«Тұранның билері бар Тарағайдай,Сол биден Темір туған от боп ойнай.От шашып жер жүзіне Ақсақ Т...
Қалбан Ынтыханұлы. Қаңлы биі
Ұлы Жібек жолы тек сауда жолы ғана емес, ол – мәдениет керуендерінің ұлы жолы. Жібек жолы арқылы түрлі мәдениеттердің шартарапқа таралғанын күллі әлем растайды. Қытайға Орта Азиядан жеткен мәдениеттердің санын санап, түсін түстеп шығудың өзіне қаншама жыл қажет.
Қараңыз, будданы Қытайға ортаазиялықтар апарды, Исламды Қытайға ортаазиялықтар апарды, мүсіншілік, бишілік, күйшілік өнерінің кей түрлерін де Қытайға ортаазиялықтар апарған-ды. Қытайдың Таң патшалығы тұсында ортаазиялықтардың қаңлы биі Қытайға таралып, ху биі немесе қаңлы биі деген атпен тарихқа таңбаланып, естен кетпестей із қалдырыпты. Сөзімізге дәлел ретінде Таң елінің алпауыт ақыны Бай Жүйидің (Бо Цзюйи) мына бір өлеңін қазақшалап, оның мағынасы мен тарихын тарқатып көрсек деген бекімге келдік.
Өлеңді аса көркем деңгейде аударуға болар, бірақ оның кей тұстарын анық көрсетіп шығу тым қиынға түседі. Өлеңдегі тарихи шындықты ашу үшін оның көркемдігіне қарағанда, түпнұсқалық мәнін басты орынға қойып, ойды тура жеткізу жағына баса назар аударылды. Таң өлеңдерінің көркемдігінде шек жоқ, қытай ақындарынан әлі күнге дейін ол деңгейге жеткен тағы ешкім жоқ. Осыдан-ақ поэзиялық шығармаларды аударудың қаншалықты қиын екенін түсінуге болады. Өлеңнен эстетикалық ләззат алу үшін өлең қай тілде болса сол тілде оқылғаны тіптен жақсы. Біз осы мақаланың мазмұнын ашу үшін өлеңге тек мағыналық аударма жасадық.
«Худың биші қызы» атты өлеңнің мәтіні
Биші қыз, биші қыз, худың биін билеген, Құлағын ішекке тігіп, қолы дұмбақпен иілген. Қағылса дұмбақ, шертілсе ішек, жеңі байрақ желбіреген, Шыр көбелек айналса, бейне ақ қар желге үйірілген. Айналсын оңға, зырласын солға - бәрібір жалықпас, Жүз, мейлі мың рет зырласын, ешқашан талықпас. Жаратылыс болғанменен мың түрлі, оған әсте тең келмес, Зырлаған доңғалақ, ұшқан құйын да ілесе алмас оған, сірә. Күй тоқтаса, шорт тоқтап, ханға сәлем жасайды, Ханымыз сонда отырар, есі шығып ыржиып. Ху биін билеген қыздың тегі қаңлыдан, Келіп еді шығысқа талмай асып сан қырдан. Тұниязда көп адам билесе де ху биін, Амал не, сендей болу оларға тым қиын. Тянбаудың соңы болғанда, заман сонша бұзылды, Орда ішіндегі бекзаттар ху биін үйреніп, қызынды. Орданың сыртында Тайжын, ішінде Лушан бар, Жұрттан озып, екеуі де мықты биші болғандар. Яңгуифи би билеп, ән салып, өнер қуған, Өнерін хан көріп, ордаға қошеметтеп ханым қойған. Биші Лушан биін билеп хан көзін байлады, Қалың қол Хуаңхыдан өтсе де, ханымыз секем алмады. Би билеп, ән шырқап, ханға жаққан анау ерке ханым, Қашып жүріп опат болғанда, хан қайғырды соншама. Осындай аспан құлап, жер аударылған қасіретті заман болды, Би келгенге елу жыл болса да, әлі тоқтар түрі жоқ-ты. Биші қыз, билемеші құр, өлеңімді мына жазған, Ханымызға жеткізші, сабақ алсын өткеннен.
