Асылдан болат ұл туса,Екі жақ болып тұрғанда,Егескен жерде шарт кетер,Жауырынынан өтін алса да,Жаман...
Жангелді Немеребай. Қайранда пері көңіл-ай
Белгілі ақын, Жангелді Немеребайдың бір топ өлеңдерін оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдік:
Қанатыңды еркін қағып,
Қалықтайсың көркің жанып.
Қара жолға қарайлайсың,
Қанаттастың сертін бағып.
Қауырсының үлп-үлп етіп,
Тəуір сырын шертуде анық.
Қалай –қалай болар деуші ем,
Қайран еттің , еркімді алып.
Жүрегіңнің терең сырын,
Аздап ұғып келем күнім.
Менің отым басылғанда,
Өрттей лаулап сен өршідің.
Сенің гүлің ашылғанда,
Соған септім өлең –шырын.
Жырымды оқы, білгің келсе,
Сезімімнің егер шынын.
Білекке емес, жүрекке кеп,
Қонған әппақ Көгершінім.
Арман аялдамасы
Автобуспен келе жатып ой толғап,
Терең шомып кеткен екем ішінде.
«Арман бар ма?» - деді шопыр айқайлап,
«Бар» дедім де жалғыз тұрдым түсуге.
Қиял құсы күніге мың самғар көк,
Арманы жоқ адам бар ма расында.
Аялдама жәй аталар «Арман» деп,
Мен тұратын қабат үйдің қасында.
Бір арманның құшағында сол бір кез,
Автобуста сезім отын маздаттым.
Еске оралып жол-жөнекей мөлдір көз,
Үй жағымнан өтіп кете жаздаппын.
Тәтті қиял тербегенде көңілді,
Аңсар толы дертті жаның емделер.
Кетіп бара жатқандай боп көрінді,
Автобуста еш армансыз пенделер...
***
Биыл да шерулі шаралар,
Біз туған өлкені аралар.
Көктемде ауылды сағынып,
Өнерпаз құстар да оралар.
Бақтардың мен тұрған үйдегі,
Жұпарын шашқанда сирені.
Жыл сайын келетін құс легі,
Сапардан жетсе аман игі еді.
Сағыныш сазы бар үнінде ,
(Сайрайтын махаббат тілінде)
Тойлайтын бізбенен сол құстар,
Мен туған Мамырдың түнінде.
Таңғы аспан түргенше түңлігін,
Жарасып қыз-жігіт, сыңғыр үн.
Тарасып достарым кеткенше,
Қасымнан кетпейтін бұлбұлым.
Сол түнгі жыр менен əн қайда?
Сол түнгі сыр менен сəн қайда?
Əнімді тыңдайтын дос қайда?
Жырыма кейіпкер жан қайда?
Былтыр да сол бақша гүлдепті,
Бірақ та ешбір жан кірмепті.
Достарым мен жəйлі білсе де,
Құстарым білмепті...
Біз көшіп кеткелі сан жылдар,
(Сол өткен жылдарда - "бал күн" бар)
Сол бақты көңілсіз етпес ем,
Жазылған тағдыр бар...
***
Қуаныштың ішінен қайғы көрдім,
Кедейден де ең кедей байды көрдім.
Мəн бермеуші ем табиғи тылсымдарға ,
Бұлтсыз түнде жоғалған айды көрдім.
Елге зиян көп көрдім,тентекті де,
Тентек айтқан тыңдадым ертекті де.
Қызбенен қыз үйленген бұл заманда,
Көріп жүрміз сырғалы еркекті де.
Ақын көрдім артында сөз қалмаған,
Əкім көрдім қол үшін созған маған.
Батыр көрдім орденге толған төсі,
Ұлтқа қауіп төнгенде қозғалмаған.
Аға көрдім санасы балаға тең,
Қазы көрдім шешімі шала бөтен.
Көшіп жүрген қазақты күнде көрем,
Ал, көшпейтін сыған да болады екен.
