Тотаритарлық жүйедегі Кеңес одағы тұсында Қытаймен болған екі арадағы келеңсіздіктерге байланысты еж...
Талғат Молдабай. Түрік бітіг жазуы – бабалардың мәдениет жетістігі
Биыл әрісі күллі түркінің, берісі қазақтың тарихында алтын әріптермен жазылатын оқиғалардың атаулы күндері аз емес. Білге қаған, Қожа Ахмет Ясауи, Бейбарыс сұлтан қатарлы тұлғалардың мерейтойлы жылы. Сонымен қатар бұдан 130 жыл бұрын көне түркі жазуы ресми түрде оқылды. Сөйтіп, Ұлы дала көшпенділері жазуы бар санаулы қауымның бірі екені әлемге паш етілді. Ұмыт болған өз жазуымызды өзімізбен қайта қауыштырған дат ғалымы Вильгельм Томсен еді.
Жалпы, көне түркі жазуын біздің халық қай дәуірде ұмытқаны нақты белгісіз. Кейбір ғалымдар түрік бітіг жазуын Алтын Орданы Өзбек хан билеген тұста қолданғандар болғанын алға тартады. Шамасы көне жазуды алмастыратын өзге әліпбилермен танысқандықтан шығар, түркілер бітіг жазуын тез ұмытқан сыңайлы. Тіпті, әйгілі Шыңғыс хан дәуірінде де түркі тілдес тайпалардың түрлі жазуы болғаны белгілі. Бірақ қалай болғанда да түрік бітігі түркі халықтарының төл жазуы еді. Әрі әлемде өзінің төл жазуы бар халық көп емес. Ең қызығы, арада жылдар өткенде өз жазуымызды өзгелер зерттеп, әлемге таныстырды.
Жазу – мәдениет жетістігі
Жазу – халықтың тілі мен тарихын, танымы мен құндылықтарын, өткені мен бүгінін келер ұрпаққа жеткізетін сөз маржандарын әрлеген тілдік таңбалар жиынтығы, мәдениет жетістігінің биік өлшемі. Адамзат тарихында жазудың пайда болуы мен оның дамуы жолдары ұзақ дәуірлерді қамтыған, бірнеше кезеңдерден тұратын күрделі процесс. Бұл жазу үлгілерінің кезеңдері фразограммалар, пиктограммалар, логограммалар, идеограммалар деп аталды. Осылардың қатарында бейнелер немесе белгілер арқылы ақпаратты толық жеткізетін жазудың ең алғашқы түрін – «фразограмма» деп атаған. Бұл терминді алғаш рет америкалық тарихшы И.Гельб енгізген болатын. Аталған зерттеушіден басқа жазу тарихына қатысты Д.Дрингер, Э.Добльхофер, Х.Енсен, В.Истрин, М.Коэн, Ч.Лоукотки, И.Фридрих, В.Струв, И.Дьяконов секілді ғалымдар да зор үлес қосты.
Кіші Азиядағы Месапотомияда қалыптасқан Арамей жазуы қазір Еуропа мен Азияда қолданылып жүрген көптеген жазулардың «арғы атасы» болып саналады. Сол себепті ғалымдар Азияда қалыптасқан дала көшпелілерінің жазуын осы Арамей жазуынан тарқатуға тырысады. Осы дала көшпенділерінің жазуын ғалымдар алғашында «түрік руникасы» атаса, кейін «түрік бітіг жазуы» деп жүр. Біз де аталарымыздың өздері жазып қалдырған мәтіндердегі атауы негізінде «Бітіг жазуы» дегенді ұстанамыз.
Көне түрік бітіг жазуы оңнан солға қарай жазылатын, қатты денеге сызып жазуға ыңғайлы қырлы жазу түрі. Көне түрік бітіг жазуында 39 әліпби (кейбір аймақтық ерешеліктерге байланысты қалыптасқан лигатуралық таңбалар негізінде саны 41 дейін шығады) таңбасы бар.
Көне түрік бітіг жазуы – көшпенділердің төл туындысы. Оны түрік бітіг жазуының кілтін тапқан В.Томсеннің өзі де: «...Түрік руникасы Арамей жазуынан әсерленген туынды. Бірақ кейбір таңбалардың болмысы көне түріктердің өздерінікі екені еш күмәнсіз...» деп атап өткен болатын. Көне түрік бітіг жазуы құрылымы дала көшпелілерінің тілдік ерекшелігінің айнасы іспетті. Үндесім ерекшелігі үндесім дауыссыздары деп аталатын 10 фонема (дыбыс) 20 графемамен (жазу таңбасы) берілген. Бұндай ерекшелік көне түрік бітіг жазуына ғана тән. Бұл – бітіг жазуының дала көшпелілерінің өз туындысы екендігінің айғағы.
