Әрдайым Пуаро екеуміз бастан өткерген жан түршіктіретін сан оқиғаның ішіндегі ең сұмдығы Мен-хер-Ра...
Театр ғасырлық пьесаны өзгертуге құқылы ма?
Театр - мәдениеттің алтын бесігі. Ұлттық театр - ұлттық мәдениеттің алтын қазығы. Театр - тағылым мен танымның биігін көксейтін өнер. Адам жанын емдейтін киелі өнердің бағасы күн өткен сайын артып келеді. Бүгінде көрермен саны артып жатқан театрлардың белесі қандай?
Жуырда ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрында заңғар драматург Ғабит Мүсіреповтің шығармасынан алынған «Баян сұлу-Қозы Көрпеш» қойылымының премьерасы өтті. Мәскеулік режиссер Гүлназ Балпейісованың режиссерлығымен сахналанған қойылым тың эксперименттерге барып, жаңаша форматта өткен. Алайда заманауи стилдегі «Баян сұлу-Қозы Көрпеш» қойылымы қоғамдық резонанс тудырып, автордың классикалық туындысы түпнұсқадан өзгертілген, дәстүрлі туындыларға тосыннан шабуыл жасаған деген сын-пікрге ілінді. Керсінше өнерде шек жоқ, жаңашылдық пен еркіндік қажет деген қолдаулар да табылды. Толығырақ театр жанашырлары мен кәсіби театр мамандарынан «Ұлт театрындағы ғасырға жуық сахналанып жатқан классикалық ғасырлық драматургия жауhарларын театр өзгертуге құқылы ма?»- деген сауалға жауап іздеп һәм «Баян сұлу-Қозы Көрпеш» қойылымы жайында бүкпесіз сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.
Дәурен АБАЕВ, ҚР Мәдениет және Спорт министрі: «Қойылым көрермен сұранысына ие»
- Аталмыш спектаклге арқау болған шығарма эпостық ауыз әдебиетінен қалған мұра және оны Ғабең өзіндік пьесса түрінде қағаз бетіне түсіріп, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан төл шығармамыз. Бүгінгі күнге дейін қазақ және орыс театрлары сахналарында талай рет қойылған және сан түрлі интерпретациялар жасалған. Жаңаша қойылған кездері де болды, үлкен қарама-қайшы пікірлер айтылған уақыттары да болған. Бұның бәрі шығармашлық ізденістер болған кезде туындайтын қалыпты процесстер. Сондықтан да жас режиссерлер тарапынан болатын ізденістерге ешқандай шектеу жоқ. Сондай-ақ Қазақстан Республикасы Конституциясымен сөз бен шығармашылық еркіндігіне кепілдік беріледі. Цензураға тыйым салынады.
Сонымен бірге, бұл қойылымда Республиканың конституциялық құрылысын күштеп өзгертуді, оның тұтастығын бұзуды, мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтіруді, соғысты, әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, діни, тектік-топтық және рулық астамшылықты, сондай-ақ қатыгездік пен зорлық-зомбылыққа бас ұруды насихаттауға немесе үгіттеуге бағытталған тақырыптар көтерілмегендіктен, бұл қойылымды қоюға шектеу қоя алмайтынымызды хабарлаймыз. Сонымен қатар қойылым көрермен сұранысына ие.
- Жалпы қазақ сахнасында сахна мәдениеті заң аясында сақтала ма?
- Қазақстан Республикасының «Мәдениет туралы» 2006 жылғы 15 желтоқсандағы № 207 Заңының 4 бабы 8 пунктіне сәйкес Мемлекеттің мәдениет саласындағы негізгі міндеттерінің бірі мәдениет саласында Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын күштеп өзгертуді, тұтастығын бұзуды, мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтіруді, соғысты, әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, діни, топтық-тектік және рулық астамшылықты, сондай-ақ қатыгездікке және зорлық-зомбылыққа табынуды насихаттауға немесе үгіттеуге жол бермеу жөнінде шаралар қолдану болып табылады.
Айболат ЖАУДЫР, Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының директоры: «Театр ғасырлық пьесаны өзгертуге құқылы»
- Үстеміздегі жылдың 17,18,19 маусым күндері театрымызда Ғабит Мүсіреповтің «Баян сұлу-Қозы Көрпеш» спектаклінің премьерасы өтті. Театр ғасырлық пьесаны өзгертуге құқылы ма? Бұл саулаға мүмкіндігінше жауап берейін: Ия, театр бұл - тірі организм. Уақыт өткен сайын, театрдағы шығармашылық та өзгеріп отырады, яғни, даму процессі үзілсіз жүріп отырады. Драматургиялық шығармалар да режиссердің ой-қиялымен ұштасып, түрленіп отыруы да заңдылық. 500 жылдай бұрын жазылған Шекспир шығармаларының спектаклі нұсқаларының бәленбай мың түрі бар. Және әр режиссер өз спектакілің авторы боп саналады. Тіпті бір спектакільдің өзін әр түрлі етіп қоюға да ерікті. Қияли самғай алса болды.
- Өзіңіз басшылық еткен театрда Ғ.Мүсіреповтің «Баян сұлу-Қозы Көрпеш» қойылымын менталитетімізге жат, ашық сахнамен, классикалық туындының өзгеріске ұшырап, сахналануына келісім беруге қандай себеп болды?
- Келісім беруге қандай себеп болды? Театрға репертуар құруға, өзіндік жұмыс жасауға, ізденістерге баруға, шығармашылық байланыстар орнатуға ешкім шектеу қойылмайды, ерікті. Маған сұрағыңыз сәл түсініксіздеу болып тұр, менталитетімізге жалпы, ашық сахна, дегендердің спектакільдің қай жерін айтып тұрғаныңызды нақтыласаңыз деймін. Келіп 2-3 рет көруіңізді өтінемін. Және театрда бірге талқылауға дайынмын.
