Өткен ғасырда Америкада ғаламат ақын өмір сүрген. Есім-сойы - эдвард эстлин каммингс. каммингс өзіні...
Джон Голсуорси. Біріншілер мен ақырғылар
Біріншілерде ақырғылар болады, ал ақырғылар — бірінші.
Қасиетті жазба
І
Кешкі сағат алтыға қарай бөлмеде қараңғылық ұйығанда, үстелде тұрған жалғыз керосин шамның ала көлеңке жарығы түрік кілеміне, сөреден алып оқуға дайындап қойған кітаптың ашық беттеріне, шығыстық талғам бойынша бетіне өрнекті ақжаулық жабылған аласа үстел үстіндегі алтын жалатылған қара көк кофе сервизіне түсіп тұр еді. Қыста пердесі жабық тұрғанда, төбесі де, қабырғалары да емен тақтайлармен көмкерілген бұл бөлме мүлде қараңғы тартып тұрады. Оның үстіне бөлменің өзі де ерепейсіз үлкен болғандықтан Кит Даррант отырған каминнің жарық алды кішкентай бір ашық арал сияқты көрінеді. Бірақ бұл оған ұнайды да. Таңертең бас көтермей отырып сот "істерімен" танысу, одан соң түске дейін екі сағат мұздай сіресіп сот процесінде отыру секілді күні бойғы жүйке тоздыратын жұмыстан кейін кітап оқу, кофе ішіп, темекі тарту, аракідік тіпті қалғып алу — ол үшін жақсы демалыс еді. Өзінің қоңыр мақпал ескі күртесімен, қызыл түрік туфлиімен Кит өзінің айналасын — жарық пен қараңғылықты — жақсы үйлестіре білетін. Оның бірден көзге ұрып тұратын жып-жылтыр сарғыштау беті, құс қанатындай қайқиған қара қасы, не қоңыр, не сұрға жатпайтын қаралау көзі, сот үстінде үнемі парик киіп отырса да әлі де сирей қоймаған қою бурыл шашы тіпті суретшінің өзін бейжай қалдырмас еді. Кит осындай демалыс үстінде, соттағы жауаптар мен дәлелдеудің сансыз түйінін шешуді талап ететін бас қатырар ой-толғаныстардан миын таза ұстауға тырысып, өз жұмысы туралы мүлде ойлағысы келмейтін. Мәнсіз, дәмсіз дүниенің барлығын жылдам ажыратып, оларды санадан тыс лақтырып тастауға әбден үйренген және көптеген адамдық іс-әрекеттер мен шым-шытырық оқиғалардың арасынан өзіне қажеттісін ғана іріктей білетін оның аса талантты қабілеті үшін сотта жұмыс істеу оған өте қызықты еді, тек кейде жалықтырып, әрі жиіркендіріп жіберетіні де бар. Мәселен, бүгін бір клиенттің жауабынан жалған куәлік етуді сезгендей болды да, оның ісін қараудан мүлде бас тартуға дейін бара жаздады. Сол бір арықтау келген, өңі қуқыл тартқан адам, оның қызба мінезі мен тайғақ жауабы, шошына бақырайған көзі бұған бірден ұнамаған — екіжүзділікке бойы үйренген, сентименталдық сезімге берілген біздің заманның әдеттегі мүскіндерінің бірі. Жақсы емес! Жақсы емес!
Сөреден үш кітап алды: Вольтердің бір томы — оның сүйектен өтер мысқылына қарамастан бұл французда әлдебір таңқаларлық сиқыр бар, — Бэртонның "Саяхаты" мен Стивенсонның "Арабтардың жаңа түндері", Кит соңғысын таңдады. Бұл кеште ол көңіл көтеретін бірдеңе оқығанды жөн көрді, өйткені ол ештеңе туралы ойлағысы келмеп еді. Сотта күні бойы адамдар өте көп болған, тіпті тыныс алу мүмкін емес-ті. Жұмыс соңында ол үйге жаяу қайтқанмен оңтүстік-батыстан ескен дымқыл жел оның не ойын, не бойын сергіте алмаған. Кит шаршаған, жүйкесі тозған, қаңырап бос тұрған өз үйі де оған бірінші рет әрі бөгде, әрі жайсыз көрінген.
Шам жарығын сол басып қойып, ол каминге бұрылып отырды. Телассондардың көңілсіз дастарқандарына барар алдында мүмкін аздап мызғып алса қайтеді? Қазір каникул уақыты болмағаны қандай өкінішті, енді міне, мектептен Мэйзи де келе алмайды. Ол көп жылдан бері бойдақ тірлік етіп келе жатқан да, үйде әйел затының болуын аса қаламаушы еді, ал бүгін өзінің бүлдіршіндей қызымен бірге болуды, оның ойнақы қимылы мен мөлдіреген қара көзін көруді соншама аңсап отыр. Қызық, кейбір еркектер ылғи да әйелдердің ортасында жүруді ұнатады. Мысалы өзінің інісі Лоренс. Әбден тозып бітті, ерік-жігерден мүлде айырылып қалған. Бәрі де әйелдердің кесірінен! Қазір құрдымның аз-ақ алдында тұр, бірде аш, бірде жалаңаш, құдай берген талантын да әлдеқашан әдірем қалдырған? Шотландтық қажыр-қайрат оны бар тығырықтан алып шығар деп үміттенуге болар еді, бірақ шотландтың беті бір кері бұрылса, оны бері бұру мүмкін емес қой. Қызық, інісі мен өзі сияқты бір-біріне мүлде қарама-қайшы екі адамның бойында бір-ақ қан жүгіреді. Кит өзінің барлық жеткен жетістіктері үшін бойына осындай асыл қан сыйлаған анасына мың да бір алғысын айтуды ешқашан ұмытқан емес.
Кенет оның ойы өзінің кәсіптік ожданы мазалап жүрген бір іске ауып кетті. Ол қай уақыттағыдай, істі жан-жақты білетініне күмәнданбаған, бірақ дәл осы жолы дұрыс кеңес бере алғанына сенімі болмап еді. Ешбір күмән-күдік қалдырмастан мәселені ақылды шеше алмай тұрып, өз шешімінде табандап тұрып алу — адвокатуралық қызметте белгілі бір нәтижеге жеткізе алмаса керек, тіпті күнделікті өмірде де мұндай қылықпен алысқа ұзамасың белгілі. Жыл өткен сайын ол қандай да бір іске батыл да нық, еркекше кірісудің қажеттілігін түсіне түскен. Сөз және қыспаққа алу, бірақ бірінші кезекте — қыспаққа алу! Ешқандай күмәнданудың, ешбір бұлталақтатудың қажеті жоқ.
Киттің әдемі бетінде әлдебір сайтандық сайқал күлкі жылтылдап шыға келді — мүмкін бұл алагеуімде ойнақтаған каминнің жарығы да болар. Бұл көріністің соңы қалғып-мүлгуге ауысты да, Кит ұйықтап кетті.
Ол қараңғыда біреудің тықырлатып жүргенін сезіп, күтпеген жерден ояна келген де, басын да бұрмастан: "Не бұл?" деді ақырын. Оған әлдекім алқына демалып тұрғандай көрінді. Кит шам жарығын сәл көтеріп қойды. — Кім бұл?
Есік тұсынан бір дауыс:
— Бұл менмін ғой... Ларримін, — деді.
Күтпеген жерден оянып кеткендіктен бе, әлде інісінің дауысы бір түрлі шықты ма, Кит еріксіз дір ете қалды.
— Ұйықтап жатыр едім. Кір.
Келген адамның кім екенін білген соң, ол орнынан тұрған жоқ, тіпті басын да бұрмады, ұйқы тығылған көзін отқа сығырайта қадаған қалпы Лоренс дәл жанына келгенше қимылсыз отыра берді: інісінің бұл жүрісінен әлдеқандай бір жақсылық та күтпеген. Кит оның алқына тыныстап тұрғанын, вискидің көңірсіген иісін сезді. Ең болмаса осы үйге келе жатқанда аузын таза ұстамай ма бұл жазған?! Бұнысы — сыйластық пен еркеліктің жөнін білмейін тура бес жасар баланың қылығы сияқты.
— Не, не боп қалды, Ларри? — деді бұл сосын тікесінен. Лоренс ылғи да бір жайсыз жайларға тап боп қалып жүретін. Сондайда інісі тауып берген алашапқын жұмыстардың бәріне қыңқ демей көне беретін туысқандық жанашырлық құдіретіне бұның өзі де талай рет таңғалған. Мүмкін бұл — ештеңеге қарамастан шалдуар інісінің бар шаруасына бел шешіп кірісіп — әлде қанның бірлігі, әлде шотландтықтарға тән ағайын-туысқа деген шексіз берілгендік болар? Есік аузында неғып байланып қалды ол: тегі, мас шығар?
— Ау, жоғары шығып отырсаңшы енді, — деді бұл жұмсақтау үнмен.
Лорене жарықтан қашқақтап, қабырғаны жағалап келіп, бұған жақындай берді, — оның белден төмен жағы ғана камин жарығымен анық көрінеді, ал қараңғылықпен тұмшаланған беті әлдебір құбыжықты елестеткендей.
— Сен не, ауырып жүрсің бе?
Лоренс бұл сұраққа да жауап берген жоқ, тек басын шайқап, ұйпа-тұйпа шашының астындағы маңдайын алақанымен сипай берді. Вискидің иісі енді тіпті анық білінген. "Шынында да бұл мас екен! Менің жаңа малайым артын ашып күлетін болды-ау! Бұл бір жақсы көрініс болды. Өзіңді өзің ұстай алмасаң — көрінгенге өстіп мазақ болып жүресің де", — деп ойлады Кит.
Қабырға жанындағы сұлба терең тыныс алды. Көкіректен көріктей ұрып шыққан бұл тыныс аса бір жан қиналысынан сыр бергендей сезілді де, Кит кенет жүйке тоздырған мына үнсіздік себебін неге жорырын білмей дал ұрды. Сосын орнынан тұрып, арқасын каминге берген күйі қатқылдау үнмен:
— Әй, не болды саған?Аузыңа маржан салып тұрсың ба? Кісі өлтіріп кеп тұрғаннан саусың ба өзі?
Бір секундтай уақыт өтті, ешқандай жауап жоқ, Кит тіпті жаңағы терең тынысты да естімей қалды. Сосын... естілер-естілмес бір сыбыр құлаққа шалынды.
— Иә...
Адам қиналған сәтте жаманшылықтың өзін жамандыққа қиғысы келмейтін кезі болады ғой, Кит те сөйтіп:
— Құдайым-ау! Сен шынымен мас екенсің де, — деді абыржып. Алайда үрейден бойы қалшылдап кеткен.
— Не деп тұрсың өзі! Бері келші, түріңді анықтап көріп алайын сенің! Не болды, Ларри?
Лоренс өзін жасырып тұрған қараңғы жерден сүріне қабынып шықты да, жарық түсіп тұрған креслоға жалп етіп отыра кетті. Тағы да аһылап-үһілеген терең тыныс естілді.
— Менің өзіме ештеңе болған жоқ, Кит, ал жаңағы естігенің — шындық.
Кит оқыс алға аттап келіп, інісінің жүзіне үңіле қараған. Қараған да, бірден түсінген: иә, бұл шындық, үрей мен абыржуға толы мына көзқарастан мысқалдай "ойын" білінбейді. Ларридің бұл көзі өз көзі емес секілді. Киттің жүрегі шымырлап кетті — тек үлкен бақытсыздыққа, нағыз кесепатқа душар болған адам ғана осылай қарайды. Алайда Киттің жан-жүрегін елжіреткен жаңағы аяушылық сезімін енді әлдебір ашу-ыза ауыстыра берген.
— Құдай үшін, айтшы сен?! Не былықтырып келдің тағы да?
Артынша даусын бәсеңдетіп, аяғын мысықша басып жүріп кетті де, есікті ішке қарай қаттырақ жауып, қайтып келді. Лоренс креслоны каминге қарай жылжытып қойып, бүкірейіп, тыртиған бүкіл арық денесімен отқа еңкейе отырды.
Оның бөрік астынан көгілдір көзіне иретіле түсіп тұрған шашы мен арақтан тотыққан беті әлі де адамдық кейпін тым жоғалта қоймаған.
— Жетті, Ларри! Жынданба енді... менімен ойнап қайтесің.
— Айттым ғой, бұл шындық деп! Мен кісі өлтіріп келіп тұрмын!
Қызбаланып қаттырақ шыққан осы дауыс Китке төбесіне ақтара салған мұздай су сияқты әсер еткен. Ау, мұндай сөзді қалай қатты айтуға болады? Кенет Лоренс саусақтарын сытырлата бастады. Осы бір қимылда қаншама қасіреттің жатқанын сезгені сондай, Киттің беті безгек тигендей дірілдеп кетіп еді.
— Сен неге бұны айтуға тура маған келдің?
Оттың жылтылдаған жарығы Ларридің бетіне ерекше бір өң беріп, құбылта түскендей болды.
— Енді кімге барам? Маған енді не істеу керек, сенен соны білейін деп келдім, Кит. Полицияға хабарлау керек пе, жоқ па?
Практикалық мәселеге бұлай тікесінен бір-ақ көшу Киттің жүрегін зу еткізді. Дегенмен салмақты дауыспен:
— Ал айтшы?.. Қалай... бұның бәрі қалай болды? — деді. Бұл сұрақтан кейін ауыр да сұмдық түс сияқты бірдеңенің арты шындыққа айнала бастаған.
— Бұл қашан болды?
— Өткен түнде.
Ларридің жүзінде тек сәбиге тән пәктік, адалдық тұнып тұрушы еді. Бұны Кит бұрын да талай байқаған. Жоқ, бұдан адвокат шықпайды. Кит сұрағын одан әрі жалғады.
— Қалай? Қай жерде? Бәрін де рет-ретімен басынан бастап баянда. Мә, кофе ішіп ал, бұл миыңды сергітеді.
Ларри көгілдір шыныны қолына алып, суып қалған кофені дем алмастан ішіп салды.
Иә, — деді сосын. — Бұл былай болды, Кит... Бірнеше ай бұрын бір қызбен танысқанмын...
"Тағы да әйелдер!"
— Иә, сосын... таныстың, — деді Кит тіс арасынан сыздықтатып.
— Таныстым... Оның айтуына қарағанда, он алты жасқа толған кезінде әкесі, поляк, осы жерде өледі де, ол қара басы қалқайып жалғыз қалады. Сол кезде, тура сол үйде жартылай американдық Уолен деген біреу тұрады. Жап-жас, әп-әдемі қызға оның көзі түседі де, үйленеді... немесе үйленген сыңай танытады... Бірақ бірер жыл өтпей жатып, қолында көтеріп жүрген алты айлық баласымен қоса... екінші нәрестеге және жүкті боп жүрген кезінде, оны тастап кетеді. Сосын жаңа туған қызылшақасы шетінеп кетеді де, өзі әзер дегенде тірі қалады. Бұдан соң екінші біреумен қосылғанша аштан бұратылып, өз күнін өзі әрең көріп жүреді. Сөйтіп жаңа күйеуімен екі жылдай тұрған кезде, Уолен қайта пайда бола қалып, оны күштеп жүріп өзіне қайтарып алады. Онымен қоймай әй-шәй жоқ, жас әйелді итше тепкілеп сабауды әдетке айналдырады. Сосын тағы да тастап кетеді. Мен онымен танысқан уақытта, ес біліп қалған екінші баласы да қайтыс болып, кез келгенмен жатып жүрген кезі еді.
Лоренс кенет Киттің бетіне қарай қалған.
— Егер шындығымды айтсам, мен дәл сондай сүйкімді, сондай мейірімді әйелді ешқашан көрген емеспін. Әйел деймін-ау! Ол бар-жоғы жиырма-ақ жаста ғой! Кеше мен оған келген кезімде, әлгі Уолен деген хайуан тағы да оны іздеп жүр екен. Мені көрген бойда ілінісе кетті, боқтады, балағаттады. Ақыры қолын көтеріп, тұра ұмтылды. Мынаны көрдің бе? — Ларри маңдайын сырып өткен жұдырық ізін көрсетіп қойды. — Ал мен не істедім?.. Алқымынан шап беріп, қыса түстім, сосын босатқан кезде...
— Иә, сосын?
— Ол өліп қалыпты. Мен сонда ғана оны арт жағынан қатты қысып, салбырап тұрған әйелді көрдім.
Ол тағы да саусақтарын сытырлатып қойды.
— Ал, содан кейін не істедің? — деді Кит сұстанып.
— Біз оның жанында ұзақ отырдық. Сосын мен оны иығыма көтеріп алдым да, көшенің бір бұрышына, арка астына апарып тастадым.
— Алыс па?
— Елу ярдтай боп қалар.
— ...Біреу-міреу көріп қалмады ма?
— Жоқ.
— Бұл тура қай уақытта болды?
— Түнгі сағат үште.
— Сосын не істедің?
— Үйге қайтып келдім... Әйелдің жанына.
— Құрғыр-ау, неге өйттің? О, құдай!
— Ол жалғыз қалудан қорықты. Мен де солай, Кит.
— Бұл қай жер өзі?
— Сохода. Борр-оу-стриттегі қырық екінші үй.
— Ал арка?
— Глав-Лейн бұрышында.
— Не дейт? Ау, бұны мен газеттен оқыдым ғой.
Кит үстелде жатқан газетті жұлып алып, оқи жөнелді: "Бүгін таңертең Соходағы Глав-Лейн көшесі бойындағы арка астынан белгісіз біреудің мәйіті табылды. Алқымындағы саусақ іздері оның күшпен өлтірілгенін айғақтайды. Мәйіт тоналғанға ұқсайды, қалтасынан ештеңе табылмағандықтан оның кім екенін анықтауға әзірге мүмкіндік болмай отыр".
Демек — бәрі де шындық болғаны! Кісі өлтірілген! Өлтірген — өзінің туған інісі! Кит оған бұрылып:
— Сен бұны газеттен оқып білдің бе, әлде түсіңде көрдің бе?.. Естіп тұрсың ба сен, түс көрдің бе деймін саған! — деді.
— Әттең, осының бәрі солай болса ғой, Кит! — Енді Киттің өзі саусақтарын сытырлата бастаған.
— Мәйіттен сен бірдеңе алдың ба?
— Біз алысып жүргенде, мына бір заты түсіп қалған. Ларри оңтүстік-американдық бос конвертті ағасына ұсынды, онда мынадай мекенжай көрсетілген еді: "Патрик Уолен, Саймона қонақүйі, Фэррьер-стрит, Лондон". Киттің жүрегі тағы да зырқ ете қалды.
— Таста бұны каминге! — деді ол, бірақ артынша отқа түскен конвертті суырып алғысы келгендей каминге қарай еңкейе берді. Бұнысымен ол қылмыскермен ауыз жаласқандай көрініп кетті де, отқа созған қолын қайта тартып ала қойды. Қағаз қарайып, бүрісіп барып, күлге айналды.
Кит тағы да інісін сұрақтың астынан алды.
— Маған келіп, осының бәрін айтуға сені не итермеледі?
— Мұндай істермен сен жақсы таныссың ғой. Мен оны тіпті де өлтіргім келген жоқ. Мен ол әйелді сүйемін. Енді не істеуім керек мен, Кит?
Бұл неткен можантопай өзі! Не істеймін дейді тағы! Бүйтпесең Ларри боласың ба!