Бай Жүйи – ежелгі Таң династиясының аса көрнекті реалист ақыны. Либай, Дуфулармен аты қатар аталатын таң дәуірі әдебиетіндегі үш алыптың бірі. Жас шағында патша ордасында қызмет еткен, кейін қарапайым халық жағына шығып, шындықты шығармасына арқау қылды, соңғы өмірі кедейшілікпен өткен. Шығармаларының көбі халықтың мұң-зарын айтуға арналғандықтан, «зарлы ақын» деген аты да бар. Әйгілі поэмасы «Ұзақ күрсіну», атақты толғауы «Пипа жыры» сынды 2700-ден астам шығармасы қазірге дейін сақталып келді. Оның «Худың биші қызы» атты өлеңі - кезіндегі нақты болған тарихи шындықтан туған тарихи шығарма.
Қаңлы биі
Ертедегі Ұлы Тұран даласында жаһұттай жайнаған жүздеген шаһар, мыңдаған елді мекеннің болғанын қарт тарих растайды. Сол тұста, осы өңірде би өнерінің дамығаны соншалық, сонау шығыстағы қытайлықтарды таң-тамаша етіп, тамсандырғаны бар.
Би демекші, ол – түркі халықтарының ежелден бар сахналық өнері. Түп-тамыры тереңде, өте ерте замандарда шамандық бақсылардың діни рәсімдерінен қалыптасқан дейтін тұжырымдар көп айтылып жүр. Қазақ даласының тау-тастарындағы жартас беттерінен кездесетін, ежелгі адамдардың тұрмыс-тіршілігін бейнелейтін петроглифтер сан-санақсыз. Сондай жартас суреттерінен бірден көзге басылатыны билеп тұрған адамдар сұлбасы. Сол жартас беттерінде билеп тұрған адам сұлбасы біздің ата-бабаларымыздан қалған із. Сондықтан түркі халықтарында би өнерінің тарихы өте әріден басталатындығына ешкімнің шек келтірмесі хақ.
Түркінің бір бұтағы – қазақ. Оның тарихы ежелгі үйсін, сақ, ғұн, қаңлы сияқты ұлыстар мен тайпалардан бастау алады. Ежелгі қаңлылардың шаруашылықтарының шалқуына байланысты олардың ән-күй, музыка, би өнері жақсы дамытылған. Соған орай олардың күй өнері мен би өнері шығыстағы Қытайға дейін жетіп, жалғасқан, тіпті одан әрі қарай дамытылған.
Өлеңдегі «Ху биін билеген қыздың тегі қаңлыдан, Келіп еді шығысқа, талмай асып сан қырдан» деген жолдардан шығармаға арқау болған биші қыздың қайдан келгендігі бірден анық айтылып тұр. Осындағы қаңлы деп отырғаны ежелгі заманғы Қаңлы мемлекеті. Ол мемлекеттің сол замандағы орны Сырдарияның солтүстігіндегі Тұранның кең-байтақ ырысты өлкесі еді. Қаңлылар Қытай жылнамаларында б.з.б ІІІ-IV ғасырлардан бастап кездеседі. Бұл туралы өткен жолғы «Egemen Qazaqstan» газетінде жариялаған «Ежелгі қаңлылар Хань ағаш жазуларында хатқа түскен» атты мақаламызда айтқан болатынбыз. Қаңлылар көп деректерде Сырдарияның батыс ағысы төңірегіне қарай орналасқан мемлекет деп көрсетіледі. Чиң хандығының атақты тарихшысы Вейюан деген кісі өзінің «Шың-у жазбалары» атты кітабында ежелгі Қаңлы мемлекетінің орнын Сырдарияның солтүстігіндегі кең алқап деген. Оның бүгінгі Қазақстанның оңтүстігі екендігіне көз жеткіземіз. Сонымен бірге сол тұста қытайлар Қаңлы мемлекетінің атауы мен сондағы халықты тек бір ғана қаңлы атауымен атаған. Кейін Қаңлы мемлекеті құлағанымен, «қаңлы ұлты немесе қаңлы әулетінен» деген атаулар Қытай деректерінен көптеп кездеседі. Қаңлы қазақты құрайтын Ұлы жүздің ішіндегі үлкен тайпа, ежелден Сырдарияның солтүстік жақ алқабын мекен етіп келеді. Сондай деректерге негізделер болсақ, ежелгі Қаңлы мемлекеті мен Қытай елі арасындағы қарым-қатынастар сандаған ғасыр бойы жалғасын тапқан. Өте-мөте Жібек жолының дамытылуына ежелгі қаңлылардың қосқан үлесі зор деп есептеуге болады.
