көк шолақпен шөмеле тасимын. Алтын мен Алматай менің сүйреткіме шөп салып беріп тұрады. Мая басына жеткізіп тастап қайтқанымша асығамын. " Шаршадық қой, ақырын жүріп, аяндап келсеңші" дейді Алматай кейде. Мен қасақана көк шолақты борбайлап жан таптырмай, өрге де, қырға да желіп жүремін. Күні кешке дейін осылай, не істеп, не қойғанымды да білмеймін. Тек Алматай үйіне қайтқанда ғана көңілім орнына түсетін-ді.

Бірде Алтын шөмеле түбінде жылап отыр екен. Алматай жалғыз аяқ жолмен тұқыраңдап көз ұшында тартып бара жатты. Жылағаның не деп сұрауға оқталдым да, батылым жетпей, қасында жер шұқылап тұрып-тұрып, шөпті өзім артып кетіп қалдым. Ол менің келгенімді де, кеткенімді де сезбейтін тәрізді. Көз жасын ірікпеген күйі, тапжылмастан орнында қап қойды. Оралғанымда күле қарсы алды. Оның бет жүзінен әлгіндегі бір ыстық жастың ізін де, мұң табын да аңғару қиын. Алтынның мінезі тез қызып, тез суынатын болат секілді, бір сәтте бұлан-талан ашуланса, енді бірде жібектей биязы, бір сәтте қара күреңітіп, өңі сыз тартса, енді бірде жарқ-жұрқ етіп, күліп-ойнап шыға келетін. Бірақ дәл сол күні ол ой үстінде, ауыр ой үстінде, толғаныс үстіңде жүргендей сезілді маған. Кешкілік топ қызды жинап алып ұзақ ән салды, қайдағы бір мұңды, зарлы әндерді салған. Алматай қайтып сол кеткеннен қара қосқа ат ізін салған жоқ.

Алтынның әні таусылар емес. Алдар көсенің "әлеуләйі" сияқты. Мен оған бұрылмауға, қарамауға тырысамын. Бірақ бар көңілім сонда. Міне, ту сыртымнан шөп сылдыры естілді, сірә орнынан көтерілді - ау деймін. Қыр желкемнен ыстық дем есіп тұр. Алтынның демі. Мен осы уақытқа дейін адам демінің мұндай ыстық болатынын сезген емеспін. От шарпығандай, өне бойыңды шымырлатады. Қазір Алтын маған бірдеме дейді. Не дер екен?..

— Қасым?

- Ay.

— Неге үндемейсің?

— Жай әншейін...

— Делбеңді маған берші.

— Неге?

— Сен дем ал. Көк шолақты сабай - сабай қужауырын болатын шығарсың осы. — Ол қатарласа келіп отырды. Қолымнан делбе мен шыбықты алды. — Сөйт, сен дем ал. — Арба теңселіп өткенде тәнімді жанап өткен білегі жалындай қарыды. Өзімнен - өзім қысылып, ыңғайсыздана бастадым. Бір жыл бір партада отырып, бір жүрсек те, дәл осындай сезім мастығын кешпеген болармын. Мейлі, мына көк шолақпен - ақ. Алтынмен осылай қатар отырып шексіз сапарға тарта беруге бар едім осы шақ. Бірақ көңілімдегіні айта алмадым.

— Сөйт, сен дем ал, — деді ол тағы да. Маған қарап күлді.

Бетінің ұшы шұңқырайып, сәл қызыл күреңітіп тұр екен. — Ана шөпті жаз,басыңды менің тіземе қойып жат...

Көз алдымда оның мейірімді тұнық көзінен басқа елес қалмапты. Бар дүниені сол бір жанар жұтып қойғандай. Басым айналған тәрізді. Бұлың-бұлың, сол бұлыңның арасында жел шайқаған жол бойындағы биік қарағайлардың басы, онан жоғары көгілдір аспан, ол да Алтынның көзіндей елестейді, мөп-мөлдір, қарашықтай боп шырқау биікте қыран қалықтап жүр... Мен шалқамнан түсіп, соған тесіліп жатырмын. Әлденені үркітіп алатындай сіресіп қалыппын. Демім дірілдейді. Жүрегім тулап қағады, кеудеме сыймай тулап жатыр...