Бір дос көрдім өкпешіл болмашыға,
Бір дос көрдім мəңгі адал жолдасына.
Дұшпан көрдім сын сəтте қарайласқан,
Досы болар біреудің ол да сірə.
Жамандықтан жүрегім жериді шын,
Жақсылыққа елжіреп ериді ішім.
Өмір болса көрерміз, көрмегенді ,
Келер ұрпақ көрсе екен тек игісін !
***
Мен кеше жарқ-жұрқ еттім, болып ұшқын,
Мен кеше рухын сездім долы күштің.
Әкемнің көзін көрген шалдарменен,
Ерекше сезімдермен жолығыстым.
Мені олар кенжесіндей еркелетті,
Жанымды жадау жүрген көркем етті.
Әкемнің жақсылығын жарыса айта,
Дейді олар: «арамыздан ерте кетті»
Біреуі әзіл айтып тамсандырды,
(Біреуі басқарып тұр ансамбльді)
Біреуі домбырасын маған сыйлап,
Біреуі жыр оқытып, ән салдырды.
Ақ жаулық апалар да сұңғылалы,
Ерекше гүл көңілмен жүрді бәрі.
Әуенін тойбастардың тамылжытты,
Анамның сырлас болған құрбылары.
Сол кеште көңілімді көрікті еттім,
Сол кеште мәрт бабама еліктеппін.
Әкемнің досы берген қошақанды,
Досымның баласына беріп кеттім...
***
Жүрегімде жүргеннен соң күнде сен,
Сезім бағын жиі аралап, гүл кешем.
Мен сенімен кездескем,
Кездеспеген сияқтысың мүлде сен.
Емес едің ханшайымның кейпінде,
Емес едім ханзадамын дейтін де.
Өкпелеткем жоқ сені,
Жөнің де жоқ сенің өкпелейтін де.
Бірімізді _біріміз һəм ұға біз,
Құшырлана сүймеп пе едік сірə біз?
Оған куə құба күз,
Оған себеп: бір оқиға- бір аңыз.
Сағыныштың ақ жаңбырын тия алмай,
Келем,келем өлеңменен күй арнай.
Біз -ынтызар емес пе ек,
Бірін-бірі сүйіп өткен, сүйе алмай.
Куə болған тағы кетті қашып күз,
Тым жақынбыз, сол үшін де қашықпыз.
Біз өмірді сүрмеппіз,
Өмір бізді кешкен екен,
Ғашықпыз...
***
Ол кедергі жасамай ісіме түк ,
Жанымды түсінетін.
Кейде құлын жүректі кісінетіп ,
Көңілді түсіретін.
Сол көңілді ақыры жылатып ап,
Қайтадан мəз қылатын.
Шабытымды Тəңірден сұратып-ақ,
Бір өлең жаздыратын.
Ал,ол бүгін күнінде кешірімнің,
Ашып тұр омырауын...
Бір танымал қиял кеп есігімнің,
Басып тұр қоңырауын...
***
Құлазыған бақтардан гүл тергізген,
Ең жылауық əуенге күлкі енгізген.
Ең қараңғы түндерде жолықтырған,
«Альциона» есімді үркер қызбен.
Ең сауықты кештерде дара жанған,
Ең қауыпті жерлерге дара барған.
Ең құрметті бір сөзді айту үшін,
Қанша ма рет жанынан жараланған.
Ең сұлуды аңсаған ай мүсінді,
Жұматайды жырлатқан Лəйлі сынды.
Ең қаралы күндерде күлім қаққан,
Ең қуанған сəттегі қайғы сынды.
Қайранда пері көңіл-ай ,
Қайранда сері өмір-ай...
***
Жұмбақ еді өмірдің көші неткен,
шаттығын да,
мұңын да тосын еткен.
Нұрын сыйлар бір мезгіл
бар болса егер,
меніңше осы Көктем.
