Күй жанрының дамуы мен ерекшеліктері

МУЗЫКА
18822

XIX ғасырдың басындағы халықтың қоғами және рухани өмірінде дәстүрлі музыка өнері одан әрі жалғасын тауып, жан-жақты даму процестеріне түсті. Бұған ықпал болған қазақ даласындағы күрделі саяси, әлеуметтік және тарихи өзгерістер еді -патриархалды-феодалдық қоғам алғашқы капиталистік жолдары мен жаңа қарым-қатынастарға ауыса бастады. Халықтың мәдени болмысында ән мен күй жанрлары кеңінен қарқындауымен қатар, жеке әншілік пен жеке аспапты орындаушылық (күйшілік) концерттік түрде, биік көркемдік және шеберлік деңгейіне жоғарылады. Эстетикалық және музыканы қабылдау қабілеттер мен көзқарастар жаңашыл жолдармен қалыптасып, өнер саңлақтарының статусы көтеріледі: бақсы, жыраулардың рухани мұрасын ақын, әнші, өлеңші, күйші, сал, серілер кәсіби (авторлық) институт сатысына жеткізді. Сонымен, өнер иелері - оны шығарушылар, орындаушылар және насихаттаушылар - қазақ өмірінде биік әлеуметтік мағынада танылып, ерекше сый-құрметке, ұлт сүйіспеншілігіне бөленді. Халық тұрмысында ән мен күйдің алған орны, мән-маңызы туралы жоғарыда келтірілген ұлы Абай өлеңінде ән мен күйдің адамның рухани дүниесіндегі орнын асқан шеберлікпен көрсетсе, Алаштың біртуар азаматы Әлихан Бөкейханұлы өзінің «Ән, өлең һәм оның құралдары» атты мақаласында адам өміріндегі ән жанры туралы мынандай даналы пікір айтқан екен: «Жаңа туған бала жылау әні, солқылдау әнімен дүнияға амандасады. Адам жан шығар алдында арпалысып «а-а-а» деп ән салып дүниемен қоштасады. Осы екі бас ән, ақтық әннің арасында адам бірін көтеріп, бірін созып өлең қосып, бір өлеңді бір өлеңге қосарлап, іштен шерін шығарып күйін тарқатады» [1, 330].

Ұлт мәдениетінің тарихында XIX ғасыр ренессанстық мағынаға ие болып, «алтын ғасыр» аталғаны мәлім. Бұл дәуірде қазақ жерінде музыка дәстүрлі ауызекі түрде қалыптасып, дамыған. Мысалы, эпикалық өнермен қатар, қажырлы, жігерлі және отты батыс ән, күйлері, кең тынысты, асқақтаған, әуезді- философиялық арқа ән, күйлері, жүрекке жылы, жанға жайлы Жетісу ән, күйлері осы стильдік бағыттарда кеңінен орын алды.

Батыс, Арқа, Шығыс, Жетісу ән мен күй мектептері өздерінің аймақтық сипаттарымен қазақ музыкасын одан әрі байытты. Аталмыш творчестволық және орындаушылық ерекшеліктер біртұтас ұлт музыкасының өзегін құрап, көрнекті өкілдерімен танытылды. Олар - Орал, Маңғыстау, Атыраудан атақты Мұхит, Аухат, Өскенбай, Арқадан - Абай, Біржан сал, Ақан сері, Шәкәрім, Ыбырай, Балуан Шолақ, Иманжүсіп, Жетісудан - Дәурен сал Құдабайұлы, Иса Тергеусізұлы, Пішән Жәлмендеұлы18және т.б.

Ал аспаптық музыка жанрында - Құрманғазы, Дәулеткерей, Әбди, Әлшекей, Байсерке, Бөлтірік, Есбай, Есір, Құлшар, Мәмен, Өскенбай, Тәттімбет, Тоқа, Ықылас және т.б.

«Алтын ғасыр» кезеңінде кәсіби халық композиторларының шығармашылықтары ерекше көркейіп, эстетикалық, көркемдік әсерлік дәрежеге (биіктіктеріне) ие болды. Бұл - ақын, сал, сері, күйші дәуірінде қазақтың әні мен күйі өзінің тақырыптық жағынан кең ауқымды, құрылымы жағынан күрделі, жетілдірілген, қамтыған образдары жағынан сантүрлі болып келеді. Авторлық музыканың стильдік, өзіндік ерекшеліктерінің ішінде айта кететініміз - олардың музыкалық тілі. Мұнда жаңашыл интонациялар (кең интервалдар), жаңарған сарын, күрделі лад жүйесі, тың ырғақтық, ауыспалы өлшемдік өзгерістер басыңқы жүйеленеді. Речитативтік мақамдар кең көлемді (диапазонды) әуендермен табиғи түрде болмысын тауып, қатар келтіріліп, нәзік ызғарлы және әуезді әндер өмірдің көпсырлы, көпқырлы көріністерін мәнерлі бейнеледі. Сонымен қатар, музыка сазы ән мәтіндерімен біртұтас болып, адамның ішкі дүниесін, эмоциялық жағдайын тереңінен суреттеді.

Бұл кезеңдегі музыка өнеріне тән құбылыс - ол кәсіби авторлардың өзі шығарған туындыларды өзі ел арасында асқан шеберлікпен орындап, ол әніне үлкен талғамдылықпен өз мәтіндерін шығарып, өнердің ең бір керемет туындыларын танытқан. Аталмыш кезеңдегі музыка өнерінде тақырыптық жағы кең ракурстарды қамтиды: махаббат, сағыныш пен арман, мұң мен шердің тұңғиығы, табиғат құбылысы, туған жерге деген сүйіспеншілік асқан шеберлікпен ашылды. Сонымен қатар, халық композиторларының шығармашылығында қоғамның көкейтесті проблемасы - ұлт мәселелері - үлкен саяси-әлеуметтік деңгейде үнделді (халық тағдыры, бас бостандығы, өмір қайшылықтары, теңсіздік, жалғыздық пен жоқтық және т.б. мотивтер).

Академик А.Жұбановтың айтуынша (1906-1968), «XIX ғасырдың композиторлары <...> өз заманының түбегейлі мәселелеріне, ең басты қоғамдық құбылыстарға <...> көбірек көңіл аударады» [2, 21].

Ұлттық өнеріміздің ең бір іргелі және күрделі саласы - аспапты музыка. Бұл көпғасырлы көшпенді мәдениетіміздің өзі мен көзі, қайнар бұлағына айналған мәдени мұрамыздың түрі қазақ даласының қайталанбас табиғат көріністерін, бостандық сүйгіш үнін, азаттық аңсаған арманын, халық тағдыры мен тарихын, аңыз бен шындығын, жануарлар образдарын және басқа да көптеген тақырыптар мен сюжеттерде асқан көркемділікпен, нәзік те қажырлы музыка тіл-әдістермен паш етеді. Қазақтың аспапты музыкасы (бұған домбыра, қобыз, сырнай және т.б. кіреді) формасы мен композициясы жағынан өте көлемді дамыған. Мақамы ұлттық колоритке бай, нақтылы және тартымды, суреттілігі жағынан айқын болып келеді, мұнда кәсіби симфония жанрының өзегі де мол. Қазақ күйінің ұшан теңіз ішкі дүниесі ұлт тарихының әр кезеңінде халықтың рухани сұранысына тереңінен жауап беріп, оның өзінше найза-ұранына айналған (мысалы, Құрманғазы, Махамбет шығармаларын немесе желтоқсан трагедиясына арналған С.Жүнісовтың күйі және т.б.).