Қуандық ҚЫСТЫҚБАЕВ, Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының көркемдік жетекшісі:
- Салтанат ханым, біріншіден, қойылымды келіп көруіңізді сұраймын. Қандай режиссер болмасын спектакльді қалай сахналаса да өз еркі. Кез келген драматургиялық шығарма қоюшы режиссердің көзқарасымен заман талабына сай өзгертілуіне құқылы. Спектакль алдын ала көркемдік кеңес мүшелеріне көрсетіліп, талқыланды, ортақ шешім шығарылды. Спектакль театрдың көркемдік кеңесімен қабылданды. Қосымша сұрақтарыңыз болса, театрға келіп сұхбаттассаңыз болады.
Сұлтанәлі БАЛҒАБАЕВ, жазушы-драматург, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: «Ұлттық құндылықтарымызды қадірлей білейік»
- Қазақ халқының қазіргідей өз алдына жеке ұлт, тәуелсіз мемлекет болып қалыптасуына біздің ұлттық рухани құндылықтарымыз үлкен ықпал еткен. Ол құндылықтарымыздың ішінде ауыз әдебиетінің алар орыны ерекше. Соған орай, аңыз-жырлар қазақ халқының ұлттық рухани алтын діңгегі деуге болады. Бұл алтын діңгегіміздің іргесін бұзып, ірітіп-шірітіп шайқалтуға ешкімнің қақысы жоқ. Атақты «Қозы Көреш – Баян сұлу» жыры да біздің сондай асыл қазынамыз, алтын діңгегіміз. Және бұл жырды сахнаға бейімдеп, пьеса етіп жазған автор - жаңа заманғы қазақ әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі атақты Ғабит Мүсірепов! Бұл шығарманы көру үшін келген әрбір көрерменнің сахнадан қазақ халқының сан-ғасырлық ұлттық қадір-қасиетін, тәрбиесі мен ізеттілігін, сал-дәстүрі мен әдет-ғұрпын іздейтіні, содан үлгі, өнеге алуға тырысатыны анық. Ал Мақпал Мысаның әлеуметтік желіде жазғанына қарағанда, Қалибек Қуанышбаев атындағы театрда қойылған «Қозы Көрпеш- Баян сұлу» мүлдем басқаша болып шыққан. Яғни, қойылымда қазақтың ұлттық ұғым-түсінігіне, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпына мүлдем жат, бейәдеп, көргенсіз көріністер кеңінен көрсетілген. Ал мұндай көріністерді сахнаға шығарған режиссердың не мақсат көздегені түсініксіз. Біздіңше, ол режиссер бұл аңыз-жырдың қазақ халқы үшін қаншалықты маңызды екенін білмейді, білсе де оның мән-мағынасына ой жүгіртпейді. Ал сонда мұндай режиссерді сонша жер түбінен шақырып, спекталь қойдыру қандай қажеттіліктен туындаған – ол да жұмбақ. Әйтсе де бізді ең таңқалдыратыны – театрдағы Көркемдік кеңестің позициясы. Әдетте барлық театрда жаңа спектакльды Көркемдік кеңес қабылдайды. Ал сонда бұл спектакльды қабылдаған Көркемдік кеңес мүшелерінің арасында ең болмаса бір адам шығып: «Мына көріністер қазақтың ұлттық салт-дәстүріне, тәрбиесіне жат, оның бәрін қысқартып, алып тастау керек» деп айтуға жарамаған ба? Театрдың басшылары, бұл театр қарайтын жоғарғы ресми орындар ше; олар не ойлаған? Әрине, театрға эксперименттік дүниелер керек. Бірақ ондай эксперименттердің жөні, реті болуы керек. Егерде жас драматург жасап, оның жаңаша форматта эксперимент жасаса, түсінуге болады. Тағы да айтамын қазақтың классикалық жазушыларын, ежелгі ауыз әдебиетінің классиктерін шығармаларын сахналағанда бұрмалауға ешкімнің қақысы жоқ. Жалпы қазақтың өнерін, әсіресе классикалық өнерді халыққа дұрыс насихаттауымыз керек. Ұлттық құндылықтарымызға эксперимент жасаудың жақсылыққа апармайтынын түсінетін уақыт әлдеқашан келді. Жақында ғана сахнаға шығып әдепсіздік жасаған әншілер туралы үлкен мәселелер көтерілді. Театрларымыз да мұндай бетімен кеткен жағдайға жол бермеуді әрқашан да ұмытпағаны абзал.