Бұл көктемнің оралған құстарына ,
көз салдың ба аяулым,
ұшқанына?
Олар да жүр жасырын кездесуде,
аулақта, тысқарыда .
Ұшып келген құстайын қарсы маған,
бұл көктемде
сен едің қал сұраған.
Бұл көктемде - ұқсадың жыр кептерге,
тап-таза бар күнəдан.
Бұл бəлкім бөлек қонған бақыт шығар,
Бұл бəлкім уақыттан тыс
уақыт шығар?
Ех,шіркін,
таусылған ба елік арман,
Алдыңнан атып шығар.
Бұл көктемнің сияқты жаңбыр, желі,
бұл кездесу
шынымен тағдырлы еді.
Екеуміздің сезімге ұқсап кетті,
Наурыздың балғын лебі, қар гүлдері...
20.03.19
АЙКӨРКЕМ
Көркем ғып,
əдемі ғып, қылықты ғып,
Жаратқан сені жаным, тұнық қылып.
Өзіңді көргенде алғаш осал едім,
(Тартылмай тартпа айылым, босаң--ерім)
Жіберген сен едің ғой шынықтырып.
Содан бері
сан жылдар парақталып,
Содан бері
сан жырлар қанаттанып,
Уақыт сырын қойғандай шын ұқтырып.
Мұңаймай керісінше күліп тұрып:
Қызыл күн төккен шақта кешкі арайын,
Айкөркем,
сені ғана еске алайын.
Кездескен кезімізде іңір еді,
Көрсетпей тұрған сəтте аспан айын.
Дəл қазір ғашық жүрек елжіресін,
Сен білесің,
Ішінде _мөлдір есім.
Мөлдір есім дегенім _сен Айкөркем,
Жасырам мынау жұрттан енді несін...
Сезіммен əркез саған тартып тұрар,
Əр минутта
дегенім артық шығар,
Əр сағатта
миымда сен жүресің.
Өткен күн əлеміне бойлап əсем,
Мұңайған көңілімді жайдары етем.
Сен маған сонда бір сөз айтпағанда,
Мен мүлде сен туралы ойламас ем.
Айкөркем...
ЖҰЛДЫЗ
Топ жұлдыз ішінде бөлекше,
Бір жұлдыз бар еді бағалы.
Үр жұлдыз жарқырап ерекше,
Сол жұлдыз көрінбей барады.
Жасыннан өткірлеу нұр жүзі,
Еркесі сияқты Ғарыштың,
Ол бәлкім Ай қызы, Күн қызы?
Келеді табысқым, алыс тым.
Аспанда деуші еді ғажайып,
Сол еді - аңсаған дәуренім.
Қуаты бара ма азайып,
Мен сүйген алғашқы сәуленің?
Бір жұлдыз - жыр жұлдыз құрбаны,
Алайда емес ол түнекте...
ҮР Жұлдыз жақсы ғой туғаны,
Сəулесі түссе егер жүрекке...
***
Бұл көңіл - найзағайдай жарқылдауық,
Бұл көңіл - кетпейтұғын əркімге ауып.
Жалт қарап жасын қыздың жанарына,
Жан - жүрек өртке айналып барады да.
Осылай тағдыр гүлін сыйлай ма екен?
Осылай бақыт беріп қинай ма екен?
Ол бақыт - шаттық емес айқындайтын,
Ол бақыт - еш пендеге айтылмайтын.
Байланып қызыл жұлдыз кірпігіне,
Айналып кетеді екен күн түніңе .
Бұл көңіл - найзағайдай жарқылдауық,
Бұл көңіл- кетпейтұғын əркімге ауып.
Толқыншаш қалар деуші ем мəңгі есімде,
Толқынды кетеді екен толқын жауып...
***
АЙ МЕН ГҮЛ
(Ауған соғысына қатысқан жауынгер жәйлі жыр)
Шаттық пен мұң таласа нұрлы өңіне,
Қимай ол ұзақ қарап тұрды еліне.
