СУРЕТТЕР ШЕРТКЕН СЫР...

ӘДЕБИЕТ
3847

Жайық жағасы табиғаттың өз пейзажы секілденіп алуан түске боялған қоңыр күздің маужыр күндерінің бірінде Ш.Сариев атындағы Өнер музейінің ұйымдастыруымен Атырауда қазақтың ардақты ақын қызы Фариза Оңғарсынованың 80 жылдығына арналған «Поэзия падишасы - бояулар тілінде» атты республикалық суретшілер симпозиумы өтті.

Симпозиумға еліміздің әр өңірінен 14 суретші қатысты. Суретшілерге бұл шара туралы екі ай бұрын хабарланып, олардың еркін жұмыс жасауына мүмкіндік пен уақыт берілді. Бұл аралықта қылқалам шеберлері Фариза шығармашылығына қайта үңіліп, оның сұлу әлеміне бойлай еніп, тынымсыз жұмыс жасады. Бір-екі картиналарын дайындап әкелсе, тағы бірін Атырау өнер музейінің студиясында отырып тиянақтады. Олардың ішінен кем дегенде екі-үшеуін көрмеге қойды.

Суретшілердің айтуынша, олар поэзия падишасының адами болмысын, шығрмашылық әлемін бояулар тілінде сөйлете отырып, живопись пен поэзияның бір-біріне етене жақындығын бұрынғыдан бетер байқай түскен. Егер Леонардо да Винчидің: «Живопись көзбен көретін поэзия, ал поэзия құлақпен тыңдайтын живопись» деген қанатты сөзін ойға алсақ, осыны суретшілер тап осы жолы өз жүректерінен өткізді десе болады.

Әрине, Фаризадай біртуар тұлғаның образын, өскен ортасын, шығармашылығын, қайраткерлігін сурет арқылы беру талант қарымымен қоса, үлкен жауапкершілікті, терең әдеби білімді қажет етеді. Қуанышқа орай, көрмеге қойылған картиналарға зер сала отырып біздер осы симпозиумға қатысқан суретшілердің бойынан аталған қасиеттерді аңғара алдық. Әйтпесе, біз көргендей картиналар жазылмас еді.

Енді осы картиналарды сипаттасақ. Нұр-Сұлтан қаласынан келген Махамбетов Сейсенхан Орынбекұлы елімізге танымал қылқалам шебері. ҚР Суретшілер одағының мүшесі, ҚР мәдениет қайраткері, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері және ҚР Көркемсурет академиясының академигі. Сейсенханның көрмеге ұсынған картинасының бірі «Теңіздегі аласапыран» деп аталады. Бұл картинада Фариза туған жердің інжу-маржаны - кәрі Каспий теңізінің жел шайқаған аласапыран сәті бейнеленген. Теңіздегі аласапыран – бұл сонымен қатар Фаризаның өжет мінезі. Ақын өзінің туған табиғатына тартқан. Осы туған жеріне арнап оның бір кезде жазған «Теңіздегі аласапыран» атты өлеңі енді живопись тілінде сөйлеп тұр. Картинаға ойлы көзбен қараған адам арада көп жыл өткенде өзінің туған теңізінің жағасына қайта оралған жап-жас Фаризаны көрер еді. Ғасырлар бойы теңіз суы мүжіген кәрі жартасқа өршелене кеп соғып жатқан ақжал толқындар жағадағы қайықты да бір жағына қисайтып тастапты. Осының бәрі ақынның асау  мінезімен де үндестік тауып тұр. Әрине, аласапыран күй кешіп жатқан теңіздің сұлулығын да байқамау үшін көрсоқыр болу керек шығар. Теңіз пейзажының ғаламат көркемдігі бұл ақынның нәзік те қиялшыл жан-дүниесінен хабар береді. Суретші осының бәрін бояу тілімен, шығармашылық көзқараста беруге ұмтылған.