Жүздеген жылдар бойы қазақ даласында әртүрлі қоғами-саяси өзгерістер, дана бабалар, ер жүрек аналар, абыз-нысандар, атақты хандар, ақылды билер өтсе де, халықтың жан серігі - әні мен күйі оның күш жігері, наным-сенімі, рухтық тірегі болды. Күй мен ән туралы керемет поэтикалық туындыларды жазған Абай, Жамбыл, Ілияс, Сәкен және т.б. кемеңгерлердің есімдері көпшілікке белгілі. Күй - адамның ішкі дүниесінің сыры. Қазақ бір бірімен кездесе қалғанда «Күйің қалай?» деп жүздеседі. Күйдің құдіретті тілі туралы ұлы Абай:

Ақылдының сөзіндей ойлы күйді,

Тыңдағанда көңілдің әсері бар, -

десе, ал дарынды ақын Иса Байзақов:

Күйлердің сөзін ішіп, сорғалатқан,

Бармақтап бал тамызып, жорғалатқан,

Тәтті күй жанның тілі, жігер, қайрат,

Қазағым, мақтана бер, соны тапқан, —

деп шаттанған екен.

Күй жанрына тұңғыш назар аударған, оған лингвистік және музыкатанушылық көзқараспен нақтылы және құнды пікір жазған профессор Құдайберген Жұбановтың (1899-1937) мынандай деректерін келтірейік: «Күйлер халық музыкасында сирек ұшырайтын нәрсе. Бұл - осы күнгі Еуропаның симфониясы тәрізді. Мұндай дәрежеге жетісу үшін халық музыкасы жақсы дамыған болуы керек. Сондықтан күйлерді қазақ музыкасының ең жоғарғы түрінің үлгілері деп білуіміз керек...»19.

Бұл ғасырлар бойы қалыптасып, дамыған дәстүрлі музыка өзінің синкреттік түрімен сараланады. Әдетте күй шығармаларында проза пен поэзия, оған қоса музыка табиғи біртұтастықта келістіріліп, өте күрделі циклдық композицияны құрайды. Күй программасында белгіленген тақырып, сюжет тек музыка арқылы бейнеленіп қоймай, арасында әңгіме, өлең қосылып, бай және жан-жақты тәсілдермен ашылып отырады. Заман өзгерген сайын аспапты музыка бұл дәстүрлі болмысынан жіктелініп, концерттік (жеке орындаушылық), ансамбльдік және оркестрлік музыкаға ауысты.

Біздің көшпенді өркениетіміздің тарихында домбыраның орны мен маңызы ерекше. Домбыра қазақтың жаны мен тәні, сырын шертетін айырылмас досы. Академик Ахмет Жұбанов айтқандай, «ат жалында, түйе қомында» домбыраның үні арқылы сан-сиқырлы ойлар мен толғаныстар күмбірлеп, сөйлегендей...

Халқымыздың рухани тарихында көптеген дарынды домбырашы, атақты күйшілердің есімдері үлкен сый-құрметпен айтылып, зеректікпен сақталған. Олар - Әбди, Әлшекей, Байсерке, Бапыш, Түркеш, Есбай, Есір, Дәулеткерей, Құлшар, Тоқа, Тәттімбет, Қыздарбек, Мәмен, Салауаткерей және т.б.

Әр өнер өкілдері өздерінің жалғасын талантты шәкірттерінен тапқан («ұстаз - шәкірт»), ал жас домбырашы күйші ұстаздан алған тәлім-тәрбиесін өсиет ретінде ұқыптылықпен одан әрі дамытқан. Соның нәтижесінде үздік күйшілік өнер атадан балаға мирас болып, халықтың асыл қазынасына айналған. Домбыра музыкасы өзінің тұрақты (стабильді) музыкалық өзектерін сақтап, жаңа тәсілдермен көркемделініп, орындаушылық және стильдік түрінен «төкпе» және «шертпе» деп жүйеленеді. Оларда негізгі музыкалық тақырып канонды (өзгертілмейтін) әдістермен өзектеліп, күй мақамы әндік және речитативтік интонациялармен безендіріледі. Төкпе күйдің тұрақты элементтері негізгі ой-образдарды екпінді, қажырлы, жігерлі, динамикалық желіске толы музыкамен сомдайтын болса, шертпе күйлер - жүрек тербететін сарындармен, сүйкімді және мәнерлі әуен ырғақпен, философиялық терең толғаныспен ажарланады. Құрылымдық, жанрлық, өзіндік ерекшеліктерімен сипатталатын домбыралық күйлер Батыс, Маңғыстау, Шығыс, Арқа және Жетісу аймақтық аспапты музыканың мектептерін құрған.

Күй мәдениетінің тарихи түрде даму жолдарында, мысалға, айтыс күйлерін айта кетуге болады. Маңғыстау өңірінде кең тараған өнердің бұл түрі фольклорист-ғалым Қ.Сыдиықұлының ойынша, қолма-қол тұтқиылдан күй шығарып, өнер сайысына түсу, жарысудан тұрады. Нақтылы дерек ретінде ол күйші Өскенбайдың түрікмен дутаршысы Құлбаймен күй тартысына шыққанын келтіреді. Ғалым «күй айтысы, күймен өнер жарыстыру - халық композиторларының ерте кезден келе жатқан импровизаторлық дәстүрінің бір үрдісі» [3, 303], - деп тұжырымдайды. Аталған стильдік бағыттарда көптеген классикалық деңгейде шығарылған күйлердің саны бірталай. Сонымен, күйде халықтың дүниетанымы, руханияттық байлығы сақталып, ұлт менталитетінің айнасы ретінде жаңа заманда өзінің жалғасын тапты20.

Халқымыздың рухани қазынасынан жарқырап мәңгілік орын алған ұлы тұлғалардың бірі - Махамбет Өтемісұлы (1804-1846). Жалынды ақын, намысшыл ержүрек жауынгер өзінің қысқа да жарқын отты өмірін жан-тәнімен халқына арнап еркіндік идеясы мен әділеттілікті ұран етіп, найза ұшын, қалам құдіретін шебер ұштастырды. Бөкей ордасында жүрген кезден-ақ ақынның қалыптасқан қоғами-әлеуметтік көзқарасының өзінен байқалатын ұлт-азаттығы, халқына деген махаббаты, қазақ жеріне құт-береке, еркіндік орнату оның түрткілікті арманына айналған.

Өр мінезді Махамбеттің тарихи бейнесі, бай көркемдік әлемі, азаматтық бағыты жалпы ақын феномені әр уақытта да еліміздің мәдениет және ғылым қайраткерлерін толғандырды, олардың творчестволық ізденістері мен зерттеулерінің өзегіне айналды. Атап айтқанда тарихшы ғалымдар - Х.Досмұхамедов, В.Шахметов, Е.Бекмаханов, З.Алдамжар; ақын-жазушылар - І.Жансүгіров, Ғ.Сланов, Қ.Әбдіқадыров, А.Әлімжанов, М.Шаханов; әдебиеттанушы ғалымдар - Қ.Жұмалиев, Е.Ысмайылов, З.Ахметов, Х.Сыдықов, З.Қабдолов, Ж.Тілепов; композитор-музыканттар - А.Жұбанов, Н.Тілендиев, Е.Рахмадиев, Ғ.Жұбанова, Қ.Ахмедияров, Т.Мұхамеджанов, С.Әбдінұров; суретшілер, мүсіншілер - М.Хисамединов, А.Исмамбетов, Т.Мұқатов, М.Құлмұхамбет, т.б. Олардың ғылыми еңбектері мен көркемдік сомдамаларында Махамбет сегіз қырлы, бір сырлы жарқын жалынды шайыр, суырып-салма ақын-музыкант, қажымас тасқынды қайрат, аса қабілетті терең ұшқыр ой иесі ретінде суреттеледі. Жауынгер ақын халқымыздың бостандық пен мақтаныш символына айналды.

