Менің екі анам бар. Бірі туған анам. Екіншісі рухани анам – Мағира апай. Туған анам мені шыр е...
Дана Асылбек. Жол (әңгіме)
Ақ көйлегінің сыртынан қою көк түсті жемпір киген кішкентай қыздың шашы бетін жаба бергесін, алақанымен кекіл шаштарын төбесіне қайырды. Ұзын қара шаштары үйісіп қалғандықтан ұсқынсыз көрінеді. Оны әсемдеп тарауға, өзі жақсы көретін түрлі жасанды гүлдер қадалған шаш қыстырғыштарын тағуға да мүмкіндігі жоқ. Үйіскен шаштарының арасына даланың борап жатқан топырақтары жиналып та қалған. Шаң мен желге қарама-қарсы келе жатса да, оның алдын көлегейлейтін шаштары өзінің ашуына тиіп келе жатқандай, «туф» деп ызалана нықтап қолымен шаштарын артқа қайырды. Десе де дала желі оған дес бермейді.
«Маған әжетхана керек».
Кішкентай қыз жанындағы ересектің киімінен тартып шақырды. Қасында жол серіктесі жиырма жасар ересек қыз оған бұрылып тоқтай қалды. Айналасына қарады. Ескі асфальт жол бетінде топырақ толқи көшкен елсіз далада тіпті көліктер де өтпейді. Мұндай далада қайдағы әжетхана. Дегенмен, кішкентай қыздың қолынан жетектей жол шетіне қарай бағыт алды. Дала жыңғылдарының артына кішкентай қызды жіберді де, өзі жолға қарай қайта бұрылды. Алыстан жолда бұлдырай бірдеңе көрінгендей болады. Бірақ көзі алдағанын іштей болжап, ол бұлдырға мән бере де қоймады. Кішкентай қыз жанына жүгіріп қайта келді. Тағы да:
«Сен қайда бара жатырсың?»
«Өзім де білмеймін».
Кішкентайдың ересекке қоя беретін сұрағы да, алатын жауабы да осы. Кішкентай онымен жүріп келе жатқан бұл жолда бірнеше мәрте артқа бұрыла берді. Қалаға қайтып келіп, жатқа білетін бір танысының нөмірін бейтаныс біреуге айтып, телефон шалуын сұрап, артынша үйге оралсам деген ойы болды. Бірақ бұл ойды қайта-қайта көз алдына елестетіп, қайтуды аңсаған сайын ол мекеннен алыстап бара жатқанын сезеді.
Ал ересекте қайтадан кері оралсам деген ой мүлде жоқ. Қара түсті бүржейдесінің қалтасынан қолын шығармастан, бүкірейіп алып алға жүріп келеді. Үстіне киген қара түсті киімдеріне кір келтірмей, жиналып қалған топырақтарды ара-арасында үстінен қағып қояды. Оны да жол шаршатқаны анық байқалады. Сәт сайын басын жоғары көтеріп күнге мойын бұрып, көзін жұмып тұра қалады. Күнге бұрылған күйі күрсінгендей иығымен бір демін алады да, қайтадан басын салбыратып, жүрісін жалғайды. Бұл оның күннен нәр алып, жолды қайта жалғайтын үрдісі ғана. Кішкентай оның бұл қылығын қайталайды да, өзінікі мәнсіз екенін түсінеді. Келе жатқан жолда бұл тағы бір рет күнге қарап демін алғанда, кішкентай қыз ересектен:
«Сен күнді жақсы көресің бе?»
Ересек оның сұрақтарын елегісі келмесе де, желмен жағаласа жаңғырықтай естілетін оның сөздерін жауапсыз қалдырғысы келмеді:
«Иә, күн – менің досым. Ол ыстық... Тозақ сияқты».
Соңғы сөздерді айтарда іркіліп қалды. Аузынан шығып қойғасын, қайтарылмайтын сөзіне аздап өкінді. Осы сөзге қадалған кішкентай:
«Тозақ? Ол ыстық па?»
«Білмеймін, адамдар ыстық дейді. Күн сияқты ыстық шығар».
«Адамдар тозақта боп көрген бе сонда?»
Ересек тұрып қалды да, оған қарап:
«Сен тым көп сұрақтар қоясың. Адамдар оттан қорыққан соң, Құдай адамдарды «тозақта ыстық болады» деп қорқытқан болар. Мен білмеймін».
