Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында бірнеше әншілер марапатталды. Олардың ішінде Роза Рымбаева, Димаш Құ...
Шертісі бөлек, таланты ерек еді
Жуырда Мырзакенттегі аудандық «Мақтаарал» мәдениет үйінде Қызылқұм күй мектебінің көрнекті өкілі, ақын Оразбек Сәрсенұлының туғанына 100 жыл толуына орай «Мырзашөлдің күй мұрасы» атты әдеби-сазды кеш өтті.
Негізгі іс-шара басталғанға дейін қонақтар фойеде дайындалған «Мырзашөлдің күй мұрасы» атты сурет және кітап көрмесін тамашалады. Сондай-ақ, іс-шараға қатысушылар «Ақ алтын» ұлт-аспаптар ансамблінің орындауында қазақтың ұлы күйшісі Құрманғазының бірнеше күйін тыңдады. Кешке қатысушылар дәулескер күйші Оразбек Сәрсенұлы жайлы бейнефильмді тамашалап, дарынды тұлғаның өмір жолымен танысты.
Қазақ руханиятында күйдің орны ерекше. Күй – қазақ халқының рухани болмысының, мәдениетінің, дүниетанымының айнасы. Оның өміршеңдігінің өлшемі сол, оған уақыт тозаңы қонбайды. Соның бір дәлелі – бүгінгі күйші-композитор, ақын Оразбек Сәрсенұлының шығармашылығына арналып отырған кеш. Қызылқұм күй мектебінің белді өкілі Оразбек Сәрсенұлы сегіз қырлы, бір сырлы азамат болған, жастайынан өте зерек, алғыр, өнер-білімге деген құштарлығымен ерекше көзге түскен, кішіпейіл, жүрген жерін ән мен күйге, мереке-думанға бөлеген. Күйлері мен өлеңдері сырға, мұңға, өсиетке, ел мен жерге деген сағынышқа толы Оразбек Сәрсенұлы көптеген шәкірт тәрбиелеген.
Қызылқұм күйшілік мектебінің негізін қалаған Әлшекей Бектібайұлы, Ақбала Жанғабылұлы, Досжан Құрақұлы, Қайыпназар Әйтпенов, Құтбай Дүрбаев, Әйкен күйші, ағайынды Қабыл және Дабыл Ажақаевтар, Балғынбай Қасымов, Шағдар Ақылбеков болса, Оразбек Сәрсенұлы осы арналы мектептің шертісі бөлек, таланты ерек өкілдерінің бірі болатын.
Оразбек күйші 1923 жылы қазіргі Арыс ауданының Байырқұм ауылында дүниеге келген. Түркістандағы педагогикалық училищені тәмамдап, ауылында біраз жыл мектеп директоры болып қызмет атқарған. Кейін балаларының болашағына алаңдап, сауда саласына ойысады. Содан өмірден өткенше осы салада еңбек етеді. Өкініштісі, небәрі 46 жасында обыр дертінен қайтыс болады. Күйшінің қызы, әке мұрасын насихаттап жүрген Күлайна Оразбекқызының айтуынша, 1969 жылдың 9 мамыр күні әкесі ертемен балаларына домбырасын алдыртып, өзінің «Қызылқұм» күйін орындап беріпті. Салалы саусақтарына қарап «бұлар да бір күні топырақта шіриді-ау» деп мұңайған көрінеді. Күйшінің өлер алдында «Қызылқұмға» іш тартуы тегін емес. Басқасы басқа, осы күй Оразбек күйшінің өзіне орнатқан ескерткіші десе болғандай.
Оразбек Сәрсенұлы дәулескер күйші болғанымен, кәсіби өнердің соңына түсе алмаған. Оған құбылған заманы ырық бермеген сияқты. Бірақ, ел ішінде бабалар дәстүрін жалғастырып, Қызылқұмның төкпелерін талмай насихаттаған.
Оразбек Сәрсенұлы күйші ғана емес, ақын ретінде де айнала төңірегіне аты мәлім болған.