— Қалай ойлайсың, сені ешкім көрген жоқ па?
— Көше қап-қараңғы, тып-тыныш болатын, онда бейсауат ешкім көрінбеген.
— Ал, ол үйден қашан шығып кеттің?
— Жетілер шамасында.
— Сосын қайда бет алдың?
— Үйге.
— Фицрой-стритке?
— Иә.
— Сенің қалай шыққаныңды біреу-міреу көрмеді ме?
— Жоқ.
— Осы уақытқа дейін не істедің сен?
— Өз үйімде отырдым.
— Ешқайда шыққан жоқсың ғой?
— Жоқ.
— Ол әйелді де көрмедің бе?
— Жоқ.
— Демек, осы уақытқа дейін оның не істегенін білмейсің ғой?
— Жоқ.
— Ол сені сатып кетуі мүмкін бе?
— Ешқашан!
— Ал ол осындай сәтте не істеп, не қойғанын білмейтін біреу емес пе?
— Жоқ.
— Екеуіңнің жақындасып жүргендеріңді тағы кім біледі?
— Ешкім.
— Ешкім?
— Ал кім біледі деп ойлайсың, Кит?
— Кешке сен оған кетіп бара жатқаныңды біреулер көрмеді ме?
— Жоқ. Ол бірінші қабатта тұрады. Үйдің кілті менде де бар.
— Әкелші оны маған. Екеуіңе ортақ тағы не бар қалтаңда?
— Ештеңе.
— Ал үйде?
— Ештеңе.
— Ешқандай фотосурет...хат?..
— Жоқ.
— Жақсылап түсір есіңе!
— Ештеңе жоқ.
— Сен оған қайта келген кезде де ешкім көрмеді ме?
— Жоқ.
— Ал таңертең шығып бара жатқаныңда?
— Ешкім.
— Тамаша! Отыр, мен ойлануым керек.
Иә, бұл қарғыс атқан іс туралы жан-жақты ойлану керек. Терең ойлану керек. Бірақ Кит өзін жинақтай алар емес. Ойлары сан саққа жүгіреді. Сосын тағы да інісін сұрақтармен қинай бастады.
— Бұл оның Уолен қайтып оралғаннан кейінгі бірінші кездесуі ме?
— Иә.
— Осылай деп оның өзі айтты ма саған?
— Әйелдің қайда тұратынын ол қалай білген?
— О жағын білмедім.
— Сен қатты мас па едің?
— Мен тіпті де мас емес едім.
— Сонда қанша іштің?
— Түк емес, бір шөлмекке жуық қызыл шарап.
— Сонымен... мен оны өлтіргім келмеді дейсің ғой.
— Құдай куә, ондай ниетте болғам жоқ.
— Жақсы, бұның өзі де дәтке қуат. Ал арканы неге таңдадың?
— Маған бірінші кезіккен қараңғы жер сол болды.
— Оның буындырылып өлтірілгені денесінен біліне ме?
— Қойшы, Кит!
— Мен біліне ме деп тұрмын саған?
— Иә.
— Тым өрескел көріне ме?
— Иә.
— Киімінде әлдебір белгілер қалғанын байқай алдың ба?
— Жоқ.
— Неге?
— Неге? О, құдай! Ал өзің елестетіп көрші: егер бұны істеген болсаң!..
— Сен беті тым бүлінген дейсің. Бірақ оны тануға бола ма?
— Білмеймін.
— Әйел онымен тұрған кезде, үйлері қай жерде болған?
— Пимликода ғой деймін.
— Сохода емес пе әйтеуір?
— Жоқ.
— Ол әйел Сохода қашаннан бері тұрады?
— Жылға жуық.
— Ылғи да сол пәтерде ме?
— Иә.
— Сол үйде тұратын немесе сол көшеде тұратын біреу оны Уоленнің әйелі деп білді ме?
— Олай деп ойламаймын.
— Меніңше, ол кәнігі сутинер-жеңгетай болған.
— Белгілі болды. Және ол уақытының көбін шет елде өткізген болар?
— Иә.
— Сен білмейсің бе, ол полицияның көз қырында болған жоқ па?
— Бұл туралы ештеңе естімедім.
— Енді тыңда, Ларри. Қазір тура үйіңе тарт та, мен келгенше ешқайда шықпа. Мен саған таңертең келемін. Осыған келістік қой?
— Келістім.
— Мен бүгін қонақта боламын, бірақ сенің мәселеңді ұмытпаймын. Жан-жақты ойластырамын, ішпе! Аузыңа ие бол! Өзіңді қолға ал.
— Мені ұзақ қамап, сарғайтып қоймашы, Кит! — Япырай, мына бозарған бет, мына көз, мына дірілдеген қол — қандай аянышты еді!
Өз бойын билеген жеккөрінішке, ызаға, үрейге қарамастан Кит інісін аяй тұрып, оның иығына қол салды.
— Мықты бол!
Сосын кенет: "Құдайым-ау, менің өзіме де енді қаншама мықтылық керек!" деп ойлады.
II
Бір адамдар ерік күшінің құдіретімен өзін тек бір ғана мәнді іспен шұғылдануға күштеп, оны жеріне жеткізбей қоймайды, ал дәл сондай күш-қуаты бар, бірақ өзін тізгіндей алмайтын енді біреулер бір істі бастап, бір істі тастап жүре береді. Мұндай адамдарды ерік-жігер құдайы Немезиданың өзі жөнге салуы екіталай. Керісінше, қиын бір жайға тап болғанда олардың: "Босқа тыраштанудың керегі не? Ертең бәріміз де өлеміз!" деген дәлелсымағы дайын тұрады.
Ларридің Китке кіріп шығуы оны бір жағынан — сәл жеңілдетіп тастағанмен, екінші жағынан — мүлде салы суға кетіріп, тіпті түңілдіріп жіберген де, бұл көңіл күйіне және бір лажсыздық қосылып, бірде жүгіре жөнеліп, бірде кібіртіктей басып келе жатты. Ларри ағасынан шыққан кезде, үйіне барып, тып-тыныш жатуға берік бекініп еді. Бірақ үш жүз ярдтай жүрмей жатып жанынан да, тәнінен де соншама бір күйзеліс пен шаршауды сезгені сондай, егер қалтасында тапаншасы болса табанда өзін атып тастауға әзір-ді. Осы сәтте тіпті жап-жас, бақытсыз, сорлы әйел туралы, оның бұған деген сұмдық махаббаты туралы, соңғы бес айда бұған үлкен сүйеу болып, бұл еш уақытта бастан кешіп көрмеген тәтті сезім сыйлаған сол әйел туралы аянышты ойдың өзі де бұның мынадай сұмдық жан күйзелісі кезінде ешқандай бөгет бола алмас еді. Өз құмарлық-қызықтарының құлақ кесті құлы болып, кез келген көңіл күйінің ырқымен тайқы маңдайын тауға бір, тасқа бір соққан мұндай ит тірлікті бұдан әрі соза берудің керегі не? Осыны бір-ақ сәтте бітіріп, неге мәңгілік тып-тыныш жатпасқа?
Ларри өзі мен сүйіктісі екеуі сұмдық оқиға болып өткеннен кейін бір-бірін құшақтап, бір сәтке болсын махаббат аясында жандарына алданыш іздеп, түні бойы кірпік ілмей өткізген қырсық үйдің жанына жақындап қалғанын да сезбей қалыпты. Оған кіріп шықса қайтеді? Бірақ Китке берген уәдесі қайда? Ешқайда бұрылмаймын, тура үйге барам деп еді ғой оған! Неге, неге ғана мұндай уәде берді оған! Дәріхананың жап-жарық шынысынан Ларри өзінің түрін көріп үлгерді. Бейшара біреу! Есіне күтпеген жерде баяғыда өзі Пера көшесінің бойынан тауып алған әлдебір күшік түсті. Тұқым-тегі белгісіз сол күшік неге екені белгісіз, бұған бірден жабыса түскен. Елдің салтына қайшы келсе де, Ларри оны өзі тоқтаған үйге алып келіп, бағып-қаға бастаған. Көп уақыт өтпей-ақ оған бауыр басып кеткені сондай, оны көшедегі қаңғыбас иттерге бергенше өзі атылып өлуге дайын тұрғаны бар. Сосын тағы... бұдан он екі жыл бұрын... Бұл бірде түріктің ұсақ тиындарынан жасаған жең-түйме (запонка-ауд.) тауып алып, оны шаштаразда істейтін итмұрынның гүліндей әдемі қызға сыйлаған. Қарымына бір сүйдіруді өтініп еді. Қыз бұған бетін тосқанда, оның сұлулығы да, риясыз алғысы да, оттай жанып тұрған ыстық лебі де Ларриді кереметтей бір сезімге бөлеген — бұл сезімде әлдебір нәзіктік пен бейкүнә ұялыс та жатыр еді. Бұдан соң қыз бұның ұстаса уысында, қысса құшағында кететінін бұл білді. Алайда Ларри содан кейін шаштаразға қайта соққан жоқ, не үшін екенін өзі де түсінбеген. Сол гүлді кезінде үзіп алмағаны дұрыс болды ма, жоқ па — бұны Ларри қазір де білмейді. Одан бері бұл көп өзгерген сияқты! Ал өмір деген — адам түсінгісіз бірдеңе ғой. Өте түсінгісіз. Бүгін алшаң-алшаң басып жүресің, ал ертең не боларын, сені не күтіп тұрарын мүлде білмейсің. Шіркін, анау Кит сияқты болса ғой — қандай табанды, екі аяғын тік басып тұрып карьерасын қалай жасайды, сөзімен де, ісімен де, жұртты өзіне қалай қаратады! Бұл баяғыда, бала кезінде осы Китті әлдебір мазағы үшін өлтіріп тастай жаздаған. Келесі бір жолы Оңтүстік Италияда аттарды аяусыз соға бергені үшін көшір жігітті де өлімші етіп сабағаны есінде. Ал енді мына жексұрын американдық жап-жас жазықсыз әйелді әбден қорлап біткен. Ал оны бұл, осы Киттің өзі өлтірді! Әншейінде тышқан мұрнын қанатпас адам... кісі өлтірді!
Жолда, дәріхана маңдайшасына көзі түскенде... егер алда-жалда бұны тұтқынға алатын болса, одан бұны оп-оңай құтқаратын ерекше бір заттың өз үйінде тұрғаны ойына орала қалды. Иә, бұдан былай ол сол бір ақ таблетканы қалтасына салып жүрмей үйден аттап баспайтын болады. Жаныңа жай тапқызатын қандай тамаша ой! Адам өзіне-өзі қол жұмсауға болмайды дейді. Мұндайды айтатын мәртсымақтар ең алдымен бұның көргенін көріп алсын! Бұның ғана емес, жер бетінде қорлық-зорлық атаулыдан әбден жапа шегіп біткен миллиондардың көрген күнін көріп алсын! Жоқ, бұндайды көргенше өлген артық!
Ол бром алуға дәріханаға кірген, сосын аптекашы дәрі дайындап біткенше шаршаған ат сияқты бір аяғын бүгіп, демалып тұрып еді.
Иә, ол бір адамның өмірін қиды, бірақ ол қандай өмір. Әрі-беріден соң күн сайын миллион тіршілік иесі өледі, солардың қаншамасы өздерін осыған жеткізеді десеңші! Дегенмен өлімге өкінбей-ақ қия салатын дәл сондай хайуан адам бұл өмірде жоқ шығар. Өмір! Қас-қағымдық сәт, түкке тұрғысыз дүние. Осыны біле тұра, оны ойлағанда, жүректің сыздап кететіні несі екен?
Аптекашы дәріні алып келді.
— Ұйқыңыз қашып жүр ме, сэр?
— Иә.
"Өміріңді өксітіп жүрсің бе? Түсінем!" дегендей болды аптекашының көзі. Бұлардың жұмысы да қызық: адамның денсаулығы үшін күні бойы бір тынбай әлдебір ұнтақ, әлдебір сұйық заттарды дайындайды да жүреді. Осындай да кәсіп болады-ау!
Дәріханадан шығып бара жатып, Ларри өз бетін айнадан көріп қалды — құдай-ау, адам өлтірген адамға мүлде ұқсамайды — тым сабырлы. Керісінше өмірге құштарлық, жарқын рең байқалады, тіпті қазіргі күреңітіп тұрған кездің өзінде одан бір ізгіліктің нышаны сезілгендей. Адам мұндай істі істеп алып, қалайша өстіп түк болмағандай тұра алады?
Ларри басының сол де болса сергіп, аяғының әлденіп қалғанын сезді де, жылдамырақ жүріп кетті.
Адамның бір мезетте әрі күйреп, әрі жеңілдеп сала беруі қандай қызық құбылыс! Өзіңді ауыр ойлардан алдарқату үшін біреулермен кездескің келеді, сөйлескің келеді — және сол біреулерден қорқасың да. Бұл қандай жексұрындық!
Ларри енді сенсе — екі-ақ адамға сенеді. Солар ғана бұған қорқыныш тудырмайды. Олар — өзінің сүйіктісі мен Кит қана. Жоқ, бәлки, Киттің өзі де... жо-жоқ, еш уақытта қателеспейтін, тақуалыққа жеткен адам мен Ларри арасында қандай ортақ нәрсе болуы мүмкін? Ол — өзі жөнінде ештеңе білмейтін, білгісі де келмейтін адам боп қалыптасқан, оның бүкіл өмірі — сенімді де сергек қимылдарға негізделген. Әрине, сенің бүкіл шешіміңді малтықтырып қоятын сусыма құм сияқты болған жаман, алайда сезім атаулы мен нәзіктік дегенді белінен басып жүре беретін Китке ұқсауға бола ма? Ешқашан! Ол сенің туған ағаң болса да, ондай жанмен жолдас болуға болмайды. Ларри үшін енді өмірдегі ең жақын адам тек Ванда ғана. Тек сол ғана бұны түсініп, бұнымен сыр бөлісе алады. Ларридің осал тұстарына кешіріммен қарап, ол не істеп қойса да, қандай жағдайға тап болса да, оны шын сүйе білетін де — тек сол әйел ғана.
Ларри темекі тартып алу үшін әлдекімнің подъезіне кірген.
Осы мезетте кенет оған кешегі мәйітті апарып тастаған аркадан өтіп көрсем қайтеді деген қауіпті бір ой келген, бұл — ешбір мәні де, мағынасы да жоқ, тек әншейін үрей ғана шақыратын, қасіретті жерді қайта бір көрсем деген көзсіз, есепсіз ниеттен туған ой еді. Ларри Боррой-стритті қиып өтіп, шолақ көшеге түсті. Бұл жерде жан баласы жоқ еді, ол мұнда жалғыз өзі жүріп келе жатып, тек көшенің екінші басында ғана аласа бойлы бір еркекті ұшырастырды; бұл адам сықсың-сықсың етіп тұрған көше жарығымен бұған қарсы келе жатты. Құдай сыртқы түрді берген-ақ екен! Араққа күйіп, тотығып кеткен көкшіл бет... ақшулан тартып, үрпиген жақ жүн... алақ-жұлақ еткен ісінген көз... құрт жеген сап-сары тіс... Киімі алба-жұлба, бір иығы бір иығынан жоғары, аяғын ақсай басады. Өзінен де сорлы бұл адамға деген Ларридің аянышы оянып шыға келді. Мынаның қасында Ларридің күні күн сияқты.
— Байқаймын, бауырым, жағдайың мәз емес-ау, — деді бұл оған.
— Менен не жағдай сұрайсың, — деді ол қырылдаған дауыспен. — Менің айым еш уақытта оңынан туған емес... Ал мен кезінде священник болдым десем, сенесің бе?
Оның бетіне үйіріле қалған күлкі сайқымазақтың күлкісіндей жасандылау көрінді.
Лорренс оған бір шиллинг ұсынып еді, ол керек емес дегендей оған бас шайқап қойды.
— Ақшаңызды қалтаңызға сап қойыңыз, — деді ол — Сізге қарағанда бүгін менің бай екеніме сеніңіз. Дегенмен ниетіңізге рақмет. Мен сияқты құрып біткен адамға бұның өзі ақшадан әлдеқайда қымбат.
— Жақсы айттыңыз.
— Иә, — деп қойды бейтаныс. — Мен құсап өмір сүргенше өлген артық. Мен қазір өзімді сыйлағанды қойғанмын... Аш адамға ар-намыс қашанғы азық болады деп жиі ойлаушы едім.
Көпке бармайды екен. Бұл жағынан маған сенуіңізге болады. — Осындай бір ырғақты, қырылдаған дауыспен ол тағы:
— Сіз кісі өлімі туралы оқыдыңыз ба? Ол тура осы жерде болған. Соны... осы жерді өз көзіммен көрейін деп келе жатырмын, — дегенді қосып қойды.
"Мен де!" деген сөзді Ларри абайсыз айтып қала жаздап, шошығаннан тілін тістеп алды.
Сізге сәттілік тілеймін. Қайырлы түн! — деп, бұл асыға басып жүріп кетті. Сосын іштегі күлкісін әзер тыйды. Бұл не өзі, бұл істеген кісі өлімі туралы бүкіл Лондон құлақтанып үлгірген бе? Тіпті жаңағы бейшара да?..
IІІ
Сағат онда атылатынын білсе де, сегізде жайбарақат шахмат ойнап отыратын адамдар болады. Мұндай адамдар әрқашан ойға алған ісін орындамай қоймайды, епископтар, редакторлар, соттар, премьер-министр мен өсімқорлар, генералдар осылардың арасынан шығады; үкімет те өз жұртын осыларға сеніп тапсырады. Олардың жүйкелері темірдей берік, не нәрсені салқынқанды қабылдайды. Мұндай адамдар және бос қиялға беріле де қоймайды (берілсе де өте шамалы ғана), бірақ осы қасиетке берік ие болған олар поэзия мен философияны көп мойындай да бермейді. Бұл адамдар — арман-қиял дегендерді ақыл-парасатқа бағындыра отырып, мұндай сезімдерді қажет кезінде еркіне жіберіп, қажетсізде тежей де білетін — бәрінен бұрын факторлар мен шешімдерді жоғары қоятын адамдар... жел ырғаған көл жағасындағы қамыстың шуылына, көк аспанда қалықтап ұшқан құстардың қанат суылына құлақ тосып тұрған кезінде сен оларды еске де алмайсың.
Теллассондардың дастарқаны басында Кит Даррант қажетіне орай өзін дәл осы тектес адам ретінде ұстап отырды. Ол Портленд-Плейстегі Теллассондардың үлкен үйінен шыққанда сағат тура он бірді соққан. Жол бойы бәрін де жан-жақты ой таразысына салу үшін күйме жалдаған жоқ, асықпай жаяу тартты. Бұның қызметтегі дәл қазіргі жағдайында... тап бола қалған мына қырсықты көрмейсің бе! Судья дәрежесіне жетуге бір-ақ сүйем қалып тұрғанда, қылмыскердің рухани демеушісі болмақ па сонда! Адамдарды осындай құлдырауға жеткізетін жетесіздікті жек көре отырып, ол бұл істің бәрін ақылға сыймайтын барып тұрған лас та нас дүние деп есептейді, тіпті бұл туралы ойлаудың өзі сұмдық енді! Бірақ қалай десе де, қалай ойласа да, бұған араласпасқа және болмайды — өйткені бұның алдында құдіреті күшті инстинкті екі жағдай тұр: өзін-өзі сақтау және туысқанды да қорғау.
