Жәркен Бөдешұлы. Жалғыз (поэма)

ӘДЕБИЕТ
657181

Қарқаралы басында жалғыз арша,
Хатқа жүйрік сол қалқа, мұсылманша.

(Халық өлеңі)

Жәркен Бөдешұлы

Ғұлама таулардың тұрғыны - арқар, құлжаны кәнігі мергендер күзде, тек қана күзде аулайды. Жауынға бөртіп, шыққа шыланып піскен қара жусанды қарпытып, тасты жарып шыққан мөлдір бұлақпен шөлін басқан еркін, қамсыз хайуандар, қуатты, қоңды шіркіндер мергеннің қақ жүректен көздеп атқан тосын оғы дөп тигенде былайғы аңдардай бірден құлап түсіп, жан тәсілім етпейтін көрінеді. 
Қойдың құмалағындай қорғасын оқтың уы ұлы денесіне тегіс жайылып болғанша сағаттап, тәуліктеп жылжымай қарысып тұра береді екен. 
Мұны ежелгі аңшылар қауымы “оққа сүйенген жалғыз арқардай” деген тәмсіл арқылы еске салады. Ақынша айтсақ:


Жалғыз арқар.
Жалғыз оқ.
Жалғыз құздың басында –
Селт етпейді боранға,
Селк етпейді жасынға.
Мұңлы қоңыр жанары бір жанады, бір өшіп,
Ажалына сүйеніп, қатып қалған сіресіп.
Қос өкпесі деміксе - жусан исі бұрқырап,
Таңғажайып тағдырға тау тағысы тұр шыдап.
Жапанда жалғыз бәйтерек, айнала дауыл боратқан.
Жапырағын желге ол тонатқан.
Өз діңіне сүйеніп,
Шайқалса да жарықтық құламайды құрдымға –
Тамыры шынжыр болаттан.
Батыр Баян бабамыз ақ найзаға сүйеніп,
Ел қорғаған қасқайып,
Көкірегін кекті жас шайып.
Киелі қара шаңырақ, сүйеніп қызыл уыққа, уыққа емес рухқа.
Ана тіл ақ боз биедей оқыранып, жер тарпып,
Талқандап тұсау, кісенді ілінбеген құрыққа.
Ақ бесікке сүйеніп,
Әлди-әлди әндетіп анамыз бөбек тербеткен.
Әкем қырдың басында ақ таяққа сүйеніп,
Ақтылы қой төлдеткен.

I

Жоңғар құмын омбылап, Сары-Арқаға жеткенше –
Қияметтей жол жүрдім.
Өкпемді қарып ыстыққа, жүректі аяз, тоңға ұрдым.
Адамша ерлік жасадым, бұралқы иттей болдырдым.
Өмір сүрдім дегенім - тырағай тірлік, тірі егес.
Тек өлген соң боламын құбылмалы құр елес.
Алабөтен тағдырым
Такламакан шөліндей жазы ыстық, қысы аяз.
Қабірімнің басына сексеуіл өсер, гүл емес ...
Жалғыздыққа сүйенген, Мен де жалғыз арқармын.
Жалғыз өлең дарыса, жүректегі тарқар мұң.
Жырдың уы бойыма жайылғанда өлермін,
Өзі айтады үкімін келер ұрпақ, келер күн.

II

Бұл жалғанда кім жалғыз?!
Ақ борықтай Ай жалғыз, Айдан нұрлы Күн жалғыз.
Жарқырап тұрған Шолпан да жалғыздығын сезінер,
Таң алдында көз ілер...
Жыр боп мәңгі жасарға, Абай жалғыз қашанда.
Абай жалғыз болғасын, екеу емес Мағжан да.
Аспанды бұлт торлайды, жауынсыз жер сорлайды.
Абылай хан жалғыз болғансын, Бұхар екеу болмайды.
Махамбет жалғыз құбылыс, Исатай оқыс бұрылыс.
Ақжайық көздің жасындай, Қарой топырақ бір уыс...
Қиял - қыран, ақыл - шың. Майдансыз қайтпас жау беті.
Сен де, жалғыз батырсың. Ер Баукең Момыш әулеті.
Көңілде бар көп түйткіл, айтыла бермес көбінде.
Өмір жалғыз болғасын, екеу емес өлім де.
Өз көзіммен көргем жоқ, себебі әлі өлгем жоқ.
Тозақ та жалғыз деседі, жұмақ та жалғыз деседі.
Бір қынаптың ішіне екі қылыш түнемес.
Айтарым бірақ, бұл емес.