«Ал мен құдайды мейірімді деп ойлағанмын. Ол бізді неге қорқыта береді?»
«Жақсы адам болсын деп шығар».
Тағы бір үнсіздік. Осы бір тақырыптың беті ашылса, ересек үндегісі келмейді. Ал кішкентайға бәрі қызық. Ересек бұрындағыдай жаратылысты мультфильмдегідей таңғажайып деп есепке алмағалы бері, бұл өмірге сұр түсті көзілдірікпен қарайтын болған. Жер-Ананың тамашасына қызығу да, планеталарды зерттеу мен жұлдыздарды санау да оған енді қызық емес тақырып. Кішкентай үшін жаратылыстың жаратылуы мен адамдардың оны қалай іске жаратып жатқаны да қызық. Кішкентайдың қоятын сұрақтарына бәрі шоши қарайтын. Бірі жауап бергісі келмесе, бірі оған мұндай сұрақтар қоюға болмайды деп ұрысады. Әсіресе, ересектер. Бұл олардың шамына тиіп, одан сайын «Неге болмайды?» деп сұрақтар тізімін жаңарта түседі. Тіршіліктің бар сырына үңілгісі келетін ол ересектердің сұрама дегенін сұрап, қарама дегенін қарап, олардың салатын тыйымдарын аяқасты етеді. Мүмкін, сол үшін де шығар бүгінгі алыс сапарға аттанғаны.
Дәл бұл сәтте ересектің ойына тіршіліктің сырлары жайлы ойлар емес, айналасындағы адамдармен өткен естеліктері есіне келеді. Бірінші, өзінің масқара болған сәттері, біреудің оған жапқан жаласы, біреудің өзіне жасаған қастандығы. Қуанышты сәттер десе, бұрын оған ересектердің велосипед сатып алып берген кез есіне келеді. Сол кезде «осы велосипедпен айға да барасың» дегенге сеніп, түнде тура жүре беріп, ақырында үйінен жырақ адасып кеткен еді. Оны далалықтан таңға жуық іздеп тапқанда «мен айды жек көремін» деп жылаумен болған. Жаңа сатып алған велосипедке қатты қуанғанмен, содан кейін оны тепкен де жоқ. Енді бірде оған нан сатып ал деп берген ақшаға торт сатып алып, үйге қуанышты күйде оралғанда, ересектер оның басынан нұқып есін тандырған еді. Ал ол болса, «торт та, нан да ұннан емес пе?» деп ерегескенде жылап отырып, шоколадты кремі бар тортты бетіне былшытып жаға түсті. Қуанышты күндері сатып алынатын, ұннан жасалған торт оның аузында басқаларға деген жиіркеніштермен бірге шайналып жатты. Одан соң ол торт та жеген емес. Есінде бар қуанышты сәттерінің бәрінің соңы осылай оның мұңды сәттерімен араласып кететіні ашуын оятатын. Бұл іштей өткенді кассетадай айналдырып келе жатқанда, жанындағы кішкентайдың еске алатын түгі жоқтай. Ол тек ештеңе жоқ даладан бір ғажап іздеп келе жатқандай түрмен жүріп келеді. Өз-өзімен сөйлесетін де сияқты. Бірдеңе деп күбірлейді. Аса қызықпаса да, ересек қыз:
«Бірдеңе деп жатырсың ба?»
Кішкентай оған қарап ойланды да:
«Біз жап-жалғыз екенбіз».
«Жалғыз?»
«Иә. Біз жалғыз жердеміз. Жалғыз күнді айналудамыз. Басқа планеталар бар болса да, олардың біздің тіршілікте шаруасы жоқ. Сен де жалғызсың. Мен де жалғызбын. Бұл жердің бетінде басқа адамдар болса да, олардың біздің тіршілікте шаруасы жоқ. Бұл тыныштық – жалғыздықтың үні. Айналадағы бәріміз де жалғызбыз».
Ересек кішкентай қыздың не дегенін онша түсіне де қоймады, мән бермеді де. Оны сезгендей кішкентай қыз:
«Сен тыныштыққа мән бере алмайсың. Себебі, сенің миыңда айқай-шу көп. Сондықтан сен менің айтқанымды түсінбейсің».
