Жәнібек Әлиман. Асылзада

МУЗЫКА
4317

Әңгіме Қаратайдың Бейсегі мен Сәкеннен басталуы керек еді. Онда Ортау, Қызылтауға соғуға тура келеді. Балуан Шолақтың Ғалиясын айтпай тағы кете алмайсыз. Кешегі ән – Ғалия! Ән деген соң, атақты опера әншісі, Қазақстанның Халық әртісі Шабал Бейсекованы қалай аттап кетеміз? Тарқатып жазайық онда…

«Тақиялы періште» фильмін білетін шығарсыз? Қазақ кино өнеріндегі соқталы туынды. Жанры – комедия. Негізгі өзегі тұнған трагедия, бірақ! Трагикомедия десе де жарасады ол фильмді. Мынау жынды ма дерсіз. Мейлі, ойлай беріңіз. Қазақтың күллі қайғы-қасіреті мен кеткен есесі осы фильмнің астарында жатқанын кім біліпті? Біз – бүгінгі ұрпақ, көреміз де күлеміз. Ал, жасы сексеннен асқан Мұқатай Төлеутайұлы ақсақал бұл фильм туралы айтқанда көзіне жас алады…

Қаратайдың Бейсегі деген болған. Атақты Иманжүсіп «Ақтау, Ортау, Қызылтау, Көктіңкөлі, Жаз болса жайлаушы еді көшіп елі» деп жырлайтын тау сілемдерінің Қызылтауында туған, Сәкеннің досы. Қазақтың қайраткер ұлдарының бірі. Заңгер. Көпшілік біле бермесе де, қазақ тарихында орны бар тұлға. Сәкенмен дос-жар болатыны – туған жері, Қызылтаудағы қыстауы Сейфолланың қыстағы Қарашілікпен қоңсылас. Төтелей салғанда, 20-22 шақырым ғана деседі. Ондағы «Бейсек бұлағы», «Бейсек асуы» атты жерлер кейіннен орысша аталғанымен, көнекөз қауым әлі де білуі тиіс. Бала күнінен бірге өскен Сәкен екеуі Ақмолаға бірге аттанып, қайраткерлік жолды қатар бастаған. 1923 жылы бұл кісі елге келіп, алғаш құрылған Асанқайғы ауданы (1929 жылдан – Жаңаарқа) атқару комитетінің тұңғыш төрағасы болады. Кейін Жаңаарқада, Қарсақбайда, Ақмолада прокурор, сот, адвокат қызметтерін атқарады. 1934-1937 жылдары Алматыда адвокат болып істейді. Балуан Шолақ бірнеше ән арнаған атақты Ғалия осы Қаратайдың Бейсегінің апасы болса, әйгілі опера әншісі Шабал Бейсекова – бұл кісінің туған қызы. Қаратайдың Бейсегі 1937 жылдың 12 желтоқсанында «халық жауы» деген жазықсыз жаламен ұсталып, қуғын-сүргін құрбаны болып кеткен.

«Тақиялы періштені» неге айтып отырмын? Қаратайдың Бейсегі Алматыда (1937 жылдың наурызынан желтоқсанына дейін) КазПИ-де қызметте жүргенінде, НКВД жендеттері аңдып жүріп, тұтқындау үшін түнделетіп үйіне келеді. Оқыған, ел қорып, жер таныған азамат оңайлықпен беріле ме? Қарулы жендеттер күш көрсеткенде бұл да арыстандай алысқан ғой. Бұл оқиға ес біліп қалған балалардың жүрегінде мәңгі сақталып қалады. Әкелері «халық жауы» болғандықтан, ұзақ жылдар қоғамнан, сырт көзден қағажу көріп, оның үстіне НКВД жаналғыштарының теперішін көрген отбасында әкесіз өскен жетім бала бөтен адам көрсе жатырқап, тұйық, бұйығы болып ер жетеді. Елмен ашылып көп сөйлесе бермейтін әдеті есейгенде де қалмаған. Бұл айтып отырғанымыз, Қаратайдың Бейсегінің ұлы Сакко – Шабал Бейсекованың туған інісі. Енді бұл оқиғаның «Тақиялы періштеге» қатысы не? Негізгі идея мен оқиғалар желісі Бейсек әкеміздің осы ұлының көпке дейін үйленбей жүріп алуынан, кейін шешесі Айнакүлдің дәнекерлігімен Бихан апаға қосылуынан туған. Оқиға былай болған.