... Жалғыздықтың азабын Шәкәрімдей тартқан кім?
Жалғыз құдық түбінде жалғыз қурап жатқан кім?
Жалғыз таудың қуысын қысы-жазы паналап,
Жалғыз балға. Төрт таға. Жалғыз атын тағалап.
Тобылғы сап, жез бунақ, жалғыз қамшы сабалап...
Жалғыз қыстау. Жалғыз меңіреу тас үйде:
Жалғыз шырақ. Жалғыз төсек. Жалғыз жастық.
Жалғыз Құран. Жалғыз құман.
Жалғыз шаршы жайнамаз.
Бес намазын оқиды. Күңіреніп білікті ұл,
Тыңдайды оны сай-сала,
Орман тоғай, Тымық қыр.
Жалғыз жарлы ас үйде:
Жалғыз ошақ. Жалғыз қазан. Жалғыз шөміш.
Жалғыз көсеу. Жалғыз табақ. Жалғыз кесе.
Жалғыз қасық.
Жалғыз шәугім. Бәрі-бәрі жалғыздан.
Жалғыз жүрек. Жалғыз қалам. Жалғыз жан.
Тас қораның сыртында:
Төңкерілген ит-аяқ.
Жалғыз боран. Жалғыз бөрі ұлып тұр.
Емен есік күзеткен жалғыз шойын құлып-құл...
Босағада мөңірейді іші қуыс тұлып құр.
Ағаш науа ішінде қатып қалған тұнық су.
Қатып қалған сіресіп жалғыз қайың құрық тұл.
Беу, жалғыздық әлемі, беу жалғыздық әлемі.
Ғұламаға ғұмырлы жарасқаның әдемі...
Жалғыздықтан қорқады обыр, жемқор,
Топшыл, құзғын, күшіген.
Жалғыздықты - даралық, даналық деп түсінем.
Тағдырлар бар сан алуан, ішінде құла, аласы.
Жалғыздықтан жаралған адамзаттың баласы.
Данасы мен дарасын мәрмәр тасқа қашайды ел.
О, жалғыздық, жасай гөр, о, жалғыздық, жасай бер!

III

- Кім жалғыз бұл жалғанда?!
- Қара жер жалғыз қашанда.
Адамның жетпес ақылы қолдан оны жасарға.
Қайран, біздің Сары-Арқа сағымнан алтын сапырған.
Қайран, біздің Жетісу топырағы құт шақырған.
Қайран, біздің Қарақұм дауылы тау көшірген.
Қайран, біздің Атырау мұнайын қыздай ұзатып,
Ел мерейін өсірген.
Солай да, солай десек те, жер-судың бәрі есепте ...
Өлуге маған болмайды, Тағдырым шіркін, сондай-ды.
Жер қалмады бұл маңда сүйегімді көмерге.
Жердің бәрі сатылған. Сатылған жер қат-қабат тікенек сыммен қоршаулы.
Құстар да аспан самғаған, балық та суды шарлаған –
Сатылып кеткен бәрі де.
Қалмағасын сүйем жер, сүйегімді көмерге –
Аяқ пен қолым ұйқасып, жүрегім күмбір күй тасып -
Қыл қобыздай мөңіреп жарғақ екі құлағым –
Санам құстай сілкініп - айналып кеттім өлеңге, айналып кеттім өнерге.
Жалғыздықтың азабын тартқан жалғыз мен бе екем:
Күйші Құрманғазыға кілтсіз “Кісен аштырып” –
Күңіренген Қорқытқа тірідей көр қаздырған –
“Торайғырды” тағалап, ерке “Аққуға” наз қылған –
Домбырам, сен де жалғызсың.
Қобызым, сен де жалғызсың.
Ұшқыр қиял, кемел ой, шіреніп тартқан жебедей,
Дарияға салған кемедей тілім де жалғыз, ділім де.
Қатыгез қатал ғасырдың тепкісіне шыдаймын.
Ашынған даусым жетсе екен құлағына Құдайдың ...
Төбең көкті тіреген, ағашың құстай түлеген –
Алатау, сен де жалғызсың.
Көгілдір нілге шыланған, Күнікей қыздай сыланған –
Көкшетау, сен де жалғызсың.
Қазынасы қат-қабат, арулары ақ тамақ –
Қаратау, сен де жалғызсың.
Алтынын бұлттай көшірген, бұғысын ұлдай өсірген –
Алтай, сен де, жалғызсың.
Шекарасы темірден, байлығы мұнай, көмірден,
Ақыны бұлттай егілген Жайыртау, сен де жалғызсың.
Патшаның алтын тағындай, адамзаттың бағындай,
Хан-Тәңірі, сен де жалғызсың!
Таңғажайып ертектей, еңіреп туған еркектей –
Тарбағатай, сен де жалғызсың.
Кешір, мені, тауларым, жалғыз-жалғыз болғасын,
Қосылмайды бастарың. Араласпайды тастарың ...
Жұтынып тұрған жұт жетеу,
Құлшынып келген құт жалғыз.
Ғалам шексіз әмәнда, кіндік кескен жұрт жалғыз.
Жалғыздықтың азабын тартқан жалғыз мен емес,
Жалғыздығын өзінің сезбеген ел, ел емес.
Азия, сен де жалғызсың.
Еуропа, сен де жалғызсың.
Бостандық, шындық, ақиқат
Сендер де мендей жалғызсың.
Отан жалғыз. От жалғыз.
Қайда қаңғып кетсек те. Саған келіп тоқтармыз.
Барымызды жарылқап, жоғымызды жоқтармыз.
Ділсіздерді тілгілеп, опасызды соттармыз.