Ересек бұл сөздерді елемеді. Шынымен, оның құлағы ешбір тыныштықты ешқашан сезген емес. Ойындағы дүрбелеңді ешқашан тыя алмайтын оның құлағында әртүрлі дауыстар жаңғыратын. Белгісіз бір адамдардың дабыра қағып, бір-біріне жағаласып айқайлайтын дауыстар оған түсініксіз тілде естілетін. Мүмкін, өз айналасындағы адамдардың бұған айтқан сөздері сапырылысып жатқан шығар. Өз ойын басқара алмайтын ол шын тыныштық дегенді қайдан сезсін? Сондықтан оның айтқандарын сандырақтарға балады. Мүмкін, адамдардың оған қоятын сансыз сұрақтарына жауап бергенде ғана санасы тыныштық табатын болар. Бәрінің «неге осындайсың?», «неге біздей болмайсың?», «неге бөлектенесің?» және тағы басқа «негелердің» жауабын қайтарса, кішкентайдың айтқанын түсіне қояр. Мүмкін, бұл сапарға сол сұрақтардың жауабын табу үшін шыққан шығар.
Жол шетіндегі «тоқтауға болмайды» деген орынсыз белгінің жанына келгенде, ересек тағы бір рет күнге мойын бұрды да, еріксіз жерге құлай түсті. Шалқасынан құлап түскенге кішкентай қыз таңданып, тізесін таянып:
«Басың аман ба?»
Ересек қыз көзін ашқысы келмеді. Жауап та бермеді. Неге екенін арқасы әйтеуір жерге тигенде, белі жазылып, қос қолы мен қос аяғын жерден көтеруге ұмтылмады. Кішкентай қыз оның әрекетін қайталап, жанына кеп шалқасынан жата қалды. Неге екенін ол ересек сезген нәрсені сезе алмағандай болды.
«Саған жер ұнай ма?»
Ересек бұл сұрақты жауапсыз қалдырмады:
«Жоқ, жер – менің дұшпаным. Ол лас... Қоқыс сияқты».
Ересек еш іркілместен оның сұрақтарына жауап қатып жатты. Кішкентай одан әрі:
«Қоқыс? Жер сондай сасық па?»
«Иә. Себебі, мұнда адамдар тіршілік етеді. Бұл жерді адамдардың тәкәппарлығы мен ашкөздігі қоқыс етті. Оны адамдар сүртілмейтіндей кір-қожалақ, айғыз етті. Боққа баттық. Сасып біттік. Адамдар жақсы болуға қанша тырысса да, әжетханадан бетер мүңкитін иіспен жүр. Біздің ниетіміз де, іс-әрекетіміз де – ішімдіктерді араластырып ішкен адамның асқазанынан шығатын құсық секілді. Біздің жүрек тазалығымыз – шіріген тамақтар тасталған ыдыс секілді. Біздің санамыздың пәктігі – жерге жылдар бойы сіңе алмайтын целлофан секілді. Біз сондай жиіркеніштіміз. Пайдасызбыз. Мен барлық адамнан жиіркенемін. Барлық адамзаттан. Өзімнен де. Мен мына жердің үстінде жатқаным үшін қатты ұяламын. Мен лас күйімде күнге барғым келеді. Мен оған барып, күлге айналғым келеді».
Кішкентай бұл сөздердің мәнін ұға қоймады. Ересек те тым көп сөйлеп барып, тынышталып қалды да, бүктеліп жата қалды. Кішкентай қыз жерге қарап бірдеңені күбірлей түсті. Оның бұрын біреуден жиырма тиынға сатып алған дәптері болатын. Ол қаламдарына шақ келтірмей, тоқтамастан бірдеңелерді жазып, толтырып тастай беретін. Ересектер жанына келіп, дәптерге үңіліп, «бұл не?» деп сұраса, кішкентай қыз оларға «адамдардан сақтануға арналған дұға» деп жауап беретін. Әрине, оның айтқанын ешкім түсіне де қоймаған. Өзіне мәлім жазумен шимайлататын кішкентайдың адамдардан сақтануға арналған дұғасы көбейе беретін. Жиырма тиынға сатып алған дәптердің миллиметр де жазылмаған бос орны жоқ еді. Сол дәптердің бетін ашып жіберіп, кез келген жағдайда іштен оқып айтатын. Артынша, жаттап ап айтатын. Сол дәптерге өмірінің соңына дейін адамдардан қорғайтын дұғалар жазуды жалғастыра берер ме еді, кім білсін? Ересектер ол дәптерді өртеп, кішкентайды «есінен адасқан» деген соң ол адамдардан сақтану сөздерін ойында сақтайтын болды. Себебі, оның басын ешкім өртемейді ғой. Қазіргі күбірлеп айтып жатқаны да сол шығар. Өзі түсінетін тілде айтқан дұғасында «бұл сапарда жердің қоқысынан сақтасын» деп тілеп те жатқан болар. Онысы өзіне ғана аян.