Шабал апамыз қазақтың тұңғыш кәсіби опера әншілерінің бірі һәм бірегейі дедік. Қазақтың тұңғыш операсы «Қыз Жібекте» Күләштің орнын басқан жалғыз өнер иесі. «Қыз Жібекте» – Жібек, «Біржан-Сарада» – Сара, «Ромео-Джулеттада» – Джулетта, Палиашвилидің «Даиси» операсында – Маро, Бизенің «Карменінде» – Микаэла. Қысқасы, қазақ опера өнерінде қандай басты роль бар – барлығын Шабал Бейсекова сомдаған. Сол үшін оған 1949 жылы КСРО Мемлекеттік сыйлығы беріліп, ал 1959 жылы Қазақстанның Халық әртісі атағына ие болған. Әйгілі әнші Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталған. 1941 жылдан 1975 жылға дейін қазақтың Абай атындағы академиялық опера және балет театрының солисі болып еңбек еткен. Жары Кәукен Кенжетаев – қазақ театры мен кино өнерінің саңлағы. Екеуінің үйлену тойына Алматыдағы Әуезов бастаған Алаш зиялыларының бәрі келген деседі. Ол – бөлек әңгіме.

Жүсіпбек Елебековтің жары, өзі де керемет әртіс Хабиба Елебекова апамыздың аманат сөзі бар: «Қазақ өнеріне еңбегі сіңген үш әйелдің есімін ұмытпай, құрметпен еске алып жүріңдер» деген. Соның бірі – Ғабит Мүсіреповтің жары Құсни шешеміз болса, екіншісі – осы Шабал апамыз. Үшіншісі – Асанәлі ағамыздың қосағы Майра Айманова. Бұл кісілердің дастарханынан дәм татпаған қазақ зиялылары аз көрінеді. Әсіресе, Кәукен Кенжетаевтың жары Шабал апамыз – Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Шәкен Айманов, Қаныш Сәтбаев сынды қазақ зиялыларының бәрі дәм татқан қолынан, досжар болған осы отбасымен. Шабал апаны әріде Күләш Бәйсейітова «әй, Кішкентай» деп еркелетсе, беріде Бибігүл Төлегенова асқан құрметпен еске алады. Консерваторияны Мәскеуден бітірген бұл кісінің әншілігі туралы тек көзіқарақтылар ғана айта алады. Операны екінің бірі өресі жетіп тыңдай бермейді, өйткені. Осындай ақсүйек өнердің өкілі Шабал Бейсекованың жары Кәукен Кенжетаев – Шәкен Аймановтың туған інісі екенін екінің бірі біле қоймасы анық. Кәукен мен Шәкен ағайынды болған соң, Шабал әпкеміздің қолы берекелі, дастарханы мерекелі болған соң, Алматыдағы сол кездегі күллі зиялы қауым дастарханынан дәм татып тұрған соң, Шәкен ата бұл үйге жиі соғып тұрады, әрине.

Бір күні үйреншікті әдетімен Шәкен ата соғады үйлеріне. Сөйтсе, Шабал апамыздың шешесі «қырғын» салып отырған көрінеді. Үнемі әзіл-қалжың айтып көңілді жүретін Шәкен ата құдағиына «не боп қалды?» демей ме? Сонда шешеміз әңгімесін бастаған ғой,

