Ақындық жолы – ауыр жол. Ақын болу деген – ана сүтінің уызына жарып өскен әр қазақтың ың...
Ықылас Ожайұлы: Туған жерді сағынбаудың дәрісі жоқ ішетін...
5259
*** «...Соған өз халіңше ұқсауды шарт қыл. Алла-Тағалаға ұқсай алам ба деп, надандықпен ол сөзден жиіркенбе, ұқсамақ-дәл бірдейлік дағуасымен емес, соның соңында болмақ...». (Абай) Мен аяқ астынан «Құдай» боп кетсем Адамдар бес уақыт атымды айтар, даңқымды сатар ішіне орап тұмардың. Сонда деймін-ау Маған жылағаннан, сұрағаннан басқа жұмысы жоқ па бұлардың. Базбірінің бауыр еті қара ниет болса да «О, Жаратқан жолын мұның оңғар» деп Жалбарынар жасын төгіп түнімен (Жаратпасам да мұны мен). Менің ақы алмайтынымды, жершіл болмайтынымды мынау жұрт түсіне алма ма шынымен. Пейішім – пенденің көңілі, Тозағым – ұяты, Мекенім – жүрегі екенін жып-жылы қан болып сыбырлап айтады әр сөзім (Көрсетіп көп сенім қатесін). Тамырдан тіл қатқан осы үнді Тіпті, көбінің еш естігісі де келмейтінін қайтерсің. Ай, көрдім ғой нелерді Небір найсап шымырлатты-ау төбемді. Жүндей түтіп жібергім-ақ келгенді Кештім бәрін, ұмыт қылдым енді мен... Мейірімді «Құдаймын» ғой себебі. PS. Жалғыздық – «Құдайға» айналу Кейде сол жалқылығыңнан түсіп те кетеді иінің. Ал арыны басылмаған қызба бас қалың тобыр қайдан білсін... «Құдай» болудың қиынын. Варвар Қару жасауға кеткен, қайран уақыт, Сені тостаққа құйса Харибданың қаны. Бір... бір, екі, үш... Тепкілеген жерді, Ет жүректі езді, Сансыз солдаттың етігінен ұшқан ессіздіктің шаңы. Түрме ғой рас топастың басы. Әлем – әйнекке тамған әйелдің жасы, Әмір мен Шахтар ерігіп... немесе есінеп отырып умаждай ғана салған қайран да ғұмыр – Сизифтің тасы. Көшпенділер «Болашақта адамдар аспанға мойын бұрып та қарамайтын болады». (А. Экзюпери) Енді біз аспанға қарамаймыз, Білмейміз тіпті биіктік жайлы, ...бұл – адамизаттың құрдымы. Кейін... көрде тұрыңыз, «шіркеу қоңырауына тым ұқсас еді» деп дауласатын боламыз ...ат ауыздығының сылдыры. Аксиома Табыттың темір я ағаш болуы шарт емес, Ол – үстіміздегі киім шығар, Қабір үнсіз... Мен үнсіз... Мүмкін, мола деп отырғанымыздың өзі ...осы үнсіздігіміз шығар. Метеориттер Күретамырдан аққан қызыл қан әуелей ұшып буға айналды. Жас арудың қыстыққан зары ауаға сіңіп, құмға айналды. Сіз білесіз ғой... Тастар омырау сүтін көкке сауған аналар шерінен пайда болатынын. Осынау... Талыққан дауыс пен таудай күнәні арқалап, аспан қашанғы шыдайды? (түтіліп түбі бір сұлайды). ...омырау сүтінен жаралған обадай-обадай осы бір тастар кезегі келгенде оқ жыландай суылдап ...тура төбемізге құлайды. Кітапхана Тастай суық томарбаста сөз шіріді, ой борсып. ...айыбы сол, адам деген аты бар. Өре шіркін өстіп ылди тарта ма ...өртенбесе Отырар. Шыңғысханның марқайғаны не теңі бір шаһар ма қираған?! Ақылына адамзаттың тас құлап ...