Арба жай ғана теңселеді. Қарағайлар басын шұлғып бізді шығарып сап келеді. Мөлдір аспан әлі төніп тұр. Қыран биіктеп барады. Көзімді жұмдым. Бәрібір мөлдір аспанды, қалықтаған қыранды, жымия күлген Алтынды көріп жатырмын...Маңдайыма ыстық алақанның табы тиді. Алтынның алақаны ғой. Міне шашымды сипай бастады. Бетім ду етіп жанып кетті.

- Қасым?..

- Ау ...

- Неге үндемейсің?

- Жәй, әншейін...

- Қиялдап жатырмысың?

- Иә... Нені?

- Білмеймін...

- Өзің неге үндемейсің?..

- Қиялдап отырмын.

— Нені?

— Сені...Бес-он жылдан кейінгі сенің азамат болған шағыңды көз алдыма елестетіп отырмын. Қалай, қиялым ұнай ма?

— Ұнайды...

— Он шақты жылдан кейін қандай болғың келеді? Кім болғың келеді?

— Білмеймін...

— Баласың ғой, Қасым. Әйтпесе білмеймін деген сөз бе екен. Мектепті бітіресің. Мүмкін Алматыға барарсың. Оқытушы боласың ба, инженер боласың ба, жазушы боласың ба? Әйтеуір бір арманың бар ғой?

— Өзің ше?..

— Бізді қойшы, қол жетсе бізге бәрі де лайық. Таңдайтын мұрша қайда. — Алтын күрсінді. Мен көзімді аштым. Ол шынтағын менің кеудеме тіреп тесіле қарап отыр екен. Қос бұрымы омырауынан жөңкіп түскен, шаштың күнге күйген сәл қаңсық иісі мұрнымды қытықтады. Баяғы сол мейірімді тұнық көзін көрдім, керілген қабағын, әнтек жыбырлаған ернін көрдім. Бетіме тағы да жалынды леп шалқығандай болды. Тұңғыш рет оны өзімсініп, сыр ашпаққа бекіндім.

— Алтын...

— Ау?

— Мен саған бірдеме айтайын ба?

— Не айтасың?

— Қиялымды.

— Жоқ, айтпай-ақ қой. Айтпа! — Алтын еңкейіп кеп ернімнен сүйіп алды. — Осы да жетер саған, — деді. Сосын мойнымнан тас қып құшақтап, бауырына қысты. Мен оның омырауына басымды тығып, тұншыға, демімді ішіме тартып ұзақ өксіп жыладым...Бұл жас — мүмкін, тән баулатқан тәтті " сезімге пәк көңілдің жауабы болар. Әлде қыз алдындағы дәрменсіздігіме жылаған шығармын...Әйтеуір осы шақ Алтын маған қолға түспейтін асыл армандай, бұрынғыдан да алыстап, бұлдырап бара жатқандай еді. Құшағымды ашсам айырылып қалатындаймын, мені өкінішке тастап кететін тәрізді. Бұл сәт ғұмырымда енді қайтып қайталанбайтындай болды да тұрды...

* * *

Көк шолақпен итеңдеп қара қосқа жалғыз келдім. Алтын ауылда қалды. Қалған жоқ-ау, үй әктетісіп жібер деп Маймұрынның әйелі қиылып жібермей қойды. Елегізіп көңілсіз қайттым. Жүрегім лоблып, көңілім өрекпігендей, қоңылтақсығандай болды. Тамақ та ішкім келмеді.