Ересек орнынан тұрғанда, кішкентай да қайталады. Алдарындағы қақырап жатқан асфальт жолдың сонау шетіне көз тастап жіберді де, жүрісті тағы жалғады. Бара жатқан мекеннің басы да көрінер емес. Бірақ екеу де мақсаттан таймайды. Мақсат дегендей, ересек қыздың бір рет топтық қарсылық акцияларға қатысқаны бар еді. Өзінің оған неге қатысқаны белгісіз, әйтеуір тамағы қарлыққанша сол алаңда «Қарсымыз! Қарсымыз! Қарсымыз!» деп айқайлаған. Не мақсатта олай айқайлап, алаңда белсенділік танытқанын сұрағанда, қыз «мен емес, біз қарсымыз» деп жауап берген. Шынында, оның қарсылық себептеріне айтары көп болып, жай ғана айтуға ерінген де болар. Бірақ содан соң ол өз мүддесін ақтап алуға тырыспай-ақ, қарсылық акцияларына «Қарсымыз!» деген ұранмен жиі баратын болды. Айтатыны, «мен емес, біз қарсымыз» деу ғана. Оны бұл сөз бір тұтқындалудан құтқарған. Мүмкін, ол мақсатын анық көрсетсе, көзі құртылар ма еді. Оның сондағы көздегені де бөлек еді. Ол басқалар үшін қарсылық акцияларында жүрген бір дүбәрә көрінгені рас. Мүмкін, сол дүбәралығы үшін шығар осы сапарға шыққаны.
Екеуінің де бұл жолда ойына келе беретін естеліктері мен ойлары көп еді. Армандайтын ғажаптары да шексіздіктей. Әсіресе, кішкентай қыз мұрнын жеңімен сүртіп қойып, ойын еш бұзбастан жүріп келеді. Оны бұл жолдың қашан аяқталатынынан бұрын, ессіз ойларының орындалуы, не орындалмауы қызықтырады. Ересектердің айтуынша, қазан айының төрті күні екен, бір ессіз ойының орындалуына шақ қалып, мертіле жаздағаны. Кішкентай қыз көкте ұшып жүрген жындардың бірінің мойнына мініп алып, қайтыс болған соң аспан әлемінде таныстарын жоғарыдан аңдып тұратын сүйікті көкесінің жанын іздеуге шыққысы келді. Жанын тауып, арқан жіпке оны байлап алып, «гелий шар секілді қайта ұшып кетпес үшін беліме байлап жүремін» деп жоспар құрды. Әрине, көктің биіктігі ол үшін үй шатырымен есептелетін. Шатырға шығып, бір қолына арқан мен бір қолына өзі сызған картаны ұстаған күйі, шатырдан секіріп түсті. Оның сол қолындағы көктегі адам жаны ұшып жүретін бұлттар қаласының картасы еді. Біраз түн қызулап, денесінің бәрі ауырып шыққанмен, сүйікті көкесінің жанын беліне байлап жүруге бір мүмкіндікті жіберіп алғаны үшін жылай беретін болды. Сүйікті көкесі кішкентай қыздың шатырдан сәтсіз құлағаны үшін күліп те алған шығар. Қазір енді ойлап келе жатқаны, мүмкін, сүйікті көкесі оның арқанына байланғысы да келмеген шығар. Мүмкін, ол жақта ол басқаша өмір кешіп, қайтып келгісі келмейтін шығар. Мүмкін, кішкентай қыз бұл сапарға соны анықтау үшін шыққан болар.
Екеуінің іші шулап келе жатқанмен, сырты үнсіз еді. Тек кішкентай ересек қызға сұрақ қойғанға дейін ғана:
«Сенің қорқынышың не?»