өркениет өртенді. Әуен ішіндегі анам I Қоюын-ай мына барқын дауыстың Қара атанның жон арқасын кім үзді? Айтыңызшы, қой деңізші қобызға көз шырымын неге ілмейді сыбызғы?! II Сартап сағыныш, қайғыны көңілім айтсын ...қайнап шыққан бұлағы төмен тартып. Рас, түнімен көз ілмедім Көкірегіме анамның қабірі батып. III Кеудемнің қақ ортасы алашапқын Жерге емес... сол мекенге мола саппын. Қос көлдің мың шайқалған толқынымен Бетіне шығады анам қарашықтың... Бұл өзі көкіректен келген адам Болғанмен бейнесі анық, сөзге сараң. Бетіне қарашықтың қалқып шығып бетіңді айғыздай ма өлген адам. ...«өлген адам»! Ақселеу «Дүние - ең үлкен мәтін...» (Мишель Фуко) Алдына ата-анамның барсам ба екен Жоқ, әлде... ит тірлікте қалсам ба екен, Дүние бір сүреңсіз сөйлем болды осы жерінен тоқтата салсам ба екен? ...деді де жөнеп берді ер Ақселеу. Ару ...Ауызынан шыққан сөзін шіркіннің гүл ғып тақса кеудеге күллі әлемнің көбелегі қонар ма еді исіне?! Күй Күй қымсынды ...көңіл ұмсынды. Қос ішекке бір салқындап дүр етті Ұшқан құстың сусылы. Сана Еш есеймесін, Бір көгермесін, қызылшақа шындықтың мойынын бұра сен жасай бер, жайнай түс, ойланбастық. ...Ақылына оюлы шапан жауып ақбоз үйдің шыға алмай аумағынан Ай... ақыры... алжыған қартқа айналды сақал-мұрты сапсиған ...қайран жастық. Туған күн туралы ән «...Бір минут бір кісінің өміріне ұқсас, Өтті, өлді, тағдыр жоқ қайта келмек» (Абай) Қайда кеттің үзіліп таусыншақ күн Түсінбейді-ау тағдырдың нарқын адам. ...түсінерім, Күрсіден жазылған хат Жыл аунаса жылжиды жарты қадам... Ахау... Аспан – теңіз, Адам – қайық, мұғалақ, дүние ғайып. Ахау, ал... ажалды атап өтейік дастархан жайып... Қайда кеттің қара шаш қайшы өтпейтін Қалай түсті білмедім қар басыма. Бозаң тартқан бұл самай сол жазудың Бұрын жеткен бұйрық таңбасы ма? Ахау... Аспан – теңіз, адам – қайық, мұғалақ, дүние ғайып. Ахау, ал... ажалды атап өтейік дастархан жайып... Төртеудің диалогы немесе өз үрейім туралы – Автократтардан айыратын жалғыз-ақ жол өлім бе? –Жүр, түрмеге кетейік... –Жаңылдым, кешір... –Тірі қалғың келе ме сенің шалбарыңды түсір. –Тіршілік тор біз шыбын – Кімге ұнасын ызыңы... Құрбан айт Мекке мен мешіт күнә жуатын мекеме ме? Қойлардың қандай бұл күні жазығы бар қандай қисыны бар осы ойдың? Құбылаға қызыл маржандары шашырап қорқырап жатады ылғи төрт аяғы буылған бейуаз шындық. Біз де бір ақсақалдар алдында батаға шалынған боздақтармыз ғой соңғы кәлимамыздан тамған «...Мұхаммед» сөзі Сүйек сапты жезмойын пышақтардың жүзіне жұққан... Дәретхана қағазы немесе Джунгли заңы Қарашықта қан ізі... Қанды сүртер қағаз жоқ. Біздің елде Джунгли заңы ...құйрықпен тазалайсың ауызды. Тағылықтың табылмады-ау еш емі тағы не бар сүртетін?! ...Ақордадан айқалайды «сүйем» деп Неандерталдықтардың көсемі. Бақұлдасу I Туған жерді сағынбаудың дәрісі жоқ ішетін... Туған жермен қоштасудың қақпасы бар түсетін... II Өмір осы... ойлап көрсем бір сызық Кеткім келді сол сызықтан мың шығып. Жүз жыртылып кете берді, болмады ...