IV

Бауыры жерге тимеген, шалғысы күнге күймеген –
Ақ сұңқарды жаралы сауысқан, қарға, құзғындар –
Шоқып, түртіп талады.
Қауырсыны желге ұшып, қос топшысы қанады.
Арашалар ешкім жоқ Сұңқар маған қарады.
Мен Сұңқарға қарадым, тұнжырап түндей қабағым.
Қаламымның ұшымен құзғынның көзін ағыздым.
Белбеуімді суырып сауысқан мен қарғаны –
Сансыратып сабадым.
Ақ Сұңқар құс былай деп - сабырлықпен үн қатты:
“Жүрегімдей көрдің бе, қан жоса боп күн батты.
Арашадан қалған жан, жан емес ол, жалған жан.
Шапағат, мейірім күтпеймін мынау жалтақ жалғаннан”
Сұңқар басын тасқа ұрды, Өз үкімін паш қылды.
Жалғыздықтан қорықпаймын, топқа, жікке бөлінген,
құм төбедей өрілген тобырлардан қорқамын.
Аш бөрідей бүкеңдеп, жортсам, жалғыз жортамын.
Тырналар үшар тізіліп, бұлдырық ұшар топтанып.
Ал, құстардың тектісі — қырандар жалғыз самғайды.
Жер мен Көкті шарлайды.
Тексіз шиебөрілер
оннан-бестен ұйлығып жүргенімен қампайып,
Бірін-бірі аңдиды, бір-бірінен қорқады.
Күн баласы Арыстан, түн перісі Сілеусін,
тау серісі Барысың жалғыз-жалғыз жортады.
Күйбеңдемей күй кешіп,
өзіне-өзі сенеді тәкаппарлық, паңдықпен.
Ығысады олардан былайғы топшыл аң біткен.
Сыбыры көп болғанмен, сылдыры көп болғанмен –
Жолбарыс үрікпес қамыстан.
Ажалдан емес, Сұңқарша өлермін түбі намыстан.
Күншіл топтан жерінген мен бір тарпаң құланмын,
Күлсем жалғыз күлермін, жыласам жалғыз жылармын.
Уатшы деп біреуге қол қусырып құнықпан.
Құлай қалсам сүйегім табылар шыңырау құдықтан.