Таң династиясы тұсында Қытайға батыстан көптеген би түрлері енгізілген. Соның бірі - осы шыр көбелек биі, биді көбінде қыздар билеген. Бұлардан басқа да бірнеше би түрі Батыс Аймақтан Қытайға кіріп, бәрі де «ху биі» деп аталған. Сол замандардан қалған Қытай жазбаларында осы би «Қаңлы биі» ( каңчүй у) деп те хатталған, сондықтан өлеңнің тақырыбын Қаңлы биі деп атасақ, орынды деп есептейміз.
Ежелгі Қытайдың Таң жылнамасына жататын «Көне таңнамада» «Кайюанның алғашқы жылы (713 жыл) патша ордасына қаңлы елінің елшілері келіп патшаға өз құрметтерін көрсетті және тарту-таралғыларын жасады, тарту таралғылармен бірге ордаға ху биін билейтін биші қыздар әкелді» деп хатталған. Осы дерек бойынша қаңлының биші қызы сол замандағы дипломатиялық байланыстарға сай Таң ордасына арнайы орналастырылған. Сондықтан олар жай қыздар емес, ордада құрметке ие болған ерен өнер иесі. Олардың өнерінің ерекше болғаны сонша, қара халықтан тартып патшаға дейін таңдай қағысып тамашалаған. Мұны өлеңдегі «Күй тоқтаса шорт тоқтап ханға сәлем жасайды, Ханымыз сонда отырар есі шығып ыржиып» деген өлең жолдарынан байқауға болады. Сонымен бірге Тянбаудың заманында қаңлы биі Таң елінің ордасы Чаңән қаласына тарап, бүгінгі заманның тілімен айтқанда, хит болады. Мұны өлеңдегі «Тянбаудың соңы болғанда заман сонша бұзылды Орда ішіндегі бекзаттар ху биін үйреніп қызынды» деген жолдардан байқауға болады. Ондай болса би несімен тартымды? Ежелгі Қытайдың Таң жылнамасына жататын «Көне таңнама. Ән-күй тарихында» (жиу таң шу): «Қаңлы өнерпаздары бастарына жібек орамал тағып, судырақ жібектен зерлі жағалы ұзын киім киеді. Бишілері зерлі жағалы ұзын жібек көйлек, бұтына ақшағыл жұқа шалбар, аяғына қызыл етік киеді. Олар шыркөбелек айналып билегенде, құдды құйын сияқты болып кетеді, бұл би худың шыркөбелек биі деп аталады. Биді екі кісі билейді, бір кісі үлкен барабанды, бір кісі кіші барабанды ұрады, екі кісі сыбызғы тартып, бір кісі жез барабан қағады» деп жазылған. Бұлай жазылудың себебі де бар. Олай дейтініміз қаңлы ән-биі кезінде қытайдың ән-биіндегі бір түрі болып қалыптасқан еді. Осы сөзімізге тағы дәлел ретінде қаңлы биі тек жазба деректерде сақталып қоймай, Қытай жеріндегі әйгілі мәдениет орталықтарындағы қабырға суреттерде сақталғандығын айтар едік. Сан ғасырдың алдында салынған сол бір сурет мың жылдың алдында болған жағдайды тап кеше болғандай көрсетіп тұр. Ол сурет қазіргі кезде «әлем мәдениетінің асыл қазынасы» аталатын Дұнхаң Могау үңгірлеріндегі нөмірі 220 тас (суретте) үңгірдің қабырғасында тұр. Дұнхаң және Могау үңгірлерін бұл арада таныстырып отырмаймыз, ол туралы өткенде Могау үңгірлерінің құпиялықтарын таныстырған тұста айтқан болатынбыз. Осы бір ғажайып суреттен біз ежелгі қаңлы биінің шын көрінісін көзімізбен көре аламыз.