Əскерге аттанғанда қош айтысып,
Қай жаққа баратынын білмеді де.
Қимастар көздерінен жас парлатып,
Сыйластар таймасын деп бастан бақыт.
Достары гитарамен əн шырқайды,
Болашақ жас сарбазды аспанға атып.
Кім білер, күтер алдан кімдер,нені?
Кім білер,не көрсетер түндер легі?
Бəрімен қоштасқанда,тек бір жанның,
Ең құрса қолын қысып үлгермеді.
Балалық ғашығы еді кезіндегі,
Болса да нəзік жанды, төзімді еді.
Көрсеткісі келмеген шығар ол да,
Жасырып мөлтек жасын көзіндегі.
Ай өтті ауылынан аттанғалы,
Жыл өтті аялаумен тəтті арманы.
Түлеткен Алатаудың жас қыранын,
Қарсы алды Кандагардың шатқалдары.
Дамыл жоқ, дабыл қақса- күн шағылыс,
Ол жақта күн- күлкісіз,түн-сабылыс.
Аңсаған сайын туған ел менжерін,
Үдейді одан бөлек бір сағыныш.
Арманның тереңіне жүз бойлайды,
Біресе көкірегін күз жайлайды.
Суретін Ай мен Гүлдің маңдайшаға,
Іліп қойып, тағы сол қызды ойлайды.
Жүрсе де майдан күші қатты шақта,
Білмей ол кетпесін деп жат құшаққа.
Сезімін тебірене қанмен жазған,
«Сүйемін» деген сөзін салыпты хатқа.
Дұшпанның дәл жолында жатқанда ұрын,
Тағдыры жара салып, артқан мұңын.
Ақыры сұм соғыстың кесірінен,
Кемтар боп оралды өзі хаттан бұрын.
p.s
Ауғаннан шығарылған əскер бүгін,
Бұл бір күн -тарихи күн,қастерлі күн.
Ал,қазір Ай менен Гүл ескерткіш боп,
Қалқайып басында тұр тас белгінің...
****
Мына дәуірде, мына ғасырда,
Жылдар мен айлар,күн арасында.
Өмірдің терең тұңғиығында,
Көңілдің биік мұнарасында.
Қауызын ашқан гүлдің ішінде,
Шаттықен бірге мұңның ішінде.
Біресе жақын,біресе алыс,
Ұқсаған бейне - нұрлы мүсінге.
Еріп бір жатқан қар арасында,
Мөлт еткен тамшы далада,шыңда.
Сезімнің тұнық жұпарын жұтқан,
Тыныстап еркін таң ауасын да.
Жауһарға толы жырдың үлгісі,
Айдары алтын - жылдың бір құсы.
СІЗ екенсіз ғой көктеммен келген,
Гүлдің сіңілі, Күннің құрбысы...
Ұмытшақпын
Белінен аспай жатып жігіт шақтың,
Кей кезде ұмытшақпын.
Қызықпен кешегі өткен сайран күндер,
Еске де түспей қояр дұрыстап тым.
Тұратын Талдықорған шығысында,
Ойымда - елдегі дос, туысым да,
Ойымда "Асылөзек", бір сұлу қыз,
Тек қана біз барған сай...
Тіл ұшында.
Біреулер "ұмытшақ" - деп күліп тұрды,
Мен бірақ ұмытпаппын қылықтымды.
Есімін талай қыздың сақтаған ем,
Ех, соның бəрін бір жан ұмыттырды.
Есімнен шыққандарға кешір дедім,
(Ех, қайран, қабілетім есіл менің)
Олар да мені ұмытып кетті ме екен,
Жырымнан іздей ме əлде есімдерін?
Кездессек танып мүмкін қарайды олар,
Əлі де ғашығына балай қарар.
Ұмыту деген нəрсе жақсы емес-ау,
Ұмытса мені бір жан қалай болар...
Жангелді Немеребай