сілекеймен желімдеген тіршілік. III ...Кеудеме көкүйректі қондыра алмай Өртендім өз үніме жолыға алмай. Булығып бір қамырық күйге түстім Ішегі тағылмаған домбырадай. Ал, ажал келсе жетіп арғымағым Мінем де күре жолды шаң қыламын. Аһ дерлік бұл фәниге дәнеңем жоқ ...алды-арты дүниенің болды мәлім... Сыңсу «Енді есен бол жан әке...» (Ұзатылған арудың сөзі) Бұл әуенді еш естігім келмейді Кезінде осы әуен сазымен төрт әпкем кеткенді алыстап. Расында... төртеуі жүретін су бетін толқытқан аққудай қасымда, алысқа кеткенде сүйегім жасыды, тұз тиген жарадай жүрегім ащыды. ...Еш көргім келмейді түбі бір басыма оралып келерін білсем де осы күн. Кейде қамырық хал кешем... ұлдарым тезірек ержетіп ал қызым... нәзігім, көркім сол сәби шағында мәңгілік... мәңгілік, қалса ғой шіркін! ...шіркін деп шаншиды жүрек!!! Матрица (Серікбол Қондыбайға) Жаратушы оны жаратар алдында Қалай, қайтіп жаратсам екен деп ойлағандығында еш шүбәм жоқ. Ал... Ұлы жарылыс хикаясын айтпағанда Ұлы Құдайдың өзін біраз «машақатқа» салып, шайқалтып жібергендігінде күмән жоқ. Оның келуін... әр жусан ұшар басына дейін сағынып, қара жер бусады, топырақ шөліркеп, Аруақ аңсады, Теңіз тағанына дейін тебіреніп, ...шексіз сусады. Уақыт пен кеңістік шекарасын бұзған Ақылы аймен, көңілі күнмен көмкерілген сол боздаққа Құдай Жұпарын бүркіп, шуағын төкті. Ол біздің әлдеқашан көріп, әлдеқашан ұмытқан ілкі түсімізді қайыра жору үшін исі адамзат нәсілінің ілкі нүктесіне өтті, ...түпкі тініне жетті. Ол абақ таңбасындағы Өлім – түпсана, Өмір – бейсана, Қиянат – арам ой, Түс – өңіміз, Тағдыр – өзіміз деген бес пешене жазуды оқыды. ...Ұяты – піскен сүт шымырынан, Мұраты – пайғамбар ұғымынан, Ашуы – алты алаш кегінен, Ақылы – қырық шілтеннің демінен жаратылған сол шіркін... Ақ нөсерден кейінгі кемпірқосақтай туды да ...көп тұрмады. Әбілхайырдың хаты Бұл хат емес... тұтас қауымды тозаққа тастаған тағдыр ғой, түбіне бір жетпей тынбады, (осылай бір халық түгелдей жынданды). ...сол сия бу болып көкке ұшып кетсе еді, неге жазған адамның қолы қарысып, білегі бес жерден сынбады? Қара шаш ағарды, қара көз суалды, ...әй, шойынқұлақтар, беріш жүректер, осылардан ұл туа ма жаны ізгі ...еркіндік пен бостандық деп айтып көр, көтенімен тұншықтырсын ауызды. Шіркін-ай, шіркін-ай... тозаққа қауымның түскенін... жел білсе желкелер еді ғой, жер білсе жиіркенер еді ғой, қара аспан түбінен қақырап көк теңіз өртенер еді ғой. «Бабалар, даналар... ...Ақ найза ұшымен Ақ білек күшімен...» Қойыңыз, тойдық қой кеуекке, бұл сөзге сәби де сенбейді, әридәй ертектер, ақбөпе әлдилер, ...енді дерекке жүрмейді. Құладым тозаққа айғыздап бетімді, сорамнан еш қайыр болмады, қайырылып үріккен бақ қонбады, ...осы бір жапырақ қағаз көк сия бір дүйім қаймана қауымның ғұмырынан шер, көзтостағынан көл жасар деп ...кім ойлады?!