Кешкі жылы лебінен әлі де толық арыла қоймаған ескек жел леки есіп тұр, бірақ жаңбыр жоқ, күн ашық. Кит ыстықтап кетті де тон түймелерін ағытып тастады. Жайсыз, мазасыз ойлар оның жүзін тіптен сұстандыра түскен: іштегі әрбір ұсақ-түйек ойдың бірі де сыртқа шығып кетпесін дегендей жұқа еріндерін жымқыра тістеп алған. Көше жиегіндегі сүрлеу жолда ары-бері ағылып жатқан адамдарға ол қабақ шыта қарап қойды. Кешкілік осы жарық көшеге қаптай келіп жататын сыры жұмбақ, көңілдері шат бұл адамдар Китке бір түрлі жағымсыз көрінді де, қараңғылау көшеге бұрылып кетті.
Қандай сұмдық оқиға! Кит оның болғанына сенгенмен қалай болғанына миы жетер емес: кісі өлтіру бұның түсінігінде бір жанды көрініс емес, ешқандай жоққа шығаруға келмейтін факт.
Ларриде бір жаман ниет болған жоқ, бұл күмәнсіз. Бірақ не десең де, кісі өлтірудің аты — кісі өлтіру. Ларри сияқты ерік-жігерден айырылған, өз жөнін білетін, сезімге бой алдырған адамдар салқынқандылықпен саналы түрде қылмыс жасауға бейім бе? Өлген Уолен өз ажалын өзі сұрап алған жан, ол туралы бас қатырудың да қажеті жоқ! Алайда қылмыс... заңды бұзу... өрескелдік! Қылмыс жабулы тұр, ал бұл, Кит, оны жабуға қатысушының бірі! Солай бола тұрса да... інісін сату... әрине, Киттен бұны ешкім талап етпейді! Мәселе тек Ларриге қандай ақыл-кеңес беруде ғана. Ауыз ашпауға және қашып кетуге! Бұл қолынан келе ме? Мүмкін... тек егер Ларри бұдан ештеңені бүгіп қалмаған болса. Алайда ана қыз! Егер оның кісі өлімімен байланысы анықталып қалар болса, ол Ларриді сатып кетпесіне кім кепіл бола алады? Мұндай кейіптегі әйелдердің бәрі бірдей: жеңіл ойлы, аумалы-төкпелі, абайсыз... қоғамның нағыз сорлары. Ал сосын не болады? Ларридің бүкіл қалған ғұмыры осы қылмыстың үрейлі елесімен өтеді, қайда қашып барса да бұл оның күндіз ойынан, түнде түсінен шықпайды, ішкен кезде қай күні аузымнан шығып кетер екен деп қашан да қалтырайды да жүреді. Бұны ойлаудың өзі қорқынышты. Ал мүмкін мойындағаны дұрыс болар? Кит дір ете қалды: "Корольдіктің көрнекті адвокаты мистер Кит Дарранттың інісі..." Сонан соң — жеңіл жүрісті әйелдің үйіне бару, оның күйеуімен төбелесу, оны абайсызда өлтіріп алу, мәйітті үйден алып шығып, арка түбіне апарып жасыру... Міне, сұмдық дабыра! Тіпті өлім жазасы болмаған күннің өзінде ғұмырлық түрмеде отыру!
Қалайша ертең таңертең Ларриге осыған көн деп кеңес береді?
Киттің есіне бір сәт баяғыда бір тұтқынға барғанда, Пентоноллде көрген тақыр бастар түсті. Беттері топырақтанып, көздері жапырақтанып кеткен бір бейшара жандар еді олар. Енді Ларри де солардың арасында болмақ па? Оның тәй-тәй баса бастаған кезінен бастап, бәрі-бәрі де Киттің көз алдында: мектепке барғаны... ілініп-салынып колледжде оқығаны... сосын ер жеткен кезі... Кит оған қай уақытта да қамқор болғаны. Қажет кезінде ақша да беріп, оған қоса ұзақ-ұзақ "өсиет" оқығаны... Иә, бәрі-бәрі есінде, Ларри бұдан бес жас кіші еді, шешесі өлгелі жатқанда бұған жалғыз тапсырғаны — сол Ларридің жайы болатын. Ендеше сол Ларри, бұның жалғыз інісі, қалайша ғұмыр бойы тұтқындардың ала-жолақ киімін киіп, басы тақырайып, жағы опырайып, жүрексіз, имансыз түрме қызметшілері қойдай айдаған қара тобырдың арасында жүреді! Джентльмен сынды бұның туған інісі айдан айға, жылдан жылға созылған, бар илеуіне көндірген құлдық өмірге мойын ұсынып жүре бере ме сонда? Киттің көкірегінде құдды бір нәрсе үзіліп кеткендей болды. Жоқ, мүмкін емес! Оған мұндай кеңес бере алмайды. Алайда бұл жағдайда Кит еш жерде сүрініп кетпес үшін бәрін де тексеруі керек, бәрін де білуі керек. Глав-Лейн, арка... Осы тұстың бір жерінде, алыс емес. Кімнен сұрасам екен дегендей бұл маңайын шола қарады. Бұрышта полисмен тұр екен, шам жарығы оның тұла бойын толық көрсетеді; бірден белгілі — өз қызметіне берілген жан, аңғарымпаз, байқағыш. Бірақ Кит оның жанынан үнсіз өте берді. Қызық, заң бар жерде адам өзін бір түрлі қолайсыз сезіне қалатыны несі екен. Оған жете бергенде Киттің есіне інісі жасаған қылмыс түсе қалған! Осы мезетте Кит кенет бұрылыстың арғы жағында, бірден солға қарай Борроу-стриттің басталатынын аңғарды. Сосын сол көшеге түсіп, алға қарай біраз жүріп барды да, қайта кейін бұрылып келіп, қырық екінші нөмірдің жанына тоқтады — іскерлер кеңсесінің маңдайшасы, екінші-үшінші қабаттарда түнерген қап-қара терезелері бар шағын үй; төменгі терезе қымтай жабылған... бірақ бір бұрышынан болмашы жарық байқала ма, қалай? Ларри осы үйден көтеріп шыққан ауыр "жүгін..." белі бүгіле түсіп қай жаққа ала жөнелді екен?
Кит осы бір лас, бірақ, құдайға шүкір, қап-қараңғы, тірі пендесіз көшемен елу қадамдай жүріп өтті. Глав-Лейніңіз де міне. Бір-ақ тұтам шолақ көше, ал ана бір жерде...бұл көше аркаға тірелген — әлдебір екі қойма арасын биіктен қосқан кірпіш құрылыс. Расында оның түбі өте қараңғы екен.
— Иә, сэр! Тура осы жер! — Дауыс шыққан жаққа Кит өте сабырлы бұрылған. — Мәйіт, міне, осы жерден табылған... Ол тура мына тұста жатыр екен... Ал өлтірген адам әлі табылмапты... Соңғы жаңалық осы, сэр!
Кішкентай жалба-жұлба адам бұған арзанқол сары қағазға басылған, умаждалған газет ұсынды. Сабалақтанып бетіне түсіп тұрған кір-кір шаштың арасынан сілеусін көз сығалайды, ал даусынан өз тауарының бағасын көтеріп тұрғандай сыңай сезіледі. Кит оған екі пенс берді де, газетті алды. Бір жағынан, көңілі де жайланып қалды — мынадай жап-жас жігіттің осы жерде жүруіне қарағанда, бұл оқиға басқаларды да қызықтырады екен ғой. Шамның көмескі жарығымен Кит мынаны оқыды: "Глав-Лейн оқиғасының құпиясы. Өлген адамның кім екені анықталмаған. Костюмінің пошымына қарағанда, шетелдік сияқты". Газет сатқан жігіт әлдеқайда жоғалған, сосын Кит осы көшемен жайлап басып, арка жаққа келе жатқан полисменді көрді. Неге екені белгісіз, сәлден соң ол тоқтай қалды. Әрине, оны бұ жаққа сүйреп келе жатқан — тек осы жердің "құпиясы" екені белгілі, айтқандай-ақ, әне ол арка жаққа мұқият қарай бастады. Сосын ол Китпен қатарласа берді, Кит оны бірден таныды — жаңа ғана жанынан өткен полисменің осы. Ол Киттің түймесі ағытылған жағасының астарынан аппақ қардай омыраушаны байқап қалған соң, бұған үдірейе қарағанын қоя қойды. Кит газеттегі хабарды нұсқап тұрып:
— Бұл мәйітті осы жерден тапқан ба? — деді.
— Иә, сэр.
— Әлі ешбір сыры белгісіз бе?
— Газетке әpдайым сене беруге болмас. Менің ойымша, бұны тексеруден бәлендей нәтиже шығуы қиын шығар.
— Бұл жер өте қараңғы ғой. Осындай жерге қалайша түнеуге болады?
Полисмен бас изеп қойды.
— Лондонда біз оларды кезіктірмейтін бірде-бір арка жоқ.
— Газеттен оқуымша... былай... мәйіттен ештеңе табылмаған сияқты ғой?
— Бір түйір зат жоқ. Қалтасы ақтарылып қалған. Бұл орамда күдікті адамдар көп тұрады... гректер, итальяндар... тағы сондай бірдеңелер.
Полисменнің адамға сенген дауыс ырғағы қандай жағымды!
— Жарайды, қайырлы түн!
— Жайлы жатып, жай тұрыңыз, сэр. — Борроу-стритке жеткенде, Кит бұрылып артына қараған.
Полисмен жоғары көтерген қол шамының жарығын арка ішіне түсіріп, әлі де сол орнында тұр екен — "құпия" сырын білгісі келетін секілді.
Енді, осы бір қараңғы да қалтарыс жерде өзі болып кеткен соң, бұның жоспары әлдеқайда оң нәтиже беретіндей көрінді. "Қалтасы ақтарылып қалған". Бұл дегеніңіз — не Ларри өте сақтық жасаған, не біреу полиция тауып алғанға дейін мәйітті түк қалдырмай тонап кеткен деген сөз. Екіншісі сенімдірек. Адам баспас неткен меңіреу жер бұл! Ларри мәйітті аркаға дейін көтеріп апарып, одан қайта үйге жеткенше, кемінде бес минуттай уақыт өткен, сонда бір адамның байқамағанына қайран қаласың! Түнгі сағат үш — ең меңіреу уақыт. Ендігі мәселе тек әйелге тіреледі: Ларридің оған келгенін немесе одан кеткенін біреу-міреу көріп қалмады ма? Сосын... ол әйелдің өлген адаммен байланысы анықталып қалған жағдайда, ол аузына ие бола ала ма? Көшеде тірі пенде көрінбейді, тіпті бірде-бір терезеде жылт еткен жарық жоқ, ендеше не тұрыс бар: Кит кенет жүрек жұтқан бір шешімге келді; мұндайға тек шұғыл әрекет жасауға әбден дағдыланған, өзіне-өзі сенген адам ғана бара алады. Ол қырық екінші үйдің подъезіне батыл басып жетіп келді — мұндай үйлер тек түнде ғана жабық тұрады, сосын Ларриден алған кілттердің біреуімен есікті ашып көргісі келді. Кілт дәл келді де, ол газ жарығы түсіп тұрған дәлізге өтті, еденге линолеум төселіпті, сол жақта — жалғыз есік. Кит бір сәт батылсыздау тұрып қалды. Оған бәрін де біліп келгенін білдіруі керек. Бірақ сонымен қоса өзінің кім екенін айтпағаны жөн. Ол — Ларридің достарының бірі — бітті сонымен! Оны қорқытып керегі жоқ, дегенмен қалайда бар шындықты айтқызып алуы керек. Бұл қауіпті куәгерге өте абайлап жақындамаса болмайды. Өте абайлап!
Бұның есік қаққанына ешқандай жауап болған жоқ.
Мәселе мәніне жеткенше, бүкіл жүйкеңді жұқартып бітетін осы бір бәлелі іске бас сұқпаса қайтеді? Әншейін кетіп қалып, Лоренске барып, оған ешқандай кеңес бере алмайтынын айтса ше? Жақсы, ал сосын? Жоқ, қалайда бір әрекет жасауы керек. Кит есікті тағы да қақты. Жауап жоқ. Кедергі атаулы қашан да Киттің жынын қоздыратын. Оны ойланбай бұзып өту оның өмір шарты еді. Ол екінші бір кілтпен бұл есікті де шыдамсыздана ашуға ұмтылды. Кілт тағы да дәл келді.
Қараңғы бөлменің бір түкпірінен бір түрлі жеңілдеп қалған терең тыныс білінді. "Уһ, жеттің бе, әйтеуір" дегендей. Артынша шетелдік акцентпен сөйлеген жұмсақ дауыс та естілген.
— Ой, бұл сенбісің, Ларри! Есікті неге қақтың? Мен қорқып кеттім ғой. Жақшы шамды, жаным. Ау, кірсеңші енді!
Тас қараңғыда шамның шыртетпесін іздеп жүріп, Кит өзіне жабыса кеткен жартылай жалаңаш жып-жылы денені, мойнына оратыла кеткен біреудің жұп-жұмсақ қолын сезді. Бірақ осы сәтте әйел бұдан оқыс жалт берді де, Кит үрейге толы, алқына деміккен бір үнді құлағы шалды:
— Бұл кім?
Киттің арқасы шымырлап кетті.
— Қорықпаңыз! Мен Лоренстің досымын.
Бөлме тып-тыныш бола қалғаны сондай, Кит сағаттың тықылы мен қабырғаны сипалап шам түймесін іздеп жүрген өз қолының дыбысына дейін естіп тұрды. Ақыры шам да жанып, Кит жатын бөлмені бөліп тұрған перде жанынан қызды көрді: ол ұзын қара пальтосының жағасын иегіне дейін көтеріп тұр екен, соған орай қысқа қырқылған қызыл-қоңыр бұйра шашты басы денесінен ерекше бөлініп көрінді. Қыз бетінің бозарып кеткені сондай, үрейге толы бақырайған — әлде қоңыр, әлде көкшіл көзі мен сол ашылып тұрған қызғылт еріндері гипс маскасына жаққан акварель бояуын еске түсіреді. Оның жүзі шыншылдығымен, жігерлі де қайсарлығымен таң қалдырады, мұндай нышан тек үлкен қайғы үстінде ғана байқалатыны анық. Тіпті сұлулыққа мән бермейтін Киттің өзі бір сәт абдырап қалып еді.
— Қорықпаңыз, мен сізге ешқандай зияндық жасамаймын, қайта керісінше.Тізе бүгіп, сізбен әңгімелесуге рұқсат етіңіз? — Кілтті көрсетіп тұрып, бұл тағы: — Егер Ларри маған сенбесе, бұны маған бермес еді, рас қой? — деді.
Қыз қозғалмады, ал Китке осы сәтте алдында адам емес аруақ тұрғандай көрінді. Басына күтпеген жерде оралған бұл ой оған мысқалдай да қызық боп көрінбеген. Кит бөлмені барлай қарап өтті; ұқыпсыздау жиналған үй-іші тап-таза екен, қабырғада жиегі сарғыштау металмен көмкерілген айна ілулі тұр, оның төменгі жағында беті мәрмәр үстел орналасқан, қасында — көне мақпалмен қапталған диван... Бұл жиырма жылдан бері мұндай үйді көрмеген.
— Өтінем, отырыңыз, — деді Кит. — Сізді қорқытып алғаным үшін өзіңізден кешірім сұраймын.
Қыз қозғалмай тұрған қалпы:
— Сіз кім боласыз? — деп, сыбыр ете қалды. Қыздың үрейлі дауысы Киттің көңілін бұзып жіберді де, барлық сақтығын ұмытып:
— Мен Ларридің ағасымын, — деп салған.
Қыз арқасынан бір ауыр жүк түскендей терең тыныс алды, бұл тыныс Киттің жүрегіне дейін жеткен еді. Пальтосын әлі де иегіне дейін көтеріп тұрған қыз енді жайлап басып келіп, диванға отырды. Кит қазір ғана байқады, ол үйде киетін туфлиіне аяғын жалаңаш сұға салыпты. Кит орындықты оған жақындатып қойып отырды да:
— Түннің бір уағында келіп, сіздің мазаңызды алғаныма кешірім өтінем, — деді. — Бірақ мәселе мынада: ол маған бәрін айтып берді.
Бұл ойлап еді — қыз дір ете қалар немесе аһ ұрып бетін басар деп. Бірақ ол тізесіне қойған қолдарын қатты қыса берді де:
— Иә? — деді таңданыспен. Киттің бойы тағы да тітіркене қалған.
— Сұмдық оқиға!
Қыздың сыбыры жаңғырықтай естілді:
— Иә! сұмдық! Сұмдық!
Киттің басына кенет мынадай ой келген: анау жігіт тура осы жерде, қазір бұл отырған жерде мәйіт боп құлап түскен шығар. Кит еденге көз салған күйі бір сәт үнсіз қалды.
— Иә, — деді қыз сыбырлап, — осы жерде. Оның қалай құлап бара жатқанын ылғи да көріп тұрамын.
Бұл сөз қалай айтылды десеңші! Сондай бір адам түсінгісіз торығумен, ашынумен, өкінішпен! Өз өмірін қалай болса, солай өткізген, сонысы оларға үлкен қасірет әкелген осы әйелді еріктен тыс қамықтырған не екен?
— Сіз өте жас көрінесіз, — деді бұл.
— Мен жиырма жастамын.
— Сіз ... менің інімді сүйесіз бе?
— Оның жолында өлуге бармын.
Жоқ, бұл қыздың даусындағы шынайылыққа, қара-қоңыр славян көзіндегі шынайылыққа мысқалдай сенімсіз қарауға болмайды екен. Не бұл әйелдің жас өмірі оған әлі де терең ізін салып үлгермеген, не соңғы сағаттардың қасіреті, мүмкін тіпті оның Ларримен жүрек табыстыруының өзі өткен күндер табын сыпырып әкеткен — қыздың бет-жүзі соншама әдемі көрінеді. Өз қызметінің құзырымен адам табиғатының сан алуан құбылыстарын жақсы біліп алған, қырық жасына дейін небір қулық-сұмдықты меңгерген Киттің өзі де осы жиырма жасар баланың алдында өзін сенімсіздеу сезініп еді. Аздап күмілжи отырып, ол:
— Оны құтқару үшін сіз не істей аласыз, мен осыны білейін деп келдім. Тыңдаңыз да, менің сұрақтарыма жауап беріп отырыңыз.
Қыз қолдарын қыса түсіп, баяу тіл қатты.
— Жақсы! Мен сіздің бар сұрағыңызға жауап беремін.
— Анау... сіздің... күйеуіңіз нашар адам ба еді?
— Сұмдық!
— Кеше ол сізге келгенге дейін... қанша уақыттан бері оны көрмеп едіңіз?
— Бір жарым жыл.
— Сіз онымен қай жерде тұрдыңыз?
— Пимликода.
— Сізді осы жерде біреулер миссис Уолен ретінде біле ме?
— Жоқ. Мен бұл жерге қызым өлгеннен кейін келгем. Содан бері жеңіл-желпі өмір сүрдім. Мен жалғыз тұрамын. Таныстарым да жоқ.
— Егер оның кім екенін анықтаса, полиция оның әйелін іздеуі мүмкін бе ?