Айзат ҚАДЫРАЛИЕВА, театртанушы: «Театрға көркемдік кеңестен бөлек тәуелсіз сарапшылар қажет»
- Өз қазанымызда өзіміз қайнап отыра бермеу үшін сырттан режиссер шақыртып тұрған дұрыс. Бірақ, шет елден режиссер шақыртқаннан кейін, ол қандай шығармамен келе жатқанына салғырт қарауға болмас. Егер, қазақтың ауыз әдебиетін, ұлттық дүниесін қоюға ниетті болса, онда ол шығарманың ішкі серпілісін жалаң ұғынуға ұрындырмау керек. Ұлттық рухты қалыптастыруда театр директорларының әсіресе көркемдік жетекшілерінің жанашырлығы өте-мөте қажет! Бірақ, мен ол жанашырлықты көп байқай бермеймін. Ал, «Қазақ театрына қош келдің, енді қалауыңды орындай ғой» деп оларды тайраңдатып қоярдай бізге не көрінді, осыншама намыссыз ба едік деген ой келеді. Ұлт шығармаларындағы ғашықтарды табыстыру үшін міндетті түрде сүліктей жабыстырып сүйістірумен, жартылай шешіндіріп қол жүгіртумен кімдерді таңқалдырғымыз келеді, осы. Бұл тіпті еуропаның өзінде де жаңалық емес. Зиялы қауым жиналатын орын болған соң, дәл бүгінгі таңда ақсап тұрған хал-ахуалды анайы күйде көпсетпей-ақ, оны мәдениетті түрде ықшамдауға болмас па еді деген ашу-ыза кернейді екен. Мен сізге айтайын, осының барлығы жалпы алғанда жұмыр басты пенде атаулыға тән пендәуи көп қателіктің басы да, бастысы да – өзім білемін дегендігінде, өнер заңдылығына жүрдім-бардым қарауында жатыр. Егер сол шақырылған режиссерлердің сахнаның өзіндік этикасы бар екенін есіне салып отыратын есті басшы болса, сол басшылардың үстінен қадағалап отыратын жоғары жақтан саналы біреу болса дәл мұндай сорақы істер белең алмас еді. Бізде ешкімнің ешкіммен шаруасы жоқ. Әркім өзінше жүр. Айтқандай, «...бұл қойылым ойымнан шықты деп есептеймін» деп Абаев Дәурен мырза премьерадан кейін берген сұхбатын көріп қалдым? Қазіргі кезде өзгені емес өзін аямайтын жастардың бойындағы (шылым тарту, шарап ішу) келеңсіз көріністің құдіретті театр сахнасында көлбең қағуын Мәдениет министрінің қолдағаны еріксіз мұңлы ойға жетеледі. Мәдениеттің, өнердің бел ортасында жүрген шенеуніктер адамшылықтың негізі болып саналатын ырым-тыйым сөздерді жақсы біле бермейтін секілді. Ашығын айтайық, тыйым сөздер, келеңсіз ісәрекеттерді тоқтатуға, жағымсыз жат пиғылдан, орынсыз қылықтан, теріс мінезден сақтандыру мәселелеріне мән беріп жатқан жанды көрмедік. Күлді баспа, ақты төкпе, көкті жұлма дегендей қаракөз қыздарға байланысты жақсы сөздер де бар, шашыңды жайма, ашық-шашық жүрме, талтайып отырма, кіндігіңді көрсетпе, адамға қарап қатты күлме, үлкеннің бетінен алма секілді қазақтың ескертпелерін қаперлеріне ілген болса, дәл бүгінгі қойылымдардағыдай өрескел қылықтар болмас па еді?! Соған қарағанда, бұл тыйым сөздердің мән-мағынасының қаншалықты маңызды екенін, қазақы тәрбиенің құдіретті ерекшелігі осы сөздерден бастау алатынын қазіргі «тұлғалары», «еңбек сіңірген қайраткерлері», «мәдениет саласының үздіктері» біле бермейді ау, сірә. Не десек те, біз ұлттық төлтума табиғатымыздан тым алыстап кеттік.
- Жалпы қазіргі театрларда көркемдік кеңестен бөлек тәуелсіз сарапшылар бар ма?
- Ұлттық мінезден, салт-санадан түп тамырымен ажырап қалмас үшін театр ішінен құрылған көркемдік кеңес аздық етеді, міндетті түрде сырттан тәуелсіз сарапшыларды шақырту керек. Мысалы, театр ішінен сайланған көркемдік кеңестің мүшелерінен біреуі тұрып, қарсы пікір айтады дегенге көбірек күмәнім бар. Мүмкін айтса айтып жатқан шығар, бірақ бір адам айтса дәл қазіргідей мұндай халге түспес еді. Сосын мына нәрсені тағы қайталауға тура келіп тұр. Премьера алдындағы көрсетілімді премьераға бір-екі күн қалғанда ғана қоюды доғару керек. Бір күннің ішінде не түзеп үлгереді. Талқылау деген - қойылымның афишасы шықпай жатып, күні белгіленбей жатып болуы тиіс деген сөзді жиі айтып келеміз. Себебі, бұл сахнаға жол тартуға лайықты ма, лайықты емес пе? Лайықты болса, айтылған ескертпелермен жұмыс істеуге уақыт берілу керек. Кесел мен кесапат атаулыдан сақтандыру үшін жаңа қойылымдарды қабылдаудың талабын барынша күшейткен абзал. Әйтпесе, бір күндік, күнкөрістік спектакльдер көбейіп кетті.
Құрметті, Дәурен мырза!
Қазіргі қоғам дамуының үрдісіне қарай театр да, кино да айтулы өзгерістердің жүзеге асып жатқаны мәлім. Өскелең ұрпақтың алмасуымен салт пен сананың дамуы заңдылық, дей тұрғанмен, өркениеттер тоғысында ұлт тағдыры сынға түсіп жатқаны өкінішті жағдай. Күнделікті тіршілікте көзге түсіп жүрген кей жағдайлар алаңдаушылық туғызып жатыр. Замануи туындыларды түсініксіз тілмен түсіндіре берсін, түсінбей шықсаң, соны жаңашылдыққа балап жүр ғой. Солай-ақ болсын. Ал, классикаға айналған шығармаларға келгенде, кім болса да әдептіліктен әрі кетпей, олардың тәрбие аясында жұмыс жасауларына бәріміз жұмыла кірісуден басқа амал қалмай бара жатқандай. Халықтың ұлттық келбетін сақтап қалуға мұрындық болу Сіз бен Біздің жауапты аманатымыз деп ойлаймын!
P.S. Бір тәмсілді қоса кетейін, түсінген жанға пайдасы тиіп қалар. Себебі, бұл дерт әрқайсымыздың бойымызда бар.
Бір өлкеде төрт кісі өмір сүріпті. Олардың есімдері БАРЛЫҒЫ, БІРЕУ, ӘРКІМ және ЕШКІМ екен. Бір күні маңызды бір іс ортаға шығып, БАРЛЫҒЫ бұл істі БІРЕУДІҢ жасайтындығына сеніпті. Бұл істі ӘРКІМ жасай алатын еді, бірақ ЕШКІМ жасамапты. БІРЕУ бұл жағдайға ашуланыпты. Өйткені істі БАРЛЫҒЫ атқару керек еді. БАРЛЫҒЫ ӘР КІМ жасайтын шығар деп ойлапты. Бірақ ЕШКІМ БАРЛЫҒЫ атқармай қалады деп ойламапты. Соңында ӘР КІМНІҢ жасай алатын ісін ЕШКІМ жасамағаны үшін БАРЛЫҒЫ БІРЕУДІ кіналапты.