«Мына кіші ұлым Сакко үйленбей қойды» деп. «Ой, үйленбей не көрініпті?» дейді ғой Шәкен ата. «Әуелде жетелеп жүріп ана қызға таныстырдым. Оны ұнатпады. Мына қызға таныстырдым, ол да жақпады. Сосын ауыл маңайын қойып, осы қалада дүкенде тұрған ана бір қызбен тамаша-ақ жарасып кетіп еді, одан да айнып келді» десе керек құдағиы. Оқиғаны індете түскен Шәкен «сосын не болды?» деп сыр тарта берген соң әжеміз «ана қызбен таныстырдым, мына қызбен таныстырдым» деп «Тақиялы періштенің» «сценарийін» айтып берген ғой. Әңгімені ықыласпен тыңдаған Шәкен ата келешек фильмінің сюжетін іштей түйіп алып, үнсіз шығып кетіпті. Оның артында Қаратайдың Бейсегін күштеп ұстап әкеткенде жас баласы шеккен әлгіндей қасірет жатқанын ол кісі қайдан білсін? Қиялға жүйрік режиссер содан осындай үлкен фильм жасап шыққан. Бірақ, Бейсектің бұл баласы кейін теңін тауып, ордалы отбасын құрған екен. Балалары бүгінде ғылым докторы, профессор, ірі кәсіпкер деңгейіне көтерілгенін қаперлеп өткен де жөн шығар.

Әуелде Шабал Бейсекова деп алғанбыз қаламды. Шет ауданы, Ақадыр кентіндегі мәдениет үйі – осы кісі есімінде (Біз білмеуші едік, бұл әңгіменің тиегін ағытқан Мұқатай ақсақал деп біліңіз. Кезінде ақсақал Теміржолшылар мәдениет үйінің Шабал Бейсекова есімін иеленуіне еңбек сіңірген екен. Ғалия да, Шабал да осы Мұқаңның апалары болып келеді). Елордада Шабал Бейсекова атындағы үлкен көше бар. Опера әншісінің ғажайып дауысын, өнер мен мәдениетке сіңірген еңбегін бас қала бұлай бағалағанда, кіндік қаны тамған туған жері, ауыл-аймағы қарап қалмас әлі де. Қайраткер ұлдарының атын ғана ардақтап қоятын қазақ ардақты аналарын, қадірлі қыздарын ұмыт қалдырған ел екені осындайда байқалады. Әңгіме осы арнаға таман бұрылғанда Шабал Бейсекованың апасы, Балуан Шолақ бірінен бірі өтетін алты ән арнап қалдырған Ғалия еске түседі. Асқан сұлулығымен, сәнсалтанатымен тарихта аты қалған Ғалия апамыз әйел затының адуындысы да екен. Атастырылған күйеуі ұрып-соға берген соң, сот арқылы басын арашалап алған тұңғыш қазақ әйелі. Балуан Шолақтың ғашық болғаны – жеке әңгіме.

Қазір қазақ арасында «Жаңаарқаның қымызы» деген бренд барын ешкім жоққа шығара алмас. Гиннестің Рекордтар кітабына да еніп үлгерді. Сол Жаңаарқа қымызының тарихы тым тереңде, оны Ғалия есімімен байланыстыруға әбден болады. Ғалияның әкесі Тілеу Жаңаарқа жерінен Ақмолаға 1880 жылдары қоныс аударыпты. Сонда Ғалия апамыз 5-6 жаста екен. Ол уақытта мына Жаңаарқа, Ақадыр өңірі, Шет ауданының жарты жұрты осы Ақмолаға қараған. Ақмолада алғаш қымызхана ашып, саудамен айналысқан Ғалия апамыздың сәнсалтанатын айтып тауысу мүмкін емес. Өзі ісмер адам болған. Қазақ даласында түріктің ұлттық баскиіміне (феска) ұқсатып, алғаш бөрік тігіп, айды аспанға шығарған да – осы Ғалия апамыз. Арқаның сол кездегі мен деген мырзалары Ғалияның қолынан бөрік тіктіріп кию үшін кезекке тұрады екен. Бір кездері ауқаттылар мен атақтылар ғана төбесіне тұтқан бұл баскиімді бертінге дейін атақты Мәдидің жиені, Қазақ ССР-інің тұңғыш Жер шаруашылығы наркомы болған Әшімбек Бектасов, Сәкен Сейфуллиннің бажасы, театр өнерінің майталманы Асқар Тоқпанов сынды қайраткер ағалар киген. «Ғалияның тіккені», – деп алшысынан көтеріп қоятындары және айтылады. Осының айғағындай, Әшімбек Бектасов бір жылы жаңаарқалық жазушы Асан Жұмаділдинге: «Мына бөрік Балуан Шолақтың киетін бөркінің үлгісімен тігілген. Төбесінде бұлбұл түйме, әм жібек шашағы бар…» деп хат жазып, өзінің бөрік киіп түскен фотосуретін салып жіберген. Осыншама сән-салтанаты асқан Ғалия 1890 жылдары Ақмола жәрмеңкесіне Балуан Шолақ келіп өнер көрсеткенде, иығына шапан жауыпты. Атақты Ғалия атты циклды әндердің қайдан басталғанын енді бағамдай беріңіз. Балуан Шолақ пен Ғалия бір-біріне сонша ынтызар болғанымен, мұраттарына жете алмаған. Екеуі аз жыл жарасқанымен, кейін Ақмола ұлықтарының қысымымен Балуан Шолақ Жетісу өлкесіне жер аууға мәжбүр болады.