— Білмеймін. Біздің үйленгенімізді ол ешкімге айтқан емес. Мен өте жас болдым. Меніңше, ол маған істегенін мен сияқты көп қызға да істеген болу керек.
— Қалай ойлайсыз, ол полицияға белгілі адам ба? Қыз басын шайқады.
— Ол өте қу еді.
— Сіздің қазіргі аты-жөніңіз кім?
— Ванда Ливинска.
— Сізді күйеуге шыққанға дейін осылай атады ма?
— Ванда — менің нағыз атым. Ал Ливинска дегенді өзім ойлап таптым.
— Мұнда тұра бастағаннан бері ғой?
— Иә.
— Ларри кешегі оқиғаға дейін сол Уолен дегенді бұрын-соңды көріп пе еді?
— Ешқашан.
— Ал сіз одан көрген зәбірлеріңізді Ларриге айтып па едіңіз?
— Иә. Сосын, оның үстіне, ол Ларриге бірінші боп тап берген.
— Иә. Мен Ларридің сырылып кеткен жерін көрдім. Ларридің сізге келгенін әлдекімнің көзі шалып қалмады ма?
— Білмеймін. Ларридің айтуынша, ешкім байқамаған сияқты.
— Ал сіз қалай ойлайсыз, оны ... көтеріп бара жатқанда да жан баласы көрмеді ме?
— Мен терезеден қарап тұрдым. Көшеде ешкім болған жоқ.
— Ал қайтып келе жатқанда?
— Ешкім.
— Мүмкін таңертең шығып бара жатқанда көрген болар?
— Екіталай.
— Ал сізге біреулер қызмет жасай ма?
— Күн сайын таңғы сағат тоғызда үй сыпырушы келіп кетеді. Ол бір сағаттан артық бөгелмейді де.
— Ол Ларриді біле ме?
— Жоқ.
— Сіздің достарыңыз, таныстарыңыз бар ма?
— Ешкім жоқ. Мен жалғыз болғанды ұнатамын. Ал Ларримен танысқаннан бері жалпы ешкімді көрмеймін. Соңғы уақытта одан басқа маған келетін адам жоқ.
— "Соңғы уақытта" дегенді қалай түсінеміз? Дәлірегінде қашаннан бері?
— Бес айдан бері.
— Сіз бүгін сыртқа шықтыңыз ба?
— Жоқ.
— Сонда не істедіңіз?
— Жыладым, — деді ол ағынан жарылып, сосын қолдарын қысып, сөзін ары жалғады.
— Маған бола оған қауіп төніп тұр. Мен ол үшін қатты қорқамын.
Кит оны ыммен тыныштандырып қойды да:
— Маған тура қарашы! — деді.
Қыз бұған кірпік қақпай тура қарады. Иығына желбегей жаба салған пальтосының жағасы ашылып кетті де, Кит оның толқығаннан жұтқыншағы дір-дір етіп тұрғанын байқады.
— Егер жағдай насырға шауып, қылмыскерді осы үйден іздейтіндей күн туа қалса, тісіңізден бірдеңе шығып кетпесіне сіз сене аласыз ба?
Қыздың көзі ұшқынданып шыға келді. Сосын орнынан тұрып, камин жанына барды да:
— Мұнда қараңыз! — деді. — Оның маған сыйлаған барлық затын тіпті фотосуретін де өртеп жібердім. Менде қалған түгі жоқ.
Китте орнынан тұрды.
— Өте жақсы! Сосын тағы бір сұрақ: сізді...полиция біле ме... былай... жеңіл жүрістеріңіз үшін?
Қыз бұған шыншыл да мұңлы көздерін тік қадап тұрып, "жоқ" дегендей басын шайқап қойды. Кит ыңғайсызданып қалды.
Қыздың еріндері дірілдеп кеткен, бірақ басын бұған бағынышты түрде шайқап еді. Сонан соң Китке жақындап келіп, тіпті сыбырға жақын дауыспен:
— Өтінем, менен оны мүлдем алып қоймаңызшы, — деді жалынышты түрде. — Мен өте абай боламын. Мен оған зиян келетіндей ештеңе істемеймін. Бірақ мен оны анда-санда болсын көріп тұрғым келеді, әйтпесе өліп қаламын мен. Өтінем сізден, Ларриді менен алып қоймаңызшы! — Ол бұның қолын өз қолдарымен ұстап, қыса түсті. Кит бірден жауап берген жоқ. Тек не заматта ғана:
— Маған сенуіңізге болады. Мен ініммен сөйлескен соң, бірдеңе ойластырармын. Алайда бәрін өзім істеймін, түсінікті ме? — деді.
Қыз бұның қолын сүйіп алды, оның жұп-жұмсақ дымқыл еріндері Китті әлдебір қамқорлық, сонымен қатар ыңғайсыз бір қызық сезімге бөледі. Сосын қолын қалай жұлып алғанын өзі де сезбей қалған. Бұны қыз "жабыса берме" деп түсінгендей болды да, имене шегіншектей берді. Сосын кенет әлденеден сезік алғандай тастай қатып тұра қалды да:
— Тыныш! Әне жерде біреу бар! — деді естілер-естілмес сыбырлап.
Қыз есікке ұмтылып барып, шамды өшіре қойды.
Тура осы сәтте есік те тықылдап қоя берген. Ванданың үрейі ұшып кеткенін Кит бүкіл бойымен сезе қалды. Кім болды екен бұл? Қыз мұнда Ларриден басқа ешкім болмайды дегені қайда! Ендеше бұл кім сонда? Есік қайта қағылды... Бұл жолы әлгіден де қаттырақ. Кит өз бетінен қыздың тұншыға тыныстаған ыстық лебін сезді: "Мүмкін бұл Ларри шығар? Есікті ашайын мен!" Кит қабырғаға тығыла түсіп, қыз есікті қалай ашқанын, не деп сыбырлай тіл қатқанын, бәрін-бәрін бақылап тұрды.
— Кім бұл? Кіріңіз!
Киттің қарсы бетіндегі қабырғадан ақ жолақ шам жарығы білінді де, бұл өзіне таныс дауысты естіді.
— Бұл менмін ғой, мисс! Сіздің сыртқы есігіңіз ашық қалыпты. Қараңғы түскенде оны жауып отырғаныңыз дұрыс.
О, құдай! Тағы сол полисмен! Ал кінәлі Киттің өзі: мана сыртқы есікті жабуды ұмытып кетіпті. Ол Ванданың қымсына тіл қатқанын естіді: "Рақмет сізге сэр!.." Алыстап бара жатқан полисменнің аяқ тықыры... Есік кілтінің сыр етіп бұралғаны...сосын Ванданың қараңғыда тұрған бұның жанына қайтып келгені... Енді оны көрмей тұрғанда — әлгінде ғана бұның жүрегін жұмсарта түскен оның жастығы мен сүйкімділігі, бәрі-бәрі де бұның қазіргі сәттегі ашу-ызасына басу бола алмаған. Әйел атаулының бәрі бірдей, бәрі өтірік айтады!
— Сіз мені полиция білмейді деп едіңіз ғой? — деді бұл жұлып алғандай.
— Мен оларды білмейді деп ойлағам, сэр. Мен көптен бері көшеге шыққам жоқ. Ларримен танысқаннан бері, — деді ол кінәлі адамдай мүдіре сөйлеп.
Киттің көкірек түкпірінде бұрқ ете қалған әлгіндегі жиіркенішті ой мына сөзді естігенде тіптен қоза түскендей болды. Бұның інісі, бұның туған шешесінің баласы, джентльмен жігіт мынадай қызға тап болған! Осы бір қарғыс атқан кездейсоқтық оны жанымен де, тәнімен де бұл қызға байлап тастаған! Ванда шамды қайта жақты. Иә, ештеңе айта алмайсың, сүйкімді-ақ! Мына албыраған бет қандай аппақ! Егер еріндері мен қой көздері болмаса, сәбидей сүйе бергің келеді, мұнда және таңқаларлық мейірімділік те білінеді.
— Мен енді кетейін, — деді бұл. — Бірақ есіңізде болсын, Ларри мұнда келуге тиіс емес, сіз оған баруыңызға болмайды. Мен ертең оны көремін. Егер оны шын сүйсеңіз, өте абай болғаныңыз жөн, өте абай!
— Иә, иә, өте абай болам, — деді ол күрсініп. Кит есікке беттеді, қыз қабырға түбінде тұрып, бұның соңынан тек мойын бұрып қана қарады; оның көгершін тектес момын жүзі мөлдіреген бейкүнә көздерімен бірге: "Бізге анықтап қараңызшы. Біз ештеңені жасырып тұрғамыз жоқ. Бәрі-бәрі де бізде ашық" деп тұрғандай еді.
Кит шығып кетті.
Сыртқы есіктің аузындағы дәлізде ол сәл аялдай тұрды. Полисменмен тағы да кездесіп қалғысы келмеген. Тексеріп-қарап шығуын ол ендігі аяқтап, алыстап кеткен де болар. Осылай деп ойлаған Кит есікті ақырын ашып, көшеге көз салған. Ешкім жоқ. Ол оңға бұрылсам ба, әлде солға қарай кетсем бе деп ойланып тұрды да, сосын жылдам басып, көшені қиып өтті. Кенет...оң жағынан бір дауыс естілген.
— Қайырлы түн, сэр.
Көп қабатты үйлердің бірінің алдында тағы да манағы полисмен тұр! Ол, әрине, бұның қайдан шыққанын көрді! Тұла бойы дір ете қалған Кит: "Қайырлы түн!" деп, міңгір ете қалды да, асығыс жүріп кетті.
Бұл ширек мильдей жүріп өткенде ғана жаңағы жағымсыз әсерден арылып, оның орнына ызалы бір ойға тап болған: бұны, Кит Даррантты, жезөкше қатынға тұрақты келіп тұратындардың бірі деп білді-ау әлгі полисмен! Бұның бәрі қандай өкінішті, қандай жиренішті! Бұл өзін құдды боққа батқандай сезінді, сосын логикалық нақты ой-тұжырымдары қайта қалпына келгенше миы мұз құрсанып тұрып алған. Бұл, әрине, өзіне керектің бәрін біліп алды. Өзі ойлағаннан гөрі қауіпсіздеу болып шықты. Ол әйелдің көздері! Сөз жоқ, ол — Ларриге керемет берілген, оны сатып кетуі мүмкін емес. Иә! Ларри Оңтүстік Америкаға ма, әлде Шығысқа ма — мейлі қайда болсын, қашып кетуге тиіс. Бірақ бұл да Киттің көңілін аса көтере алмады. Оның есіне қайта-қайта жаңағы ұқыпсыздау жиналған жадау бөлме түсе берген: шындығында ол — бөлме емес, адамның асқақ сезімі, мөлдір махаббаты тұншығып жатқан тар қапас, темір тордай еді. Сол қапас, сол темір тордың ішінде отырған жап-жас әйелдің бейкүнә жүзі қандай! Адалдық, шыншылдық, көрген көзді сүйсіндірмей қоймайтын сирек кездесетін сұлулық, бәрі-бәрі де сол алақандай албыраған бетте тұнып тұрғандай!
Иә, бәрі-бәрі де бұның көз алдынан кетер емес... Қап-қараңғы арканың асты... көшедегі кезбе жасөспірім... Оның: "Қылмыскерді әлі ұстаған жоқ!" деген көңілді дауысы... Сосын бұның, Киттің мойнына оратыла кеткен қыздың жалаңаш қолы, қараңғыда тұншыға шыққан ыстық лепті сыбыр... Сосын тағы да оның бұған соншама сеніммен қараған балаң жүзі...Кит кенет тоқтай қалды. Сайтан алғыр, не болды өзі бұған! Көз алдында ебелектеген бұл не елестер? Тұғыры жоқ, тұрлауы жоқ, бұл қандай ойлар сонда?
Кит есін бірден жинап ала қойды: бір минут өтпей-ақ күнделікті өмірдің қалыпты көріністері көз алдында қайта ойнап шыға келді де, жаңағы жамыраған елестерді бір-ақ сәтте жоқ қылды. Әлгіндегісі бәрі енді түс секілді көрінген. Иә, түс, ақылға сыймас түс! Күлкілі! Бұл, бұл Кит Даррант, қайдағы бір харам да қияли ойға шым батқанын қарай гөр!..
Кит өзіне бұрыннан таныс Стрэнд көшесіне де жетті ақыры; ол күн сайын соттағы күнделікті жұмысына осы көшемен барушы еді. Жоқ, бұның бәрі — әншейін ғажайып түс! Бұл шынайы өмірден шын алшақтап кеткендей — енді тек өзіне таныс заттар арқылы: дүкендердің маңдайшаларын оқып, жүргіншілер жүзіне қарап, өзін жинақтап алуы керек. Алыста, даңғылдың сонау басында ескі шіркеу көрінеді, ал одан да әріде сот үйінің сұлбасы қарауытады. Міне, өрт дабылын қаққан қоңырау үні күмбірледі, сосын бұның жанына тұяқтары дүрсілдеп, металл әбзелдері жарқылдап, аттар шауып өтті. Осы көрініс, осы дыбыстың бәрі де кәдімгі өмірдегі, әдеттегі құлаққа жағымды, көзге тартымды дүниелер. Бір бұрыштан құйрығы бұлтыңдап шыға келген әйел бұған бас изеп: "Қайырлы кеш!" деп өте берді. Тіпті бұл да әдеттегі жағдай, тіпті бұған да ішің жібиді. Міне, екі полисмен бір мас адамды екі қолынан дедектетіп, сүйреп барады. Бұл көрініс тек қызықтауды, жаратпауды, жек көруді ғана туғызады. Себелеп жаңбыр жауа бастады, оның бетке тиген сап-салқын тамшылары Киттің тұла бойын сергітіп жібергендей еді: бұл да күн сайын Кит көріп жүрген кәдімгі өмірді еске салады!
Бұл көшені қиып өтуге бет алды. Міне, соңғы омнибус1 та зырлап кетіп барады, кэбтер2 де енді жын қаққандай арлы-берлі зулап жатыр. Күн сайын адам алдына сан баратын мынадай қауіп-қатерлер бұны көңілсіз ойлардан біраз арылтып тастап еді. Бетіне жаңбыр тамшылары тырс-тырс тиеді, экипаждар жанынан зу-зу етіп өте шығады, Стрэндті артқа тастаған соң, Кит өзіне тағы да сеніммен қарай бастаған, сосын көкірегін темір төстей қысып тұрған әлдебір жайсыз сезімді бойынан сілкіп тастап, үйіне бұрылу үшін кілт сол жақ көшеге түсіп еді. Бірақ қараңғы тұйыққа кіре беріп... тоқтай қалды. Тұйықтың бір бұрышында тұрған полисмен... ол да бері бұрылды. Мүмкін емес. Тағы да сол ма, құдай-ау! Жоқ-жоқ, неткен есуастық! Бұл жігіттер бір-біріне қалай ұқсайды десеңші! Абсурд!
Кит алға қарай ентелей ұмтылып келіп, үйіне кіріп кетті. Дегенмен басқышпен жоғары көтеріліп бара жатып, терезе пердесінің бір шетін сырып, көшеге көз тастауды да ұмытқан жоқ: полисмен үйден жиырма бес қадамдай жерде маңғаз басып кетіп барады екен, бұл жүрісіне қарағанда, ештеңеге көңіл аудармаған секілді.
IV
Кит әдеттегідей таңғы бесте оянып кеткен; кешегі оқиғалардан басы тап-таза еді. Бірақ кабинетіне кіріп, өлеусірей жанып тұрған шам мен каминдегі бықсыған отты, үстелдегі дайындап қойған кофені көрген кезде, есіне қай-қайдағы сұмдық жайлар қайта түсе берген — кеше Ларри қабырға тұсында тұрғанда, кабинет қалай көрінсе, қазір де дәл солай көрінеді; бәрі де бәз қалпында. Кит шамалы уақыт көңілсіз ойларға берілгісі келмей іштей арпалысып тұрды да, сосын кофе ішіп, бой сергітіп алып, сотта бүгін қаралатын іс бойынша әдеттегі үш сағаттық дайындық жұмысына отырды.
Бұл өзінше алдындағы қағаздарды оқыған болады, бірақ бір сөзін түсінер емес. Қайдағы бір құбыжық елес, бұлдыр бейнелер көлбең-көлбең етіп, көз алдынан кетпей-ақ қойған, сөйтіп жарты сағаттан астам өзіне-өзі келе алмай есеңгіреді де отырды. Ақыр соңында бүгін сотта қаралатын іске байланысты сағат он жарымда сөз сөйлейтіні есіне түсіп, оған аз да болса дайындықпен бару үшін өзін біраз қинап көріп еді, бірақ жүректегі әлдебір мазасыздық ойын бәрібір сан саққа жүгіртіп, берекесін қашыра берген. Сөйтсе де сегіз жарымда орнынан тұрып, мұздай суға шомылып алған кезде, Кит өзінің ұстамдылығына тәнті болғаны бар. Ол тоғыз жарымда Ларриде болуға тиіс. Пароход Аргентинаға ертең жүреді. Ларри дереу аттанып кетуі үшін жолына ақша тауып беруі керек. Кит таңғы тамақ үстінде әдеттегідей газетке көз жүгіртіп отырып, кенет... көзі мынаған түскен:
"Соходағы кісі өлімі жөнінде.
Кеше таңертең Глав-Лейндегі арка астынан табылған, тұншықтырылып өлтірілген
адамның кім екенін полиция түнге қарай анықтады".
Жақсы болғанда, Кит тамағын ішіп болып қалған, әйтпесе құсып жіберер ме еді, кім білсін. Дәл осы сәтте Ларридің темір тордың ар жағында отыруы әбден мүмкін! Тіпті оны әлдеқайда бұрын, Кит кеше кешкісін ана әйелде болып қайтқанға дейін-ақ отырғызып қоюы кәдік! Егер Ларри ұсталса, ол әйелді де жауапқа тартады. Сонда бұның өз жағдайы не болады? Ақымақ! Аркаға барып, ана әйелді көріп несі бар еді! Сонда полисмен Киттің әр қадамын аңдып жүрмесіне кім кепіл! Қылмысқа жанама қатысушы! Ол — лауазым иесі Кит Даррант, Корольдіктің адвокаты! Бұл тек қаһармандыққа тең қайрат-жігермен бойындағы үрей-қорқынышты жеңіп шығуға ұмтылды. Үрейге берілу еш уақытта жақсылыққа апармайды. Бәрін өлшеп-пішіп, қауіп-қатердің бетіне тура қарау керек. Кит өзін зорлап тұрып сабырға түсіріп, қажетті қағаздарын асықпай жинап алды да, сыртқа шыққанша тіпті екі-үш хатты қарап, оқып та шықты. Сосын кэбті шақырып, Фицрой-стритке жүріп кетті.
Осы бір тұманды таңда, бұл Ларридің үйінің алдында тұрып, әзірге біреу есікті ашқанша өзін асқан батыл, қажет кезінде не істейтінін білетін адам ретінде дайындап үлгерген. Рас, есік ашылған кезде: "Мистер Даррант үйде ме?" дегенді сабырлы сұрап: "Ол әлі тұрған жоқ, сэр" деген жауапты енжар тыңдау үшін де бұған үлкен ұстамдылық керек еді. Бұл соған жетті де.
