Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт ТоқаевҚазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Наурыз мейрамына ор...
Абай Мауқараұлы. Шырпы сөздер
· Адамдар өз шамасын асыра жоғары, не әсіре төмен бағалайды. Кемелдікке жетпейтіні содан.
· Адамдар өзін емес, өзгені сынауға жаттыққан. Араздықтың туатыны осыдан.
· Адамдардың қабілеті өзгенің жетістігін емес, кемшілігін көруге жетілген. Алауыздықтың шығатыны содан.
· Адамдар істе мүмкіндік іздеуден гөрі сылтау іздеуге шебер. Табысқа жетпейтіні осыдан.
· Адамдардың қызығу сезімінен, қызғану сезімі артық дамыған. Бақталастықтың өршуі осыдан.
· Адамдар байқұстан бұрын, байға сәлем бергіш. Әділетсіздік төркіні төменнен, дейтіні осыдан.
· Адамдар мені күтіп қалмасын деуден, өзім күтіп қалмайын дегіш. Тәкапарлықтың басы осыдан.
· Адамдар өзінің орнын емес, өзгенің орнын көздегіш, өкініштен арылмайтыны, өштескіш келетіні содан.
· Адамдар өзге туралы білуге емес, өзі туралы айтуға құмар. Өзара түсінісудің кем болатыны осыдан.
· Адамдар кісілікті кішіліктен емес, кіділіктен іздегіш. Кісімісудің шығуы содан.
· Адамдар салдарды себептен демейді, кенеттен дейді. Күдіктің басталатыны осыдан.
· Адамдар құрметті абыройдан емес, атақтан келеді деп сенген. Даңққұмарлықтың асқынуы содан.
· Адамдар өз бағасын өзімен емес, алған сыйлықпен өлшегіш. Атаққұмарлықтың өршуі осыдан.
· Адамдар асылды құпиядан емес, жариядан іздегіш, қадірдің қашуы содан.
· Адамдар өнердің өзін тануға емес, оның иесіне табынуға құмар, талғамның тозғындауы осыдан.
· Адамдар көңілмен сезінетін дүниеге емес, көзбен көретін дүниеге құштар. Дүниеқұмарлықтың меңдейтіні содан.
· Адамдар бақи дүниеден гөрі, пәни дүниені көп ойлағыш, өткенді аңсай беретіні содан.
· Адамдар жазғанынан гөрі, аты жөнін, түр түсін танытпаққа құмар. Қарабайыр халтураның өршитіні осыдан.
· Адал адамдардың тез күйетіні, аққа қара жұққыш, қара мен мұндалап тұрғыш. Арам адамның еленбейтіні қара, қараны тұтқыш, жалғыз жақсылығы болса, қарадағы ақ та айғайлағыш.
· Адамдар өзінің емес, өзгенің мінсіз болуын талап еткіш, өштіктің бас көтеретіні осыдан.
· Адамдар ақыл алудан гөрі, ақыл айтуды артық үйренген, сөз бен істің қабыспайтыны осыдан.
· Адамдарда көсемдікті танудан гөрі, көсем болып танылсам деген есек дәме басым. Ғұмырнаманың көп жазылуы осыдан.
· Адамдар ақшаның алдында өзінің адам екенін ұмытады, парақорлықтың қалмайтыны содан.
· Адамдар ақиқатты іздегенде өз ақылына ғана сенді. Алуан түрлі измдердің таусылмайтыны осыдан.
· Адамдар хақ істі сөзімен қолдай тұра, бетпе бет келгенде, қолдамақ түгіл бөгет жасаудан тайынбайды. Екіжүзділіктің жойылмайтыны содан.
· Адамдар өз әлсіздігінің әшкереленуінен зәресі ұшады. Жағымпаздық мінезден құтыла алмайтыны осыдан.
· Адамдар биліктің әділетсіз жағын көп байқағыш. Билікке басұрғыш келетіні содан.
