Қазақ киносы немесе «Serjan bratannan» cәлем!

ӘДЕБИЕТ
5010

Кино тағдырын шешетін құдірет – қашанда қалың көрермен. Қазақ киносы өз күнін өз көретін деңгейде ме? «Мәдениет порталы» назарларыңызға Ерболат Қуатбектің мақаласын ұсынады. Мархабат!

Мойындауымыз керек, соңғы он жылда қазақ киносының деңгейі біршама көтерілді. Актерлердің жасанды ойыны, нашар дыбысталу т.б. дүниелер азайды. Дегенмен... 

Егер де киноның қалай жасалатынын білсеңіз оған қатысты ойыңызды да өзгертер едіңіз. Кино бір ғана адамның туындысы емес. Яғни, ұжымдық жұмыс. Толыққанды кино болып шыққанға дейін төрт кезеңнен өтеді. 

Сценарий. Сценарист деген жазушы да әдебиетші де емес. Бірақ, жазушы сценарист бола алмайды дегеннен аулақпын. Керісінше, мұның артықшылығы болмақ. Сценарий фильмнің бюджетіне қарай жазылады. Міндетті түрде. Кейіпкердің мінез-құлқы, оның сүріп жатқан заманына қарай диалогы құрылады. Қазіргі заман туралы фильм болса, таза қазақша һәм әдеби сөйлем құрау – ақымақтық. Қазақ киноларының бір қателігі де сол. Өмірден алшақ қылуға болмайды. Және тым реализмге де бармаңыз. Себебі, жазба ауызша тілге ауысқанда диалог бәрібір өзгереді.

Продакшн (кастингті есептемегенде). Яғни, кино түсіру процесі. Қаншама дубль. Бірнеше локация. Режиссер мен оператордан бөлек, продюсер, дыбыс режиссері, жарық беруші, грим, қоюшы-суретші, костьюм. Айта берсеңіз, тізіліп кете береді. Әрқайсының өз миссиясы бар. 

Постпродакшн. Болды. Кино түсіріліп бітті. Барлығы өз жұмысын аяқтады. Енді монтажер, оның режиссері, түс коррекциясы, арнайы эффект маманы, дыбыс режиссерінің жұмысы басталады. Шынын айтқанды, зергерлікті қажет етеді. Егер фильм дубляждалатын болса, ол басқа дүние. Мыңдаған кадр, жүздеген дубль. Мұның барлығын тұтас кино қылып жасау – қажырлы еңбек.

Маркетинг. Бұл енді жарнама, постер, афиша, SMM және т.б. Яғни, кинодан ақша табу.

Осының бәрін елестетіп көріңіз. Қыруар жұмыс. Еңбек. Соңында: «Қазақтар кино түсіре алмайды» дегенге саятын пікір.

Мұнан шығатын қорытынды не? Кино – бизнес. Шығармашылығыңды бизнеске айналдыру. 

Біздегі танымал жанрлардың бірі – комедия. Ал «Бизнес по-казахски» франшизасы қазақ кинематографиясында қаржы жинаудан рекорд орнатты. Соңғы түсірілген «Бизнес по-казахски в Корее» фильмі (2019 жыл) 1 008 552 674 теңге (бюжет 400 мың доллар қазіргі доллар бағамымен есептегенде шамамен 176 млн теңге) табыс тапқан. Браво!

Қазір қазақ қоғамына комедия жанры жақын боп тұр. Қабылдауға – жеңіл. Демалып, сергіп қайтасың. Бірақ...

Әлемдік деңгейде қарайтын болсақ, біз – «баламыз». Ең көп қаржы жинаған Джеймс Кэмеронның «Аватар» (2009 жыл) фильмі. Табыс – 2 833 679 794. Теңге емес, доллар. Теңгеге шаққанда... Жарайды, миымыз «жарылар».

Егер де осы киноны қазақ режиссері дәл осылай түсіргенде, қалай болар еді? Мұндай жетістік болатынына күмәнім бар. Себебі, қоғамдық сана әлі де дайын емес. Маркетинг өз деңгейінде жұмыс атқармайды. Қателессем, жақсы.

Жеке компаниялар коммерциялық фильм түсіреді. Философиялық, психологиялық драма түсіруге толықтай қауқары бар. Бірақ, шығынға ұшыраудан қорқады. Белгісіз режиссерлер кинофестивальді жағалайды. Қазақстанда оларға ешқандай мүмкіндік жоқ. Ал «Қазақфильм» түсіріп жүрген мықты фильмдер жетерлік. Сатыбалды Нарымбетовтың «Аманаты» мақтауға тұрарлық фильмдердің бірі. Қаржы жинауға көңіл бөлмейтіндігі, мемлекеттік бюджетке түсірілгендіктен болар. Мұндай шырғалаң даму үдерісіне айтарлықтай кедергі келтіреді.

Пандемия кино өндірісіне қатты әсер етті, әрине. Кинотеатрлар жабылды. Табыс азайды. Кино интернетке көшті. Ақылы фильмдер көбейді. Бірақ, біз туындыға ақы төлеу мәдениетінен әлі де алыспыз. Сондықтан да қазақ фильмдері монетизацияға көшті. Жарнамаға көңіл аударды.

Трендке Salem Social Media-ның интернет-сериалдары шықты. Қазір «Саке», «Оркестр», «Sheker», «Serjan Bratan» сынды туындылар сұранысқа ие. Актерлердің ойыны, локация, грим, дыбысқа ешқандай сын жоқ. Жақсы түсірілген. Бірақ, мұның барлығы бір көргенге – жарар. Бір реттік (одноразовый) деуге де болмайды. Дегенмен, шедевр туынды деп те айта алмайсың.

Қысқасы, ғаламат фильм түсіруге толықтай мүмкіндік бар. Сценарист, режиссерлер де жетерлік. Қазақ киносы соған келе жатыр. Нар тәуекелге бара алмаймыз. Қоғам да дайын емес.

Сосын, патриоттарға қатысты дүние: таза қазақ фильм түсіру – абсурд. Біз шындықтан қаша алмаймыз. Нүктесі – осы.

Енді не істеу керек? Актерге талап: ойнамаңыз, өмір сүру керек. Актер зерттеуші болуы – шарт. Сценарийді ұмытыңыз! Мағынасын жеткізсеңіз – болды. Театр мен киноны ажырата біліңіз. Ал режиссер кейіпкерге сай актерді көре білуі керек. Локация, реквизит, костьюм барлығы маңызды. Әрқайсы мағына, мінез береді. Ермек Тұрсыновтың айтқаны бар еді: кино – бір ғана сөйлем. Сюжет соған жұмыс істейді.

Тұрсынов демекші, негізі ұлы режиссер ғой. Кезінде «Келінді» қаншама адам сынады. Батыл қадам еді сол кезде. Қазір эротикалық элементі бар киномен таң қалдыра алмайсың біздің қоғамды. Міне, бізде комедия, драма, тарихи фильмдер баршылық. Енді бізге психологиялық драма, эротика керек. Фэнтезидің аулы алыс.

Нақты ойымыз – осы. Қазақ киносын жоғары деңгейге көтеру көпшіліктің еншісінде.

Ерболат Қуатбек

"Арқа ақшамы" газеті

author

Ерболат Қуатбек

АҚЫН

Жаңалықтар

Биыл күзде Жошы хан туралы деректі-драмалық телехикаяның түсірілімі басталады, деп хабарлайды madeni...

Жаңалықтар

Медицина ғылымдарының докторы, гигиенист-нутрициолог ғалым, академик Төрегелді Шарманов өмірден өтті...