Кешке қарай күн қарақұрықтанып бұзылды да, ымырт үйіріле бұршақтатып нөсер құйды. Жас шөппен итарқаның жыртық - тесігін тамшы өтпейтіндей қымтап ерте жатып қалдық. Таң атқанша жаңбыр да толастаған жоқ, әр нәрсені бір ойлап мен де көз шырымын алғам жоқ.

— Ойбай, Алматай Алтынды алып қашыпты, — деген айғайшы келгенде ояу жатыр едім.

Далаға атып шықтым. Жарықжұлдыз да орнынан ұшып тұрды. Екеуміз қыздардың күркесіне, айғай естілген жерге салып ұрып жеттік. Кәмилә апай екен. Кірімді жуып, киім ауыстырамын деп кеше кештетіп үйіне кеткен болатын.

— Бейшара баланың онсыз да жетіскені шамалы, жастайынан әке-шешеден тұл қалып еді. Аяғы міне, жетімнің күні сол да! — деп кейіп отыр екен. Төбемнен жай түскендей есеңгіреп кеттім.

Жалаң аяқ, жалаң бас, "мен ол Маймұрынды ақтарып тастаймын" деп жер ошақтың басында жатқан Кәмилә апайдың нан кесетін дөкет пышағын ала сап ауылға қарай ес - мұс жоқ шапсам керек. Жол ортаға жеткенде Жарықжұлдыз бен Бүкір атқа теңдеп зорға қайырыпты. Балалар болмағанда шынында жарып тастайтын ойым бар екен.

Көзімді ашсам қос іші алакүңгүрт. Күн желемік, тыста ақ жауын бүркіп тұр. Су тасығандай тау іші арыл - гүріл, орман көкірегі қарс айырылғандай аһылап-үһілеп қалады. Тырс – тырс етіп итарқаның әр жерінен тамшы өте бастапты. Бұрқ еткізіп бүйірден біреу бір арқа шөпті қойып қалды. Тамшы сау етіп барып тоқтады. Қасымда етпеттеген күйі алақанын жастанып Жарықжұлдыз жатыр. Қалғып кетсе керек. Бас жағында бір парақ қағаз ағараңдайды. Қолыма алып қарап едім өлең болып шықты. Жарықжұлдыздың өз өлеңі. Сондағы өлең мынау еді:

"Аяулы Алтын, асыл Алтын,

Ойда жоқта ұштың да,

Жаңға жайсыз, тәнге салқын

Жат төсекті құштың ба?!

Шын жүректен сүйіп сені,

Айнымасқа бекім ем.

Сол бір антым қазір енді

Босқа екен деп өкінем.

Нені аңсадым, нені күттім

Қызығы мол өмірден?

Жан баураған тәтті үміттің

Өшкені ме көңілден?

Сүйінуші ем, телміруші ем

Рахатты ертеңге,

Бірақ суық тағдыр деген

Тек алдамшы екен де.

Жастық бізді алдады ма?

Жаңға жара салды ғой.

Көз тіге алмай алдағыға.

Қаза тапты тәтті ой".

Әрине, мұның пәлендей дерлік өлеңдік қасиеті шамалы шығар.

Бірақ кезінде менің жанымды егілткен осы бір шумақтар, көңілімнің күйін шерткен. Осыдан мықты өлең, Жарықжұлдыздан мықты ақын жоқтай көрінген. Жарықжұлдыздың да Алтынды сүйетінін сонда ғана білген болатынмын.

Мен өлеңді төрт бүктедім де, қалтама салып алдым. Жарықжұлдыз артынан күрке ішін шарлап көп іздеді. Менде деп айтқаным жоқ.

Ақыры сол жылы мен мектепті тастадым. Жарықжұлдыз кетпе деп алғашында біраз жабысты да, артынан мейлің дегендей болды. Кетерде екеуміз жыртылып - айырылыстық. Ол жарты жолға дейін шығарып салды. "Ал жақсы, сау бол" деп қоштасып аламыз да, бір-бірімізді қия алмай көз ұшынан қайта қайтамыз. Жарықжұлдыз Қомшабай деген шын есімін менің аузымнан тұңғыш рет сол кезде естіген. Қалтамдағы бес шумақ өлеңін қайтарып бергенімде:

— Сенде екенін білгем, есінде жүрсін, — деп алмады.