Орыстың белгілі жазушы, ғалымы Е.П.Ковалевский (1811-1868) қазақ даласына саяхат жасаған кезінде танысқан Махамбет Өтемісұлының ержүрек мінезін, әділдігін, тура сөзділігін, шешендігін, жоғары адамгершілік қасиетін, орысша сауаттылығы туралы жазып көрсеткен. Орыс мәдениетінің прогресшіл өкілі ол: «Мен оның батырлық образынан нағыз патриот және айналасына жанының үлкен әсерлігі мен ізденпаздығын байқап түсіндім», - дейді.

Махамбет көптеген әндердің, толғау-термелердің авторы, жүрген ортасына талантты күйші-сазгер әрі шебер орындаушы ретінде танытқан. Оның күйлері отты поэзиясы сияқты терең, әрі қайсар рухтың жалынды лебін, батырлық екпінін баяндайды. Оның домбыралық күйлері өзінің өмірімен және поэзиясымен біртұтас болып келеді. Олар -«Шілтерлі терезе», «Жұмыр - Қылыш», «Қайран Нарын», «Өкініш», «Исатайдың ақтабаны-ай», «Жайық асу», «Қиыл қырғыны», «Жорық күйі».

Заманымыздың көрнекті жазушысы, белгілі қоғам қайраткері Әбіш Кекілбаев былай деп жазған екен: «Егер біз Махамбет тағдырын ел кегін жоқтаған кескекті ердің ереулі ғұмыры деп танитын болсақ, оның жырларын сол ереуіл өмірдің поэтикалық шежіресі деп білеміз. Мынау жеті күй бізге сол асқақ ақын, асқаралы азаматтың жүрек соғысы мен жүрек тынысының үнмен жазылып қалған кардиограммасындай көп жайды аңғартып, көп нәрсені түсіндіріп тұр. Мұнда да Махамбеттің сол таныс даусы, таныс шабыты, Махамбет жүрегінің сол таныс дүрсілі» [4, 5].

Жауынгер ақынның өзінен кейін қалдырған рухани мұрасын сақтауда, насихаттауда және күйші-маман ретінде зерттеуде ерекше үлес қосқан халқымыздың белгілі мәдениет қайраткері, атақты күйші әрі ұстаз Қаршыға Ахмедьярұлының мына құнды пікірін ұсынамыз: «Өйткені, бұл күйлердің құрылысы ерекше, музыкалық тілге бай, мазмұны терең, әуендік дамуы, дыбыс бояулық желісі жан-жақты, көлемді философиялық шығармалар... Махамбет күйлерінен «аһ» деген зар, қайнаған ыза, езілген мұң, серпілген арман, ашылған күндей шуақты қиял қатар білінеді» [5, 21].

«Жебелі ақынның жеті күйі» атты мақаласында Нәумет Көшекбаев әр күйді Махамбеттің өлеңдерімен байланыстыра келе, оларға образдық сипаттама берді. Мысалы, «Жорық күйі» туралы «Оны тыңдаған сәтте арып-ашыған, жаяу-жалпылап алыс сапар шеккен адамдардың мүшкіл халі көз алдыңызға елестер еді. Күй теңдік, әділет іздеген ел тірлігін, тынысын күйзеле, күңірене толғайды» [6, 13].

Махамбет бейнесіне риза халқы ғасырлар бойы сүйікті ұлына ән мен күй, поэма, дастан және жырлар арнады. Жауынгер ақынның өлең-жырлары атадан балаға, буыннан буынға мұра болып жатқа айтылып, оларды жігерлендіріп рухтандырды. Махамбет бейнесі мен поэзиясының құдіретін халқымыздың ұлы күйшісі Құрманғазы Сағырбайұлының «Кішкентай», «Жалын», «Көбік шашқан» күйлері арқылы суреттейді. Көрсетілген аспаптық шығармалар халық батырлары Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлының қайсар өр-мінездері мен батырлық іс-әрекет, қимылдарының ән-ұраны деп қабылдауға болады. Күйлер интонациялық, ырғақтық жағынан психологиялық кернеу мен ішкі энергияға толы. Ал мелосы сезім дәлдіктерімен айқындалған, күрес-тартысты музыкалық тілмен суреттейтін әрі қайғылы қарама-қарсы қайшылықтарға негізделген шығармалар. Академик Ахмет Жұбановтың айтуынша «Құрманғазы күйлері ер-жүрек ақынның өлеңдерімен үндес» [7].

Заманымыздың дүлдүл композиторы ұлы Н.Тілендиевтің (1925-1998) «Махамбет» атты драматизмге толы миниатюралық симфониясында өршіл ақынның текті бейнесі, қайрат жігері, отты поэзиясы асқан шеберлікпен көрсетілген. Сан қырлы музыкалық бейнелер халық көтерілісінің күш-қуат қарқынын, ауыздықпен алысқан тұлпарлар дүбірін, от шашып кескілескен семсерлердің шықырлауын қайсарлы интонациялық шиеленушіліктерге толы ұлт аспаптарының үндері арқылы суреттейді. Музыканың палитрасы өзінің әсерлі күшімен бірте-бірте тыңдаушының жүрегін қобалжыта түседі. Н.Тілендиев туындысынан асқақ ақынның қаһарлы дауысы «Соғыс» атты өлеңі үндесіп тұратындай [8, 52]:

Толғай-толғай оқ атқан,

Он екі тұтам жай тартқан,

Қабырғасын қақыратқан,

Тебінгісін тесе атқан.

Тізгінінен кесе атқан,

Біздің қайсар батырдың

Жүрегін сөйтіп оятқан21.

КСРО-ның халық артисі Ғ.Жұбанова (1927-1993) Исатай мен Махамбет бейнелерін көркемдік түрде сомдаудың жаңа бір шешімін көрсетті. Автор «Құрманғазы» операсының бірінші бөлімінде музыкалық сахна көріністерін өрістете келе, нәзік мәнерлі дауыс нюанстары арқылы халықтың поэтикалық түрі толғауды жанрлық болмыс ретінде пайдаланады. Қасиет пен қасіреттің, хан мен халықтың арасында өмір кешкен, өткен тағдырдың қаһарлы күндері «Исатай мен Махамбет» атты баллада да көз алдыңызға елестегендей. Ғ.Жұбанова Құрманғазының «Кішкентай» атты күйін арқау ете отырып, сүйемелдеусіз айтылатын әйелдер хоры (a'capella) арқылы музыкалық тақырыпты шебер шешкен. Хордағы алғашқы қатаң жартылай қайғылы үн жоқтауға лайықты мақамдық ырғағына ұласып, әрі қарай музыкалық хор эпизодына ауыса келе, көп дауысты полифониялық әдістер арқылы халық наразылығы мен қуат тасқынын суреттейді:

Атадан туған аруақты ер,

Жауды көрсе, жапырар.

Үйдей соққан дауылдай

Жамандарға қарасаң,

Малын көрер жанындай.

Жүйрік аттың белгісі

Тұрады құйрық жалында-ай.

Айтып, айтпай немене,

Халық қозғалса

Тұра алмайды хан тағында-ай.

