Қазақстанда дизайнерлер мен туризм мамандары жетіспейді

ТУРИЗМ
3779

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ержан Жылқыбаев пен вице-министр Ақмәди Сарбасов / Суретті түсірген автор

Сауда, құрылыс пен ауыл шаруашылығында жаңа жұмыс орындары көп ашылып жатыр.

Жыл сайын кемінде жаңадан 370 мың жұмыс орны ашылуы керек

Осылайша Үкіметтің шешіміне сай елдегі жұмыссыздық жыл сайын 0,1 пайызға азайып отыруы тиіс. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ержан Жылқыбаев мәлім етті.

Бірінші вице-министрдің айтуынша, биылғы жартыжылдықта 186 мың жаңа жұмыс орны ашылған. Былтырғы алты аймен салыстырғанда 7 пайызға артық.

– Жыл басынан бері сауда саласында 24 мың, құрылыста 18 мың және ауыл шаруашылығында 17 мың жаңа жұмыс орынды ашылды. Бұл– жаңа жұмыс орындары ең көп ашылып жатқан салалар, – деді бірінші вице-министр.

Өңірлерге тоқталар болсақ, Алматы қаласы мен Маңғыстау және Алматы облыстарында жаңадан жұмыс орындары көптеп ашылып жатыр.


Министрліктің мәліметінше, жұмыспен қамту және халықты жаппай кәсіпкерлікке тартудың ең тиімді құралдарының бірі – "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасы. Дегенмен, халықтың көпшілігі бұл мүмкіндіктен хабарсыз қалып отыр.

Бағдарлама ашылғалы бері бюджеттен 194 млрд теңге бөлініп, бұл өз кезегінде 1 млн 200 мың адамның "екі қолға бір күрек" табуына мүмкіндік берген. Ал биылға осы бағдарламаға 124 млрд теңгемен 700 мың азаматқа жаңа жұмыс орыны ашылмақ. Былтыр бағдарлама бойынша 600 мың адам жұмысқа орналасқан еді.

Бағдарлама негізінен төрт бағытта жұмыс істейді.

21 800 теңге стипендия төлейді

Бірінші бағыт – қысқамерзімді кәсіптік оқыту. 1 шілдедегі жағдай бойынша 22 мың азамат оқытылып, бүгінде оның 3 мыңы жұмысқа орналасты, – дейді министрдің бірінші орынбасары.

– 1 қыркүйектен бастап техникалық және кәсіптік тегін оқуға 23 мың азамат жіберіледі. Бұлардың стипендиясы 30 пайызға көбейіп, 21 800 теңге болды, – деді спикер.

Бірінші вице-министрдің айтуынша, аталған бағдарлама бойынша оқытушылар мына талаптарға сай болуы керек:

  • Оқуды аяқтаушылардың кемінше 60 пайызы жұмысқа орналасуы қажет;
  • Қысқамерзімді оқыту тәжірибесі 1 жылдан кем болмауы керек;
  • Өндірістегі тәжірибесі 1 жылдан кем болмауы керек;
  • Оқыту мекемелерінің техникалық базасы қазіргі заманға сай болуы керек.

Осындай талаптарға сай келетін қазір 615 мың білім беру мекемелері бар екен.

Шағын несиені алушылардың дені ауылда

Екінші бағыт – жаппай кәсіпкерлікті дамыту. Бұл бағыт бойынша 84 млрд теңге қаражат қаралып отыр. Бұған 19 мың азамат "ілігеді". Бағдарлама бойынша 4 мыңдай шағын несие берілген. Соны алғандардың 3200-і ауыл азаматтары болса, қалған 800-і қала тұрғындары.

Соның ішінде стартап жобаларға 2100 шағын несие берілсе, жеке істі кеңейтуге 1402 шағын несие берілген.

– Шағын несие алушылардың арасында әйелдердің үлесі артып келе жатыр. Көрсеткіш былтырғыдан 33 пайызға артып, 2000 мыңға жетті. Биыд шағын несие алған кәсіпкерлердің өзі 5 мыңдай жаңа жұмыс орнын ашты, – деді бірінші вице-министр.

Нұр-Сұлтанда жұмыссыздар көп

Үшінші бағыт – жұмыс күші артық өңірлердегі азаматтарды жұмысшы тапшы өңірлерге көшіру. Бұл бағыт бойынша 4 мың азамат оңтүстіктен солтүстікке көшті. Жыл соңына дейін біз 10 мың адамды көшіруіміз керек, – деді министрдің бірінші орынбасары.

Бір қызығы, министрдің айтуынша, Нұр-Сұлтан қаласы қазір "жұмыс күші артық" өңірлердің қатарына еніпті.