«Өлең жаздым арнайы,
Түсінетін ер қайда?
Асыл затты жігіттің,
Қадірін білер ер қайда?
Асқар да асу бел қайда?» деген өлең жолдарын оқығанда оның жай өлең құрастырушы емес, талантты ақын болғанын аңғарасыз.
Бүгінде кенже қызы Күлайна әкесі Оразбек Сәрсенұлының күйлерін насихаттау жұмысымен айналысып жүр. 2019 жылы өзі бас болып, әлеуметтік желі арқылы «Күй – аманат» атты онлайн күй байқауын жариялады. Сол байқауда күйшінің жеті бірдей күйі орындалды. Күйшінің жанына серік еткен домбырасының түпнұсқасы Алматыға әкелініп, «Alatau Creativ Hub» орталығына қойылды.
2021 жылы күйші жайлы деректі фильм түсірілді.
Оразбек күйшінің үлкен қызы, Мақтаарал ауданындағы әжелер алқасының төрайымы Шахзада Құрбанбаеваның айтуынша,
1967 жылы Өзбекстан телеарнасынан апта сайын берілетін «Замандас» музыкалық редакциясының жүргізушісі Мырсыдық Ұстабабаев күйшінің 7 күйін таспаға жазып алған. Талай жыл бойы шаң басып, тартпада жатқан осы күйлер «Қазақтың 100 күйі» антологиясына енді. Консерватория мен колледждерде ән-күй оқулықтарына еніп, талапкер жастар бұл күйлерді шеберлікпен орындап келеді. Оразбек ағаның күйлері республикалық «Шалқар» радиосында жиі орындалады. Әке мұрасының осылайша қайта жанданғанына ұрпақтары дән риза.
Әдеби-сазды кеште Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының оқытушысы Нұрлан Түменбаев күйшінің «Күлтір Мамай», «Мамайдың жорғасы» күйлерін зор шеберлікпен орындады. Сондай-ақ, осы академияның түлегі Лунара Мәуетбек «Жүсіп» күйін, осы оқу орнының студенттері – Тимур Үмбетжан мен Ермек Қазмұханбетов «Қуаныш», «Сырласу» күйлерін, жетісайлық күйші, профессор Бөрі Исаның талантты шәкірті, ән-күй пәнінің оқытушысы Құрманғазы Абдухаликов «Қызылқұм» күйін ерекше мәнермен күмбірлете шертті. «Мақтаарал» мәдениет үйінің қызметкері Біржан Жанту Оразбек Сәрсенұлының балаларына қалдырған өсиетнамасын актерлік шеберлікпен оқып берсе, осы мекеменің әншісі Жәнібек Тағаев «Оразбектің зары» термесін (Оразбек күйші қайтыс болар алдында шығарған) орындады.
Өнер кешінде Мақтаарал ауданы әкімінің орынбасары Алтын Ешанқұлова, Мақтаарал аудандық мәслихатының төрағасы Қадыр Сәрсекбаев, Мақтаарал ауданының құрметті азаматы, есімі республикаға танымал әнші-термеші Каналбай Сейілбеков, Жетісай аудандық қоғамдық кеңесі төрағасының орынбасары, еңбек ардагері Құрал Күзеров, Мақтаарал аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейітбек Оңғаров, ақын-жазушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Мақтаарал ауданының құрметті азаматы Мылтықбай Ерімбетов, журналист Дина Иманбай, Шымкент қаласындағы опера және балет театрының әншісі Үралхан Сейілбекова, т.б. сөз сөйлеп, күй өнерінің хас шебері Оразбек Сәрсенұлының шығармашылығын ерекше бағалап, Қызылдың құмында «шашылып қалған» күйлерін қайта тірілтіп, оны халқымен қайта қауыштырған ұрпақтарына шын жүректен ризашылықтарын білдірді.
Сәбит ҚАЛДЫБАЕВ
Мақтаарал ауданы