Ересек мұндай сұрақтарды аса ұнатпайтын. Адамдарға өзінің сенімі мен қорқынышын айтудан қорқатынын өзі ғана білетін. Бірінші қорқынышы осы болса, екінші бір қорқынышы адамдарға жемтік болудан еді. Іскерлік етіп жүрген бір күнінде көмек сұрап келетін адамдарды ол көмек сұрағандарына жәрдемдесіп жүрмін деп ойлағанда, кейін олай емес, оларға жем боп жүргенін білген. Содан кейін ол адамдарға еш ілтипат білдірмейтін жексұрынға айналып шыға келді. Адамдарға да өз сенімімді жария етсем, олар менің сенімімді аяқасты етеді деп қорқатын. Адамдарға «мен саған сенім артамын» деп айта алмайтын. Оларға «мен мына нәрсенің шын екеніне сенемін» деп шындықты жақтай алмаса, енді бірде «мен өзіме сенемін» деп өзін өз басындағы қиындықта қайрай алмайтын да болды. Оның сенімі – өзіне қарсы қару болатын. Сондықтан ол кішкентайға қорқынышымен қоса, сенімін де аша алмайды. Мүмкін, бұл жай бір қорқынышты жеңу үшін болар, осы жолда тоқтамай келе жатқаны.
Ал кішкентай қыздың қорқынышы мүлде бөлек еді. Ол адамдардың оны байқап қоюынан, өзіне назар аударғанынан қорқатын. Оған ересектер «есейгенде сен қолында бүтін бір халықты басқаратын билігі бар, халық табынатын танымал жан боласың» дейтін. Бұл ересектердің әр сөзіне қарсыласып, оларға қырсығып жүретін. Тиісінше, оның қорқынышы да адамдардың назарына ілігіп қалу болды. Ол әлемдегі ең қараусыз, ешкім мән бермейтін адам боламын деп армандаған да. Ешкімнің назарына ілікпес үшін әр күнді үй астынан өзі қазып алған кішкентай үңгірде өткізетін. Ересектер оны іздеп шақырғанда, бұл қалтырап, тіпті көзге көрінгісі келмей қорқа түсетін. Адамдардың өзіне бұрылып қарағанында олардың көздерінен қорқатын. Солай кішкентай қыз адамдардан қорқатын үй ішінен ін қазған тышқандай боп жүретін. Бәлкім, жол соңында адамдардың көзқарасынан қорықпайтын жан боп үйге оралғысы келгендіктен шығар, ересек қыздың көзқарасына тітіркенбестен келе жатқаны.
Жол ұзаққа созылды. Кішкентайдың да, ересектің де аяғы шаршай қоймады. Кеш қарайып, күн аққан қандай қызарып бата бастаса да, жол созыла берді, ал бұл екеуі жүре берді. Жол белгілері де екеуге сапардың аяқталуынан бір белгі бермейді. Аялдауға болмайды деген жерге екеуі кеп жата қалса, жылдамырақ жүру керек деген жерде аяқтарын басып болмайды. Мүмкін, бұл ережелерді сақтамағаннан болар екеуінің сапары ұзаққа созылып бара жатқаны. Алдарынан ереже шыққан сайын кішкентай қыз шашын қайырып «Мұнда не деп тұр?» десе, ересек қыз бір иығын көтеріп «Білмеймін» деп оған мән де бермейді. Мүмкін, бұл ұзын-сонар жол сапардың мақсаты белгілі болмайынша, ересек бұған мән бермейінше мәңгіге жалғасатын болар. Әйтеуір осы бір жол бітпейтінге ұқсайды. Бірақ ол шынымен бітпейді. Себебі, олардың бұл сапардағы жету керек нүктелері – ересек қыздың қарсылық акцияларына қатысудағы анық айтпайтын мақсаты мен лозунгы секілді еді. Олардың неге бұл сапарға шыққанынан бөлек, бұл сапардың аяғында не күткені бәрібір белгісіз. Екеуінің жүріп өткен осынша уақыты түкке де тұрмайтын бір сағаттар боп шықты. Мүмкін, бұл сапардың басталуының да, тіршіліктің пайда болуындай мәнді болған шығар. Мәнділігі сол, олардың жүретін қақыраған асфальт жолы өмірдің бір бөлшегі боп саналатын шығар. Шын мәнінде, олар жазық далада емес, иллюзияға толы бір бөлмеде, қозғалмастан тұрған болса ше? Мүмкін, олар алыс сапарға шықпаған да болар. Мүмкін, мүмкін...