Қазіргі таңда қазақ оқырмандары мен зерттеушілері арасында дәстүршіл және жаңашыл қазақ поэзиясы тақ...
Әлихан Бөкейхан: Түзу қалам - қисайған, өткір қалам - мүжілген заман
Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейхан (1870-1937) – көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, ғұлама ғалым, ұлт азаттық қозғалысының теориялық негізін салушы әрі көсемі, қазақтың тұңғыш саяси партиясын ұйымдастырушы және Алашорда үкіметінің төрағасы. Ол XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басындағы қазақ зиялыларының, қоғам және мемлекет қайраткерлері қатарындағы ерекше тұлға, ұлт-азаттық және Алаш қозғалысының жетекшісі, Алашорда автономиялы үкіметінің төрағасы, публицист, ғалым, аудармашы, білікті саясаткер, білімді әдебиеттанушы, тұңғыш энциклопедист. Бүгін болса XX ғасырдың басындағы қазақ зиялыларының көшбасшысы, ұлт-азаттық қозғалыстың негізгі тұлғасы, Әлихан Бөкейханның туған күні. Осыған орай "Мәдениет порталы" ұлт көсемінің нақыл сөздерін оқырман назарына ұсынып отыр. Мархаббат!
* Алыспаған, жұлыспаған бостандық атына мінбейді, бұғаудан босамайды, ер құлдықтан, әйел күңдіктен шықпайды, малына да, басына да ие болмайды!
* Крестьяндарды қазақ даласына үйіп-төгіп қоныстандыра берсе, тың жердің түгел жыртылары хақ. Ал қазақ даласы тыңынан айрылған соң, тұлдырсыз бедеу қалады да, егін өспейтін болады... Қазақ даласының тамаша шүйгін жайылымдарының топырағы көкке ұшқан соң, дала шөлге айналады, сөйтіп, крестьян айтақырға отырып қалады, ал жайылымнан айрылған қазақ әбден азып-тозып, ақыры жаңа тұрмыстың жағдайымен пролетариат қамытын киіп, тау-кен заводтарына, қалаға кетеді.
* Болғаннан – қашпа, болмағанға – саспа.
* Ақылды сөз қылмақ қиын, ақылды сөзді ақылды іс қылмақ одан да қиын.
* Ақылға саңыраулық та – айып.
* Нағыз түрік затты халық тілі – біздің қазақта.
* Білім - біліммен, мінез - мінезбен. Көп оқыса, зейінді болса - білімді болмақ, ал мінезі жақсы бола ма әлде жаман бола ма - мұны құдай біледі.
* Еуропа патшалықтарының түзу деген құр аты болмаса, іс жүзінде - бір-біріне қасқыр. Тарих жүзінде Еуропа Азия жұртының бетіне Шыңғыс хан һәм Ақсақ Темір ісін басады. Осы екі патша қанша жәбір іс қылды деп. Бұлар өз уақытында заманына қарай іс қылғаны рас. Ал осы жиырмасыншы ғасырда Еуропа патшаларының қылған ісін кім ақтап ала алады? Бұлардың қайсысы қолынан келсе Шыңғыс хан һәм Темірлан болмайын дейді...
* Жантебіреніс: Азаттық таңы атты! Тілекке құдай жеткізді! Күні кеше құл едік - енді бүгін теңелдік!
* Жанайқай: қазақтың оқыған азаматтары, қазаққа осындайда қызмет етпегенде қашан қызмет етіп пайдамызды тигіземіз?!
* Жапонда кісі қажетіне жаратылмаған алақандай жер жоқ. Онда мұндай ыждаһатты жанкештілік болмаса аштан өлесің.
* Бұл болып тұрған заман - Алаштың азаматына зор жүк.
* Бұл заманда жылап мұратқа жетем деу - аш түйенің күйсеуі сыңды дәрменсіздік.
* Ғұсмания түркі тарихы бойынша біздің қазақтың Жетісудағы қаңлы деген руы ауа райы, жері келісті Еуропаға барып, мал бағуды қойып, өзге шаруаға айналып отыр.
* Австралия қойының еті төрт ай мұхитта кемемен жүріп келіп, Петербург базарында сатылады. Малы көшіп жүр, адамы қала болып отыр.
* Шыңғыс хан дүниені алды - артында түк белгі қалған жоқ. Ақсақ Темір дүниені алмаса да - артында Самарқанд, мешіт, медреседей белгі қалды. Шыңғыс - көшпелі, Ақсақ Темір - отырықшы.
* Түзу қалам - қисайған, өткір қалам - мүжілген заман.
* Француз, орыс һәм өзге жұрттың тарихынан көрінеді: молда үкіметтей ақша алса - сатылып кетеді. Рухани іс аяқ асты болады. Жалақы алған молдалар үкіметке жетекшіл болып, еріп кетеді.
* Адам баласы – нәпсінің құлы: маңдайы тасқа тимей тоқтамайды.