— Түк етпейді, мен оған кіріп шығуым керек. Менің аты-жөнім — Кит Даррант.
Ларри жатқан бөлмеге жеткенше ол: "Мейлі кім тұтқындалса да, бұл — сәтімен болған іс. Полиция біраз шатасады, бүл аралықта Ларри көз көрмеске аттанып үлгіреді. Соңынан қызды да жіберу керек, бірақ онымен бірге емес" деген ойды санасында пісіріп те алды. Киттің бойынан енді секем-сезік, үрей-қорқыныш дегендер ізім-ғайым жоғалған, оның орнына тек батылдық қана үстем бола бастап еді. Жатын бөлмеге ол бір түрлі тіксіне, тыжырына кірді. Ларри жалаңаш қолдарын ұйпа-тұйпа басының астына айқастыра салып, темекісін будақтата тартып, шалқасынан жатыр екен; жанындағы орындық үстінде — шашылған темекі тұқылдары, бөлме іші — көк түтін. Бейшараның жағы суалып, беті бозарып, көз алды көлкілдеп әбден біткен — адам емес, аруақ дерсің.
Ларри көк түтін арасынан Китке көзін сүзе қарап:
— Иә, қалай ойлайсың, қандай үкім болуы мүмкін? Өмір бойлық түрме және қырық фунт айып төлеу?
Оның балалық жеңіл пайымы Киттің ызасын келтірді. Иә, бұл — басынан бақайшағына дейін Ларридің тура өзі. Кеше ғана сүмірейіп, үрейі ұшып тұрған ол енді: "Маған бәрібір!" дегендей батырсынған болады.
— Сенің не, әлі де қалжыңдауға шамаң бар ма? — деді бұл қыстығып.
Лоренс қабырғаға қарай аунап түсті.
— Басқа менде не қалды! Фаталист! Қандай оңбаған мінез!
— Мен оған барып келдім.
— Солай ма?
— Иә, кеше кешке. Ол қызға сенуге болады.
Лоренс мысқылдай күлді.
— Мен саған айттым ғой.
— Маған көз жеткізу керек болды.Ларри, сен дереу кетуің керек. Ал қыз келесі пароходқа отырады. Екеуің бірге кетулеріңе болмайды. Сенің ақшаң бар ма?
— Жоқ.
— Жол шығыныңды өзім көтеріп аламын, сосын бір жылға жетерлік ақшаңды да қалтаңа салып берем. Бірақ тезірек қимылдау керек. О жаққа жеткен соң, қайда орналасқаныңды айтып, тек менің өзіме ғана хабарыңды бер.
Ларри бәрін де түсіндім дегендей терең тыныс алды.
— Кит, сенің менен аяған жақсылығың жоқ. Өмір бойы солай. Неге өйтетініңді және түсінбеймін.
— Көп сөзді қой... Ертең пароход Аргентинаға жүреді. Саған құдай берді, полиция біреуді ұстап алыпты. Газеттен оқыдым.
— Не дейді?
Темекі жерге құлап түсті, орнынан атып тұрған Ларри қалшылдап-дірілдеп, арқасын төсек басына тіреп тұра қалды. Көзі аларып кеткен.
— Не деп тұрсың сен?
Кит бармағын тістеді: "Неткен ақымақпын! Неге ғана айттым бұны? Оның жанына бұл қатты бататынын қалайша ескермедім мен? Енді не болады?"
Лоренс маңдайын сығымдап ұстап, төсекке отыра кетті.
— Бұлай болар деп ойлаған жоқ едім, — деді ол міңгірлеп. — Құрыған жерім осы енді!
Кит інісіне қадала қарады. Лоренстің орнына басқа біреудің тұтқындалғанына бұл қатты қуанып келіп еді, мәселе бұлай болады деп кім ойлаған! Қандай ессіздік!
— Бұған несіне қиналдың? — деді бұл аптыға сөйлеп. — Кінәсіз адамға қандай қауіп бар! Олар әрдайым ұстайтын адамнан бұрын басқаны ұстайды. Тек сенің жолың болып кетті. Бар-жоғы осы! Бұл жағдайда біз тек уақыттан ұтамыз.
Інісінің осы бір бет-жүзіндегі бейкүнә қалпынан әрқашан әлдебір мұң мен бұған деген риясыз сенімді аңғарушы еді. Сондай сәтте Киттің жүрегі елжірей қалатыны да бар.
— Ларри, тыңдап ал, — деді бұл жұмсақтау үнмен. — Бұл өте қиын мәселе, бұнымен ойнауға болмайды. Ал анау адам жөнінде алаң болмай-ақ қой. Бәрін де маған тапсыр да, өзің жолға дайындал Каютаға билет алып, басқасын да әзірлеп қоямын. Міне, ақша, керек-жарағыңды сатып ал Бес пен алтының арасында саған келіп, бәрін айтып кетемін. Тек өзіңді қолға ал, бауырым. Кейін Ванда сені қуып жетіп алған соң, екеуің Чили асып кетіңдер, неғұрлым алысқа кетсеңдер, соғұрлым қауіпсіз боласыңдар. Қысқасы, екеуің тезірек жоғалуға тиіссіңдер. Ал, мен кетейін. Соттың алдында маған банкке кіріп шығуым керек.
Сосын бұл інісінің бетіне қарап тұрып:
— Сезесің бе, сен өзіңді ғана емес, мені де ойлауың керек. Солай емес пе? Мықты бол, бауырым. Түсінесің ғой? — деді.
Ларри бұған сол мұңлы, сол сұраулы жүзімен жаутаңдай қарады. Киттің тағы да қайталап: "Түсінесің ғой?" дегеніне, "Иә" деді де қойды.
Кит жолда кетіп бара атып: "Қызық адам! Түсінбей-ақ қойдым осыны... және өмір бақи түсінбей де өтетін шығармын" деді іштей. Сонан соң алдағы уақытта іс жүзінде не істеу керектігін ойлап кеткен.
Банкте ол 400 фунтқа чек жаздырып алды, бірақ кассир ақша санап жатқанда, Киттің ойына тағы бір қауіп оралған. Құдайым-ау, мұндай жұмысты майдан қылшық суырғандай етіп жасамаушы ма еді! Уақыттың мұншама тарлығын айтсаңшы! Банкнот бойынша кез келген адамның ізіне түсуге болады. Сонда қылмысқа "жанама қатысы" бар адам көзден таса қалуы мүмкін бе? Жо-жоқ, барлық іске күдіктене қарауға болмас. Әйтпесе, Ларриден қалай құтылады? Үлкен қауіптен аман қалу үшін кіші тәуекелге бел буған жөн. Банктен кейін Кит пароход компаниясына жүріп кетті. Ол Ларриге билет алып беруге уәде бергені рас, бірақ істі бұлай істеуге болмайды. Демек өз аты-жөнін атамай, тек билет бар ма, жоқ па — соны ғана сұрайды. Бұл бос билет бар екенін біліп алған соң, бетін сотқа бұрған. Егер уақыты болса, жолай полицияға соғып, тұтқындалған адамның жайын да біліп шығар еді, дегенмен бұл да қауіпсіз емес: бұны өте жақсы біледі. Бұл тұтқындаудың соңы не болар екен? Қойшы соны, не болар дейсің! Жұртты тыныштандыру үшін бірден біреуді тұтқындай салу полицияның баяғы әдеті емес пе!
Енді бір сәтте оған болған жайдың бәрі тағы да ақылға сыймас түстей боп көрінді: оны істеген Ларри емес, нағыз қылмыскер ұсталды! Бірақ осы мезетте бұның көз алдына Ванданың түрі адам шошырлықтай өзгеріп: "Оның құлап бара жатқанын ылғи да көріп тұрамын!" деп диванға бүк түсіп отыра кеткені елестей қалған. Ойпырмай, бұл не сұмдық!
Бұл күні таңертең сотта Кит әдеттегіден де сенімді әрі логикалы түрде әдемі сөйледі. Ал түскі тамақ кезінде сыртқа шығып, ең өтімді деген ақшамдық газеттерді сатып алған. Бірақ оларда соңғы жаңалықтар жоқ екен, сөйтіп ұсталған тұтқын туралы ештеңе біле алмаған ол сотқа қайта оралып еді. Сосын жұмыс аяғында паригі мен мантиясын шешіп тастасымен бірден репортерлердің сұрағына жауап беріп, кезек күттірмес барлық жұмысын тындырып болған соң, ол сыртқа шықты да, жолай газет сатып алып, Чансери-Лейнге қарай жаяу тартқан. Ол жерде кэбті шақырып алды да, қайтадан Фицрой-стритке аттанды.
V
Кит кеткеннен кейін Лоренс төсегінде ұзақ отырған. Жазықсыз адамға ешқандай қауіп жоқ! Әйгілі адвокат Кит солай дейді! Бірақ бұған илануға бола ма? Осындай жағдайда бұл Ванданы ертіп алып, 8000 миль жерге зытып отырса, ол бейшараның күні не болады? Шындығында, бұл, осы Ларри істеген қылмыс үшін мүмкін оны өлім жазасы да күтіп тұрған болар.
Өткен түнде Ларри мүлде күйреп біткен де, мынадай шешімге келген: бәріне де дайын болу керек. Кит кіріп келген кезде бұл "Полицияға беріл!" деген сөзді естісе, оған сөзсіз дайын отыр еді. Қалған ғұмырын темекінің тұқылындай лақтырып тастау — сол сәтте бұған түк емес-ті. Бірақ одан естігені басқа болды, оның сөзі бұны қуанышқа бөледі, үмітін тұтатты. Басқа бір елге кетіп қалу, жаңаша өмір сүру! Және сол әйелмен бірге! Ол жерде бүл ештеңе ойламайтын болады, ол жерде тіпті ана жексұрынды жер жастандырғанына қуанатын да шығар. Ол жерде! Жаңа күннің шуағында жаның жадырап, тәнің рақатқа батады, мына тұманды аралдағы сияқты өзін өлтіруге, соттауға мәжбүр ететін делқұлылар о жақта кездеспейді. Ларри оны әдейі өлтіргісі келмесе де, ол жексұрын өзіне лайықты жазасын алды. Бірақ мына тұтқындалған адамды айтсаңшы! Бүгін, не ертең оны соттайды. Бүл барып көрсе ғой, өзі істеген, осы Ларри істеген қылмыс үшін о бейшараны қалай айыптап, қалай соттайтынын! Ларри ащы күлді. Бұның орнына кімді олар дарға асқалы жатқанын барып тыңдаса қайтеді? Ларри киінді, бірақ қолдары дірілдеп, сақал-мұртын қыра алмады да, шаштаразға барып шығуды жөн көрді.
Шаштаразда бұл Кит айтқан хабарды оқыды. Газетте тұтқындалған адамның аты-жөні де жазылыпты: "Джон Ивэн, мекенжайы белгісіз". Оны Бау-стритте соттайды екен. Иә, барып көруі керек!
Ларри сот үйіне кіріп, қара тобырдың арасына кіріп кеткенше сыртқы есіктің алдына үш рет барып, үш рет қайтқан еді.
Залда адам лық толы екен, сыбыр-күбір сөзге қарағанда, бүгін жұрттың мұнда көбірек жиналуы Соходағы кісі өліміне байланысты көрінеді. Мұнда бір күннің ішінде осыншама іс қаралады дегенге Ларри түсінде болмаса, өңінде сенбес еді, ал енді міне, көзді ашып-жұмғанша бір істен кейін бір іс сот алдынан өтіп жатыр. Ал әлгі бейшараның кезегі қашан келер екен... Кенет бүл кеше өзі арка астында көрген адамын көзі шалып қалды: түрі кешегіден де ұсқынсыз — алба-жұлба, беті айғыз-айғыз, көзі шарасынан шығардай бақырайып кеткен, тазы иттердің ортасына түскен лақса кәрі мақұлықтай боп, екі полисменнің итермелеуімен итиіп айыпталушының орындығына қарай беттеп барады екен.
Зал ішінен "обал жоқ" дегендей ашу-ызалы сыбыр-күбір естілді, ал Лоренс өз орнына айыпталып отырған адамның осы екенін ойлағанда, жүрегі шым ете қалды, сосын оған жолай жолдастық жанашырлығын сездіріп үлгерді. Бұдан әрі оның барлық сезімін сотқа ол не деп жауап береді екен деген қызығушылығы басып кеткен. Куәлерден жауап алу ұзаққа созылған жоқ. Уолен тұрған қонақүйдің қожасы мәйітті танығанын және ол өлер күні түскі тамақ үстінде, оның саусағынан жылан сияқты алтын сақина көргенін алға тартты. Ал өсімқор кеше таңертең бірінші клиенті — осы отырған айыпталушы болғанын, ол алған қарызына кепіл ретінде мына сақинаны қалдырып кеткенін айтты. Ал полисмен қазір Ивэн атымен белгілі боп отырған осы адамды Глав-Лейннен бірнеше рет көргенін, тіпті екі рет оған арка түбіне қонуға рұқсат бермегенін тілге тиек етті. Сосын келесі полисмен Ивэнді түн ортасында тұтқындағанда, ол: "Иә, оның саусағынан сақинаны сыпырып алған менмін. Бірақ ол бұл уақытта өліп қалған екен... Әрине, бұлай етуге болмайтынын мен білем... Мен оқыған-тоқығаны бар адаммын... Кепілдікке сақинаны қалдыруым өте ақымақтық болған. Мен көрген кезде өлген адамның қалтасы ақтарылып жатыр еді" дегенін мәлімдеді.
Оның орнында сен отыруға тиіс адамға бетпе-бет қарап отыру қандай қиын еді; қанталап тұрған анау кішкентай қоңыр көздер қалың жұрттың арасынан қашан маған қадалар, сонда оған қай бетіммен қараймын деп күтіп отырудың өзі бір тозақ екен ғой!
Ал ол бейшара қоянның көжегіндей бүрісіп, бір бұрышқа тығыла түседі — көзінде қайғы, бетінде абыржу, бурыл сақалы мен шашы ұйпа-тұйпа, өлеусіреген жанары қара тобырға жаутаң-жаутаң етеді. Лоренс бар күшін жинап, өзін әрең ұстап отыр. Артынша: "Істі қарау кейінге қалдырылады!" деген дауыс естілді де, айыпталушыны екі полисмен ала жөнелген...
Лоренс әлі де орнынан тұрған жоқ еді, маңдайынан сұп-суық тер білінген. Басында — қара тұман, қалың ой. Демек Джон Ивэн өліктің қолынан сақинаны сыпырып алғанға дейін-ақ оны біреу үптеп үлгірген. Уолен сияқты адамның кешкісін ақшасыз шығуы мүмкін емес. Екіншіден, Ивэн оның ақшасын алса, сақинасын да сыпырып кетуге тәуекел етпес еді. Иә, мәйітке бірінші боп тиіскен басқа біреу. Енді сол "біреу" суырылып шығып, өліктің қолынан сақинаны көргенін айтып, Ивэнді құтқарып алуға тиіс. Лоренс осы ойдың тізгінін мықтап ұстағысы келді, өйткені, бұның өзі ана бейбақтың алдындағы Лоренстің күнәсін сәл де болса жеңілдетіп, өз қылмысын кейінгі қатарға жылжыта түскендей еді. Егер ақшаны алған адам табыла қалса, Ивэннің кінәсіздігі дәлелденетіні сөзсіз. Лоренс сот залынан есеңгіреп шыққаны сондай, қазір бірдеңе ішпесе тұра алмайтындай сезінген өзін. Иә, жабырқау жанына қалай да бір алданыш табуы керек, әйтпесе бұдан әрі шыдауы мүмкін емес. Егер ол бұл іс біткенше ішіп жүрген болса, осы уақыт аралығында өзін полицияға ұстап беруі керек пе, жоқ па деген ойдың басынан шыға тұруы әбден мүмкін. Қазір ол күдік дегеннен мүлде қорқып отырған жоқ; қорықса — өзінен, өзін ұстап беруден ғана қорқады. Енді Вандаға баруына болады — ар алдында арпалысып жатқан іштегі сан түрлі оймен салыстырғанда, ол жердегі қауіп түкке тұрғысыз. Лоренс ол қызбен кездеспеуге Китке уәде берген. Кит бұған ылғи да қамқор боп жүреді ғой, рас. Кит өте қайырымды! Бірақ Ларри үшін ол әйелдің орны енді мүлде бөлек екенін, өмірінің мәні де, сәні де тек сол әйел екенін, керек болса ол үшін Ларри жанын да қиып беретінін Кит ешқашан түсінбейтіні анық. Қызық, қандай қиын жағдайда Ванда бұдан алыстағанды қойып, қайта күн сайын жақындай түсіп, бұның жаны мен тәнінің бір бөлшегіне айналып бара жатқандай. Бұған деген осы мөлдір сезімінің арқасында ол сорлы, бейшара әйелдің орнына бақытты, қуанышты, өмір сүруге соншама ынтық жанға айналған. Бұл ғажап қой! Ол бұдан пенде ретінде ештеңе дәметкен жоқ, ол бұны тек өліп-өшіп сүюді ғана білді, ал бұның айнымалы-құбылмалы болмысы осы бір өліп-өшкен махаббаттан ғана жылу тапты, ұзақ уақыт тағдырдың тәлкегіне, хайуан тектес адамның мазағына ұшыраған ол да ақыр соңында ғұмыр бойы іздеген ең асылын бұдан тапты.
Ларри ішкісі келген іштегі жыланын өлтірді де, Сохоға жүріп кетті. Кілтті Китке бере салғаны қандай ақымақтық болған! Ол күтпеген жерде кіріп барғанда, Ванда да қатты абыржыған шығар. Сөз жоқ, қазір оның жағдайы екі есе ауыр — сыртқы дүниеде не боп жатқанынан мүлде бейхабар, ойы онға, санасы санға бөлініп әбден біткен шығар, бейшара!
Ол кешегі күні түн қараңғысында өлікті арқасына салып алып, бүкшеңдей жүгірген көшемен қазір де жүгіре басып келіп, Ванданың есігіне жеткенде ентігін бір-ақ басқан. Есікті қағып үлгергенше, қыздың өзі де атып шығып, бірден бұны ішке тартып алды да, кұшағына құлап түсті. Каминде от жоқ, оны жағуды тіпті ойламаған да сияқты. Орындықты терезе алдына жақындатып қойыпты, тегі ұзақты күн осы жерде отырып, сырттағы сұрғылт көшеден көз алмаған болса керек. Кит оған бұны келмейді деген, бірақ әлдебір инстинкт немесе сүйген жандарға ғана тән сағынышты бір үміт оны терезе алдына байлап қойды ма екен?
Міне, қыздың күткені келді, енді бірінші кезекте оның жайын ойлау керек. Алдымен каминге от жақты. Сосын Ларридің алдына шарап, темекі қойды. Оның мұндай қамқор пейілінен кейбір әйелдер мен көңілдестерде жиі кездесетін: "Мен саған мынаны істеймін, ал сен маған ананы істейсің" дейтін қарымта ниет ешқашан сезілмейтін. Бұл жағынан Ванда өз қожайынын соншама сүйе білетін шын берілген күңді еске түсіруші еді. Екіншіден, Ванданың осы мінезі үшін Ларри де оны қатты құрметтейтін де, сүйген үстіне сүйе түсетін. Ол өз ар-ұяты итермелеген аса қауіпті шешімді Вандаға айтуды артық көрген. Бірақ Лоренстің іс-қылығы ылғи да өзі қабылдаған шешімге қайшы келетін әдеті еді, бұл жолы да оның аузынан: "Олар бір адамды тұтқындады" деген сөз абайсыз шығып кеткен-ді.