Алдымен өзгеге теліп еді
Негізі, түрік бітіг жазуын зерттеуге Ресей империясының Сібір мен Орталық Азияны қол астына қаратуы ықпал еткен еді. ХVIII ғасырдың басында ресейліктердің қолына түсіп, Сібірге жер аударылған швед офицері Филлип-Йоган Страленберг алғаш рет осы жазуды сипаттап жазды. Ол Сібірде кездескен жазулардың өз еліндегі руника (сырлы жазу) деп аталатын жазуларға ұқсастығын байқаған. Әрі сол дәуірде ғылымда кеңінен тараған фин-угор халықтарының Сібірден көшіп келгендігі жөніндегі көзқарастарға сәйкес швед офицері жазуды өз аталарының мұрасы болуы мүмкін деп бағалады. Сөйтіп, жазуға «Түркі руникасы» деген атау берілді. Көне түрік бітіг жазуларын зерттеуде елеулі үлес қосқан «Фин-Угор қоғамының» да құрылуында осы көзқарастар себеп болыпты. Кейін жазуды оқуға талпығандар аз болған жоқ. Тек 1893 жылдың 25 қарашасында әйгілі дат ғалымы Вильгельм Томсен көне түрік бітіг жазуының кілтін тауып, оны сол жылдың 15 желтоқсан күні Данияның Корольдік Ғылым Академиясы Президиумында жариялайды. Осылайша, көне түрік бітіг жазуына қатысты ғылыми ортадағы талас-тартысқа нүкте қойылып, жазудың ақы иесі түркі халықтары екені дәлелденді. Содан бері түрік бітіг жазуында жазылған көптеген мәтіндер зерттеліп, түрлі тілдерге аударылды. Қазақ қоғамы да С.Аманжолов, М.Жолдасбеков, Қ.Сартқожаұлы тәрізді ғалымдар еңбегінің нәтижесінде әйгілі Тоныкөкке, Білге қаған мен Күлтегінге арналған жыр мәтіндерімен танысты. Олардан бөлек көпшілікке беймәлім, ғылыми ортада ғана атнымал көптеген мәтіндер, ескерткіштер бар.
Көшпенділер мыңдаған жыл бұрын жазу пайдаланған
Әдетте, ғалымдар дала көшпенділерінің қолданған бітіг жазуын қолданылу кезеңдеріне байланысты екіге бөліп қарастырамыз. Біріншісі, «бітіг іспетті жазу» деп аталса, екіншісін «Түрік бітіг жазуы» деп атайды.
Бұлай қарастыру ғалымдардың зерттеу жұмыстарына ыңғайлы болу үшін жасалған. Себебі Түрік қағанатына дейінгі кезеңдерге тиесілі бітіг жазулы мәтіндердің аздығы мен бұл екі кезең аралығындағы үлкен хронологиялық үзік зерттеуге кедергі келтіреді. Жалпы, ерте кезеңдердегі адамдар жазу-сызуды тылсым дүние ретінде қабылдап, бертінге дейін белгілі бір топтың (дін адамдарының, сарай қызметкерлерінің, т.с.с.) ықпалында қолданылып келгендігі анық. Бұл жағдай жазудың кең көлемде қолданылуына кері әсерін тигізгені белгілі. Бұл сол кезеңдегі жазба ескерткіштердің аздығын түсіндірсе керек. Ия, жазу сызудың қажеттілігін тудыратын бірнеше себептерді білеміз. Олардың басында дін, сауда саттық, жетілдірілген мемлекеттік жүйе (салық жүйесін тіркеуге байланысты) тұр.
Бітіг іспетті жазу түрінің ең жарқын мысалы – Есік қорғанынан табылған күміс тостағандағы жазу. Қазірге дейін бұл жазуды жиырмаға жуық ғалым өз бетінше оқуға тырысты. Олардың қатарында К.Ақышев, О.Сүлейменов, А.Аманжолов, Б.Төлешов қатарлы отандық ғалымдар, ресейлік түрколог А.Лившиц пен әзербайжан ғалымы Ж.Гасанов тәрізді зерттеушілер бар. Бұл жазудың оқылуындағы негізгі қиындық сол кезеңдегі қолданылған тілдің анықталмауы, әріп таңбаларының жазу дамуы сатысының қай кезеңінде қолданылғанының белгісіз күйі қалуы. Яғни, жазу таңбаларының әр таңбасы бір сөзді, бір буынды немесе бір дыбысты білдіргендігін біз білмейміз. Міне, негізгі қиындық осыда. Алайда Есік қорғанынан табылған күміс тостағандағы жазу да дала көшпенділерінің тарихынан сырт шертетіні сөзсіз. Егер Есіктен табылған жазуды түрік бітігінің ертедегі нұсқасы ретінде қарастырсақ, онда дала көшпенділерінің осыдан 2500 жыл бұрын да өзіндік жазу-сызуы бар қауым болғанына көзіміз жетеді.
Л.Гумилев атындағы ЕҰУ
Түркітану кафедрасының доценті,
PhD доктор