«Ешкім болмаса мен бармын. Маған керек» дейтін БІРЕУ жоқ...
Мақпал МЫСА, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты: «Баян сұлу-Қозы Көрпеш» қойылымын сахнадан алып тастау керек»
- Театр - мәдениет. Ұлттық театр - ұлттық мәдениет. Ал, мәдениет дегеніміз не? Жалпақ сөзбен айтқанда «нені қалай істеудің жөн жосығы» дер едім. Ұлттық мәдениет дегеніміз - нені қалай жасауда ұлттық құндылықтар мен өлшемдерді негізге алу болса керек. Иә, ұлы мәртебелі өнерде шек бола бермейді. Ол дами береді. Бірақ, дамыған осы екен деп, өзгенің шекпенін әкеп жалаңаш денемізге кигізе салу біздің мәдениетімізді өркендете қоймас...
Әлқисса, әңгіме жуырда премьерасы өткен «Баян сұлу-Қозы Көрпеш» қойылымы жайында. Авторы - Ғабит Мүсірепов деп көрсетілген қойылымның жаңаша форматта болары әу бастан белгілі болды. Режиссері мәскеулік режиссер Гүлназ Балпейісова. Жалпы, Қаллеки театрының сахнасында соңғы кезде тың, ерекше эксперименттерге барып жүргеніне көз қуанып, көңіл толып жүргені рас. «Жаңаша форматтар» аз болған жоқ. Бірақ, Сервантестің «Дон Кихотына» «қазақы шапан жауып», жаңаша форматта, мүлде тың құрылымда сахналау бөлек те, Ғабит Мүсіреповтің Қозысы мен Баянын сахнада сүйістіріп (осы сөзбен шектеліп, әдептен озбайын), Қарабайды жын ұрғандай дедектетіп, Күнікейдің бөксесін бүлкілдетіп, санын аштырып, түсініксіз Таңсық қызды көрінгеннің құшағына кіргізіп, аймалатып қою арқылы «жаңаша формата» сахналау мүлде бөлек нәрсе болса керек?!
Қойылымды талдап, әрбір деталін жазып отырайын деген ойым жоқ. Сыншылар, мамандар айта, жаза жатар. Тиісті мекемелер де пікірлерін білдірер. Алайда, көрермен ретінде көңіл жабырқап, "қап" деп шыққанымды жасырмаймын. Жәй ғана қойылым ретінде қарап, режиссерлік жұмысты, актерлік ойын мен көркемдік шешімдерді, жарықтың пайдалануына назар аударар болсақ - иә, мықты дерсің. Алайда, біріншіден, өзіміздің эпосқа негізделген пьеса болғандықтан, екіншіден, пьеса авторы Ғабит Мүсірепов деп көрсетілген болса, үшіншіден - елорданың бас мәдени шаңырағы, Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық ҚАЗАҚ музыкалық драма театрының сахнасында қойылып жатқандықтан - ондай нейтрал ұстаныммен қарай алмассың. Ұлттық құндылықтарды дәріптеу емес, қайта әжуалауға жол берілгендей әсерде қалдым. Домбыраның өзін бір жерінде мылтық ретінде пайдаланғандай эффект беруі, күй тартылып жатқандағы оған деген жасандылау ғана ден қою...
Ал, ашықтан ашық бейәдеп көріністер мен қылықтар бүкіл қойылым барысында бой көрсетіп отырды. Біреу мұны жаңашылдық дер, әлемдік деңгей дер. Бірақ, басында да жаздым ғой. Театр - мәдениет болса, ұлттық театр - ұлттық мәдениеттің ошағы болуы тиіс. «Театр - мәдениеттің мешіті» деген сөз де бар. Басқасын қайдам, бірақ «Қаллеки» сияқты қара шаңырақтың сахнасы мұндай қойылымға жабық болуы тиіс деп ойлаймын.
Бір байқағаным - қойылымды көрген кісілердің ішінен, әсіресе зиялы қауым арасынан ашылып пікір жазған ешкім бола қоймаған сияқты әлі. Ол да бір мәдениеттілік шығар, бәлкім. Алайда, әлеуметтік желіге жазылмаса да, тікелей театр басшылығына талай сын айтылған шығар деп пайымдаймын. Ал, ресми БАҚ өкілдері қойылымның көпшілік көңілінен шығып, ерекше ықыласқа бөленгенін айтып-ақ жатыр. Қойылым кезінде залдан шығып кетіп жатқан көрерменді көру де ауыр екен. «Ұят болар» деп соңына дейін көргендер қатарында өзім де бармын. Тіпті, қойылым барысында үш рет шығып кетуге оқталғаным да рас.
Театрға да, театр ұжымына да құрметім ерекше екенін өздері де біледі. Бұл қойылымға бола ол құрмет төмендеп кетпек емес. Тек, нақты осы жоба қателік болды деген ойымды білдіруге құқым бар. Үндемей, жәй ғана сын айтып қойсақ олда болмайды, шара қолдану керек. «Баян сұлу-Қозы Көрпеш» қойылымын сахнадан алып тастау керек!
