Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мешіт салудың арнайы ережесін бекітті. Бұл туралы Бас м...
Қожа Ахмет Ясауи орденінің алғашқы иегері – Режеп Тайип Ердоған
Фото: Ақорда
Режеп Тайип Ердоған Қожа Ахмет Ясауи атындағы орденнің тұңғыш иегері атанды. Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия Президентін аталған жоғары марапатпен салтанатты түрде наградтап, бұл шешімнің символдық әрі тарихи маңызы ерекше екенін атап өтті, деп хабарлайды MadeniPortal.kz.
Мемлекет басшысының айтуынша, жаңа орден түркі халықтарының рухани тұтастығын, тарихи сабақтастығын және ортақ құндылықтарын дәріптеуге арналған.
Президент өз сөзінде Режеп Тайип Ердоғанды түркі әлемінің ынтымағын нығайтып жүрген беделді көшбасшы ретінде бағалады. Сонымен қатар Түркия басшысының қолдауымен Түркі мемлекеттері ұйымы ықпалды құрылымға айналып, түркі интеграциясының жаңа кезеңі басталғанын айтты.
«Өзіңіздің көреген бастамаңызбен қолға алынған тиімді реформалардың нәтижесінде Түркия тұрақты өсіп-өркендеу жолына түсті, зор табысқа жетті, ықпалды және қуатты держава атанды. Біз түрік ағайынға әрдайым тілекшіміз, бауырлас елдің әр жетістігіне қуанамыз. Президент Ердоған – жаһандық саясатта әділдік пен жауапкершілік қағидатын табанды түрде қорғап жүрген аса көрнекті қайраткер. Сіздің «Әлем бестен үлкен» атты тұжырымдамаңыз баршаға белгілі. Бұл халықаралық қатынастар жүйесіндегі теңсіздікке қарсы айтылған батыл үндеу екені сөзсіз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Түркі мемлекеттері ұйымының дамуына Түркия Президентінің қосқан үлесін де ерекше атап өтті. Оның пікірінше, түркі елдерінің ынтымақтастығы ортақ тарихи және рухани негізге сүйенеді.
«Қадірлі Режеп Тайип Ердоғанның тікелей қолдауының арқасында Түркі мемлекеттері ұйымы қысқа мерзім ішінде ықпалды құрылым ретінде қалыптасты. Сондай-ақ ТҮРКСОЙ, Түркі мемлекеттерінің Парламенттік ассамблеясы, Түркі академиясы, Түркі мәдениеті және мұрасы қоры, Түркі инвестициялық қоры секілді маңызды институттардың жұмысы жандана түсті. Біз мұны жоғары бағалаймыз», – деді Қазақстан Президенті.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Түркияны ортақ тарих, тіл, дін және рухани құндылықтар байланыстыратынын айтты. Оның пікірінше, екі ел арасындағы бауырластық бүгінде стратегиялық серіктестік деңгейіне көтерілген.
«Біздің тегіміз бен дініміз – бір, діліміз – ұқсас. Қазақ пен түрік жұртының тереңнен тамыр тартатын бауырластығы бүгінде стратегиялық серіктестікке ұласты», – деді Мемлекет басшысы.
Президент Түркістанды түркі халықтарының рухани астанасы ретінде сипаттап, Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитін дәл осы қасиетті қалада өткізудің ерекше мәні бар екенін жеткізді. Сонымен қатар сөзінің маңызды бөлігін Қожа Ахмет Ясауи мұрасына арнады.
«Әзірет Сұлтан түркілік рух пен ислам өркениетін үйлестіре білді. Оның мәдени мұрасы Ұлы далада ғана емес, Анадолы жерінде де өшпес із қалдырды», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Қожа Ахмет Ясауи орденінің мән-маңызына да тоқталып өтті. Оның айтуынша, бұл марапат Қазақстанның дамуына елеулі үлес қосқан мемлекет және қоғам қайраткерлеріне, ғалымдар мен мәдениет өкілдеріне табысталады.
«Бұл – шын мәнінде, беделі биік, бағасы жоғары марапат. Біз бұл орденді әзірлеген кезде ашық жасыл түске басымдық бердік. Асыл дінімізде осы түстің орны ерекше. Ал оның құрамындағы күміс – тазалықтың нышаны», – деді Президент.
Кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Режеп Тайип Ердоғанның Қожа Ахмет Ясауи орденінің тұңғыш иегері атанғанын жариялады. Президент бұл шешімнің символдық маңызы зор екенін айтты.
«Қадірлі досым, осы жоғары марапатты Сіздің түркі әлеміндегі көшбасшылық рөліңізге берілген лайықты баға деп қабылдаңыз. Сондай-ақ еліміздің Сізге және түрік жұртына деген шынайы құрметі, зор ризашылығы деп біліңіз», – деді Мемлекет басшысы.
Өз кезегінде Режеп Тайип Ердоған марапатты үлкен құрметпен қабылдайтынын жеткізді.
«Бұл орденді Түркия Республикасы және түрік ұлтына деген ілтипатыңыздың белгісі деп қабылдаймын. Осы орайда елдеріміз арасындағы бауырластықты бекемдеу бағытындағы көреген саясатыңыз үшін Сізге, құрметті бауырым, алғыс айтамын. Бауырластығымыз, достығымыз лайым мәңгі болсын!», – деді Режеп Тайип Ердоған.