Ларри Ванданың жүзінен өзіне қандай қатер төніп тұрғанын ол бірден сезе қойғанын (мүмкін бұл айтпастан бұрын-ақ) байқады. Ол үнсіз келіп бұның иығына қол салды да, ернінен сүйіп алды. Осы сүйістің өзі екеуінің махаббатын бәрінен де жоғары, тіпті бұның ар-ұятынан да жоғары қоятынын әйгілегендей еді. Қаншама еркектің құшағынан шыққан осы әйелді бұл өліп-өшіп сүйем деп ешқашан ойлады ма! Сүйген әйелінің бұрынғы жаман аты мен тағдыр талайына кейбір еркектер рыцарлық мәрттікпен қарайды, енді біреулер оны үнемі өкінішпен, қызғанышпен еске алып, өзін де, сүйгенін де мүжіп-жеп бітеді. Ларри қызды құшағына қысып тұрған сәтте, бір күндері оның өмірін тозаққа айналдырған беті жылтыр, жүрегі тас сол хайуан тектес адамды өлтіріп жібергеніне титтей де өкінген жоқ. Қыз бұның иығына басын сүйеп, сәл қызара түскен қабағы мен бозарған бетін жоғары көтерген кезде, бұл тіпті "мен кісі өлтірдім-ау" деген өз ойына өзі масаттанып та қалған; ал сосын оның сәл ашылған еріндері мен боталаған көздерінен шексіз берілгендікті байқағанда, Ларри өз бойынан оған деген асқан сүйіспеншілік пен қамқорлықты ғана сезінген.
Ларри қыздың үйінен сағат бесте шыққан, бірақ екі квартал жүрмей жатып, есіне тағы да қоянның көжегіндей бір бұрышқа тығыла берген кешегі жұдырықтай шал түскен; оның алба-жұлба түрі, ұйпа-тұйпа шашы көз алдынан кетер емес; кінәсізді кінәлі етіп, жазықсызға жапа шектіріп, адамды осыншама қор қылған бүл неткен сұм дүние осы!
Бұл өз үйінің алдында кэбтен түсіп жатқан Китті көрді. Ішке олар бірге кірді де, екеуі де төрге озбай тұра қалды — Кит есіктің аузында, Ларри — үстел жанында, екеуі де енді бір-бірімен текетіресті сезгендей.
— Пароходта орын бар. Тезірек барып, өзіңе каютаға билет ал, әйтпесе кеңсе жабылып қалады. Ақшаң міне!
— Мен ешқайда кетпеймін, Кит.
Кит бір қадам алға аттап, бір бума банкнотты үстелге қойды.
— Ларри, бері қара, мен полиция сотының қарарын оқыдым. Қорқынышты дәнеңе жоқ. Бірер апта түрмеде отырды не, еркіндікте жүрді не — ол сияқты кезбеге бәрібір емес пе? Басыңнан бәрін шығар, айыптауға дәлел-дәйек жоқтың қасы. Бұның өзі сенің құтылып кетуіңе үлкен мүмкіндік береді. Осыны пайдаланып қал да, жаңа өміріңді баста.
Лоренс мырс ете қалды, алайда осы күлкінің өзінен ащы бір мысқыл білінген. Ол банкнотты қолына алып тұрып:
— Көзіңді құрт та, ағаңның абыройын сақта! Айтайын дегенің осы ма, Кит? Мына ақшаңды ал да, қалтаңа салып қой, әйтпесе мен бұны отқа бір-ақ лақтырамын. Айт кәне, аласың ба, жоқ па? — Ларри отқа жақындап келіп, ақшаны камин алдына тақады. — Ал, әйтпесе, қазір жағып жіберемін.
Кит ақшаны алды.
— Мен әзірге арымды аяққа таптағам жоқ, Кит. Егер мен алды-артыма қарамай зытып отырсам, онда ар-ұяттан жұрдай болғаным. Ал мен үшін ол.. бәрінен де қымбат, тіпті керек болса... не десем екен?.. Әзірге айта алмаймын оны!..
Олар ұзақ үнсіз қалды, сосын Кит:
— Тағы да айтамын: сен қателесесің, присяжныйлардың ешбір соты жазықсызды жазаға тарта алмайды, — деді. — Ал айыптаған күннің өзінде оны сот қолдамайды. Мәйітті тонаған оңбағанның орны — тек қана түрме. Әрі-беріден соң, оның әрекеті сенікіне қарағанда әлдеқайда кешірімсіз.
Лоренс басын көтеріп алды.
— Кінәлап қайтесің, бауырым, — деді ол — Біреудің жанын біреу түсініп бола ма!
— Енді не істемек ойың бар? Не істесең де, әйтеуір, біздің аты-жөніміздің абыройын ұмытпассың деп ойлаймын. Әлде сенің "ар-ұятыңның" жанында бұл түк емес пе?
Лоренстің басы салбырап, төмен қарады. Бұнысы — "иілген басты қылыш кеспейдінің керіндей көрінген.
— Не істерімді өзім де білмеймін...Әзірге ештеңе. Маған қазір өте ауыр, Кит... Кешірерсің мені.
Кит оған сұқтана қарап отырды да, ештеңе айтпастан шығып кетті.
VI
Абыройсыздық мейлі әулеттің, мейлі жеке адамның басына түсе ме — бәрібір, ол философтан басқа әркімнің де атақ-абыройына нұқсан келтіретіні анық.
Кит кез келген қауіп-қатермен күресуге дайын тұрушы еді. Алайда бұл жолғы соққы тергеу нәтижесімен біте ме, әлде Ларриді мойындатумен тына ма — бұ жағын ол әзірге біле алмай отыр. Гүлдің жапырағына қара дақтың қайдан жұққаны қалай белгісіз болса, мына жайсыз оқиға да бұның атына сондай бір дақты ғайыптан жаққалы тұр. Оның бетін қайтару мүмкін емес! Тіпті одан сытылып шығуы да екі талай!
Бұл — дарға асылған немесе каторгіге айдалған адамның ағасы! Бұның қызы — кісі өлтірген адамның қарындасы! Өлген шешесі — кісі өлтірген адамның шешесі! Бұл дегеніңіз — сұмдық жазаның көкесі ғой — оны күн артынан күн күтіп, ай артынан ай тосып, әр кезде шошып-үркіп жүруден қорлық не бар! Өз атына кір шалдырмаған мұндай адамға бұл әділетсіз жаза күн өткен сайын тым өрескел көріне бастаған.
Істі тексеруді одан әрі жалғастыру нәтижесінде, өлген адамның сол өлетін күні өте көп ішкені, ал айыпты адамның кәнігі кезбе әрі қайыршы екені, сонымен қатар Глав-Лейндегі арка оның түнеп шығатын тұрақты мекені болғаны анықталған. Сөйтіп істі қайта қарау қаңтар айына белгіленген. Бұл жолы Кит ешбір сақтыққа қарамастан полициялық сотқа өзі барып еді. Сәтін салғанда, Ларри ол жерде жоқ екен. Бірақ айыптыны бірнеше рет Глав-Лейннен көрген басты куәгер — Кит арканы көріп жүргенде жанына келген, ал сосын бұл Ванданың бөлмесінде отырғанда қатты қорқытқан полисменнің тура өзі болып шықты.
Бұл адамның осындай ауыр айып арқалауына өзі жол бергеніне қарамастан, Кит ар-ұят туралы ойлаған жоқ, тіпті шімірікпеді де. Ол үкім шығаруға дәлелдің жеткіліксіздігіне шын сенген, ал темір тордың ар жағында отырған адамның азабын түсінуге мүлде құлықсыз болған еді. Оның түсінігінде: қаңғыбас неме өлікті тонады, бұл үшін ол жазалануы керек, сосын... мұндай делқұлыға желтоқсанның желді ызғырығында далада жатқанша түрмеде отыру әлдеқайда артық. Сезімге берілу деген Киттің жан дүниесіне жат нәрсе еді және оның түсінігінде: әділет қайда — күштілер мен ауқаттылардың мүддесі үшін кім әлсіздер мен панасыздар тағдырын бағындырса, әділет соларда!
Рождество каникулы кезінде оның пансионаттағы қызы үйге келген. Бөлменің төбесінде салбырап тұрған өрмекші кейде жарықтан қашып, бір бұрыштағы қара көлеңкеге қашатын кезі болады ғой, Кит те солай — қызының албыраған аппақ бетіне көзі түскен сайын жүзін төмен салып, бүгежектей берген. Құдды оның алдында үлкен күнәға батқандай. Құдды ол жоқ кезде бар абырой-беделінен айырылып қалғандай.
Қызының өтініші бойынша бұлар рождество қарсаңында күндіз Соходағы шіркеуге барып, рождестволық дұға тыңдап қайтқан, қайтар жолда кездейсоқ Борроу-стриттің үстінен шыққаны! Ой, сұмдық-ай! Қараңғылау бұрыштан өте бергенде, қызы: "Мынау кім?" деп, бұған шошына тығыла түскенде, Кит қандай күйге түсті десеңші! Тағы да... тағы да сол қарғыс атқан оқиға есіне түсе қалған. Соттан кейін бұл сол екеуінен қалайда құтылғысы келіп еді!.. Бірақ бәрінен құтылсаң да елестен құтыла алмайды екенсің! Кит қызының қолынан қыса ұстап, тезірек осы көшеден алыстап кеткісі келген, дегенмен қайда барса да соңынан құбыжық елестер қуып жететіндей көрініп еді!..
Кешкісін қызы ұйықтауға кеткенде, Кит өзін қанша сабырлы ұстайын десе де, бәрібір қатты мазалана берді. Ларриді көрмегеніне, міне, бірнеше апта болды. Ол не істеп жүр екен? Ақымақ басына тағы қандай ойлар келді? Не істесе де, әйтеуір, жетісіп жүрмегені анық, мүмкін бас алмай ішіп жүрген шығар? Кит оған қайта көмектескісі келді. Ойына баяғы бір тәтті күндер оралды: осындай рождество күндері кішкентай Ларри екеуі түнде жатарда шұлықтарын сыртқа іліп қоятын. Ал таңертең... сол шұлықтары небір әдемі, тәтті сыйлықтарға толып тұрушы еді. Сосын енді бір түнде сүйікті Санта-Клаус бұл екеуін төсекке аялай жатқызып, беттерінен емірене сүйіп кететін. Қайран күндер! Қайран Ларри, сол кездегі!
Өзен үстінде жұлдыздар жымың қағады, қысқы ал қара-көк аспан ап-ашық. Шыңылтыр аяз. Шіркеу қоңырауы әлі соғылған жоқ. Кит үстіне елтірі жағалы пальтосын, басына велосипед тепкенде киетін тоқыма малақайын киіп, сыртқа шығып кетті.
Стрэнд көшесіндегі кэбті шақырып алды да, өзін Фицрой-стритке жеткізіп салуға бұйырды.
Ларридің терезесінен шам жарығы білінбеді, тек шыны бетінде мынадай жазу тұр екен: "Жалға беріледі". Кетіп қалған! Шынымен-ақ мүлде ізін жасырғаны ма? Бірақ ақшасыз қайда барады? Ал әлгі әйел қайда? Аязды түнді басына көтеріп, қоңырау күмбірлеп қоя берді. Жаңа жыл келгенін хабарлап жатыр! "Әттең-ай, осы қарғыс атқан оқиғаға қайдан тап болдым екен!" деп ойлады ол — Басқаның қателігі үшін бас қатырған қандай жаман еді!"
Ол Борроу-стритті бетке алды.
Көшеде қыбыр еткен бір пенде жоқ, жым-жырт, бұл қарсы беттегі Ванда тұратын үйге сұқтана қарап, жүрісін жылдамдата түсті. Терезе перделерінің арасынан болмашы жарық білінеді. Кит көшені кесіп өтіп, жан-жағына абайлап қарап алды да, ептеп ішке көз салды.
Бұл жерде Кит бар-жоғы жарты-ақ минут тұрған, бірақ осы жарты минутта көз алдында қалған көрініс оның өмір бойы жадында өшпес сурет боп қалып еді... Электр шамы жоқ, бөлме ортасындағы кішкентай үстелде төрт шырақ жанып тұр, оның алдында екі қолын кеудесіне қойып, тізерлеп, жеңіл іш киіммен Ванда отыр; шам жарығы әлсіз де болса, оның қысқа қырқылған шашын, сүйірлеу иегі мен аппақ мойнын ап-айқын көрсетеді.
Алғашында Кит оны жалғыз екен деп ойлаған, сосын бөлме ішін тінте қарап тұрып, бір бұрыштан өз інісін де көрді. Үстіне ақшыл пижама киген Ларри де екі қолын кеудесіне қойып, арқасын қабырғаға сүйеген күйі Вандаға қарап түр екен. Осы сәттегі оның бет-жүзі Киттің жадында берік сақталып қалғаны сондай — кейін қаншама жыл өтсе де осы бір кішкентай көрініс пен інісінің сондағы мысқалдай тіршілік нышаны білінбеген кескін-түрін ол қиналмай-ақ еске түсіре беретін. Иә, сол сәтте Ларридің бүкіл жан дүниесі, іштегі барлық сезім-түйсігі бетінде тұрғандай еді. Уайым-мұң, мысқыл-келеке, махаббат, торығу-түңілу! Оның Вандаға деген ыстық сүйіспеншілігі, езілген еңсесі, қорқынышы мен үміті, оның тұрақсыз-тұрлаусыз, жақсы да жаман қасиеттері — бәрі-бәрі де сол сәттегі Ларридің бетінде ап-анық кескінделіп, айқындалып тұрған! Белгісіз, түсініксіз бір мысқыл үйіріле қалған еріндерінде шырақ сәулесі ойнақшып, дір-дір етеді; көздері тірі адамда сирек кездесетін терең мұңға батып, құдайдан әлденені жалбарына сұрап тұрғандай, сонымен қатар сол көздер алдында ақ киімге оранып, тізерлеп тас мүсіндей қатып отырған әйелді келекелеп те тұрғандай. Ал еріндері: "Иә, біз үшін тілей бер тілеуіңді! Пәлі! Дұрыс-ақ! Тілей бер тілеуіңді!" деп сыбыр-сыбыр ететіндей. Кит кенет қыздың жын ұрғандай қолын созып жіберіп, жүзін тік көтере қойғанын көрді, ал Лоренс бір қадам алға аттады. Шырақтың қып-қызыл жалын тілінен не көріп қалды бұл қыз? Күтпеген жағдайдың әсері қашан да күшті болады ғой, ал Кит өмірінде ешқашан мұндай қайғы-мұңның қара көлеңкесін көрген емес-ті. Сосын бөтен терезеден сығалап тұрғанымды біреу көріп қалады-ау деп қорыққан ол жылдам кері бұрылған.
Сонымен Ларридің ол қызбен осы үйде тұрып жатқаны белгілі болды! Інісін іздесе енді осы үйден табады.
Кит өз үйінің ауласына жетіп тоқтады да, дуал жақтауына шынтақтай сүйеніп, жұлдыздар жымың қаққан түнгі аспанға, жағалаудағы шам жарығы бетінде ойнап жатқан етектегі қара қошқыл өзенге бес минуттай қарап тұрды.
Сөйтіп тұрғанда жүрегі әлденеге сыздай ауырып, көкірегі удай ашып кетті. Ол соңғы кезде не көрді, не естіді, не туралы ойлады, осының бәрінің сыртында бір нәрсеге қолы жетпегенін Кит енді анық сезінген.
Түн суық еді, қоңыраулардың үні естілмейді: сағат он екіні баяғыда соғып өткен. Кит үйге кіріп, жоғарғы қабатқа ақырын көтеріліп кетті.
VII
Глав-Лейндегі кісі өлімі туралы істі қайта қарауға дейінгі алты апта уақыт — Кит үшін уайым мен алаңға толы кезең болса, ал Лоренс үшін ол — баяғы балалық шағынан кейінгі ең бақытты күндеріне айналған. Ол өз пәтерін тастап, Ванданың үйіне кіріп алғаннан кейін бір мамыражай тірліктің барынша рақатына батып еді. Бұның өзі ерік-жігердің күшімен үрей атаулыны бойынан сілкіп тастағанынан немесе махаббаттың бар қызығын көруінен де емес, бәрінен бұрын жан дүниесінің әлдебір тұңғиыққа шым батып кетуінен еді. Оның мінез-құлқына шамадан тыс билік жүргізген қатал тағдыр алдында абыржу, мазасыздану, іштегі барлық толқу-торығу дегендер біртіндеп алыстай берген; "маңдайға не жазылса, соны көрем" дегендей, ол әр күнін қапысыз, қамсыз еткізе берді. Бірақ кейде саңылаусыз, сәулесіз бір тығырыққа тірелетін де кездері болатын. Рождество қарсаңындағы түнде де ол дәл осындай жағдайға тап болып еді.
Ванда тізерлеп отырған жерінен ұшып тұрған кезде, ол:
— Иә, сонымен не көрдің, не байқадың? — деді.
Қыз оған жабыса қалып, каминге қарай бет бұрды, сосын екеуі көкжиекке көз талдыра қараған бала сияқты екі тізелерін құшақтап, тура еденге отыра кеткен.
— Мен Әулие-Ананы көрдім. Ол қабырға тұсында тұрып, маған жымия қарады. Біз алдағы уақытта тағы да бақытты боламыз.
— Ванда, тыңдашы, — деді кенет Лоренс. — Егер өлуге тура келсе, келші, екеуміз бірге өлейік, а? О жақта да екеуміз бірге болсақ, қандай жақсы болар еді...
— О, иә, иә! Мен сенсіз өмір сүре алмаймын, — деп, қыз сыбырлай сөйлеп, бұған тіптен жабыса түсті.
Осы бір соңғы күндері бүл екеуі бір-біріне соншама бауыр басып кеткенін, бір-бірінің жаны мен тәні берік байлана түскенін, ендігі жерде бір-бірінсіз тірліктің мәні де, сәні де жоқ екенін дәл қазіргі сәтте шағын пәтерде өткізіп жатқан оңаша өмірлері де икемдей беріп еді. Мұнда тек үй сыпырушы ғана тоғыздан онға дейін бір сағатқа келіп кетеді де, қалған уақытта тірі пенде бас сұқпайтын. Ларри мен Ванда ешқашан үйден бірге шыққан емес. Таңертең Ванда оны-мұны сатып алып келуге сыртқа шығып кеткенде, Ларри қолдарын басының астына айқастыра салып, қыздың бұдан қысылмай-ақ киініп жатқан кездегі аппақ денесін, талшыбықтай майысқан балғын мүсінін, былқ-сылқ еткен буынсыз әдемі қимылын көз алдына елестетіп, төсекте ұзақ жата береді; сонда өз ернінен оның балдай тәтті ыстық сүйісін тағы да сезеді, ақ құба бетінде ұшқын атып тұрған қой көздерінен ерекше бір жылылық көреді. Сөйтіп Ванда оралғанша қыбырсыз жатып, өзін де, өзгені де, бәрін де ұмытып, әлдебір сырлы әлемнің қойнауына сүңгіп кетуші еді. Сосын он бір жарымда тұрып, ол дайындап қойған дастарқанға отырады, кофе ішеді.