(Махамбет «Атадан туған аруақты ер»)

Еркіндік сүйген жауынгер ақын тағдыры республикамыздың халық артисі, композитор Б.Жұманиязовты да (1936 ж.т.) әрқашан толғандырды. Батыр И.Таймановтың (1791-1838) басшылығымен болған халық көтерілісінің тарихын терең зерттей келе, оның жан серігі Махамбеттің поэтикалық және музыкалық мұраларына деген ыстық сезімдерімен бөленген Б.Жұманиязов, 1978 ж. ержүрек шайырдың поэзиясына сүйеніп «Қаһарлы өлеңдер» атты хорға арналған шығарма жазды. Композитор кәсіби тәсілдердің түрлі формалары арқылы мүмкіндіктерін пайдалана, полифониялық тәсілдерінде ұлттық музыкалық колоритін үдетіп хор туындысын тыңдаушылар назарына ұсынады. Эмоционалдық сезімталдықпен тізбектелген бұл шығармада музыкалық тіл Махамбет поэзиясымен табиғи түрде үндеседі. 1990 жылы сахналық көрініс тапқан Б.Жұманиязовтың «Махамбет» атты операсында жоғарыда аталған көркемдік ерекшеліктер толыға және кемелдене түскен. Мұнда қасиет пен қасіреттің, хан мен халықтың арасында күн кешкен намысшыл ердің күрес пен қатерге толы трагедиялық жалғыздығы терең шынайылықпен баяндалған.

Қазақ халқының өнер жұлдыздарының арасында аспапты музыканың алыбы, ұлы классик Құрманғазы Сағырбайұлының орны асқар таудай. «Күй атасы» аталған дара тұлғаның қоғами-әлеуметтік көзқарасы Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлының ұлт-азаттық көтерілісінің ықпалынан қалыптасты. Туған халқының бақыты үшін жандарын қиған батырлардың өмірі мен ерліктері болашақ күйшінің рухын қанаттандырып, өжет пен күш, қайрат берді. Исатай мен Махамбеттің есімдері жас Құрманғазыға ерлік пен бостандықтың символы ретінде қабылданды. Оған әсіресе ел арасында кең тарап, жатқа айтылып жүрген Махамбеттің жалынды өлеңдері ерекше әсер еткен.

Құрманғазының Исатай мен Махамбетке арнап шығарған «Жалын», «Кішкентай», «Көбік шашқан» күйлері аттары аңызға айналған батырлардың ғасырлар бойы өшпес ерлігінің музыкалық ескерткіші ретінде бағаланады. Бұл шағын симфония тәрізді шығармаларда ұлы сазгер-суреткер туған халқының жан-жақты образын - оның шыдамдылығы мен қаһармандығын, төзімталдығы мен күрескерлігін, бостандық сүйгіштігі мен ұлылығын асқан шеберлікпен бейнелейді.

Күйлерде трагикалық образдар мен интонациялар қайсарлы, отты үндермен, эмоциялық экспрессия мен психологиялық қайшылықтар терең ыза-күшпен суреттеледі. Аталған туындыларға эпиграф ретінде Құрманғазының өз өлең жолдарын келтіруге болады. Ол халық ақыны жырау Шернияздың «Сағынам аузыма алсам Исатайды» деген қайғылы толғауына:

Исатай мен Махамбет,

Өкіне ме екен «өлдім» деп! -

деп жауап бергендей болады. Құрманғазы өзінің қайталанбас талантымен «төкпе» күй желісінде шығарылатын көпғасырлы аспапты музыкалық фольклорды биік көркемдік сатыға көтерді. Оның тақырыптық, композициялық, образдық, мақамдық, ладтық, өлшем-ырғақтық мүмкіндіктерін (потенцияларын) байытты. «Төкпе» стилінің нағыз шебері бола тұра, Құрманғазы тек өзіне тән жоғары профессионалдық (кәсіби) музыкалық тәсілдермен көркемдеді. Қазіргі кезде хрестоматиялық аксиомаға айналған орыс жазушысы Н.Савичев: «Егер ол (Құрманғазы - С.К.) еуропалық білім алса, жұлдыздардың ішінде біріншісі болар еді», - десе, біздің қосатын ойымыз: ұлы күйші еуропалық жазба түрдегі музыкалық білім алмаса да, ол сол композиторлық мектептің негізгі құрал-тәсілдерін өз шығармаларында молынан, асқан шеберлікпен келтірді. Бұл - өнер тарихында кездесе қоймайтын, таңқаларлық құбылыс.

Халық композиторының күйлері өздерінің көркемдік сипаттарымен, сан түрлі образдық байлығымен, жаңашыл отты интонацияларымен, таудан аққан сарқылмас өзеннің тасқын суындай, мазмұны жағынан өзекті музыкалық құрамы жағынан жаңашыл болып сараланады. Классик композитордың туындыларында Ұлы даланың бостандық сүйгіш елінің бейнесі («Сары Арқа», «Балбырауын»), туған жердің табиғат көріністері («Алатау», «Қызыл қайың»), өз заманының адамдарының портреті («Төремұрат», «Лаушкен»), философиялық ойға толы тақырыптар («Көбік шашқан») асқан шеберлікпен баяндалады. Ал, Құрманғазының «Ақбай», «Түрмеден қашқан», «Аман бол, шешем, аман бол», «Ертең кетем» атты автобиографиялық күйлері өзінше музыка тілімен жеткізген мемуарлар. Құрманғазының замандастары мен шәкірттерінің естеліктері бойынша күйші тік, таза мінезді, шындық пен әділетті жақтаушы, адамдық қасиетті жоғары бағалаған екен. Оның тілі өте өткір болыпты.

Өзінің ғылыми еңбектерінде Құрманғазының өмірі мен творчествосы ең басты тақырып ретінде мақсат етіп, оны жан-жақты зерттеген академик Ахмет Жұбанов: «Құрманғазы домбыра аспабының орындаушылық мүмкіндіктерін ұлғайтты, оның тембрлік бояуын, дыбыстық эстетикасын, дыбыс шығару әдістерін, штрихтарын көбейтті», - деген екен. Әсіресе оң қолмен ойнайтын «тентек қағыс» деп аталатын орындау техникасын барынша дамытты деп көрсеткен-ді. Бұл тұрғыдан А.Жұбановқа Құрманғазының көптеген күйлерін жеткізген, күйшінің талантты шәкірті Меңдіғали Сүлейменов: «Е, Құрекенің қолында домбыра ағаштан емес, иген теріден жасалғандай болушы еді», -деген екен. Бұл қызықты деректі қосымша етіп, Құрманғазының тағы бір талантты күйші, оның дәстүрін жалғастырушы, А.В.Затаевичке ұстазының отыз шақты шығармаларын нотаға жаздырған (түсірткен) Науша Бөкейхановтың естелігімен толықтырайық. Ол: «Құрманғазының сақалы аса ұзын болған. Сондықтан домбыра тартқанда оң қолының құлашы кең болғандықтан саусақтары сақалын жұла берген соң, күй тартар алдында сақалын екі бөліп, екі иығына асырып тастайды екен», - деген екен.

Құрманғазы дәстүрлі аспап музыкасының көрнекті өкілі, кәсіби-классик композитор. Ол тек қана керемет күйші ғана емес, шебер орындаушы және импровизатор. Сонымен қатар, Құрманғазы көптеген поэтикалық туындылардың авторы болған. Көп қырлы өнер иесінің өлеңдері мен күйлері Ахмет Жұбанов пен оның қызы Ғазиза Жұбанованың «Құрманғазы» атты операсында еуропаның композиторлық құралдары мен гармониялық, полифониялық, драматургиялық заңдылықтарына бейімделініп, дамытылып, күрделі музыкалық шығармада профессионалдық жолдармен сахналық өмірін көрді.