Үйде де аялдағаным жоқ, Шалымның көк сиырын сатқыздым да, Алматы қайдасың деп тарттым. Алматай қайтып елге бармапты, бергі Үлкен Нарын ауданында оқытушы екен. Алтын екеуі жақсы тұрады, тату-тәтті деп естуші едім. Енді міне араға он жыл салып барып ойда жоқ жерден сол Алтынмен тағы кездесіп отырмын. Жай көп ішінен көзбен көрісу емес, тағы да иық түйістіріп, баяғыдай бір арбаның үстіңде келе жатырмыз. Анда-санда шу-шулеп делбе қаққаны болмаса үндемейді. Доңғалақтан былш-былш ыршыған саз балшықтың сатыры мен тырсылдаған жауын тамшыларының сыбдырын тыңдағандай көбіне тұңғиық отырып қалады.

Күңірсіген сүрлемнің шірік иісі танауды жарып барады. Су шайған күре жолдың ойлы -шұңқырында ырдауан арба "неғып томсарып отырсыңдар" дегендей екеумізді толғап -толғап, еріксіз итермелеп әкеп қауыштырғандай болады. Тек осы иық түйісе қалғанда ғана Алтын ұзын кірпігін жапақ еткізіп, менің бетіме жалт қарайды. Сосын өзінен-өзі қымсынып, екінші қанатқа ығысып кетеді. Бірақ ол қанша үріккенімен құрғыр арба қайтадан тықсырып менің жаныма қуып ап келеді.

Қызық - ау шіркін бұл өмір. Осы сәтте сол өмір дегенің маған мына ирелендеп жатқан күре жол тәрізді көрінді. Оның да қиыр-шиыр, кедір-бұдыры бар. Біреулер бұл жолдан абың - күбің сарқырап өте шығады, біреулер соның қиясына жолығып мықшыңдап жатқаны. Бұл жолда адасатындар да болады, таласатындар да болады, табысатындар да болады. Енді бір жылмақайлар ебін тауып, "жалғанды жалпағынан басып", жыртылмай – ақ лайым ылдиында жүреді. Бірақ бәрін де жақсыны да, жаманды да бір арнаға тоғыстыратын, біріне – бірін танытатын осы күре жол ғой деймін. Осы күре жол үстінде таныған екі адамымның бірі Алтын, екіншісі Маймұрын. Өзімше біріншісін адасты, екіншісі еңісінде жүр деп топшылайтын едім...

Ауылға таяп қалдық, алыстан көзге жылы ұшырайды. Мұнар басып жатыр ма, әлде өспеген бе, баяғы сол қалпы сияқты. Үйлері ағаш арасынан селдіреп қана көрінеді. Алматай осы мектепке ауысты ма? — деп сұрадым. Жоқ, - деді Алтын, селсоқ аузын жыбыр еткізіп. —Сол Үлкен Нарында. Бір жылдан асып барады, ажырасып кеткенбіз. Ортамызда жалғыз ұл бар еді, ары тарт, бері тарт боп жүріп жатырмыз ғой әйтеуір. Алып қояйын десем жаным ашиды сорлыға, ол да жалғыз, айналатын адамы, содан басқа қызығы жоқ. Алмайын десем қимаймын, мен де жалғыз, жұбаныш керек.