Ал тұстан кейін сыртқа жалғыз шығып, Ист-Энда көшесінің бойында ұзақ-ұзақ серуендеп жүреді. Ол жерде бұл тағдыр тәлкегіне ұшыраған небір адамдарды жиі кезіктіретін, бұның өзі көңіліне сәлде болса демеу болатын, өйткені өзінің қайғы-мұңы — мына жарық жалғандағы ұлан-асыр қасіреттің бір түйірі ғана екенін, әзірге бұл өмірде аш-жалаңаш жарлы-жақыбайлар, кембағалдар мен кемтарлар тіршілік етіп жатқанда, дүниедегі ең бейшара адам өзі ғана емес екенін бұл жақсы түсінгендей болатын. Ал қаланың батыс жағы, керісінше, еңсесін езіп жіберуші еді. Вест-энд деп аталатын қаланың сол жақ бөлігі бұған тура Кит сияқты боп көрінетін: қашан да тап-таза мүлтіксіз, мінсіз, тәкаппар! Сосын әбден шаршаған кезде, Лоренс үйге қайтып келеді де, тамақ дайындап жатқан Вандаға қызыға қарайды да отырады. Ал кешті махаббаттың қызығымен өткізеді. Өстіп бұлар өздерінің сиқырлы әлемінде бір таңғажайып тірлік кешіп жатты, оның қаймағын бұзып алудан екеуі де сұмдық қорқушы еді. Ванда бұрынғы үйреніп қалған еркін жүріс-тұрысын, болмағанда көшеге шығып бой сергітіп келу сияқты барлық әйелге тән кейбір қызықтарын аңсап-сағынатынын, мынадай жасырын тірліктен әбден жалыққанын не сөзімен, не мінезімен бірде бір рет тіпті ишарамен де білдірген емес. Дегенмен Ванда да, Ларри де қалған ғұмырларын тек өстіп өткізбейтіндерін, әйтеуір бірде тағдыр бұларға не бетін, не артын беретінін екеуі де іштей сезетін. Бұл күндері Ларри мүлде ішкен жоқ. Үш айлық ақшасын алып, барлық қарыздарын өтеп тастады: мұндай қарыздары аса көп те емес еді. Ол осы уақыт аралығында Китке бір рет те барған жоқ, не хат жазбады, мүмкін тіпті ол туралы ойламаған да шығар. Арагідік көз алдына: аузынан ақ көбік ағып жатқан Уоленнің өлі денесі мен айыпталушының орындығында бір-ақ уыс боп бүрісіп отырған шалдың аянышты түрі елестей қалатын, сондай кезде Ларри өзін қоярға жер таппай қатты қиналушы еді. Алайда ол күн сайын газет сатып алып, оны Вандаға көрсетпей, бас-аяғына дейін жылдам шолып шығатын...
VIII
28 қаңтар күні түс шамасында, мұра мәселесіне байланысты төтенше бір қиын істі оңымен шешкен соң, Кит соттан шығып бара жатып тумба үстінде жатқан газетке көз жүгіртіп өткенде, бірінші оң жақ бағанынан: "Глав-Лейндегі кісі өлімі — сот және үкім" деген тақырыпты оқыды да: "Құдай-ау, бүгін газетке қарауды да ұмытып кетіппін ғой" деді күйіне тұрып. Екі күн бойы осы бір сот процесімен айналысып, ақыры онда жеңіп шығып, жаңа ғана көңілі аққан судай тасып келе жатыр еді, осының бәрі енді Китке түкке тұрғысыз бос дүние боп көрінді. Сайтан алғыр, сол бір қасіретті оқиғаны қалай ғана қаперінен шығарып алды екен? Ол жол шетінде көптің арасында тұрып, қолы дірілдеп, тіпті газет сатып алуға шамасы келмей қалды.
Алайда ақыры сатушыға таяп келіп, бір пенниді оған ұсынған кезде, өңі өрт сөндіргендей болып кетіп еді. Иә, әрине, мұнда жетіскен хабар жоқ шығар!.. Дол солай!.. "Глав-Лейндегі кісі өлімі. Сот алқасы айыпталушыны "кінәлі" деп тапты. Ол өлім жазасына бұйырылды!"
Киттің алғашқы сәтте ашу-ызасы қайнап шыға келді. Қалай ғана олар мұндай асығыс шешім шығарып үлгірген! Таңқаларлық дүние! Қайда дәлел?!. Қайда принцип!?. Сосын ауыр да болса бір ақиқатты мойындауына тура келді: ендігі жерде соттың бүкіл жұмысымен қайта танысудың да, неге мұндай шешім шығарды деп ойлаудың да түкке қажеті жоқ. Не десең де іс бітті, енді тыраштанғанмен ештеңе өзгерте алмайсың! Жағдай қиын!
Әншейінде соттан үйіне дейінгі жүретін бес-ақ минуттық жер бұған өмірінде бірінші рет соншама ұзақ көрінді.
Батыл шешімді адамдар бір істің не олай, не бұлай қисаюы жөнінде күні бұрын ойлап, бас қатырып жатпайды. Мұндай адамдардың ой-түйсігі істің нақты жағдайда немен аяқталатынын жеткілікті түрде елестетуге көп ретте қабілетсіз болып келеді. Егер айыпталушы кінәлі деп табылса, ондай жағдайда не істеу керектігін Кит осы уақытқа дейін ойлаған жоқ-ты. Тек соңғы аптада: "Егер айыпталушыны кінәлі деп тапса, бір сәрі!" деген ой басына жиі орала берген де, бұның өзі оған біртүрлі жұбаныш сияқты болған. Ал енді іс мүлде насырға шапты дейтіндей кез келгенде, бұл бұрынғы пайым-шешімдеріне қайтадан шырмалып, өзі мен інісін осы тығырықтан қалай алып шығу жөнінде тағы да сан түрлі ойдың сорабына түсіп еді. Қалай дегенмен... бұл бейбақты жазықсыздан жазықсыз дарға асады! Бұдан қашып құтылу қиын! Алайда ол өлікті тонаған бір кезбе ғой. Ал оның орнына Ларриді жазалау әділетті бола ма? Өзіңе бірінші боп қол көтерген жексұрынды өлтіру, онда да оны абайсызда өлтіру, кеңірдекті қолың тек бірер секунд қана артығырақ қысып жіберу — осы да қылмыстың көкесі ме? Бұны тіпті өлікті саналы түрде тонаған қылмыспен салыстыруға бола ма?
Өз мүддесін бәрінен де жоғары қоятын, тәртіптің, әділ соттың, белгілі бір фактінің алдында құрдай жорғалайтын адамдардың тірлігі имандық қағидалармен қоңсы қонбас иезуиттікпен ауыз жаласып кетеді.
Кит сыртқа шығуға ыңғайланып, есікке таман жақындай бергенде, оң жақтағы қабырғадан бір "таныс" бейне: "Пәлі Даррант! Боққа белшеңнен баттың! Құттықтаймын!" дегендей болды. "Мені құттықтап жатыр!" деді ол мысқылмен, есік тұтқасына қол соза беріп. Орайлы сәтті оңынан пайдаланып қалғысы келген ол Стрэнд көшесінің бойынан кэбті ұстады да, дереу Борроу-стрит бұрылысына жеткізіп салуды өтінді.
Есікті Ванда ашты да, "ой, сіз екенсіз ғой" дегендей бұған таңырқай қарады. Үстіндегі қара белдемшесі мен жұмсақтау материалдан тігілген қызыл-сары кеудешесі су жаңа сияқты көрінді. Сол толықтау, жұп-жұмыр аппақ мойны ашық, жирендеу шашы толқынданып желкесін жауып тұр.
Құлағында алтын сырға. Бұл Китке аса жағымды әсер ете қойған жоқ. Оның мөлдіреген қарақат көздері бұған әрі мөлие, әрі жалынышты қарағандай болған.
— Ал... менің інім қайда?
— Ол әлі келмей жатыр, сэр.
— Оның қайда екенін сіз де білмейсіз бе?
— Жоқ.
— Ол осында тұрып жатыр ма еді?
— Иә.
— Демек, сіз оны әлі де сүйесіз ғой?
Қыз өз сезімін сөзбен айтып жеткізе алмайтын адам сияқты үнсіз тұрып, қолдарын кеудесіне басты.
— Түсінікті, — деді Кит.
Кит онымен ең алғаш кездескен кезде де, сосын оның бөлме ортасында тізерлеп отырғанын терезе сыртынан сығалай қарап тұрғанда да өз бойынан бір нәзік қызығушылық пен аяушылық сезімін қатар аңғарып еді, міне, қазір де дәл сондай күйді кешіп тұр. Ол каминге жақындап келді де:
— Мен оны күте тұруыма болатын шығар, — деді.
— Әрине! Мархабат, отырыңыз.
Кит отырғысы келмейтінін білдіріп, бас шайқап қойды.
— Сіз оны менен алып кетесіз бе? — деді қыз тұншыға тыныстап. — Мен жалғыз қалсам, өлетін шығармын.
Кит оған шұғыл бұрылды.
— Мен керісінше... сізден оны ешкім алып қоймауын қалаймын! Мен сіздің оны сақтап қалуыңызға көмектескім келеді. Егер қажет бола қалса, кез келген уақытта кетіп қалуға сіз дайынсыз ба?
— О, иә...әрине!
— Ал Ларри?
— Ол да. Бірақ ана бір бейбақ...
— Ол бейбақ — өлексемен күнін көрген қорқаудан басқа ешкім емес! Оны ауызға алып керегі не!
Кит қаттырақ кеткенін кеш аңғарып қалды.
— Мен оны аяймын, — деді Ванда күрсініп. — Мүмкін ол аш болған шығар. Аштықтың не екенін мен жақсы білемін... Ашыққан адам не істемейді. Немесе жалғыздықтан әбден азып-тозып жүріп, өзінің не істеп қойғанын да білмей қалды ма екен?.. Өзі сүйетін, жақсы көретін ешкімі жоқ адам өте жаман боп кетеді ғой. Бейшара онда... түрмеде қалай отыр екен деп, мен оны жиі ойлаймын.
— Ал Лоренс?
— Біз екеуміз бұл жөнінде мүлде әңгіме қозғамаймыз. Бізге бұл өте қорқынышты.
— Демек, ол сізге сот болып өткенін айтпаған екен ғой?
— Сот? Жоқ, айтқан жоқ. Бәсе, кеше кешкісін бір түрлі абыржып отыр еді... Ал таңертең неге ерте тұрды десем... Сот сонда... бітіп қойғаны ма?
— Иә.
— Не шешім қабылдады?
— Кінәлі деп тапты.
Китке осы секундта Ванда есінен танып бара жатқандай көрінді: көзін жұмып, теңселіп кетіп еді. Кит оған жақындап, иығына қол салды.
— Мені тыңдап алыңыз, — деді ол. — Маған қазіргі сәтте сіздің көмегіңіз өте қажет. Ең алдымен, Лоренсті көзден таса етпеңіз. Біз уақытты босқа жібермеуіміз керек. Мен олардың ниетін біліп көрейін. Қандай жағдайда да олар оны бірден дарға асып жібермес. Маған сәл-пәл уақыт керек, түсінесіз бе? Ал сіз Лоренстің полицияға беріліп қоймауына қандайда бір кедергі жасап бағыңыз.
Кит әлі де оның иығынан ұстап, алақан астындағы жұп-жұмсақ тәннің жылуына елітіп тұр еді, ал Ванда оның бетіне әлдебір үмітпен көз салған.
— Сіз мені түсіндіңіз бе?
— Иә... Бірақ ол онда болып қойса, не істеймін?
Кит қыздың дірілдеп тұрғанын сезді. Сосын кенет басына бір ой түсе қалды: "Құдай-ау, полиция дабыл қағып, мұнда жетіп келсе... менің күнім не болады? Егер қазірдің өзінде Ларри олардың қолында болса? Ал егер кісі өлтірілген күні түнде бұған кезіккен полисмен енді үкім шығысымен бұны тағы да осы үйден көрсе?.." Ол енді түсін күрт суыта қойып:
— Сіздің Ларриге ие болатыныңызға мен сене алам ба, жоқ па? Жылдам жауап беріңіз? — деді қаталдау үнмен.
Қыз қолын кеудесіне қойып:
— Тырысып көремін, — деді бағынышты түрде.
— Егер ол ойындағысын әлі іске асырып үлгермеген болса, сіз одан енді екі көзіңізді бірдей жазбаңыз! Жалғыз ешқайда кетпесін! Мен ертең таңертең ерте келемін. Сіз католик емессіз бе, солай ма? Ендеше мен келгенше оған ие болатыныңызды білдіріп, тағзым етіңіз.
Қыз бұның тұсынан есікке қараған күйі үнсіз тұрды; Кит есік құлыбының сырт етіп, сырттан бұралғанын естіді. Артынша... қолына алқызыл лилия мен аппақ нарцис гүлін ұстап ішке Ларри кірді. Түрі қуқыл тартып, жағы суала түскен.
— Хеллоу, Кит! — деді ол ақырын ғана. Ванда Ларриден көз алар емес, ал Кит біресе оған, біресе інісіне қарап тұрып, дәл қазір өзіне өте абай болу керектігін жан-жүрегімен түсінген.
— Сен көрдің бе? — деді бұл.
Лоренс бас изеді. Қай уақытта да ішіндегісінің бәрі бетіне шыға келетін оның қазіргі түрі Китті абыржыта түсті.
— Ал не деп ойлайсың?
— Мен осылай боларын білгем.
— Іс осы қалпында қалмайды, бұл белгілі. Бірақ мен алдымен сот қағаздарымен танысуым керек, сосын не істеу керектігін ойластырып көрерміз. Ларри, түсінесің ғой, маған қазір уақыт керек!
Кит бұнысымен ол мақұлдай қоятындай сөз айтпағанын білді. Ендігі жерде жалғыз ғана амал бар — бұларды дереу аттандырып жіберуге күш салу керек, қылмыстарын өздері барып мойындауға ешқандай мүмкіндік бермеген жөн, бірақ бұны ашық айтуға батылы жетпеді.
— Сен маған өзің біліп ештеңе істемеуге, сосын ертең мен келгенше осы үйден ешқайда шықпауға уәде бересің бе, Ларри?
Лоренс тағы да бас изеді. Кит Вандаға назар аударды. Ларриді ұстап тұра ала ма екен бұл? Ол Ларриге сол қалпы көз алмай қарап тұр. Кит есікке беттеді; бұдан әрі ештеңе шығара алмасын ол түсінген еді.
— Сонымен уәдеңде тұрасың ғой? — деді бұл қайталап.
— Иә, — деп ол жымиып қойды.
Ларридің бұл жымиысы да, Ванданың көзқарасы да Китке бір түрлі түсініксіз көрінді.
— Жарайды, саған сендім, — деді де, бұл шығып кетті.
IX
Музыканың адам жүрегін жаулап алар құдіретті күшін ауыздықтау қандай қиын болса, өзіңді сүйген әйелден көңіл күйіңді жасыру да сондай қиын ғой. Ал егер әйел соншама қайғы-қасіреттен кейін бірінші рет шын махаббаттың не екенін білсе, онда оның сүйген адамы жан сырын қаншама жасырғысы келгенмен онысынан түк те шықпас еді. Мұндай әйелдің махаббат алдындағы жанкештілігі сондай, ішінен бір сырды сезіп тұрса да, оны тіпті түрінен байқатпауға шамасы жетеді.
Кит кеткен соң, Ванда әртүрлі сұрақтармен Ларридің мазасын алған жоқ, керісінше, өзінің бар шындықты біліп тұрғанын сездірмеу үшін қолдан келгеннің бәрін істеп бақты. Сосын бүкіл кеш бойы да Ларридің қандай ойға бекігенін сезсе де сезбегендей болып, өзінің де ішкі шешімін білдірмеуге тырысып, оны-мұны шаруамен үнсіз айналысып жүре берген.
Ларридің әрбір сөзі, еркелете тіл қатуы, кешкі асты бірге дайындауға ынты-шынтысымен кірісіп кетуі; әкелген гүлдері, сондай-ақ тәтті шарап ішуге бұны көндіруі, сосын осы бір бақытты минуттардың шырқын бұзар дегендей сөз атаулыдан қашқақтай беруі, борі-борі де — бұның болжамынан дөп шықты. Ол бүгін соншама көңілге бай, қалжыңға жомарт боп шыға келген! Осы кештегі әрбір сөз, әрбір сүйістің астарынан бұл соңғы сөз, соңғы сүйістің лебін сезсе де, одан өзі де қашқақтағысы келмеген, сондықтан алдағы сәттен не сезіп тұрғанын я қимылынан, я бет-жүзінен ештеңе сездірмеуге тырысты. Иә, бұл бәріне көнген, бұдан да зорғысына көнетін еді. Ларри қайта-қайта толтыра құйған шарапты бұл ішкісі келмеген, бірақ ішкен. Бұл ешқашан Лоренске қарсы келген емес.
Лоренс көп ішті. Шарап осы бір ұзаққа созылмас ләззатты сағаттың мәртебесін асырып, өзінің де рух-жігерін көтергендей еді. Бұның үстіне шарап аяушылық сезімді тұншықтыра бастаған. Лоренс бәрінен бұрын өзі мен Панданы аяудан қорқып еді.
Оның ойында әзірге бір-ақ нәрсе тұрды: осы жадау бөлменің өзі әдемі боп көрінуі үшін — мына каминдегі от та, бокалдағы қызыл-қоңыр шарап та, өлеусірей жанған шырақ пен гүлдердің сидиған сабақтары да ерекше нұрға бөленуі үшін - Ванда мен бұл, осы Ларри, биіктен, тым биіктен көріну керек. Тіпті музыка да бұлардың осы салтанатты кештеріне ерекше өң бергендей еді: қарсы беттегі үйде біреу пианинода ойнап отырған, оның жүрек қылын тартар әдемі сазы бұларды да бір тамаша күйге бөлегендей. Әуен ырғағы бірде көкке өрлеп, бірде құлдырай төмен құлап, кейде мұңлы, кейде көңілді сарынмен әлдебір сырлы әлемнің, нәрлі әлемнің төрінен үн қатқандай. Оты жылт-жылт етіп жанып тұрған камин алдында бір-бірін айқара құшақтап жатқан бұлар да сол музыка әуені секілді жұмбақ бір әлемнің қойнына шым батқандай еді.
Осы музыка аясында Ванданың ып-ыстық кеудесін алақанымен сипай жатып, Ларри құдды ауыр бір талықсудан кейін қайта ес жиғандай болды. Жоқ, керегі жоқ бұның! Тас қалай қатып жатса, бұл да солай қатуы керек, жалын қалай сөнсе, бұл да солай сөнуі керек, шекте әуен қалай дірілдеп барып тына қалса, бұл да солай тынуы керек! Ал Ванда одан көз айырар емес.