Ал «Баянауыл басынан бұлт кетпес, Қиядағы түлкіге құсым жетпес» деген ән арқылы бәріміздің жүрегімізден орын алған Арқадағы Павлодар өңірінен келген Шуранов Өсербай Аманжолұлы да өзін талантымен мойындатқан қылқаламның құлагері. ҚР Суретшілер одағының мүшесі, ҚР Мәдениет қайраткері, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Көркемсурет академиясының академигі секілді атақтары барын да айта кету артық болмас. Оның «Шабыт» атты картинасы көрмеге келген өнер сүйер қауымның назарын бірден аударды. Біріншіден, суретші Фаризаның портреттік бейнесін дәл берген. Екіншіден, ақынның жыр әлеміне енген шабытты сәтін шебер суреттеген. Ақынның қолындағы дәптерге төне түскен қалам да шабыттың шырқау сәтінен хабар береді. Енді сәл десе сол дәптерге жыр маржандары сау етіп төгіліп кететін тәрізді. Ал ойға шомған ақынды қаумалай тұрған детальдарға көз жүгіртсеңіз, ақынның жан дүниесі, жыр-толғауы қызыл-көгілдір алау-жалынмен әдейі жазылғанын аңғаруға болады. Өйткені ақын осындай жастықтың алау атқан шағында жыр әлеміне лаулап кірген еді. Картина осындай әсерлерге жетелейді. 

Тағы да Арқа жерінен, соның ішінде Қарағандыдан келген Айтуаров Ерлан Сахипұлы да елімізге танымал суретші. ҚР Өнер академясының академигі, ҚР Суретшілер Одағының мүшесі, ҚР суретшілер академиясының Вице-министрі. ҚР Еңбек сіңірген қайраткері. Оның «Ақжайық» атты картинасы пейзаж жанрындағы ғажап туынды. Жайық – Ресей жерінен бастау алып, Батыс Қазақстан, Атырау облыстарын көктей өтіп, Каспий теңізіне құятын өзен. Ф.Оңғарсынова өз өлеңдерін көбінесе туған өлкесіне, махаббатқа, табиғатқа арнағанын білеміз. Картинаға қарап тұрғанда оның «Жайықтың толқындары» атты өлеңі еске түседі. Бұл өлеңге композитор Қалдыбек Құрманәлиев тамаша ән жазды. «Жағаңда ер жеткен, Жанымды тербеткен. Жайықтың толқындары-ай. Жастық-ай шіркін деп, Жүрегім лүпілдеп. Аңсаймын сол күнді әлі. Жайықтың толқындары» деген ән мен өлең жолдары осы картинадан Жайықтың саумал самалындай есіп тұрды. Суретші ақ Жайықтың көз тойғысыз сұлулығын алуан бояу реңктерін қолдану арқылы шынайы да әдемі бере білген. Оның бояу палитрасы өте бай. Соны шебер қолдана алған. Түс алуандығы арқылы табиғат пейзажының тұтастығы сәтті шешім тапқан.   

Сол секілді, шырайлы Шымкенттен келген ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Көркемсурет академиясының академигі Оспанов Айнабек Мыңжасарұлы да қанжығасы майлы суретшілердің бірі. Оның «Өжет ұрпақ» атты туындысы көзіқарақты өнер сүйер жұртты әп дегеннен елең еткізді. Өжет ұрпақ деген кім? Жауап берейік. Сонау алпысыншы-жетпісінші жылдары қазақ әдебиетіне сол тұстағы «хрущевтік жылымықты» пайдаланған, өздері де өзгеше ойлайтын, еркеше талантты, білімді ұрпақтар толқыны келіп қосылғаны белгілі. Осы кезеңде қазақ ауылынан шығып, оқырмандар көңілінен орын алған, оларды мойындата білген ұрпақтар өкілінің бірі Фариза Оңғарсынова еді. Ол туған жерін, ауылын, Каспий толқынын, махаббат сезімін суреттей білген батыл да нәзік жанды ақын болатын. Мақсаты ақындық жол болған оның айтары көп болды. Өмір жолында ол алдаспандай өткір мінезімен, мақсатты жолынан айнымай өжет ұрпақтар өкілі екенін дәлелдей білді. Картинада автор ой-арманы Каспийдің асау толқынындай арнасынан асқан жас ақынның образын биік деңгейде сомдаған. 