Ыңғайсыз болса да сұрайын, неге жараспадыңдар? Соны өзім де білмеймін, Қасым. Саған не десем екен... Енді әйтеу.. .о баста жарасып қосылмаған соң көңіліңде түйткіл қала береді екен. Әйтпесе оның тарапынан көлденең сөз болған жоқ, обалы кәне. Бәрі өзімнен. Енді басқа не салса соны көріп аламыз да...Әй, Сара, сен бері келші! — Кібіртік әңгімемен шеткі көшеге де ілінген екенбіз. Үстіне плащ киіп, шәлісін тұқырта жамылған аласа келіншек Алтын айғайлап тоқтатып алды. Әйел әуелі дыбыстың қай жақтан шыққанын білмей артына алақтап қалды да, сосын ту сыртына бұрылып бізді көзі шалғасын қиыстай жүрді. — Баяғы Кәмилә апайдың ортаншы қызы осы. Күйеуге шыққан, екі баласы бар, менімен бірге бұзаушы болып істейді, — деп таныстырды Алтын. — Уақыттың зырлап бара жатқанын осыдан біл. Сара, сен мына сүрлемді апарып қораға түсір. Атты шешіп, қамыт-сайманды кептіріп қоярсың, ертең де керек дүние, обал ғой, аттың мойнын соғып тастар. Ал мен , үйге кеттім, қонақ кеп қалды.

Таныс көшемен аяңдап келеміз. Міне, мынау баяғы интернаттың жатағы. Біз сияқты қара домалақ балалардың бірі кіріп, бірі шығып сапырылысып жатыр. Асхананың маңайында бір шоғыры жүр.

— Ана отынды кіргізіп тастаңдаршы, су боп қалды ғой, — деген әйел дауысы естілді. Кәмилә апай - ау тегі...Ауыл тіршілігі қаз - қалпындай, тек талай бір сәттердің куәсі, менің алғашқы махаббатымның белгісіндей болған терезе алдындағы кәрі қайың көрінбейді. Мүжілген томары ғана тұр. Маңайында тебіндеп келе жатқан жас көшеттер, бойшаң да түзу екен, қисаймай, қыңыраймай тік салыпты сабағын. Семген дүниені, өткен елесті жоқтатпайтын тәрізді.

— Резеңке етік киіп шықпаған екенсің, аяғыңнан сыз өтіп кетпесе жарар еді, — деп күңк еткен Алтынның сөзі менің ойымды бөліп жіберді.

— Ештеңе етпес, үйге келе жатырмыз ғой, кептіріп алармыз, - дедім мен. Алтын оған мән бермегендей, тағы да мені мүсіркей тіл қатты:

— Өзің жүдеусің ғой, бір жерің ауырмай ма?

— Жоқ денсаулығым жақсы. Өзі тегіннен маған шыр жұқпайтын әдеті емес пе. — Осы сәт Алтынның қамқоршы боп жүретін жанашырлығы, жарқын мінезі менің есіме түсті. Бір жылы сезім көңілімді толқытып кетті.

— Мына көшеге түсейікші, — деді Алтын жеңімнен тартып. Қарсы алдымызда кескен томардай боп Маймұрын домалап келеді екен. Жүрегім аузыма тығылып, денем түршіккендей болды. Бұрыла бердік.

— Мына неме, әлі осында ма еді? — деген сөздің аузымнан қалай шығып кеткенін де білмей қалдым.

— Осында, скотоимпорттың қоймасында кілтші боп істейді, әуелде бастауыш мектепке сабақ беруші еді, табысы онша болмаған соң тастап кетіпті ғой, — деді Алтын.

Маймұрын толарсақтан саз кешіп өте шықты жанымыздан. Оның керзі етігінің шалп-шалп еткен дауысы көпке дейін құлағымнан кетпей-ақ қойғаны. Сол неменің жүрген жері, басқан ізінің бәрі де лас сияқты боп елестеді де тұрды көз алдымда.

* * *

Алтын мені ауыл шетіндегі тақтай шатырлы кішкентай ғана ағаш үйге алып келді. Есікті ашып қалғанымызда төр алдындағы стол басында алпамсадай боп Қомшабай отырды. Қазанның түп күйесіндей болса да маған жарқ еткендей әсер қалдырды.

