Рахымжан Отарбаев өзінің шығармашылығы арқылы бүгінгі қазақ әңгімесі қалай болуы керек деген сұраққа...
Назерке Серікқызы:Кім екенімді ұмытып...
ЭЙФОРИЯ II
Сенің көзіңнің жарығынан от алып жағайыншы, жаным,
Мына әлемнің қараңғылығына.
Сенің жүзіңнің нұрынан сәл алып қалайыншы, жаным,
Ақ таңның ағаруына.
Сенің кеудеңде түн боп қала тұрайыншы, жаным,
Қолдарымды үнсіз жылытып.
Сенің бейнеңде мұң боп тама тұрайыншы, жаным,
Кім екенімді ұмытып.
Сен сүйген теңіздің толқыны болайыншы, жаным,
Тасқыныңменен тербелген.
Сен сүйген желдің салқыны болайыншы, жаным,
Жұпарыңменен емделген.
Жейдеңде сенің мамық боп қона тұрайыншы, жаным,
Әлемнің жұтып әтірін.
Кеудеңде сенің жарық боп жана тұрайыншы, жаным,
Деміңе сіңіп ақырын.
Түнегіңде сенің тылсым бола тұрайыншы, жаным,
Үніңмен үнге бой алдым.
Жүрегіңде сенің бір күн қала тұрайыншы, жаным,
Келеді бірге оянғым,
Өзіңмен бірге оянғым!
ТҮС
Асылым,
Аққулардан қанат сұрап қарызға,
Үнсіз ұша жөнелейік айналмай-ақ аңызға.
Алынбай-ақ ауызға...
Бәрін тастап, кетейікші тезірек
Жаңалықта айтып жүр ғой жар салып
Өмір бар деп Марста!
Жүксіз, түксіз тек екеуміз аттанып
Кетейікші алысқа...
Ах ұрғанда, атылғанда ажарымнан алып түн,
Жүрегінен жарып ұштық жерді айналған жарықтың.
Заңы қатал заманнан да,
Он сегіз мың ғаламнан да жалықтың ғой?
-Жалықтым...
Сөйттік те үнсіз қона кеттік құшағына алыптың.
Сонда бізді,
Ай да, күн де жұлдыздар да қошеметтеп қарсы алды
Қош келді деп ең алғашқы тұрғындары ғарыштың!
Қоштасарда қолын ұзақ бұлғар түн,
Мен тірімін, сен де өмірде шын барсың.
Жер үстінде жыр оқылып жатқан шақта ақырын,
Ай үстінде айтылмаған сыр қалсын.
Сонда сенің көздеріңде мен сыйлаған нұр жанып
Жастың қалай таматынын,
Жұлдыз қалай ағатынын, естіп көргің келген сәтте
Менің жүрек дүрсілімді тыңдарсың!
Білместікпен аспан жұртын,
Күннің бұлтын көкшіл түске бояппын,
Сонда бәрі, одан әрі тым әдемі болады деп ойлаппын.
Шексіздіктің шаһарында,
Ақшам таңның атарында,
Тағы біраз қиялдайын деген едім әттең-ай,
Неге сүйіп ояттың...
АРПАЛЫС
Тірілу, сүю, танысу, күлу, табысу,
Біреуден озу, біреуден кему, қалысу.
Өмір дегенің осы екен деймін
өмірмен
Жеңілу үшін жарысу...
Жабығу, жылау, сағыну, сұрау, егілу,
Армандау, құлау, құлату, босқа ерігу.
Өмір дегенің осы екен деймін, еріксіз,
Бақытты болып көріну...
Жеңілу, жеңу, оралу, келу, жақындау,
Түн болып батпау, таң болып шуақ шақырмау.
Өмір дегенің осы екен деймін, амалсыз
Өзгенің ойын мақұлдау...
Өртену, өлу, жиіркену, көну, сағыну,
Қартаю, суу, қоштасу, ойдан жаңылу.
Өмір дегенің осы екен деймін ақыры
Тағдырға тілсіз бағыну...
Көмілу, тыну, көгеру, шіру, бүліну,
Дәм – тұзың біту, сүрінер жерде сүріну.
Өмір дегенің осы екен деймін осылай
Тірілу үшін өлумен
Өлуің үшін тірілу...