Ақын өлеңде қаңлы биін билеген биші қыздың өнеріне ерекше тәнті бола отырып, оның қимылын өте жоғары өредегі көркемдік әдістерімен суреттеген. Алайда ақынның негізгі айтпақ ойы ол емес-ті. Ақынның өлеңдегі жеткізбекші болған өзекті идеясы – шеттен кірген мәдениеттерге абайлап қарап, одан сақтануды, шеттің дүниесіне арбалып жүріп өз жағдайын ұмытып кетпеу керектігін ел билеген бекзаттарға ұғындыру. Ақынның бұлай айтуына үлкен тарихи оқиға себеп болған.
Өлеңде «Қалың қол Хуаңхыдан өтсе де ханымыз секем алмады» деген өлең жолдары кездеседі. Мұнда, 755 жылы Әнлушан Южоуда бүлік шығарып, қалың қолды Таң ордасына аттандырады. Әнлушанның атты әсерлері Хуаңхыдан өткені туралы патшаға хабар жетеді, алайда патша оған сенбей, күндегісіндей бишілерін билетіп, жайбарақат отыра бергені айтылып отыр. Ондағы себеп Әнлушанның Лилоңжи патшаның сеніміне әбден кіріп алғандығы. Әнлушан патшаға екі ісімен жаққан, бірінші ол осы ху биін билеуде шебер болғандығы үшін, өйткені патша ху биіне өте қызығып, оны үздік тамашалайтындығында; екінші патшаның ерке ханшайымы Яң Гүифи да сол бидің шебері болғандықтан Әнлушан оған өгей бала болып алған. Осы себептерге байланысты патша оны өзіне қарсы шығады деп ешқашан ойламаған. Өлеңдегі «Орданың сыртында Тайжын, ішінде Лушан бар, Жұрттан озып екеуі де мықты биші болғандар» деген жолдар соны меңзейді. Өлеңді шығарған ақынның ойы бойынша барлығы бидің кесірінен болды, би болмаса Әнлушан болмас еді, Әнлушан болмаса бүлік туылмас еді демекші.
Өлеңдегі «Би келгенге елу жыл болса да әлі тоқтар түрі жоқ» деген жолда ақын қаңлы биінің Таң еліне жаппай таралғаны, патша ел жағдайымен санаспай би билетумен күнін өткізгенін, соның кесірінен мемлекеттен айырылып қала жаздағанын еске сала келіп, сол кезден осы өлең шыққанға дейін 50 жылдан асса да сол тұстағы патшаның өткеннен сабақ алмай тағы да қаңлы биін билетіп, қызық қуып жүргенін сынаған.
Өлеңнен білетініміз Ұлы Жібек жолы арқылы біздің мекеннен қаншама мәдениеттердің сан қырды асып, шартарапқа таралғанын көз алдыға елестетеміз. Ежелгі қаңлы биі, әне, соның бір айғағы.
Жазушы, деректанушы