V

Жалғыздықтың тозағын, тартқан жалғыз мен емес.
Жалғыздар бірақ, көп емес.
Ақындары Апаштың, шеттерінен қызыл шоқ,
жел үрсе маздап жанады.
Шабытты шақ, оқыс шақ. Қарашаңырақ Қағаны –
Мырқасымұлы Нұрланжан үйренсең де от ұстап -
сен де, жалғыз, дарасың.
Уға, балға толтырған, жырдың күміс шарасын.
Көк түріктің әуенін асқақтатқан әспеттеп,
Рухына кетердей, топырақ түгіл тас көктеп.
Медетбек тегі Темірхан, сен де мендей, жалғызсың.
Қарға бойлы Есенбай, Дүйсенбайдың тумасы –
Өлеңнің сұңғақ ағашы, Жәркеннің жалғыз ағасы –
Айналаңа қарашы? Тұғырындай бүркіттің,
Сен де мендей бір түпсің.
Несіпбек Айттың оғлы, “Көкала үйрек” секілді –
Сен де жалғыз құстайсың.
Ата жырау Ақтамбердінің аузымен,
Қасқалдақтың қанымен жіберейін ұшықтап,
ұш, тағы да ұшып бақ.
“Фариза қыз, Фариза қыз,
өмірде ақындардың бәрі жалғыз”.
Жалғыз, жалғыз, жалғыздарым-ай,
рухани балмұздағым-ай!
Балмұздағымды, жалғыздарымды жарға қамалап –
Сары уайымға салғызба, Құдай!
Тұз уатқан келсаптай ағарса да қастарың,
ағарса да шаштарың –
Жалғыздықтың дертіне шыдап бақ, замандастарым!
Шыдаңдар, шыдап бақ! Шыдаңдар, шыдап бақ!
Қараңғыға - шырақ сәт. Сусағанға - бұлақ сәт.
Өмір бұлаң сағымдай, өмір деген бір-ақ сәт.

VI

Кең аула.
Шексіз кеңістік.
Қанатты жыр - менде бар, емеспін нөсер жауынға,
найзағайға, желге зар.
Кең аулама ектім мен өз қолыммен түп емен,
Түп еменнің түбіне Ай туғанда түнегем.
Сол емендей қасқайып тағдырыма қасарып.
Сол емендей найқалып, сол емендей түнерем.
Кең аулама ектім мен, алма ағашын аласа,
Суармаған кешім жоқ.
Ұрпақтарым алмасын үзіп-үзіп жесін деп.
Кең ауламның ішінен шыңырау құдық қаздым мен,
Суы көздің жасындай, іше бергім келеді,
сусыным бір басылмай.
Кең аулама сыйғасын, құс баулып, ат ұстадым.
Көрмейін деп тірідей бұл жалғанның қыспағын.
Құс болғасын қолымда, ат болғасын астымда,
місе тұтпай ауламды –
Шықтым дала, тас қырға.
Апанынан осылай ұзап шығып жортады екі ұртын майларға –
Қасқыр екеш, қасқыр да.
Қолымда құс болғасын, көтерілдім ғарышқа,
Кеңістігін жүлдыздар қызғанбады қорғаштап,
“Ақбоз ат” пен “Көкбоз ат” кісінесті жол бастап.
Кең аула, шексіз кеңістік, қанатты жыр деген сол,
Онсыз менің болады жүрегім мұз, төбем сор.
Сел жауса да сөнбейтін өлеңнен қойдым от жағып,
Төрт құбылам жап-жарық, ортасына мені алып –
Суретке түсер көп халық ...
Суретке түсер Алты Алаш,
патша да, ханым да шарпылып жүзі жалынға.

РS:

Ғұлама құздың басында оққа сүйенген жалғыз арқар әлі сіресіп тұр. Сауысқан, қарға, құзғындардың тұтқиыл шабуылының кесірінен мерт 
болған ақсұңқар құстың рухы қомданып, Хан-Тәңірінің қиясында қонақтап отыр. Жаралы арқардың қашан көз жұмары белгісіз... 
Қомданған қыранның күні ертең-ақ шарықтап аспанға көтерілуі айдан анық. О, Жаратушы жалғыз Тәңір-Ием, өзіңе ұқсаған жалғыздарыңды жарылқай гөр!

Жәркен Бөдешұлы

 
author

Жәркен Бөдешұлы

АҚЫН

Жаңалықтар

Елордада мемлекет және қоғам қайраткері Нұрлан Балғымбаев атындағы көше пайда болды. Бүгін аталған к...

Жаңалықтар

Америкалық рэпер P. Diddy-ге (шын аты — Шон Комбс) ауыр айыптар тағылды. Адвокат Тони Базби му...