Амангелді МҰҚАН, театртанушы: «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» трагедиясы классика, оған қол сұғуға болмайтын деген түсінікпен қарау ХХІ ғасыр театры үшін ақылға қонбайтын жәйт»
- Қозы мен Баянның махаббаты жаңаша форматта Баян және Қозының махаббаты болып сахналанбақ деп театр ақпарат бөлімі БАҚ назарын аударғалы құлағымыз елеңдеп тұсаукесер күнін асыға күттік. Тұсаукесер қойылым атауының өзі бүгінгі қазақ театрындағы жаңа бір тенденция болған мәселеге назар аудартады. Ол тақырыпты шығармадағы әйел-қыздардың көзқарасы тұрғысынан зерделеу. Алдында М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театр сахнасындағы Ә.Нұрпейісовтің «Қан мен тер. Ақбала» атауымен спектаклінің тұсауы кесілген. Режиссер Ақбаланың тағдырына назар аударған. Қаллекиліктер де Ғ.Мүсіреповтің танымал трагедиясының басты кейіпкерлерінің орын ауыстыруымен «Баян сұлу – Қозы Көрпеш» деп атапты. Байқағанымыз, қазақ сахнасында дәстүрлі ұстанымдарға деген қоғамдағы көзқараста елеулі өзгерістерге алып келген үдерістердің болып жатқандығы. Режиссер қыздарымыз шығармашылығындағы алдыңғы қойылымдарды қайталамай өзге шығарма жасау талпынысын байқадық. Олар батыста кең етек алған феминистер қозғалысының белсендісі болмаса да бүгінгі өмірлік, шығармашылық тәжірибелері сахнада осындай жол, ой-идея тұжырымдарымен жұмыс істеуге ықласы ауған. Қазақ халқының «Әйел бір қолымен әлемді тербетсе, екінші қолымен бесікті тербетеді» деген әдемі даналық сөзіндегі бесік пен әлемді тербетуінің көрінісін осы мысалдан көреміз.
Спектакль бағдарламасына жанрын «трагедия» деп жаза тұрып, оның үстінен бояп өшіріп тастапты... Әдейі. Бүгінде трагедияның комедия, комедияның трагедия болып жанрлар шегі жойылып сапырылсып жатқан кезінде жанрын трагедия деп беруге қимаған. Қаллекиліктер академиялық театр дәстүрінен өзгешелеу, басқа қырынан келуді мақсат еткен. Әрине, мұндай жаңаша қойылымдар еліміз театрлары сахнасында бұрын да болған, қазіргі репертуарына да керек. Арғы жағы тұтастай режиссер Ә.Мәмбетовтің дәуірінде болғанда, одан берірек, сол Әзекеңнің шәкірті Б.Атабаевтың, замандасымыз Қ.Сүгірбектің жекеленген қойылымдырындағы өзіндік ізденісті мен жаңашылдықтарын көрермендер мен мамандар да қабылдамаған кездері жиі болды. Оның бергі жағында жас буын Ф.Молдағалидің, Д.Құнанбайдың, Ж.Жұманбайдың, Д.Базарқұловтың, Г.Адайдың т.б. режиссурада көрініс берген ізденістері сан алуан бағытта көрініп келеді. Осы жас буын режиссерлердің сахнадағы ізденістері бұл үдерісті үйреншікті халге айналдыруы керек болатын. Бірақ, бізге бұл әлі үйреншікті халге айналмаған секілді болып көрінді.
- Спектаклдің жабық көрсетілімде, алғашқы тұсаукесерінде болған көрермендер пікірлері әр түрлі болды. Олар: «Ғ.Мүсірепов жоқ. Классиканы құртқан. Бірінші бөлімге әрең шыдап, кетіп қалдым», «Жұмыстан шаршап театрдан жаңа әсер, дем алуға келген едім, жүйкем жұқарып, аяғына дейін қала алмадым. Үзілісте кеттім», Ресейлік режиссердің «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» трагедиясына кезекті эксперименталді қиялы» т.б. секілді ойлар болды. Бұл қазақ театрының көрермендер құрамынан хабар береді. Жоғарыда әр қайсысы өз пікірін білдірген. Алайда бұл театрға келген көрерменнің бір бөлігінің ғана пікірі. Бас қалада түрлі жанрларда жұмыс істейтін театрларға келесі жолы олар көп түрлі ерекшеліктеріне бола арнайы іздеп баратын болады. Көңіл көтеретін комедия, дем алдыратын мюзикл, жылататын трагедия бәрі-бәрінің өз көрермені болуы керек. Театрдың өзі тәрбиелеген тұрақты көрермені болмай мұндай әр түрлі пікірлердің болуы орынды. Әр көрерменнің өз таңдауы болуы керек. Ол бір сағаттай уақыт аралығында жүретін қысқа қойылымға немесе үш сағаттан аса асықпай жүретін спектакль болсын мектеп, ЖОО немесе курсанттарды топырлатып алып келу емес, өз аяғымен театрға келетін тұрақты көрермені болуы керек.
Екінші бір мәселе театрға көңіл көтеретін, тәрбиелейтін немесе әлдилеп тербеп аялайтын орын деп қараудан арылу керек. Шақырылған режиссер қойған спектаклі арқылы театр тек дем алатын, көңіл көтеретін орын еместігіне, театр табиғатында жанр ерекшелігіне қарамастан сахналық ойын арқылы «театрландыру» болу керектігіне, әрбір сахналық қойылым эксперимент болатын орны екендігін еске салғанды жөн көрдік. «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» трагедиясы классика, оған қол сұғуға болмайтын деген түсінікпен қарау ХХІ ғасыр театры үшін ақылға қонбайтын жәйт.
- Яғни классикалық шығармаларды да заманға сай түрлендіруге болады деген пікірдесіз ғой?