— Өй, өй, сенбісің - ей, — деп тапыраңдап кеп бас салды. — Ит - ай, зіңгіттей боп өсіп кетіпті.

— Әй, Жарықжұлдыз, сен осы еркегі жоқ үйге ымырттатып келе бергенді қашан қоясың? Мен неше айттым саған? — деп Алтын наз білдірмегенде жіберетін түрі жоқ еді.

Бәтір, енді бір жолға қуып шықпай қоя тұрғын. Мына Қасым кеп қалған екен, жөн сұрасалық, — деп Қомшабай қалжыңға сүйеп қарудан құтылды. — Қай бір жетіскеннен жүр дейсің. Әлгі үйірмеге жан жиналатын түрі жоқ. Ән айтпақ түгіл, пьесада ойнайтын адам табылмай тұрған жоқ па? Мереке болса кеп қалды.

- Қолқа сал келдім де.

- Енді қайтейін, құтқармасаң болмайды...Жә, екеуміздің жырымыз бүгін таусылмас. Қасым, сен жайыңды айтшы.

Не жай болушы еді, аман жүріп жатырмыз. Ел аралап кеп қалған едім, ауылға соға кетейін, сендерге сәлем берейін деп әдейі бұрылдым.

Жақсы, жақсы. Аман болғаның жақсы. Өзіңді кермесем де газет-журналдардан әңгіме -очерктеріңді оқып жатамын. Мынау біздің дөй болады деп жұртқа мақтанып қоятын реттерімде бар ептеп.

- Жә, сен мені былай сыра тұр. Өзіңді айтшы, ақындықтан бірдеме шығатын ба?

Ақындықты о баста-ақ біздің маңдайға жазбаған ғой. Математикадан барып бір-ақ шықтық.

Бір мектептің дырдай директоры болған соң ақындықты қайтсын бұл, — деп Алтын іліп әкетті.

Алғашқы қалбаң-құлбаң амандық сарқылған кезде барып, үй іші тыныштыққа батты. Қомшабай әлі үйленбепті, Кәмилә апайдікінде пәтерде тұрады екен. Қол тимеді, хат жазып хабарласа алмадық деп ақтала әңгіме шертіп отыр. Әлгі бір ақындық жайынан кейін оның өлеңі есіме түсіп, қайта-қайта Алтынға қадала бердім. Тығыншықтай боп толыпты, бірақ аса бір ет жеңді емес, бойына, тұлғасына жарасымды, әлгінде жүзі ақсұр секілді еді, үйге кіріп шешінген соң нарттай боп екі бетінің қаны лыпылдап, жанып шыға келді.

Біз көп отырдық, көңілдегінің бәрін сарықтық. Манағыдай емес, Алтын ашылып қалған сияқты. Тегіннен мінезі ақ жарқын еді ғой. Көкірегіндегі кірбіңді білдірмеді. Ас ішіліп, аяқ төңкерілген кезде:

— Ал, Қасым, бір келген құдайы қонақ едің, қон деуге үй кетеді. Бірақ ұлықсатым жоқ, ауыл үйінің әдеті осы енді, көмбесіңе амал қанша, - деді. — Ел-жұрт өзіңдікі, орын табарсың. —Тіпті мұнысына да разы болдым. Жиналып, тысқа шығып бара жатқанымызда: — Сен аялдай тұршы, — деп Қомшабайды ішке алып қалды. Жартылай ашық қалған есіктің саңылауынан:

— Тағы да кірлеп кетіпсің ғой, тастап кетші үстіңдегіні.

Мә, мына көйлегіңді жуып, үтіктеп қойғам, киіп ал, — деген Алтынның сыңғырлаған үні келді құлағыма.

Қомшабай біраз кешігіңкіреп қуып жетті. Сөніп қалған қызғаныш табы ішімді тырнап өткендей болды...