Қазақстан композиторлары күйшінің көптеген шығармаларын опералық, балеттік жанрлармен қатар хорға, оркестрге арналған (Е.Брусиловскийдің «Құрманғазы» атты VI симфониясы) ірі профессионалдық формаларда сәттілікпен игерген. Олар -А.Жұбанов, Л.Хамиди, Ғ.Жұбанова, Е.Рахмадиев, Б.Байқадамов және т.б.

1973 жылы Алматыда өткізілген Халықаралық Музыка Трибунасында Құрманғазының «Сары Арқа» күйі бірінші орынға ие болып, ЮНЕСКО-ның бағдарламасы бойынша музыкалық каналдар арқылы таратылатын болды. Сонымен, өміршіл, жігерлі, салтанатты, қуанышқа толы «Сары Арқаның» өшпес үні бүкіл дүниежүзіне тарап, Тәуелсіздік алған Қазақстанның рухани паспортына (визитная карточка) айналды.

«Күй атасы» Құрманғазының дәстүрі жаңа заманда жаңаша өмірін табуда. Күйшінің шығармалары ұлтымыздың асыл мұрасы болып шебер күйші-домбырашылар У.Қабиғожин, ағайынды М. және Н.Бөкейхановтар, Р.Омаров, Н.Тлендиев, Ә.Есқалиев, М.Хамзин, Р.Ғабдиев, Қ.Ахмедияров, А.Үлкенбаева, Б.Ысқақов, С.Құдайбергеновалар орындаушылық, шығармашылық (творчестволық), ұстаздық ізденістерінде жалғасын табуда.

Батыс Қазақстандағы Құрманғазы мектебімен қатар, Дәулеткерей Шығайұлы (1814-1887) негізін қалаған төре мектебі кең тараған. Дәулеткерей күйлерінде сырбаздық, әсемдік әлемі басым. Шыққан ақсүйек ортасынан аулақтап өнерге бас қойған. Бұл оңайлықпен алынбайтын қамал. «Жігер» күйінен философиялық ой өрімді, тереңдікті байқауға болады. Қоғам қайшылығымен қатар, қалыптасқан мирасқорлық шенді бұзып жүректен, өн бойынан тебіндеген нағыз талант. Сондықтан да Дәулеткерей күй бабасы атанды. Оның «Жігер», «Қос ішек», «Құдаша», «Қыз Ақжелең», «Жеңгем сүйер», «Бұлбұл», «Салық өлген», т.б. 40-тан астам күйі қазірге дейін жетті. «Жігер» жинағында Қ.Ахмедияровтың хаттауымен 36 күй жарық көрді. Композитордың күйлерінің денін жеткізген - Н.Бөкейханов, Д.Нұрпейісова.

Арқа күйшілік мектебінің негізін қалаушысы, шертпе күй үрдісінің майталман шебері Тәттімбет Қазанғапұлы (1815-1860) - қазақтың көрнекті күйші-композиторы. Қазақ күй қорына қырықтан астам төл туындыларын қосып, өзіндік қолтаңбалы күйшілік өнерін өрбіткен Тәттімбет ел билігіне де араласып, туған халқының біртұтас ел болуына да зор ықпал жасаған ірі қайраткер атанған. Қазақ даласында алғашқылардың бірі болып жер қойнауын барлап, кен өндіру ісіне де айтарлықтай үлес қосқан. Жан-жақты қабілетімен ұлт мақтанышына айналған Тәттімбет өнері ұрпақтан-ұрпаққа жалғасын тауып, күні бүгінге дейін туған халқының рухани игілігіне айналуда.

Арқа өңірінің Қарағанды облысы, Егіндібұлақ ауданында дүниеге келген Тәттімбет Қазанғапұлы сол өзі туған топырағында жерленген. Қазақ елі тарихында айрықша орын алатын Тәттімбет өнері атадан балаға ,ғасырлар бойы беріліп келеді.

Аспапты музыканың тарихын толығымен қамту өте қиын және күрделі проблема. Төкпе күй мен шертпе күйдің негізгі бағыттары жоғарыда көрсетілген, енді қысқаша ғана Жетісу өңірінің домбыра музыкасына тоқталуды жөн көрдік22.

Қазақ ұлттық аспапты музыкасындағы ерекше сарынды күйшілік мектептердің бірі -Жетісу күйлері.

Жетісу күйлері көбінесе көлемі жағынан шағындау келіп, эпикалық сипаттағы тарихи оқиғалармен ұштасып жатады. Ежелгі ертегі, аңыз, әңгімелерге негізделген бұл күйлер көне наным-сенімдегі әдет-ғұрыптарға құрылатыны байқалады. Түркі тектес халықтарға ортақ, «Мұңлық- зарлық», «Көрұғлы» сияқты эпос дастандарды суреттейтін «Аққу», «Жетім бала», «Аңшылық», «Бөрілі қыз», «Қамбархан», «Көрұғлы Сұлтан» күйлері қазақ музыкасының байырғы түрлеріне жататыны анық.

Осы өңір күйлерін құрылымы мен мазмұнына орай төмендегідей салаға бөлуге болады.

1. Аңыз-әңгімелерді арқау еткен эпикалық күйлер.

2. Әдет ғұрыптық, жоқтау күйлер.

3. Күйлердегі жанрлық, аттас күйлер.

4. Батырлар мен ірі тұлғаларға арналған арнау күйлер.

5. Автордың өз басынан кешкен оқиғаларды суреттейтін өмірбаяндық күйлер.

Жетісу күйлерінде «толғау» жанрындағы күйлер, яғни қобыз әуеніне ұқсас толғаулы сарын басым келеді. Осы өңірдегі көрнекті күйшілердің бәрінде дерлік «кертолғау» атты күйлер кездесетіні де содан.

Аспапты музыкадағы «Кеңес», «Бұлбұл», «Бозайғыр», «Қоңыр» сияқты өзіндік жанрға айналған күйлер тобына Жетісу күйшілері де айтарлықтай үлес қосқаны анық. Көпшілігі теріс бұрауда келетін Жетісу күйлерінің ең басты ерекшелігі деп, екі үлкен дәстүрдің шертпе мен төкпенің бір күнде қатар дамып, өрбуінде дер едік.

Жетісудің көрнекті күйшілерінің бірі - Байсерке Кұлышұлы (1841-1906).

Ақындық, әншілік, күйшілік өнерді аса қадірлейтін ортада өскен Байсерке өзі өмір сүрген Жетісу өңірінің аспапты музыкасын жақсы меңгеріп қана коймай, өз жанынан да күйлер шығарған үлкен сазгер атанды. Ол серілік ғұмыр кешіп, астындағы атын жатып-тұруға, түрлі ойын көрсетуге де үйретіп, «Ат ойыны» атты күй шығарған. Ұлттық «Көкпар» ойындары туралы «Жекпе-жек», 1890 жылғы Жетісудағы жұтқа арнап «Төрт қарға» сияқты күйлер шығарған Байсерке өз заманының көрнекті күйшісі болады. Оның таңдаулы күйлерінің бірі «Ұран күйінде» орыс халқының әуезі байқалатын, өзіндік құрылымы бар, озық үлгідегі ерекше күй. Байсерке күйлерінің өзіндік орындаушылық ерекшеліктері осы күйде анық байқалады.

Байсеркенің атын шығарған оның «Қалипа-Қылыш» атты деректі оқиғаға құрылған күйі еді. Күйдің саздық жүйесі оқиға желісімен астасып, біте қайнасып кетеді. Күйдің бойындағы айтарлықтай шеберлікпен өрілген өзіндік саз ерекше сезімге бөлейді.