- Иә, Шекспир, Чехов т.б. сан мың түрлі үлгіде қойылып жатса, сол сан түрлі үлгімен бүгін қазақ авторларын қоюға мүмкіндік болса және қойылғанда ғана ұлттық шығарма классикалық туынды болмақ. Біз спектаклдің түрлі кереғар пікірлер, түрлі ой-тұжырым тудырғанына көріп қуандық. Осылай әр спектаклі қоғамдық пікір тудыруы үйреншікті жайға айналғанда көрермен де сұрыпталып, театрға өзіне керекті қойылымын арнайы іздеп баратын деңгейге өсетініне көз жеткіздік. Бұл жолы театр көрерменді әрі тітіркентті, әрі таң қалдырды. Театр залға келген көрерменге осылай пікір тастағанда, екіге бөлгенде алға қарай жылжу болмақ. «Баян сұлу – Қозы Көрпеш» спектаклінде осындай материалды сақтай отырып сахнада жұмыс жасаған мәскеулік режиссер Гүлнәз Балпейісова мен осы аралықта үлкен ұжым ішінде шағын да жинақы шығармашылық топқа айналған актерлер құрамының ойынын, сахнада өмір сүру салтын бағалай отырып әр түрлі әсерде отырдық. Екі сағат жүретін алғашқы актіден кейін екі ұдайы ойда қалып үзілісте үйге қарай бет түзегендер (аз топ) әрі қарай қандай қызықтар болар екен? - деген көрермендердің қызығушылық танытып залда қалғандарды (басым бөлігі) көрдік. Спектаклдің аяғында сахналық қойылымды ойластырып сахналаған режиссер мен шығармашылық құрам ойымызды серпілте алды.
- Спектакль кәсіби режиссердің қолынан шыққан. Сан түрлі жанрлық шектеулерден босаған еркін режиссерлік жұмысты көрдік. Көрерменге айтатын ой-тұжырымы бар, күлдіретін, күлдіре отырып ойландыратын, қайғыға батыратын, қайғыра отырып екі жастың махаббатына қойылған ескерткіші арқылы адам рухының құдіретін жырға қосатын бірнеше қабаты бар астарлы қойылым болған. Өзіндік сахналық эстетикасы мен поэтикасы, ырғақтық атмосферасы бар туынды. Спектакль заман, қоғам, адам, соның ішінде екі жастың шынайы махаббаты жайлы. Осындай тіршіліктің қан тамырының соғысы бар құрылымдар түбегейлі өзгерген кезде театрдың тілі, материалды беру әдістері де өзгеріске түсері бесенеден белгілі жәйт. Театрдың кино, ТВдан өзгешелігі – тірі өнер екендігі. Сол себепті бүгінгі заманауи театрдың шығармашылық ұжымы үшін көрермен қызығарлық заманауи спектакль қою да маңызды мәселе. Ол режиссурада, орындаушылық шеберлікпен автор мәтінінің төңірегінде қалып қоюға мүлдем қақысы жоқ. Осы тұрғыдан келгенде осыдан 80-100 жыл бұрын жазылған драматургтің мәтіні бүгінгі күннің өзекті тақырыптары мен ой-толғамдарынан сыр шертетін, айналадағы адамның, қоғамның жүрек соғысына құлақ түре алған спектакль болғанын қалауымыз заңдылық. Театр да сол үрдістен шығуға барын салып, қазақ халқы үшін классикаға айналған Ғ.Мүсіреповтің трагедиясының мәтінімен жұмыс жасауда өзіндік көзқарас білдірген. Классикалық туындының классикалық деңгейге көтерілуінде шығарманың қанша уақыт өтсе де заманға сай өзекті мәселелерді айтуда ескірмеуін көреміз. Және сол ескірмейтін авторлық ұстаным, ой-идея, махаббат желісі бүгінгі театрдың белсенді көрермендеріне арналған.
Театр эпоста айтып жырланып, пьесада автор тарапынан жазылған көздің қарашығындай сақталуға тиіс салт-дәстүрді үтір нүктесіне дейін көрсетуді мақсат тұтпаған. Оның мақсаты сол пьеса негізінде қойылған спектаклді көруге залға жиналатын бүгінгі көрерменге арналған түсінікті, шынайы махаббат дастанының трагедиялық мәтінінен заманауи спектакль жасаған. Өз спектаклінде режиссер қолданған әдіс-тәсілдер сахнаға қоюға арналған мәтінді қалай жазса солай қою емес, бүгінгі ұрпақ, бүгінгі көрерменге түсінікті ирония, кекесін, әзіл, тағы басқа сахналық әдіс-тәсілдермен «театрландырылған» қойылым болған. Спектаклді толығымен жанды дәстүрлі музыкалық аспаптардан түзілген топтың сүйемелінде орындайтын музыкалық қойылым жасаған.
Кейіпкерлер қатары мен олардың сөздеріндегі өзгерістер, толықтырулар, режиссер кіргізген қосалқы детальдер спектакль атмосферасын ашуға, сонымен бірге салмақты қойылыммен жүздесуге жетелейді. Және спектакль 1500 жылдан аса тарихы бар эпоспен бірге соның негізінде жазылған Ғ.Мүсірепов трагедиясының оқиға желісін біліп, дайын келетін көрерменге арналуы. Бүгінгідей «кітап оқымайды» деп ұрысатын жас ұрпақ аудиториясына арналған қойылым көрерменге берер тағлымы, назар аудартатын сілтемелері жеткілікті.
- Классикалық туындыны заманауи стильде сахналаған режиссердің еңбегі сәтті шықты ма?