Айта берсе әңгіме таусыла ма, Кәмилә апайдың үйіне жеткенше екеуміз талай-талай өткен-кеткенді қозғап тастадық, Менің әуелгі сауалым "неге бойдақ жүрсіңнен" басталды. Екі еркектің басы қосылса, аусардың осыған ойысатын әдеті емес пе. Қомшабай алғашында күмілжігендей болып еді, артынан:

— Студент кезімде атын атап, түсін түстеген ешкімім болмады. Қазір алдыма қарасам — тең - тұстастарымның бәрі балалы-шағалы, артыма қарасам — қарындастарым, адам ұлғайған сайын ұялшақ бола ма, жоқ әлде қорғаншақ бола ма, үйлену деген қиын екен, — деп шынын айтты. — Басы ауырмағанның құдайымен ісі жоқ демекші, өзің үйленген соң менің жайымды қайдан білесің...

— Алтын ше?

— Алтын баяғы Алтын. Оны сүйетінімді әу бастан-ақ сезесің. Бойдақтықтың тағы бір кілтипаны осында жатыр той, бауырым. Оны несіне сұрайсың.

— Сұрады деп айып етпе, ағайын. Менікі дос тілегі ғой. Былай ашылып сөйлескен жайларың бар ма еді ?

— Тұспалдап жеткізген сияқты едім. Алтынның мінезін білесің ғой, толқыса да әдейі емеурін білдірмейді. Турасын айтқам жоқ, айта алмай жүрмін. Әйтеуір бір-бірімізге жан ашыр адамдар екенімізді ішім сезеді, — деп Қомшабай күрсініп қойды...

* * *

Қоңыр күз. Мен терезенің алдында отырмын. Ақ жауын толассыз себелеп тұр. Көз алдымнан қарашаның соңғы күні өтіп барады. Лекіте соққан жел, жөңкіле көшкен бұлт, қалтырап ұшқан жапырақ, шуылдаған мазасыз қарға мен ұзақ — бәрі де менің ауылымды елестетеді. Дүние қарақұрықтанып, аспан аласарып барады. Менің ауылымның аспаны сияқты. Биікте қиқулаған құстың дауысы естіледі. Менің ауылымнан келе жатқан тәрізді. Сонау бір жылдарда қош айтысқан балалық шағымды әкеле жатқандай.

Көз алдымда туған ауылым. Көз алдымда Алтын мен Қомшабайдың бейнесі. Көңілімде қуаныш. Көкірегімде жылы леп маздағандай. Көз көргенде дос-жарандарға, жақын жандарға салқын жүздесесің. Алыстаған сайын, қашықтаған сайын дос - жарандарды, жақын жандарды сағынады екенсің.

Мен Қомшабай мен Алтынды сағынып отырмын. Үшеуміздің соңғы рет кездескенімізге де бір жыл бопты. Әр қайсымыздың көкейімізде айтылмаған сыр қапты, әрқайсымыздың артымызда бұлың - бұлың із, бұлдыраған көмескі сүрлеу қапты, әрқайсымыздың алдымызда тапталмаған, басталмаған ұзақ жол жатыр. Қайсысымыз қалай аттар екенбіз, қайсысымыз қалай бастар екенбіз оны?! Болашақтың жағасы бұлдырап қана елестейді өзіме. Қомшабай мен Алтын ше? Хал - ахуалдары, тіршілігі қалай, осынау жалпақ өмірдегі аяқ алыстары қалай, өмірдегі жаңалықтары қандай, бұл жағынан хабарсызбын.

Қомшабай Алтынға деген соңғы бір көңіліндегі түйткілін айта алды ма, айта алмады ма, ол да маған беймәлім.

1959 жыл.

author

Қалихан Ысқақ

ЖАЗУШЫ

Жаңалықтар

Павлодар облысында Орталық Азияда теңдесі жоқ алтын өндіру кәсіпорны салынады. Бұл өндіріс жылына 15...

Жаңалықтар

Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев Қарағанды ​​облысы әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасының...