Nur Otan партиясының төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев партияластарына жауапкершілікті еске салды.“...
Ақтөбеде ғұн дәуірінде жерленген «алтын адам» табылды
Ақтөбеде сары түсті металл әшекейлермен әспеттелген ғұн дәуірінде жерленген жауынгер мен оның мінген аты табылды
Ақтөбе қаласы маңындағы Қурайлы ауылында карьерден бағалы жәдігер табылды. Құм қазып жүрген жұмысшылар кенет адамның басы домалап түскенін, кейін алтын түсті бұйымдар төгілгенін айтады. «Карьерде қазба жұмыстары жүргізіліп жатқан кезде тиегіштен адам сүйегі құлап түсті. Сол кезде тиегіштегі құмды төгіп тастадық. Адамның бас сүйегі табылып, кейін әшекей бұйымдардың бөлшектері төгілді. Біз дереу жұмысты тоқтатып, әкімдікке хабар бердік. Олар келіп, археологтар қазба жұмыстарын жүргізді», - деді карьер иесі Данат Бақыт. Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Мейрам Нұрланұлының айтуынша, ғұн дәуірінің жауынгері жерленген жер 3 маусым күні табылып, жан-жағы түгел қоршауға алынған.
«Ақтөбекристаллсу» компаниясына тиесілі жерде құм алу жұмыстары жүргізіліп жатқан. Сол кезде ежегі қабір табылып, жедел хабар түсті. Жергілікті полиция бөлімі мен әкімшілік өкілдері келіп, облыстық музей қызметкерлерін шақырды. Археологтар қазба жұмыстарын жүргізген соң біздің заманымызға дейінгі ІІ-ІV ғасырларға жататын зират екенін анықтады. Ол жерге беделді адамның жерленгенін айтуға болады. Адамның сүйегі жатқан жерде бағалы металдан жасалған бұйымдар бар. Аттың ерін сары түсті металдан әшекейлеген. Бас киімі немесе киімі де сары түсті металмен көмкерілген. Қазір бәрін жинап алып, музейдің қорына сақтап отырмыз. Тіркеу жүргізіліп, қалпына келтіру басталады», - деді музей директоры Мейрам Нұрланұлы.
Бұл Ақтөбе өңірі үшін құнды жәдігер. Себебі, бұған дейін ғұн дәуірінің құнды жәдігерлері мүлде табылмаған. «Өкініштісі - жер қазу кезінде оның бастапқы қалпы бұзылды. Енді толық қалтына келтіру қиынға соғады. Металдың сырт кейпі сары, алтынға ұқсайды. Салмағын да айта алмаймыз. Алматыдағы сынама жасау лабораториясына жібереміз, бәрі сол кезде белгілі болады. Ал ғұн дәуірі деп атауымызға полихромдық стиль себеп болды. Яғни, металл мен бағалы тастарды жапсырып, инкрустация жасаған екен. Сонымен қатар, аттың ерінің ең алғаш жасалып, пайдаланылған кезеңі ғұн дәуірі болып саналады. Ескерткіштің байқалмауының бір себебі бар. Сол кезеңде бейітті тонап кетпес үшін жасырын жерлеген», - деді Мейрам Дүйсенғали.
Бұл аумақтан тек жауынгердің, оның аты мен әбзелдері, әшекейі ғана табылды. Археологтар аумақты түгел қарап шыққанымен, өзге ештеңе көзге ілікпеді. «Теріден жасалған белбеудің күміс түстес басы, сүйектен жасалған қылыштың бір бөлшегі, бағалы тастар, қоладан жасалған ат әбзелдері мен сары металл түстес әшекейлер бар», - деді Мейрам Дүйсенғали. Табылған құнды жәдігер алдағы уақытта жаңа музейдің алтын немесе бағалы металдар залына қойылады.