Қасиетті Әулиеата өңірі - Тараз қаласынан Атырауға ат терлетіп жеткен талантты қылқалам шебері, Суретшілер Одағының мүшесі, «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінің «Бейнелеу өнері» номинациясының иегері Оразханов Дастан Шалабайұлы да көрмеге олжалы келіпті. Ол «Өмір жолы» атты картинасында Фаризаның өмірі мен шығармашылығынан бояулар тілінде сыр шертеді. Суретші ақынның өлеңдерін қайталап оқи отырып, ондағы жиі байқалатын туралық пен тазалықты тақырыпқа қазық етіп алған. Туралық әділдікті меңзесе, тазалық сөз бен істің барынша сәйкес келуін талап етеді. Жалпы, өнерде шығармашыл тұлғаның қабілет бастауын бір ғана жол деп алсақ, сол даңғыл жолда туралықпен жүру өмірде де, өнерде де әсте оңай болмайтыны белгілі. Сол себепті суретші бұл туындысында ұзарған тура жолдың сорабын көкжиек шексіздігіне дейін бейнелей отырып, бастапқы планға символикалық мағынадағы үш кейіпкерді топтастырған. Бірінші көріністе мейірімділікті меңзейтін ана тұлғасы, екінші көріністе ер мінезділікті паш ететін ер-азамат тұлғасы, үшіншісі қыз бейнесіндегі нәзіктік тұлғасы боп өріледі. Осы аталған үш қасиет те ақын Фаризаның өлеңдерінде жиі байқалады. Суретшінің бірінші көріністегі кейіпкері – ана бейнесінің шынайы өмірде де ақынның өмір жолына игі ықпал еткені оның шығармашылығынан жиі көрінетін. Оның халқына деген шексіз мейірімділігі мен жанашырлығы сәби күнінен анадан берілетін қасиеті болғандықтан суретші ананың тұлғасын бірінші планда бейнелеп отыр. Екінші бейнеленген ер адам тұлғасы автордың өз бойындағы қалыптасқан қайсарлық. Ал, үшінші көріністегі кітап оқып тұрған жас қыз бейнесі ес білгелі оқу-білімге құштарлықты меңзейді. Осы композицияда қамтылған бір шоғыр кітаптар мен олардың үстіне қойылған домбыра ақынның бала күнінен бастап қазақтың батырлар жырымен сусындап өскенінен хабар береді. 

Асқақ Алатаудың баурайындағы ару Алматыдан келген Тайнов Серік Айтқазыұлы қазақ бейнелеу өнерінде өзіндік қайталанбас қолтаңбасы қалыптасқан суретші. ҚР мәдениет қайраткері, ҚР Суретшілер одағының мүшесі, Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясының аға оқытушысы. Оның «Фариза Оңғарсынова әлемі» картинасында Фаризаның жұмыс столында отырған бейнесі сомдалған. Ақынның арқа жағында әже мен атаның символикалық бейнесі көрініс табады. Осы арқылы суретші ақынның арғы ата-бабаларымен байланысын, ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан Ұлы даланың ақындық өнерінің жалғастырушысы екенін білдіреді. Туындының сол жағындағы қанатты қазанаттың бейнесі, шығармашылық ортада кеңінен таралған шабыт пен творчествоның символына айналған ежелгі гректердің мифологиялық персонажы «Пегас» және соның жетегінде енді-енді рухын оятып, шабыт көзін ашайын деп тұрған жас ақын қыздың бейнесі көрінеді. Осы образдарға артқы фон беріп тұрған теңіз көрінісі бір жағынан ақынның өскен жерін меңзеп тұрса, екінші жағынан оның ішкі жан-дүниесі теңіздей шалқар және терең екенін, онда жүзіп жүрген аққулар оның творчествосы әсемдікке, махаббатқа және ішкі сезімге бай екенін көрсетеді. Фаризамен қатар өз тұғырында орын алып тұрған қазақтың қара домбырасы поэзия падишасының қазақтың дәстүрімен, өнерімен және бай рухани әлемімен тығыз байланысын көрсетеді. Картинада бірінші планда алынған үлкен гүлдер шоғы ақынның қазақ поэзиясына сыйлаған махаббатын паш етеді. 

Шырайлы Шымкенттен келген және бір тарланбоз шебер деп Палымбетов Ерғали Нұрғалиұлын айтсақ болады. Ол КСРО Суретшілер одағының мүшесі, көптеген республикалық және шетелдік көрмелерге қатысқан. Оның «Ерте көктем шыққанда» атты картинасы тұнып тұрған сыршыл лиризм. Онда Нарынның ерте көктемі тамаша көрініс тапқан. Гүлді алқапқа тізе бүге отырған балғын жүзді Фариза, көз ұшында түйенің бұйдасынан ұстап, сауымға дайындалған келіншек, бабамыздың құтты мекені болған киіз үй, жыңғыл мен қидың иісі, ботаның боздаған үні, көк жүзінде баяу ғана қалқыған ақшулан бұлттар, осының бәрі суреттен жыр лебіндей есіп тұрды. Бұл картинадан бояулар үндестігі адам көңіл-күйінің нәзік сырын шерте алатынын көреміз. Мұнда Нарынның ерте көктемдегі қызғалдақты белестерінен, қияқ пен түзгін жапқан құм шағылдарынан сыбызғыдай сыңси үн қатқан сағынышты сыр жатыр. Кейіпкердің арманшыл болмысы жатыр. Мұндағы бояу байлығы, түстердің сыйқырлы күші көрермен жан-дүниесіне ерекше жайлы атмосфера туғызады. Суретшінің қолтаңбасына тән жарқын түстер көзіқарақты, санасы сәулелі көрерменнің сезіміне әсер етпеуі мүмкін емес. Осы арқылы автор өзінің негізгі мақсатын кенеп бетінде кескіндейді. Мұндай ізденістер оның шеберлігін шыңдай берері сөзсіз. 