АДАСУ
Жауып кетсе бұлтты аспанның бейнесі,
Ауыл жаққа тартып тұрам кейде осы...
Сонда менің қарашығым қарауытып бір сәтке
Елестейді есімді алып бақ ішінен әкемнің
Күнге кепкен жейдесі...
Қадірімді шын қашырып жібергенде қала тым,
Ауыл жаққа басатынмын үзілер боп тағатым.
Сонда менің қарашығым қарауытып бір сәтке
Анау қырдың арасынан кескіні кеп әкемнің
Жымиғандай болатын...
Мәні бар ма жыр алдында сені аңсатқан ойлардың,
Мен одан да паналайын ауыл жақтың қойнауын.
Сонда менің қарашығым қарауытып бір сәтке
Түнгі аспаннан үнсіз ғана ағып түскен жұлдызды
Әттең, әке сен екен деп ойладым...
Құр елесті қудым ба әлде мен босқа,
Неге бұлай, бұл жарама ем жоқ па?
Сонда менің қарашығым қарауытып бір сәтке
Білесің ғой сені ойламай мен ұйқыға жатпаймын
Сен сондықтан келіп тұршы кей уақта...
Желсің бе сен, мейлі, қуып жетермін,
Жалынсың ба, мақұл, шарпып өтермін.
Көрінсеңші, берілсеңші тауыстың ғой төзімді
Міне тағы қарашығым қарауытты, жан әке
Қайда сенің мекенің?
РИТОРИКА
Жүгіре кетсем жел желпіп жасындай бөтен,
Денеден жанды Жәбрейіл рас ұрлай ма екен?!
Өмірді бір рет сүрудің ләззатындай-ақ
Өлудің мәңгі раxаты осындай ма екен?!
-Өлімнің дәмі тұзсыз ба?
-Татып көрмегем,
Шырағың сөнбей болар ма шаттық көрмеген.
Бірі үшін бірі жаралған ғашықтың бәрі
Бақытты өлмеген...
Басымнан сәл-ақ асса да күйреген қайғым,
Кім еді сол жын қасына түнеген айдың.
Жоқ, жаным, сені ана дүниеге өзіңді жалғыз
Жібере алмаймын...
Жылашы, қәні, жасыңды ұрттап көрейін,
Ұрттап көрейін, содан соң шыққа теңейін.
Өліп болған соң келісші,
Бейнеңді сенің,
Бұлтқа көмейін...
Беріле салам алдымнан кеңістік күтсе,
Сыйдырып сабыр салқындау сенімсіздікке.
Келейік қайта өмірге өліп болған соң
Кездесіп тек үнсіздікте...
Келісейік пе?
Келісейікші...
ҮРЕЙ
Жан емес пе едім ұлпасын шашқан мамықтың,
Мен бүгін бірақ,
Әлсіздігімді таныттым.
Түсіме енсе соңынан кете беремін
Бір «өлең» дейтін,
Жарықтың...
Манаурап қана,
Көремін жамау жейдесін,
Сандырақтаймын, сенер де білмей сенбесім.
Дегбірім қашып,
Ояна кетсем шошынып,
Ұмытып қалам бейнесін.
Ентігіп барып, есігін қағам елестің,
Елемей мені есіней берді елес түн.
Бір өмір тұр ғой әйнектің бергі жағында,
Тіл қатпай жатыр неге ешкім?
Білгізер емес,
Кіргізер емес ішіне,
Ұмытқан мені, алмады еске түсіре.
Жұлқына берем,
Ұмытыла берем сонда да
Бағынбай тұрмын тұрандай тұрпат күшіне.
Көремін деймін,
Көремін деймін Құдайды,
Есігін қағам, жанарым қоса жылайды.
Мен келді деші, дем берсін деші, қарауыл
Күнәһар құлы мейірім тілеп сұрайды.
Тізерлей кеттім, білмеймін, әлде, жан үздім?
Есігін ашты, жарығын көрдім дәліздің.
Дем берген маған, ем берген маған Уа, Тәңір
Өлең қып берген өмірің үшін қарызбын!
ЭЙФОРИЯ
Есіңе түсе ме кейде,
Сен сүйген сол қыз таза ары.
Өзімен-өзі шаттанып билеп
Менің саусақтарым да сенің атыңды жазады...
