Қазақстандықтар Gov.kz сайтында Sergek VMS кешенді бейнебақылау жүйесінің арқасында Атырау облысы ме...
Ербол Бейілхан, ақын: Шоудан шаршадым...
- Жақында Омар Сұлтанов атындағы халықаралық поэзия академиясының академигі атандыңыз. Құтты болсын! Айтыңызшы, ақынның академик болғаны қалай екен?
- Бүгінде сексеннің сеңгірінен асқан ақын Омар Сұлтанов кезінде мүйізі қарағайдай Олжас Сүлейменов, Қадыр Мырзалиев, Расул Ғамзатов секілді дарабоздармен бірге жүріп, әлемге танылған тұлға. Қырғызстандағы сол кісінің атындағы академияға барып, Омар атамыздың өз қолынан куәлікті алып қайттым. Аталмыш сыйлық ертеректе Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы, классик ақын Ұлықбек Есдәулет ағамызға берілген екен. Араға жылдар салып, ақындардан академик атану маған бұйырыпты. Академик атанған жақсы шығар, өз басым жауапкершілікті көбірек сезіне түстім. Аталмыш сыйлық бүгінде бас-аяғы 5 адамға берілген. Жалпы атақ-даңққа құмар емеспін. Академик атандым екен деп менің мінез-құлқым немесе шығармашылық жолым әзірге өзгеріп кеткен жоқ. Өзім құрғақ такаппарлық пен жасанды мінезден гөрі қарапайымдылықты ұнатамын. Солай өстім, солай қалатын шығармын. 2013 жылы Халықаралық Жазушылар Одағына мүшелікке өткенмін. Мұны айтып отырған себебім қандай атақ болсын адамға материалдық байлық бере алмайды, тек рухани күш береді. Атақ-даңқ халық алдына шыққанда айтылатын дүние. Ешқандай атағың болмаса халық та «мынаның ештеңесі жоқ екен ғой» деп менсінбей қалатын қоғамда өмір сүріп жатқанымызға кейде өкпелейсің. Сондай сәттерде менде жазған еңбектеріңнің құны «көк тиын» болғаны ма деген бір ой сумаң ете қалады... Сондықтан ақын-жазушыға дер шағында лайықты берілген атақ артық етпейді.
- Халыққа алғашқыда отты жырларыңызбен танылып жүрдіңіз. Кейіннен әңгімелеріңіз жарық көре бастады. Жазушылыққа бет бұруға не себеп болды?
- Рас, шығармашылық жолымды өлең жазудан бастағанмын. Ербол Бейілханды оқырман ақын ретінде таныды. Уақыт өте келе санамда бала күнгі естеліктер жинала берді. Сол ойдағы естеліктерді қағазға түсірерде өлең, поэманың шеңберіне келмейтін, әңгімеге сұранып тұрған кейбір сюжетті оқиғалар әңгімеге айналды. Мен әңгіме жанрына бет бұрмас бұрын марқұм досым Қапардың құрметіне арнап эссе жаздым. Мектепте, университетте бірге оқып, бала күнімізден бірге қозы бағып өскен досым 28 жасында дүниеден озды. Өзі әдебиетке құмар еді. «Өлмеген құл алтын аяқтан су ішеді» дегендей мен қырық жасыма дейін талай алтын аяқтан су іштім. Ал ол не көрді?! Осындай ойлар мазалап, бала күнгі сағыныштан туындаған эссе жазылды. Тырнақалды туындымды оқырмандар жылы қабылдады. Дос-жарандарым прозаны тәп-тәуір жазады екенсің деп жалғастыруға кеңес берді. Кейіннен «Жасыл Еуропа», «Қала қалғымайды» деген бірнеше эсселер жаздым. Осылайша әңгімеге ауыса бастадым. Екі күннің ішінде екі әңгіме жазған күндерім болды. Сенесіздер ме, екі күндік жұмыстан кейін мен он күн бойы өз-өзіме келе алмай жүрдім. Әлгі әңгімелер қуатымды суырып, сөлімді сығып алғандай болды. Әңгіме жазудың ауырлығын сол кезде барып түсіндім. Ақын өлең жазарда мұншалықты қиналмаса керек. Шабыт келгенде жауатын бұлт секілді түнеріп, толқыныс пайда болады да шумақтар жазыла бастайды. Өлең жазылып біткеннен кейін дүниенің кеңдігін сезінгендей жеңілдеп, жадырап сала бересің. Ал әңгіме жазып біткеннен кейін керісінше, адамда шаршау пайда болады екен. Проза – еріккеннің ермегі емес. Ол сізден ыждақаттылықты, қажыр-қайратты талап етеді. Қазіргі таңда 10 шақты әңгімем қырғыз, моңғол, орыс тілдеріне аударылды.
- «Қашып кеткім келеді Астанадан» деп Елордадан бірде түңілсеңіз, енді бірде «Жел жағына қаланың пана болып, қолдан соқса бір тау деп қиялданам!» деп жырлайыз. Астананың ыстығына күйіп, суығына тоңып жүргеніңізге қанша жыл болды?