Аты жер жарған симпозиумға ақ Жайықтың ерке самалы тербеген Атыраудан да бір топ суретші қатысты. Олардың бірі - ҚР Мәдениет саласының үздігі, ҚР Көркем өнер академиясының мүше-корреспонденті, ҚР Суретшілер Одағының мүшесі, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің аға оқытушысы, Атырау облыстық Суретшілер Одағының төрағасы Отаралиев Айса Бақтиярұлы. Оның «Құмдағы ауыл» атты картинасының жазылуына ақынның осы тақырыптағы өлеңі ықпал еткен. Картина симпозиум аясында жазылды. Бұл композициялық шығармада ақынның туған жерін еске оралтатын, тұтастыққа құралған бейнелер көрініс табады. Туған жер табиғаты, талай тұлғалар киелі босағасынан түлеп ұшқан тоқал там, алуан түспен құбылған құм шағылдар, үй төбесінен жол қарап тұрған арманшыл қыз, ақшулан бұлттардың бергі жағында кітап оқып отырған жігіт, осының бәрі ақынның бала қиялымен астасып жатқан көріністер. Суретші қоңыр және ақ бояуды тиімді қолдану арқылы қыздың әдемі сұлбасын жазған. Ол бояу алуандығын көркемдік тұтастықты сақтауда басты тәсіл ретінде алған. Адам мен табиғатты тығыз байланыста бейнелейді. Бір сөзбен айтқанда, бұл қызғылт, сары, қоңыр, ақ, сұрғылт түстердің контрасты үйлесімі арқылы шешімін тапқан сәтті туынды деуге болады.      

Абайдың елі Семейде туып, Атырауды өмірлік тұрағы еткен бір талантты қылқалам шебері бар. Ол КСРО Суретшілер Одағының мүшесі, ҚР Дизайнерлер Одағының мүшесі, ҚР көркемсурет мүше-корреспонденті, ҚР Көркемсурет академиясының академигі, ҚР мәдениет қайраткері, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің доценті Аманов Қамбарбек Хасенұлы. Суретші бұл симпозиумға «Көңілден кетіп көп арман» атты композициялық портретін ұсынды. Елге әйгілі ақынның туып өскен жері Атырау өңірі. Картинада оның өмір сүрген ортасы, жастық шағы көрініс тапқан. Бұл образ арқылы ақынның ерекше мінез-құлқын, өжеттілігін, турашылдығын көруге болады. Композицияның ортаңғы планы Фариза бейнесін қамтыса, оның фонында Жайықтың әсем жағасы, сол дәуірдің тыныс-тіршілігі көрініс тапқан. Суретші сары, жасыл, қара, сұрғылт, ақ, қоңыр және алқызыл түстерге реңк бере отырып, портрет пен пейзажды бір туындыға сыйғызып жібергендей ойға жетелейді. Бірақ ақынның еркін отырысы мен шалт қимылы картинаны портрет аясынан шығарып та жіберетін секілді. Бұл туындыға нақты бір жанрды таңу сол себепті де қиын. Ең бастысы бұл суретте ақынның аяулы дидары және ол өсіп-өнген асыл өлкенің, Жайықтың тұма табиғатының салтанатты үні бар.


Тарас НАУРЫЗӘЛІ
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
Атырау қаласы.
author

Фариза Оңғарсынова

АҚЫН

Жаңалықтар

Әлеуметтік желіде қазақстандық трансгендердің соққыға жығылған видеосы  тарады, деп хабарлайды...

Жаңалықтар

Өскемен қаласының 27 жастағы тұрғыны ірі көлемдегі алаяқтықтың құрбаны болып, полицияға жүгінді, деп...