Байсеркенің «Келіншек», «Тұл қатын», «Қоңыр», «Бүлкілдек», «Сарқылдақ» атты күйлері ел арасына кең тараған23.

Жетісу өңірінде Қожеке Назарұлының (1823-1881) күйлері көп орындалады. Қожеке өзі куә болған, өзін толғандырған өмір құбылыстарының баршасын күй тілінде баяндап отырған. Бұл күнге дейін Қожекенің жүзге тарта күйлері жеткен. Оның күйлері күні бүгінге дейін Жетісу, Алтай, Ертіс, Тарбағатай, Бұратала, Іле өңірлерінде тартылады24.

Оның «Аққу», «Арман», «Бозжігіт», «Бөлтірік», «Балам-ау», «Жиренше», «Жоқтау», «Кертолғау», «Күй бастар», «Күй шақыртқы», «Қамбархан», «Қинау», «Құл пенде» «Мұңлық», «Өз қолым», «Раушан», «Сайрам көл», «Сарбаны бұлбұл», «Тарту», «Тоқтарым», «Түрмедегі қинау», «Шалқайма» сияқты күйлері қазақ күй қорына қосылған бірегей туындылар. Тақырыптық және орындаушылық тұрғыдан алғанда өзгеге ұқсамайтын күйшілік үрдісті байқататын Қожеке күйлері Жетісу күйшілік дәстүрінің озық үлгілеріне жатады25.

Жетісудың сұңғыла күйшілерінің бірі - Сыбанқұл Қолбасұлы (1860-1925). Көбінесе теріс бұрауда орындалатын Сыбанқұлдың «Тазшаның зары», «Ақсақ қаз», «Көктөбет», «Аққу», «Сары өзен», «Тілеміс» күйлері көркемдігі жоғары тұрған біртуар шығармалар.

Жетісу жерінде Әшім, Бейсенбі, Кәтіп, Жарықшақ, Төленді, Бестібай, Тіленді, Қаттыбай, Мәді, Темірбек, Нұрғиса, Боранқұл сынды т. б. көптеген күйшілер ғұмыр кешіп, дәстүрлі күйшілік үрдісті ары қарай дамытып отырған.

Жетісу күйлерінде Арқа дәстүріне бейімділік байқалғанымен, өзіндік құрылымымен оқшау тұрған қағыс қағу, перне басу амалдары және саздық ерекшеліктері осы күйшілік мектептің ұлттық аспапты музыкадағы өзгеше ірі сала екенін сөзсіз дәлелдеп тұр.

Эпикалық тұрғыдағы аңыз-әңгімелерге лайық келетін бұл өңір күйлері ежелгі көне саздық жүйені байқатады. Жаратылыс құбылыстарын, пәлсафалық ой түйіндерін мағыналайтын күйлер тізбегі басқа өңірге қарағанда Жетісуда көп сақталған. Сондай-ақ ежелгі аспаптық жанрлар үлгілері көп кездеседі. Жетісу күйлері күйшілер мен зерттеушілер үшін де әлі толық ашылмаған сырлы сандық.

Еліміздегі қазіргі халық өнеріне деген талғам мен дағдыны тәрбиелеу жұмысында Жетісу күйлерінің маңызы өте зор. Себебі, ол ежелгі бабалар үнінің жаңғыры іспетті, жанымызға жайлы келеді.

Қобыз өнері дәстүрлі музыканың ең бір күрделі және маңызды саласы. Ұлттық руханияттың тарихында ежелден бастап оның негізін қалаған Қорқыт Ата деп қалыптасып, аспаптың өзі бақсылықтың, жыраулықтың біртұтас серігі болған26. Қобыздың қоңыр үнімен, сиқырлы сарынымен емшілік жүргізіліп, тарихи уақиғалар, батырлар ерліктері, қисса, дастандар жырланған. Қобыз күйлері тек өзіне тән формалар мен жанрларда ерекше тектілігін сақтап, магиялық қасиетін халық арасында әр дәуірде әрқашан болмысын тапқан. Аспаптың формасы, екі ішекті құрылысы (ішек арасындағы интервалдық ара-қатысы), әсерлі үндемі, орындаушылық мүмкіндіктері мен әдістері, әсіресе мифтік, аңыз-ертегілер, эпикалық сюжеттерді ерекше суреттеп, баян етеді. Халық қобызда ойнаған, оны мейлінше игерген өнер иелерін ардақтап, сый-құрметпен «көнеліктің көзі, ұлттықтың өзі» деп қараған. Ал, кейбір сәттерде «қобыздың күңіренген үніне аруақтардың рухы қоныстаған», - деген ой-пікір де кеңінен тараған. Қобыз күйлерінің даму жолдарында олардың екі түрі белгілі. Олар аспап ішектерінің құлақ бұрауына қарай кварталық және квинталық болып бөлінеді. Кварталық көне түрінде көбінесе мифтік, аңыздық тақырыптар игеріледі. Олардың сюжетінде өмірбақилық мәселе - өлім мен өмір туралы баяндалады. Осы бұраудың жалғасы ретінде дамыған квинталық күйлерде бұрынғы дәстүрлі тақырыптармен бірге қобыз музыкасы одан әрі өзінің жанрлық, құрылымдық және образдық сферасын ұлғайтады.

Қылқобыз музыкасын зерттеген алғашқыларының бірі Г.Омарова аспаптың құрылымында синтетизмнің белгілерін анықтаған. Олар - «біріншіден, қобыздың жалпы құрылымы мен дыбыс шығару мәнері еуропаның ысқышты аспаптарының ойнайтын тәсіліне үндестігі (мысалы, скрипкаға); екіншіден, әсіресе, тембрлік жағынан және обертондарды пайдаланғанның арқасында қобыз үрлеп ойнайтын аспаптарға да жақын; үшіншіден, ұрып ойнайтын және дабыр-дұбыр дыбыстарды шығаратын аспаптарға ұқсастығы оның пішінінде және қолдануында көрініс табады» [9, 11], -дейді.

Халық арасында шеберлікпен, талантымен, синкреттік өнерімен белгілі талай қобызшы-күйшілер өтті. Музыка тарихымызда (бізден басқа ұлттарда да) ноталық жазу-сызу болмағандықтан, олардың өнері мен күйлері туралы мәліметтер тек ауызекі түрде сақталып, ал, көбінесе, өкінішке орай, тіпті ұмытылған. Бұл көне аспапта дыбыс шығарудың ерекшелігінің арқасында программалық тақырыптар әртүрлі әдіс-тәсілдермен айқындалады. Мысалы, қасқырдың ұлуы, аққудың қиқуы, жапырақтың сылдыры және т.б. образдық көріністер мен табиғат құбылыстары нақтылы суреттеледі.