Азырақ ойлап сағынып алып,
Есімнен шығармайтындаймын мен сені.
Содан соң лезде жабылып барып,
Менің кірпіктерім де сенің жасыңды сүртеді...
Балауыз шақта барыма балап,
Елесің ойдан кетпейді.
Жүрегім де еріп, еліріп қарап,
Тек сенің ғана дауысыңды естиді...
Оңай ғой бәрі, түсінші мені,
Жүректің сенсің қалауы.
Оңай ғой қані, сезінші енді,
Менің қарашығым да сенің жасың боп тамып барады...
МЕН СЕНІҢ...
Мен сенің ең әдемі түсің болайын,
Құсың болайын, жарығым.
Мен сенің сарқылмас күшің болайын,
Мүсін болайын...Танығын!
Мен сенің ең көркем күнің болайын,
Түнің болайын тұп-тұнық.
Мен сенің ең нәзік гүлің болайын
Махаббатымды ұқтырып.
Сағынсаң сенің жаның болайын,
Жарың болайын
Жоқ деме,
Мен сенің таза арың болайын
Барың болайын көктеде!
Сарқылмас сенің күшің болайын,
Құсың болайын
Жоқ деме,
Мен сенің әдемі түсің болайын
Оянып кетсең...
Өкпеле...
...ЖАҚСЫ КӨРЕМІН
Мен оларды жақсы көремін,
Бүйірімнен тынымсыз түрткендері үшін де,
Лас қолдарын жейдеме сүрткендері үшін де,
Сүрінетін сәтімді күткендері үшін де,
Жақсы көремін оларды.
Аяғымнан аяусыз шалғандары үшін де,
Қастық ойлап қасымда қалғандары үшін де,
Сезіміме су шаша салғандары үшін де,
Жақсы көремін оларды.
Бар қайғымды бетіме басқандары үшін де,
Сандырақ деп сан айып таққандары үшін де,
Мойыныма ауыр жүк артқандары үшін де,
Жақсы көремін оларды.
Бет бейнемді мазақтап өткендері үшін де,
Әр жұмысқа аяусыз жеккендері үшін де,
Еңбегімді елеусіз еткендері үшін де,
Жақсы көремін оларды.
Табанымды тебенмен тілгендері үшін де,
Көз жасымды көрсетіп күлгендері үшін де,
Бұл өмірде аман-сау жүргендері үшін де,
Жақсы көремін оларды...
***
Өртке тастап мұң аңқыған бүлдемді,
Менің тұнық өмір шоғым үрленді.
Жанарымыз жолыққанда түсіндім
Жалғыз өмір сүрмеуді...
Тамашалап түнгі аспанның бейнесін,
Жамыламын жапырақтың жейдесін.
Бұлт үстінде жыр оқығым келеді
Жұлдыздарға кейде шын...
Сағыныштан жасқа оранып етегім,
Ай сәулесін сырлас құрбым етемін.
Мына әлемнің барлығына жария
Менің ғашық екенім...
Байқамастан бар ғаламның байлығын,
Қызғанар ма ең, қызғанғандай ай күнін?
Үндесуге үлгергендей кейде рас,
Тәттісі де болады екен қайғының.
Тамаша ғой тапса егер де тең-теңін,
Шамдарындай ұйқылы ояу өлкенің.
Сұрамай-ақ білгеніңе таң қалам
Саусағымның өлшемін...
Дүрсіл қостың дүрсіліме дем бердің,
Мені осылай бақытыңа тең көрдің.
Жүзігім де жарқ-жұрқ еткен сол сәтте
Жүрегіндей зергердің...
Таң қалар ма ең тамырыңда бүлк етсем,
Арым барда шықпас сезім тым шектен.
Мен бұлт болып бейнеленер едім-ау
Сен күн болып күрк етсең...
Түн бар ма екен тұнығындай Семейдің?
Бар-ау сірә, ғалам бөлек демеймін.
Әттеген-ай, кетіппін ғой ұмытып
Түсті есіме құрғағанда көмейім.
Анам мені шайға тосып отыр-ед(і)
Асып айтып, тасып айтып не дейін?
Енді осымен қиялдауды тоқтатып,
Шайымды ішіп келейін...