Ол бұған ұйықтауға баруын өтінген кезде сағат онға таяп қалған. Ванда қарсылықсыз жатын бөлмеге кеткенде, ол қағаз бен қалам алып, каминнің алдына барған. Осы бір тайғақ, табансыз, түкке тұрғысыз адам қазір алған бетінен қайтпады. Бұрын ол жеме-жемге келгенде, ойымнан бас тартамын, шегінермін деп ойлаушы еді, ал қазір оны әлдебір қатыгездік түпкі мақсатына қарай батыл қадам бастырған. Егер ол қылмысын мойнына алып, тірі қалса, түрмеге отырғызады; ондай жағдайда өмірдегі ең қымбаты — Вандадан айырылады, шөлде тапқан жалғыз қайнар бұлағын құмға сіңіреді. Қарғыс атсын оларды! Камин жарығымен ол ақ қағазға әдемілеп жаза бастады. Ал күңгірттеу перденің ар жағында жалғыз көйлекпен, еш суықты сезбестен Ванда тұрды одан көз айырмай.
Адам тұңғиыққа батып бара жатып, бір сәт өткендерін еске алады. Сонда ол өлім аузындағы ақын айтқандай "желмен бірге желбіреп кете барады". Енді Ларриге өз сеніміне адалдық танытатын уақыт келген еді. Адамның апталар бойы әрі-сәрі күйде жүретін кезі болады, ал сосын шегінерге жер қалмас сәт те туады бір кезде... Соттың төрт бұрышты қара қалпағы... оған таңдана қараған ақ шашты, жалба-жұлба киімді бейшара адам — жоқ, енді шегінуге болмайды!
Ларри жазуын бітіріп, каминге ұзақ қарап отырды. Шамның оты... Иә, от бір қалыпты жанып тұр, жарқ етіп жалындайтын да, жалп етіп сөнетін де түрі көрінбейді.
Ал күңгірт перденің артындағы әйел бұдан көз жазбай қарап тұрған.
Х
Кит үйіне соқпай, тура клубқа тартқан, онда қонақ бөлмесінде отырып, сот хаттамасымен танысып еді. Бұл ақымақтар істі өте күңгірт күйінде алға тартқан екен. Кит ойға шомған қалпы жұмсақ кілем үстінде сыбдырын білдірмей ары-бері ұзақ жүрді де қойды. Ол осы саланың тіс қаққан маманы ретінде қорғаушы адвокатпен сөйлесіп, соттың қате шешім шығарғанын жан-жақты дәлелдеуіне болатын еді. Олар сот үкіміне қарсы шағым-арыз жазуға тиіс, ақыр соңында тіпті кешірім жасауға өтініш білдіруге де болады. Әлі де кеш емес, тек Ларри мен Ванда күні бұрын бірнәрсеге ұрынып қалмаса болғаны.
Киттің тамақ ішуге зауқы соқпаған, бірақ түс мезгіліндегі күнделікті әдеті оны асханаға қарай еріксіз сүйрей жөнеліп еді. Ол үстел басында отырып, өзіне таныс клуб мүшелеріне тыжырына қарады. Олардың түрінен сондай бір уайымсыз, мұңсыз нышан байқалады. Неткен әділетсіздік десеңші! Кит дарын, қабілет, іскерлік жағынан олардың қай-қайсысынан да жоғары тұрғаны анық, сөйте тұра қара бұлт бұның басына ғана үйіріледі. Кешегі күні әлгі мұра мәселесіне қатысты процестен кейін бұған адвокат достары келіп, араларында бір судья да бар, бұл істі қалай әдемі алып шыққаны жөнінде небір мадақ сөздерін айтып кетіп еді. Мерейін үстем еткен сондай күннен кейін Киттің бүгін шалқайып, марқайып жүретін жөні бар-ды, бірақ амал не!.. Кит соның өзінде осы бір жарық та жылы бөлмеде, әдеппен сыздықтата сыр қозғап отырған көптің ортасында, көңіл күйін біртіндеп қалыпқа келтіріп алған. Нағыз өмір, міне, осында, ал ана бір көңілсіз оқиға — ұйтқи соққан бір сәттік ала құйын жел ғана, кір-қоқыс пен кіріптарлықты ыстық ұяңнан қалай аластатсаң, оны да салиқалы санаңнан солай аластауың керек.
Кит шампан ішіп еді — бұл оған нақты дүниені нақты көріп, елес атаулыны тек елес деп білуге көзін аша түскен. Сосын төмендегі темекі тартатын жерге түсіп, түскі астан кейін камин жанында рақаттана демалатын жұмсақ креслоның біріне отырды. Сәлден соң көзіне ұйқы тығыла бастады да, сағат он бір шамасында орнынан тұрып, үйіне қайтуға жиналған. Ол мәрмәр баспалдақпен төмен түсіп, айналмалы есіктен әрі өткен кезде, қаңтардың қақаған суығымен бірге тұла бойын тағы да үрей қарып өткен. Есіне Ларридің бетіне мұңая қарап тұрған әйелдің бет-жүзі түсе қалып еді. Неге ол солай қарады екен? Ларридің жымиысы... қолына ұстаған гүлі... Осындай сәтте гүл сатып алу! Ол әйел — оның құлы, ол не айтса — оны істейді. Демек Ларриді ұстап тұруға ол дәрменсіз. Ал мүмкін... қазір Ларри полицияға жүгіріп бара жатқан шығар.
Тонның қалтасына салған қолы кенет бір сұп-суық затты ұстап еді: кілт, бұған Ларри берген кілт. Кит бұны тіпті ұмытып та кетіпті. Енді оның кездейсоқ қолға ілігуі Киттің бағытын күрт Борроу-стритке бұрып жіберіп еді. О жаққа бармауға, жағдайды біліп қайтпауға тіпті әдісі де жоқ-ты. Қолдан келгеннің бәрін істеп бақса, құрығанда ұйқысы тыныш болады. Сойқанды көшенің бұрылысына жеткенде, жұрт аяғы басылғанша шамалы күте тұрды да, сосын жаңа ғана өзі қарғап-сілеген, соңғы күндері сондай жек көріп кеткен үйге қарай қадам басты. Сыртқы есікті сыбдырсыз ашып кірді де, оны іштен жауып алды. Сосын бөлме есігін жайлап тықылдатып еді, бірақ бірден жауап болмады. Мүмкін олар жатып үлгірген шығар? Есікті тағы да бірнеше қайтара тықылдатып көрді. Жауап болмаған соң, екінші кілтпен оны да ашып, ішке кірді. Шырақтар жанып тұр, каминде от жылт-жылт етеді: камин алдында диван жастықтары жатыр, олардың маңайы — шашылған гүл! Үстел үстінде де — гүл.. тамақтың қалдықтары. Толық жабылмаған перде саңылауынан бұл жатын бөлмеде де шырақ жанып тұрғанын көрді. Қалайша олар бәрін осылай тастап, бір жаққа кетіп қалуы мүмкін? Кетіп қалу! Бұның жүрегі зу ете түсті... Бос шөлмектер! Демек, Ларри ішкен! Бұл соншама қауіптенген жайға ол шынымен-ақ бас тіккені ме? Сонда бұл.. кісі өлтірушінің ағасы ретінде қызметінен масқара боп босап қалғаны ма? Кит алға ұмтылып барып, пердені ысырып жіберді де, ішке үңілді. Қабырға түбінде — төсек... Төсекте — екеуі... сұлық жатыр. Бұның таңданғаннан аузы ашылып қалған... бірақ, неге екені белгісіз, бір түрлі жеңілдеп те қалғандай болды. Адамдар өстіп пердені жаппай, жарықты өшірмей қалай ұйықтайды? Есіктің тықылын қойып, айқайласаң да оянатын түрлері жоқ! Масқара! Тегі екеуі де ішкен ғой! Киттің қаны бетіне шапшыған. Керемет бір іс тындырып келгендей ұйықтауларын қара! Бұл төсекке жұлқына ұмтылып келіп:
— Ларри! — деді ашумен ызбарланып. Сосын басын төсекке еңкейте түсіп:
— Ларри! — деді тағы да қатқылдау дауыспен.
Қыңқ еткен үн де, қыбыр еткен қимыл да жоқ! Бұның тынысы тарылып кеткендей болды да, інісін иығынан қыса ұстап, жұлқып-жұлқып қалды. Иығы сұп-суық екен. Еріндерін бір-біріне тақай түсіп, екеуі құшақтасқан күйі жым-жырт жатыр, кішкентай үстел үстінде жанып тұрған шырақ жарығында түрлері тым қуарып көрінеді. Киттің қатты шошығаны сондай, құлап қалмас үшін төсектің темір басынан ұстай алған. Сосын еңкейіп, саусақ ұшын сулап алды да, екеуінің ерніне тосты. Қанша мас болса да, екеуінің бірдей ес-түстерінен айырылып құлаулары мүмкін емес қой! Бұл саусақ ұшынан мысқалдай дем лебін сезбеді. Ларридің де, Ванданың да қантамырларынан лүп еткен белгі білінбейді. Тыныс та жоқ, тіршілікте жоқ! Ванданың көзі жабық. Қандай таза, қандай бейкүнә бет! Ал Ларридің көзі ашық, бейне бір Ванданың қабағына қадалып жатқандай — бірақ бұл көзде жан жоқ екенін Кит білді. Білді де өксіп-өксіп жылап жіберді. Жылап отырып, інісінің көзін жапты. Сонан соң бір қолын Ларридің маңдайына, екіншісін Ванданың қызыл-сарғыш шашына қойды, неге өйткенін өзі де білмеді.
Ақжайма сәл сырғып кетті де, қыздың иығы ашылып қалды, Кит тоңып қалмасын дегендей оны жоғары көтеріп қойды, сол сәтте жылтыраған бір металға көзі түскен: темір шынжырлы, алтын жалатылған, кішкентай ғана крестик қыздың кеудесінен сырғып барып, оның мойнына оратылып жатқан Ларридің алақанына түсті. Кит оны жайлап ақжайманың астына тыға бергенде... көрпе астына жасырған конвертті көріп қалды. Оның сыртында мынадай жазу бар екен: "Дереу полицияға тапсыруды өтінем. Лоренс Даррант". Кит конвертті қалтасына сүңгітіп жіберді. Шамадан тыс илеген қамыр сияқты осы мезетте оның ақыл-ойы, ерік-жігері, парасат-пайымы, бәрі-бәрі де былжырап шыға келген. Басында тек жалғыз-ақ ой тұрды: "Мен бұл туралы ештеңе білмеуге тиіспін. Жылдам кетуім керек!" Осыны ойлауы мұң екен, аяғының өзі сыртқа безектей жөнелді.
Кит содан үйге жеткенше не туралы ойлағанын өзі де білмейді. Тек кабинетіне кіргенде ғана аздап ес жиғандай болды. Қолы дірілдей отырып, стақанға виски құйды да, ішіп салды. Егер бүгін кездейсоқ Борроу-стритке барып қалмаса, хатты үй сыпырушы тауып алып, оны шұғыл полицияға тапсыра салатын еді! Кит қалтасынан конвертті шығарды. Мұнда не жазылғанын бұның білуге хақы бар, сөзсіз хақы бар! Ол конвертті ашып, оқи бастады.
"Мен Лоренс Даррант, өз қолыммен өзімді өлтірер алдында мынаны мәлімдеймін, бұл хат — менің барлық шындығым әрі толық мойындауым. Өткен жылы 27 қараша күні түнде, кейін "Глав-Лейндегі кісі өлімі" деген атпен әйгілі болған кісі өлтіру оқиғасын мен жасадым..."
Хат сөзі өстіп басталып, соңы былай аяқталыпты: "Біз өлгіміз келмейді, бірақ бізге тірідей айырылысу - өлгеннен де жаман, ал мен, өзім жасаған қылмыс үшін жазықсыз біреудің дарға асылғанын қаламаймын, маған енді өлуден басқа жол жоқ. Біздің мәйітімізді кесіп-жармауды өтінем. Біз ішкен удың қалдығы үстелде жатыр. Бізді бір қабірге жерлеуді сұраймын.
Лоренс Даррант,
28 қаңтар, кешкі сағат он шамасы".
Сағат сыртылдап тұр: терезе алдындағы ағаштар желмен бірге уілдеп, бебеу қағады; каминде от жалаң қағып жанып жатыр. Ал Кит хатты қолына ұстаған күйі тастай қатып, сіресіп тұр. Сосын не заматта орындыққа отырып, хатты қайта оқуға кіріскен.
Бәрі де Ларридің бұған айтқанындай, ештеңе қоспаған, ештеңені ойдан құрамаған: Уоленнің бұрынғы әйелі немесе ашынасы болған әйелді танитын кейбір адамдардың аты-жөніне дейін көрсетілген. Хат сенімді! Иә! Өте сенімді!
Киттің қолынан қағаз құлап түсті. Бұл оқиғадан туар сұмдық ой бұның басына енді ғана келген: аяқ астындағы ақ қағазда я өлім, я өмір күтіп отырған тағы бір адамның тағдыры тапталып жатыр еді. Кит бұл мойындау хатты сол бейбақтың да тағдырын өз мойнына алып тұрғанын түсінді; сонымен қатар ол өз абырой-беделіне нұқсан келтірмей, өз басын қауіп пен қатерге тікпей о байғұсты аман алып қалу мүмкін еместігін және түсінді. Егер хат билік қолына түсе қалса, ондай жағдайда олар: екі айдан бері бүл оқиғаны ол қалай білмейді деп, шындап күдіктенуі әбден мүмкін. Сосын тағы да тергеу-тексеру басталады, Кит куәгер ретінде сөйлейді; ал ана полисмен бұны алдымен мәйіт жатқан арка түбінен, сосын келесі күні әйелдің үйі жанынан көргенін айтады. Кісі өлтірушінің ағасына қатысты бұл фактілердің бәрі кездейсоқтық дегенге кім сенеді? Ал тіпті бұл күдіктерді былай қойғанда, "Даррант" деген аты-жөнге байланысты атышулы оқиғаның өзі қандай былғанышты десеңші — ол бұның қызметтегі даңғыл жолына тосқауыл болады, өзінің де, қызының да аппақ арына кір келтіреді. Ларри мен Ванданың өзін-өзі өлтіруі, әрине, жайсыз әңгімеге біраз тамыздық болады, бірақ одан келер бәле жоқ. Мұндай өлімде әлдебір романтикалық сыр жататыны белгілі, әрі кеткенде Китке біреулер көңіл айтар, шын жанашырлықпен достары қайғысына ортақтасар... Әрі-беріден соң... осы оқиғаның ізін жым-жылас жоқ қып жіберуге де болады. Ал егер хатты полицияға апарып берсе, ештеңені жасырып қалу мүмкін емес, ол туралы көрінген адам көшеде айқайлап тұратыны анық. Кит креслодан тұрып, ойын жинақтап алу үшін бөлмеде ары-бері жүре бастады. Көз алдынан әр түрлі көріністер көше берген: күн сайын бұның мантиясы мен паригін алып беріп тұратын қызметші жігіт бұған енді мысқылмен, ащы кекесінмен қарайды; "Әке, менің не жазығым бар?" дегендей, қызының ерні бұртиып, көзі боталап тұрғандай көрінеді... Елестер... Тағы да елестер: өлген әйелдің иығында жылт-жылт еткен алтын жалатылған крестик... Інісінің ашық қалған көздері... Оны жауып жатқан бұның бас бармағы мен сұқ саусағы... Сосын көшеде ары-бері ағылып жатқан адамдар — бәрі де бұған сұқтана, тесіле көз салады. Кит бөлме ортасында кілт тоқтай қалды да, дауыстап тұрып: "Түкірдім елдің сөзіне де, көзіне де! Көп болса бірер апта өсектейді де, қояды!" деді. Мойындау хат бұның қолында тұр, оны не істеймін десе де, өзі біледі! Әрі-беріден соң бәрін жасырғаны үшін бұл жазықты ма? Бірге туған інісі үшін адам не істемейді?! Ендеше бұған қысылатын түк те жоқ. Кит жерде жатқан хатты ептеп көтеріп алды. Бірақ... кенет көз алдына бір құшақ газетті көтеріп алып, көшені басына көтере айқайлап келе жатқан біреулер елестей қалды: "Жаңалық!.. Жаңалық... Глав-Лейндегі кісі өлімі! Мойындау және белгілі корольдік адвокат інісінің өзін-өзі өлтіруі... Кісі өлтіру және өзін-өзі өлтіру!.. Жаңалық!.." Қалайша бұл жұртты өстіп шулатып, табалатып қояды! Қалайша жаманшылық жасап қоймаған бұл інісінің рухын, шешесінің аруағын қорлатуға тиіс? Қалайша бұл сүйікті қызының өмірін қор етіп, өзінің жарқын болашағына балта шабады? Осының бәрі де қайдағы бір кір-қоқысты тіміскілеп жүрген қайыршы үшін бе! Егер қажет болса, ассын оны дарға. Ал, мүмкін оны аспайтын да шығар дарға. Шағым-арыз жазуға немесе кешірім өтінуге де болады! Иә, оны құтқару керек, жоқ, құтқару қажет оны! Құдай-ау, осыншама құрдымға бату, осының бәрін бастан кешіру, өз қолыңмен өзіңді-өзің тұншықтыру — неткен сұмдық!
Кит каминге тақап келіп, хатты жайнап жатқан қып-қызыл шоққа тастай салды. Оның сұсты жүзіне бір жымысқы күлкі жайлап жайылып бара жатты, оттағы қағаз бетіне де қып-қызыл жалын жайыла түскен. Сосын ол қара көмірге айналған қағазды оттан ептеп суырып алып, табанына басты. Бас, бас! Тапта адамның өмірін! Бітті! Жанып болды! Бұдан әрі күмән жоқ. Жанды жеген уайым да, үрей де бітті енді осымен! Жанып бітті бәрі де! Адам...жазықсыз... Жоқ, өлексемен күн көрген бұралқы! Кит камин жанынан шегініп кетті. Қос қолымен қапсыра басын ұстады. Неткен ыстық еді!
Сонымен, бәрі де бітті! Тек жігерсіз, ақылсыз, ақымақ адам ғана істеген ісіне өкінеді. Кенет ол күліп жіберді. Демек, Ларридің босқа өлгені ғой! Онда не жігер, не қайрат, не мақсат деген болған жоқ, енді, міне, өлді де қалды! Оны мен ана қыз осы бір суық түнде өліп жатқанша әлдебір алыс жерде махаббаттың бал шырынын татып, тып-тыныш, рақат өмір сүрулеріне әбден болатын еді. Ақымақтар мен әлсіздер өстіп, міне, өкініштің құрбаны, ар-ұяттың садақасы боп кете барады. Ал рухы мықтылар басына қандай қара бұлт үйірілсе де, мақсат жолында қашан да нық қадам басады.
Кит терезеге келіп, пердені көтерді. Не анау? Дар ағашта салбырап тұрған өлік пе? Жо-жоқ, бұл жай ғана ағаш қой... Қара ағаш... Ағаштардың қыстағы қаңқасы да. Ол терезеден бұрылып келіп, камин жанындағы креслоға отырды. Шамның болымсыз жарығы, от алдындағы бұның креслосы — бәрі-бәрі де бұдан екі ай бұрын Ларри келген күнгі кештегідей... Жоқ, жоқ! Ол келген жоқ! Бұл әншейін сандырақ. Оны өңінде емес, түсінде көрген. Басының күйіп тұрғанын қарашы! Кит орнынан атып тұрып, үстелде тұрған күнтізбеге қарады. "28 қаңтар". Жоқ, бүл түсі емес! Түрі күреңітіп, сұстана қалды. Алға! Ларри сияқты артқа емес! Тек қана алға!
Орыс тілінен аударған Д. Әшімханұлы