Дәстүрлі қылқобыз музыкасының даму процестеріне ерекше үлес қосқан классик -халық композиторы Ықылас Дүкенұлы (1843-1916). Белгілі журналист, сазгер және музыкатанушы И.Жақановтың айтуынша, Ықылас Дүкенұлының творчестволық қалыптасуына «халықтың эпостық жырлары, қиял-ғажайып ертегілері, аңыздары, ел басынан өткен тарихи оқиғалар Ықыластың күйшілік дарынының ерте ашылуына әсер етті». Сонымен қатар, зерттеушінің пікірі бойынша, «Кезінде Ықыластың талантына тәнті болған Жанақ пен Шөже ақындар батасын беріп, Тәттімбет пен Тоқа сынды күйшілер оның өнерін өте жоғары бағалаған» [10, 755]. Оның творчествосы мен орындаушылық шеберлігінде қобыз өнері көркемдік-эстетикалық тағылым тұрғысынан биік дәрежеге көтерілді. Қобызшының музыкалық стилінде бақсы, жыраулардың көне сарындары канондық түрінде өзектеліп, сюжеттік желіске сай импровизациялық жолдармен көркемделінеді. Ықыластың есімімен байланысты бізге дейін жеткен кейбір күйлерінің атаулары дәстүрлі мәдениеттің ежелгі музыкасына тән сипаттарын көрсетеді. Мысалы, «Аққу» - көне рулық төтем бейнесі, «Шыңырау» Самұрық құсы мен оның балапандары, дәу жылан мен аңшы туралы көне миф. Байырғы заманның белгілері күйлердің аңыздары мен интонациялық-өлшемдік деңгейлерінде анық байқалады. Аталған құбылыс қобыз өнерінің ғасырлар бойы ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, әр орындаушының дүниетанымы дарыны мен шабытына қарай дамуы, толықтырылуы немесе байытылуы ерекшелігімен тығыз байланыста болғанын дәлелдейді. Өйткені кез келген белгілі оқиғалар немесе аңыздарды әр композитор өзіне тән күй тілінде баяндаған.

Ықылас Дүкенұлы қобыз аспабының техникалық мүмкіншіліктерін кеңейтіп, жаңаша тәсілдер енгізді. Ол өз шығармаларында адамның әртүрлі көңіл-күйі мен оның терең ойларын күй арқылы жеткізген. Сондықтан оның музыкасында қобыздың үнемі адам даусына ұқсатылып, сан түрлі тақырып пен сюжеттерді шынайы түрде бейнелейді. ЬІқылас күйлерінің сипаттамасына жататын олардың психологиялық тереңдігі мен мұндағы айқын сезілетін ұлттық бояуы, өзіндік колориті, сазы мен дыбысталу қасиеті ерекше әсер тигізеді. Сюжеттік, мазмұндық желіспен бірге ұлы қобызшының дүниетанымы, өмірге деген көзқарасы музыка тілімен сипатталады.

Дәстүрлі қылқобыз өнері ежелде домбыра күйлері сияқты нақтылы программасымен орындалатын, музыкамен қабат прозалық, поэтикалық түрде әңгімесі айтылып, түсініктер беріліп отырған. Бұл пікірге мысал ретінде Ықыластың «Ерден», «Айрауықтың ащы күйі», «Кертолғау» т.б. күйлеріне қатысты әңгімелерді келтіруге болады.

Ықыластың атақты «Ерден» күйі қобызшының өмірінде болған уақиғаға байланысты шығарылған. Күйдің аңызы бойынша, Сандыбайдың Ердені деген болыстың жалғыз сүйікті ұлы Әйменденің мезгілсіз қайтыс болғанына көңіл айтыпты. Қобыздың күңіренген үнінен шығатын зарлы әуен ата-ананың үзілген үміті мен олардың қайғысын бөліскендей. Күйдің күйікке толы интонациялары шығарманың жан тебірентерлік характерін тереңдетеді. Шығармада ән мен аспаптық сарындар үйлесуін тапқан. Музыкалық-мәнерлеу тәсілдері, әсіресе флажолет, бір дыбыстың жоғарылауы мен төмендетілуі (соль - соль-диез - соль), өлшемдік-ырғақтық әртүрлі топтасуы трагедиялық образды күшейте түседі. Академик Жұбановтың айтуынша, бұл күйде Ықылас қобыздың «вокалдық» мүмкіншілігін кеңінен пайдаланады, «...күйдің қайсыбір буындарынан «жоқтау» айтқан адам үніне ұқсас зарлы әуен естисің» [11, 261], - дейді. Ерденнің «беу, жалғызым, құлыным!» деп күрсіне егілген сөзін қобызда сөйлетеді. Бұл күйде өтпелі өмір туралы тұңғиық ойларға батыратын әуен дыбысталады. Ықыластың «Ерден» күйі «көңіл айту» ғұрыптық жанрының аспапта ойналған үлгісі. Қазақтың ежелгі салттары бойынша, көңіл айтудың мазмұны астарлы сөзбен немесе тұспал арқылы жеткізілетін. Мысалы, музыкалық (вокалдық және аспаптық) интерпретацияда бұл жанр музыканың қайғылы интонациялық-әуендік жүйесі арқылы бейнеленеді. Жоқтаумен байланысты Ықыластың «Ерден» күйіне Қорқыттың «Ұшардың ұлуы» да ұқсас.

ЬІқыластың «Айрауықтың ащы күйі» «жоқтау» жанрын сипаттайтын үлгілердің қатарын жалғастырады. Күй бұрын сыбызғыда ер Тайлақ өміріндегі қайғылы оқиғаға байланысты негізделініп, батырдың тартқан зарлы сарыны болған. Осы оқиғаны Ықылас қобыз тіліне түсіріп, оның негізіндегі әуендік түйінін қобыздың техникалық ерекшеліктеріне қарай ыңғайлап, ары қарай дамытып, трагикалық образын тереңдетіп, құрылымын ұлғайтқан. Бұл күй трагикалық сарынға толы. «Айрауықтың ащы күйінің» формасы бірнеше үзінділерден құрылады. Олардың қайталануы байырғы ғұрыптық фольклордағы магиялық формулалардан бастау алған. Д.Жұбановтың ойынша, «Ықылас бұл күйге жаңа түр енгізіп, техникалық шеберлікті молықтыра түсіп, қобыздың жоғары және төменгі регистрін түгел қамтып, сыбызғы үнін қобызға салады. Екі дыбыс күй тақырыбын байсалды, дастанға тән екпінде кезектеп ілгері дамытып отырады, күй орындаушылық шеберлік, техникалық әдістеріне түрлі дыбыстар сазын жасау, регистрлер пайдалану ерекшеліктеріне толы» [11, 267].

«Кертолғау» күйі - философиялық терең ой-толғауларға толы аспапты шығарма. «Толғау» сөзінің мағынасына келсек, оны атақты ақын, әдебиет зерттеуші ғалым Ахмет Байтұрсынов былай белгілеген: «Толғағанда айтатын нәрсесін толғаушы тысқарғы ғаламнан алмай, ішкергі ғаламнан алады. Толғаушы ақын әуелі көңілінің күйін-мұңын, мүддесін, зарын, күйінішін, сүйінішін айтып, шер тарқату үшін толғайды; екінші, ішкергі ғаламында болған халдарды, нәрселерді тысқа шығарып, басқаларға білдіріп, басқаларды сол көңілінің күйіне түсіріп, халін түсіндіру мақсатпен толғайды. Толғау, қысқасынан айтқанда, іш қазандай қайнаған уақытта шығатын жүректің лебі, көңіл құсының сайрауы, жанның тартатын күйі. Ақындық жалғыз өз көңілінің күйін толғай білуде емес, басқалардың да халін танып, күйіне салып толғай алуда» [12, 273-274]. А.Байтұрсыновтың түсіндірмесінде «толғау» сөзінің мағынасы мен мазмұны жан-жақты және толық қамтылған. Ал «Қазақ күйлерінің тарихы» жинағының авторлары «толғау» сөзінің алдына «кер» сөзін қосқандағы құрылатын «кертолғау» мағынасын «кең», «үлкен» немесе «толғаулардың толғауы» деп белгілейді [12, 363]. Академик А.Жұбанов Ықыластың «Кертолғау» күйінің мағынасын «өзінше текстсіз ән, өткен кезеңді баяндайтын маңызды эпостық шығарма» деп түсіндіреді [11, 255-256].