- Университетті бітіргеннен кейін Ақмола облысы Еңбекшілік ауданы Ш.Уәлиханов ауылындағы орта мектепте 7 жыл мұғалім болған адаммын. Сол жеті жылдың ішінде «Үздік мұғалім» атандым. «Жыл мұғалімі» байқауының жеңімпазы болдым. Ұстаздық еткен 5 жылдың ішінде жоғары категорияға қол жеткіздім. Жоғары категорияға 40 жылдық жұмыс өтілі бар мұғалімнің өзі оңайлықпен өте қоймайды. Бір сөзбен айтқанда ауылда еңбегім жанды. Енді тағы біраз жыл жұмыс істесем бір мектепке директор болуға да ыңғайы келер ме еді. Бірақ менің мақсатым ғалым болу еді. Астанаға мені осыдан 16 жыл бұрын жетелеп келген осы арман. Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне әдебиет саласы бойынша магистратураға түсіп, аяқтап шықтым. Білімімді одан әрі жалғастыруға әлеуметтік мәселелер кедергі болды да, амалсыздан колледжде қайта ұстаздық еттім. Шабыт келгенде өлең жазатыным бар еді. Сөйтіп жүріп ақын болып кеткенімді өзім де байқамай қалыппын. Астанаға алғаш келген жылдары оңай болған жоқ. Елордаға жалғыз қара сөмкеммен келгенім әлі есімде. Балаларымызды ауылға әжесінің қолына қалдырдық. Алғашқы жылдары пәтерден пәтерге көшіп жүрдік. Келіншегім саудамен айналысты. Мен студенттерге дәріс беріп жүріп, саудаға ат салыстым. Жалақымыз бір айдан келесісіне жетпей жүрген кездер болды. Не керек, талмай еңбектендік. Қазір Құдайға шүкір, жұрттың алды болмасақ та, ешкімнен кем емеспіз. Мен Астананы жақсы көремін. Тіпті, қуып жіберсе де кетпес едім.
- Фейсбуктегі парақшаңыздан «Тау барысы» деген атауды байқап қалдым. Бұл әдебиет әлеміндегі лақап атыңыз ба?
- Мен 1974-ші жылы 10 ақпанда Моңғолияның Үш-Ойғыр деген жерінде дүниеге келгенмін. Кіндік қаным тамған ауыл Моңғолияның ең биік тауы Бесбоғданың етегінде орналасқан. Қазақтар оны «Бес тәңір» деп атайды. Ол республикада кім президент болса сол тауға барып тәу етеді. Менің төрт атамның қабірі сол жерде жатыр. Өзім барыс жылы таулы мекенде туылғандықтан «Тау барысы» деген атауды өзіме лайық көріп, жазып қойдым.
- Моңғолия, Қытайдағы қандастардың ішінен ақын-жазушыларды көп кездестіреміз. Мұның сыры неде екен?
- Өнер атаулының ішінде Ахмет Байтұрсыновша айтсақ «асыл сөз» , яғни «сөз өнері» қашанда бірінші орында тұрады. Сөз өнері –ашық өнер. Сондықтан ел ішінде жүрген ақын-жазушыларды халық тезірек таниды. Бұл әрине, жақсы үрдіс. Ал сұрағыңызға тікелей жауап беретін болсам, көз алдыңызға елестетіп көріңіз: биік-биік асқар таулар, аспанда көшкен бұлттар, қалықтап жүрген қыран құс пен тау басында жүрген арқар мен таутекелер, бергі етекте сарқырап аққан өзен. Осындай керемет табиғаттың ортасында қазақ ауылы бар. Таза көшпелі тіршілікті ұстанып, табиғатпен үндесіп жатқан ауыл адамдары жазда жайлауға, қыста қыстауға көшеді. Он шақты түйеге жүк артылып, балалардың алды тайға, кішіректері көштің үстіне таңылып, үлкендердің артына мінгестіріледі. Ал көш басында бір қолына қыранын қондырған аталарымыз жүрсе, артында төрт түлік малын айдаған бозбалалар жүреді. Әлгі балалар мәшине, ұшақ дегенді күнде көре бермейді. Олар қозы, қой баққанда қойын-қонышына тығып, неше түрлі кітап оқиды. Кітап ішіндегі әлемге қызығып, арман, қиялдарына қанат бітеді. Мысалы өз басым кітап оқығанда жазушылар аспанда тұра ма, әлде жерде ме, не ішіп, не жейді деген сұрақтар мазалайтын. Көптеген жазушыларға еліктеп өстік. Оның үстіне көшпелі ауылда қонақ үзілмейді. Жиналған қауым алдында үйдегілер балаларға ән айт, өлең оқы деп қолқа салады. Осындай кезде ұятқа қалмайын деп қазақтың қара өлеңін жаттайсың. Міне, табиғат пен көшпелі тұрмыс біздерді әдебиетке құштар етті. Моңғолия, Қытайдан ақын-жазушылардың көп шығатыны осы себептен шығар. Осы ретте мына бір мәселені айтқым келеді. Негізінен шет елден келген қандастардан шығармашылықтың адамдары ғана шығып жатқан жоқ. Қазір Қытай, Моңғолия, Өзбекстан, Ресейден көшіп келген қандастардың ішінен шыққан кәсіпкерлер өте көп. Ел экономикасының нығаюына орасан үлес қосып жатыр. Біз оларды таныта алмай жатырмыз. Алпауыт компанияларды басқарып отырғандар да бар, орта және шағын кәсіпкерлер өте көп. Көбі кемінде оншақты адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Шағын кәсіпкерлікті дамытып, елді асырағандарды үлгі етудің орнына айналып келіп жұлдыздардың өмірін талқылай кетеміз. Отандық телеарналардың басшылары халыққа пайдалы затты өндіріп, елдің гүлденуіне ат салысып отырған азаматтарды насихаттауы көңіл көншітпейді. Керісінше ырбыңдаған күлегеш шоумен, әншісымақтарды экраннан түсірмейді. 27 жылда біз көрермендерді әлгі шоумендердің пайдасыз, арзан күлкісімен алдап келе жатырмыз. Саналы қауым шоудан да, шоумендерден де шаршады. Құнсыз бағдарламалардың орнына, жұртқа, жастарға үлгі болатын кәсіпкерлерді насихаттасақ, не өндіріп, не шығарып жатырмыз, болашақта қалай өркениетті елге айналамыз, соны айтсақ нұр үстіне нұр болар еді.