Заманында күллі Ақмоланың қыз-келіншегі Ғалияның соңынан еріп, самаурындарын алып, қала сыртына серуенге шығады екен. Ғалияның даңқын естіп, сонау Семей топырағынан мыңды айдаған аса дәулетті бай Құрақбайдың Ғалысы іздеп келіпті кейінде. Ақмола ғана емес, Алаш даласына жайылды деген сөз ғой Ғалия аты. Екеуі көңіл жарастырып, тату-тәтті ғұмыр кешіпті Ақмолада. Пұшпағы қанамаған Ғалия апамыз Ғалының бәйбішесінің бір қызын алдырып, тәрбиелеп, бағып-қағып, оқытып өсірген. Бірақ, кейін өзі сырқаттанып, төсек тартып қалады. Сөйтсе де, «Мен олай-бұлай болып кетсем, бұл жақта жағдайың болмайды» деп, күйеуін еліне қайтарып, қасына өзінің Сартай есімді бауырын қосып жібереді. Қаңғып барып, қаңғып қайтты дегізбегені, ер-азаматтың ел алдындағы қадірін ойлағаны осыдан-ақ көрініп тұр. Қысқа да болса, екеуінің татутәтті өмірлерінің белгісіндей 1915 жылы түскен фотосуреттері күні бүгінге дейін сақтаулы. Ғалия апамыз дүние салғанда жолдасы Ғалы өз қолынан жерлеп, басына құлпытас орнатқан. Сүйегі – Ақмоладағы Кенесарының сарбаздары жерленген көне қорымда. Құлпытасында былай делінген:

«1922 жылы, 23 апрелде руы Қалыбек Ғалия Ғалы жамағаты Тілеуқызы 48 жасында фәниден бақиға рахат айлады. Алла Тағала рахмет айлап, жанын жәннаттан айласын. Қалғандары аруағына бір дұға еткізді».

Міне, осындай сұлу да, салтанатты, қайсар да, қайратты қыз-келіншектер өткен қазақта. Қайта Қаратайдың Бейсегінен туған Шабал апамыздың есімі атаусыз қалмапты. Ал, Ғалия апамызға Балуан Шолақтың алты әнінен басқа белгі жоқ. Балуан Шолақ шығармашылығының биігі – Ғалия! Көкшетаудың Зерендісінде Ақан Сері әнге қосқан Балқадиша апамыздың ескерткіші тұр. Ақан «Сексен қыз серуенге шықса-дағы, Ішінде қара басың хан Қадиша» десе, Балуан Шолақ «Сексен сұлу серуенге шықса-дағы, Ғалияның алмаймын кірпігіне» деп әспеттеген ғой. Соңына Ақмоланың күллі қыз-келіншектері ерген Ғалия апамызға кірпігі құрлы бір белгі керек шығар? Орайы келгенде осылай дедік. Қайткен күнде де, есімі ел жадынан өшпеуі тиіс асылзада. Арғы жағын оқырманның өзіне қалдырып, тізгін тартамыз. Сөз тәмам!

Жәнібек Әлиман

author

Жәнібек Әлиман

АҚЫН

Жаңалықтар

Жаңа адамдар Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университеті деканының қызметтен босатылуын...

Жаңалықтар

Оқиға Есет батыр шағын ауданында болған. Ойын баласының аулаға жүгіріп шығып, көлік астына түскен сә...