· Адамдар көзге көрінбейтін биліктен емес, көзге көрінетін биліктен қорқады. Сатқындық жасаудан арланбайтыны осыдан.
· Адамдар бақидың бақытынан гөрі, пәнидің пайдасын артық көреді. Өтірік айтудан ұялмайтыны содан.
· Адамдар өз өзін Алланың құлы деуден гөрі, бір бірінің құлы секілді сезінуді әдет еткен. Теңдіктің жеткізбейтіні осыдан.
· Адамдар бақытты қайғыдан қашып құтылу, қуанышты қуып жету деп, алданады. Қайғы жүйрік, бақыт қашаған. Пәниде арманның орындалмайтыны осыдан.
· Адамдар жаланың қара түсті, адалдың ақ өңді екенін білсе де, қараны емес, қара жұққан ақты сотқа тартқыш. Ақтың ақталмайтыны содан.
· Адамдар бір кеменің қызметшісі бола тұра, бір бірінен асыра жалақы алуға жарысады. Қақының тең бөлінбейтіні осыдан.
· Адамдар басқалардың жәй күйін өзімен ғана өлшейді. Барлардың жоқтарға жанашырылығы аз болатыны осыдан.
· Адамдардың көбі оқуға қажет нәрсені үнемі ертеңге ысырып, еш қажетсізін қолма-қол оқып уақыт өткізуге төселген. Шын білімдарлыққа жетпей, шылғи ділмарлыққа бой алдыратыны осыдан.
· Адамдар оқуды ойлануға емес, ой қууға арнап әдеттенген. Әркімнің ойшыл емес, ой айтқыш болатыны содан.
· Адамдардың көбі ажал келгенше ақиқатқа жетсем демейді, ақиқатқа жеткенде ажал келсе дегенді мұрат еткен. Өлерінде арманда кеттім дейтіні содан.
· Адамдардың көбі көңілмен сүйгенін емес, ақылмен таңдағанын артық санайтын сатқындыққа еті үйренген. Шын махаббаттың аз кезігетіні содан.
· Адамдардың сүйіспеншілігін жасыруға сонша шебер болса да, жеккөрушілігін сездіруге одан да шебер. Сүйспеншілікке зәрушілік осыдан.
· Адамдардың көбі жақсы көруін сездіруге сөз таба алмай тұтықса, жақтырмайтынын білдіруге сөздің көптігінен шашалады. Сүйіспеншілік аңсағандар жеккөрушіліктің шаңын жұтатыны осыдан.
· Адамдар шын сүйіспеншілікке күмәнмен қарап тұманда адасса, жеккөрушіге тез иланып, оның ызғарынан жүрегі мұздайды. Жанның жалғызсырауы осыдан.
· Адамдардың көбі өз мүддесіне жақынды жақсы деп, өз мүддесіне қайшынының бәрін жаман дейтін үкімге үйренген. Мүддесіз ақиқатқа, мүдделі жалғанның қарсы болатыны осыдан.
· Адамдар сөз өнерінің атасы дарын, анасы білім екенін білгісі келмейді. Жесір мен бойдақтай бірі болса, бірі болмай хас шебердің сирек туатыны осыдан.
· Адамдар өз орнын іздеуге емес, өзгенің орнын көздеуге әуес. Өз орнын таппағандардың өзгеге өшігетіні осыдан.
· Асырыңқырап айтсақ, адам өзге туралы түгел біледі де, өзі туралы түк те білмейді. Исламда өзіңді таны деуі, содан.
· Адамдар біледі: Сыртқы көздің – дүниауи, ішкі көздің – рухани екенін. Дүниауи көз дүниешілікті, рухани көз жансезімді көрмек. Бірі өткірленсе, бірі суқараңғы болатыны содан.
· Адамдардың мақтағанға қанша құштарланса, даттағанға сонша қорланатыны неден? Бұдан – өз бойымызда, Жаратушыға құмарлық, адастырушыға қарсылық нышаны бар екеніне үңілмей, пенделік мінезге алданатынымыздан.