- Баянның алғашқы шығысынан бастап спектакль финалында біз екі жастың трагедиялық халін әдемі көрсете алған режиссердің қолтаңбасына көрдік. Режиссер Гүлнәз Балпейісова танымал трагедияның негізгі ой идеясы мен кейіпкерлерінің арасында өрбитін тартыс тізгініне жаңаша бағыт беріп, оқиға желісін өзінше, заманға сай интонациямен баяндауға күш салған. Режиссер бұл қойылымында есте жоқ ескі заманды, адамдарды, олардың өмірін идеализацияуға бармаған. Режиссердің сахналық кейіпкерді, оқиғаны көрерменге сахналауда өзіндік беру әдіс-тәсілдерінде өмірді терең зерделеп сахналау, боямасыз адами-пенделік келбетін ашуға икемділігі байқалады. Пьесадағы негізгі кейіпкерлерден бөлек қосалқы Ағаш қыз, Жолбарыс, Таңқы секілді кейіпкерлер мен музыкалық сүйемелдеуші музыканттар тобының сахналық оқиға желісіне араласуы спектакльде пайда болған. Ағаш қыз – М.Макибаева орындауында спектаклдің басынан аяғына дейін сахнаның негізгі лейтмотиві болып үнсіз бірсарынды пластикалық әрекетпен эпикалық оқиға желісінің театрдағы атмосферасы мен ауқымын береді. Арқасына асынып алған жапырақсыз ағашпен жүретін бұл кейіпкердің әрекеті негізгі кейіпкерлерге мүлдем қарама-қайшы үнсіздікке және толассыздыққа құрылған. Кейіпкер көпті көрген, көпті басынан өткерген өз ішкі заңдылығы мен ырғағымен жүретін уақыттың, дыбыссыз жылжитын құмсағаттың жылжуы секілді, айналадағы аласапран дауылды оқиғаларға мойынсұнбайтын өзіндік ырғақ пен сабырлылыққа бағынған жылжуын көрсетеді.
Біздің бүгінгі театр тәжірибемізде мұндай шешіммен сахнаға шыққан қойылым театр басшыларына бұл спектаклді шығарып оны көрерменге ұсыну оңайға түспегенін байқадық. Әрине, қоғамды екіұшты ойға жетелейтін мұндай спектакль қалай сахнаға қойылды, театр басшылығы, Көркемдік кеңесі қайда? - дегендей үндердің естілуі де заңды. Театр өзінің репертуарлық бағытын жасақтауда батыл шешімдерге, соны ізденістерге бармаса сахна өнерінен сән кетеді. Көңілсіз, бұйығы, бірсарынды репертуар театрдың шығармашылығын көркейтпейді. Сондықтан, театрға тынымсыз ізденіс, жаңа жобаларды жүзеге асыруын тілеймін. Ал залға келген көрермен «тойдан тобықтай» дегендей ой қуып қайтар болса сол жеңіс болмақ. Көремен театрдан ойсыз қайтпасын.
Риза ӘЛМҰХАН, филология ғылымдарының докторы, Қазақ ұлттық өнер университетінің ғылым бөлiмiнiң қызметкері: «Фольклорлық мұрамен жұмыс істегенде өте абай болу керек»
- «Баян сұлу -Қозы –Көрпеш» қойылымына жабық көрсетiлiмге студентіммен бардым. Ең басты «Әттеген-айы»: режиссер, сценарист фольклорлық жырдың негізiнде ұсынылатын дүние екенін ескерулерi керек еді. Бұл фольклорлық шығармаға тәуелді ету деген сөз емес, XXI ғасырдың көрерменi қабылдай алатын нұсқада ұсынғанда да түп негіздi бұрмаламай, заманауи жетicтiктердi қолдана отырып, көрермен көңіліне жол табуға болады. Мысалы, «Қозы Көрпеш -Баян сұлу» атты Баян Мақсатқызы Алагөзова түсipген 6 сериялы фильм бар. Заманауи деңгейде, соның өзінде фольклордан тамырын үзiп, тым қатты алшақтамаған. Бұл дұрыс. «Баян сұлу - Қозы Көрпештi» спектакль ретінде ұсынған режиссер, қанша дегенмен, жас адам, сондықтан болашақта фольклорлық мұрамен жұмыс істегенде өте абай болу керек екенін айтқым келеді. Бұл фольклорлық мұра. Ал бұл спектакльде Қозының немесе Баянның орнына Ромео мен Джульетта деп айтса да, қазақ жыры, қазақ спектаклi екенін танылмайды, ажырату мүмкін болмайды. Сондықтан режиссер осыны ескеруi керек. Жақында «Баян сұлу – Қозы Көрпешке» арнайы рецензия жазамын, сондықтан әзipше осымен тоқтайын. Бip нәрсе анық - әр режиссер өз нұсқасын ұсынуға қақы бар, дегенмен халықтың, ұлттық мұраның қадipiн бағалап, түйсініп, құрметпен сақтауымыз парызымыз. Ал режиссер сын, ескертулерді дұрыс қабылдайды деп сенгім келеді.
Нартай ЕСКЕНДІРОВ, театртанушы: «Ұлттық классикалық шығарманы эксперимент алаңына айналдыруға болмайды»
- «Қозы көрпеш – Баян сұлу» лиро-эпостық жыры барлығымызға әлімсақтан таныс шығарма. Қазақ ұлтының баға жетпес құндылығын Ғ.Мүсірепов «Қозы көрпеш – Баян сұлу» пьесасын театр сахнасына икемдеп көркемдеп жазып шыққан кәсіби драматург. Қазақ театр тарихында оның түрлі сахналанғанын білеміз. Бірақ заманауи тұрғыда түбегейлі терең өзгерістерге бармаған. Көптеген елдерде де осындай өзіндік классикалар бар. Түрлі жанрларда қойылып жатқан заманауи спектакльдерді көргенбіз, олар өздерінің төл туындыларына шаң жуытпай, өздерінің салт-дәстүрін, әдет-ғұрыпын, тарихын, тілін терең білетін режиссер мамандарға қойдырады. Және де ұлттық дәстүрлі шығармаларды заманауи тәжірибелерге айналдыруға рұқсат етілмейтін заңдылықтары да бар. Атап айтқанда «Комеди Дель Арте» театры, шығыстың Қытай, Жапон т.б. театрларын айтуға болады.