- Білім саласында тәжірибесі мол ұстазсыз. Айтыңызшы, бүгінгі жастардың оқу-білімге деген құштарлығы, болашаққа деген көзқарастары қандай?
- Ұстаздықты қойғаныма үш жылдай уақыт болды. Дегенмен 20 жыл мектеп, колледж, академияда сабақ бердім. Білім саласының барлық жүйесіне қанықпын. Тіпті кейде білім министрі болсам деп ойлаймын. Тәуелсіздік алған 27 жылда біз 65 пайыз төмен құладық. Себебі білім саласы реформадан көз ашқан жоқ. Бұл өз кезегінде жастардың білімге деген құштарлығын төмендетті. Қазіргі жастар көбірегі кітап оқымайды, алтындай уақыттарын құр өткізіп жүр. Ең өкініштісі - ұлтжанды азаматтар сирек. Абай атамыз «Баламды медресеге біл деп бердім, қызмет қылсын, шен алсын деп бермедім» деген сөзі бар емес пе? Кейде ойлаймын қазіргі ата-аналар керісінше, балаларын жоғары оқу орындарына білсін деп емес, шен ал, бастық бол, қолыңнан келсе жеп қал деп беріп жатқан секілді. Отан, ұлт туралы әңгіме қозғай кетсең студенттердің аузынан «Ой, ағай, қазір ақшаң болса жеткілікті емес пе, осы сіз-ақ патриот бола қалады екенсіз, оның не қажеті бар?» деген сөздерді жиі естисің. Ашынасың. Күйінесің. Бұл құбылысқа жастарды кінәлауға болмайды. Себебі біз оларға ұлтжандылық, елжандылық рух тұрғысында дұрыс идеологиялық тәрбие жүргізе алмадық. 27 жылда қазақты айтпағанның өзінде өзге ұлт өкілдерін қазақша сөйлетуге уақыт та, мүмкіндік те болды. Қазір Астананың кез-келген мектебінің табалдырығынан аттап көріңізші, барлық пән 45 минут қазақ тілінде өткенімен, қоңырау соғылғасын коридорда бір-бірімен орыс тілінде шүйіркелесіп тұрған оқушыларға куә боласыз. Ал орыс мектептерінде ҚАЗАҚСТАН деген мемлекетті мүлдем мойындамайтын жастар өсіп келе жатыр. Кеңес Одағының идеологиясы санамызға сіңіп қалғаны соншалық олар ренжімесін деп орыс тілінің мерейін өсірдік: Соның нәтижесінде Қазақстанда баяғы кеңестік кезеңді көксеушілерді тәрбиелеп отырғанымызды әлі сезінбей келеміз. Алла бетін әрі қылсын, дегенмен ертең ел басына күн туғанда «Ресейге қосылайық» деген реформаға біреу бастамашыл болса, кеңес үкіметінде тәрбиеленген қарияларды айтпағанның өзінде, орта буынды ағалар мен өскелең ұрпақтың біршамасы сол ұсынысты қолдай ма деп қорқамын. Қазақ үшін жанын беретін жастарды тәрибелеуде әлі де кеш қалған жоқпыз. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы дәл уақытында шықты деп ойламын. Мақаладан кейін ұлттық құндылықтар туралы айтып, көңіл бөле бастадық. Қазақ текті халық. Ұлтымыздың қанында Отанға деген сезімі тығылып жатыр. Міне, сол сезімді оятудан кеш қалмасақ болды.
- Сырлы сұхбатыңызға рахмет!
Сұхбаттасқан: Айнұр Оңғарбай