· Өмірдің нәтижесі біреу. Ол – өлім. Ал, өлімнің нәтижесі екеу, ол – не жұмақ, не тозақ. Өмірдің де, өлімнің де біреу болатыны – Құдайдың біреу екендігінің нышаны.
· Қоғамның ең кішкене бөлшегі – кісі болса, дүниенің ең кішкені бөлшегі – тозаң. Екеуі де бір жүріп өткен жолымен екінші рет өтпейді, өмірдің өтпелі делінетіні осыдан.
· Адамшылықтың мәні – төрт «меннен» құралатын сөйлемге сиған. Ол – кісілік пен кісі еместік. Менмен мен меннің айырмасы үшін айтысатынымыз содан.
· Адамдар өңінде бірінің көргенін бірі көреді, ал ешқашан бірінің түсін бірі көрген емес. Осыдан өтпелі заттық дүние мен мәңгілік ғайып дүниенің өз бойымызда екенін түсінбеуіміз неден?
· Тым өзімшіл болу да, өте өзгешіл болу да менмен мінезден. Көптің назары үймелеген жерде менмендердің көзге түскіш болатыны осыдан.
· Адамдар кесек жақсылығы бар пенденің ұсақ жамандығын, үлкен жамандығы бар пенденің ұсақ жақсылығын сөз болдырғыш. Бұл неден? Пәнилік таразының тең еместігінен.
· Пәниде бақытың түрі көп. Бірақ, нағыз бақыт тек, кемел мұсылмандықта. Онда, қиындыққа төзім, игілікке қанағат бар.
· Бұл өмірде мақсат көп, бірақ, Ақиқатқа жетуден артық мақсат бар ма?
· Жалған дүниеде баянды мұрат деген жоқ. Ол тек бақида. Жәннат бұйырса мұраттың мұраты сол.
· Құдайға бет бұруға шақырған үндеу – құлаққа емес, жүрекке жетсе, естілгені сол.
· Пайғамбарымыз (с.а.у.) ғұмыр сүрген уақыттан бұрын өмірге келгендер – оның келешекте келетініне сенген болса, онымен тұстас тіршілік еткендерден несі кем?
· Пайғамбармен (с.а.у.) бірге өмір сүрсе де, оны мойындамаса, бұрын болмағандардан не кейін келгендерден несі артық?
· Кейін дүниеге келгендер хадиске жүрегімен сеніп оқыса, Пайғамбарымыздың (с.а.у.) сұхбатына қатысқандардан несі кем?
· Пайғамбарымыздың (с.а.у.) сүннеттерін сүйіспеншілікпен орындайтын келешектегілер оны көзбен көргендерден несі төмен?
· Пәни дүниеге яки уақытша өмірге өзгені емес, өзімізді түзетуге келгенімізді ұмытамыз. Үнемі өзімізді емес, өзгені кінәлауымыз содан.
· Азамат дегендері халықшыл емес, бастықшыл болса, халқының қамын емес бастығының б...н жеуге әзір жүрсе, елдік құру қиындайды.
· Мұхиддин мыналарды айтады: Жыланда екі айыр тіл болса, қазақта үш айыр тіл бар, деп.
· Қазіргі кезде, мұсылман қазақпын дейтіндердің қыбыласы күнде өзгеретін болған. Мәселен, бүгін депутат болса, ертең айтыскер, бүрсігүні атбегі болып кетеді, арғыкүні көкбаршы, келесі де түріктанушы... т.т.
· Қосып айттым: Бұрынғы коммунистер болашаққа бесжылдық қашықтықпен қиялдайтын, қазіргі неокоммунистер алғашында отыз жылдық қашықтықпен бастап, содан кейін елу жылдық қашықтықпен қарыштағаны сондай ең ақырында мәңгілік қашықтыққа бірақ секірді.