«Кертолғау» күйі - «тармақты» (сериялы) күйлер тобына жатады. Негізі «тармақты» күйлер деп бір тақырып төңірегіне топтасқан, бір атаумен аталатын күйлер тізбегін айтады. Оларды кейде «тізбекті күйлер», «тамырлас күйлер», «аттас күйлер», «топтама күйлер» деп те атай береді. «Тоғыз тарау - кертолғау» деп аталатын тармақты күйлер тізбегі өте көнеден келе жатқан дәстүр. Олар бірыңғай теріс бұрауда орындалады. Түрік қағанаты заманында (VII—VIII ғасырлар) Қаған ордасында ұлыстың ұлы күнінде (21-22 Наурыз) Тәңірге тілек-мадақ ретінде қатарынан тоғыз күй тартылатын болған. Олар мазмұны жағынан бір тектес, сарындас. Орындалу мәнері ұқсас болып келеді. Көбінесе көңілді, салтанатты нышанды білдірген. Кертолғау күйі осы «тоғыз тарау -кертолғаулардың» бір тарауы. Күйде «Тоғыз тарау кертолғау, қалай екен кертолғау» деген өлең жолдары сезіледі. «Кертолғау» атты тармақты күйлердің көпшілігінде аңыз-әңгімесі болмайды. Олар негізінен өмірдің ащы шындығын, заман ағымын, өмір философиясын баяндайды. «Кертолғаудың» интонациялық ағымында Ықыластың «Аққу» және «Қамбар батыр» күйлерінде кездесетін ұқсастық, типтес қайырымдар мен ортақ құрылымдық және мелостық заңдылықтар байқалады. Олар қобыз өнерінің сақталуы мен дамуына Дүкенұлы Ықыластың композиторлық және орындаушылық дәстүріне қосқан зор үлесін көрсетеді.

«Жез киік» табиғат көріністерін күй тілінде келтіретін шығармалардың тобын құрайды. Мұнда жанрлық көрсеткіштері байырғы ру тотемдеріне табыну кезеңінен бастау алған құс, жан-жануарларға арнап күй шығарудың дәстүрі. Қобыз аспабының төл тембрлік ерекшелігіне сәйкес әртүрлі дыбыс немесе әуендер арқылы адамның және жан-жануар, құстардың дауысына еліктеп, айнытпай келтіру үндестігі көрінеді. Күйдің сюжеті аңшылардың сезімінен туған әңгіме желістерімен байланысты. Бостандықтың бейнесі, кең даланың кербез сұлуы күнге шағылысып, аңшыларға дұрыс көздетпей, тау-таста жеңіл ырғақпен секіріп жүрген киіктің өмірі. А.Жұбановтың айтуынша, «Жез киік -мергеннің оғы дарымайтын, түсіне қыранның көзі шағылысқан даланың сұлу еркесі, құралайын қорғаған мейірімді ананың образы. Ықылас күйде осы қасиеттерді асқан шеберлікпен суреттеген. Лирикада, жылы мейірімділікте тастан-тасқа секірген киіктің жүрісі толық қамтылады» [11, 84]. Сонымен, халықтың ауызекі шығармашылығында аңызға айналған осы жануардың сұлу, ғажайып бейнесі Ықыластың «Жез киік» күйінің негізіне арқау болды.

Сонымен, Ықыластың шығармашылығының жан-жақты жанрларды қамтуы қобыз музыкасының да өркендеу кезеңін сипаттай отырып, өзінің қобыздық мектебін құрған халық композиторының жоғары кәсіби деңгейін көрсетеді. Мәселен, авитобиографиялық («Ерден»), әртүрлі жанрлық (көңіл айту - «Ерден», стилизация -«Айрауықтың ащы күйі», жан-жануар туралы - «Жез киік», философиялық немесе тармақты - «Кертолғау») нұсқалар орындау жағынан жоғары техникалық шеберлікті қажет етеді. Күйлерді талдау барысында анықталған нәтижелер - формасы үзінділік (немесе фрагментарлық) әдіс негізінде құралады, әуеннің дамуында варианттылық пен қайталану басым болып келеді.

Ықылас Дүкенұлы өзінің қобыз музыкасымен және орындаушылық шеберлігімен ұлттық дәстүрлі мәдениетті мейлінше жаңашыл творчестволық жолдармен дамытып, биік көркемдік сатыға көтерді. Классик-композитордың ұрпақтары жоғары деңгейде жаңа ғасырда ұстаз дәстүрін жемісті түрде жалғастыруда.

Қылқобыз музыкасының даму жолдарында оның типологиялық, тарихи ұлттық тамырлығын зерттегенде оның басқа да түркі-монғол дәстүрлі мәдениеттерінде үндестігі анықталады. Сондықтан бұл күрделі және өзекті мәселе өзінің жалғасын болашақта таппақ.

Заман ағымдарына сай қобыз музыкасы да өзгерістерге түсті. Бұл көне аспаппен қатар, оның реконструкция жасалған түрлеріне арнап жаңа формаларда, жанрларда туындылар пайда болды, орындаушылық жолдары байытылды. Ұлттық музыка тарихына ерекше талантымен танытылған, көптеген шәкірт тәрбиелеген Д.Мықтыбаев, Ж.Қаламбаев, Г.Баязитова, Ф.Балғаева, М.Каленбаева, Б.Қосбасаров, Ғ.Молдакәрімова, Ә.Жұмабекұлы есімдері мәдени тарихымызға тұрақты түрде кірді.


Пайдаланылған әдебиеттер

1. Букейханов А. Избранное. Алматы: «Қазақ энциклопедиясы», 1995. - 478 с.

2. Жұбанов А.Қ. Қазақ композиторларының өмірі мен творчествосы. - Алматы, 1942. – 236 б.

3. Сейдімбек А. Қазақтың күй өнері. - Астана: «Күлтегін», 2002. - 832 б.

4. Шашақты найза, шалқар күй. Музыкалық шығармалар. 18-кітап. - Алматы: «Өлке», 2004. - 272 б.

5. Ахмедыяров Қ. Махамбеттің сазгерлік сыры. //Шашақты найза, шалқар күй. Музыкалық шығармалар. 18-кітап. - Алматы: «Өлке», 2004. - 272 б.

6. Көшекбаев Н. Жебелі ақынның жеті күйі. //Шашақты найза, шалқар күй. Музыкалық шығармалар. 18-кітап. - Алматы: «Өлке», 2004. - 272 бет, 13-6.

7. Жұбанов А. Ғасырлар пернесі. - Алматы: «Жазушы», 1975. - 400 бет, Құрманғазы туралы

8. Махамбет Өтемісұлы шығармалырының төрт томдық академиялық жинағы. -Алматы: «Ғылым», 2003. - 448 бет, 52-6.

9. Омарова Г. Казахская кобызовая традиция . Автореферат дис.... к.иск. - Ленинград, 1989. - 25 с.

10. Қазақ әдебиеті. Энциклопедия. - Алматы: «Білім», 1999. - 752 б.

11. Жұбанов А. Ғасырлар пернесі. - Алматы: «Жазушы», 1975.-400 б.; 2-е изд. -Алматы: «Дайк-Пресс», 2002.-328 б.

12. Байтұрсынов А. Бес томдық шығармалар жинағы. 1 том. - Алматы: «Алаш», 2003. -408 б.



Жаңалықтар

Оқиға Алматының Наурызбай ауданында қоғамдық көлік аялдамаларының бірінде күндіз орын алған, деп хаб...

Жаңалықтар

Журналист Гүлмира Әбіқай «Елге көмек» қайырымдылық қоры туралы тың мәлімет жариялады, де...