Біздің Қазақ театрында да классикалық пьесаларды дәстүрге сай жаңғыртуға келгенде көзге түсіп жүрген Фархад Молдағали, Гүлсина Мирғалиева, Дина Құнанбай, Ф.Қанафин сияқты кәсіби режиссерлерімізді ерекше атап айтуға болады. Бірақ енді осы уақытқа дейін біздің ұлттық классикалардың тарихын, салт-дәстүрін терең түсінбей, өзінің қиялынан шығарып, өмірде болған, болмаған кейіпкерлер мен оқиғаларды, минталитетке жат әрі теріс әрекеттерді жастарға бағзы заманда да «сондай болды» дегендей түбегейлі өзгерткен Гүлназ Балпейісова болып тұр. Спектакльдің жаңашалануы деп шоуға айналдыруы, жастарға жарқын көңіл көтеретін шығарма етіп жасауы жақсы шыққан. Спектакль мифтен пайда болатын сиқырға толы болып, сахналары спецэффектілерге толы болып көңіл-күйді көтеріп отырады. Сахнаның екі қапталынан жел соғатын (ветродуй) сахнаның көркін кіргізіп, спектакльдің жандануына септігін тигізген. Егер де сахнада бұл «Баян сұлу-Қозы Көрпеш» емес, басқа атаудағы спектакль болғанда қойылымды қабылдауға болар еді деген ойға келеміз. Режииссер Г.Балпейісованың режиссуралық қолтаңбасы өзгеше дараланғанын осы спектаклі арқылы білдік. Актерлердің қарым-қабілеттерін заманауи қағидалар мен тың әрекеттерге жол ашқандығы қуантады.
- Гүлназ осыған дейінде Қарағанды театрында «Қаракөз» спектаклін қойған болатын. Қойылымда Қаракөз Наршамен де, Сырыммен де бірге болып, жақындасады. Ұшқалақ әрі бірбеткей, ару болып шыққан. Қазіргі қоғамдағы қыздардың бейнесін бергенімен, сахнадағы мәдениет, ұлтымызға тән рухтан аттап өткенін, мұншалықты ашық сахналануын құптай алмадық. Режиссер сахнаға Қарагөз, Баяндай жүйке-жүйесі бұзылған қыздардың, бала-шағасына қарамайтын ата-ананың жиынтық бейнелерін көркемдік, эстетикалық тұрғыда бергені жөн еді. Себебі театрға ұлттық классикалық шығарманы дөрекі эксперимент алаңына айналдыруға болмайды. Бүгінгі қоғамдағы әдепке кереғар болып жатқан мәселелерді тетрға тікелей әкелмей, эстетикалық жағын сақтағаны жөн еді деген ойға келдік. Дәл осы «Қаракөз» қойылымын режиссер Фархад Молдағали жаңаша форматта, эстетикалық тұрғыда «саундрама» жанрын алып, жоғары деңгейде сахналады. Егер классикалық шығарманың дәстүріне қол тигізбесе, ұлттық кимін, салт-дәстүрін сақтай отырып, заманауиландырса мүмкін келісуге болады.
- «Қаракөз», «Баян сұлу – Қозы Көрпеш» қойылылымдарында режиссер Гүлназ ең үлкен қателігі – ұлттық классикалық шығарманы осындай төменгі халге түсіруі. Сахна мәдениетінен аттап, ұлы сөздің ұяты жоқ ашық сахнада бірге жақындасатын, құшақтасып, көп қол жүгіртетін жақтарын қолдамаймыз. Қойылымдағы ең бірінші мәселе режиссердің өзі қазақ тілін түсінбейді. Қазақ тілін білмегендіктен, қарындасымыз қазақ болса да ұлттық, классикалық шығарманы түбегейлі түсінбегендіктен шығарманың түпнұсқасымен жұмыс істемеген. Сахнадағы образдардың датальдарына қарап орысша аударманың нұсқасы бойынша сахналағанын байқап отырмыз. Дүниежүзілік кино, дисней мультфильмдерінен әртүрлі стильдегі жиынтық образдары көшірілген. Мәселен спектакльдегі Қозының жолбарысын алсақ «Аватар» киносындағы аватарға, құлағы қалқиғаны, түрі, жүріс-тұрысы ұқсап кеткен. Ұлттық классикалық нұсқасында ешқандай жолбарыс образы жоқ, ал орысша аудармасындағы нұсқада жолбарыс терісі деген кездеседі. Ал режиссер оны бір кейіпкерге айналырып жіберген. Сөйтіп спектакль көріп отырған көрермендер бұл спектакльде жолбарыс қандан пайда болды деген сұраққа жауап іздейді. Сондай-ақ қойылымда аяңдап жүретін қыз бар Пина Бауш деген режиссердің шығармаларындағы детальде кездеседі. Күнікейдің бейнесіндегі түймеқыздың бейнесі, көртышқан жалпы әлемдік спектакльдер, кино, мультфильмдерден алынған. Бұл режиссердің өзінің жұмысы, шешімі болғандықтан кейіпкерлеріне, әрекеттеріне басқа бір бояу беру керек еді.
Қойылым 4-сағатқа жуық өте ұзақ болып кеткен. Қойылымдағы Баянның бейнесі қазіргі қоғамдағы қыздарды көрсеткендей. Өзін өзі ұнатпай қол салғысы келетіні, өзін-өзі таппай жүргені бұл жастарға қандай үлгі? Қыздарымыз керсінше осы спектакльден кейін «осылай істесем дұрыс болады екен» деп қабылдап қалуы бек мүмкін. Қазақтың санаулы ғана классикалық шығармаларын қоярда сүзгіден өткізу керек. Жоғарыда айтқанымыздай қазақ тілін, мәдениеті мен менталитетін терең түсінетін мамандарға ғана ұсынуымыз керек. Ал заманауи шығармаларды сахналаумен классикалық шығармаларды сахналағанда аталмыш қағидаларды сақталса деген ұсынысымыз бар. Кино бар, басқа шоу бар бірақ театр дәл осындай ұлт жаухарына тәжірибеге бармай, қазақ аруын, анасының бейнесі төмен деңгейге түспесе екен деген тілектеміз.
- Рақмет!
Салтанат Есенқұлова