Ержан Жылқыбаевтың айтуынша, Үкімет қоныс аударуған отбасының әрбір мүшесіне 88 мың теңгеден субсидия бөреді. Сонымен қатар, бір жыл бойғы үй жалдау ақысы және коммуналдық қызмет төлемдерін өтейді.

500 мың теңге қайтарымсыз грант беріледі

Төртінші бағыт - жастарды жұмыспен қамту. "Жастар жылы" аясында "Еңбек" бағдарламасына жастарды көптеп тарту үшін сұраныс бар индустриялды-сервистік 100 мамандыққа дайындауға 200 оқу орны, яғни 180 колледж бен 20 ЖОО тартылды. Осы оқу орындарында алдағы үш жылда 200 мыңдай жас білім алмақ.

Сонымен қатар, жастар тәжірибесіне 10 мыңдай азамат тартылады.

Бұдан бөлек, алдағы үш жылда жыл сайын 20 мың адам "Бастау-Бизнес" бағдарламасымен кәсіпкерлікті игермек.

Бірінші вице-министрдің айтуынша, жыл сайын 10 мың жасқа жаңа кәсіп ашуы үшін 500 мыңнан қайтарымсыз грант беру де қарастырылған.

Сұраныс бар мамандықтар

Ержан Жылқыбаев журналистердің сұрақтарына жауап бере отырып Қазақстанда сұраныс бар мамандықтарды атады. Бірінші вице-министрдің айтуынша, қазіргі таңда елде 3D модельдеу инженері, IT мамандары, сәулетші, дизайнер мен туризм саласының мамандары тапшы екен.

Сонымен қатар, нақты ғылымдардың оқытушы-педагогтары мен электрдәнекерлеушілер мен газдәнекерлеушілерге сұраныс жоғары екен.

Штаттан тыс жұмыскерлер көбеюі мүмкін

Өз кезегінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ақмәди Сарбасов таяуда күшіне енген жұмыс беруші тарапынан жұмыскердің зейнетақы жинағына қосымша 5 пайыздық жарна төлеу мәселесі туралы да айтты.

Ақмәди Сарбасовтың айтуынша, министрлік бұл жаңалықтың шағын және орта бизнеске ауыртпалық әкелетінін біледі. Дегенмен, Президенттің халықтың әл-ауқатын көтеру туралы тапсырмасын орындау үшін осындай әлеуметтік қадамға барып отыр.

Кей бизнес субъектілері әлгі 5 пайыздық төлемді төлемеу үшін кейбір қызметкерлерді жұмысқа алғанда заңды жолмен рәсімдемеуі мүмкін. Өйткені, заң бойынша азаматтық-құқықтық сипаттағы келісімшарт негізінде жұмыс істейтіндерге, яғни штаттан тыс жұмыскерлерге аталған 5 пайыздық төлем жасалмайды. Осы орайда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ақмәди Сарбасов мұндай жағдайды арнайы еңбек инспекциясы бақылауда ұстайтынын, көлеңкелі еңбек нарығымен күресу жұмыстарының тиісті деңгейде атқарылып жатқанын мәлімдеді.

Бірдей мамандарға тең жалақы

– Жұмыспен қамту саясатындағы біздің негізгі мақсатымыздың бірі – ұлттық еңбек нарығын қорғау. Базалық талапты министрлік те, барлық жергілікті атқарушы органдар да ұстанады. Бүгінде шетелден жұмыс күшін тартатын кәсіпорындарда кадрлар бойынша қазақстандықтарды қамту 96 пайызды құрап тұр, – деген вице-министр кәсіпорындарда шетелдік және қазақстандық мамандардың лауызымы, кәсібі, қызметтік міндеттері бірдей болса,оларға жалақы тең төленуі керектігін айтты.

– Бұл талапты қатаң бақылауда ұстап тұрмыз, осыған мемлекеттік еңбек инспекциясының, прокуратура органдарының күш-жігері бағытталған. Бүгінде Президенттің тапсырмасын ескере отырып, тиісті тексерулер жүргізіледі. Осы ретте шетел мамандарын тартатын компаниялар қамтылады. Егер де қазақстандық жұмысшының біліктілігі жұмыс беруші белгілеген еңбекақыға сай келсе, онда маманның жалақысы тиісті деңгейде өседі, – деді Ақмәди Сарбасов.

Бауыржан Мұқанов

Жаңалықтар

Нью-Йорктің Оңтүстік округіндегі рэпер әрі продюсер П.Диддиге қарсы тағы 2 арыз түсті, деп хабарлайд...

Жаңалықтар

Француз қонақ үйінің қызметкері 16 жыл өткеннен кейін студент қызға қол тигізгені үшін түрмеге қамал...